• Заманхат
  • 01 Наурыз, 2013

АУДАРМАТАНУДАҒЫ БАЛАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

Аударма теориясын зерттеу қашанда өз маңызын жойған емес. Аударма шығармашылық іс, рухани өнер. Ұлттар, халықтар, мемлекеттер арасындағы рухани-мәдени, әлеуметтік-саяси, экономикалық-сауда қарым-қатынастарының ең қажетті құралы, дәнекері болған аударма жұмысы бұрын да зор рөл атқарған және қазір де солай. Шын мәнісінде осыншама рөлі мен маңызы бар және өмір тынысының барлық жақтарын қамтитын іс-әрекеттің өзіндік теориялық негізі, ғылыми дәйек-тірегі болуға тиіс. Яғни, аудар­ма теориясының міндеті – шығарманың түпнұсқа мен аудармасының арасындағы ара қатынастардың заңдылықтарындағы ізін табу, аударманың жеке элементтерін барлап байқаудан туған тұ­жырым, қағидаларды ғылыми негізге сүйеніп қорытындылау және аударма практикасына көмек көрсететін, практик аудармашыға себін тигізетін межені белгілеп беру. Сонымен, аударма теориясының негізгі зерттейтін объектісі – түп­нұсқа мен аударманың арасындағы ара қатынас және оны пайымдау мен қорытындылауды керек ететін нақты жайларға көшкен формаларының айырмашылығы. Белгілі аудармашы ғалым Ә.Сатыбалдиев балама аударма жөнінде: «Аудару үстінде жеке сөздерге балама іздеу арқылы әрдайым ана тілі­нің бүкіл қазынасы аударылып-төңкеріліп отырады. Соның арқасында тіл қазынасының қалтарыстарындағы не бір байырғы сөздер, кейде тіпті, ұмытылып бара жатқан атаулар да жазу, сөйлеу қызметіне жегіледі де, әдеби тілдің тұлғасы болып шыға келеді. Аудару үстінде жеке сөздерге балама іздеу арқылы архаизм деп аталатын, яғни ескіріп бара жатқан көне сөздер жаңғырып, қазіргі жанды әдеби тіліміздің қатарына қосылып жатады. Олардың көбі бірте-бірте бұрынғы мәнін өзгертіп, жаңа мағынада қолданылады [1,7]. Көріп отырғанымыздай аударма жасау үстінде балама сөздерді табу – әдеби тіліміздің баюына бірден-бір себебін тигізеді екен. Демек, балама сөздерді орынды пайдалану мәселесі болашақ жас аудармашыларға қойылар талап болуы тиіс. Қазақ елінің мәдени даму екершеліктеріне қарай аудармада түрлі әдіс орын алғаны белгілі. Әдебиет тоериясы көркем аударманың негізгі үш түрі бар деп біледі. Олар: еркін аударма, сөзбе-сөз және балама аударма. Біріншісі – еркін аударма, бұл тәсіл түп­нұсқа тілін, әдеби ырғағын жетік білмеуден, түп­нұсқаның өзіне тән ерекшелігін сақтаудан гөрі, аудармашының өзіне тиімділік жағын қарас­тырудан туады. Аудармадағы екінші әдіс –сөзбе-сөз аудару. Бұл тәсілді көбінесе оригиналдың тілін жақсы білетін аудармашылар қолданады, түпнұсқадан пышақ жүзіндей ауытқымайтын кемшіліктер осыдан туады. Сөйтіп, басқа халық өкілдері жаза басудан қаймығып, жеке сөздерді, тіпті, нүктесін қисайтпай түсіруді күйттеп кетеді. Аударманың үшінші тәсілі – балама (адекват) аударма. Бұл – ең қиын түрі. Мұны екі тілді жетік білумен қатар, сол түпнұсқаның жан-жүрегін, ішкі сырын сарқа түсінетіндер қолданады. Оның үстіне аударманың бұл тәсіліне автордың стилін, жазу мәнерін, тіл мүсінін қалтқысыз, жете ұғынатындар ғана барады. Қазіргі таңда елімізде барлық мемлекеттік және жеке кәсіби ұйымдар мен мекемелердің қазақ тіліне толық көшу үрдісі орын алып отыр. Бұл үрдіс – мемлекеттік тіліміз, қазақ тілінің, өзінің мәртебесіне лайық болуының бірден-бір кепілі болмақ. Өйткені бұл елбасымыздың қойып отырған талабы. Сондықтан қазіргі кезде аудармашылыр, әсіресе, орыс-қазақ тілінің аудармашылары зор сұранысқа ие. Тіпті аударматану ғылымының кейбір терминдерінің атаулары әлі күнге дейін тұрақтала қойған жоқ. Сондай терминдердің бірі баламалық термині. Аудармада эквивалентті, балама, дәлме-дәл, сайма-сай, адекватты аударма сияқты терминдер семантикалық жағынан синонимдес болып келеді. Дегенмен, қазіргі аударма саласында бұл терминдердің ұғымдық мағыналары бір-бірінен бөлек, өзіндік анықтамасы бар жеке терминдер ретінде қалыптасып келеді. Қазақ аударматану ғылымында жиі қолда­ны­лып жүрген балама, баламалы аударма, балама­лылық (эквивалент, эквивалентный перевод, эквивалентность) деген терминдердің қазірге дейін ұғымдық анықтамасы нақтылана қойған жоқ. Кей тұстарда сөз болғалы отырған аталымдар теңбе-теңдік (тождественность), дәлме-дәл аударма (адекватный перевод) деген терминдермен теңбе-тең дәрежеде ұғынылады. Сондай-ақ балама (эквивалент) дегендегі түпнұсқа тілдегі сөздің басқа тіл сөздігінде көрсетілген варианттары немесе аудару үдерісі кезінде түпнұсқадағы сөзге, тіркеске, фразаға, синтаксистік тұтастыққа тәржімашы аударылатын тілден таңдап, іріктеп алған мағынасы жуық нұсқалар деп түсіндіретін реттер де жоқ емес (2.39). Баламалық жөнінде орыс ғалымдарының ішінен алғаш пікір айтқан Я.Рецкер болды. Оның айтуы бойынша «балама» дегеніміз контексте тұрақты, тәуелсіз, теңбе-тең сәйкестік (3,10), ал, зерттеуші-ғалым А.Алдашеваның түсіндіруі бойынша, екітілді сөздікте берілетін нұсқалар (2,39). Дегенмен, А.Алдашева балама теориясы туралы Я.Рецкердің айтқан тұжырымдамасынан оның баламалық ұғымдарын дәл басып, тани қоймағандығын баса айтады. Ол: «балама аударма үдерісінің катализаторы, бұның әсіресе ауызша аудару үдерісі кезінде рөлі жоғары, өйткені сөздіктерде көрсеткен балама аудармашының санасына алдымен түседі де, контекстің мағынасын тез түсінуге ықпал етеді деп есептейді. Бірақ ғалым екітілді сөздіктер де дәл баламаны бере алмайтынын мойындай отырып, эквивалент дегендерге географиялық атауларды, жалқы есімдерді, терминдерді жатқызу керек деп санайды; ал басқа сөздер, сөз тіркестері баламалы сәйкестік деп танылуы тиіс; сондықтан толық балама, ішінара балама, абсолютті балама, шамалас балама типтес түрлерді ажырату қажет деген тұжырымдарға келеді. Дегенмен, біздің байқауымызша, зерттеуші қалай болғанда да балама, баламалылық ұғымдарын дәл басып тани қоймаған» дейді (2.39). Мәселен, Количество – сан; Качество – сапа; Оценка – баға. Тәрізді мысалдар лексикографиялық еңбек­терде қатар көрсетілетін балама болса, Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап (Абай), – деген өлең жолдарының аудармасындағы (Веру в себя укрепляй, чтоб вдвоем, разум и труд выводили на свет; аударған М.Сұлтанбеков) «выводили на свет» - бір жағынан, түпнұсқадағы тіркестің баламасы, екіншіден, шамалас баламасы, үшіншіден, тіпті бұны еркін аударма үлгісі деп те бағалауға болады. Әрине, Я.Рецкердің еңбегі баламалылық туралы алғаш рет сөз қозғалған зерттеу болғандықтан, ондағы пікірлердің болжау-пайымдау бағытында екендігін де ескерген жөн (2.39). А.Алдашеваның айтуы бойынша, балама (эквивалент) – тілдік құралды тең мағынада, тең функцияда толық алмастыра алатын толық әлеуетке ие, тұрақты, екітілді лексикографиялық сөздіктерде норма ретінде ұсынылатын сөз тіркесі. Бұндай балама контекске тәуелсіз бола­ды; сондықтан оны кейде тіларалық си­ноним деп те атайды. Таңбалардың, жеке сөз­дердің баламалылығы түпнұсқа мен аударма мәтіннің, олардың барлық сегменттерінің балама екендігіне дәлел бола алмайды. Мәтіннің бір-біріне балама болуы тілдік монифестация ауқымынан шығып, ұлттық мәдени фактілердің де балама болуын талап етеді. Түпнұсқадағы ақпаратқа, образға аударылатын тілден балама табу үшін синонимдердің образды, шеткергі сыңарлары іріктеліп алынады. Аудармашы сондай-ақ функционалдық қызметі бәсең тілдік бірліктерді түсіріп тастау немесе қосалқы эле­мент­терді түсіндіру, мәтінді сегменттерге бөлу, әр алуан трансформация әдісін қолдануға барады, – дейді де мынандай мысалдар келтіреді: Сұлу дене бітіміне, ұзын бойы мен ақ шашы, ірі келген шарайна көзі және қызыл ерні келген Шейла... Бұнда аудармашы қазақ көркем әдебиет стилінің нормасына, яғни оқырманның образды, әсерлі қабылдауына кедергі келтіретін сөздер мен сөз тіркестерін қолдануға жол берген: ақ шашты (светлые волосы) – жас адамға тән емес; ірі келген шарайна көз (большие как зеркало глаза), сезімтал ерін (чувственные губы) қазақ образында жоқ. – Қазір, қуанышым менің, кішкентайым менің, бәрін де білесің. – Бұл мысал да лексикогрфиялық еңбектердегі баламаның іріктеп алуы арқылы тәржімаланған. Рас, бір науқас жеңіл мазасыздануда... Қалғандары өздерін дұрыс, қалыпты ұсатуда. Соңғы сөйлемдегі газет тіліндегі жиі қолданылатын –уда//, -уде// нысаны да – көркем әдебиет нормасына тәне емес фактілердің бірі. Бұл аталғандар қазіргі кезде біздің «балама аударма» дегенге қатысты түсінігімізде бірқатар қайшылықтар бар екендігін көрсетеді; демек, аударматану ғылымындағы «балама», «баламалылық» ұғымдарын нақтылаудың қажеттілігі туады. Балама (эквивалент) – екі немесе бірнеше тілдердің тілдік бірлестіктердің лексикографиялық еңбектерде ұсынылатын, контекске тәуелсіз нұсқасы. Ұғым, түсінік, құбылыс, іс-әрекет атау­ларының сөздікте берілетін варианттарын тіларалық синоним деп те атайтын реттер бар. Бұндай пікір В.Виноградовтың, В.Комиссаровтың, Л.Бархударовтың еңбектерінде айтылады. (2, 43). Қазақ аударматану ғылымында аударма саласының терминдеріне қатысты А.Қ.Жұмабекова, Г.А.Жұмашева зерттеу жүргізген. Олар өздерінің жоғары оқу орындарындағы аударма бөлімінің студенттеріне қажет оқулықтардың бірі – аудармашылық терминдердің түсіндірме сөздігінде балама аудармаға өздерінше түсінік бере отырып, А.Алдашеваның берген анықтамасына қарсылық көрсеткендей болады. Сөздікте адекватты аударма – түпнұсқаның мазмұны мен формасы бірлігінің басқа тілдің құралдары арқылы қайта құрылуы, яғни аударма тілдің жанрлық-стилистикалық, құрылымдық-семантикалық т.б. тілдік нормалары мен заңдылықтарының сақталынуымен аударылуы. Ал дәлме-дәл аударма болса – түпнұсқа мазмұнының тек заттық-логикалық бөлігі ғана көрсетілетін аударма. Мұнда әдетте аударма тілінің жанрлық-стилистикалық нормалары мен узуалды ережелерінен ауытқу орын алады. Балама аударма – түпнұсқа мазмұнын баламалық деңгейлерінің бірінде беретін аударма (4, 179). Ал, А.Алдашева адекватты аударма ұғымын дәлме-дәл аударма, сондай-ақ балама аударма ұғымдарымен теңестіреді, ал аударманың калька тәсілін сөзбе-сөз аудармамен теңдестіріп, екеуіне бір анықтама береді (5,48). Қазіргі таңда кейбір зерттеушілер «адекватный перевод» деген тіркесті «балама аударма» (А.Алдашева ), «дәлме-дәл аударма», кейде аудармай «адекватты аударма» (Дуанина), «деңгейлестік аударма» (Ә.Тарақ), «эквивалент» ұғымын «саймасай» (Ж.Дадебаев пен С.Абдрахманов) деп аударып жүр. С.Абдрахманов «адекваттылықты» «барабар» деп атай отырып, оның саймасай аудармадан айырмашылығы «түпкі нәтижеге бағдар ұстайтындығында» деп көрсетеді. Жалпы, эквиваленттік түсінігін алғаш 1803 жылы Дж. Дальтон енгізген. Эквиваленттік (лат. Aequalis – барабар, valentis – тепе-тең күші бар) — деген мағынаны білдіреді. Ал, қазақ көркем аударматануында эквивалент ұғымы — балама ұғымымен түсіндіріледі. Яғни, аудармашы түпнұсқадағы мәтіннің әрбір сөзіне аударатын тілдегі сөздерден мәндес сөз тауып бере алмаса, онда мәтіндер арасында идентификация жойылады. Қорытындылай келе, балама аударма – жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінің жай ғана теңбе-тең түсуі ғана емес, сондай-ақ, мағыналық жақтан, оқырманға әсер ету жағынан, тіпті дыбыстардың үндесуі жағынан, стиль жағынан да түпнұсқамен сайма-сай келетін аударма болуға тиіс. Балама аударма жасау үшін түпнұсқаның жан-жүрегін, ішкі сырын, авторды сарқа түсіну қажеттілігі сияқты талаптардың орындалуы қажет. Жоғарыда көріп отырғанымыздай баламалық мәселесі әлі де зерттеуді қажет ететін тақырып. Өйткені, баламалық теориясының әлі де орныға қоймағанын байқап отырмыз. Пайдаланылған әдебиеттер: Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. Алматы: Жазушы, 1987. 2. Г.Қазыбек: Аударма тәжірибесі: хрестоматия. Алматы: Қазақ Университеті: 2009. 3. Рецкер Я.И. Теория перевода и переводческая практика. Москва, 1974. 4. Жұмабекова А.Қ., Жұмашева Г.А. Қазақ тіліндегі аудармашылық терминдері туралы. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы №2 (74) 5. А.Алдашева. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. Алматы: Арыс, 1998. This article is devoted to the problem of equivalence from scientific point of view in the field of translation studies. The references about the term of “equivalence” were compared and concluded. Арай Жүзбаева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аударма теориясы мен әдіснамасы кафедрасының 2 курс магистранты

3968 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз