• Заманхат
  • 01 Наурыз, 2013

Жыраулар поэзиясы аудармаларындағы ұлттық ерекшелік

Көркем аударма түрлері аударматану ғылымында түрліше топтастырылып жүр. Бұл топтастырулардың көпшілігінде, негізінен түпнұсқаға функционалдық жағынан баса назар аударылады. Егер біз көркем аударма табиғатының көрініс табуы тұрғысынан қарасақ қазақ лирикасын орыс тіліне аудару теориясы мен тәжірибесі үшін маңызды тұжырымдар таба аламыз. Мұнда түпнұсқаның өзге ұлттық тілде дұрыс, дәл (көркемдік тұрғысынан) жеткізілгендігіне немесе жетпеуіне, автор стилі мен аударма стилі арасында қандай пропорцияның бар екендігіне қарай аудармашылық интерпретацияның келесі типтері бөлініп көрсетіледі.: 1) сөзбе-сөз; 2) оңайлатылған; 3) адекватты. Ал осы классификациялар жыраулар поэ­зия­сында қалай көрініс табуда. Бұған мысалды П. Косенконың Қазтуғанның өзі туралы «Мадақ жыры» аудармасынан алайық: Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шәйі жібек оққа кірісті, Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы... [6,28]. Орысша: Сын Суюнши я – Казтуган, С мощной походкой могучий султан. Льдина кольчуги прикрыла мой стан, Разум великий с рожденья мне дан. С огромным челом моя голова, Шелковая у лука моего тетива Я длинный курук для строптивых коней, Ястреб, напавший на стаю гусей, Последний из биев, язык чей как меч, Как пламя костра, ярка моя речь [7,14]. Өлең жолдарының ұлттық колоритке толы екендігін бірден байқауға болады. Жырау бірде ақын, бірде батыр болып көсіледі. Эпикалық шығармаға көбірек ұқсайды. Ал, аудармада балама аудармаға тән сипаттар басымдық танытқан. Аудармашы өмір шындығына түпнұсқа және автордың көзімен қарағаны байқалады. Сондықтан автордың өзі үшін нақтылы өмір көрінісі қандай рөл атқаратын болса, аудармашы үшін түпнұсқа дәл сондай рөл атқарған. Қазтуған жыраудың өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты мол мұра қалғаны белгілі. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда, аталған үш шығарманың өзінен-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиеті тарихынан орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі өзіндік сипатқа толы болғанын танытады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға суарылған, афористік толғаныс, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған. Зерттеуші Қ. Жаңабаев жыраулар поэзия­сының көркемдік ерекшеліктерін зерттеп, мазмұнының жалпы идеялық-мағыналық қырын жеткізу мәселелерін қарастырады. Деген­мен, жыраулар поэзиясын белгілі бір идеялық-эстетикалық мәнге, эмоционалдық көркем тұтастыққа ие пішінін орыс тілінде қайта жасауға қатысты нақты мәселелерге тоқталмайды. Сол кезде қазақ тіліндегі түп­нұсқа шығармалардың да, олардың орыс тілін­дегі аудармаларының да поэтикалық ерекшеліктеріне жинақтау түрінде нақты әдебиеттану тұрғысынан талдау жасалмаған болатын. Соңғы жылдары ғана қазақ аударматануының поэзиялық шығармалар аудармаларына қатысты мәселелерге арналған біршама еңбектер жарық көре бастады. Атап айтсақ, Н. Сағындықова, С. Алтыбаева сияқты зерттеушілердің еңбек­терінде қазақ поэзиясының орыс тіліне аударылу мәселесі сөз болады. Н. Сағындықова ірі поэзия өкілдері шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларына салыстырмалы тал­дау жасап, кейінгі 60-80 жылдардағы қа­зақ поэзиясының ірі өкілдері саналатын Ж.Молдағалиев, Ә. Тәжібаев, Ж. Сыздықов, А. Шамкенов, Д. Әбілов, А. Тоқмағанбетов, Х. Ерғалиев, Ж. Нәжімеденов, Қ. Бекхожин, Ғ. Қайырбеков, Қ. Мырзалиев сияқты ақындардың шығармаларын тілге тиек етеді [6]. Ғалымның көрсетуінше әдетте поэтикалық мәтінді қазақ тілінен орыс тіліне аударғанда кездесетін басты қиындықтардың бірі – бұл тілдердің, өлең құрылымының әртүрлі екен­дігінде. Қазақ тілі – силлабикалық, ал орыс тілі силлаботоникалық өлең жүйесіне жатады. Бірақ қандай жүйеге жататындығына қарамастан кез-келген халықтың өлең құрылымы буынға негізделген. Айырмашылығы – буынның қалай пайдаланылуында немесе аударылатын тілдердегі буынға байланысты заңдылықтарда ғана. Мәселен, силлаботоникалық жүйедегі өлеңде буынның екпінді, екпінсіз екендігі басты назарда болады, ал силлабикалық жүйеде қандай түрге жататындығына қара­мас­тан барлық буындар есепке алынады. Көріп отырғанымыздай өлеңнің жүйелік құрылымындағы ерекшеліктер айқын көрініп тұр. Ең бастысы аудармадағы ырғақ сақталуы қажет. Ал, «өздігінен өзгерістер енгізу» аударма шығармалардың көпшілігінде кездеседі. Бұл біздіңше аудармашының аударылатын тілді білмегендіктен кездесетін олқылықтар деп есептейміз. Бұл орайда аудармашы еңбегінде түпнұсқаның толық мағынасын көрсете алатын сапалы, кәсіби тұрғыдан орындалған жолма-жол аударманың атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ тілінен аударатын тәржімашыларға тек қана тілді біліп қана қоймай, сонымен қатар халықтың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, салт-дәстүрін де білу керек. Бұл орайда В. Рождественский аудармасынан алсақ: Қазақша: Менімен ханым ойнаспа, Менім ерлігімді сұрасаң Жолбарыс пен аюдай Өрлігімді сұрасаң, Жылқыдағы асау тайындай, Зорлығымды сұрасаң, Қарағай мен қайыңдай [6, 53]. Орысша: Как я храбр, меня спроси, Как тигр, чей прыжок – огонь Как я, горд, меня спроси, Как необъезженный конь. Как силен, меня спроси, Дак как белуга или сом Крепок как, меня спроси, Как ель могучим стволом [7, 62]. Автор аудармасы бұрынғыларға қарағанда біршама жетілген десек болады. Мұнда теңеу­лерді орысша жеткізуде талпыныс барын байқау қиын емес. Аудармашы жырдың ерекшелігіне, поэтикасына оның орысша баламасын дәл табуды көздеген. Өлең өлшемін ырғақты бере алған. Әрине мұнда біраз маңызды сөздер, ақпарат алынбай қалған. Аю, қайың, балық түрлері туралы еш айтылмаған. Қалай дегенмен де қазақ ақын-жазу­шыла­рының орыс тіліне аударылған романдары мен повестері, әңгімелері мен өлеңдері жыл сайын ондаған баспа табақ көлемінде шығып жатыр. Бұл , әрине, жақсы. Сырттай қарағанда, сан жағынан алғанда. Ал сапа ше? Ортақол, құбатөбел аталатын шығармалар жайлы сөз етпей-ақ қояйық. Мұндай туындылар қай тілге аударылса да, қандай аудармашының қолынан шықса да сол сүреңсіз, сұрғылт қалпында қала бермек. Ал сөз – қазақ әдебиетінің таңдаулы үлгілеріне келсек жыраулар поэзиясының көркемдік ерекшелігі әлі де зерттелуді қажет ететін тың тақырып. Жалпы қазақ поэзиясының, соның ішінде жыраулар шығармаларының аударылуы – аударматану ғылымындағы аз зерттелген мәселелердің бірі. Қорыта айтқанда, аударма өнеріндегі жы­раулық поэзия жанрының аударылуы өзінің қиындығымен және шығармашылық еңбекті ерекше талап ететіндігімен де айрықша маңызға ие. Бұл өнер туралы Е. Г. Эткинд былай дейді: «Поэзия – ұлттық тіл табиғатының ең жоғарғы формасы. Поэтикалық шығармашылықта халық рухы оның тарихи және мәдени дамуының, психикалық құрылымы барынша толық және дәл көрінеді. Өзге халықтың поэзиясын түсіну – өзге халықтың мінезін, басқа мәдениеттің эмоционалдық әлемін түсіну деген сөз» [1,3]. Ендеше поэзиялық туындыларды аударған­да ұлттық және авторлық поэтикалық ойлауды, сонымен бірге аударылып жатқан поэзия­лық шығарманың түрі, өлең өлшемдерін, образдылық сипатын тілдің табиғатының ерекшеліктерін ескеру әбден керек. Кез келген халықтың поэзия әлеміндегі өзін­дік ерекшелігі бар. Сондықтан да поэзиялық шығармалардың өзге тілге аударылуында басты мәселелердің бірі ретінде түрлі халықтардың поэтикалық ойлау характерінің сәйкес келмеуі көп аталады. Аудармада өлеңдегі негізгі образ – сөздерді аударылушы тілдегімен дәл сақтау керек те, өзге тілге аударғанда солар арқылы аударма тіл­дің оқырманына дәл түпұсқадағы автордың ұстанымы мен эмоционалды күйін, көркем әсерін жеткізу керек. Гүлназира Мужигова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының 2 курс магистранты Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Эткинд Е. Поэзия и перевод. – Москва: Сов. Писатель, 1963. -42. 2. Магауин М. Поэты Казахстана. М.-Л.: Советский писатель, 1978. 3. Жаңабаев Қ. КАЗАХСКИЕ ЖЫРАУ(IX-XIX веков в системе мировых носителей эпической традиции) // ҚазҰУ хабаршысы №7 2006. 4. Бельгер Г. Ода переводу. – Алматы: Дайк пресс, 2006. – с.400. 5. Бельгер Г. Лики слова. Литературно-критические статьи, исследования, эссе о проблемах художественного перевода. Алматы: Білім. -1996. -с.271. 6. Бельгер Г. Аударма жауапкершілігі//Қазақ әдебиеті.1967,14 апрель. In this article problems and creative peculiarities of the Kazakh writers` and poets` of ХVII-XVIII centuries are considered. Comparative characteristics of writers` and poets` translations into Russian and distinctive features of literary translations are given, methods and ways in theory of translation are analyzed.

915 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз