• Заманхат
  • 01 Наурыз, 2013

Абай шығармаларындағы тәрбие мәселесі

Адам болмысы, оның тәрбиесі және ол өмір сүрген орта мәселесі Абай шығармашылығындағы ең өзекті тақырып. Ақын осы мәселені көтере отыра, адамды тәрбиелеу үшін не істеу қажеттігін көрсетеді. Ол қазақ болмысындағы кем-кетіктің бетін ашып, оларды жөндеу міндеттерін күн тәртібіне қояды. Абай бұл мәселені шешу барысында ғасырлар бойғы қалыптасқан қазақтың дәстүрлі құндылықтарын және исламдағы моральдық құндылықтарды сараптады. Осылардың ең озық үлгілерін тәрбиелік жүйеге айналдыруды мақсат тұтады. Абайдың қазақ жұртына ұсынған тәрбиелік жүйесі қазіргі кезеңде өз маңызын жоймай сұраныста тұр. Себебі, нарықтық қатынастар заманындағы түрлі қиыншылықтар қазақ жұртын рухани дағдарысқа әкелді. Ұлт руханиятына нұқсан келтіретін зиянкес құбылыстар: елдегі өршіген парақорлық, ұрлық, өсек, өтірік, мал шашу, мақтаншақтық, шегінен шыққан жағымпаздық, рушылдық пен жершілдік. Осындай негативті құбылыстардың етек алуы жалпыұлттық рухани құндылықтардың әлсіреуіне әкеліп соғуда. Рухани дағдарыс те­реңдей түсуде. Мәдениеттің әлсіреуі адам­гер­шіліктің әлсіреуіне әкелді. Рухани де­градацияның (құлдилау, дағдарысқа ұшырау, шарасыздық) халықты тобырға айналдыру қаупі күшейе түсуде. Егер, осы қайшылықтарды сараптап, оларды жоюға күш салмасақ, тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктерінің баянды болуы неғайбыл. Халықтың әрі ұлттың рухани сапаларының әлсіреуі мемлекет тәуелсіздігіне үлкен қауіп. Зиялы қауымның қоғамды жақсартуға ба­ғытталған жұмыстарының көп жағдайда пайдалы нәтиже бермей жатқандығы ақиқат. Рухани ақсаудың негізі – тұлғаның моральдық тоқырауында, адами сапаларының әлсіреуін­де, кәсіптік біліктілігінің төменділігінде. Сол себепті рухани жаңарудың маңызы арта түсетін­дігіне көзіміз жетіп отыр. Осындай тағдыр­лық міндетті шешуде бүгінгі ұрпаққа көмек бе­ретін зор қуатты құндылықтар бар. Соның ішінде, қазақ ұлты үшін өзектісі Абайдың мұрасындағы адамның жетілуіне қатысты ұсын­ған концеп­циясы. Ұлт ұстазы ұсынған идеяларды бүгінгі күнгі қоғамды сауықтыру іс тәжірибесіне айналдыру мәселесін қолға ала­тын мезгіл жетті. Абай шығармаларында адам тәрбиелеу концепциясының принцип­тері мен бағыттарын айқындаған. Ойшыл ақын адамның ішкі әлемін, жан дүниесін, адам сырлары мен қырларын суреттей отыра, оның адамгершілік болмысын ашып береді. ХХI ғасырдағы сын-қатерлер, күр­делі ауытқулар, жаһандық қайшылықтар, психо­ло­гиялық зардаптар адам санасына аса ауыр салмақ түсіреді. Сананы жаныштаған, шектен тыс кеткен ақпараттар легі адамның рухани жетілуіне кедергі болуда. Сол себепті, адамның ішкі әлемін реттеуге көмектесетін, өзін тануға жетелейтін Абайдың «адам болу» қағидасын түсіну, насихаттау және жас ұрпақ тәрбиесін ұйымдастыруда қолдана білу зәрулік. Абайдың тәрбиелік идеяларын бүгінгі күн қажеттілігіне сәйкес қолданысқа енгізу қоғамның рухани талаптарынан туындап отыр. Қазіргі адам тәрбиесі мәселесіндегі қайшы­лық­тардың әлеуметтік және саяси салдарлары қауіпті. Қазақ ұлтын топтастырып, ұйы­татын, оның ортақ ұлттық санасын же­тіл­діретін рухани құндылықтардың тиімді наси­хатталмауынан мемлекеттілік әлсіреуде. Ел халқын біріктіретін идеологиялық діңгек, мемлекеттік идеология жоқ. Соның себебінен елде болып жатқан әртүрлі әлеуметтік-рухани қиындықтар белең алуда. Оның қауіптісі діни сауатсыздық нәтижесінде халықты бөлшектеп отырған түрлі діни топтарға бөліну. Қазақ ұлты он ғасырға жуық, ата-бабасынан келе жатқан дәстүрлі мұсылман дініне де жік түсті. Ортақ мұсылмандыққа жат, ұлттық топтасуға нұқсан келтіретін, жастарды діни секталар арқылы жікке бөліп, олардың болашағына балта шабатын көзқарастарды уағыздайтын саяси топтар белсенділік көрсетуде. Діни сауаты төмен жастар осындай топтардың құрбандылығына айналуда. 2010-2011 жылдары еліміздің көптеген аймақтарында дәстүрлі исламға қатысы жоқ, діни экстремистік көзқарастарды ұстанған топтардың лаңкестік әрекеттері салдарынан жазықсыз адамдар құрбан болды. Бұл құбылыстың зардаптары көбейіп кету қаупы бар. Әлем халықтарын дірілдеткен терроризм құбылысы Қазақстанға да келді. Оның себебі, жастардың кейбір топтарының дәстүрлі Қазақстандық ислам дініне, яғни, Абу Ханифа мағзабы ағымына қайшы келетін, ұлттық ерекшеліктердің ислам дінімен қауышуын жоққа шығаратын көзқараста болуы. Бұл құбылыс жансақ, қауіпті. Тәуелсіз мемлекетіміз баянды дамуы үшін жастар тәрбиесіне айрықша мән берудің ма­ңыздылығы арта түсуде. Бұл істі дұрыс жолға қою Қазақстанның жарқын болашағы екендігі даусыз. Осындай өзекті мәселені шешу мақсатын орындау үшін Абайдың тәрбиелік жүйесін қолданысқа енгізу қажеттілігі сезіледі. Осы уақытқа дейін Абайдың даралығын, даналығын, шығармашылық идеяларын айтып келдік. Ал, осындай мақтау мен марапаттау Абайға керек пе? Әлде біз үшін бе? Абай мақтау мен марапатты қаламаған. Қазақстан қоғамы Абайдың өзі жек көрген, өзі бізді сақтандырған «мақтаншақтық» зияндығынан әлі де құтыла алмай отыр. Сондықтан, қазіргі таңда Абайдың айтқандарын жүзеге асырып, тәрбие жұмысының мәні мен мазмұнына айналдыру пайдалы. Оның сөзі мен ұлағаты, білімді, жүрегі ояу, көкірек көзі ашық жастарға тез сіңетіні даусыз. Білсін, оқысын, үйренсін деп өсиеттеген Абай мұрасын мемлекет өз қамқорлығына алып, оны халыққа үйрету, сол арқылы тәрбиелеуді жүзеге асыруды қолға алуға қажет. Абай ерекше сынға алған елді жайлаған өтірік, өсек, мақтаншақтық, мал шашу, еріншектіктің қазіргі Қазақстан қоғамында да өршіп тұрғаны шындық. Осы зиянды, кері қасиеттердің елдің елдігін, бірлігін кәсіпкерлікті, адами сапаларды әлсірететіні анық. Абай бұлардан құтылу үшін не істеуіміз керек екендігін көрсетеді. Ұлы ойшыл айтқанындай, ел өркені үшін зиянды істерден құтылу арқылы ғана қоғам алға басады. Сол себепті қазақтың кем-кетігін жою Абайдың алға қойған негізгі мақсаты. Ең бастысы, осы кемшіліктерді түзеу мақсатында жүйелі тәрбие жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ол үшін жастарға өмір талаптарына сәйкес бағыт-бағдар беріп, адамгершілікті сақтау мәселесіне ден қою маңызы. Алдымен адамның санасын тығырыққа тығатын, жақсылықтан аластататын, Абай көрсеткен «бес дұшпанымен» күресті қолға алу қажет. Өкінішке орай, осы «бес дұшпан» жекеден, жалқыдан шығып көпке жайылып, адамдары аздырып, қоғамды улап отыр. Адамгершілік пен арлылық еңбек пен шығармашылықты өтірік, өсек, еріншектік, мақтаншақтық, бекер мал шашпақтық басып кеткенде, адами сапалар кірлеп, көмескі тартып, жан қиналып, табыста болу кейінге ысырылатынын Абай жеріне жеткізе айтты. «Бес дұшпан» Абай ойынша кері кетушіліктің кақты көріністері. Оларды жеңбесек өркендеу жоқ. Елімізде адамды тәрбиелеу, жастарды тәр­биелеу жүйеге келмей, сүреңсіз тартып, солқылдақ күй кешіп тұрғаны анық. Батыс үлгісіндегі индивидуализмге және либералистік құндылықтарға негізделген тәрбие моделі қазақ халқына әзірше пайда әкеліп отырған жоқ. Адам тәрбиесін күшейтуге Ислам құндылықтарымен сусындаған бабалардан келе жатқан, ұлттық құндылықтарды бүгінгі күн талаптарымен сәйкестендіру мәселесі де шешімін тапқан жоқ.Бұл істе Абайға жүгіну керек. Себебі, Абай адам тәрбиесі мәселесінде сөзсіз Ислам құндылықтары мен қасиетті Құрандағы ізгілікті ойларды астастырып, қазақы түсінікке лайықтап ұсынған болатын. Абай «адам болу» концепциясында иман мәселесін бірінші орынға қояды. «Иман» – Абайдың он үшінші қара сөзінде барлық адамшылықтың бастауы. Иманы бар адам жайлы: «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен», –деп көрсетеді. Шындығында, тәрбиенің бастауы иманды күшейтуде. «Иман» негізгі тірек ретінде ұғынықты. Оны қабылдау саналы жанға қиын емес. ХХІ ғасыр адам баласына түрлі ауыртпа­лықтар мен қиыншылықтар ала келді. Адамзат түрлі ой кеселдеріне шалдықты. Ақпараттар ағысының күштілігі, өмір сүру ортасының қаталдығы, еңбек ету процесінің интенсивтілігі күнделікті күйбің тіршіліктегі қиыншылықтар адам жанын жаныштап, жүйкені жұқартуға әкелуде. Абайдың отыз бірінші қара сөзінде: «Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болуы секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғы­лымды тоздұратұғын нәрселер», – дейді. Абай­дың көрсеткен ой кеселдері, қазіргі кезеңде, ғасырдың ауруына айналып отыр. Қоғамды кер­неп алған жақсы мен жайсаңның адымын аштырмайтын, оларға бөгет жасайтын осындай кесапаттардыңда жолын кесуді, олардан арылуды Абай көрсеткен. Ой кеселдерін ауыздықтайтын қоғамдағы дұрыс моральдық ахуал, әділеттіліктің салтанат құруы. Қазіргі кезеңдегі қоғамдағы психологиялық хал-ахуалды реттеудің негізгі жолы тәрбие жұ­мыс­тарын күшейту екендігі ақиқат. Жас­тарды мемлекет алдындағы, ел жұртының алдындағы, арының алдындағы парыздарын жауапкершілікпен орындауға үйрету маңызы. Сонда ғана келер ұрпақ біріне бірі құрметпен қарап, сыйластықпен өмір сүруге жетіседі. Тәр­биелік мәселелерді жүзеге асыру үшін, көптеген жан-жақты жұмыстар жүргізілуге тиісті. Көптеген тың ғылыми ізденістер керек. Қазақстанда тәрбие жұмысын жаңа талаптарға сейкес ұйымдастыруда, Абайдың тәрбиеге қатысты қағидаларын іс-тәжірибеге айналдырудың зәрулігі күдік тудырмайды. Себебі адамзат баласы аға ұрпақтан алған өнегесімен, тәрбие­сімен және рухани тәжірибесімен жетіліп отырады. Сонымен қатар, азамат өзін-өзі танып, рухани жетілгенде қоршаған ортамен, айналасымен сыйластықта, сүйіспеншілікте ғұмыр кешуге қол жеткізеді.Қазақ ұлты тағдырлық маңызы бар мәселені шешу үшін Абай қағидаларын насихаттап, оны іс-тәжірибеде жүзеге асыру маңызды болмақ. Қазақтың кең даласын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткен бабалар мұрасына адалдықты дұрыс түсіну парыз. Осы сайын далада қазақ ұлты байлығын, малы мен жанын асырасын, ел болып, бірлігін сақтап, Алланы сүйіп, адамды бауырым деп өмір сүре алса ғана бабалар өсиетіне берік болды, оның алдындағы парызын өтеді деген сөз. Айтылған ой-пайымдар, Абайдың «адам болу» қағидасын мемлекеттік идеологияға айналдыру маңызды іс екендігіне көзімізді жеткізеді. Екіншіден, Абай қағидаларын мұрасының рухани ұстанымдарын қоғамның тәрбие салаларында қолданысқа енгізуіміз міндет. Үшіншіден, балалар бақшасында, мектептерге, жоғары оқу орындарында оқытылып, әр білім сатысына лайықты бағдарламалар жасалып, жастарды Абай ілімімен тәрбиелеуді жолға қоюға тиістіміз. Төртіншіден, Абай мұралары ақпарат құралдарында күнделікті насихатталып, теледидардан арнайы сабақтар жүргізіліп, тәрбиелік бағдарламалар жасалынуы қажет деп есептейміз. Қазақтың, жалпы Қазақстан халқының Абай ілімімен сусындауына сөз жоқ, мемлекеттік дәрежеде қамқорлық қажет деп есептейміз. Абайдың қағидалары «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», үйренуге оңтайлы, тағылымдық мазмұны терең, заманның сұранысына жауап бере алатын, ескірмейтін берік ұстаным екендігі ақиқат. Демек, мәселені кейінге қалдырмай құзіретті органдар батыл түрде мемлекеттік тәрбиелік жүйені ұсынып және оқу ұжымдары оларды жүзеге асыруға кірісуіге тиісті деп білеміз. Салтанат Ізтілеуова, филология ғылымдарының докторы, ҚазҰПУ-дың Абайтану зерттеу орталығы This article examines the process of identity formation in the context of national education of Abay.

1120 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз