• Заманхат
  • 01 Наурыз, 2013

Моңғолиядағы қазақ баспасөзі

Тәуелсіз елімізден тысқары Азия мен Еуропаның жер-жеріне шашыраған, тілегі бір болса да тіккен байрағы басқа қандастарымыздың барды-жоқты баспа­сөзінің бүгінгі жағдайы – қаламымның тиегі болып отыр. Отанымыздан тыс аумақтағы қазақ тілінде БАҚ дамыған жер ең алдымен Қытайдың Шыңжаны болса, екіншісі Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағы деп білеміз. Шалғайда отырса да, жүрегі Қазақстан деп соғатын моңғол жеріндегі қандастарымыз қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өзінше үлес қосып, қазақ жазба әдебиетін қалыптастырып, өзінше әдеби соқпақ жасады. Моңғолияда қазақ әдебиеті Ақыт Үлімжі­ұлы шығармаларынан бастау алады. Филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлының айтуынша, Ақыт туындылары мұсылман дінін, оның шариғаттарын кеңінен дәріптеп, насихаттай отырып, өз халқының бастан кешірген тағдыр-талайын да молынан қамтиды. Ақыт Үлімжіұлынан кейінгі көркем әдебиеттегі үлкен тұлға – Ақтан Бабиұлының шығармалары 1916 жылдардан бастап өмірге келді. 1942 жылы Баян-Өлгий ақын-жазушыларының тұңғыш жыр-жинағы «Өлеңдер» деген атпен басылды. Осы жылдан бастап көркем әдебиет кітаптарын басып шығару ісі 1991 жылға дейін қарқынды жүрді. Мәселен, тек Ақтан ақын шығармалары 6 рет қайталап басылды. Оның соңғы 39 баспа табақ жинағы 2500 данамен 1987 жылы оқырманға жол табады. Арғынбай Жұмажанұлының алғашқы жинағы «Тақпақтар» деген атпен 1949 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрді. Даниял Дікейұлы «Жетілген жетім», «Таң алдында», «Солдат сөзі», «Алтай аясында» секілді поэмаларын жазды. Жалпы, Моңғолия қазақтарының жазба поэзиясының дамуына зор үлес қосқан қаламгерлер: Имашхан Байбатырұлы, Шабдарбай Қатшанұлы, Дайын Қалаубайұлы, Байыт Жанатұлы, И.Жәбенұлы, Кәп Құмарұлы, Егеухан Мұқамадиқызы, Қауия Арысбайұлы, Яки Ілиясұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Зуқай Шаріпақынұлы, Шынай Рахметұлы, Кеңес Ілиясұлы, Тойлыбай Құрмандолдаұлы, Қ.Бодаухан, Солдатхан Орайханұлы, Қуанған Жұмажанұлы, Зүлкафил Мәулітұлы, Мұрат Бұшатайұлы, Ә.Дәулетхан, Рысбек Зұрғанбайұлы, т.б. Моңғолия қазақтарының көркем әдебиетінің проза саласы Қ.Мұқамадиұлының 1955 жылы жазылған «Алғашқы қадам», «Жұрт ала ма, жұт ала ма?» қатарлы көркем әңгімелерінен бастау алады. Ол Махфуз Құлыбекұлының «Мұралық», «Көк лақтың құпиясы» әңгімелері, «Қызыл қайың хикаясы» повесі арқылы жалғасын тапты. Шерияздан Нығышұлының «Күдірлі керуен» повесі қазақ және моңғол тілінде жарық көрді. Ақын Алақанұлы «Менің анам», «Егіншінің баласы», «Ананың ақ тілегі» секілді прозалық шығармаларын жазды. Алғашқы роман – Елеусіз Мұқамадиұлының «Қобда қойнауында» атты шығармасы. Одан кейін Шабдарбай Қатшанұлы «Жырақта қалған жылдар», «Өз қолымен», Мағауия Сұлтанияұлы «Ұрпақ тағдыры», Ісләм Қабышұлы «Ұрпағың үзілмесін», Жамлиха Шалұлы «Үлкен үй», Қауия Арысбайұлы «Жиекте», Сейітхан Әбілқасымұлы «Қара боран», Сұлтан Тәукейұлы «Мұнар таулар» романдарын жазды. Бұл қазақ әдеби тілінің көркем әдебиет саласындағы дамуының нақты дәлелі. Моңғолия қазақтарының 5 томдық фольклорлық шығармалар жинағы Қ.Қалиасқарұлы, С.Қажы­байұлдарының құрастыруымен жарық көрді. Көркем әдебиеттің өріс-кеңістігінің ұлғаюына байланысты 1970 жылға дейін 14 жыл қызмет істеп келген «Әдебиет үйірмесі» үлкейтіліп, Моңғолия Жазушылар Одағының (МЖО) Баян-Өлгий аймақтық қазақ бөлімі болып құрылды. Сондай-ақ бөлім жанынан «Көркем сөз» клубы ашылды. Қазіргі таңда моңғол жерінде Р.Қорған­байұлы, Ж.Қамайұлы, С.Рахмедиұлы, А.Мау­қараұлы,А.Ақынбабақызы т.б. жас қалам­герлер еңбек етеді, олардың 20-дан астамы Моңғолия Жазушылар Одағының мүшесі, 70-тейі одақтың аймақтық бөлімшесіне мүше. Барлығы 300-ге тарта әдеби шығарма, зерттеу еңбектер мен қазақ қаламгерлерінің 30-ға жуық жинағы моңғол тілінде жарыққа шықты. Қазіргі уақытта Моңғолия қазақтарының әдебиеті жанрлық түрі жан-жақты дамыған, бай әрі мазмұнды әдебиет болып саналады. Ал, енді, ақпарат басылымдарға жеке тоқталайық. 140 мың қазағы бар Моңғол мемлекеті қазақ халқының ақпараттық қажет­тілігін қанағаттандыру мақсатында Орталық комитеттің хатшылар кеңесінің 1931 жылғы 28 қарашадағы №59 қаулысымен қазақ тілінде басылым шығаруды Оқу ағарту министрлігіне міндеттеген. Содан бастап мерекелік ұрандар «Үнэн» газетінде қазақша басыла бастады. Ал, 10 жылдан кейін 1941 жылғы шілдеде орталық баспаның инженері Г.Насанбуян (1916-1998) шағын «Тигель» баспа станогын орнатты. Сол жылдың 13 қарашасында аймақ әкімшілігі мен айпарткомның біріккен мәжілісінен баспа бөлімшесін құрып, «Өркендеу» газетін шығаруға шешім қабылданды. Алғашқыда редактор үгіт бөлімінің меңгерушісі М.Қабасты, Бас редактор орнына Әжікен Сәдуұлын та­ғайын­даған. Латын әліпбиімен «Өркендеу» газеті 1941 жылдың 19 желтоқсанында жарық көрген. Алғаш 200 данамен басылып шығып, келер жылы кириллицаға көшті. Алғашқы тілшісі – Моңғолия мемлекетіне еңбек сіңірген қайраткер, ақын Ақтан Бабиұлы болды. Газет 1957 жылы «Жаңа өмір» болып атын өзгертті. 1980 жылдардың аяғында аптасына 3 рет моңғолша қосымшасымен басылып, газетке жазылушылар саны 10 000-ға жеткен. 2002 жылдан «Жаңа дәуір» атанып, қазірге дейін аймақтық жетекші баспасөз құралы болып келеді. Газеттің 5400-ден астам саны жарық көріп, бет саны 30-ға дейін ұлғайған кездері болды. Қазіргі таңда аталмыш газет айына бір рет 24 беттен шығып тұрады. Қазақ балаларына арналған жеке басылым­ның жоқтығы ескеріліп, 1989 жылы «Алтын сақа» деген балаларға арналған суретті журнал жарық көрген. Екі айда бір шығарылып келген бұл журнал 1991 жылы «Балдәурен» атты апталық газетке айналды. Баян-Өлгийде 1957 жылы екі бірдей қазақ журналы дүниеге келді. Оның бірі – қоғамдық-саяси «Үгітші», екіншісі – әдеби-көркем «Жаңа талап» журналы болды. Жалпы алғанда, Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы «Жаңа талап» немесе «Шұғыла» журналымен тіке­лей байланысты. Жазбаша түрге түскеннен кейін халықтық дәстүрге бейім поэзия, проза жанры қалыптасып, драматургия, әдеби зерттеу, сын мақалалары, халық ауыз әдебиетінің бай мұралары журнал бетінде жиі көрініс тапты. «Жаңа талап» журналы 1970 жылы аты «Шұғыла» деп өзгертілді. Алғашқыда бас редакторы Арғынбай Жұмажанұлы болып, редакция алқасына Ақтан Бабиұлы, Даниял Дікейұлы, Құрманхан Мұхамадиұлы сынды жазушылар енген. «Үгітші» журналы 1991 жылдан бастап «Уақыт және оқиға» деген атаумен өзгертілді. Сол жылдары журналдың редакторы болып белгілі ақын, қаламгер Мұрат Бұшатайұлы тағайындалған. Алайда «Үгітші» журналы 1992 жылы өз жұмысын тоқтатты. Бұған басты себеп, журнал оқырмандарының және авторлар мен мамандарының Қазақстанға жаппай қоныс аударып, көшіп кетулері болды. Сондай-ақ журналды үкіметтік бюджеттен шығарып тастауы да «жығылғанға жұдырық» болғаны сөзсіз. Моңғолияда жарық көрген қазақ басылымдары аз болмаған-ды. Сол кезеңдердегі бірнеше себептердің салдарынан көптеген газет-журналдар қазір өз затын жоғалтқан. Олардың қатарына «Алау», «Ұлағат», «Қазақ», «Заман-ай», «Үгітші», «Шарапат» т.б басылымдарды жатқызамыз. Аталған басылымдардың ұзақ өмір сүрмеуінің негізгі себебі – біріншіден, журналистиканың нарықтық қатынасқа ауысу, ақпараттың тауар ретінде бағалану процесі бұл елде оңайлықпен жүзеге аспады. Екіншіден, қаржы-қаражаттың жетіспеушілігі, маман кадрлардың, публицистердің кемшілігі. Бірақ бұлардың бәрінен де ең басты фактор ретінде атажұрттың Қазақстанға қоныстануын айта аламыз. Ал, енді, телевизия, радио саласына келсек, бүгінгі күнде моңғол жерінде қазақ тілінде хабар тарататын телеарналар жоқтың қасы. 2009 жылы аймақта «Өлгий» телеарнасы ашылған. Бұл телеарна аптасына екі реттен екі сағат хабар таратады. Бұл телеарна тек аймақ орталығы Өлгий қаласына ғана көрсетіледі. Баян-Өлгийге қазақ газеттері мен журналдары келмейді. Олардың көз қуанышы болып отырғаны тек қазақстандық телеарналар. Эфирінің 50%-дан астамын орыстілді бағдарламаларды иеленетін қазақ телеарналарының барлығы дерлік мұнда спутник арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ, 24 сағат қазақша сөйлейтін Үрімжі телеарнасын да тамашалай алады. Алайда, Үрімжі телеарнасының төл туындылары тым аз, көбі қытай тіліндегі хабарлардың аудармасы болғандықтан, қытай идеологиясы жүріліп жатқандығының белгісі. Бұл телеарналар Өлгий қаласының тұрғындары мен Баян-Өлгиймен жапсарлас бірнеше ауылдың көзайымына айналып отырғандығы мәлім. Бұдан сырт Шынжаңның 2  арнасы, Түркияның, Ресейдің  арналары да беріледі. Сонымен  қатар Баян-Өлгийде Интернет   жүйесі өте жақсы дамып келеді. Ауылдағы қазақтардың өзі интернет ұстайтын мүмкіндікке   ие болып отыр. Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарының   денін, күндегі тыныс-тіршілігін баянөлгийліктер интернет арқылы алып, біліп отырады. Моңғолияда қазақ тілінде жұмыс жасайтын сайттар: Таңдаулы контент – www.kazlіfe.com. Әлем­дегі қазақ тілді жаңалықтардың топтамасын осы сайттан көруге болады. Негізгі аудиториясы Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Түркия, АҚШ елдері. Kazlіfe.com сайты сошиал медиа яғни әлеуметтік саладағы веб сайт болып табылады. Іргесі 2011 жылдың наурыз айында қаланды. Алматыда ұйымдастырылған Блог құрылтайда алғашқы концепциясы таныстырылды. Әлем қазақ тіліндегі интернет қолданушылар арасында жаңа бастама, жаңа идея, жаңа әлеуметті желі болып құрылған. Бүгінгі таңда аталмыш сайт адамдардың ақпаратқа қол жеткізу, ақ­паратты бөлісуге арналған құралы болып дамып келеді. Баян-Өлгий Қазақ радиосының ресми сайты - www.baіolke.com. Портал «Басты бет», «Жастар», «Заң», «Көкейтесті», «Сұхбат», «Тарих», «Топ мақалалар», «Әдебиет», «Әлеумет», «Қазақ радиосы», «Қайдасың, бауырым?» деген айдарлардан құралған. «Қайдасың, бауырым?» айдарында көз жазып қалған туыс, дос жарларын іздеушілер толық мәліметті пікір түрінде қалдырып, байланыс жасай алады. Жақындары табылып жатқан жағдайда осы сайт арқылы мәлімет береді. Сайтта бүгінгі күннің өзекті мәселелері, әр түрлі танымдық ақпараттар жарияланады. Сонымен бірге «Алтын қор» айдарынан МХР-ның Халық әртісі Қибатдолда Жұмапиұлының, Мұрат Пұштайұлының сөздеріне жазылған елге, туған жерге, ата қонысқа деген сағынышы бейнелеген әндер топтамасын тыңдай аласыз. Баян-Өлгийде көпшілікпен  тұрақты түрде дидарласып  тұратын ақпарат құралы – «Баян-Өлгий» радиосы ғана. 1965 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Радио күніне 1 сағат хабар таратады. Әрі  Моңғолиядағы мемлекет  қаржыландыратын бірден-бір ақпарат құралы. Осы радио қазақ өнерінің алтын кенін сақтап келе жатқан бірден-бір алтын қор. Бұл жерде көне сарындағы сыбызғы және домбыра күйлерінің сан мыңдаған қорларын тауып алуға болады. Сонымен қатар, аймақ орталығында 4 FM радио станциясы жұмыс істейді. Ұлттық портал «www.kaznews.mn» 2011 жылы қараша айының 11 жұлдызынан бастап Моңғолияда өмір сүретін қазақ ағайындары үшін қазақ тіліндегі интернет қолданушылар арасында жаңа бастама, жаңа ақпараттық портал ретінде қызмет атқара бастады. Өмірімізге ақпараттық технологияның дендеп еніп, жаһандану үрдістерінің жалына жармасқан қазіргі кезеңде маңызды ақпаратты уақытылы алып тұру үшін осы сайттар ашылып отыр. Моңғолиядағы қазақ баспасөзі – Қазақстан журналистикасының ажырамас бір бұтағы, құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан, қазақ диаспорасы баспасөзінің ұлттық журналистикамыздағы атқарған тарихи рөлін, орнын, қазіргі қызметін, келешектегі бағыт-бағдарын талдап, тану бүгінгі таңда аса маңызды. Газет халықтың көзі мен тілі болса, аспан асты елінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз өз құндылықтарын жасырмай жариялап жатқанына көз жеткіземіз. Қазақ ұлтының үнін өшірмеуге бар күш-қайратын салып, жүрегі Қазақстан деп соғатын моңғол жеріндегі журналист қандастарымызға айтар алғысымыз бен білдірер құрметіміз көп... Сағымбай Қозыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Жансая Талапова, ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс магистранты.

812 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз