• Еркін ой мінбері
  • 26 Қаңтар, 2022

ҚҰПИЯ ТАҢБАСЫ СОҒЫЛҒАН ІС

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, тарих ғылымдарының

докторы, профессор

1944 жылы  мамыр айының басында Бухарест арқылы Гурьев (Атырау) облысының  Жылыой ауданы аумағына неміс армиясының  обер-лейтенант Әлихан  Иранов-Ағаев бастаған десант тобы түсіріліп, олар кейін ұсталғаны белгілі. Сол жылдың 11-ші маусымында Мақат ауданының Қазыбай мекеніне кезекті неміс десанттары түсірілді, олар да Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) тарапынан дер кезінде ұсталды. Бұл десант топтарының қолға түсуі туралы 1968 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті полковнигі Серік Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы шығып, кейін 1972 жылы орыс тілінде жарық көрді. Кітапта Атырау өлкесіне Вермахт басшылығының арнайы тапсырмасымен келіп түскен Иранов-Ағаев тобы және кейін түсірілген жаудың диверсиялық топтарын ұстау жөнінде  баяндалады.

Бірақ С.Шәкібаев кітабында дивер-санттарды ұстау барысындағы мына оқиға жөнінде ләм деп жақ ашпайды. Архив деректеріне сүйене отырып, бұл оқиғаны тарқатып көрсек. Қазақстан Республикасы Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы архиві қорында сақталған «құпия грифі» алынған № 221 іс ерекше назар аудартады.

Іс бойынша қылмыстық жауапқа тартылған 125-Әскери  күзет отрядының атқышы Рахмади Хасанов 1909 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданың № 17 ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Шала сауатты. Шаруа отбасынан шыққан. Отбасылы. Доссор кентіндегі 3-ші қазақ ауылының № 492 үйінде тұрады. 1944 жылдың 14 шілде күні Мақат аудандық НКВД бөлімі тарапынан қамауға алынған. Ол  РКФСР Қылмыстық кодексінің 193 статьясының 15 «д» тармағымен істі болған.  Ал бұл статья бойынша: «Әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы бағытталған, Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының қатарындағы сол немесе басқа адамдардың жағдайы кезінде Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының запастағы әскери қызметшілері мен әскери міндеттілерінің жасаған қылмыстары Әскери қылмыстар деп танылады», – делінген.

Мақат аудандық НКВД бастығы, капитан Заболотный жоғарғы басшылыққа қозғалған іске тігу үшін аудандық бөлімде жеке фотографтың болмауына байланысты Р.Хасановты фотоға түсіру мүмкіндігінің жоқтығы жөнінде анықтама жіберген. Тұтқындалған Хасанов облыс орталығы Гурьев қаласындағы №9 түрмеге жеткізілген. НКВД тарапынан айыпталушы Р.Хасанов 14 маусым, 19 маусым және 23 маусым күндері жауапталған.

Сонымен бұл оқиғаға қатысты С.Шәкібаевтің кітабындағы диверсанттарды ұстау жөніндегі оқиға туралы жазғанына назар аударып қарасақ.

...Оперативтік отряд басшысы Ғазиз Хұсайынов бастаған топ машинамен  Қазыбай құдығын бағытқа алып шығады.  Айдаладағы жолдан велосипед ізін байқаған Ғ.Хұсайынов машинадан түсіп шолу жасады. Айдаладағы велосипед ізі қайдан келген. Жақын маңда ауыл да жоқ.

– Ей, кім біледі, мына жол қайда апарады?  – деп Хұсайынов машинада отырғандарға айғайлады.

– Гурьевке баратын жол, – деп жауап берді шофер.

Одан әрі оперативтік топтың құдық басына сәл тынығып, шөлдерін қандырған соң велосипед ізімен Гурьевке қарай бағыт алғандығы баяндалады. Жолмен кетіп бара жатқан велосипедші бұрылып, қуғыншыларды көріп жол жиегіне отыра кетеді. Кабинадан түскен Хұсайынов:

– Сен кімсің?

–  Адаммын.

Фамилияң кім?

–   Саған неге керек?

– Қайдан келесің?

Велосипедші үндемеді. Пистолетін шығарып «Хұсайынов,  тұр!» деп айқайлап,  жолдастарына тінтіңдер деді. Оның жанқалтасынан паспорт, пистолет, компас алды. Келесі кезекте Ғ.Хұсайыновтың қойған сұрағына велосипедтегі жолаушы «Менің фамилиям Қапалақов. Біз түнде үшеуміз парашютпен түстік», – деп жауап берді.

– Ал қалған екеуі қайда?

– Парашютпен түскен жерде қалды. Осы жолмен кері бағытқа жүрсеңіздер, сонда оларға дәл барасыңдар.

– Кузовқа отыр, қайда екендігін көрсетесің. 

Оперативтік отряд кері жолға түсіп, жүріп кетті.

Ал архивтегі құжаттар бойынша оқиға басқаша сипатта өріледі.

Бұл жерде Рахмади Хасановты қалдырып, оперативтік топ мүшелері диверсанттардың көмген заттарын қазып алуға кеткендігі жөнінде мүлдем айтылмайды. Керісінше бүкіл топ мүшелері қалған екі диверсантты ұстауға кеткендігі баяндалады.

Істегі оқиға осы екі арада өрбиді.

Ал архив деректеріне сүйенсек, қолға түскен парашютистер мен қару-жарақ, мүліктерді күзетуге Р.Хасанов қалдырылған. Қалған оперативтік топ мүшелері диверсанттардың көмген басқа дүние-мүліктерін қазып алуға кеткен.  С.Шәкібаевтың келтірген дерегі бойынша қолға түскен диверсант – Қапалақов. Бұл топқа неміс әскери басшылығының берген тапсырмасы мамыр айында келіп түскен кезде Ә.Иранов-Ағаев тобының рациясы істен шыққан болатын. Диверсант-десант Қапалақовтың негізгі міндеті Ағаев тобына жаңа рация жеткізу және Гурьев қаласындағы радист-байланысшы Көкпаевқа ақша, құран, листовкаларды жеткізу, Көкпаевты Иранов-Ағаевпен байланыстыру болатын.

Архив деректеріне назар аударсақ, екінші диверсиялық топты ұстауға 8 адам қатынасқан.

1944 жылдың 14 маусымындағы тергеу хаттамасында берген жауабында Р.Хасанов 1943 жылдың мамыр айынан 125-ші Әскери  күзет отрядының атқышы қызметінде екендігін айтады. Неміс парашютистерін ұстау операциясына екі мәрте қатынасқанын, біріншісі 10-20 мамыр аралығында Жылыойға түскен Иранов-Ағаев тобын ұстауға, екіншісі 11 маусым Мақат ауданы аумағындағы Қазыбай мекеніне келіп түскен паршютистерді ұстауға қатынасқан.

 14 маусым күні жауапталушы Р.Хасановқа «кінәңізді мойындайсыз ба?» деген сұраққа. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, алған 58 900 сом  ақшаның мөлшерін айтып, қолын қойған.

Р.Хасановқа ақша бергені жөнінде тергеп-тексеру барысында  парашютистің өзі айтқан болуы керек. Себебі Германиядан келіп түскен жау  паршютистері  ұсталғаннан  үш күн өткен соң ғана Р.Хасанов тұтқынға алынған.

Ал 19 маусым күнгі тергеуде Р.Хасанов «Мені тұтқындағаннан кейін үйден 8800 сом ақша алынды, соның 1500 сомы өзімдікі, ол ақша 4 маусым күні жеке меншігімдегі қойымды сойып, саттым, сол еттің ақшасы» деп жауап берген. Тергеу хаттамасы бойынша:

– Сізді  аудандық бөлімге әкелген кезде, парашютисттен қанша сумма ақша алғаныңызды бірден неге мойындамадыңыз?

– Мен мойындауға қорықтым. 57 400 сом ұрлағанымды.  Тергеуде меннен 100 мың сом ақшаны талап етті. Бірақта артынан алған ақша жөнінде және қайда жасырғанымды мойындадым.

Диверсанттан алған құран кітап жөніндегі сұраққа Р.Хасанов операциядан соң үйіне келген кезінде, үйінде Сағыз станциясына Былқылдақ ауылдық кеңесінің тұрғыны Тайтин Бөлекбаевтың болғандығын, сол Сағыз станциясына алып кетіп, қарттарға оқытып, кітапта не жазылғанын білгісі келгендігін айтады. Тергеушінің құранды өзің бердің бе, әлде ол сұрап алдыма деген сұрағына құран інімнің қолында болды Бөлекбаев содан алды деп жауап берген. Тергеушіні  Тайтин Бөлекбаев та қызықтырғанға ұқсайды. Оны Сағызда ма әлде Былқылдақ ауылдық кеңесіне қарасты колхозда тұра ма деп нақты сұрайды. Тергеуде отырған Р.Хасановтан Т.Бөлекбаев жалғыз басты, Сағыз станцияда не Былқылдақ та тұрады, жасы 35-тер шамасында, өкпе аурумен ауыратындығы жөнінде жауап алады.

Тергеуші: – Ақшадан басқа тағы қандай бағалы заттар алдыңыз неміс парашютисінен?

Жауапталушы Хасанов:  – Мен екі құран кітап алдым, оның біреуін өзіммен бірге 3-ші ауылда тұратын көрші Хұсуму молдаға бердім. Құраннан басқа бір қалбыр (консерві) мен бір буханка нан алдым. Басқа ештеңе алмадым.

Тергеуші: – Ал екінші құран кітабы қайда?

Жауапталушы: – Ол кітапты өзім тығып тастадым. Қайда тыққаным қазір есімде жоқ.

Тергеуші: – Хұсуму молдаға құран кітапты қандай мақсатта бердіңіз?

Жауапталушы: – Ешқандай мақсат көздеген жоқпын, кітапта не жазылғанын білгім келді, себебі өзім хат танымаймын.

Тергеуші: – Сіздің парашютистен ақша алғаныңызды оперативтік топ мүшелерінен кім біледі?

Жауапталушы: – Мен парашютистің 7300 сом ақшасын ұрлап алдым және парашютистер басшысынан 50100 сом ақша алдым. Бұл туралы оперативтік топ мүшелерінен ешкім де білмейді.

Тергеуші: – Сонымен 7300 сом  ақшаны ұрлап алдыңыз, ал қалған 50100 сом ақшаны парашютистердің командирі берді ме?.

Жауапталушы: – Ия.

1944 жылдың 9 қыркүйек күні Ақтөбе облысындағы НКВД  әскерінің Соғыс трибуналының мәжілісі өтіп, оған  әділет майоры Никитин,  лейтенант Г.Б.Иванов, кіші лейтенант Г.Б.Бекашев, хатшы кіші лейтенант Коськовецко, Ақтөбе облысындағы НКВД  әскерінің Әскери Прокуроры, әділет майоры Бессарабенко қатынасқан. Мәжілісте Ақтөбе облысындағы НКВД  әскерінің Әскери Прокурорының көмекшісі, әділет  капитаны Артемьевтің бекіткен № 521 іс бойынша айыптау қортындысы қаралып, Р.Хасановтың ісі сотқа жолданған. Мәжіліс барысында істі ашық сот отырысында қарап, айыптау-шы мен қорғаушының қатынасуынсыз және куәгерлерді шақырусыз өткізу жөнінде шешім қабылданды.

 Ақтөбе облысындағы НКВД  әскерінің Соғыс трибуналының сот отырысы Гурьев қаласында 23 қазан күні өтті. Сот отырысының құрамы төрағасы әділет майоры Никитин, мүшелері старшина Шел, старшина Баракаев, хатшы лейтенант Парусимов болды.

Соғыс трибуналы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап хаттамасы бойынша берген жауабында Р.Хасанов оперативтік топ мүшелері диверсанттар көмген заттарды қазып алуға  кеткен кезде, машинаның қасында тұрған оған парашютистер командирі өзіне жақын келіп  жанқалтасынан шығарып 7 мың 300 рубль ақшаны беріп, «Бұл ақша менікі, ендігі жерде мен оны жарата алмаймын, сен өз керегіңе жарат деп берді. Мен жан-жағымда ешкім болмаған соң берген ақшаны алып, противогазға салып алдым. Біраздан соң ол маған тағы да кішкене дорбаны берді, мұнда 100 мың рубль бар, бұл ақшаны Германиядан алып келдім, қорықпа Кеңес үкіметінің есебінде жоқ ақша, бұл ақша да саған керек болады деді. Қасымызда оперативтік топтан ешкім болмаған соң, берген ақшаны алып, противогазға салып алдым». Десанттарды ұстау операциясы аяқталған соң оперативтік топ  қайтадан Доссорға келді. Келген соң Р.Хасанов үйіне сұранып кеткен. Кейін тергеушіге берген жауабында ақша берген диверсанттың есім-сойы айтылмайды. Тек шартты түрде неміс парашютисі деп аталады. Сонда бұл ақшаларды Р.Хасановқа берген С. Шәкібаевтың келтірген дерегі бойынша бірінші болып қолға түскен Қапалақов болып шығады.

11 шілде күні мені үйге босатты. Үйге келген соң дорбаны ашып қарап, ондағы ақшаны санадым. Дорбада парашютист айтқандай 100 мың рубль емес, 50 мың рубль болып шықты. Мен барлық ақшаны пәтерімдегі голланд пешіне тығып, сыртына тас қалап майлап тастадым. 14 маусым күні аудандық НКВД бөлімінің бастығы Заболотный шақырып, ақша туралы сұрай бастады. Бастапқыда мен мойындамадым, ол үйіңе тінту жүргіземіз деген соң, мойындадым. Заболотный үйге жедел өкілдерді жіберіп, тінту жүргізіп, тығылған барлық ақшаларды тауып алды. Ақшаны тыққан себебім отбасым білмесін дедім, ақшаны ерте болсын кеш болсын біреу-міреу тауып алса, мені соттайды деген оймен жалғыз өзім тықтым.

Сот барысында  неліктен ақшаны оперативтік топтың басшысына немесе аудандық НКВД бастығына бермедің деген сұраққа. Айыпталушы Р.Хасановтан ақша берген парашютисті бәрібір де атып тас-тайды, ал менің ақша алғанымды ешкім білмейді, ал ақшаның маған көп көмегі тиеді деп ойладым, – деген жауап алды.

Әскери трибунал тарапынан қойылған «Бұл әрекетіңмен жаумен келісіміге келгеніңді білесің бе?», – сұраққа  айыпталушы иә, білемін деп жауап берген.

Сонымен 4 айға созылған тергеу жұмыстары аяқталып Ақтөбе облысындағы НКВД  әскерінің Соғыс трибуналы әскери күзет отрядының атқышы Рахмади Хасановты 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ол 1944 жылдың 23 қазан күні  үкіммен танысып қол қойған. НКВД әскерінің  әскери трибуналының сот хатшысы, лейтенант Парусимовтың Гурьев қалалық НКВД-ның № 9 түрме бастығына  Ақтөбе облысындағы НКВД  әскерінің Соғыс трибуналының 17 қараша күнгі  № 51244 қатынас қағазы арқылы  үкімнің күшіне енгендігін және ол туралы сотталушы Р.Хасановқа хабарлау тапсырылған.

...Сонымен  70 жылға жуық құпия грифі соғылған бұл іс шаң басқан архив қоймасында жатты.

4899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №5

31 Мамыр, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы