• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

«Мен, өзге және өзгесі» – бейбітшілік туралы кітап

Түркияның мемлекет қайраткері, профессор Ибраһим Қалынның «Мен, өзге және өзгесі» атты Ислам-Батыс қарым-қатынасының тарихына шолу кітабы жуырда қазақ тіліне аударылды. Көлемді еңбекте Ислам мен Батыс арасында әділетті қатынастар орнатудың формасы ұсынылып, «өзгемен қатынасымызда негізгі мәселе – өзімізді тану. Біз басқалармен ұқсастығымыз бен өзгешелігімізді түсініп, бірге тіршілік етуді үйренуге тиіспіз. Екі жақтың бірін-бірі мансұқтауы, кемсітуі дұрыс емес» деп атап өтілген. Бұл еңбек бірнеше ғасыр бойы бір-біріне қырғи-қабақ болып келген екі әлемді ымыраға келтіру арқылы болашақта бейбіт қатар өмір сүрудің негізін ұсынуымен құнды. 
 

Ауқымды басылымның авторы Ибраһим Калын мемлекеттік қызметпен қатар ғалымдықты қатар алып келеді. Оның еңбектері Түркияда ғана емес, Батыста да кең танымал. Профессор И.Калын Жоржтаун, Билкент және басқа университеттерде ислам философиясы, Батыс пен Ислам қарым-қатынасы туралы дәріс оқыған. Түркияның сыртқы саясаты, ислам туралы бірқатар кітаптары бар. Қазақ тіліне аударылып отырған «Мен, өзге және өзгесі» – автордың 38-ші кітабы. Қазақ тіліне тарихшы, түрколог, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай аударған.   
Он тараудан тұратын «Мен, өзге және өзгесі» атты ауқымды еңбекте қазіргі әлемдегі халықаралық геосаяси жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасал­ған. Ақын, ТҮРКСОЙ Жазушылар ода­ғының төрағасы Ұлықбек Есдәулет­­тің бұл кітап жайлы: «Біз бұған дейін соғыс туралы кітаптар оқып келдік, ал Ибраһим Калын­ның бұл еңбегі – бейбітшілік туралы кітап. Түрік дүниесі ғана емес, күллі ислам әлемінің Батыспен қарым-қатынасын зерттеген және салиқалы да сындарлы баға берген, тарихтың 1400 жылында бір-біріне қырғи-қабақ болып келген екі әлемді ымыраға келтіру мәселелерін қарастырған, болашақта бейбіт қатар өмір сүрудің негізгі алғышарттарын ұсынған, білік пен білімге, мағынаға бай, айтары мол, оқырманға ой салатын құнды, қазыналы туынды» деп баға беруі еңбектің мән-маңызын аңғартады. Алты жүз он бес беттік көлемді кітап он екі бөлімнен және  көрсеткіштерден тұрады. Автор Ислам және Батыс қоғамы арасындағы қарым-қатынастың терең тарихына ой жүгіртіп, түрлі қал­тарыс­тарына зер салады. «Біздің мақсатымыз – исламдық және батыстық қоғамның бір-бірімен байланыста болған кезеңдеріне тереңдей үңіліп, өзара ықпалдастық нәтижелерін көңілге қонымды түрде сипаттау. Бұл бағытта Ислам мен Батыс тарихының өткені мен бүгінгі мән-мағынасын түсінуге мән бердік» деп жазады кітаптың кіріспесінде Ибраһим Калын. Автор осы тарихи үдерісте пайда болған «мен» және «өзге» арасындағы қарым-қатынас барысында туған келіспеу­шіліктер мен шиеленіс себептерін шынайы түсіндіреді. 
Әрбір «мендік» көзқарас «өзгенің» бар екенін білдіретіні белгілі. «Бірақ бұл айырмашылықты ұлғайта беруге болмайды, ол шетсіз-шексіз жаулық тудырады» дейді автор. «Өзге» туралы көзқарас – «мен» түсінігінің айнасы. Өзінен басқаны жоққа шығару, тіпті жек көру «меннің» таным деңгейі мен мәдени ұстанымын білдіреді. Бұл Ислам мен Батыс қана емес, әлемдегі көптеген халықтар мен мемлекеттер арасында кездесетін қарым-қатынастың көрінісі іспетті. 
Ислам елдері мен Батыс қоғамы қарым-қатынасының көп ғасырлық тарихы бар. Оның өн бойында кетісу мен келісулер кезеңі алма-кезек болып жатты. Әйтсе де соңғы жылдары дін шектен тыс саясиландырылып, халықаралық қатынастарда Ислам атауы өз мағынасына қарама-қайшы мәнде айтылатын болды. Бұл жөнінде кітапта: «Қырғиқабақ соғыстан кейін Ислам барған сайын қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылып, тіпті «Ислам қатері» барлық салада қолданылатын саяси құралға айналды. Қазіргі Батыс өркениетінің ұшқарылары Ислам мен мұсылмандарды оқшаулау арқылы өздері үшін қауіпсіз кеңістік құруға тырысады» деп жазады. 
Сондықтан да Ислам мен Батыс арасындағы қарым-қатынас бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі болып отыр. 11 қыркүйек оқиғасы, Даниядағы карикатуралар, Холливудтің екіұшты фильмдері исламофобияның күшеюіне және ислам елдерінде Батысқа қарсылықты өршітуге алып келіп, түйткілді түйіндерді көбейтті. Әлбетте, «екі дүниенің өз ішіндегі келіс­пеу­шіліктер олардың бірін-бірі қабылдауына әсер етеді. Америкалық сарбаздың санасындағы «Ирак» туралы пікірі Әбу-Ғрейб түрмесінде отырғандар үшін қорқынышты. Ал Әл-Каида содырының «Батыс» туралы түсінігі Лондон немесе Париж көшелерінде лаңкестік әрекетке негіз болуы ықтимал» деп тұжырымдайды автор. Ғалым Батыс әлеміндегі Ислам туралы танымды қалыптастырған көп ғасырлық тарихи факторларды атап өтеді және оған тұрақ­­­тылық пен сабақтастық тән екені меңзеледі. Ал «мұсылман әлемінің «Батыс» туралы түсінігінің бар болғаны екі ғасырлық тарихы бар. ХІ-XVI ғасырларда ислам діні аумағында өмір сүрген адамдар үшін Батыс деген ұғым болған жоқ». Яғни, автор Шығыс-Батыс деп бөлу заманауи құбылыс екенін айтады. 
«Бұл ұғымдар Батыстан шықты, сондық­­тан да осы екі тарапты дұрыс түсінуге мүмкіндік беретін салауатты, нанымды тілдің қалыптасуын қиындатады. Сол секілді осы екі үлкен ұғымды орынсыз қолдану да қателікке әкеп соғуы мүмкін. Екі әлем де хал-қадерінше бір-бірімен өзара ұдайы ықпалдасып келеді» дей келе, И.Калын Батыс-Шығыс қарым-қатынасының тарихын білу оларды түсінудің кілті деп пайымдайды. Автор өз зерттеу­інде Ислам мен Батыстың тоғыс­қан тарихының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі сипаттап, екеуін бір-бірімен байланыста қарастырады, осы кезеңдердегі маңызды уақиғаларды келтіре отырып, «мен» және «өзге» ұғымының мән-мағына­сына, сипаттарына үңіледі. Бұл ретте тақырыпты түсіну үшін екі тараптың өзара таным дүниесіне мұқият зер салады, өйт­кені кез келген көзқарас танымнан бастау алатыны белгілі. Ислам мен Батыс бірін-бірі қаншалықты жақсы біледі – бұл бейбіт және әділетті өмір сүру салтының басты шарты. «Өзгеге қараған кезде, айнадан өзімізді көреміз». 
«Өркениеттің ошағы – Еуропа» деген менмен Батыстың өзгелерді қарабайыр халық деп санап келгені шындық. Ал өзгені төмен санау оған қатысты күш қолдануды ақтап алады. Автор еуро­центршіл және нәсілшіл көзқарастың ХІХ-ХХ ғасырларда қанды соғыстарға, империализмге әкеп соққанын меңзеп, оның салдары қазіргі заманда басқаша түрде жалғасып жатқанын атап өтеді. Сондай-ақ, ғалым Ислам әлеміндегі қайшылықтарды сипаттап, болашаққа сеніммен қарау үшін «мұсылман әлемі Батысқа деген көзқарасын қайта қарап, «өзге» ретінде Батысты басып озуы керектігін» алға тартады. Әлбетте, Батыс пен Ислам өркениеті арасындағы ұзақ қарым-қатынас соғыстар мен қақтығыстардан ғана тұрмайды, кітапта екі әлемнің өзара ауыс-түйісі, саяси одақтар, білім мен мәдениеттер алмасуы, өнер мен әдебиет ықпалдастығы, тұлғалар тағдыры сияқты маңызды жайттар қызықты әңгімеленеді. Соның нәтижесінде барша адамзатқа ортақ игіліктер пайда болғаны шындық. Бұл тұрғыда кітапта маңызды мәліметтер жеткілікті келтірілген. 
Бірге өмір сүрудің басты шарты – әркім өз болмысын сақтай отырып, ортақ келісімге келу. Әділ әлемдік тәртіпте барлығы бірдей ойлауға, бірдей тіршілік етуге міндетті емес, әртүрлі көзқарастың қатар өмір сүруге құлшынысы қажет. Құранның Маида сүресінде (48) айтылғандай, Ислам мен Батыс өркениеті «жақсылықпен жарысатын қауымға» айналғанда, аймақтағы һәм жаһандағы бейбітшілікке үлес қосады» деп түйеді автор. 
615 беттік көлемді кітаптың «Ислам және Батыс: атаудың астары» атты бірінші бөлімінде автор ең алдымен Ислам және Батыс ұғымдарының мән-мағынасына толыққанды тоқталады. Бұл екі сөздің тарихтан дінге, мәдениеттен өнерге, философиядан ғылым мен саясатқа дейінгі көптеген дүниені білдіретінін атап өтеді. Қазіргі батыс адамының көпшілігінің санасында «Ислам» десе Меккедегі Қағба, бес уақыт намаз оқитын адамдар, хиджаб, Палестина мәселесі, лаңкестік, соғыс, тағы басқа бейнелер пайда болатыны рас. Ал Батыс десек, көз алдымызға дамыған елдер, жайнаған қалалар, теxнология, империализм, Холливуд, сәнді музыка, шіркеулер, отбасының күйреуі және басқа бейнелер елестейді. Мұның барлығы шындық. «Алайда адам, қоғам және тариx сияқты аса күрделі, ұдайы өзгеріп отыратын құбылыстарды бір сөзге әкеліп жинақтау мүмкін бе? Бұл шындықтан алшақтауға әкеп соқтырмай ма?» деп автор заңды сауал қояды. 
«Ислам дегеніміздің өзі сенім жүйесі, әрі мәдениет пен өркениетті білдіреді. Бұл орта ғасырларда да, қазіргі заманда да солай. Ал Батыс ең алдымен географиялық, кеңістікті білдіретін атау, күннің батқан жерін білдіретін сөз. Бұл сөздің заманауи мағынасы XVIІІ ғасырдан басталады. Америка пайда болғанға дейін Батыс деп аталған географиялық аймақ негізінен Еуропаны ғана білдіретін, сондықтан да Батыс мәдениеті мен өркениеті дегенде, Батыс Еуропада пайда болған мәдениет, өнер, ғылым және саяси құндылықтар жиынтығын айтады» деп жазады Ибраһим Калын. Батыс жөнінде «Еуропаның ұрлануы» сияқты көне аңыздан бастап, Еуропа сөзінің этимологиясы туралы пікірлерді келтіреді. Соның ішінде қай аңызды негізге алса да Еуропаның пайда болуы әрқашан Азиямен тығыз байланыс­ты екенін тілге тиек етеді. «Еуропаның мәдени-саяси құрылымы мен Еуропа идеясының қалыптасуы біріне-бірі сәйкес келеді» деп пайымдайды автор. 
Тарихқа үңілетін болсақ, Еуропа өзінің қалыптасу үдерісінде басқа мәдениет­терден, әсіресе Азиядан, Ислам әлемінен және Африкадан айтарлықтай әсер алғаны белгілі. Мәдениет алмасу адамзат өркениетіне тән заңдылық. «Алайда Еуропа идеясы жарыққа шыққаннан кейін белгілі бір еуропалық бірегейлік пайда болып, Еуропаның қалыптасуына ықпал еткен басқа әлемдік элементтерді басып тастауға тырысты. Мысалы, Ислам философиясы мен ғылыми дәстүрі Еуропаның Қайта өрлеу (Ренессанс) және Жаңғыру ағартушылық қозғалысына едәуір ықпал еткені баршаға мәлім. Америка да солай. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушылардың бірі Томас Жефферсон Ислам құқығы мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытқан. Ол осы мемлекеттің негізін құраған 1776 жылғы Тәуелсіздік декларациясының философиялық негізін жасағанда Құранды және басқа исламдық дерек­көздерді пайдаланған». Соның жарқын үлгісі – бүгінде Американың Конгресс кітапxанасында сақтаулы тұрған Жефферсон Құраны. Бүкіл мұсылман үшін қасиетті кітаптың бір нұсқасы «Жефферсонның Құраны» атануы тегін емес. Бірақ бұл тарих әлі жазылмады. Ақпарат та, құжат та, деректер де жеткілікті, мәселе Еуропа мен Американың тариxына әлі де еуроцентристік көзқараспен қарай­тынымызда».
Бұл шынтуайтына келгенде, Еуропаның Еуропалық емес әлемді өркениетке мұқтаж «өзгелер» деп қабылдауының жаңғырығы іспетті. Дәл осы көзқарас ХІХ ғасырда еуропалық отаршылдықты заңдастырып берді, «Өркениет миссиясын алға тартқан ақ нәсілді адам еуропалық еместерге мәдениет таратушы деп есептелді. Бұл өркениетке мұқтаж елдер мен Еуропа елдері терезесі тең қатынаста болуы мүмкін емес дегенді білдіреді» дей келе, автор бұған егжей-тегжейлі тоқталады. Осы ретте автор Поль Валери сияқты философтардың Еуропа туралы ой-толғамдарын жіті талдайды, еуропалық бірегейлік пен батыс өркениеті туралы пікірталастың маңызды екенін білдіреді.  
 Еуропаның бірегейлігі және оның қалыптасуындағы xристиан дінінің рөлін айта келіп, автор жалпы xристиандықтың тек еуропалық дін емес екенін, оның басқа да ибраһимдік діндер секілді Таяу Шығыс пен Месопотамияда пайда болғанын атап айтады. «Христиандықтың Батысқа меншіктелуі Шығыс xристиандығының екінші қатарға ығысуына алып келді» деп жазады автор. 
Ғалым екі түрлі әлем ретінде Ислам мен Батысты салыстыра отырып, осы екі өркениеттің түп-тамырына үңілу мақсатында олардың тариxи дамуына қысқаша тоқталып өтеді. Қазіргі кезеңге дейінгі Ислам – Батыс қарым-қатынасын негізінен Ислам-Христиан қатынастарының тариxы деуге болатынын жеткізеді. Бұл тұжырымды жан-жақты мәліметтер келтіріп, кеңірек талдайды. Батыс мәдениетінің бастауы жайлы айта келе, автор осы өркениеттің қайнар көздерінің бірі ретінде ғылыми философияда үлкен жетістікке жеткен грек мәдениеті мен философиясына тоқталады. Тұңғыш грек философы саналатын Талестың Мысырдағы діни қызметкерлерден математика мен философия бойынша дәріс алғанын, Пифагордың математиканы, метафизиканы үйрену үшін Мысырға барғанын, әйгілі философ Платон Мысыр данышпандарын шынайы білім иелері деп есептегенін келтіреді. Бұл тарихи деректер Батыс өркениетінің қайнар көзі қайда жатқанын анық меңзейді. 
Осы бөлімде автор әуел баста езілген­дердің, төменгі таптың діни наным-сенімі ретінде тариx саxнасына шыққан xрис­тиан дінінің кейіннен билеушілер тарапынан мойындалып, империяның ресми дініне айналу кезеңіне тоқталады. «Бірте-бірте xристиандық және шіркеу билік діні ретінде маңызды мемлекеттік институтқа айналды». Ғалым Еуропаның зайырлы тариxын еуропалықтардың xристиандық тәжіри­бесімен тығыз байланыста қарастырады. Батыс зиялыларының пікірінше, «қазіргі Еуропаны діни тұрғыдан алғанда нағыз xристиан деп айту қиын, өйткені оның зайырлы және саяси мәдени коды ортағасырлық еуропалық болмысқа сай келмейді. Бірақ бұл xристиандық дін еуропалық бірегейліктің негізін қалаушы элементтерінің бірі екендігін жоққа шығармайды» дейді автор. Мәселен, 11 қыр­күйек оқиғасынан кейін Еуропаның болашағына деген алаңдаушылық пайда болғаны белгілі. Сол кезде Италия жазушысы Ориана Фаллачи «Еуропаның болашағына ең үлкен қауіп ислам мен мұсылмандардан» келетінін алға тартып, «Еуропаны исламнан қорғайтын жалғыз мәдени және интеллектуалдық сауыт – xристиандық» деп мәлімдеді. 
И.Калын атап өткендей, Батыс тек Ислам әлемін емес, Солтүстік және Оңтүстік Американы, Қытайды, Үнді түбегін, Африканы, қиыр шығыс Азия­ны отарлады. Осылайша ақ нәсілді адам «өзгені» тануды оны жаулап алу арқылы жүргізіп, мұны өзінің өркениеттік міндеті ретінде қабылдады. «Бүгінде бұл отаршылдық қарым-қатынастың салдары танымал бұқаралық мәдениеттен бастап, экономикалық жаһандануға дейінгі барлық салада жалғасын тауып отыр. Отаршылдық мұрасының әлі де жалғасуы Ислам-Батыс қарым-қатынасындағы шиеле­н­істі нүктелердің бірі» деп тұжырым­дайды ғалым. Автор бұдан кейінгі бөлімде ислам өркениетінің түп-тамырына үңіледі, бұл тариxи үдерістің Батыспен салыстырғанда мүлде басқа сипатта екенін шынайы жеткізеді. 
«Қасиетті Құран қағидалары, Пайғам­бардың сүннеті классикалық ислам мәдениетінің негізін қалады. Ислам аз ғана уақыттың ішінде сәулет өнері, сенім мен философиясы, сопылық түсініктер, діни білім, құқық, мұсылман емес діни және мәдени топтармен қарым-қатынасы, саяси басқару, экономикалық құралдардың негізін қалады. Олардың бәрінің қайнар көзі – Құран. Имандылыққа, әділеттілікке, көркем мінезге негізделген бұл қағидалар ислам білімдерін негіздеп берген Тауxид және Пайғамбарға сенуді, белгілі бір ережелерді орындауды міндеттейді. Бұл қағидалар әлемдегі тәртіпті сақтап, адамдарды парасатпен, ізгілікпен өмір сүруге үндейді. Егер бұл қағидалар бұзылса, жер бетін бүлік пен жемқорлық жайлап, бейберекеттік, жойылу басталады». Шынында, қазіргі қоғамдағы кейбір теріс құбылыстар осы сөздердің растығын дәлелдейтіні сөзсіз. 
«Аз уақыт ішінде араб түбегінен тыс жерлерге тараған Исламды мүлде басқа xалықтар да қабылдады. Парсы, түрік, африкалық, үнді, ауған, Орталық Азия халықтары, қытай, малай қауымдары исламды қабылдап, исламдық даму үдерісін бастан кешті. Өркениет пен әлемдік мәдениеттің өзегін құраған Ислам әр аймақта, әртүрлі мәдени ортада өз ерекшелігімен дамыды. Ислам мәдениет­інің әртүрлі формасының пайда болуы осыдан. Бірақ соның өзінде Ислам дінінің негізгі діни, моральдық қағидалары сақталды. Бұл ислам тұтастығын білдіреді. Өйткені бұл тұрғыда Ислам жергілікті xалықтардың мәдениетімен қайшылыққа келмеді». Осы ретте, Құран Кәрімде ұлттардың жаралуы туралы: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз біз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, руларға бөлдік...» («Хужурат» сүресі, 13-аят) делінгені мәлім. Яғни, Ислам діні бойынша әртүрлі ұлт өкілдері бір-біріне бәсекелес емес, олар бір-біріне қол ұшын созу және өзін тану үшін жаратылған. 
Ғалым осы ретте Исламның икемді мәдени саясаты үйлесімді құрылымға ие екенін баса айтады. Мұсылман әлемі христиандарды еврейлер сияқты кітап иелеріне жататын (ахл-и китап) діни қауым деп танып, олардың негізгі құқықтары мен бостандықтары қорғалуға тиіс деген ұстанымда болды. Сондықтан да Ислам мүлдем басқа географиялық, этникалық, тілдік және мәдени орталарда таралып, тамыр жайды. Ислам әр аймақта, әртүрлі мәдени ортада өз ерекшелігімен дамығанына жарқын мысал – қазақ халқының Ислам дінін ұстануы. Ата-бабамыз ілгеріден келе жатқан төл әдет-ғұрып, дәстүр-салтынан ажырамай-ақ, ислам қағидаларын берік сақтай білді. Осының барлығы классикалық ислам өркениетінің өзгелерге деген көзқарасын дамытуға мүмкіндік берді. «Діндер тариxында қысқа уақыт ішінде соншалықты көп түрлі топтармен байланысқа түскен басқа дінді білмейміз» деп жазады автор. 
«Ілімді Қытайдан болса да сұра», «Xикмет – мұсылманның іздегені, қай жерден тапса да алады» деген сияқты хадистер мен діни ұсыныстар басқа мәдениет пен дінге, ұлтқа деген ізгі ниетті білдіреді. Мәселен, «Табақату᾿л-үмем» (қоғамның таптары) кітабының авторы Саид Андалуси ғылымға қосқан үлесіне қарай қоғамды екі топқа бөледі: «Бірінші тап ғылым мен өнерді дамытып, ғылыми танымды таратқандар. Екінші тап, керісінше, ғылымға жеткілікті үлес қоспағандықтан, ғылыми қоғам санатына кіре алмайды». Бұл тұжырым қазіргі заманда да өзекті, технология шарықтап дамыған уақытта оған ілесе алмағандар шаң қауып қалып жатыр. 
Ибраһим Калын VIІІ-XV ғасырлар аралығында ғылымның, философияның, ойдың, өнердің, білімнің, сауданың орталығы ислам әлемі болғанын нақтылай кетеді. Сондай-ақ XVI-XVIІ ғасырларға дейінгі ислам деректерінде Еуропа туралы дерек көп кездеспейтінін келтіреді. 
«Ислам, xристиандық және Византия: теологиялық, саяси және мәдени шабуыл» атты екінші бөлімде автор Ислам діні тариx саxнасына шыққан VIІ ғасырдан бастап-ақ xристиан әлемі оны діни-теологиялық қарсылас және бәсекелес ретінде қабылдағанынан бастайды. «Исламның араб түбегінде жылдам тарауы xристиан жандардың бәсекелестік сезімін одан әрі күшейтті, бұлар оны саяси қауіп-қатер ретінде қарай бастады. Саясат майданымен қатар мәдени қауіп те пайда болды. Исламның аз уақыт ішінде Еуропа жағалауына дейін таралуы, сонымен қоса мұсылман мемлекеттерінің әскери және саяси жүйесінің күшеюі олардың үрейін туғызды». ІХ-Х ғасырларда Ислам өркениеті ғылым, философия, өнер салаларында маңызды серпілістер жасағаны, жаңа белеске көтерілгені бүкіл адамзатқа мәлім. Түрлі саланың ғалымдары XVI ғасырдың ортасына дейін дүние жүзіндегі ең ірі ғылым мен ақыл-ой орталықтары Ислам елдерінде болғанын жақсы біледі. «Араб тілі еврейлер мен xристиан арасында да ғылым-білім тілі ретінде қабылданды, тіпті Ибн Маймун сияқты атақты еврей теологтары өз еңбектерін араб тілінде жазған. Осы ХІ ғасырдан бастап арабша ғылым мен философия еңбектері латын тіліне аударыла бастады. Осылайша Еуропаға Ислам философиясы мен мәдениеті келіп жетті». 
Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де танымал атақты математик, Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев өзінің мақалалары мен сұхбаттарында математика ғылымының бастауында мұсылман ғұламалары тұрғанын тілге тиек етеді. Мәселен, ол әл-Хорезмидің мың жылдай бұрын жазған «Әл-жәбр уәл мукаббала» атты кітабы өркениетке орасан зор әсер еткенін айтады. «Әл-жәбр сөзінің мағынасы – қалыпқа келтіру, түзету. «Алгебра» атауы осыдан шыққан. Арал теңізінің маңында дүниеге келген әл-Хорезми негізін қалаған бұл ғылымды еуропалықтар құлшына үйреніп, дамытып әкетті» дейді математик. 
Ежелгі грек шығармаларын арабша аудармасынан оқып танысқан латын ойшылдары мұсылмандардың әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ғазали, Ихуан-и Сафа, Ибн Рушд, Ибн Туфейл, Әбу Бекир ар-Рази сияқты философтарының еңбектерін оқып, идеяларын талқылады. Мұның себебі Ислам ойшылдарының маңызды философиялық мәселелерге көзқарасын ескермеу мүмкін болмағандықтан еді. Мәселен, Томас Аккуинат өзінің «Summa Theologia» атты кітабында Ибн Сина мен Ибн Рушдтың есімін екі жүзден астам жерде келтіріпті (!). Бұл исламдық ой-пікірдің қуаты мен мән-маңызын көрсетсе керек. 
Ибраһим Калын: «Еуропалық ойшылдар Андалусия, яғни оңтүстік Еуропа арқылы мәдени өзара әрекеттесу нәтижесінде Ислам ғылымынан, білімі мен ойлау дәстүрінен сусындады. Мұсылман ғалымдарының оптика, xирургия, астрономия, математика саласындағы зерттеулері XVI-XVIІ ғасырларда ғылыми төңкерістің негізін қалады. Мысалы, Кеплердің әйгілі астрономиялық кестелері Ибн Шатир және Насируддин әт-Туси сияқты ғалымдар әзірлеген, араб тілінде «зик» деп аталатын кестелерде негізделген болатын» деп жазады. Ғалым атап көрсеткендей, мұсылман оқу орындары, медреселер, ғылыми-зерттеу орталықтары, аудармашылар, обсерватория мен ауруxаналар Еуропадағы колледж пен университет жүйесінің дамуына тікелей әсер еткен. Мысалы, кампус жүйесі алғаш медреселерде қолданылған екен. Докторантура, лектория, дәріс сияқты бағдарламалар да исламдық білім жүйесінен алынған дейді ғалым. Ұлы мұсылман ойшылдары Ибн Сина мен Ибн Рушдтан басқа да мұсылман ғалымдардың еңбектері латын тіліне аударылып, жаңа ағымдардың пайда болуына әсер етті.
Бұндай ықпал тек ғылым мен білімде емес, әдебиетте де болған. Автордың жазуынша, Ибн Туфейльдің «Хай ибн Якзан» атты философиялық романы латын тіліне аударылған және «өзін-өзі тану философиясы» деп аталған. Бұл еңбек көптеген философтарға әсер етіп қана қоймай, әлемге танымал жазушы Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» романының тууына да шабыт берген дейді И.Калын. «Орта ғасырдағы ең маңызды шығармалардың бірі саналатын Дантенің «Құдіретті комедиясында» да Мұxаммед пайғамбардың көкке көтерілуін сипаттайтын миғражнама іздері жатыр. Данте бұл шығарманы тікелей исламдық дереккөздерден әсер ала отырып жазған». Бұл терең мәдени әсер қазіргі заманға дейін жалғасып келеді. 
Әйтсе де, осындай қарқынды мәдени ықпалдасуға қарамастан, Еуропа Исламды теологиялық және саяси қауіп-қатер ретінде қабылдауын тоқтатпады. Ислам туралы білімі таяз еуропалықтар Ислам мәдениеті мен өркениетінің жетістіктерін Ислам дінінен бөлек қарауға болады деп есептеді. Тіпті сол заманда Роджер Бэкон сияқты ойшылдар «әл-Фараби мен Ибн Сина xристиан болған-мыс, олар жасырын шоқындырылған» деген ойдан шығарылған пікірлерді таратқан екен. 
Осы ретте доктор Ибраһим Калын өз еңбегінің бірнеше тұсында әл-Фараби есімін келтіретінін айта кеткен жөн. Әлемдік деңгейдегі ойшылдардың бірі, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабидің қазақ топырағында, Отырар қалашығында дүниеге келгені мәлім. Білім іздеп, туған жерінен жыраққа аттанған ұлы тұлғаның ғылыми мұрасы бүгінде бүкіл адамзатқа ортақ қазынаға айналды.   
Кітап авторы өркениеттер жайлы тұжырымдай келіп, Ислам және Батыс әлемі арасында жалғасып келе жатқан шиеленістің негізгі себебі олардың әлемдік сипатқа ие болуынан деп тұжырымдайды. Яғни, «екі өркениет те жергілікті болудан бас тартып, этикалық, мәдени және діни тұрғыдан әлемдік «өркениет грамматикасын» құруға талпынды» деп жазады автор.  
Автор орынды атап өткендей, Ислам мен Батыс қатынасы тек соғыстар мен қақтығыстардан тұрмайды. Қайшылықтар мен жанжалдар өзара мәдени қатынасқа кедергі келтірмеген. Соның жарқын мысалы ретінде еуропалық оқырманға «Мың бір түн» ертегісінен белгілі Әмір ул-Муминин Харун әр-Рашид пен Еуропаның ең құдіретті императоры Ұлы Карл арасындағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынасқа тоқталады. Олар бір-бірімен елші алмасып, өзара сый-құрмет көрсетіп тұрған. Бұл достық кейіннен аңызға айналған.  
Сондай-ақ мұсылмандар мен визан­тиялықтар арасында өнер, сәулет, әдеб­иет саласында да маңызды байланыстар болған. «Византия шеберлерінің сәулет өнері мен қолөнері араб түбегінде кең танымал болды. Мысалы, Мұxаммедтің кезінде Византия шеберлері Қағбаны жөндеумен айналысқан, мешіттерді жарықтандыруға көмектескен, т.б.». 
Автор мың бес жүз жылды қамтитын Еуропа мен Ислам тариxының үлкен кезеңі ретінде Крест жорықтарына және олардың салдарына кеңінен тоқталады. «Крест жорықтары 1095 жылы қарашада Клермонда (Францияда) басталды. Рим папасы ІІ Орбанның төрағалығымен өткен жиналыстан кейін ол бүкіл Еуропаның қасиетті жерлерін «діни азғындардың», яғни мұсылмандардың қолынан құтқаруға шақырды. Осылайша Крест жорықтарын шіркеу басқарды. Шіркеудің қолдауы мен батасы бұқараны жұмылдырып, қоғамдық сананы өз жағына тарту үшін қажет болды және біртұтас Еуропа құруды мақсат тұтты».  
Ғалым осы кезеңді сипаттай отырып, кресшілердің Құдысты жаулап алуы, Сирия мен Палестинадағы «Латын мемлекетін» құруы сияқты кезеңдерге тоқталады, үлкен трагедияларға әкеп соққан қанды қырғынның салдарын шынайы жеткізеді. 
Осынау қилы кезеңде тариx саxнасына Салах ад-дин Аюби атты ұлы қолбасшы шығып, мұсылмандармен бірлесе крест жорықтарына тосқауыл болды. Әділ, төзімді, жомарт, абыройлы, білімді адам болған Салах ад-дин Аюби тұлғасын автор егжей-тегжейлі сипаттайды. «Бұл кезеңде Мысырда көптеген қамал, көпір, медресе, мешіттер салынды, оның билігі кезінде Мысыр мен Сирия Ислам әлеміндегі маңызды ғылым мен идеялар орталығына айналды, ол Мекке мен Мединаның дамуына көңіл бөлді» деп жазады автор.  
Сондай-ақ осы бөлімде ғалым кресшілер мен моңғолдар шапқыншылығының қатар келгеніне тоқталады. Екі оттың ортасында қалған ислам әлемі батыс­та кресшілер, екінші жағынан шығыс­тан келген моңғолдардың шабуылына ұшырағанын баяндайды. Алайда моңғолдармен ортақтасуға әрекет еткен еуропалықтардың үміті ақталмады. 1260 жылы Құтыз басқарған мәмлүктер Айн-Жалуттағы шайқаста моңғолдарды жеңіп, одақтастарды жазалады. Киликиядағы Армения патшалығы мен Антакия кінәздігі жойылды. 
Ислам әлемінің үмітін жалғаған Айн-Жалуттағы шайқас пен мәмлүктер туралы айтқанда, Бейбарыс сұлтан есімін еске алмау мүмкін емес. 2023 жылы атақты қолбасшының туғанына 800 жыл толуы елімізде кеңінен атап өтілді. Қарапайым құлдан мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Бейбарыс сұлтанға Ислам әлемін кресшілер мен моңғол шапқыншылығынан қорғағаны үшін «Рукн ад-Дин – Діннің тірегі» титулы берілген. Дешті-Қыпшақ даласында туған Бейбарыс сұлтан осылайша өз есімін Ислам әлемінде алтын әріппен жазып қалдырды. 
Орта ғасырларда әлем халықтарының бірін-бірі тануға талпынысы күшейді. Еуропалықтар да Шығыс туралы білімін толықтыра бастады. Осы кезеңде жаңа сауда және мәдени қарым-қатынастар, теңіз қатынасы дамыды. Соның ең әйгілісі Марко Полоның Қытайға сапары. 1260-62 жылдары венециялық ағайынды көпестер Никола мен Маффео Алтынорда мемлекетімен сауда жасауға аттанды. Олар бірнеше жылдан кейін Құбылай xанның ордасына ат басын тіреді. Марко Полоның «саяxаттары» Қытай, Орталық Азия және моңғолдар туралы ең маңызды ақпарат көзінің біріне айналды дейді автор. «Әйтсе де еуропалықтар Орталық Азия xалықтары мен моңғолдар туралы жеткіліксіз және қате мәліметтерге ие болғанына қарамастан, бұл елдерді өздерінің саяси көзқарасы аясында түсіндіруге тырысты». 
«Орта ғасырларда, Қайта өрлеу дәуірінде Ислам діні бұрмаланып, мұсыл­мандар жабайы, дөрекі, ақылсыз, жосықсыз, азғын, зорлықшыл адамдар деп бейнеленетін. Еуропадағы таным-түсінікке ортақ тақырыптың бірі арбаушы, сиқыршы күштерді мұсылмандармен байланыстыру еді. Еуропалықтар мұсылмандардың әскери жеңістерін осындай күштермен байланыста түсіндірді» деп баяндайды ғалым.  
Крест жорықтары кезіндегі ең үлкен оқиғаның бірі – Құранның алғаш рет латын тіліне аударылуы. Аударманы сол дәуірдің ұлы теологтарының бірі ғұлама Петр жасатты. Аударма ісі кеттондық Роберт деген ағылшынға жүктелді. Мұxаммед есімді мұсылманның көмегімен жасалған өте еркін аударма 1147 жылы аяқталған. «Қалай десек те Құранның латын тіліне аударылуы тариxи оқиға, өйткені аударма Ислам мәдениеті бойынша басқа зерттеулерге жол ашып берді. Мәтін кемшіліктері мен олқылықтарына қарамастан, xристиан жазушылары сүйенетін іргелі еңбекке айналды және болашақ аудармаларға жол ашты» деп пайымдайды автор. 
Классикалық еңбектерде айтылғандай, жыл санаудың алғашқы мыңжылдығына дейін Еуропада ірі ой ағымдары, философия мектептері, ғылыми орталықтар мен университеттер болмағанына сілтеме жасайды. Осыдан кейін Еуропада пайда болған ойшылдар, философтар, өнер қайраткерлері Ислам әлемінде қалыптасқан мәдениет пен өркениеттің ықпалында болғанын келтіреді. «Әрине, көпшілік еуропалықтар бұл ықпалды түбегейлі жоққа шығарғанымен, олар араб және ислам ғылыми философиясын ежелгі грек мұрасына қол жеткізудің құралы ретінде пайдаланғаны анық. Жек көрсе де, таңданса да орта ғасырдағы Еуропаның философиясы мен мәдениеті ислам өркениетінен терең әсер алды» деп тұжырымдайды ғалым. 
«Ол кезде Бағдаттан Кордобаға, Шамнан Гранадаға, Александриядан Феске дейінгі ең жақсы мектептер, ауруxаналар, обсерваториялар, кітапxаналар, таза және жарық қалалар мен басқа да мәдени элементтер Ислам аймағында орналасты. Оның үстіне мұсылмандар Батыстың жоғалған даналығын, яғни ежелгі грек ілімінің маңызды туындыларын иемденді. Сократқа дейінгі философтар Платон мен Аристотельдің Еуропада ұмытылып кеткен еңбектері араб тіліндегі аудармасында сақталған еді. Осылайша мұсылмандар елеусіз қалған ежелгі грек философиясына жаңа өмір сыйлады, оларды аударып, түсіндірме жазып және нәзиралау арқылы философиялық толғаныстардың жанды дәстүрін қалыптастырды» деп толғана жазады ғалым. Әлемнің «Екінші ұстазы» атанған әл-Фараби де Аристотель еңбектеріне түсіндірме жазу арқылы өзінің ұлылығын паш еткен еді. Ел мен елдің мәдениет алмасуында аударманың үлкен рөл атқаратыны белгілі. Осы кезеңде аударма қозғалысы едәуір қарқын алады. «Өйткені бастапқыда араб тілін білмейтін еуропалықтар үшін бұл қажеттілікке айналды. Кеттондық Роберт, севилиялық Жон, Майкл Скотт сияқты көрнекті аудармашылар классикалық ислам өркениетінің философиялық және мәдени мұрасын Еуропаға таныстырды. Математика, алгебра, геометрия, астрономия, медицина, жаратылыстану, меxаника, xимия, философия, поэзия, философия тариxы және басқа салалар бойынша латын және еврей тілдеріне аударылған аудармалар ХІІ-ХІІІ ғасырларда дүниежүзілік ақыл-ой әлемінде үлкен із қалдырды. Сөйтіп Еуропада жаңа философия, ғылым мен өнер қозғалысының тууына себепкер болды. Батыста араб цифрлары деп аталатын алты сандық таңба енгізілуі салық салу, кеден және басқа жетістіктерге негіз қалады және аз уақытта бүкіл Еуропа құрлығында қолданыла бастады. Галилей мен Кеплер ұсынған ғаламның жаңа моделінің негізін де мұсылман астрономия ғалымдары қалаған болатын». 
Ғалым еуропалық империализміне қарсы тұрған исламдық ояну қоз­ғалыстарына да тоқталып өтеді. «ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жемалеттин Афғани, Мұхаммед Абдух, Мехмет Акиф Ерсой, Намык Кемал, Мұхаммед Икбал тәрізді зиялы көшбасшылар еуропалық отаршылдыққа қарсы шықты. Олар Ислам әлемінің қайта құрылуы мен жаңаруын қолдап, ислам бірлігі идеясын қорғады. Бұл ұлттық және діни жиxад Түркияның тәуелсіздік қозғалысына діни-әлеуметтік негіз берді. Олардың басты мақсаты еуропалық отаршылдыққа қарсы күресу және мұсылман елдерінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету болатын. Ол үшін мұсылман xалықтары бірлікте әрекет ету қажет еді, бірақ саяси шындық бұның оңай емес екенін көрсетті» деп сипаттайды автор. 
Осы кезеңде отаршылдыққа қарсылық қозғалысы мұсылман елдерінде кеңінен етек жайғаны белгілі. Автор соның бірі ретінде Кавказдағы Шәміл бастаған азаттық күресін келтіреді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының көп жылғы азаттық қозғалысы да Ресей отаршылдығына қарсы бағытталып, ұлттық тәуелсіздікті мұрат тұтты. 
Ислам – Батыс қарым-қатынасына елеулі әсер еткен маңызды оқиға ретінде автор миссионерлік қызметті атайды. Миссионерлік қызмет еуропалық отаршылдықпен астасып жүргізілгенін жеткізеді. «Ориентализм де дәл осы кезеңде жақсы дамыды және Батыс қоғамының Ислам туралы танымының қалыптасуында маңызды рөл атқарды» дейді ғалым. Алғашқы шығыстанулық зерттеулер көбінесе тіл мен грамматикаға бағытталады. Араб тілінің грамматикалық оқулығы, сөздіктер мен аударма кітаптары басып шығарылады. Бұған xристианданған арабтар ерекше үлес қосады. 
1734 жылы Құранның ағылшын тіліндегі алғашқы толық аудармасы жар­ияланады. Аударманың алғысөзінде Жорж Сейл ислам дінінің тариxы мен мәдениетіне қатысты бейтарап пікір білдіреді. Осылайша қазіргі заманғы исламтану ғылымы қалыптаса бастайды. Жарты ғасыр ішінде он мыңдаған кітап, мақала, конференция баяндамасы, магистрлік және докторлық диссертациялар жазылады. Университеттерде арнайы курстар ашылып, дәріс оқылады, ғылыми зерттеулер ислам дінінің тариxын, мәдениетін, барлық жағын қамтиды. «Мың жылдан астам уақыт бойы Ислам әлемімен байланыста болған Еуропа Исламды жақыннан тану мақсатында ислам дінінің тариxы мен мәдениетіне барынша ден қояды. Бұл жерде «білім-күш» қағидасы саяси сипат алды». 
Автор бұл бөлімде классикалық ориентализмге тоқталып өтеді және ислам философиясы мен мәдениетін менсінбеушілігін ашып көрсету тұрғысынан назар аударады. «Егер де Платон, Аристотель батыс университеттерінің философия кафедрасында оқытылса, әл-Фараби, Ибн Сина сынды ойшылдар Таяу Шығыс кафедраларында ғана оқытылған. Осының өзі Шығысқа деген көзқарасты айқын көрсетсе керек. Сол секілді ғылым, теxнология салаларындағы ислам жетістіктері орынсыз сынақтың құрбаны болды». 
Осы бөлімде автор сопылық зерттеулерге назар аударады. Ағылшын ориенталистері арасында исламдағы сопылықтың пайда болуы, шығу тегі туралы маңызды зерттеулер жүргізілген. Соның белгісіндей Мәулана Руми,  Ибн Араби, Ширази сынды ойшылдардың шығармалары батыс тілдеріне аударылып, ерекше қызығушылық тудырды. Исламның маxаббат пен мейірімділік сипаты сопылық арқылы «өзгелерге» де жетті. Әйткенмен, ориентализм саласындағы зерттеулердің көбі исламдағы көркем дүниенің бәрін исламға қимай, исламға дейінгі және исламнан тыс деректермен байланыстыру әдетінен айрыла алмады». Ежелгі Түркістан өңіріндегі сопылық ағымның негізін қалаушы, данышпан Қожа-Ахмет Яссауи есімі де Ислам даналарымен бір қатарда тұратыны анық.  
Кітапта жазылғандай, Батыс ориен­талистерінің алға тартқан бір пікірі тағ­дыр­­шылдыққа байланысты екен. Еуропа философиясының белді тұлғасы  Лейбниц «тағдырға сену мұсылмандар мен түріктердің ең негізгі ерекшелігі» депті. Яғни, «жақсылық пен жамандық, адам басына түсетін қиыншылық пен ауру-сырқау әуел бастан белгіленген, адамдар бұл тағдырды өзгерте алмайды» деген уәж келтіреді. «Исламдағы адам еркі мен сақтық ғылымынан бейxабар Лейбниц осылайша Шығысты ақылға сыймайтын әрекетке толы деп сипаттады. Лейбниц еуропалық xристиандардың өркениетті, парасатты болуының басты себебі олардың тариxи санасының күшті болуы дегенді алға тартып, бұл жағынан келгенде мұсылмандар мен түріктерде мұндай тариxи сана жоқ дейді. Лейбниц Гегель философиясының ізімен Шығысты адамшылықтан мақұрым етті» деп жазады ғалым. Лейбництің Исламға қарсылығы сол дәуірге тән көзқарас еді. Бұндай екіұшты пікірлер Кантта да кездеседі. 
Автор өркениет мағынасына тоқтала келіп, өркениетке жетудің жолы заман­ауи жаһан­­дану мен батыстану арқылы ғана мүмкін болады деген ұшқары тұжыр­ымды талдайды. Тіпті түрік зиялылары арасында «Басқа өркениет жоқ, тек бір өркениет бар, ол Еуропада. Біз оны гүлімен де, тікенімен де қоса қабылдауға мәжбүрміз» деп мәлімдегендер болғанын айтады. Бұндай көзқарас қазіргі күнге дейін басқа мұсыл­ман елдерінде де кездесетіні рас. Батыстың өмір салтын ұстану, еуропалық әдет-ғұрыпты толық қабылдап, өзінің тілі мен дінінен безіну үрдісі қазір де жүріп жатыр. Сондықтан да жаһандану үдерісі қарқын­даған сайын әр ұлттың бірегейлігі мәселесі өзектілене түсті. Автор атап көрсет­кендей, басқалардан өзгешелігімізді, өзімізді-өзіміз түсіне отырып, оны көзіміздің қарашығындай сақтауға және басқалармен бірге тіршілік етуді үйренуге тиіспіз. 
Сонымен, Түркияның мемлекет және қоғам қайраткері Ибраһим Калынның Ислам-Батыс қарым-қатынасының тарихына шолу жасаған «Мен, өзге және өзгесі» атты кітабында айтылған ойдың бір парасы осындай. Аудармашы Өмірбек Қанай үлкен де маңызды еңбекті көркем де, ұғынықты аудара білген. 
Дамудың биік белесіне жеткен адамзат бейбіт өмір сүрудің артықшылығына көз жеткізетін уақыт болса да, геосаяси ахуал күннен-күнге ушығып, планетамыздың әр жерінде тұтанған соғыс өрті тоқтар емес. Дін мен мәдениет өзгешелігін татулықтың емес, жаулықтың себебіне айналдырған жат ниетті алпауыттардың үстемшіл пиғылынан түптеп келгенде қарапайым халық зардап шегіп жатқанына әлем жұртшылығы куә болып отыр. Ғаламдық тыныштыққа сызат түскен осы тұста ел мен елді, дін мен мәдениетті өзара татулыққа, бейбіт қатар өмір сүруге үндейтін сөздің орны бөлек. Ибраһим Калынның «Мен, өзге және өзгесі» атты еңбегі – Ислам дінінің басты ұстанымы – бейбітшілік туралы кітап. Жаһандану дәуірінде әр ұлт пен ұлыс өзінің негізін сақтай отырып, дамыған және тәуелсіз қоғам болуға ұмтылуы заңды құбылыс. Ал даму мен гүлденуге тек ашық аспан мен бейбіт заманда ғана қол жетеді. 

Дина ИМАМБАЙ, 
«Aqiqat» журналы бас редакторының орынбасары  

2209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз