• Заманхат
  • 29 Қаңтар, 2024

«Саясатнама»

«Саясатнама» кітабы – Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы ортағасырлық Жент қаласынан шығып, бүгінгі Иран жері мен басқа да мұсылман елдерін билеп, соңында түрік мемлекетін Османлыларға мұра етіп қалдырған Ұлы Сәлжұқ мемлекетін құрушылар Тұғрыл мен Чағрыдан өрбіген Алпарыслан мен оның баласы Мәлік Шах кезінде отыз жылдай уәзір болып жұмыс жасаған Низам әл-Мүлктің бастан кешірген тәжірибелері мен кітап беттерінен оқыған ел билеу ісі бойынша жазған атақты кітабы. «Саясатнама» ХІ ғасырда парсы тілінде жазылған. 51 тараудан тұрады. Трактат ел билеушінің жұртты  қалай басқару керектігіне қатысты, жалпы ел билеу ісіне байланысты. Мүмкіндігінше әділеттілікті жеңіл орнатуға болатынын көрсеткен. Шығармада бұрыңғы өткен парсы патшаларынан мысалдар келтірілген. Кітаптың ең көне нұсқасы Ирандағы Тәбриз қаласындағы ұлттық кітапханада сақталған. Ол алғаш рет 1891 жылы француз тіліне тәржімаланған, бүгінде әлемнің көптеген тілдерінде аудармалары бар.
«Саясатнама» кітабы парсы тілінде, авторы Абу Али Хасан бин Али Хажа Низам ул-Мүлк деп көрсетілген, ол хижра 485/1092 жылы жазылғандығы және 1891 жылы Парижде басылғандығы, оны Ш.Шефер бастырғандығы, оған түсініктемелер мен ескерт­пелер қосып, түзеп дай­ын­даған Мұхаммед Қазуини екендігі, қайта түзеп, қосымшалар және алғы сөзбен жариялаған Мұртаза Мударриси Чахардехи екенді айтылған. Бұл кітап Тегеран қаласында 1344/1965 жылы Тегеран-Мусаууир баспасынан шыққан, 295 беттен тұрады. 
Араб-парсы тілі­нің білгірі, еліміздегі белгілі мәтінтанушы, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университеті, «Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының Жазбаша және археологиялық ескерткіштерді зерделеу ғылыми-зерт­теу орталығының жетекшісі Сайпулла Моллақанағатұлы парсы тілінен аударып бастаған шығарманы «Ақиқат» журна­лында жариялап отыруды жөн көрдік. 

 

Бірінші бөлім
Халықтың тұрмысы, уақыттың ағысы және әлем қожайыны, сыры киелі болсын, Ғияс ад-дуниа уад-динді (дін және дүниенің құтқарушысы) мақтау туралы 

 

Тәңір Тағала, әр ғасырда, халық арасынан біреуді таңдайды және оны қаған болудың қыр-сырымен таныстырып, лайықты етіп көрсетеді, әлемдік мүдделерді және ол құлдардың (азаматтардың) бейбіт өмір сүруіне кепіл болады, бұзықшылық пен бүліктің қақпасын соған жаптырады, және оның қорқынышы мен ұлылығын халықтың жүректері мен көздеріне салып қояды, халық оның әділдігімен өмір сүреді, қауіпсіз болады, және халық оның билігінің мәңгі болғанын қалайды. Ал егер пенделер (қызметшілер) тарапынан шариғатқа (заңға) қарсы көтеріліс яки кемсіту не Алла Тағаланың бұйрықтарына бағынбауға алып баратын әрекеттер пайда болса, оларды жазалауы керек, олардың әрекеттерінің сыбағасын беріп, өздеріне дәмін таттыру керек, Алла ондай күнді біздің басымызға салмасын және мұндай жоспардан бізді аулақ қылсын! Әрине, бағынбаудың ашу-ызаның және Аллаға қарсы болудың кесірі сол халыққа да тиеді, олардың арасынан жақсы патша кетеді, әр түрлі қылыштар (қару-жарақтар) қындарынан шығарылады, қантөгіс жалғаса береді, кімнің білегі жуан болса ол қалағанын жасай береді, бастамашыл қылмыскерлер сол апаттарда және қантөгістерде жойылады. Бұның мысалы мынаған ұқсайды, от қамысқа тисе, кеуіп тұрған қамыстардың барлығы жанып кетеді, және ол жерде бірге өсіп, көгеріп тұрған қамыстардың бір бөлігі де жанатын болады. Одан кейін тағы да Алла Тағаланың арнайы жәрдемімен біреудің бағы жанып, билікке келеді, Алла Тағала оған да шамасына қарай бақыт сыйлайды, ақыл мен білім береді, ол да сол ақыл-біліммен өзінің қарамағындағыларды қабілеттеріне қарай әр қайсысына бір мәртебе беріп, орындарға жайғастырады, және оларға халық арасынан қызметкерлер мен адамдарды тағайындап, бекітіп береді де олардың дін мен дүниелік маңызды мәселелер бойынша шешім тауып беретіндіктеріне толық сенетін болады. Халық үкіметке толық бағынғаннан кейін, өздерінің жұмыстарын жасауға кіріседі, қиындықтар болмайды, оның әділдігінің арқасында рахат өмір сүреді. Ал егер қызметкерлер мен тағайындалғандардың арасынан біреу дұрыс емес әрекетке көшсе, орынсыз қол ұзартса, оны тәртіпке шақырып, насихат айтып, ескерту жасап, тәрбиелеу керек, егер ол есін жиып алса, оны қызметіне қайта жіберу керек, ал егер оянысқа келіп, есін жимаса, қызметте қалдырмай, орнына басқа лайықты кісіні отырғызу керек. Ал егер халық арасынан тыныштық, бейбітшілік сыйлығының қадірін, бағасын білмей, қарсы қиянат жасауды көздеп, көтеріліс жасаса, өз шектерінен шықса, қылмыстарына жараса сөгіс пен ескерту жасалуы керек, қылмысының мөлшеріне қарай тергеп-тексеру керек, өлім жазасына емес.  
Тағы, әлемді құруға жалғануы керек, жер асты суларын шығарумен, атақты арықтарды қаздырумен, үлкен сулардың үстіне көпірлер салдыртумен, ауылдар мен егістік жерлерді абаттандырумен, қорғандар көтерумен, жаңа қалалар салумен, биік ғимараттар соғумен, теңдесі жоқ саябақтарды жасау керек, және үлкен жолдардың бойынан рабат салғызу керек, осыларды жасаған адамның есімі өшпейтін болады, ол дүниеде де сауабын алатын болады, жақсы дұға-тілектер онымен бірге болады. Алланың қалауымен осы күндеріміз бұрынғы күндерден өзгеше болды, бұрынғы патшалардың қылықтарын, жолдарын өлшейтін жағдайға жеттік, халайыққа бақыт сыйладық, одан бұрын ондай ойлар болмады. Әлемнің қожайыны, Ұлы Сұлтан екі терең негізбен патшалыққа келді, ол оның әулетінде болды, атадан-атаға жалғанып, Ұлы Афрасиабқа ұласады. Оған әлем патшаларында болмаған ұлылық пен ғажайыптар берілген. Қағандарға ең керегі жақсы көзқарасты болуы, көркем мінезді болуы, әділдік пен ерлік, батырлық, атқа міне білуі, білім және барша қараумен жұмыс жасай білуі, өнерлерге жол табуы, шапағатты және мейірімді болуы, құлықты болуы, нәзір-садақаларына және уәделеріне опалы болуы керек. Діні дұрыс, таза ақиданы сүйетін, Аллаға бағынатын, түнгі намаз, көп ораза сияқты артықшылықтарды орындайтын, ғалымдарды құрметтеп, сопыларды, тақуаларды және хакімдерді сыйлауы керек. Үздіксіз садақа тарату, дәруіштерге жақсылық жасауы керек. Қарамағындағылар мен қызметкерлерге көркем мінез көрсету керек. Халықты жәбірлеушілерден қорғау керек. Осыларды жасаған қағанға Алла Тағала екі дүниедегі барша нәрсені бағындырып беруі де ғажап емес! Оның қорқынышы мен саясатын барша құрлыққа жеткізеді, әлемдегілер оған хараж (алым-салық) төлейтін болады, кімдер оған жақындаса оның қылышынан аман қалады. Тарихта кейбір орынбасарлар билікке тереңдеген кезде көңілі бұзылып, қағанға қарсы көтерілген кездері болған. Бірақ Аллаға шүкір біздің құтты заманымызда әлемде ондай жаман ойлап, бағынбағысы келетіндер жоқ, Тәңір Тағала бұл мемлекетті қияметке дейін жеткізсін! Және жаман тіл-көзден бұл мемлекетті аман сақтасын! Халық бұл ұлы патшаның әділ саясатының арқасында өмір сүріп, жақсы дұғаларын арнап келеді. Сонымен, мемлекеттің жағдайы осылай болып тұрғанда, білім деңгейі мен халықтың тұрмыс-салтын билігімен өлшеп, тануға болады. Оның білімінің мысалы шам сияқты, жанып тұрған, сәулесі жан-жаққа түсіп тұрған, халық сол жарықпен жолын табады, қараңғылықтан құтылады, оған ешқандай хабаршы яки жетекші қажет болмай қалады, дегенмен Әлем билеушісінің кейбір ойлары бар, оны халық түсінбей қала ма деген, олардың жай-күйі мен ақыл-білімдерінің шамасы түсінуге келмейді деген, сондықтан біз пақырға бұйрық берді, патшалардың жақсы өмір деректерінен жаз деп, олар нені қолданды, бүгін орындалмай жатқан, мәселені шешу әдістерін анықта деп, нені алуға болады, несін алмауымыз керек деп. Біз пақырдың естігеніміз бар, білгеніміз бар, оқығанымыз бар, соларды жинап, ұлы жарлығымен бірнеше бөлімге бөліп, қысқартып жаздық, әр бөлімге не лайықты болса соны тіркедік, анық сөздермен, Ұлы Алланың арнайы жәрдемімен!
Пайдаланылған әдебиет:
al-Mulk N., Qazvīnī M., Mudarrisī Chahārdahī M. Siyasatname, Paris 1891.

***
Екінші бөлім
Қағандардың Ұлы Тәңірдің сый-нығметтерінің қадірін танып-білулері туралы

Қағандардың Тәңір разылығын алулары, халыққа жасаған ихсанымен (мейірімділігімен) және олардың арасында кеңінен таратқан әділдігімен болады. Халықтың дұға-тілегі жақсылықпен жалғасса ол мемлекет тұрақты болады, күннен-күнге өседі, үкімет пен уақыт ол елдің бағына айналады, бұл дүниеде жақсы аты шығып, ол дүниеде бақытты болады, оның (Қағанның) есеп-қисабы жеңілдеу болады. Бір сөз бар: «әл-мүлкү иабқа мағал куфри уә лә иабқа мағаз зұлми/мемлекет – атеистік (кәпірлік) көзқараспен өмір сүре береді, бірақ – әділетсіздікпен (зұлымдықпен) жойылады!» яғни кәпірлікпен жалғаса береді, зұлымдық, қысым болса жойылады деген сөз. 
Осыған байланысты бір хикаят. Хабарларда келген, Жүсіп пайғамбар дүниеден өтерде өсиет қалдырып еді, мені атам Ыбырайымның жанына жерлеңдер деп, Жүсіптің табытын сол жерге жеткізгенде Жәбрейіл періште келіп: «оның орны бұл жер емес, ол ел билеген, қияметте соның есебін беретін болады, атасын мазаламасын!» дейді. Ия, Жүсіп пайғамбардың жағдайы солай болғанда, біздің хәліміз не болмақ!? Хабар (Хадис). Хабарда былай келген, Пайғамбар саллаллаһу алайһи уа сәлламнан: «қиямет күні жұртты есеп беруге шақырғанда, ел билеп, бұйрық бергендер болса, олардың қолын желкелеріне байлап ортаға шығарады, егер әділ болған болса әділдік оның қолын шешеді, ол ұжмаққа барады, егер залым (әділетсіз) болса, қолдары байланған күйде тозаққа тасталады. 
Хабар. Тағы хабарда бар, кім халықты яки сарай тұрғындарын, я қарамағындағыларды билеген болса қиямет күні одан сұралады, қой баққан малшылар да жауап беретін болады.
Хабар. Мынадай сөз бар, Абдулла ибн Омар әл-Хаттаб разияллаһу анһума (Алла ол екеуінен разы болсын), әкесі қайтыс боларда одан: «Әкешім, сізді енді қашан көреміз?» деді. Ол: «о дүниеде көресің!» деді. Баласы: «одан бұрын көргім келеді!» деді. Ол: «онда бірінші, екінші не үшінші түні мені түсіңде көресің!» деді. Арадан он екі жыл өтті, оны түсінде көрмеді. Он екі жылдан кейін оны түсінде көрді, оған: «Әкешім, үшінші түні түсіңде көресің деп едіңіз!» деп сұрақ қойды. Әкесі: «босамадым, Бағдад аймағында бір көпір қираған екен, жауаптылар оған қарамаған екен, сол көпірден өтпек болған бір қой аяғын бір тесікке тығып алған екен, сынып қалыпты, бүгінге дейін соған жауап беріп жаттым» деген. 
Сондықтан Әлемнің билеушісі (Қаған) Алла билігін мәңгілік қылсын, біліп жүрсін, Ұлы Сот күні мына жұртқа, өзіне қарайтын халайыққа байланысты сұралатынын және ол жауапкершілікті басқаға аудара алмайтындығын біліп жүру керек. Мәселенің басы ашылды, сондықтан Елбасы ең маңызды міндеті болған Билікті ешкімге беріп қоймауы керек, өз билігінің істері бойынша және халыққа қатысты істер бойынша ғапыл болмауы керек. Қолынан келгенінше жасырын болсын, ашық болсын халықтың жағдайына көз салып отыру керек, ұзарған қолдарды қысқартып, залымдарды зұлымынан тыйып отыруы керек, сонда оның заманы мен билігіне береке жауады, Жалғыз болған Алланың арнайы жәрдемімен! (Жалғасы бар).
Пайдаланылған әдебиет:
1.Саясатнама (парсы тілінде), Абу Али Хасан бин Али Хажа Низам ул-Мүлктің еңбегі, ол хижра 485/1092 жылы жазылды, 1891 жылы Парижде басылған Ш.Шефердің текстологиялық зерттеу нұсқасы бойынша, түсініктемелер және ескертпелер қосып, түзеп дайындаған Мұхаммед Қазуини, қайта түзеп, қосымшалар және алғы сөзбен жариялаған Мұртаза Мударриси Чахардехи, Заууар баспасы, Тегеран-Шахабад, екінші басылым, Тегеран 1344/1965 ж., Тегеран Мусаууир баспасы, 295-бет.

Парсы тілінен аударған: 
Сайпулла Моллақанағатұлы

 

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз