• Еркін ой мінбері
  • 04 Сәуір, 2023

«Балалық шаққа саяхат»

 

Қазақ балалар әдебиетінің талантты жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қалалық Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен «№59 мектеп-гимназиясының» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері  бірлесе отырып «Балалық шаққа саяхат»  тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырды. Кітапхана табалдырығын аттағаннан ерекше ілтипатпен  қарсы алған  кітапханашы Фариза Болатқызы кеш қатысушыларына заманауи үлгімен жасақталған кітапхана ішіне саяхат жасап, Б.Соқпақбаевтың әр жылдар бойы жарық көрген шығармалар қорымен таныстырып өтті.

 

Кітапқа жаны құмар жас қызметкер балаларға автордың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша сындарлы сұрақтар қойып, таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етті. Достық пен жаулық, білім мен байлық арақатынасын ажырата білуге,  мәңгі өлмейтін құндылық білім екеніне көз жеткізуге бағыттап отырды. Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін мектеп бағдарламасы шеңберінде, «Балалық шаққа саяхатын» әдеби кешке қатысу мақсатында оқып танысқан 5-сынып оқушылары кеш соңында сахналық қойылым қойып, кейіпкер образын өн бойынан өткізді.

Бұл кеш, шын мәнінде, балалыққа саяхат болды. Қызықтырып, елітіп әкететін балалар әдебиеті,  көз жауын алатын жарқыраған бөлмелер, өздеріне ерекше мейіріммен құшақ ашқан кітапхана, сұраққа жауап бере отырып алған альбомдар мен қарындаштар  – бәрі де бала жадында мәңгі сақталып, қызықты күндердің, бақытта балалық шақтық жарқын бейнесіне айналмақ.

 

Кешті ұйымдастыру үшін алғаш хабарласқан күннен барлық мүмкіндіктердің қолжетімділігін қамтамасыз еткен, қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап отырған мемлекеттік ұйым басшысы Бану Қайшымбекқызына алғыс білдіреміз.

 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері: Заманбекова Г.К.,Латипова М.К.

    

 

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз