• Еркін ой мінбері
  • 01 Сәуір, 2013

Құлдық психологиядан қайтсек арыламыз?

Сайлау Байбосын, журналист Сайлау Байбосын, журналист 

Әңгiмемiздiң тақырыбы тағы да – Қазақ! Бұл өзi қабырғасын қақырата сөгiп, терiсiнен таспа тiлiп жатсаң да, қыңқ демейтiн, қазақтың өзi секiлдi көндiмбай тақырып. Көндiмбай дейтiнiмiз, бұл тақырыпқа жазған «гөй-гөйiңдi» ешкiм онша назарға ала бермейдi. Әсiресе, бiздiң солтүстiк өңiрдiң қазақтары! Ит терiсiн басына қаптап, қара есекке терiс мiнгiзiп жатсаң да елең етпейдi. Себебi, оқымайды. Ал алда-жалда оқи қалса: «Маладес, әй, рас қой бәрi!» –дейтiнi бар. Бiрақ, әңгiмеге арқау болып отырған қазақтың бiрi өзi екенiн қаперiне де алмайды, жазғаның! «Әләуләйiм таусылса, бұлалайым тағы бар» дегендей, «Қазақ» атты әңгiменiң қызығы бiтсе, «Тiл» деп аталатын мәңгiлiк тақырыбымыз тағы бар. Бұл да жазыла-жазыла, жон арқасы жауыр болған мiнiс аты секiлдi. Осы екеуi қазақша жазатын жорналшының ғұмырлық нан табуына жетiп жатыр! Бiр ыза болатының, қалам ұстайтын қазақтiлдi бауырларымыздың ұлттық рухымызға қатысты ашына жазып жатқандарын орыстiлдi қандастарымыздың бiреуi де оқымайды. Сосын ойлайсың, орыс тiлiнде сөзбе-сөз аудармасымен шығатын бiр қосалқы басылым болса деп. Сонда, аналар да мүмкiн оқыр едi, сосын санасына бiрдеңе жетер едi, ойланар едi. Сөзiмiз көбiнесе бiреулерге сырттан кiжiну болып келедi. Пәленшенiң iшiп-жегенiн айтамыз. Миллиондаған мемлекет қаржысын қалтаға басып, шетел асып кетiп, емiн-еркiн тайраңдап жүргендердi әңгiме қыламыз! Екi күннiң бiрiнде көз алдымызда болып жатқан заң бұзушылықты айтып зар еңiреймiз! Оты жоқ, отаны жоқ бiреулердiң одыраңдап төбемiзге тепкi салып жүргенiн, қоғамға тиесiлi береке-нәсiптiң көлденең көк аттылардың аузында кетiп бара жатқанын жазып налимыз! Намысымыздың тапталғанын, жiгерiмiздiң құм болғанын айтамыз!

Өзiмiз «алды-артымызға» қарамай, намысшыл-ақпыз. Бiрақ, сол жалған намыстың ар жағында шын намыссыздық, жауырды жаба тоқушылық, жiгерсiздiк, бiреудiң ығына жығылғыштық, бiреудiң көңiлiн тапқыштық сияқты толып жатқан былығымыздың бар екенiн мойындағымыз келмейдi! Тiптi, осы мақаланы қолына алып оқыған кейбiр қандастарымыз: «мынау ит қазақты оңдырмаған екен, қандай әкесiнiң құны бар, ей?!» деп былай лақтыра салса, мен оған еш таңғалмаймын! Себебi, оны да қоздырып отырған бойындағы жаңағы жалған намыс. Ол мәселенiң түп-төркiнiне ой жүгiртiп отырған жоқ, тек әйтеуiр қазаққа тиiспесең болды. Ал, ана жақта сенiң байлығыңды қымқырып, табиғатыңды ластап, тiлiңдi мазақ етiп жүргендер бұл қазаққа ешқандай қатысы жоқ сияқты! Маған нанбасаңыз – өзiңiз байқап қараңызшы: бiз қашанда басқаның тiрлiгiне қызыққышпыз, басқаға елiктегiшпiз. Бөтенге бас ұрғышпыз, не айтса да көне кеткiшпiз. Және осы мiнезiмiзге өзiмiз: «даладай дарханбыз, көлдей кеңпейiлмiз», – деп мақтанамыз. Ал, дархандықтың ар жағында – дарақылық, кеңпейiлдiлiктiң артында – келеңсiздiк жатқанын бiлгiмiз келмейдi! Осының барлығының басын қосып айтар болса, ол – құлдық психология дер едiк! Бұл қазаққа қай ғасырдан, қай уақыттан берi жабысқан дерт, оны ешкiм де тап басып айтып бере алмас, сiрә. Бiрақ, бойымызда осындай кесапаттың бары рас. Оны, сонау, бабалардан ауысты деуге аузың бармайды. Егер, олар намыссыз, жiгерсiз болса, аттың жалы, түйенiң қомында жүрiп, Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Сiбiр ормандарына дейiнгi, осынау, Ұлы даланы бiзге мұра етiп қалдырмас едi ғой. Әлде, елуiншi жылдардан кейiн дүниеге келiп, арақпен ауызданған ұрпақтың бойына жабысқан дерт пе екен бұл?! Әйтеуiр бар екенi анық!

Кешегi Кеңестiк империяның құзырында болған 70 жылдың соғыстан кейiнгi 50 жылында, бiз қайтсек те орыс боламыз деп жанталастық. Саясат та бiзден соны талап еттi. Бiрақ, ұлы Киплинг айтқандай: «Батыс-Батыс күйiнде, Шығыс-Шығыс күйiнде қалатынына» соңынан барып көзiмiз жеттi. Ғұмыр бойы ұлттық құндылықтарымызға қара күйе жағып, қайтсем де қазақ болмаймын деп жан ұшырған, кезiнде партия-кеңес қызметiнде лауазым иесi атанған көкелерiмiз бен әкпелерiмiз ақыр соңында зейнеткерлiкке шыққан соң, өздерiнiң «қазақтығын» амалсыз мойындады. Сосын ойлайсың, бүгiнгi ұлт намыссыздығының ұрығын алғаш сепкен осылар ма екен деп. Әбден мүмкiн-ау!

Кешегi Кеңес одағы секiлдi алып империя iштен iрiп, iргесi сөгiлiп, әр республика өз тәуелсiздiгiн алып жатқанда, орыстiлдiлермен қатар тұра қалып, «Қазақстанға егемендiк қажет емес» деп байбаламдаған да сол көкелерiмiз бен әкпелерiмiз едi. «Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болуға жарамайды, орыс тiлiнiң мәртебесiн төмендетпеуiмiз керек» деп бүйректен-сирақ шығарған тағы да солар болатын. Ендi, осылардың iзбасарлары, арты елудi еңсерiп, алды алпысты алқымдап қалған кешегi партия мен комсомолдың «солдаттары» әлi де номенклатуралық «оқшантайдан» түспей, облыстарды, аудандарды басқарып жүр. Қазiр шынын айтқанда, ұлттық рухымызды төбесiнен тоқпақтап, туған тiлiмiздiң қанатын жаздырмай отырған да осылар! Бұлар ұлттығымызды ұлықтайтын шаруаға келгенде ұнжырғалары түсiп, керi шегiншектеп, тегi басқалардың туын көтер десе, естерi кете кiрiседi. Ең қорқыныштысы, бұлар қазiр өздерi секiлдi ұлттық құндылықтарымызға шекесiнен қарайтын, болашақ «құлдарды» дайындауда! Билiк пен мансаптың құлдарын! Ертең уақыты келiп, қызметтен кеткенде, орнына осыларды қалдырады. Бұлардың қазаққа жандары ашымасы бесенеден белгiлi. Себебi, көргендерi жаңағы. Қазiр шаруаң болып, әкiмдiктерге кiре қалсаң, бунақ-бунақ бұғағы бар, буындырып галстук таққан жас шенеунiктердi көресiң. Әлгiлер сенi адам екен деп көзiне де iлмейдi. Үлкендi сыйлау, мемлекеттiк қызметкерге лайық мәдениет дегеннен де қалыс. Сөздерi орысша. Бұл жастардың түсiнiгiнше, мемлекеттік қызмет деген тендерден ақша жеу үшiн ғана жасап қойған арнайы лауазым сияқты. Осыдан болар, ана жылы Елбасымыз Н.Назарбаев министрлiк атаулының көбінде осындай не үшiн отырғанын бiлмейтiн жастардың қаптап кеткенiн айтпап па едi? Қарасаңыз, бұл секiлдi санасы соқыр жас шенеунiктер тек министрлiк қана емес, аудандық, облыстық әкiмдiктерде де жетiп артылады.

Жарайды, қызмет басындағы шенеунiктердiң келеңсiз қылықтары жайлы аз жазылып жүрген жоқ қой. Бұл тақырып әлi де қозғала жатар. Әңгiмемiз «құлдық сана» жайлы болған соң, ендi осы солтүстiк өңiрлердегi қатардағы жай қазақтың тiрлiгiнен бiрер мысал келтiрелiк.  Бiр тойда өзiм куә болған мына бiр көрiнiс есiмнен кетпейдi. Той иесi шақырған болуы керек, осы жерге кавказ ұлтының бiр адамы да келiптi. Кәдiмгi, сайда-саны, құмда-iзi жоқ, жеңiл пайда iздеп жортып жүретiн кавказдықтардың бiрi. Құдай-ау, әлгiнi көрiп, тойға келген қазақтардың таза естерi кеттi. Дереу «Лезгинка» деп аталатын бидi қойып жiберiп, жаңағыны ортаға сүйреп алып шыққан бiр топ қарындастарымыз байқұсты олай сүйреп, былай сүйреп, тiптi болмаған соң мойнына асылып сүйдiме керек, әйтеуiр бiраз «қызықтады». Араққа бөрткен бiр-екi бауырымыз әлгiнiң тiлiнде сөйлеймiз деп, өздерiнше бiрдеңенi былдырлап әлек. Бәрiнен жетпiстi алқымдап қалған бiр апамыз асып кеттi. Үстелдiң үстiнде жатқан қасықты аузына көлденең тiстеп алып, «ассалап» билей жөнелдi. Сосын, әлгi таулықты қаумалап дастарқанға апарып, аузына арақ тосып, кавказша тост айт деп, жiк-жапар болды. Қазақтардан дәл осындай құрмет күтпесе керек, жаңағы жiгiт ыржалаңдай күлiп, не айтарын бiлмей састы. Қандастарымыздың осы қылығына қарап, жерге кiрердей ұялдым. Мiне, бұл да құлдық сананың бiр көрiнiсi!

Бұл үшiн бiр жағынан қазақ қандастарымызды кiналауға да болмайтын сияқты. Себебi, бұл жақтағы қазақтың түсiнiгiнше, кавказдық дегендер – «ерекше халық». Олар кез келген ауданның, облыстың әкiмдерiнiң есiгiн «теуiп кiредi», құқық қорғау ұйымдарымен ым-жымдары бiр. Қай жерде ақшалы орын болса, солардiкi. Осы аймақтағы егiн шығады-ау деген шұрайлы жерлер де солардың иелiгiнде, табысты кәсiпорындарды да солар бақылайды. Қажет десе, қазақтiкiн тартып та алады. Себебi олардың артында мүйiзi қарағайдай әкiмдер тұр, прокуратура мен сот билiгi тұр, полиция да солардың сөзiн сөйлейдi. Ал, қазақтың сенетiн кiмi бар?! Байқасаңыз, қазақты жаңағы қаңғып жүрген кавказдыққа құл қылып тұрған – жоғарыдағы мықтылардың iс-әрекетi.

 Бұл күнде өз ұлтымыздан шыққан, ат үстiнде жүрген кейбiр азаматтарды көргенде, кәдiмгiдей iшiмiз жылып қалады. Бұлардың халық пен қоғамға айтарлықтай пайдасы болмаса да, әйтеуiр қаны бiр қазақтың баласы ғой дейсiң. Қазақша айтқанда: «бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» дегендей, басқалар келiп барымызды тасып жатқанда, бұлар неге алмасқа дейсiң. Бiрақ, кейбiр қылықтарын көрiп тұрып, тағы да жүрегiң айниды. Бiр жиынды жерде ел iшiнде әжептәуiр абырой-беделi бар азаматпен әңгiмелесiп тұрмын. Өзi кәсiпкер атанып жүрген қалталылау жiгiт. Сөзi де iрi. Аты белгiлi бiраз адамдармен табақтас, дәмдес болғанын мақтана әңгiмеледi. Қазақ қандай деген бiреуге ұялмай көрсетуге жарайтын, түр-тұлғасы да келiстi. Кенет әлгiнiң өз-өзiнен берекесi кетiп, есiк жаққа жалтақтап, әбiгерi қаша бастады. Апырмау, бұған не болды деп, есік жаққа қарасам, ауданның әкiмi кiрiп келедi екен. Жаңағы дардай болып тұрған азаматым көз алдымда өзгерiп сала бердi. Иiлiп барып, қос қолдап әкiм мырзаның қолын алды. О жағына бiр, бұ жағына бiр шықты. Қарап тұрып жүрегiң айниды! Мiне, нағыз құл! Ақшаның құлы, пенделiктiң құлы! Оны әкiмнiң алдында иiлтiп-бүгiлтiп тұрған – құлқыны. Әкiммен жақсы болса, ертең тендерден бiрдеңе тиедi, тиын-тебендi бөлiседi. Бiр шошырлығы, жаңағының бейнесi бүгiнде ел iшiндегi қазақ кәсiпкерлерiнiң типтiк бейнесiне айналып барады. Неге бiз осындаймыз? Iшiмiзге май айналып, мәртебемiз сәл өссе, төменде тұрғандарды жан екен демеймiз. Ал, атымыз сүрiнген күнi ар-намысты былай қойып, өзiмiзден жоғарының өкшесiн сүюге де ұялмаймыз. Бабалардан қалған мәрттiк, iрiлiк деген түсiнiктер бұл күнде мұражайдың бұйымы секiлдi ұмыт болған. Тағы бiр бас қосылған жерде, әжептәуiр адам қауқылдасып тұр едiк, жасы алпыстан мол асыңқырап кеткен бiр ақсақал адам келiп, көпке сәлем бердi. Сырттай танушы едiм, қарапайым ғана тiрлiк кешкен, қарапайым адам. Қақ-соқпен жұмысы жоқ. Бiрақ, көзi ашық, көкiрегi ояу адам, ұлтжанды кiсi екенiн бiлемiн. Берген сәлемiн тұрғандардың бiрi алды, бiрi алмады. Себебi, бұл кiсi қатардағы жай көптiң бiрi ғана. Тәуiр қызметi, ауыз толтырып айтарлық дәулетi жоқ. Сосын қайтедi оның сәлемiн. Бiз ондайларды менсiнбеймiз.

Сәлден соң астында жүзiктiң көзiнен өтетiн шетелдiк көлiгi бар, әжептәуiр кәсiп жасайтын бiр қу келiп тоқтады. Ел iшiнде «айкәпiр» атанып жүрген, бiреудiң аузындағысын жұлып жейтiн алаяқтың нағыз өзi. Сол жерде тұрғандардың бәрi жапатармағай әлгiге ұмтылды. Таласа-тармаса қолын алып жатыр. Кейбiреулерi төс қағыстырып, құшақ айқастыруда. Қайран қазақ деймiн әлгiлерге қарап тұрып! Жаңағының қалтасындағы байлықтан бұларға тиетiн бiр тиын да пайда жоқ. Тiптi, iстерi түсiп бара қалса, ауыздарына су тамызбасын да бiледi. Бiрақ, санадағы құлдық сезiм әлгiнiң алдында жалбақтауға мәжбүр етiп тұр!

Осы айтылғанның ешқайсы да жаңалық емес, екi күннiң бiрiнде әркiм көрiп жүрген жағдай. Көзiмiз үйренгенi сондай, тiптi соған мән бере бермеймiз.

Бiздегi құлдық сезiмiнiң күштiлiгi сондай, бас ұратын ештеңе табылмаса, оны өзiмiз қолдан-ақ жасап аламыз. Бiр мысал. Тас жолдың бойында қараусыз қалған бұлақ болатын. Бiреулер соның көзiн ашып, айналасын тәртiпке келтiрiп, су алып iшетiн жағдайға келтiрiп қойыпты. Бiрер ай өткен соң қарасақ, жаңағы бұлақтың басы шаншылған таяқтан көрiнбейдi. Түрлi-түстi шүберектер байланған. Бұнысы не десек, бұл бұлақ қасиеттi екен-мыс! Тоқтамай өтуге болмайтын көрiнедi. Мiндеттi түрде ақша түйiп, шүберек байлауың керек екен. Әйтпесе, жолың болмайды! Күлесiз бе, жылайсыз ба?!

 Ана бiр жылы теледидардан Қазақстанның қайсыбiр аймағындағы, бес-алты адамның құшағы әрең жететiн бiр алып ағашты көрсетiп жатыр. Ол да қасиеттi екен. Түбiне барып түнеген адам сырқатынан айығады дейдi. Құдай-ау, дейсiң, ол бар болғаны өсiмдiк қой, қандай қасиет болуы мүмкiн! Егер жапырағынан немесе қабығынан дәрi-дәрмек жасайды десе, сөз басқа.

Қазiр ақпарат құралдарын ақтарып отырып, ит тұмсығы өтпейтiн джунглилерден табылып, әлi толық зерттелмеген кейбiр тайпалардың пұтқа табынатынын оқып, бас шайқаймыз. Ал, өзiмiздiң жаңағы бұлақ пен ағашқа табынуымыз, сол пұтқа табынудың бiр түрi екенiне неге мән бермеймiз? Қазiр Қазақстанның қай өңiрiне барсаңыз да, өзбек жерiнен келген жалдамалы жұмысшыларды көресiз. Әдейi сынамақ үшiн осыларға барып, көп ақша беремiн, ұлтыңды, дiнiңдi өзгертшi деп ұсыныс жасап көрiңiзшi. Қайыршының күйiн кешiп жүрсе де, олар оған бармайды. Қаңғырып жүрсе де, олар өздерiнiң өзбек екенiн, дiнiнiң ислам екенiн мақтан тұтады. Ал, бiз қазақтығымызға солай мақтана аламыз ба? Басқа жерлердi бiлмеймiн, Астана мен Көкшетаудағы православ, католик шiркеулерiнде дiндар болып жүрген қазақтың азаматтары бар. Иегова куәгерлерi болып ел аралап жүрген қазақтарды екi күннiң бiрiнде кездестiремiз. Екі-үш жыл болды, Ресейдiң бiр телеарнасының хабарын көрдiм. Қазақстанмен шекаралас аймақтағы ауылдарда тұратын қазақтар топ-тобымен христиан дiнiн қабылдап жатыр екен. Әрине, бұған белгiлi бiр дәрежеде мемлекет те араласатын сыңайлы. Мысалы, жеңiлдетiлген несие, ауыл шаруашылығы құралдары, т.с.с. берiлетiн көрiнедi. Бiрақ, олар жаңағы өзбектердей қаңғып жүрген жоқ, Ресей жерi болса да, өздерiнiң пәленбай ғасырлық ата қоныстарында отыр, iргесiнде Қазақстан.

Өзбек демекшi, мына бiр оқиға есiмнен кетпейдi. Ана бiр жылы аудан орталығында әкiмнiң өзi бас болып, Өзбекстаннан келген елу-алпыстай кiсi, оралман ағайындарға ас бердiк. Әрi-берi отырған соң, қызыңқырап алған бiздiң жақтың қазақтары әдет бойынша, әлде орысша, әлде батыстiкi, бiр даңғырлақ музыканы қойып, естерi кетiп билей бастады. Ара-арасында оралман бауырларды да шақырып қояды биге. Бiрақ, олар азарда-безер болып шықпайды. «Е, байқұстар, би бiлмейдi екен ғой!» – деп отырмын iшiмнен. Кенет әлдекiм барып, шығыстың бiр сазды әуенiн қоя қоймасы бар ма! Осы әуен естiлiсiмен-ақ, отырған оралман бауырлар дереу елең етiп, бiр-бiрiне жалт қарады. Сосын-ақ, қол ұстасып, тобымен ортаға шығып, ал, бiр биледi дейсiң. Және билерi қандай әсем, бiздердiкiндей есi кеткен жұлқынба би емес, шығыс биiнiң нақышы араласқан, әсем қимылға толы, қарасаң көз тоятын көрiнiс. Осыларға қарап отырып, дiлдерiнiң берiктiгiне таңғалдым. Олар үшiн өздерi көз ашқалы естiп өскен шығыс сазынан артық ештеңе жоқ. Өзбек – өз дәстүрiн, өз мәдениетiн қатты сыйлайтын халық, сол ортадан шыққан бұлардың да құрметi жаңағыдай. Батыс пен орыстың музыкасын мойындап отырған жоқ. Ал, бiздiң қазаққа бiр халық әнiн қойып көршi, дереу өшiрiп тастап, өзгенiкiн тыңдаймыз. Сосын ойлайсың, туған тiлiмiздiң осы уақытқа дейiн тұғырына мiне алмай жүргенi де өзiмiздiң ұлттық құндылықтарымызды өзiмiз менсiнбей, шекемiзден қарағаннан ба, кеудемiзде «қазақпын» деген мақтаныш сезiмнiң жоқтығынан ба деп. Сол мақтаныш сезiмнiң жоқтығынан, санамызды құлдық сезiм билеп алған шығар ма деп. «Өзiңдi-өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн» дегендi кешегi бабаларымыз кейiнгi ұрпағының Абылайдың түсi секiлдi азып кетерiн бiлiп айтты ма екен дейсiң.

Жарайды, ендi бастарыңызды көп ауыртпайын. Осының бәрiн бiреуден ақылымыз асқан соң айтып отырған жоқпыз, көзiмiз күнде көрiп жүрген соң, күйiнген соң, ыза болған соң айтамыз! Оны бiреу түсiнер, бiреу түсiнбес. Жоғарыда айтқандай, жалған намысқа бой алдырған қайсы біреулер: «ой, әкең...» деп, қарсы дау да айтар. Мейлi!...

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз