• Еркін ой мінбері
  • 06 Наурыз, 2014

Мәдениеттілікті мәйектеу – ұстаным ба, саясат па?

МолдабековЖақан Молдабеков, 
философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

Россия федерациясы 2014 жылды «Мәдениет жылы» деп жариялады. Өт­кен жылдары экономикасының дамуы ырықталған, жоғары оң көрсеткішке жеткен, саяси ықпалы артқан кезеңде, халық санының өсімі біліне бастаған жылы осындай мемлекеттік шешім қабылданды. Оның үстіне 2014 жылы Россияда болатын іргелі саяси, мәдени оқиғалар, атқарар әлеуметтік іс-шаралар қыруар. Айтпағымыз, шешім кездейсоқ, тегін емес. Соған ден қоялық. 
Россия Федерациясының Президенті  В. Путин өз шешімін  Мәдениет және өнер Кеңесінің мәжілісінде сөйлеген сөзінде жариялады (Қар. Литературная газета, №40, 9-15.Х.2013). Басты ұран – «ұлы орыс тілді мәдениетті жандандыру, дамыту». Әңгіме ұлы халықтың ұлағатты мәдениетін қалыптастыру, жандандыру туралы. Құптарлығы айқын  ұстаным. Бірақ, мемлекеттік осы ше­шімді көпшілік күтпеген сыңайлы. Ұсы­нысты қолдау қоғамдық деңгейде ашық, айқын, батыл сипат ала қоймады. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары  бұл шешімді іргелі тарихи бетбұрысқа бастама ретінде кең талқылауға бірден ыңғай білдірмегендей. Үнсіздік қиын­шылықтағы «тар жол, тайғақ кешуден» шығудың нақты үлгілерін таңдай, тіпті таба алмағандықтан десек, мұнымыз асыра сілтеушілік емес шығар. Көпшілік қиыншылықтан шы­ғудың ұлттық жобасын, ұлттық бағ­дарламасын күткендей сыңай танытты десек, мұнымыз да шындықтан алшақтау емес.  


Президент В. Путин Россиядағы реформаны өз арнасына келтірудің ұлттық жобасын Федеральды мәжілісте жариялаған Жолдауында ұсынды (Қар., Комсомольская правда. Казахстан, 13.ХІІ. 2013 г).
Ойымызды осы екі құжатқа сүйеніп өрбітпекпіз.  Президент 2014 ж. халықтың сенімін арттыратын және сол үшін елдегі барлық салада,  кең өңірде жауапкершілікті нығайтуды, күшейтуді – биліктің ұраны, ережесі ретінде ұсынды. Қоғамдағы се­нім­нің, биліктегі жауапкершіліктің, адам­дар арасындағы сыйластықтың, ұлттар арасындағы бітімгерліктің деңгейі мә­дениетке, мәдени ықпалдастыққа байланысты екенін түсінушілік артуда, көпшілікке ыңғайлы ықыласты қолдаушылар тобы жер-жерде көбеюде.
Мемлекеттің алдында тұрған страте­гиялық бағдардың өрістері мен нақты міндеттердің ауқымы тез өсуде. Бірақ, оларды жүзеге асырудағы қиыншылықтар мен кемшіліктердің аясы тарылмауда. Қиын­шылықтан шығудың қайнар көзі – халықта десек, адамның халық­тық күш-қуатының бастауы – мәдениетте. Халық мәдениетіне сүйенген мемле­кеттің қауқары күшті, қадағы  межелі екенін тарих көрсетті. Мемлекеттен қолдау тапқан мәдениеттің берері де, мәртебесі де жоғары. Мәдениетсіз мемлекет қанатсыз, мемлекетсіз мәдениет қорғаусыз.  Құбылмалы осындай қос жағдайда  бірлік-бітімсіз халық азады, тозады. Бірлік болмаған ортада мемлекет те, мәдениет те төл қасиетінен арылып жүдейді. Бұл – тарих шындығы, тарих сабағы.
Ал, ХХІ ғасыр нені еске салады, неге үйретпек?
Әр мемлекет үшін этносаралық бірлік, мәдени бірегейлік, толеранттылық – өте өзекті мәселе. Әлімдегі әлімжеттік пен дағдарысқа бөгет болатын, елдің есін жинайтын күш-қуат осы қамалда. Оның бастауларын, бағыттарын, берерін тұжырымдап, түсіндіріп көрелік: Дүниені талдау – жағдай мен өзгерістерді аңду ғана емес, өзіңді әлжетімге жалдау. Жаһандану заманында дүниежүзінің көп елдерінде саяси-экономикалық, әлеуметтік, техно­логиялық, мәдени даму жолында жаңа мәселелер туындауда. Оның ішінде ұлттар мен ұлыстар, діндер, әлеуметтік топтар, мемлекеттер арасында сенім, келісім тамырын тереңге жайып, орныға бермеді. Әсіресе, діндер арасындағы қақ­тығыстар қа­зіргі таңда бүкіл әлемді мазалап отыр­ған жағдайдың бірі. Соңғы кезде зор­лық-зомбылық, лаңкестік, нә­сіл­шіл­дік пен ұлтшылдық, сонымен қатар, адамзаттың этносына, дініне, мә­дениеті мен дүниетанымына, ой-пі­кі­ріне қарай қудалау,  шеттету, кемсіту, әлеуметтік жағынан әлжуаз  топтарды қорқыту-үркіту жиіледі. 
Әлемдік қилы-қилы бетбұрысты біреу­лер бұрынғы империялық саясаттың әлсіреуінен, күйреуінен десе, енді біреулер, халықтық сананың оянып ұлт-азаттық қозғалысқа ұштасуынан дейді. Басқалары, информациялық қоғамдағы талаптар мен ережелердің күш алуынан деп кесіп айтады. Әлеуметтік бастау мен инициативаның арнасы жалқы, бөлек еместігі онсызда аян. Содан бір мемлекет пен бір мәдениет аясынан шығатын ащы шындық бар. Ол – теңсіздікте, адам еркіндігі мен құқығын жасанды түрде шектемек қысымда. Ал, теңсіздіктің, қысымның қай түрлері болмасын, олар бейбітшілік пен демократияға қауіп төндіреді, адамзаттық құндылықтар мен өркениетке жауыздық қолын салдырады. Этностар арасындағы әр түрлі кикілжің, қақтығыстар біршама елдерде тамырын тереңге жайып келе жатыр. Бұған басты себеп елдердің өз ішіндегі қақтығыстардың жиі орын алуы. Қақтығыстар байлықты, бере­кені және мұраны талан-таражға ұшы­ратуда, демография мен экономикада орны толмас орасан зор шығынға ұшы­ратуда. Бірліктен айрылған әлем этнос­аралық, діни қақтығыстар, экстремизм, терроризмді шешудегі үйлес тәсілдердің тиімділігін өзара дәлелдей және қолдана алмауда. Осы себептен халық бас сауғалап, өз өңірін, туған елін тастап басқа елдерге кетіп, ішкі және сыртқы тұрақсыздықты үдетуде. Содан ірі, үлкен немесе ұсақ, кіші мемлекеттер демей, олардың ішкі жағдайында қауіп-қатердің ауқымы тарылмауда.
Жаһандану үрдісінде өзіндік және ұлттық өмір салтты сақтаудың мүмкіндігі мен жолдары алуан. Сол рухани ресурсты – жақындары жасампаздық қуатпен жарылқайтын әдет-ғұрып; ұрпақ ара­сындағы сабақтастықты жанданды­ратын амалды әрекет; тұлғаның адам­герлік, ұлттың әлеуметтік біре­гей­лі­гін нығайтатын іс-шаралар; әлем­дік тәжірибенің ұлттық нұсқауларын ай­қын­дайтын өрнектер; әдет-ғұрыптық таптаурында шектеткізбейтін бастау деп жатады. Тізіп айту жіктеушілікке еру емес, тұтас бағытты көру. Тұтас бағыт өсер жолдың үйлес, табан тірер әрекеттің түйіндес екенін аңғартады. 
Жаңарған заманда жаңа дәстүр қа­лып­­тасуда, жаңа талап ұсынылуда.  Өмір­­ге  деген  қатаң тәртіппен, бұқаралық мә­дениетке деген олқы-солқы түсінік­тердің уақыты өтуде. Қысымнан туған біржақты қатаң көзқарастар интеллектуалды мәдениетпен үйлесе бермейтіні тағы бар. Соның бір көрінісі ретінде Рссияны алсақ, мұнда кикілжіңдерді басудың ұлттық тәжірибесі негізгі тәсіл ретінде қолданыс таппауда.  Оның себептері жалқы емес, бәрі бірден қалыптасқан жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, СССР-дегі одақтас рес­публикалар өздерінің суверенитетін жа­­­­риялады, елінің тәуелсіздігі үшін кү­­ресін бастады, қоғамдық күштерін топтастырды. Ұлттық идея мен ұлттық мүдде аясында жаңа саясат жасалынды, жүргізілді. Ұлттық саясаттың басты бір тармағы – мәдениетке, мәдени саясатты жүзеге асыруға қатысты. Мәдени саясатты бұрынғы одақтастардың әрқайсысы өзінше жүргізді, жалғастырды. Не де­мелік, әрбір мемлекет өзінің мәдени саясатын ұлттық сипат аясында жүргізуге күш салды, осындай кезеңнен әлі де өтуде. 
Мәдениет мемлекеттің қалыптасуына, ұлттың ұйысуына, адамның азаматтық қасиеттерінің қалыптасуына өлшеусіз ық­пал, шектеусіз қызмет ететіні хақ. Тәуел­сіздігін алған елде мәдени фак­тордың жа­ғымды ықпалы арта бермек. Мәдени қарым-қатынастың деңгейі ұлт­тық дамудың моделін жасауға неме­се анықтауға оң ықпал етері даусыз. Жаңа заманға бетбұрыстың бүгінгі парадоксы неде? Ұлттық тәр­биенің баспалдағы, бет алысы, бағ­дарламасы – әзірге өзара үйлеспеуде. Рухани және ұлттық алауыздықтың алдын алу шаралары әлсіздік танытуда. Былайша миға сыя бермейтін парадокс. Әлемнің қорғаныс саласында жаңа технологиялар жылдам дамып, тез таралуда. Десекте, алаңдайтын жәйттер әр жерде, алуан түрде   елдің халін мүшкіл етуде,  бейберекетсіздік пен өзара күдікті ушықтыруда.  Қауіп-қатерлер халықтың бейбіт өмірін, тыныштығын бұзуда. Ал, мұндай елдерде адамзат құндылығы адам танымастай өзгеріп, қатыгездік, жауыздық, шеттету, біреуді-біреу көре алмау сияқты жаман қасиеттердің етек алуы ешкімді  таңқалдырмайды. Еліне сөз тигізгендер арасында, туған жерден безгендер арасында, ашық қысым көргендер мен зәлімдікке ұшырағандар арасында  дау-жанжалдың асқынуы тегін емес.  
Не керек, дүниетанымдық және елтанымдық бағдарды қайта қалыптас­тыратын кез келгенін сезінудеміз. Россия Федерациясының Президенті В. Путин: Қоғамда тыныштық бұзылып, бейбітшілік орнықпағанда, әлеумет аңсаған, «өмір талабынан туындаған қажеттілік үшін Ата заңға да өзгеріс ендіру әбден мүмкін», деді. Ол теңсіздіктің түбірін құқықтық тұрғыдан реттеу керектігін ескерткендей. Қажеттілікті орындау көңілден шықпағанда,  «реформа деген айқай-шудың» үдей түсуі тегін емес. Ол кем-кетікті аңғартады. Расында,  аяқсыз іс «құмға сіңген судай» айыз қандырмайды, көпшілікті қанағаттандырмайды. Ел­дегі тұрақсыздықтың түбірі –  жергі­лікті өзін-өзі басқару дәстүрінің қа­лып­таспауында, шенеуніктер мен міндетті орындаушылар арасында жеке жауап­кершілікті сезінбеушіліктің асқын­дауында, «төменгі»  биліктің бөлінген қар­­жыны сауатты пайдалануды үйрене алмағанында, деді Президент. 
Іс-шараның оң нәтижесі болмағанда халық қоғамдағы жағымды өзгерісті сезін­бейді және реформаға деген сенімнен айырылады. Аузы күйгендер ыстық та­ғамды үрлеп ішетіні сияқты орамды істің орайын табуға асықпады.  Салғырттықты бейімделудің нышаны деудің реті келмес. Сақ жандар өзінше есейеді, бар мен жоқты өздерінше ескереді. Халық текке кеткен шығынды байқайды, басқару апа­ратының олқылығын, әлсіздігін және жауап­керсіздігін эмоциялы тұрғыдан сынап қана қоймай, тығырықтан шығу жолдарын дүрліге іздестіреді. Осыдан экономика тоқырауының басты себебін сырттан емес, іштен, коррупциядан іздейді. Құзыры мен мәдениеті төмен, құлқыны ашылған, адамгершілікті белден басатын арсыз шенеуніктер, мамандар өндіріс пен өнерді дамытудың жаңа факторларын – кәсіби білімнің жоғары сапасын,  кәсіби мамандықты жетілдіру мүмкіндіктерін, еңбектің ыңғайлы рыногін, инвестициялы ахуал мен қазіргі технологияны дұрыс пайдалануға ықылас танытпайды, сөгілген, шытынаған нәрсеге дәйекті жауап емес, «жамау-жасқау» іздейді. Селсоқ пен қарны тоқтар ел арасындағы нәзіктік пен жіңішкеліктің кенет үзі­летінін білсе де, оған қиналмайды, жан­а­шырлық танытпайды, жаңалыққа тал­­пынбайды. Екіұштылар іскерлік ини­циатива мен әлеуметтік инициативаны жандандыруға жалпы салқын, бірақ, өзгеріске бас пайда тұрғысынан қараудан, телміріп діттегенін ойып алудан тартынбайды. Бастықтың ығында жүргендер болса, жеке жауапкершіліктің салмағы мен өлшемдерін қабылдай бермейді, мойнына алмайды. Сондық­тан, орындалмаған жоспардың сыртқы «объективті» жақтарын тізіп беруге әбден бейімделеді, жеңілдікке машықтанады. Жағдайға ыңғайланғандар шындық пен жалғанның, игілік пен зұлымдықтың ара­жігін ажыратуға басын қатырмайды, қарсы ағым мен әрекетке сын тұрғысынан әділ қарауға ырық танытпайды, тек бас сауғалау қамында болады.
Өктемдік пен бас сауғалау қоғамдық қарсылыққа ұшырамаса, ішкі дерт кең сипатқа айналады. Ондай «қырсық-қы­ңырлық» адамның ішкі дүниесінде де, топтардың арақатынасында да тепе-теңдікті бұзады, этносаралық қарым-қатынаста толе­ранттылық принципті бұрмалайды. Дей тұр­сақта, Россия әлемдегі лидерлік орнын сақтауды стратегиялық ұстаным ретінде қарастыруда. Әзірге ол әлемдегі бес іргелі империяның құрамына енеді. Өзінің табиғи ресурсын, ғасырлар бойы жинақталған ірі тарихы мен мәдениетті, төзімділікте өмір сүре алатын әлеуметтік тәжірибені ескере отырып, ұлттың суверенитетін нығайтуды, әлемдегі имиджін жоғарылатуды мақсат тұтып, россиялық ұстанымды бетке ұс­тауда. Ұстанымда, біріншіден, интегра­циялы үрдістің ауқымын кеңейтуге, қар­қынын күшейтуге, екіншіден, мәдени факторлардың жағымды жақтарын қолда­нуға үлкен мән берілген. Жаңа ұстанымның біздер үшін оралымы қандай?
Қазақстан мен Россия арасындағы жағдайды дұрыс та ауқымды түсіну үшін осы екі мемлекет пен ел арасындағы интеграциялық үрдістерді, оның нақты табыстарының өлшемдері мен қиыншы­лықтарының салдарын талдаудың ма­ңызы артуда. Екі мемлекет  стратегиялы серіктестікті жетілдіруге айтулы үлес қосуда. Екі елдің менталитетіндегі ұқсас­тықтың, орыс пен қазақ рухындағы  жа­қын­дықтың тарихи түбірлері тереңде жат­қаны айқын. Өзара аралас екі халық өз беделдерін бір-біріне де, әлемге де дәйектей түспек құлшынысы – табиғи заңдылық және өркениет талабы. Екі жақта еуразиялық интеграция үрдіс­терін мазмұндай, жетілдіре түсуге мүдделі. Бірақта, күтпеген кедергілер серіктестікті аяқтан шалуда.  Кедергілер тауар, қызмет көрсету, капитал, жұмыс күштерінің айналымына қойған шек­теуліктен білінеді. Шектеуліктер екі елдің өнімдерін ішкі рынокқа келісім бойынша уақтылы жеткізуге кесірін  тигізуде, қиыншылықты қолдан, жасанды түрде арттыруда. Белсенділік пен бақылаудың әлсіздігінен қоғамдық қажет­тілікке қызмет ету ақсауда, баяу, дірмәнсіз жүруде. Дірмәнсіздік жаңаны жақтамайды, үмітті ақтамайды.
Билік пен бизнестің барлық құрылым­дары  тиімді мәмілеге келуі, ортақ шешімге тұрақтауы – ортақ мұқтаждық. Ол үшін ұлттық экономика мен ұлттық саясаттың құрылымын қайта жаңғырту қажеті артуда. Жаңғыртуды нақты және жаппай ендіру – мәдениеттіліктің межеуіне айналуда. Мақсат ұлттық мүддені толығырақ қамтитын бірлескен жобаларды жасауға, бағдарламаны басшылыққа алудың тиімді­лігін іс жүзінде көрсететін нәтижелі іс-шараларға тірелуде. Жер-жердегі табыс көзі нақты интеграциялық үрдісте екенін, соған көз жеткізетін қырағылықтың маңызы анағұрлым артуда. Қол жеткен әрбір келісім шығынды азайтады, табыс көзін көбейтеді, екі халық арасындағы сенімділік пен сыйластықты күшейтеді.  Бұл шындықты халық жүрегімен қабылдап, парасатымен ұғына бастады.
Сол үшін елдегі мамандардың кәсіби дайындығын, азаматтық борышын қатар көтермелеуге қоғамдық сұраныс артуда. Онсыз өзін-өзі басқарудың қуатты тетігі іске қосылмайды. Ендігі мемлекеттік ірі шешімдер мен стратегиялық жобаларды қоғамдық талқыдан өткізу, ол үшін қоғамдық кеңестің құзіреттілігін арттыру, оларға баламалы эксперттік құзіретті беру, қоғамдық палатаға дайындығы бар, еліне жанашыр мамандарды тарту мәселелері де мемлекеттік саясатқа айналуда. 
Бұл – халықтық қозғалыстан туындаған Россиялық бастама. Ендігі көп жағдайда мемлекеттік саясаттың тиімділігі, қоғамдық қатынастың өнімділігі мәдениетке, мәдени факторға, мәдени ықпалдастыққа байланысты екеніне ұлттық элитаның көзі жеткендей. Сонымен мәдениетке деген ықылас та, қозғалыс та күш алуда. Не себептен? «Мәдениет» дегенде адамның қоғамдық тіршілік иесі ретінде дамуына тікелей қатысты адамдардың материалдық және рухани өндірісте жасаған құндылықтардың жүйесі деп ұғынамыз. Ол  таным дұрыс та. Бірақта, адамның адамгершілік қасиет­терінің, тілді меңгеруге ықпал ететін қоғам­дағы салт-дәстүрлермен араласудың, белгілі мәдениетке тән тәсілдерді, іс-әрекет­тердегі дағдыларды меңгерудің нәтижесі қаншалықты ескеріледі деген сауалдар  назардан тыс қалатынын аңғарамыз ба? 
Мәдениет деп отырғанымыз, бірін­шіден, тарихи дамудың нәтижесі әрі өлшемі; екіншіден, адамдардың қоршаған табиғи орта мен экономикалық мәселелерге ерекше бейімделуі, үшін­шіден, адам­дардың бойына био­ло­гиялық мұра ретінде берілмей, адамдардың үйреніп меңгерген мінез-құлығы мен әдебі. Оған адамдар жасайтын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құндылықтар – құралдар, белгілер, ұйымдар, жалпы іс-әрекеттер, көзқарастар, нанымдардың бәрі де кіреді. Болмыстық тұрғыдан пайым­дасақ, мә­дениет деп отырғанымыз а) адам­зат мұрасы, қоғамдағы өнімді ең­бек пен өнердің нәтижесі; ә)  өмірдің әр сала­сын­дағы қоғамдық қызметтің көрсет­кіші, адамдықтың өлшемі; б) адамның өзін тү­сіну және өзара бүгінгі ұрпақтың бар­ға икемділігі және болашаққа қатысты кемеңгерлігі. 
Өз сөзінде Президент В.Путин орыс мәдениеті деп бөле-жара айтпай, «россиялық мәдениет» дегенге басы­мырақ назар аударады. Бұл жылтыр жымық па, есебі артық қулық па, әлде стратегиялық бағыттан  туындаған  бағ­дар ма? Астары қилы,  күрделі мәселені әр қоғамдық-саяси ағым өзінше пайымдауы ықтимал. Десекте, мәдениеттің маңызы неден білінеді? Біріншіден, адам­ның еркіндігі мен тәуелсіздігін, халықтың жарастығын арттырудан, екіншіден, білім беруді өндіріс пен өнер үлгісімен үйлес­тіруден, үшіншіден, ел патриоттарын тәрбиелеуден. Мұндай басты ұстанымда  өрелі ұстанымдар, жаңа әдістемелі талаптар мен мәнді қағидалар үйлеседі. Қоғамдық қажеттіліктен мәдениетке деген жаңа қарым-қатынастар қалыптасуда. Мемлекет жітік іздемпаздар мен қамқоршы патриоттарға ниет танытса, қолдау жасаса, мәдени ықпалдастықты жер-жерде жандандыратын естілер, еріктілер мен еңселілер табылмақ. Тек ерікті мен еңселіні қолдау – мәдениетті қолдау, тіпті екі жақты да оңдау екенін ескеретін, соны түсінетін, түсіндіретін әрі қолдайтын кез келді.
Мәдени қарым-қатынасқа орай адамның рухани-адамгершіл ниеттері қалыптасады, қоғамда ағартушылық жұмысы мен білім беру жүйесі жетіледі. Келісілген немесе өзара түсінісетін қимыл-әрекеттің аясын кеңейтеді. Мәдениет қоғамдық кеңестің қызметін жандандыруға, оның тәртібін ықпалдастыруға жөн салады, сол арқылы рухани және әлеуметтік ықпалды арттырады. Мәдениет адамның азаматтық және патриоттық сезімін сергітеді, оның күш-қуатын қажетті деңгей-дәрежеге шо­ғыр­ландырады. Нағыз патриот өз көз­қарасына үйлеспейтін ой-пікірлер мен тұжырымдарды біржолата жоққа шығар­майды, қайта ел бірлігін сақтайтын, халық мүддесіне қайшы келмейтін ұста­нымдарды төзімділікпен қабылдайды. Басқа түсініктерге төзімділік таныту – өзің­нен басқалардың құндылықтарымен есептесу деген сөз. Бірақ, россиялық қоғам ел ішіндегі күрделі ауыртпалық пен алауыздықты, сыртқы саясаттағы біржақты (бір саяси күш үшін үстемдік орнатпақ, басқа саяси ағымдар үшін өз мүмкіндігін теңестірмек) курсты әрқалай қабылдап, бағалап жатқанын аңғартады. 
Мәдениет саласында мемлекеттік және ұлттық саясаттың жүйелі негізін қалыптастыру – танымдық маңызы зор мә­се­ле ғана емес, ел болашағын жақын­­дататын құралға айналуда. Елді бірік­тіретін сондай құралдың бірі – тіл, бірі – еларалық миграция мәселелері. Орыс тілін білмеген, енді жұмысқа орналаса алмайды, әрине, россиялыққа жатпайды. Бұл талап халықаралық деңгейде дамыған елдерде қалыптасқа ахуал. Ондай талапты іргелі мемлекеттер күмәнсіз қабылдаған, күдіксіз орындайды. Ереже қанға сіңгендей. Бірақ, орыс тілді адам жергілікті ұлттық, халықтық тілге қалай қарауы, оны құрметтеуі керек деген мәселе жүйелі шешімін таппағандай. Федералды өкіметте орыс мәдениеті мен үлкенді-кіші басқа ұлттар мәдениетінің арасалмағы мен болашағы қандай болмақ деген сауалдың шешімін таппай жатқандығы байырғы күдікті еске салады. «Империялық ұлттың санасы Россиядағы басқа ұлттардың тілін қабылдауы қиын, бейім емес» деген пікірлер ел аузынан түспейді.
Ұлттық тіл, діл, мәдениет мәселелері жер-жерде, әр салада оңтайлы нақты шеші­мін таппай, қоғамдағы қайшылық­тардың ушықтанатыны, жоғары да аталынған қиыншылықтардың біркелкі шешіле бер­мейтіні күмән тудыра бермейді. Еңсе басатын, етектен тартатын объективті және субъективті тұрғыдағы себептер де аз емес. Пайымды да парасатты сыннан өткен Қазақ­стандық тәжірибенің білікті жақтарын атап өтерлік.  Қазақстан Республикасы 2007 ж. «Мәдениет жылы» деп жариялады.  Осы жеті жыл аралығында қоғамдық келісімді, халықтық татулықты, ұлттық бірегейлікті нығайтатын келелі іс-шаралар арнайы бақылауға алынды, соның ішінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама жасалынды. Тәуелсіздік пен еркіндікті нығайтуда мәдени фактордың рөлі артты. Мәдениеттің ықпалын арттыратын бағ­дарламалар мен нормалар анықталынды, жинақталынды. Бағдарламадағы инновациялар  өркениеттіліктің сұранысынан туындады.
Тарихтың алуан бет-бұрысында ұр­пақтар арасындағы сабақтастық, халықтың бірлік-бітімі мәдениет мәйегі аясында жаң­ғырды, жалғасын тапты. Халықтық бол­мыстың өзіндік өрісі мен өлшемі мәде­ниетке, мәдени өнім мен алмасуға орай анықталына бастады. Тарихтан нәр алатын түп-тамырымыз мәдениетте сақта­лынатынын ұлттық деңгейде ұғынушылық артты. Сонда мәдениет туралы ұлттық түсінік пен сана-сезім деңгейі қандай? Ал, нақты ұлттық орта мен ұлттық дәстүр аясында бұл бағыт қандай қолдау және шешім табуда?
Өркениеттік тұрғыда алғанда, адамдар мен халықтар арасындағы келісімде мәдениет түрлері қоғамдық шеңберде тоғысады, мәдени бірегейлік нығаяды, мәдени серіктестік өрбиді.  Десекте, бірінші ұс­таным: өзгенікін де ұлықтайық, өзімізді де ұмытпайық. Мәдениет тұл­ға­лықтың тәсілі, адам болудың құ­ралы, әлемдік тәжірибеге енудің пәр­менді әрекеті, сондай оң да өнімді қоз­ғалыстарға сұраныс. Былайша, кү­мән тудырмайтын шындық. Бірақта, осындай әлемдік тәжірибе мен өркениет үлгісі қазақтың тілі мен мәдениетін же­тілдіруге қаншалықты қолайлы жағдай тудыруда? Бұл мәселеге ат үсті, жеңіл-желпі қараушылардың құрымы аз емес екені мәлім. Елді түлететін намыстылар, тұйыққа тірей­тін рухы көмескіленгендер. Әлемдік дағдарыс пен ішкі қайшылықтар аясында мәдениетке деген көзқарас та, талап та өзгеруде, өзгере береді де. Десекте екінші ұстаным: Қазақтың келбетінсіз Қазақстанның тұрақты бүгіні мен өрім­тал болашағының бейнесін елестету мүмкін емес. Өйткені, қазақ рес­публика халқының 70-н артық пайызын құрайды. Бірақта, сандық көр­сеткішті сапалық деңгейге көтеру үшін Қазақстандағы ұлтаралық өзара тәуел­ділікті, яғни, толерантты қағиданы басшылыққа алу шарт. Содан үшінші ұстаным: толеранттылықты мемлекеттік, ұлттық , мәдени саясаттың темірқазығына айналдыру.  Толеранттылықты  іс-шарадағы адамдарға, олардың әрекеттеріне қатысты төзімділік, шыдамдылық, сабырлылық деп айтып жатамыз. Негізінде, дұрыс ұғым. Бірақта, қазіргі ғылымда толеранттылық әр түрлі аспектіде – әлеуметтік, діни, саяси, жыныстық, этникалық, т.б. деңгейде қолданылатынын білеміз бе, білсек оның практикалық мән-мағынасын дұ­рыс ажыратып және қолданып жүрміз бе? Назардан тыс қала беретін мәселе. Мысалыға, қазақта толеранттылық ұлт­тық сипат алған. Ол дегеніміз қазақ халқы достық пен татулықты, бірлік пен бітімді ең жоғары құндылық әрі мәртебе деп ұққан. Осы ұстаным бойынша өмір сүруге тырысқан. Қазақ халқының толеранттылықты ауқымды мағына да – жанашырлық, қолдаушылық, көрегендік деп, өмірлік тәжірибе ретінде оның әр қырынан қарастыруы, оның болмысын аңғартады. Не десекте, қалай айтсақта, қазақ халқы толеранттылықты тарихи-мәдени кеңістікте отандастарды қоғамдық күш ретінде топтастыратын маңызды фак­торға жатқызды, оған ұлттық сипат енгізді. Солай болуды іштей құптаймыз, ал, кімдер мінез-құлқымен қалай бермейді. Ал, көңіл сыздататын ахуалға рухани-діни тұрғыдан қарастырсақ, онда ұстамдылық, ұстамдылыққа деген тұрақтылық кең қолданыс таппайтынын пайымдаймыз.
Өзімізге таңсық нәрсе де бар.Орыс тілдес отандастарымыздың қа­зақ халқының мәдениетіне, тіліне, дініне, қысқасы рухани мұрасына бей-жай, үстірт, немкетерлікпен қарауын қашан доғарады, көзқарастағы мұндай мүкістік пен келтеліктің қауіп-қатерін қашан ұғады? – деген сұраққа баянды жауап күтетіндер тобы көбеюде. Мұны біреулер толеранттылықтың көрінісіне жатқыза салып, ұлттық мәдениетке деген жанашырлық пен жауапкершіліктен тайынбақшы болады.   Базы біреулер, толеранттылықты әр істе асығыстық жасамау, барлық мәселені шешіп тастаймын деп көкірек қағудан сақтандырады. Әр салмақты ойда ақиқат нышаны қы­лаң­дайды. Әйтседе өзін де, өзгені де әрекетсіздікке шақырып тұрғанын сез­бей қалатындар да аз емес. Пайымдай түссек, толеранттылық, бір жағы, бір сегменттік актуалды танудың түрі және тәсілі екенін, біржағы, ұлтаралық қатынастарды, саяси тұрақтылықты реттеудің ерекше бір маңызды тетігі екенін ұғамыз ба деген күдік еріксіз ойға оралады. 
Әр ұлттың, әр діннің жинақтаған өмірлік тәжірибесін бір-біріне қарсы қойып немесе бірін жоққа шығарып, бірін жасанды түрде көтермелеу – адамзаттың ғасырлар бойы жинақталған рухани байлығынан, тіпті көптеген ұрпақтардың рухани жетістігінен айыру деген сөз. Халықтың даналығы, біріншіден, бірлік, бітім, бәтуаны қолдай­тын қағиданы басшылыққа алуында; екін­шіден, ақылға бай, ойға терең, сезімге кенен, сабырлылығы мен ұстамдылығы айқын азаматтарға, ардагерлерге арқа сүй­ей білуінде, үшіншіден, қажырлық пен қайырымдылықты әдет-ғұрыпқа айналдыруында. Сондықтан, халқымыз ойланып толғанбай жансыз жерге «пышақ салудан» сақтанды, тектілігімен ақталды. Қысқасы, толеранттылық туралы түсінік пен осы бағыттағы әрекетте стратегиялық ұстаным мен тактикалық амалдың үйлеспей жатқаны жанымызға батып қоймай, әлеуметтік кесірге ұшыратуда. 
Стратегиялық тұрғыдан ойымызды сараптасақ, толеранттылық саяси тұрақ­тылықтан, қоғамдық келісімнен, әлеуметтік түсінушіліктен, елді басқаратын қатынастан, татулықтан, ұлтаралық келісімнен және саяси этникалық-діни төзім­діліктен тұрады. Мәдениеттегі толерант­тылық тактикалық амалды әрекеттен - төзімділік, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, қолдаушылық, көрегендік, ұстамдылық, ұстамдылық пен мейірімділікке деген тұрақтылық сияқты ұстанымдардан құралады. Мемлекеттің дамуын және рухани-мәдени келбетін қамтамасыз ету үшін төзімділік таныту,   тіл табысу, өзара көмектесу – мәдени мүдденің мәйегі. Мәдени тәжірибенің үйреткені: өз халқың мен мемлекетіңнің мүддесін өзіңше қорғай біл, соған қамқорлық жаса; өзіңнің қабілет-қасиетіңді әрекетте көр­сет. Осындай міндеттерді шешу үшін біз үш бірдей жаңғыртуға – бірлесу әлеуе­тіне, бірліктің әлділігіне, ерік-жігерді жетілдіретін  әрекеттерді келістіруге қол жеткізуіміз керек.  Бірлікте бас қосқан, өз әлемін ашқан. Ал, «өзінің тарихын қадірлемейтін, өзінің ұлттық байлығын бағаламайтын халық табысты да бола алмайды, тағдыры да сәтті болмайды» (Н. Назарбаев). Ұлағатты тоқтам көкі­ректің көлеңкелі астарына басып тастайдындай, соған меңзейді. 
Мәдени бағдары мен дүниетанымдық түсінігі әртүрлі адам немесе топтар арасында ортақ тіл табысу күрделі де қиын. Неге? Олардың наным-сенімі, рәсім-салты үйлесе бермейтіні, бергі айырмашылық. Жалпы айырмашылықты ырықтауға болады, егер шындыққа жеткізетін жол ашық, айқын болса. Қиыншылықты жеңу­ге болады, егер ортақ мақсат-мүдде және оларға жететін әділ тәсіл таңдалса. Шын пейілмен қысым мен күш көрсетуге, өшігуді ұшқындатар ашкөздікке, жалпы керағарлыққа қарсы тұратын  жүректі азаматтар болса, олардың белсенділігі артса дейміз. Аумалы-төкпелі заманды бей­бітші­лікке негіздеу үшін адам­зат пен азамат не амал жасау керек? Кем­ші­лік пен қиыншылыққа төзімділік таныту, аласапыранда сабырлы болу – үлкен саясаттың баянды түрі. Ол үшін ықпалдылар әлсіздердің мүддесін мойындап қана қоймай, онымен санасуы қажет, бағыты бірлер өздерін тең ұстауы әжет.  
Мәдени серіктестік өзара түсіністік пен бірін-бірі қолдаудың алуан деңгейлерін қо­сақ­тайды. Өйткені, мәдени серіктестік нақтылыққа, сабақтастыққа, ілгері құл­шы­нысқа, басты бағытқа негізделеді; құлшыныс бірлестігін, үздік іс-әрекетті, көз­қарас тұтастығын, іс-әрекет түрлерінің өзара байланысын қамтамасыз етеді, сондай ережелерді арқа тұтады; адамның интеллектуалды және тұлғалық дамуына демеулік етеді. Ендігі таңда мәдени серіктестіктің гуманистік дәстүрге, тұл­ғаның рухани қазынасына, интеллекті даму­дың жалпы сипатына сүйенетін шарттары орындалмауда. Гуманистік түсінік ережелері әрқалай бұрмалануда.
Қоғамның саяси мәдениетін адамның ар­найы ділдік, діндік, жасампаз іс-әрекеттері мен құндылықтардың жүйесі дерлік. Қоғамтану ғылымдарының маман­дары саяси мәдениетті – қоғамның саяси мәдениет (саяси танымдылық саяси қарым-қатынастар, саяси ұйымдар) жүйе­сінің барлық элементтерінің деңгейі, сипаты және құзырлы әрекеттерінің бір­лігі деп таниды. Сапалы іс-әрекеттер бірлігі – мәдениеттілікті мәйектеудің де, өркениетті өрістетудің де маңызды қозғау­шы факторы. Ол адам мен ұйымның, адам мен коғамның қарым-қатынасын және саяси құндылықтарын толықтайды. Адамдық қатынастардың құндылықтарын қалыптастыратын саяси мәдениет бүгінде қоғамдық танымның аса көрнекті белгісіне, қоғамдық қозғалыстың айнымас тірегі мен құралына айналуда. Саяси мәдениеттің Қазақстан мен Россия арасындағы саяси ерік пен әлеуметтік жүйеге жол ашуы – жетістік, ал – интеллекті мәдениеттің инновациялық идеясына, өмір-салттың оң көрсеткішіне қол жеткізудің мәдени маңызы анағұрлым ауқымды, әлеуметте күрделі үрдіске және күнделікті қажет­тілікке айналуда.
Ұлттық мәдениет пен  мәдени саясат шең­берінде әлеуметтік серіктестікке қатысатындардың саны да, уақыты да шек­теулі. Әйтседе, оның нұсқауы қоғамдық бол­мыс пен сананың нақты деңгейіне арналады. Ал, жаһандану үрдісі аясында серіктестіктің қай түрі болмасын адамзат өркениетінің ұзақ мерзімге арналған проб­лемасына басымырақ күш жұмсайды.  Қос арна мен қосақтаулы тартыс додасында мәдениет сұхбатын, тіпті әлеуметтік инновацияны жандандыру – өркениет қажет­тілігі, екі ел арасындағы мұқтаждық. 
Қажеттілік аясындағы, қоғамдық  сұ­ра­­ныс қарқынындағы мәдени сұхбат, мәде­ни келісім, мәдени бітім, мәдени ық­пал­дастық дегеніміз не, оның өмірлік және тұлғалық құн­ды­лықтары қандай? Мәдениет­тілік­­тің жоғары түрі және көрсеткіші – адам еркіндігі, ел егемендігі, мемлекет тәуел­сіздігі. Еркіндік, егемендік, тәуелсіздік орныққан ортада    қазақ елі:
- ашық сұхбатта басқа ұлттармен тіл табысты,  жарасты ықпалға қол жеткізді; 
- қоғамдық келісімді сақтады және нығайтуда;
- ұлттық мәдениет пен дәстүр артық­шылығын қорғай білді, мәдени игілікті жинастыруда;
- мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілділік танытуда;
- ұлт ретінде өмір сүрудің қоғамдағы тұрақты кепілдікті арттыруда.   
Бұл қағидалар мәдениеттіліктің ұста­ны­мын құрауда, мәйегін құнарлауда.  Адам­­­ның рухани-мәдени келбетін игілікті ұстаным, өзара түсіністік, төзімділікке психологиялық дайындық құрайды. Оның келелі белгілері мен психологиялық дайын­дығына, мамандардың пайымдауынша,  – түйіспелілік, ақкөңілділік, беймазалықтың болмауы, әрекеттің жинақылығы, әдепті­лік, төзімділік, сенімділік, әлеуметтік белсен­ділік жатады.
Россия, Қазақстан ортақ проблемаға қатысты, ортақ әрекет жетістіктерді бір-біріне дер кезінде, дұрыс жеткізу үшін жаңа қадым жасауға, тиімді қозғалыстарды бастауға мұқтаж. Рухани және әлеуметтік бедел аракідік түсінбеушілікке жол бермеу үшін де маңызды. Ең бастысы, жаңа әлеуметтік-мәдени перспективаның жобасын немесе моделін жасайтын ізденістерді топтастыру үшін маңызды. В. Путин осы бағыттағы ойын жүзеге асырудың тың, тиімді бастамаларын қарастыруда, осы бағыттағы іс-шараларды назардан тыс қалдырғысы келмейтіндей.
Қазақстанда ұлттық ұстанымдар бірлік-бітімге жөн-жоба ашуда. Олар – этностық, конфессиялық, мәдени және тілдік саналуандылық; Қазақстан этнос­­тарының мәдениеті мен тілін дамытуға қолайлы жағдайлар;  төзім­ділік және жауапкершілік; қазақ этносының ұйыс­ты­рушы рөлі, Қазақ­стан халқының бір­лігін жетілдіру. Ұстанымның саяси-әлеуметтік бағдары этносаралық қарым-қатынаста нәти­желі түрде жүзеге асуда.
Қазақстандық мәдени саясатта тұ­жырым мен әлеуметтік тәжірибе түбірлес, өзара байланыста қарастырылады. Олай дейтініміз Қазақстанда а) этносаралық қатынастарды саясаттандырмау қағидаты бекітілген; ә) эт­номәдени бірлестіктер, этностардың қоғам­дық ұйымдары мен азаматтық қоғам институттары өзара іс-қимылдары негізінде құрылған; б) этностық топтар аса жоғары азаматтық-құқықтық және қоғамдық мәртебеге ие. 
Мемлекет пен қоғамның міндеттемесі – жастарға, азаматтарға олардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруға барынша мүмкіндік беру; әлеуметтік тұрақтылықты нығайту; халықаралық прогрессивті бастамаларды қолдай отырып, елдің жаһандық қауіпсіздікке тигізетін үлесін арттыру. Екі ел арасында  мәдени саясатты мемлекеттің даму кезеңі негізінде қарастыру, интеллектуалды элита, қоғамдық күштер, саяси партиялар арасында ашық сұхбатты жүйелі түрде жүргізудің маңызы артуда. Сұхбаттасу мәдениеті  шындыққа, өзара түсіністікке қол жеткізу барысында білінеді. Оған арнайы дайындық, білім, дағды керек, оған уақыт пен қаражат, мемлекеттік құрылымдағы жетекшілердің құлшынысты ырқы керек. 
Әр мемлекет өз елінің имиджін әлемге паш ететін, көрсететін тартымды сұхбатқа, әлеуметтік инновация түріне мұқтаж. Мәде­ниаралық байланыстар өзара түсі­ністік пен бір-біріне деген төзімділікті арттырады. Сонда ғана саясат пен мәдениет субъектілерінің өзара қолдау ырқы кең арнасын таппақ.  Россияға әмісе жетіспей  жат­қан жағдай. Қазақстан және Россия Елбасшы­ларының мемлекеттік және ел­дік дамудың мәдени негіздерін нығайту, кеңейту тәсілдерін қарастыруы – достыққа, болашаққа жол ашу деген сөз.

 

393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз