• Еркін ой мінбері
  • 06 Наурыз, 2014

САЯСИ ЖӘНЕ РУХАНИ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛҒАН ҰЛТШЫЛДЫҚ немесе қазақ ұлтшылдығының көсемі туралы ой

ТлешовЕрбол Тілешов, 
Астана қалалық 
Тілдерді дамыту 
басқармасының басшысы

Қазақтың ел мен жер турасындағы сан ғасырлық аңсары ХХ ғасырдың басында ұлтшылдық санаға ұласты. Қазақ ұлтшылдығының дәл осы кезеңде қалып­тасуында, саяси және рухани идео­логияға айналуында бірнеше себептер жатты. Біріншіден, аталған кезеңде қазақ зиялыларының үлкен шоғыры қалып­тасты. Оның басында Ресейдегі саяси-қоғамдық жағдайлармен жақсы таныс, көшбасшылық қабілеті жоғары, қазақтың теңдігі мен бостандығын саяси жолмен ғана шешуге болатындығын терең түсінген Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан және рухани мәдениетіміздің ең белсенді тұлғасына айналған, жаңа ағартушылық дәуірді бастаған Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Екіншіден, Ресейдің ішіндегі саяси-қоғамдық ахуал орыс патшалығындағы халықтардың бостандық пен теңдік үшін сая­си күреске шығуына кезеңдік мүмкіндіктер тудырды. Үшіншіден, қазақ тарихының даму логикасы ұлтшылдық идеясының осы кезеңде туып, өрістеуін қалады. «Алаш» сөзінің халықтың шығу тегіне, төркініне қарай ғана емес, халықты біріктірерлік қуатты ұғымға, дәуірлік ұранға айналуы да осы кезеңнің жемісі. Дәл осы кезеңде «ұлт» сөзі белсенді лексикамызға енді. Ендеше, қазақ ұлтшылдығы жөнінде айтқанымызда, біз оның осы ұғымға сай кең мағына берерлік сипатын, мазмұнын ХХ ғасырдың бастапқы жылдарымен тікелей байланыстырамыз. Осы аталған үш негізгі себептің дәуірлік идеологияға айналуында, әлбетте, отаршылдық саясаттың қысымы жатыр. Оны Алаш қайраткерлері Әлихан да, Ахмет те, Міржақып та атап өткен. Яғни, әлемдегі отаршылдық тәжірибесі көрсеткендей, қазақтың да ұлтшылдығын өршіткен отаршылдық саясат, отаршыл үкімет. Сондықтан, Әлекеңдер тұтас қоғамдық ойға, рухани пікірге, кейінірек идеологияға айналдырған қазақ ұлтшылдығы – басқа халықтардан үстемдікке, артықшылыққа құрылған ұлтшылдық емес, ол туған халқының нақты жағдайынан, атап айт­қанда, отаршылдық езгісінен теңдік пен бостандыққа ұмтылуға, есесі кеткен, еңсесі түскен қазақты жұрт қатарлы ел етуге бағытталған болуға тиісті табиғи, саяси һәм рухани күрес болатын. Осы күресті бүгінгі тарихнамамызда «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Тарихымыздағы осы ең ірі, ең мақсатты қозғалыс қазіргі кезде зерттелініп, қоғамдық санадан берік орын алып ең жарқын, ең айбынды, ең жемісті кезең ретінде бағалана бастады. Әлбетте, қазақтың белсенді саяси күреске түсуінің алғашқы үлгісі, тұңғыш тәжірибесі болған, үш жүздің баласын басты мұрат жолына ұйыстырған, ұлттың рухани өрлеуінің белесті кезеңіне айналған осы қозғалыс тәуелсіздігіне «тәубе» деп жатқан бүгінгі қай қазақ үшін де, осы егемендіктің жемісін татар, табысына тамсанар болашақ қазақ баласы үшін де тағылым мектебі, өнеге университеті болмақ. Сондықтан, Алаш қоз­ғалысын  зерттеу, зерделеу, санада қорыту қазақтың бақыты мен баяндылығының үлкен кепілі. Осыны ұғынған сайын біз ұлттық абырой мен намыстың не екенін, азаттықтың тым қымбат екендігін, ел болып тұрудың, ұлт болып сақталудың аманат екенін жақсы түсінбекпіз. 


Алаш қозғалысының, қазақ ұлт­шыл­дығының тарихында Әлихан Нұр­мұхамедұлы Бөкейханның үлесі зор деп айтсақ, бұл айрықша тұлғаға аздық етер еді, дұрысы – Әлекең сол қозғалысты бастаушысы әрі жетекшісі, ұлтшылдықтың, ұлтшылдық болғанда жыр боп қайралған, өлең болып насихатталған рухани ұлтшылдықтың емес, тұтас дәуірдің идеологиясына айналған саяси ұлтшылдықтың ұстыны һәм діңгегі. Өйткені, Әлихан Бөкейхан сонау 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатынан» бастап Алашорда үкіметі тарағанша азаттық қозғалыстың басында тұрды. Қоз­ғалысты алғаш ұйымдастырушыдан бастап Алашорда үкіметінің төрағалығына дейін жеткен оның қайраткерлік күресі көшбасшылық, жетекшілік тұлғада ғана сипатталмақ. Саяси серігі, өзімен иықтас Ахмет Байтұрсынұлымен салыс­тыр­сақ, Әлекеңді Алаштың саяси кө­семі ретінде, Ахаңды рухани көсемі ретінде бағалағанымыз жөн. Әрине, бұл біздің жаңалығымыз емес, бізге дейін де осыған ұқсас пікірлер айтылған. Біздікі нақтылау, тұжырымдау. 
Алаш қозғалысының өзіне дейінгі азат­тық қозғалыстарынан, күрестерінен түбірлі айырмашылығы, ең басты ерекшелігі – оның саяси қозғалыс сипатында болып, ерекше идеология қалыптастыруында. Мұндай идеология, әлбетте, сол кезеңдегі қазақ қоғамы үшін ең қажетті идеология ұлт­тық бостандыққа бағытталған, қазақтың ұлттық  санасын оятуға негізделген мақсатты ұлт­шылдық идеология болды. «Бүкіл Ресей империясын құшағына алған 1905 жылғы революциялық жағдай қазақ қоғамында ұлтшылдық идеологиясының тұтас бір концептуалдық сипат алғандығын және пәрменді қалыптасу жолында тұрған­дығын анық байқатты» деп жазады танымал алаштанушы М. Қойгелдиев. Міне, қазақ қоғамы үшін осындай ең өзекті, ең ірі саяси идеологияның басында оны ұйымдастырушы һәм жетекші ретінде Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның тұр­ғандығын айттық. 
Ғаламдық қақтығыстар мен мүдделер бірде тоқайласқан, бірде қарсыласқан, саяси қайшылықтары мол, әлемнің саяси картасына сан рет өзгерістер енгізген ХХ ғасырды Алаш баласы да саяси күреспен бастады. Алдымен отаршылдықтың қазақ даласына таңылған тәртібін өзгертуді ұлықтарға өтініш жазудан бастаған Алаш қайраткерлері одан ештеңе өнбесін ұғынған соң саяси һәм рухани белсенді күреске көшті. Ресей империясының саяси тәртіптерінен туындаған қысымға саяси күреспен ғана қарсы тұруды ұғынған олар халықтың санасын оятуды, қазаққа өзінің шың жағдайын ұғындыруды мақсат етті. Саяси, рухани ұлтшылдық ұранын көтерген қазақ қайраткерлері, Ахаң сөзімен айтқанда: «Талауда малы, Қамауда жаны» қалған халықтың басқалардан қайдағы бір астамшылығын, өзгелерден еректігін емес, жұртының мінезіне сын, күйі мен халіне аяушылық, талапсыздығы мен сауатсыздығына кейіс, жалқаулығы мен көнбістігіне ашу, жікшілдігі мен рушылдығына ыза білдірді. Әлекең бастаған зиялы топ, әсіресе, қазақтың өзімен іргелес халықтардан кәсіп, білім, шаруашылық жағынан кейін қалып жатқанын, сөйтіп өз жерінде тұрып, өз үлесінен құр қалатынын  үнемі ескертумен, үндеумен болды. Алаш көсемінің: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Европада ұлығ патша атанған жұрт, халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп ұлығ патша болып отыр. Біздің қазақ жерін мұжық алғанда мұжық табан ет, маңдай теріне сүйеніп алып отыр. Бұрын қазақ «Аху, уху» деп неше мың жылқы босқа өзінен өзі өсіп өнетін мал айдап, көшіп жүрген жерден, мұжық келе сала қазына суырып алып, байып отыр. Күні-түні қызметке жанын жалдағанның рахатын көріп отыр» деп дәуір тынысын танып, халқына заманына қарай амал жасауға шақыруы, «Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік – ақыл, ұсталық, жәһитшілікте» деп қазақты қайрауы, «Өстіп, қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруаға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді» деген ойларында халқына деген үлкен жүректі жанашырлық пен көрегендік жатыр. 
Қазақтың табиғи гуманизмі, өзге ұлттарға деген көзқарасы, өзі босағаға ысырылып басқаға төрден орын беретін ақкөңілдігі мен аңқаулығы, артын ойламай алдыға түсіп кететін далалықтарға тән, кейде өзіне зиян болып жататын ақжарма мінезі мен дағдысы – өзін-өзі билеген кең заманнан Ресейдің отаршылдығына түскен, оның қитұрқы саясаты үстемдік еткен заманда жалпы халықтың дағдаруына, рухани деградацияға түсуіне алып келді. Жыраулар болжаған, Дулаттар ашынған, Абай налыған заманның халіне бұдан былай қазақ оқығандары көнбек емес еді. Саясат майданына айналған ендігі дәуірде саяси күрес қана барлығына дәру болмақ. Қазақтың Еуропа елдері сияқты саяси институттары, Ресей сияқты саяси партиялары болмаған себепті, оның саяси идеологиясының мазмұны ұлтшылдық сипатта ғана болуы тиіс еді. Жұртты бостандыққа ұмтылуға үндейтін, халықты рухани жаңғыруға шақыратын ұлтшылдық ұрандары ғана дәуірдің ең өзекті, ең қажетті таңдауы болмақ. Сондықтан, қазақ ұлтшылдығының саяси идеология ретінде ХХ ғасырдың елең-алаңында тууы табиғи да, тарихи да қажеттілік болатын. Осы саяси идеологияның басында тұру, серіктері мен ниеттестеріне жетекшілік ету, жалпы халыққа саяси көсем болу Жаратқанның қалауымен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға бұйырды деп сеніммен айтуға болады. 
Ұлтшылдық идеология – Алаш қозғалысының бастау қайнары, негізгі өзегі, басты бағыты. Әрине, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының саяси көзқарастары, қоғамдық ойлары, өзіндік позициялары абсолютті түрде бірдей болды деп те кесіп айтуға болмас. Десек те, Әлекеңмен мүдделес көптеген қайраткерлеріміз ғасыр басынан бас­тап Алашорда тұсына дейін онымен ұлтшылдық платформасында болғаны ақиқат. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлтшылдығы қайраткер азаматтардың саяси пікірлерін ғана емес, сол тұстағы әдебиеттің де идеялық бағдарын, жаңа туып келе жатқан қазақ баспасөзінің де мазмұнын қалыптастырғанын білеміз. 
Ресей астанасынан жоғары білім алумен бірге, орыс қоғамындағы әртүрлі саяси – қоғамдық ой-пікірлермен жақсы таныс болып келген жігерлі жас 1894 жылдан бастап 1905  жылға дейін ел ішінде болып, халықтың жағдайын терең түсініп, оның азаматтық көзқарасы қалыптаса бастады. 1896-1903 жылдары Щербина экспедициясына қатысуы да Әлихан Нұрмұхамедұлының қазақ даласының жағдайын барынша жан-жақты білуіне жәрдемдесті. Әрине, ол халқының отаршылдық езгідегі халіне тек бақылаушы, танушы ретінде ғана қараған жоқ. Қазақтың мұңына, тұрмысына жанашырлықпен қарап, сол кездің өзінде осы бір тар кезеңнен қалай шығуды ойластырғаны күмәнсіз. Яғни, Әлекең осы жылдары өзінің азаматтық бағытын айқындап, саяси күрес жолына үлкен дайындықпен келді деп ойлаймыз. Егер, олай болмаса, оның білімі, ел ішінен жинаған этнографиялық, тарихи, әдеби материалдары оны Шоқан Уәлиханов немесе Мұхаммед-Салық Бабажанов үлгісіндегі ғалым, халықтық үлгілерді жинаушы деңгейінде қалдырар еді. Әлиханның дәуірі аталған ағартушылар дәуірінен талабы да, мақсаты да мүлдем басқа дәуір еді. Бұл ғасырлар бойы өзге халықтарды ғана емес, өз халқын да қанауға түсір­ген, самодержавие үстемдігі әбден күшейтілген, сонау Иван Грозный, одан беріде І Петр патшалар заманынан бері көршілеріне көз алартқан, өз іштерінен еркін ойлы азаматтар шықса, оларды жер аударған, құрамындағы халықтарға қанаушылық пен тонаушылық саясатын берік ұстанған, жартылай феодалдық, жартылай капиталистік қатынастағы, шығыстық игі дәстүрлерден де, еуропалық мәдениеттен де алыс, күші мен қаруына сенген Ресейдің өзінде ішкі толқулар жиілеген, төңкерісшіл ахуал орнаған аласапыран, мазасыз дәуір болатын. Міне, дәуірдің осындай сипатын аңғарған Әлекең қазақ сахарасында саяси күресті бастады.  «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады» деп жазғанындай, ендігі уақытта қазақтың «саясат ісін» ұғынуына бар күш-жігерін жұмсады. «Алаш» партиясының құрылуы, облыстық, жалпықазақ сиездерінің шақырылуы, оларда ұлттық мәселелердің күн тәртібіне қойылуы, Алаш автономиясының жариялануы, Алашорда үкіметінің құрылуы ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтшылдығы тудырған һәм өрістеткен саяси оқиғалар еді. Сол оқиғалардың мәнісіне бойласақ, осы 10-15 жылдың ішінде қазақтың есею жолына түскенін аңғарар едік. Осындай үлкен жолдың басында қазақ ұлтшылдығының саяси көсемі Әлихан Бөкейхан және оның саяси, рухани серіктері тұрды. 
1905 жылы «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастырған, осы жылы қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің сиезіне қатысып, хал­қының дін еркіндігін, сайлау құқын, тілдік мүддесін көтерген, желтоқсанда Оралда Қазақ конституциялық-демократиялық пар­тия­сының сиезін өткізген, 1906 жылы Семей облысы қазақтары атынан Ресейдің І Мемлекеттік думасына депутаттыққа сайланған, төңірегіне өзі сияқты елшіл, ұлтшыл азаматтарды топтастыра білген Әлекең өзінің саяси ой-пікірлері арқылы да, күресі арқылы да серіктеріне де, мүдделес інілеріне де, бұқараға да ұлтшылдық идеологияны дарытты. Бұл турасында кейінірек Қошке Кемеңгерұлы: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат болды. Бұл топты баулыған – Әлихан» деп жазды. 
Қандай да бір қоғамдық, саяси, рухани құбылыстың ортақ атауға ие болуы үшін, әлбетте, оны сипаттайтын ортақ ерекшеліктер де болмақ. Осындай ерекшеліктер сол құбылыстың тұтастай үдеріс болғандығын айғақтайды. Біз бұл арада Алаш қозғалысының 1905 жылдан бастап 1920 жылдың наурызына дейін созылған үздіксіз  үдеріс екендігін айтпақпыз. Егер, бұл ұлт-азаттық қозғалысты осындай үдеріс десек, оны тұтастыратын, бір жүйелі құбылыс ететін критерийлер де болмақ. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысын тұтас саяси, қоғамдық, рухани үдеріс ететін әлгіндей критерийлер мыналар: 1) Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы; 2) Қозғалыстың басталған уақыты және аяқталу кезеңі; 3)Қозғалыстың басты идеясының жалғаспалылығы мен үздіксіздігі; 4) Қозғалыс мұратын жүзеге асырудағы амалдар мен тәсілдердің сабақтастығы; 5)Қозғалыстың жалпы­ха­лықтық сипат алуы. Біз бұл арада осы еңбектің тақырыбына орай, аталғандардың барлығына тоқталып жатпаймыз. Бізге қажеттісі – «Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы» деген алғашқы критерий. Бұл арада Бөкейханның Алаш қозғалысындағы рөліне ғана тоқталып, осы қозғалыстың басты тұлғасы болғандығын дәйектесек, онда Әлекеңнің 1905 жылдан бастап Алашорда таратылғанға дейін осы саяси қозғалыстың басында тұрған көшбасшы тұлға екенін көреміз. Яғни, Бөкейхан тұлғасы, оның саяси қызметі – Алаш қозғалысының мақсатты, үзіліссіз үдеріс екендігін айғақтайтын басты факторлардың бірі. 
Саяси билігі діні өзге, тілі жат, тонаушылық, қанаушылық пиғылдағы басқа елдің қолына көшкен қазақ сияқты халықты ояту, намысын қайрау, саяси күреске жұмылдыру Әлекеңдер үшін оңай болмағаны бүгін кімге де болса аян. Әлекең бастаған қазақ зиялылары бір жағынан патша үкіметінің қазақты қанауға, езгіге салуға негізделген қатал да қытымыр саясатына қарсы шығып, екінші жағынан «Жұрттың берекесі кетуге түптеп себеп болған нәрсе, қазақта бірліктің жоқтығы» деп өзі айтқандай, кең сахараға бірде сыйып, бірде сыймай жүрген қазақтың бірлігі жолында да аянбай қайрат қылуға тиіс болды. Бұған қоса, халыққа өзінің абыройы мен намысын, сондай-ақ, білім мен мәдениеттің артықшылығын, еңбек пен кәсіптің мұратқа жеткізетіндігін ұғындыру, сезіндіру қажет болды десек, бұл салада да ол жалпақ жұртқа талай сөзін арнады. Оның мақалаларында, аудармаларында қазақ қоғамының әлгі айтылған мәселелері кеңінен қамтылып, Әлекең ұлттың саяси көсемі болумен бірге, оның рухани ұраншысына да айналды. Оған оның саяси басқосуларда сөйлеген сөздері, публицистикалық еңбектері куә. 
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп жазыпты Әлекең. Оның осы пікірінің дәлдігін бүгінгі қазақ қоғамы толық дәлелдеуде. Неге десеңіз, өзге тілде жұмыс істейтіндер, әлі күнге дейін балаларын басқа тілде оқытатындар, жиналыстарда, баспасөзде мемлекеттік тілге қарсылық білдіретіндер, ата дәстүрін құрметтемейтіндер, ауыл қазағын, орал­манды кемсітетіндер – бүгінгінің оқығандары, білімділері. Яғни, ұлттық мүддеге келгенде, әрбір азаматқа білімнен бұрын ең алдымен ұлттық мінез, намыс, рух қажет екен. Осындай мінезді Әлекең 1905 жылдан өзі мүше болған, өзінің саяси тәжірибе жинақтауына айтарлықтай әсер еткен кадет партиясынан өз еркімен шыққан кезде көрсетті. Осы мінезі арқылы ол ұлтшылдық көзқарастағы тұлға екендігін тағы да бір паш етті. «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық» деп жазғаны бүгінгі көзіқарақты азаматтарға белгілі болар. 
Қазақты ғасырлар бойы өз азаттығына ұмтылған бостандық сүйгіш халық десек, бүгінгі тәуелсіздігіміздің бойында бабалар күресі, аталар аманаты бар десек, онда қазақ ұлтшылдығы сол ымырасыз күрестердің ең жарқын идеологиясы. Себебі, бұл идеология қазақтың дәуірлік сұраныстарға орай өркениетті ел, мәдениетті жұрт болуға ұмтылған саяси, рухани күрестің бағдары мен мазмұны. Бұл қазақ зиялыларының қаруды кітапқа, қамшыны қаламға айырбастаған, яғни, біліммен, білікпен өз халқының құқығы мен өз жерінің азаттығын талап еткен шынайы, жаңа сипаттағы демократиялық күресі. Бұл күрес – халықтық қарапайым санадан ұлттық ұйысу деңгейіне жетуден, өзін бір халық ретінде сезінуден, ұлттық намыс жолына көтерілуден бастау алған жалпыұлттық күрес. Басында Әлихан Бөкейхан тұрған қазақ ұлтшылдығы тудырған Алаш қозғалысының географиясы бүкіл қазақ даласының азаттық күресіне мүдделі екендігін аңғартты. 1917-18 жылдардағы облыстық, уездік, болыстық сиездер, жалпықазақ сиездері, Алаш автономиясының жариялануы, Алашорда үкіметінің құрылуы осыны толық паш етті. Бұл саяси оқиғалар ғасыр табалдырығынан бастап Әлекеңдер жүргізген ұлтшылдық идеологияға негізделген табанды күрестің нәтижесі еді. Қазақтың көсемдігін, шешендігін, бітімгерлігін, ерлігін, намысқойлығын, ағайынгерлігін, өзге де игі қасиеттерін бойларына тоғыстырған Алаштың алдыңғы қатарлы азаматтары дәуір биігінен де, өздерінің білімі мен білігі мұнарасынан да туған халқының ахуалын анық аңғарып, оның бақыт пен игілікке жетуінің ең басты кепілі де, шарты да азаттыққа жету екендігін терең түйсінді. Қазақтың осындай тағдырлы талайын таныған және сол үшін үлкен күрес жолына түскен азаматтардың ұйытқысы да, көсемі де Әлихан Бөкейхан болды десек, Әлекеңнің туған халқы үшін, оның бүгіні мен болашағы үшін қаншалықты ұлы тарихи іс атқарғанын жақсырақ сезінбекпіз. Мұндай ұлы істер халыққа деген ұлы махаббаттан ғана тумақ! Бүгінгі және келер ұрпақтың мақсаты Әлекеңдер атқарған ұлы істердің мәніне бойлау, сол арқылы өзіңді ұлт ағзасының бөлшегіндей сезіну, олардың ұлтын сүйген ұлы махаббатынан кеудеңе ұшқын дарыту. Бұл азаматтықтың да, аманаттың да шаруасы.

345 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз