• Еркін ой мінбері
  • 08 Қараша, 2012

Билік әділеттілікке бастаса...

Сайын Борбасов, саяси ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстанда, қазіргі даму кезеңінде, қажетті негізгі басымдылық-қоғамдық қатынастарда әділеттілік принципінің сақталуы және үстем болуы. Әділет пен шындыққа негізделген қоғам ғана өзінің тұрақты дамуын сақтай алады. Ұлы Абай осы қажеттілік турасында Алланы сүй, адамды сүй, және әділетті сүй деп ескертеді. Демек, қоғам үшін маңызды «үш сүюдің» бірі әділеттілік принципі. Ал, қазіргі қоғамда, заңды ұстанған биліктің ғана әділетке бастайтыны ақиқат. Дұрыс заңдар қабылдап, оны орындай білсек қана әділетті қоғам жасай алмақпыз. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалып­тасып, дамып келе жатқаны шын­дық. Барша халық бұлай болғанына қуа­нады, қолдайды. Мемлекет нарықтық қаты­настарға көше алды. Демократиялық саяcи жүйенің негізін қалауға ниет бар. Билік Кеңес Одағы күйреуінің салдарынан болған және әлемдік финанстық-экономикалық тәртіптер туғызған дағдарыстарға, қауіптерге төтеп бере алуда. Аз ғана жылдарда бейбіт жолмен, үлкен шығынсыз, ұлтаралық қақтығыссыз және хаостық жағдай болмай, бір қоғамдық саяси қатынастар жүйесін екінші қоғамдық саяси қатынастар жүйесімен алмасуы іс­ке асырылды. Кеңес Одағының өмірге ке­­луі барысында орын алған катастрофалар мен миллиондаған өмірді жалмаған зорлықтар мен репрессиялар қайталанған жоқ. Мұның өзі ел басшылығы мен халық­тың саяси тәжірибеден дұрыс сабақ алу қабілеті жарағандығының белгісі. Өтпелі кезеңде, ауыр экономикалық және әлеуметтік дағдарыс орын алғанымен Қазақстан қоғамы шайқалып, быт-шыт болып бөлшектену құбылыстарына жол берілген жоқ. Реформалар мен жаңартулар саясаты Кеңес Одағынан кейін құлап қалған экономиканы көтере алды. Әлемдік қауымдастыққа Қазақстан өзін тәуелсіз және жаңарудағы мемлекет ретінде танытты. Осыншама қомақты істерді Қазақстанның басқарушы элитасы ел халқымен бірігіп жүзеге асырды. Табыстар мен жетістіктер басқарушы элитаның Қазақстан халқын ізгі мақсаттарға топтастыруы арқылы мүмкін болды. Қоғамды жаңартудың жаңа басымдылықтары айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның тәуелсіз дамуына бөгет болып, елге зиянын тигізіп тұрған қайшылықтар, қателіктер, кемшіліктер мен шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық. Сондықтан, қазіргі кезең «табыстан бас айналатын» кезең емес. Табыстар бар, сонымен бірге шешімін таппаған мәселелер де шаш етектен. Олардың біршамасы асқына түсіп, қауіпті «әлеуметтік ауруларға» айналуда. Кейбір құбылыстардың қайшылықты болмысы, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына қауіп төндіруде. Жиырма жылда Қазақстан табыстармен қатар салдары қауіпті құбылыстармен де кездесті. Осындай сын - қауіптерді ауыздықтай алмасақ болашақ жоқ. Елдегі олқылықтарды жоюға халықты билік бастайды. Билік әділеттілікті ұсынып, елді берекеге бастаса, жасампаздықтың жаршысы болса даму баянды. Өкінішке орай, билік кей тұстарда мемлекеттің дамуына жаңа өріс беретін істерді ойдағыдай ұйымдастыра алмауда. Онда елді етектен тартатын кейбір келеңсіз құбылыстар мен ауытқулар күшейе түсуде. Билік түзелмей мемлекет пен халық түзеле алмайды. Осындай қауіптер халқымыздың, оның негізгі тірегі қазақ ұлтының алаңдаушылығын тудыруда. Ең қауіпті Кеңес Одағының күйреуіне, ыдырауына әкелген негізгі себептердің еліміздің қоғамдық шындығында орын алуы. Дағдарыстық құбы­лыстар қоғамдық жүйеден дендей орын алған. Қазақстан қоғамының белгілі бір әлеуметтік топтары осындай дағда­рыстық құбылыстардың өрби түсуіне мүдделі болуы, олардың келеңсіздігін арттыра түсуде. Сол себепті, еліміздің бүгіні мен келешегіне зиянын тигізіп отырған мем­лекет­тік биліктегі кейбір ауытқулар мен қауіп құбылыстарды сараптап көрейік: Ең басты кемшілік, биліктің халықтан алас­­тай түсуі. Басқарушы элитаның өз бил­і­­­гін ел халқына қызмет ету үшін емес, қара­қан басының пайдасына жаратуға пайдалану құ­былысының күшейе түсуі зиянды. Байлық пен биліктің біртұтас болу құбылысы қара­­пайым адамдарға ауыр тиюі. Билік иесі өзі­нің қызметінің ақысын заңмен белгілеген нормалардан көзсіз асырып жіберуде. Мемлекетте өзінің жалақысымен өмір сүріп жатқан әкімдер, министрлер мен мемлекеттік мекемелер басшылары қаламағандай. Халықтың байлығын көзсіз жеген енді бір министрлер, банкирлер мен әкімдердің шетелдерге қашып кетуі, сонда тыққан байлықтарының қызығына малшынуы әдетке айналып кетті. Ресми де­ректер мәліметінде 1600-ден астам заң бұз­ған басшылар мен ұлттық компаниялар өкілдері шет елдерге қашып үлгерген. Олар жеп кеткен мемлекет қаржысының көлемі ондаған миллиард АҚШ долларының көлемінде. Бір ғана Мұхтар Аблязовтың Қазақстанға келтірген шығынын 12 млрд. доллар көлемінде деп есептеп отыр. Статистика комитетінің төрайымы Анар Мешімбаеваның алып кеткені ондаған миллиард теңге мемлекет пен халық қаражаты. Осыншама басшылардың халық байлығын талан-таражға түсіріп, иемденіп алып шетелге асып кетуіне кім жағдай тудырып отыр деген сұрақ әрбір қазақстандықты толғантады. Биліктегі қазақтар туған ұлтын ұмытып маригиналдарға айналуда. Олардың кейбіреулері өзінің мансабын, туыстары мен жерлестерінің ғана күйін күйттеуде. Заңмен құрықталған басшы қызметкерлер некен саяқ. Жалпы, ендібір басқарушы элитаның эгоистік, топтық пиғылдарына қарсы тұра алатын бірден-бір күш қазақ ұлты және оның зиялы қауы­мының ұлтжанды өкілдері. Сондықтан, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда» жарияланған мемлекеттік биліктің «қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғыну» талабы жалпымемлекеттік, ортақ талаптармен алмастырылды. Ондағы мақсат қазақ халқын ұлттық мұраттар мен құндылықтарды ұмытқан, ортақ Қазақстан халқының құрамына енген, басқалардан ешқандай мүдделік айырмашылығы жоқ көпшілікке айналдыру болды. Оларға Қазақстанды ұлттық келбетінен айырып алып басқару оңай болып көрінеді. Басқарушы элитаның кейбір өкілдеріне саналы мүд­делерін терең ұғынатын қазақ этносының қалыптасуын қалаған жоқ. Оларға керегі санасыз, қарын мен ақшаны ғана ойлайтын тобыр болды. Сондықтан, Қазақстандағы биліктің мемлекетшілдігін, отаншылдығын, халық­шылдығын, әділеттілігі мен тазалығын іске асыру тағдырлық мәселеге айналып отыр. Билігі бұзылған мемлекет те бұзылады. Халық «балық басынан шіриді», – деп бекер айтпайды. Бұл мақал көптеген елдерде бар әлемдік саяси тәжірибенің шындығынан ту­ған мақал. Әлемдік трансұлттық топтар Қазақстандағы тұрақтылықты шайқалтып «араб сценарийін» жасауға мүдделі. Олар үшін біздің ел байлыққа оңай кенелудің тағы бір көзі. Басым державаларға керегі қазағы тобырға айналып құрыған қазақ жерінің байлықтары ғана. Шындығында, билік иелерінің кейбір топ­тары тек қарақан басының, отбасы мен туған-туыстарының, жақын-жерлестерінің қамы үшін қызмет етуде. Мемлекет байлығын, қаржысын өз жақындарына ғана пайда етуге ұмтылуда. Президенттің әр жылда жасалатын Қазақстан халқына Жолдауларда айтылған қарапайым халықтың мүдделері ұдайы аяққа тапталып келеді.. «Ауруын жасырған адам өледі – кемшілігін жасырған мемлекет өледі», – деген ұстанымды басшылыққа алатын уақыт келді. Олай болмаса, қазақ халқының, елінің патриоты бола алмаймыз. Ғалым қоғамтанушының әлеуметтік қызметі, ең алдымен қоғамдағы ауруларға, кемшіліктерге, қайшылықтарға баға беру және осы ауыт­­қулардан құтылу жолдарын нұсқау, дағ­дарыстық құбылыстардың табиғатын әлеу­метке ашып көрсету. Шындықты айтпасақ, билік те, халық та түзелмейді. Қо­ғамды емдейтін ең қуатты күш, ол туралы шындықтардың ашылуы және айтылуы, әлеуметтік әділеттіліктің үстем болуы. Қазақстанды демократиялық зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекетке бас­тайтын басқарушы элита жемқорлықтық, жершілдіктің, трайбализмнің, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықтың ауруына шалдықпауы керек. Еліміздің ең беделді газетінің өзі «Егемен Қазақстан» елде «Жемқорлықтың жасырын жүйесі» – непотизм үстемдік құра бастады, – деп ескертуде. Мақала авторы Ж. Жағыпарұлы «халықаралық «Транспаренси Интернэшнл» компаниясының рейтингі бойынша, өткен жылы Қазақстан жемқорлық деңгейі бойынша зерттелген әлемдегі 183 мемлекеттің ішінде 120-шы орынды иемденген екен. Барлық мемлекеттердің кедендік қызметінің ішінде қазақстандық кедендік қызметі жемқорлық ең көп жайлаған сала көрінеді. Қазақстан кеден қызметінің жемқорлық рейтенгі 183 мемлекеттің ішінде 181 орынға шықты» дейді. Бұл деректерден биліктің жемқорлығы тым тереңдеп, асқынған қоғамдық ауруға айналып бара жатқандығын анық көреміз. Бұл деректер жәй ғана сандар емес, әрбір адал азаматты шошытатын құбылыстар. Бұл құбылыс тәуелсіз Қазақстанның тамырын шірітіп, оны құлатуға бастайтын құбылыс. Жемқорлықпен айналысатындар, қолында билігі бар чиновниктер, полиция, әкімшілік қызметкерлері. Кей тұстарда білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында да жемқорлық етек алуда. Қазақстан қоғамында моралдық деградациялану үрді­сінің бастауында, қайнар көзінде кейбір билік иелерінің тұрғандығы анық. Ел ара­сында мемлекеттік наградаларды, түрлі гранттарды, тендерлерді билік иелерінен сатып алуға болатындығы ашық айтылуда. Мысалы, жоғары оқу орындарында оқы­тушыларға берілетін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантына берілген со­ма­ның 30-40 пайызын Министрліктің чинов­никтеріне берсең грант иесі атанасың. Ректорлық қызметтер де үлкен сомаға сатылады деген де қауесет бар. Тіптен, елдің ірі мегаполистерінде мектеп директорлығы қызметі 4-5 мың долларға сатылатынын айтып жүрген де халық. «Шөптің басы жел тұрмаса қозғалмайдыға» ден қойсақ, ізгілік пен парасаттылыққа жас ұрпақты идіруге тиісті білім саласы осыншама жемқорлыққа ұшырағаннан елдің терең рухани дағдарысқа түскендігін анық көреміз. Денсаулық сақтау саласы да оңып тұрған жоқ. Тегін қызметтің аты бар да, заты жоқ. Тиын-тебен алмаса ауруға көмек бермейтін дәрі­герлер көпшілік. МАИ қызметкерлері көлік жүргізушілердің үстінен пайда табуды әдетке айналдырғаны бүткіл Қазақстанды зар қақсатуда. Ірі мемлекеттік компаниялар мен холдингтерге тек таныстықпен немесе пара берумен ғана жұмысқа орналасуға болады. Бұлай болуы талантты және білікті жастардың өсу жолын кесуде. Дарынды, білікті жас мамандардың көпшілігі тәртіп пен әділеттілік көбірек деп, мүмкіндігі болса шет елдерге кетуге мәжбүр. Биліктегі жемқорлық пен әлеуметтік әділсіздік жастарымыздың отаншылдығын әлсіретіп, әлеуметтік оптимизміне балта шабуда. Енді бір жерлерде біліксіз кадрлар басқарған әрбір сала өз деңгейінде қызмет ете алмай мемле­кеттік құрылыстың жалпылама әлсіреуіне себеп болуда. Қазақстандағы бизнес өкілдерінің басым көпшілігі өз бизнесімен байлығын дамыған елдерге немесе офшорларға көшіруге ынталы. Себебі, ел билігі бинесті зорлауға, соруға әбден машықтанып алған. Негізінен осы құбылыстар латентті (латынша: көзге көрінбейтін, астыртын, су асты ағыстарындай) жасырын жүреді. Бірақта, оның өршіп кеткендігін бір де бір қазақстандық жоққа шығармайды. Ол іштегі жара, бір күні метастазаға (жазылды деген аурудың қайталануына байланысты термин) ұласатын жара. Біз әлі де Кеңес Одағы кезендегі ойлау жүйесінен құтыла алмай келеміз. Билікке бірінші кезекте мемлекет, барқарушы партия, басқарушы элита ғана керек. Адам, азамат оның мұң-мұқтажы, мүдделері мен бостандықтары сөз жүзінде ғана. Халықтың мүддесін жоқтап жатқан билік иелері некен-саяқ. Қарағанды шахтерлерінің, Жаңаөзен мұнайшыларының, Семей полигонының құрбандарының мүдделері қорғалмай, іске асырылмай отыр. Билік тек барлық жақсылықты өзіне жасайтын жабық әлеуметтік кастаға (толқын, буын, тек) айналуда. Олар ең пайдалы қызметтерге өзінің балаларын, туыстарын және жақындарын қоюға ұмтылады. Осы әрекетті зая кетпей оған табысты үстемелеп әкеліп тұрады. Билік иесі өз бизнесін әйелдері, балалары, келіндері арқылы жүргізе береді. Кеңес Одағының күйреуіне себеп болған аса қауіпті құбылыс «сөз бен істің алшақтығы», заңсыздық, жалған сөйлеу құбылыстары белең алып, басымдылыққа ие болып отыр. Уәде, сөз, жақсылық ниет туралы көп айтылады, бірақта нәтижелі өзгерістер іспен көрсетілмейді. Елін сүйген, жерін сүйген, халықшыл адал ойлы азаматтарды осы қорқынышты құбылыстар тығырыққа тіреуде. Биліктегі толықтай өз халқымыздың өкілдері, көпшілігі қарапайым қазақ отбасынан шыққан азаматтар. Барлығы да халықтың, мемлекеттің мүддесін жоқтаймыз деп сөйлейді. Өкінішке орай, олардың арасындағы нағыз мемлекетшіл, нағыз ұлтжанды азаматтар тым аз. Қазақ элитасының жершілдіктің, трайбализмнің және жемқорлықтың ауруына шалдыққаны көпшілік халықты қиналтады. Ондай басшы үшін іскер, жаңашыл мемлекетшіл қызметкерден гөрі, жағымпаз, қу, өзіне жақындығы бар қызметкер пайдалы. Бұл құбылыс егемен елді әлсірете беретін, сапалы қызмет пен өнімдерден қашықтата беретін зиянды құбылыс. Қазақстан қоғамындағы саяси шындықтағы осы қайшылықтың жолын кесу мүмкін болмай тұр. Қазақстан халқына өмірге қолайлы жағдай жасау оңай іс емес. Елдің табиғаты қатал, көп аймақтарда қыс ұзақ, жаз ыстық, қуаңшылық жиі қайталанып тұрады. Ел аумағының басым бөлшегін шөл және шөлейт жерлер алып жатыр. 40-тан астам аудандар халық өмір сүруге мүлдем қолайсыз жерлерде. Билікке халықтың мәдени, материалдық талаптарын ойдағыдай орындау өте қиын. Осындай табиғи фактор ел халқының қиыншылықтарының объективті себептерінің бірі. Ауыл шаруашылығының өнімдерін алу үшін орасан зор еңбек пен ресурстар жұмсау қажет. Кей жерлерде жолдар өте нашар, ауруханалар мен мектептердің халі мүшкүл. Осы аймақтардың өзінде жергілікті басшылар халықты ортақ мақсаттарға жұмылдыруға ұмтылуда. Алайда, жалған уәде, өтірік пен жемқорлық та жеткілікті. Қарапайым халықты ұйымдастыратын, тәрбиелейтін, оған адамгершілік пен ізгілік рухын ендіретін ауылдың зиялы қауымы жоғалып барады. Аға ұрпақтың барлық қиыншылықтарды жеңе білген буыны азайды. Оның орнын басатын жаңа рухани буын ауылдық және аудандық деңгейде жасалынбай қалды. Ауыл ағасы, ел ақсақалы, халық қамқоршысы болатын тұлғалар тым азайып кетті. Билік пен халықты жалғастырып отырған осы бейресми рухани тіректің болмауынан да түрлі қайшылықтар асқынып бара жатыр. Жергілікті билікке басу айту, ақыл қосу, мәселені халықпен ортақ іс ретінде шешу тетіктері мүлдем жұтаң тартты. Батыстың дамыған мемлекеттерінің жетістіктерінің субъективті себептерінің бірі билік пен халықтың ынтымақтасуы. Қазақстанда осы тәжірибе күшіне енуі керек. Саяси партиялар, кәсіподақтар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, жастар мен әйелдер ұйымдары әлсіз, нақты мәселелерді шешуге қабілетсіз. Барлық мәселелердің шешілуі орталық билікке байланып қалған. Жетістікке бүткіл Қазақстан халқының еркіндігін ашатын, заңдарды ғана басшылыққа алатын зиялы, әділетті билік болғанда және жауапкершілігі жоғары, саналы мәдениетті халық болғанда ғана жете аламыз. «Мен басшымын – менікі дұрыс, сен бағыныштысың – сенікі қате», – деген зиянды формуладан бас тарту керек. Бұлай ету қиын, бірақ, осылай жасауымыз қажет. Қашанда да, қай ғасырда да авторитарлық-әкімшілдік билік жүйесін ұйымдастыру оңай болған. Онда барлық жұмыс бұйрық беруге және оның орындалуын қадағалауға негізделген. Демократиялық принциптердің нығаюына осы ниет үнемі бөгет болып келеді. Біз, тоталитаризмге, деспотизмге сүйенген биліктің, мемлекеттің ешқашан дамыған ел бола алмайтындығын бі­луге тиіспіз. Ол біз таңдайтын жол емес. Ав­тори­­тарлық билік басқарушы элитаға тез пайда табуға мүмкіндік береді. Ал, демократиялық жүйені ұйымдастыруда үнемі заңға қарау керек. Би­ліктің заңмен шектелгісі келмейді. Билікті шектеу әділ сайлау өткізуден басталады. Әділ сайлауда ғана әділетті бірінші кезекте қоятын Парламент пен жергілікті басқару органдары іріктеледі. Аудан, облыс басшыларын да сайлау арқылы іріктейтін мезгіл жетті. Өзі үшін ғана емес, халық пен мемлекет үшін де қызмет ете алатын азаматтар билікке келгені дұрыс және пайдалы. Тамыр-таныстықпен билікке кім-көрінген, істі мүлдем білмейтін адамдар келмеуі керек. Олар үшін билік мемлекеттің ақшасын ұрлаудың, халықтың ортақ байлығын тонаудың көзі ғана. Мемлекеттің ірге тасын ақырын мүжіп, құлатуға бастайтын осы құбылыс. Бұл қауіпті құбылыстан құтылуға бас­тайтын оңтайлы жол, сайлауды әділетті өт­кізу, биліктегі кадрлардың мемлекетшілдігін, ұлтжандылығы мен отаншылдығын сараптап барып жоғары лауа­зымды қызметке жіберу. Қызметтік карьераның өсуінің критериі бел­сенділік, біліктілік, жаңашылдық адалдық және әділеттілік болғаны халық үшін де, мемлекет үшін де пайдалы. Әрине, сөзсіз ондай басшылар мақталуы, марапатталуы заңдылық. Себебі, жақсы сөз естуді, мақталуды әрбір адам қалайды. Ол жанды жылытады, еңбекке құлшынысты арттырады. Бірақта, мақтау мен әспеттеудің қатаң шегі болғаны абзал. Барлығы жақсы, барлығы тамаша деп ұрандата берсек қателікке, кемшілікке ұрынатынымыз анық. Жастар артық мақтансыз, ұрансыз шындықпен және таза еңбек еткісі келеді. Ақша керек, бірақта, ол өмірдің мәніне культке айналмағаны абзал. Адал адам инстингі жақсылықты қалайды. Ал, жаманшылықты болдырмаудың жолы – қоғамда, билікте әділеттің көп болуы. Сонда ғана, басқаны алдамайтын адам қалыптасады. Ондай адамдар халықты алдамайтын билікті қалыптастыра алады деп сенеміз. Әділетке, заңға және білікті мамандарға сүйенген билік тәуелсіз Қазақстандағы өркениеттің биік сатысына көтерудің ұлы ісін жүзеге асыра алады. Жемқорлық пен тамыр-таныстық мемлекетті тұйыққа тірейтін жол. Билік қызметінің нәтижелігі бірінші кезекте құқық қорғау органдары қызметінен көрінеді. Өкінішке орай, қалың көпшілік кей тұс, кей жерлерде соттан, полициядан, прокуратурадан, кеденнен қорқады, сенбейді. Коррупция дендеген қоғамда адал адам болу қиын. Өкінішке орай, билік­тегі кейбір келеңсіздіктердің кері әсерінен халық та тым самырқау, бой­күйез, қорқақ және екіжүзді болып бара жатқан сияқты ма, қалай? Халықтың моральдық деградация­лану үрдісін тоқтату, биліктің белсенді жалпыхалықтық, жалпымемлекеттік демок­ратияландыру мен гуманизацияландыру шараларын ұйымдастыра білуіне тәуелді. Мысалы,кино өнеріндегі зорлық-зомбылықтан, порнография мен азғындауды насихаттаудан құтылу, халықты рухани тәрбиеледі. Абайдың рухани мұрасын ұлттық идеологияға айналдыру арқылы ғана қоғамды жаманшылықтан құтқарамыз. Мемлекеттік ортақ байлықтарды жекешелендіріп алған «жаңа байлар» өз табыстарының 50 пайызын халықтың ортақ қоржынына беріп отыратын жаңа заңдар қабылдау қажет. Қазіргі Қазақстан қоғамы үшін ең өзекжарды мәселе биліктің ел халқына қызмет етуіне қол жеткізу. Билік иелері өз саласының аса білгір маманы болуы шарт. Үлкен лауазым иесі өзінің атқаратын қызметінің күрделігіне, жауапкершілігіне және қоғамға әкелетін пайдасына сайма-сай жалақыны да қомақты алғаны әділет. Билікке бәсекелестікте озық шыққан нағыз білгір мамандар келсе іске пайда. Билік туыстық, жершілдік, тамыр-таныстық арқылы жасақталса кері кету, жемқорлық сияқты құбылыстар басым бола бастайды. Ондай мемлекеттің болашағы болмайды. Өкінішке орай, елімізде биліктің жасақталуындағы екінші үдеріс белең алып барады. Инновациялық экономиканы, әлеуметтік мемлекетті тамыр-таныстықтан, туысқандықтан жасақталған билік корпусы жүзеге асыра алмайтыны шындық. Сондықтан, Қазақстанда жүзден жүйрік болып шыққан кадрларды іріктейтін және билікке сараптап, саралап жіберетін кадр резервін дайындайтын жүйе қажет. Кадрларды іріктеуге мемлекеттік әрбір мекеменің ат салысуын қамтамасыз ететін заңдық нормалар қабылдау дұрыс. Жеке меншік фирмалар мен компаниялардың озық, іскер кадрларын мемлекеттік қызметке іріктеу арқылы тарту­дың тетіктерін жасау да керекті шаруа. Осындай істер мемлекеттік биліктің тынысын ашып халықпен байланысын ны­ғайта түседі. Қоғам әртүрлі күштерден, көзқарастардан, түрлі әлеуметтік мүдделерден тұрады. Осындай көп молекулаларды бір саяси қалыпқа салып қою қате. Елде «Нұр-Отан» ХДП қандай жағдай жасалса, басқа саяси партияларға соншалықты қолайлы қызмет жағдайы жаса­луы керек. Халық өзіне керекті күшті өзі таңдауға әбден қабілетті. Бір таптың, бір партияның монополиясына негізделген Кеңес Одағының және КОКП-ның қателіктерін қайталай берсек тәуелсіз Қазақстанды құла­тып алуымыз әбден мүмкін. Кеңес Ода­ғының тәжірибесі мен саясаты қазақ ұлтына зор қасірет әкелген саяси модель. Әділетті мемлекет әр азамат өзін еркін сезінетін, еңбек етуге ұмтылысын іске асыра алатын, ары мен бостандықтары тапталмайтын, әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын, биліктің заңдық тұрғыдағы ықпалын ғана сезінетін мемлекет. Осындай мемлекетте өмір сүретін халық бақытты. Ал, билік тек «ақша жасайтын», кәсіпкерлер жұмысын жүргізу үшін пара беретін, түскен пайдасын тығатын немесе офшорлық (ағыл­шынша: «жағалаудан тыс» деген сөз) зона­ларға шығаратын мемлекеттер толық мәндегі демократиялық, әлеуметтік мемлекеттер дәре­же­сіне көтеріле алған емес. Ондай елдерді «араб сценарийінде» болатын болашақ күтіп тұр. Басқарушы элитасы өз халқын ұмытқан мемлекетте ертелі кеш, міндетті түрде әлеу­меттік жарылыстар болатындығын саяси тарих әбден дәлелдеді. Египет, Тунис, Сирия, Ливия, Ирак сияқты басқарушы элитасы ұйымдасқан жемқорлықтың тартуына түскен елдердегі оқиғалардан сабақ алмасақ болмайды. Аталған елдердің барлығы дерлік бүгін «дамыған Батыстың» талауына түсіп, соларға қызмет етуші елдерге айналды. Біздің мақсат, Қазақстан қоғамы мен билігін қаралау емес. Мәселе, Қазақстанның көсегесін қалай көгертеміз? Ел дамуы үшін не істеу керек? – деген сұрақтарға жауап іздеу. Қай ел-жерде де биліктің кетік-кемшілігін түзейтін бірден бір күш халық пен қоғам. Ха­лықтың мұң-мұқтажын жақтайтын азаматтық қоғам институттары биліктің заң шеңберінде ғана қызмет істеуін қатаң бақылап отырмаса заңдар орындалмайды, биліктегі жемқорлық тиылмайды. Биліктің құқықтық санасы мен халықтың саяси санасы өзгермейінше мемлекет ойдағыдай қызмет ете алмайды. Әрбір азамат, әрбір басшы заңсыз әрекеттерге барса өз басына өзі пәле тілеп алатындай ахуал қалыптасуы керек. Демократиялық мемлекетте қоғамдық қатынастардың барлық салалары дұрыс, әділ заңдармен реттеліп отырады. Әділеттілікке заңдар тірек болып, адамдардың жазықсыз жапа шегуі тиылады. Заң диктатурасына өркениетті мемлекеттер ғасырлар бойы ізгілікті құндылықтарды тәрбиелей отыра жетті. Ал, Қазақстандағы жағдай мүлдем басқаша болғандығын білеміз. 300 жылдай уақытқа созылған отарлық езгі, әсіресе, қазақ ұлтын басып-жаныш­тады. Отарлық билік оны аяусыз қырды, қорқытты, қорлады. Бодандық психология халықтың санасына әбден орнығып, екіжүзділіктің, өтірік пен өсектің, жалтақтықтың, басшыларды құдайдай көріп жағынудың негізгі себебіне айналды. Билік те екіжүзділікті, алдауды, жалған сөйлеп, өтірік мәліметтер беруді әбден үй­ренді. Отарлық билік сөз бен істің, теория мен тәжірибенің алшақтығын табиғи құбылысқа айналдырып жіберген еді. Онда заң қарапайым халықты қорғаған жоқ. Кеңес Одағындағы Конституция мен заңдар тек ұрандар ретінде қалды. Ал, шындық ұлы державалық шовинистік саясаттың салтанат құруымен, бұратана халықтардың ұлттық өмірінің жаншылуымен сипатталды. Ұлттық интеллигенция мен ұлттық сана қоғамдық қатынастардың бел ортасынан табылмады. Олар ұдайы қудалануда болды. Міне, осындай жаншылған, құлдық психологиядан азат болу процесі басталды. Жаңа ұрпақ бостандықтың қадір-қасиетін толық сезінуі керек. Бүгінгі ұрпақ бостандықтың анархия еместігін түсінеді. Бостандық заңмен шектеледі. Кез келген басшы, бизнесмен, сот, жұмысшы барлығы дерлік заңға бағынады, заң талаптарына сай қызмет етуді үйренді. Қоғамның ғасырлар бойы қалыптасқан билік пен заңды зорлық пен бағындырудың ғана құралы деген көзқарастан бір сәтте құтыла қоюы қиын. Қоғамдағы тыныштық пен даму адамдардың басым көпшілігінің ауқатты өмірі болғанда, орта тап басым болғанда баян­ды бола түседі. Кедей қоғамда тирания мен диктатура үнемі үстем болады. Ал, демократия бай-қуатты азаматтардың бостандықтарына сүйенеді. Азамат бостандықтарының деңгей дәрежесін ұжымдық сараптан өткен, әділетті заңдар анықтайды. Билік пен халықтың түбегейлі қайшы­лықтары болмайтын, ал, қайшылықтар болған жағдайда оларды шешудің заңдық тетіктері іске қосылатын мемлекет құрудың жолына бел шешіп кірісуіміз тағдырлық міндет. Ал, азаматтық қоғам инс­титуттары баршаның заң алдында бірдей болуын бақылай алуы міндетті. Сонда ғана олар өзін және халықты мемлекеттік биліктің волюнтаристік (латынша: еркін, еркіндік) әрекеттерінен қорғай алады. Түрлі қоғамдық ұйымдар, шенеуніктерден заңды қатаң орындауды өндірістің, бизнестің әр саласында талап етіп отыруы қажет. Сонда ғана билік етек жеңін жинап азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының салтанат құруына жағдай жасайды. Ал, жалқаулар, салақтар мен алаяқтар құқықтық мемлекетте өз дегендеріне жете алмайды. Олардың негативті психологиясы табыс әкелмейді. Заң жалқауларды «жазаламайтыны» да ақиқат. Ал, билік ұрлық пен жемқорлықты тоқтатса ғана қоғам түзеледі, мемлекет қалыпты эволюция жолына түседі. Билікте періштедей таза адам ешуақытта болмайды Билік пен саясат қулықты, айлакерлікті қалайды. Солай бола тұрса да, мемлекет пен халық мүддесін билікті заңмен ұйымдастырып және заңға қызмет еткізіп қана қорғауға болады. Әлемдік демократия тәжірибесі осының айғағы.

533 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз