• Еркін ой мінбері
  • 02 Наурыз, 2020

ҰЗАҚ ЖАСАЙТЫН ЕЛ

Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы

Әрине, өмірдің құпиясына бойлау екі аяқтының қолындағы шаруа емес. Әркім пешенесіне жазғанын көреді. «Мен бақыттымын, өмірден осы жасыма дейін көп нәрсе алдым, бар ойлаған мақсатыма жеттім» немесе «Тағдыр маған тауқыметті үйіп-төгіп берген екен, көрмеген азабым бар ма?» деуге болмайды. Тіпті, бұлай ойламаңыз да, себебі, өмір сізді естіп қояды» деген екен бір ойшыл жазушы. Адамның өлшемдермен, белгіленген жоспарлармен өмір сүрмейтіні ақиқат. Бұралаң, қалтарысы көп адам өмірі тосын сый мен қызықтарға толы. Адамның жасын еңбек ұзартады деген сөз де бекер болмаса керек.

Сакудың ақсақалдары

Жапонияда жүзге жеткен қариялардың дені мемлекеттің дәл ортасындағы Нагано префектурасында тұрады. Бұл префектура ұзақ жасаушылар елі саналады. Әсіресе, жанартаулы Асама тауының баурайындағы Саку қаласына барғанда, тұрғындары өмірді ұзартатын эликсир ішкен бе деп ойлауыңыз мүмкін. Тоқсан жасында бассейнде еркін жүзіп, тауға таяқсыз шығатын қарияларды көргенде, «бұғының қанын ішкен шығар» дейсіз. Бірақ, жапон қариялары 100-ге ешкімнің қанын ішпей-ақ жеткенін тіршілік дағдысын бақылағанда білесіз. Жүзге келдім деп төсекте жатқан ешқайсысы жоқ. Бала-шаға, келін-кепшігімен бірге егістікте, бақшада жұмыс істеп, ал, қызмет иелері 9 бен 23 сағат аралығындағы мекеме шаруасын атқарып жүріп жатыр. Тоқсан бір жастағы Ичикава Чйоконы көргенде, тіпті, кемпір деуге аузың бармайды. Жетпіс бес жасында сауда-саттық компаниясын баласына тапсырғанмен, зейнеткермін деп үйінде жатпаған. Компаниясындағы кассир жұмысын өз мойнына алған ол тауар бағаларын жатқа біледі екен. Құдай өзі бұл кісіге ерекше математикалық қабілет берсе керек, есеп-қисапты калькуляторсыз, өзі-ақ шағып тастайды. Он бес жыл бұрын жүзуге машықтанған қария бір жүзгенде, 1 шақырымға дейін жеткізеді екен. Таңертең 7-де орнынан тұрып, бақшасындағы арамшөптерді отап тастаған соң, тамақтанып, бассейнге барады. Түннің бір уағына дейін жұмыс істеп, үйіне келген соң, жазу-сызумен айналысады. Ичикава санның жүзін әжім торлағанмен, қимыл-қозғалысы 30 жасар бикешті елестетеді. Жексенбіде де қарап жатпайтын қария би, караокэ, қыш құю үйірмелеріне қатысады. Жалпы Наганоның қариялары баратын 4-5 үйірме бар. Қолы қалт еткенде, каллиграфиямен айналысып, былғарыдан түрлі бұйымдар тігеді. Теңіз деңгейінен 700 метр биікте орналасқан бұл шаһарда 1960 жылдарда дейін өлім-жітім көп болған деседі. Ауру-сырқаулардың саны артып, алпысқа жетпей көз жұмғандардың саны жиілеп кеткен. Бұл соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңнің салдары болар. Осындай көрініске бей-жай қарамаған ел үкіметі арнайы шараларды қолға алады. 1971 жылы Сакудегі халықтың өмір жасын ұзарту үшін жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылады. Өмір жасты ұзартуға бағытталған шаралар кең ауқымда жүргізіледі. Өйткені, Жапония үкіметі адам денсаулығын жасанды технология немесе қиялдағы дайын эликсирге мүлдем қатыссыз, табиғаттың бір-ақ рет сыйлайтын асылы екенін біледі. Бұл асылды сақтау оңай емес әрине. Өмір жастың ұзақ болуы ең алдымен денсаулыққа байланысты. Тұрмыс жағдайының жақсы болуы, дұрыс тамақтану өз алдына, қимыл-қозғалыс, әрекет керек. Міне, осыны білетін жапон қариялары ұдайы еңбектену деген принципті ұстанады. Сакудің жасы алпыстан асқан азаматтары жеке жұмысынан қолы босағанда, ауылдағы егістікке көмектеседі, қыш зауытына барып, жұмысшыларға өз еріктерімен болысады. Спорт секциялары ғана емес, ән-би үйірмелеріне де намыстанбай қатысады. Әрине, табиғи таза өніммен тамақтану денсаулық кепілі екені рас. Бұл жөнінен Жапония дүниежүзінде алдыңғы орында тұр. Күншығыс асханасының ең зиянсыз ас мәзірлерінен тұратынын барша әлем біледі. Америка, Еуропа ғалымдары денсаулықты түзету, түрлі аурулардың алдын-алу, арықтау процедураларына жапон тағамдарын пайдалануға ниеті ауғаны бекер емес. Саку қаласында 1971 жылы қабылданған халықтың өмір жасын ұзарту жоспарлары науқандық іс боп, сол күйі тоқтап қалмады. Қала әкімі Миура Дайакэнің өзі денсаулықтың құпиясы дұрыс тамақтану мен тіршілік үшін жарыста жатқандығын баса айтады. Қырықтағы қылшылдаған жігіт пе десек, әкімнің өзі 89-да екен, мамандығы – дәрігер. «Мен үшін Саку шаһарында диванда бос жатқан қария болмауы керек. Өтіп кеткен өкінішті жағдайларды ойда сақтамай, үйге қамалмай, табиғат аясында әрекет ету керек. Осы үшін біз ақсақалдар мен әжелерді әкімшіліктегі жұмыстарға, қоғамдық істерге қатыстырамыз» дейді әкім.

«Жетпіс – жүгермектің жасы»

Жапон қарияларынан қартайдық, шар-шадық деген сөзді естімейсіз. Сексенге келген қарияның тоқсан асып, жүзге жетуіне бүкіл қоғам болып атсалысады. «Жастармен жағаласып, осы кісіге не жоқ, асарын асап, жасарын жасап» деп, кеудесінен итеріп, еңсесін түсірмейді. «Ана шалды қараңдар, кемпірі екеуі тауда доп теуіп жүр» деп, сөз етпейді. Жапон әдебиетіндегі Ақ қайың ағымының өкілі Шига Наоя 88 жыл жасаған. Ол күнде таңертең ешкі сүтін ішкен деседі білетіндер. Бұрынғы өнер шеберлерінен 107 жыл өмір сүрген мәдениет орденінің иегері Хиракуши Дэнчюу «70-80 деген жүгермектің жасы деп есептеймін. Ал, нағыз жігіт деп 100-ге толғанда айтуға болады» деген екен. Адамның шабыты тасып, кемеліне келетін шағы 105 жас деген атақты сәулетшіні жапон халқы әйгілі өнер туындылары арқылы біледі. Елге белгілі тұлғалардың бірі Асахина Соугэн Шидзуока префектурасының тумасы. 90-ға таяған шағында дүниеден өткен. Оның тоқсанға тақаған баласы Асахина Соусэн естелігінде «Әкем таңертең балық және ет жеуші еді» деп жазған екен. Жалпы, етті тамақтану нормасынан шығарып тастаудың дұрыс еместігін жапон ғалымдары айтып жүр. 89 жастағы Сэтоучи Джякучоу 75 жасында көне повесть «Гэндзи моногатариді» қазіргі жапон тіліне аударып бітті. Бұл туынды төрт рет Кабуки театрында сахналанды. Токушима префектурасында дүниеге келген ол әйел жазушылардың қатарындағы белгілі тұлға, мәдениет орденімен марапатталған.

Қартаймаудың бір құпиясы

Жалпы, Жапониядағы қариялардың қайсысына сөз берсек те, өткенге өкінбеу, басқа түскен қиындықты жүрекке жақын қабылдамау, жаман ойға берілмеу, үнемі алға ұмтылу және табиғатта жиі болуға тырысу туралы айтады. Жапон қарияларының өмір салтына қарасаңыз, Еуропа мен Америка ғалымдары айтып жүрген «адамның еңбек өнімділігі жасына байланысты, қартайғанда іскерлік қабілеті нашарлайды» деген теорияның әлемге ортақ қағида еместігін түсінеміз. Статистикалық деректерден келтірсек, жапондардың орташа өмір ұзақтығы 82 жас. Орташа есеппен ерлер – 78, әйелдер 86 жыл өмір сүреді екен. Бұл дүниежүзіндегі 1 орынның көрсеткіші. Екінші орында Швеция тұр. Орташа есеппен еркектері 78, әйелдері 83 жыл өмір сүреді екен. Испан еркектеріне 76, әйелдеріне 83 шамасындағы жас телінеді. Австралия тұрғындарының ішіндегі ерлері 77, әйелдері 82 жыл деп мөлшерленсе, канадалықтарға 77/82 деген цифр тиесілі. Жерұйық мекен саналатын Швейцарияда тұратын ерлер қауымы 76, әйелдері шамамен 89 жыл жасайды, француздар да осы шамада. Бұл дүниежүзінде халқы ұзақ жасайтын елдердің тізімі. Бұл тізімді Жапонияның бастауы заңды да. Қоршаған орта жағдайы мен әлеуметтік фактордың екі аяқты тіршілік иесіне қатты әсер ететінін білеміз. Кейінгі кезде артық салмақтың адам өміріне аса қауіпті екені айтылып жүр. Жапонияда 65-тен асқандар халықтың 20 пайызын құрайды. Барлығы артық салмақтан ада. Эдо дәуіріндегі шипагер Каибара Экинэн (1630-1714) «Йоуджоуки» деген кітабында «Адамның тоқтығы 80 пайыз деңгейден аспау керек» деген екен. Ал, биылғы 100-ге толып отырған терапевт Хинохара Шигэаки тамақтанғанда, асқазанның 30 пайызын бос қою керек деп есептейді. 1911 жылы дүниеге келген Хинохара Шигэаки 1941 жылдан бері дәрігер боп жұмыс істейді. «Семіздіктен қорқып, еттен толық бас тартқан дұрыс емес» дейді ол. Жүзге келген дәрігердің өзі сала-құлаш баспалдақтармен таяқтың көмегінсіз жаяу көтеріледі. Лифт, эскалаторды пайдаланбайды, жолға шыққанда жүгін өзі көтереді. Қан тамырларын қалыпты жағдайда ұстау үшін тұрақты түрде жаттығу жасайды. «Ұйықтамау денсаулыққа қауіпті емес, ұйықтамағанын ойлап, уайымдап, күйіну қауіпті» дейтін Хинохара Шигэаки аптасына бір рет таңға дейін жазу жазады екен. «Қартайдым деп, екі қолды бос қойып, диванда жатып алған дұрыс емес. Көпшілікпен араласып, шабыттандыратын сүйікті іспен шұғылдану керек. Орташа жас ұзақтығы 80 десек, қалған 10-20 жылды да еңбекпен өткізу керек. Адам бойында 36000 ген бар. Пайдаланбайтынымыз қаншама! Музыка, спорт, сурет өнерін тек қолынан келетін жастардың шаруасы демеу керек. Адам бойындағы көптеген қабілеттер қартайғанда ашылуы мүмкін» дейді ол.

Қос шыңды бағындырған қария

100 жас әркімнің аяғы жете бермейтін шың ғой. Жапон ақсақалы Миура Кэйдзоу қос шыңды бағындырыпты. 1904 жылы туған ол жетпіске келгенде, Эверест пен Килиманджародағы жылдам сырғанау жарысына қатысқан. Жылдың көп бөлігін шаңғы тебумен өткізетін қария қар жаумаған кезде жүгіру жарыстарына қатысады екен. 2004 жылдың ақпан айында 100 жасын шың басында қарсы алыпты. Америкаға барып, немере-шөберелерін қосқанда, барлығы 170 кісі 3000 метрлік биіктіктен сырғанаған. Ал, 2003 жылы 99 жасында ұлымен, немерелерімен Монблан мұздығынан шаңғымен түсіпті. «Жүзден асудың құпиясы неде?» деген сұраққа ақсақал «Үнемі шаңғы тепкендіктен емес, осы спорт түріне деген құштарлықтың арқасында болар» деп жауап берген. Елу жылдан бері басқа ауру тұрмақ, тұмауға да шалдықпағанын жиі айтатын Мэй Ушияма 1911 жылы дүниеге келген. Әлі күнге дейін сән салоны мен сән мектебін басқарады. «Адамның терісі, тәні және жүрегі кірлемесе денсаулығы мықты болады» дейді ол. Үздіксіз еңбек ету, физикалық қимыл-қозғалыс – денсаулық кепілі. «Барынша ішіп-жеп, сыланып-сипанып жата беру, қара жұмысты басқа адамның мойнына жүктеп, дайынды иеленетін жалқаулық ішкі ағза ауруларын шақырады. Күйзеліске әкелетін өкініш, күйініш, ызалану, бір нәрсені кек тұту жүрекке зиян, денсаулықты бұзатын факторлар» дейді кейуана.

Емді эликсир емес, еңбектен тапқандар

Жетпістен асқан шағында «Көне иерог-лифтер сөздігін», «Қытай-жапон сөздігін» шығарған қытайтанушы Ширакава Шидзука 1910 жылы туған. Ғылым әлеміне кеш келген ол университетті 33 жасында бітірген. «Асты талғап ішемін. Табиғат заңдылықтарын бұзбауға тырысамын. Ғы-лымға құштарлығым ешуақытта басылған емес. Құдай күш-қуат, тіршілік берсе, әлі де жоспарларым көп» дейді қария. Жүз екі жастағы ғалым жазу столына таңғы сағат 7-де отырады. Ұзақ жасаған қытайтанушы үйінде жапонша Коукоцубун деп аталатын көне таңбалар бедерленген тасбақаның қабығын сақтап отырған көрінеді. Жапонияда жасы жүзден асқан атақты кісілердің қатарында кездеме тоқушы ағайынды Ямугачилерді көреміз. 1901 жылы дүние есігін ашқан Ямагучи Итароу өнер әлеміне 12 жасында келген. Жапон тігін өнерінде кездемеге бедерлеудің нишиджинори деген тәсілі бар. Тігінші 70-тен асқанда ХІІ ғасырдың әдебиет туындысы, әлемдегі алғашқы повесть «Гэндзи моно-гатари» туындысы бейнеленген орамды асыл жібекпен кездемеге кестелей бастай-ды. Бұл қарапайым кестелеуден бөлек бояуы қанық айрықша өнер туындысы. Повесть бүгінгі заманға 40 ораммен жет-кен. Ямагучи Итароу осы шығарманың төртіншісін кездемеге түсіріп бітіруге тақап қалды. Әр орамды бейнелеуге 10 жыл уақыт кетеді екен. Өмір бойы кестесін тастамаған Ямагучи Ясуджироу бастауыш мектепті бітіре салысымен қолына ине-жіп алған. Ол 300 жылдық тарихы бар Ноу театрының костюмдерін тігуді бүгінге дейін жалғастыруда. 1906 жылы дүниеге келген Оомура сан мектепте 52 жыл сабақ беріпті. 74 жасында зейнеткерлікке шықса да, үйінде бос отырған бір күні болмапты. Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасын жүзге таяған шағында жасап шығарған қарт ұстаз Жапониядағы барша мұғалімдердің анасы іспетті. Күншығыстағы мектеп мұғалімдері айына бір рет жүзден асса да, жүзінен нұры таймаған ұстаздың оқыту әдістемесіне қатысты лекцияны тыңдайды. «Дәрігер жүрегіңіз мықты екен деген-ді. Күйіну, ызалану, ашулану сияқты жүйкені тоздыратын нәрседен аулақ болғандықтан шығар» дейді, Оомура сан күлімсіреген күйі. Ұзақ жасаған ұстаз түн баласы кітап, оқулық, әдістемелік құралдар жазумен айналысады екен. Жапониядағы жүзді алқымдаған қария-лардың қайсысына қарасаң да, қартайдым деп қалтылдап тұрған бірін көрмейсіз. Бәрі шетінен тың, жастар қатарлы жұмысқа араласып жүр. Оларға жас ұлғайғанына байланысты ерекше күтіну де қажет еместей. Қоғамдық тіршіліктен қалыс қалмай, көрген-білгендерін байыппен баяндаған қариялардың денсаулыққа зор мән беретіні байқалады. Ежелгі Муромачи дәуіріндегі самурайлардан жеткен ичиджосансай (бір сорпа, үш қою тамақ) жапондық ас мәзірі құрамындағы күріштің де есте сақтау қабілетін жақсартуға қажет элементтерге толы екені белгілі. Ми жұмысына өте қажет лецитин мен асқазанға, қан айналым жұмысына керек заттар мол күріште. Адам денсаулығы ішкен асқа ғана емес, ойлаған ой, қимыл-әрекет, қоршаған орта жағдайына тәуелді. Қазір дамыған елдердің зерттеушілері тіршілік туралы ғылымдар саласында өмір жасты ұзартатын эликсир жасаудың тәсілін таппай жүр. Мәңгілік өмір сыйлайтын жанды су эликсирі тек Шығыс ертегілерінде айтылады.

Қариялардың саны артуда

Жапонияда 1960 жылы жасы 100-ден асқандардың саны бар болғаны 144 болған. Бұл елдің үкіметтік ұйымдары өлім-жітімді азайту және өмір жасты ұзартуға бағытталған нақты жоспарларды жүзеге асыру жолында ізденумен келеді. Мемлекеттік деңгейде түрлі жобалар жасалған, қарияларға қамқорлық жоспардан түскен емес. Бұл іс-шаралардың барлығы тек жапон ғана емес, барлық халықтың қолынан келетін қарапайым қағидаларға негізделгенін айта кету керек. Жапонияның 100 мың тұрғынының әрбір 37-сі жүз жасты алқымдаған екен. Ғасыр жасаған адамдар саны бүгінде 47756 кісі. Оның 87 пайызы әйелдер. Биыл бұл көрсеткіш 3300 адамға өскен. Ең жасы үлкені Дзирэмон Кимура, биыл 114-ке толып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ең кәрі жапон әйелі де 114 жаста. Жапонияда 127 миллион 440000 халықтың 18,5 пайызы 65-тен асқан деп есептеледі. Жапонияда «Елде туу азайып, қариялар саны көбейіп барады. 2020 жылға қарай халықтың басым бөлігін қарттар құрауы мүмкін» деген қауіптің бары да рас.

Окинава — мәңгілік жастық елі

«70 – балаң шақ, 80 – жігіттік кезең. Ал, 90-ға толғанда ата-бабаларың аспанға шақырса, 100-ге жеткенше күте тұруды өтініңдер». Окинаваның Солтүстігінде, Огими жағалауындағы алып таста ежелгі дәуірдегі бір данышпан өсиет сөзін қашап кетіпті. Окинавада жасы келіп, қызметтен кетуді білдіретін зейнеткерлік деген ұғым атымен жоқ. 161 аралдан құралған Окинава аймағы ең жас әрі ең жасы ұзақ тұрғындардың мекені. Бұл аймақтың тұрғындары еркек безінің ісігі сияқты қатерлі аурулардың атын ешқашан естімепті. Жапонияның Денсаулық және әл-ауқат министрлігі мен дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша өмір ұзақтығы Жапония бойынша 79, 9 пайыз болса, Окинавада 81,2. Қарияның өнегесін үлгі тұтуды білдіретін аякару деген дәстүр сақталған. Көне қытай жазбаларында «Окинава – ажалсыз аймақ» деп жазылыпты. Бұл осы өлке тұрғындарының жас қалпын сақтап, ұзақ өмір сүруін білдірсе керек. Окинаваның қазіргі тұрғындарының тіршілік салтынан мысал келтірсек, Накадзима деген қария 100-ге толғанда, ауыл шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Бау-бақша егіп, өз қолымен көшеттер отырғызған. Еуропа ғалымдары ұзақ жылдар бойы зерттеу нәтижесінде дүниежүзіндегі ең қаны таза адамдар Окинавада тұратындығын анықтапты. Батыс ғалымдары окинавалықтардың өмір салты, тіршілік дағдысы, қан тазалығына арналған көптеген еңбектер жазған. Окинава тіршілік туралы ғылыммен айналысатын ғалымдардың назарын бүгінге дейін аударып келеді.

591 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз