• Еркін ой мінбері
  • 08 Сәуір, 2024

Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және мәдениет байланыстарының дамуы

Р.Б.Сулейменов атындағы

Шығыстану институтының ғылыми

қызметкері Қастер Сарқытқан

     Қазақстан мен Қытай әлемдегі шекарасы ең ұзын елдердің бірі. Тарихи көршілік қарым-қатынас екі ел арасындағы байлынысты сан-салалы дамытып келеді. Тарихи кезеңдерді емес, егемендіктен кейінгі уақытты қарастырар болсақ, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас 1992  жылдан  бастау  алады. Содан бері білім және мәдениет саласында өзара  түсіністік  тереңдеп,  достық  қатынас нығайю үстінде. Оған Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қол қойылған келісімдердің маңызы зор болды. Олардың қатарында төмендегі келісімдерді, коммюнике мен декларацияларды ерекше атап өтуге болады.

№ 1- кесте Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және мәдениет саласындағы

қарым-қатынасқа негіз болған заңды құжаттар [1]

Реті

Келісімнің атауы

Қабылданған уақыты

1

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникесі

1992 жылдың 3 қаңтары

2

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр  автономиялық  ауданы  арасында  туристік алмасуды  одан  әрі  дамыту  туралы келісімі

1992 жылы 16 шілдесі

3

ҚР  және  ҚХР  арасындағы  мәдени  ынтымақтастық туралы келісімі

1992  жылы  10 тамызы 

4

1993-1994 жылдар мәдениет саласындағы ынтымақтастық жоспары

1993  жылы  қазаны 

5

ШҰАА орталығы Үрімжі мен Қазақстан астанасы Алматы арасындағы достық ынтымақтастық туралы келісімі

1993 жылдың қараша айында

6

Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық  туралы келісімі

1998 жылы 5 шілдесі

7

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісім

2002 жылдың 23 желтоқсаны

8

Білім беруге саласында ынтымақтастық келісімі

2003 жылы

9

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының стратегиялық әріптестік орнату және дамыту туралы бірлескен декларациясы

2005 жылдың 4 шілдесі

10

Қазақстанда алғашқы Конфуций иститутын ашу

2006 жылы

Бұл келісімдер екі ел арасындағы мәдени, білім және спорттық  саладағы ынтымақтастықтың дамуына заңдық негіздерді қалады. Соның негізінде екі ел бір-бірінің дипломдарын тану және студенттер алмасу науқаны белең алды.  Нәтижеде Қытайда білім алған көптеген қазақ жастары Қазақстанға келіп білімін жалғастырды немесе ғылыми атақтарын алды. Ғылыми атағы бар мамандар Қазақстанның жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарында еңбек етіп келеді. Алайда, бір өкініштісі – Қытайда танымал жоғары оқу орындарын бітіріп, Қытайдың университтерінде немесе Қытайдың Ұлттық ғылым академиясында қызмет еткен біраз қазақ азаматтары Қазақстанға келгенде сол ғылыми ортасынан көз жазып қалды. Оған сол кездегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың да әсері болғаны мәлім. Бірақ, экономикалық-әлеуметтік қысымға шыдап, білім мен ғылым саласында әлі де еңбек етіп келе жатқан азаматтар да баршылық. Деседе адам -капитал деген теорияға негізделсек, сол бір топ білімді де, білікті азаматтардың бұл саладан шет қалуы қазақ мемлекеті үшін жоғалту деп санауға да болады.

        Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени ықпалдастық сан-салалы бағытта қалыптасты. Соның бірі - кітап аударма ынтымақтастығы болды. Осы тұста аударылған кітаптарды сыр-сипатына қарай бірнеше топқа жіктеп көрсетуге болады. Оның бірінші тобы – саяси кітаптар. Мысалы, Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Назарбаевтың «Ғасыр тоғысында» және басқа кітаптарының қытай тіліне аударылуы мен Қытай Төрағасы Си Цзиньпинніңның «Ел басқару жөнінде» атты кітабының қазақ тіліне аударылуы[2]. Екінші топқа қытайдың классик жазушылар шығармаларының қазақ тіліне аударылғандары. Бұл салада ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлының еңбектерін айрықша атап өтуге тура келеді. Ғалымның қажырлы еңбегімен  Лу Шүннің «Повестері мен әңгі­ме­лері»,  Мао Дуннің «Түн» және  Ба Цзиннің «Әу­лет» ро­ман­дары қазақ тілді оқырманға жетті. Үшінші топқа – қытай тарихындағы қазаққа қатысты  еңбектердің қазақшаға аударылуын айтуға болады. Бұған Қ.А.Яссауи  атындағы  Халықаралық  қазақ-түрік  университеті мен Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандарының аударған еңбектерін мысал етуге болады.  

          Бүгінгі таңда екі мемлекеттер арасында жалпы саны 68-ге жуық келісімдер бар. Солардың ішінде екі мемлекеттің Білім-Ғылым Министрлігінің 2003 жылы қабылдаған «Білім беруге саласында ынтымақтастық» туралы келісімі мен 2006 жылғы «Қазақстанда алғашқы Конфуций иститутын ашу» туралы келісімінің рөлін айрықша атап өтуге болады[3]. Осы қабылданған білім беру саласындағы келісімдер мемлекеттер арасындағы білім көші-қонын қалыптастыруы мен дамуына ықпалын тигізді.

          Қытай экономикасының дамуы оның білім және ғылым саласының да дамуына оң ықпал етті. ҚХР Білім Министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы Қытайда 2956 мемлекеттік және 784 жеке ЖОО тіркелген.  Онда жалпы студенттердің саны – 40,2 миллионнан астам деп көрсетілген [4]. Осы университтерде әлемнің 202 мемлекеті мен аймақтарының азаматтары білім алуда. Оның ішінде Орталық Азия елдерінің студенттері де бар.

        Қытай тілі мен білімін әлемдік нарыққа ұсынып келе жатқан жүйенің бірі - Конфуций институттары. Қазір әлемнің 154 елінде 548 институт жұмыс істеуде. Бұл туралы 2018 жылы Конфуций институттарының 13-ші Дүниежүзілік форумында жарияланды. Аталмыш білім орындарында білім алушылардың саны 1 миллионға жетіп жығылады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 4 Конфуцзы институты жұмыс жасайды. Олар Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында орналасқан.

          Қытай білім беру саясатын жан-жақты арттыру негізінде мынандай үрдістер жүзеге асып жатыр:

  1. Қытай үкіметі білім гранттарына қомақты қаржы бөлуде;
  2. Жоғары оқу орындарының санын арттыруда;
  3. Қытай тілі мен мәдениетін насихаттау мақсатында Конфуций институттарын ашуда;
  4. Елдер арасындағы білім көші-қонын қолдауда;
  5. Қытай университетерінде білім алуға ұмтылған студенттерден санын арттыруда .

       Екі мемлекет арасындағы үкіметаралық келісімнің негізінде жыл сайын студенттер алмасу жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Бүгінде Қазақстанда қытай тілін үйренем деушілердің қатары күн санап артуда. Сонымен қатар Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында қытай тілі шет тілі ретінде жүргізіліп келеді. Қытай тілін халықаралық қатынастар, шығыстану, аймақтану, аударма ісі мамандықтарынан басқа қаржы, туризм, құқық мамандықтарының студенттері үйрену үстінде.

   Қытай мен  Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың тағы бір маңызды тұсы – ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастығы болып табылады. Оның ішінде қытай фильмдері мен телесерияларының Қазақстан арналарында көрсетілуі. Одан сырт, Қазақстанның бас қаласы - Алматыда қытай тіліндегі кітаптарды саудалайтын кітап дүкені мен Ұлттық кітапхана құзырында қытай тіліндегі әдебиеттер топтасқан орталықтың болуы да екі ел арасындағы мәдени байланыстың бір көрінісі ретінде қарастыруға болады. Бұл іс-шаралардың бәрі де Қазақстан Республикасы  Үкіметінің  2005  жылғы  1  шілдедегі  No  678 Қаулысы  негізінде  «Қазақстан  Республикасы  Ақпaрaттандыру және  бaйланыс  aгенттігі  мен  Қытай  Халық  Республикасының Ақпараттық  өнеркәсіп  министрлігі  арасындағы  Ақпарaттық және коммуникациялық индустрия саласындағы ынтымақтастық туралы  меморандумға»  қол  қойылумен байланысты дамып келеді.

       Жинақтай келгенде, екі ел арасындағы қарым-қатынас білім мен мәдениет саласында күн өткен сайын дамып келеді. Бұған Қазақстандық студенттердің Ресейден кейін екінші орында Қытайды таңдап отырғанынан көруге болады. Мысалы, 2003-2004 жылдары Қытайда үкіметаралық алмасу бағдарламасы бойынша Қытайда 20 қазақстандық студент білім алса, 2018 жылы студенттер саны 17600-ге жеткен. Оның ішінде қазақстандық 14 мың студент ҚХР-дың жоғары оқу орындарында үкіметтік гранттары негізінде білім алып жатыр[5]. Статистикаға сүйенсек, Қытайда оқитын қазақстандық жастар халықаралық қатынастар, әлемдік сауда, бизнес және т.б гуманитарлық мамандықтар мен мұнай барлау мен өндіру, машина жасау, құрылыс секілді техникалық мамандықтарда оқиды.

          ҚХР-дағы білім көші-қонының артуының басты себептерін қарастырсақ. төмендегідей мәселелерді көреміз:

    Біріншіден, білім беру саласындағы ынтымақтастықтың экономикалық қажеттіліктерге негізделуі;

    Екіншіден, қазақстандық білім және ғылым жүйесіндегі жеткіліксіз қаржыландырылу, материалдық-техникалық базаның төмен болуы,  дайындалған мамандардың еңбек нарығы қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі және т.б.;

   Үшіншіден, Қытайдағы университеттік білім берудің салыстырмалы арзандылығы.   

       Екі жақты мәдени және білім саласындағы қарым-қатынастың жандануы экономикалық байланыстың дамуымен бірге қатар жүріп отырды. Нәтижеде 2013 жылы "Жібек жолы экономикалық белдеуі" стратегиясын өмірге әкелді. Одан бері 10 жылдан артық уақыт болып, екі мемлекет арасында бір айға жарайтын визасыз тәртіп орнады. Бұл азаматтардың еркін барыс-келіс жасауына мүмкіндік беріп отыр. Осы қатынастар негізінде  2024 жылы "Қытайда Қазақстанның туризм жылы" болып белгіленді [7]. Бұл екі мемлекет арасындағы мәдени алмасу мен туристік ынтымақтастықты жаңа бір белеске көтеруі мүмкін. Осындай қарым-қатынастардың дамуы алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы білім миграциясы мен мәдениет саласындағы байланысты нығайта түсері анық. Ал осындай қатынастарда мемлекетімз үшін оқу орындарын барынша дамытып, жастарға сапалы білім беруді қамтаматсыз етумен бірге, шетелдік студенттерді де тартуды мақсат етуі тиіс болады. Одан сырт, ұлттық нақыштағы мәдениет пен өнерге мән беруді басты орынға қоюдың да уақыты келді. Себебі, жаһандану жағдайында ұлттық нақыштың сақталуы халықтың немесе мемлекеттің өз бедерін жоғалтпаудың негізі болып табылады.

         Бұл мақала BR20281006 «Шығыс елдері: тарихи және заманауи өлшем тұрғысынан Қазақстан үшін геосаяси сын-қатерлер мен жаңа перспективалар» тақырыбындағы іргелі ғылыми зерттеу аясында жазылды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Kaster Sarkytkan, Gulmira Berdygulova. Intellectual relationship between Kazakhstan and China (Based on the Features of Kazakhstan`s Education and Science sphere)  By Евразийская Ассоциация Международных Исследований (ЕАМИ) Международный университет «Астана» Центр аналитических исследований «Евразийский мониторинг» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция: «бір белдеу, жол» бағдарламасы: Идеядан іске  асыру тәжірибесіне дейін. 22.09.2023/ 134-144 б. Астана

2.Әсел айтқалиева, Нәбижан Мұқаметханұлы, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық байланыстардың дамуы. «Қоғам және дәуір» журналы, 69 № 1 (2021), 6-22 б.

3. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сайты. https://www.gov.kz/

4. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі. https://www.gov.kz/

5. Статистикалық мәліметтер // Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі http://www.moe.gov.cn/s78/A03/moe_560/jytjsj_2019/

6. http://www.kaz.people.cn/n3/2024

539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз