• Еркін ой мінбері
  • 30 Маусым, 2020

ШАРБОЛАТТАЙ ШЫҢДАЛҒАН ҚОҒАМ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, журналист

Қоғам, заман өзгерген сайын адам баласының міндет-мақсаты да ұлғая бермек. Мемлекет шаруасы да күрделене түспек. Кешегі күн мен бүгінгі күннің, өткен уақыт пен келер кезеңнің де айырмасы көп. Сонда өзгерген, өзгеріп жатқан нендей құбылыс дейтін болсақ, ол біздің санамыз, жан-дүниеміз, өмірге көзқарасымыз, ескі көзқарастардан арыла бастап, жаңа жол іздеуіміз, елдік бағыт-бағдарымызды ұлтымыздың ұлы мұраттарымен сабақтастыра білуіміз. Әлемді шулатқан коронавирустің әлегі әлі аяқталар емес. Індеттің таралуы елдің, азаматтардың жоба-жоспарларына өзгеріс енгізгені де рас. Дегенмен, алдымыздан кездескен сындармен бірге мемлекет тіршілігі өз қалпымен жүріп келеді. Қоғамда, әлеуметтік желілерде кең ауқымда талқыланған мәселелер де аз емес, солардың бірқатарына осы мақаламызда тоқталсақ.

Сонымен әлемге тараған коронавирустің («Covid-2019») салдары ауыр болатын түрі бар. Әсіресе, мемлекеттердің экономика секторына, қаржы-бизнес, туризм салаларына оңайға соқпайтыны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүниежүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан, шамасы жеткен елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде... Жалпы Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамалар туындатады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек» деп қалыптасқан жағдайға нақты бағасын берді.

Иә, бас-аяғы болжамсыз індеттің күрт таралуы, соңы қайда апарып соғатыны бәрімізді ойландырып тастады. Еліміз мұншалықты ұзақ мерзімдегі төтенше жағдай режимін бұрын-соңды басынан кешпегені анық. Бәрі де халқымыздың өмірі мен денсаулығы үшін қабылданған шаралар болды. Бастапқыда тосырқай қараған карантиндік жағдайға да біршама үйрендік. Жүріп-тұру, барыс-келіс шектелді. Күнделікті бет-перде киіп, тұмшаланып сақтанып жүру, тазалыққа мән беру тәрізді шаралар қоғамда өзгеше ахуалды қалыптастырғандай. Жиын-тойлары, басқосулары тоқтаған қонақшыл қазағымыз үшін де карантиндік шектеулер қиындау тиді. Әз-Наурызымызды арқа-жарқа, кең көлемде атап өте алмай, бірқатар мерекелік шаралар, бағдарламалар жүзеге аспай қалды. Ағайын-туыстың, дос-жаранның амандығын телефон арқылы біліп отырдық. Көпшілік қауым карантиннің пайдасын да айтып жатты: көлік қозғалысының шектелуіне байланысты Алматы сияқты ірі мегаполистерде ауа тазарды десті. Әйтеуір, жұрт болып, ел болып әлем тап болған сынақты біз де басымыздан кештік. «Көппен көрген ұлы той» демекші, пандемиямен күрес тәсілдері дүниежүзі мемлекеттерінде ұқсас сипатта өрбіді. Осы ретте пандемияға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер де айтылмай қалмады. Індет кең тараған АҚШ елі Қытайды айыптап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына да уақытылы шаралар қабылдамағаны үшін кінә артты. Бұл қолдан жасалған вирус деген болжамдар да жасалды. Сірә, коронавирус жыры әлі көпке созылып, талай кітаптар да жазылатыны анық. Тезірек вакцинасы табылып ауыздықталмаса, оның айналасындағы мәселелер біраз жерге дейін баратын сияқты.

Шындығына келгенде, көп мемлекеттер үшін коронавирус саяси реңк, саяси сипат алып кетті. Әсіре саясатшылар бұдан әрқилы заңдылықтарды шығарып, қисындысы бар, қисынсызы бар түрлі көзқарастарды алға тартумен болды. Оларының қайсысы ақиқат, қайсысы жалғандықпен тұмшаланған дүниелер екенін ажыратудың өзі қиынға соқты. Кейбіреулер өздеріне назар аударту үшін, белгілі дәрежеде ұпай жинау үшін де ащы-тұщы пікірлер білдіріп қалудан тайынбады. Бразилия, Беларусь тәрізді бірқатар мемлекеттер карантиндік шектеулер қабылдамай, қалыпты тіршіліктерінен бас тартпады. Бұл енді әр мемлекеттің өз ішкі шаруасы болғандықтан, оған пәлен деп баға берудің өзі артықтау. Бірақ, пандемияның адам денсаулығына қауіп төндіретіні рас. Мұны ешкім жоққа шығара  алмас. Себебі сырқатқа ұшырағандар да, одан көз жұмғандар да аз емес. Бұл орайда мемлекетіміз нақты шешімдер қабылдағаны жақсы болды. Ол шешімдерге халқымыз да түсіністікпен қарап, барынша сақтық шараларына көңіл бөлді. Десек те, жекелеген азаматтардан індеттен сақтанып, өмір сүруге байланысты салғырттық, немқұрайдылық байқалмай қалған жоқ. Ескертулерді елемеудің соңы қатаң карантиндік режимге дейін апарды. Мұндай көріністерден кейін «бізде өз денсаулығына жауапты қарауды үйрене алмай келе жатқан азаматтар бар екен» деген ой түйесің. Алла тағала «Сақтансаң, сақтаймын» деген екен. Осы қағиданы қалайша ұстанбай кеттік. Әсіресе, денсаулық мәселесінде. Аталған індет жұқпалы болғандықтан, ол адамның өзіне ғана емес, айналасындағылар үшін де қауіпті екенін дәрігерлер үнемі ескертті. Бұл ретте дәрігерлер қауымының еңбегін де айрықша атап өтуге тиіспіз. Күн демей, күн демей, ауруханаларда қалып, науқастардың жанын құтқару үшін аянбай күресті. Өздерінің денсаулықтарына да қауіп төнгеніне қарамастан жанкештілік танытты. Өкінішке қарай, дәрігерлер қауымы арасында сырқатқа ұшырағандар кездесті. Бұл жерде де мәселе адам факторынан орын алғаны белгілі болды. Індеттің медицина қызметкерлеріне таралуына жол берген ауруханаларда санитарлық талаптарды ұйымдастыру жұмыстарының ойдағыдай болмауының салдары өкінішті жағдайларға ұрындырды.

Күрестің алдыңғы шебінде жүргендер арасында блок-бекеттерде тәулік бойы қызметте тұрған полицейлер мен әскерилердің еңбектері де ерен. Бір сөзбен айтқанда, отандық мамандарымыз сыр бермеді. Барынша лайықты күресе білді. Әлем елдері екі аптаның ішінде ауруханалар салып тастап жатқанда, біздің елімізде де екі аптаның ішінде инфекциялық аурухана бой көтерді. Осындай жеңістеріміз бен жетістіктерімізге қарап, жүрегімізде «біз де ел екенбіз ғой, біздің де қолымыздан әжептәуір дүниелер жасау келеді екен ғой» деген патриоттық көзқарас орнады. Ең бастысы, соның бәрін өз мамандарымыз атқаруда. Вакцина жасау ісіне де отандық вирусолог-ғалымдар білек сыбана кірісіп кетті. Кім біледі, бәлкім, әлем күткен вакцинаны Қазақстан ғалымдары жасап шығарады. Ол да әбден мүмкін. Оған әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді. Президент айтқандай, «ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті барынша күшейту қажет. Коронавирус және соған ұқсас індеттер бір жолғы құбылыс емес екенін аңғардық. Сондықтан, біз бұған іс жүзінде ғана емес, ғылыми тұрғыдан да әрдайым дайын болуымыз керек. Үкімет беделді ғалымдар мен сарапшыларды жұмылдырып, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құруға тиіс». Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан осындай шаралар еліміздің ғылыми әлеуеті мен түрлі індеттерге төтеп беретіндей кешенді істердің алғышарттары мен негіздемесін даярлауға септігін тигізеді. Мұндай індеттермен күресуде даярлығымыз болмаса, тәжірибеміз жетпесе, материалдық-техникалық, медициналық база қалыптаспаса, тиісті мамандар тапшы болса, бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін жағдай. Ұлттық қауіпсіздік дегеніміздің өзі бірінші кезекте ел азаматтарының өмірі мен денсаулығы ғой. Ол біздің Ата заңымызда да тайға басқандай анық жазылған: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Мемлекетіміз Конституциядағы осынау маңызды тұжырымды басшылыққа алатыны сөзсіз.

Отандық мамандарға қатысты ойымызды әрі қарай сабақтай түсетін болсақ, әрине, мемлекет отандық мамандарды қолдауы керек. Өйткені, қоғамды алға сүйрейтін ең алдымен білікті мамандар. Адам капиталы дұрыс қалыптасқан елдің бағындырар биігі де зор болмақ. Мұны әлемдік тәжірибенің мысалдарынан көріп отырмыз. Егер де, өркениетті елдер қатарына жетеміз десек, білікті мамандарды көбейтуіміз керек. Себебі әлеуметтік саланы да, экономиканы да, өндіріс көшін де алға сүйрейтін – білікті мамандар. Ол қай кезде де солай болып келген. Өкінішке орай, қоғамымызда өз мамандарымыздың білім-біліктілігіне лайықты көзқарас әлі де болсын қалыптаспай келеді. Өз мамандарымыздан гөрі шетелдің мамандары мықты сияқты қабылданды.Енді бұл көзқарас та түбегейлі өзгермек. Себебі отандық мамандарға жұртшылық тарапынан сенім пайда бола бастады. Дәрігерлерге деген құрмет оралды. Жалпы, біздің қоғам осы індеттің таралуынан кейін біраз нәрсенің қадіріне жетті. Мұғалімдердің еңбегі елеусіз сияқты көрінуші еді, ата-аналар балаларын өздері оқыта бастағанда мектептің, мұғалім жұмысының қиындығын біршама түсінді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, көп нәрсенің қадір-қасиетіне енді жетіп жатқандаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерге халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтірді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз. Сондықтан, еңбекке баулу жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болу керек деп санаймын. Бұл ұлттың болашағына тікелей ықпал етеді».

Иә, адам баласын барлық қиындықтан алып шығатын бірден-бір дүние – бұл еңбек. Өкінішке қарай, еңбек философиясын толыққанды меңгере алмай келе жатқан жұртпыз. Шынтуайтына келгенде, еңбектің философиясы тым тереңде. Біз еңбек етуді тек өзіміздің күн көрісімізбен ғана шектеп тастағанбыз. Мұндай түсінік оншалықты қате емес. Тереңінен ойлап, мәселені кең ауқымда саралап көрсек, еңбек ете білу – мемлекетіңнің дамуына, еліңнің өркендеуіне үлес қосу деген сөз. Әрине, мұның барлығы көп болып жұмылғанда ғана іске асатын дүние. Барлығымыз өз қызметімізді сапалы атқарсақ, аула сыпырушы ауласын тиянақты тазаласа, жұмысшы жұмысын ынтамен істесе, шалалыққа жол бермесе, мемлекеттік қызметші міндетін адал атқарса, дәрігерлер науқас адамды жанашырлықпен емдесе, қысқасы, әр адам өзінің мамандығының шеберіне айналуға талпынса, біздің ел міндетті түрде озық мемлекеттердің қатарына жетеді. Ақиқатына келгенде, мемлекеттің даму дәрежесін көтеретін – халықтың өзі, халықтың ерік-жігері, биік арман-мақсаты, өз күшіне деген сенімі. Президентіміз мемлекет басшысы ретінде бағыт-бағдарымызды, стратегиямызды айқындап береді, Үкіметіміз тиісті бағдарламаларды қабылдайды. Ендігі шаруа – халықтың еңбекқорлығында. Халқымыз еңбекқор болмаса, бәрі бекер. Онда ешқандай бағдарлама (ол қандай тиімді болса да) бізді ұшпаққа шығармайды. Қасым-Жомарт Кемелұлының «шетелдерге халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ» дегені орынды айтылған пікір. Жапония, Сингапур, Малайзия сияқты әлемді таңқалдырған елдер мұндай дәрежеге халқының еңбекқорлығының арқасында жеткені мәлім.

2016 жылы Қытай еліне журналистік сапармен барғанымда, қытайлықтардың еңбекқорлығын көріп, қайран қалған едім. Талай зауыт-фабрикаларды, өндіріс ошақтарын аралағанымызда, жанкештілікпен жұмыс істейтін қытай азаматтарының бойынан атқарып жатқан еңбегі арқылы мемлекетінің де даму дәрежесіне үлес қосарына сенімділік ұялап тұрғандай әсер етті. Таңның атысынан кештің батысына дейін бір сәт тыным таппай, бір жағы компанияның гүлденуіне, екіншіден, елінің экономикалық жетістіктерінің шарықтауына атсалысуда. Біздің елдің азаматтарына да ынталы мемлекетшілдік мүдде жеткіліксіз болып тұр. Осы мүддені бойымызда қалыптастыра білсек, әлі-ақ талай белестерді бағындырар едік. Қоғамымызда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре бергісі келетін адамдар аз емес. «Алма піс, аузыма түс» дейтін пиғылдар да байқалмай қалмайды. Бұлардың барлығы да қоғамды кері тартатын, ел дамуын тежейтін кеселдер. Қазіргі уақыт барлық адамдардың қайнаған еңбекке жұмылатын кезі. Өйткені, коронавирустың салдары тұтас экономикалық жүйемізге соққы болып тиді. Қиындықтарды еңсеру үшін, сөзсіз, қажырлы еңбек керек.

Бүгіннің өзінде сарапшылар індеттен кейінгі әлем мүлде басқа болады деген пікірлер айтуда. Иә, әлі талай дүние өзгеруі мүмкін. Ол өзгерістер біздің өмір сүру салтымызға да әсер етуі ғажап емес. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп жазған болатын. Мақаланың тағы бір тұсында: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлап алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңқойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы» деген сөздер дәл қазіргі жағдайды нақты бедерлеп тұрғандай. «Ұстамдылық», «қанағатшылдық» пен «қарапайымдылық», «үнемшілдік», «мінез-құлықтың прагматизмі» атты ұғымдар дәл бүгін қажет болып отырған адами қасиеттер емес пе?

Наурыз айында Елбасы Қазақстан халқына Үндеуін жариялап, қалыптасқан жағдайды саралай отырып, әдеттегідей өз пайымы мен көзқарасын тығырықтан шығудың жолдарын көрсете отырып жеткізді.

– Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз. Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда. Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді. Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс –  шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде, – деген Елбасы, – мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі боп отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды. Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік», деп бұл күндерді кешегі өтпелі кезеңдердегі қиындықтарға ұқсатты. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда, кешегі 90-жылдары қиыншылықтардың болғаны рас. Мұны кейінгі жастар білмеуі де, көз алдына елестете алмауы да мүмкін. Өндірістер тоқтап, экономикалық көрсеткіштер төмендеп, зауыт-фабрикалар қаңтарылып, жұмыссыздық белең алды. Құдайға шүкір, сол кезде Елбасының сындарлы саясатымен еліміз ол қиындықтардан да шықты. Бүгінде де біз кешегі шешімдердің дұрыстығына көз жеткізіп отырмыз. Мысалы, Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық валюта қорындағы қаражаттың арқасында экономикалық сектордың құлдырауына жол берілмеді. Елбасы өз Үндеуінде: «Қазақстанның жолы қиындықсыз болмайтынын мен тәуелсіздіктің бастапқы кезінде-ақ білгенмін. Бұл ретте тарих пен уақыт біздің жоспарымызға өзгерістерін енгізетінін ескерген едім. Жайма-шуақ кездердің өзінде де біз алдымыздан шығуы мүмкін сын-қатерлерге дайындалып, алмағайып уақыттарда қажет болатын резерв қалыптастырдық. Жинақталған алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор қаражаты әрдайым біздің қабылдаған шараларымыз бен жалпы ұлттық экономиканы қолдауға септігін тигізді. Қазір осы күрделі ахуалдан шығу үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурс бар, қор да жеткілікті. Бұл – біздің «Алдымен экономика, сосын саясат» қағидатына негізделген бағыт-бағдарымыздың нақты нәтижесінің бірі» деді.

Жалпы, кез келген қиындықтың артында соны биіктерге қадам басу, жаңа шешімдер іздеу, инновациялық технологияларды игеру тәрізді бастамалар тұрады. Адамзат баласы тығырыққа тірелгенде ғана ғылыми жаңалықтар шыға бастайды. Шыны керек, тұтқиылдан шабуылдаған жау сияқты коронавирус індетін қарсы алуға көп елдер дайын болмады. Індеттің мұндай қарқынмен таралатынын ешкім де күтпеді. Қауіп-қатерді нақты сезінгеннен кейін ғана мемлекеттер есік-терезелерін қымтап, шекараларын тас қамалдай бекітіп, нақты әрекеттерге көшті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді» атты мақаласында: «Бір ақиқат бар: енді әлем бұрынғыдай болмайды... Иә, тереңнен толғап, арыға үңілсек санамызда сілкініс, қоғамда үлкен қозғалыс қажеттілігін пайымдаймыз. Қоғамдық санада көзқарастар жаңғырып, құндылықтарды бағалау көрсеткіші де ауысуда. Әлемді жаппай жаулаған дағдарыс дауылы жаһанды күйзеліске ұшыратты. Бірақ әрбір аласапыранның артында дамудың даңғыл жолы жатады емес пе? Тоқырау кезеңі орта және шағын бизнестің жаңа тынысын ашып, отандық өнімнің өрісін кеңейтері анық. Берілген қолдау мен мүмкіндікті ұтымды қолданар сәт келді... Коронавирус күллі әлемнің меди­ци­налық дамуына үлкен бетбұрыс әкел­ді. Италияның сәтсіз тәжірибесінен кейін, биотехнология мен медицинаға қол­дау­дың артары анық. Заман талабына сай медицинаның қашықтан қызмет көрсетуге көшуі әлемдік тенденцияға айналды. Пандемиядан кейін де дәрігер мен ұстаздың еңбегін бағалаудағы бетбұрыс жалғаса беруге тиіс. Дағдарыс халықты әуелі адами құндылықтарды бағалауға үйретуде. Мәж­бүрлі оқшауланған өмірден кейін адам­зат мейірім мен махаббатты, ізгілік пен сыйластықты, қарым-қатынас пен жана­шырлықтың қадірін түйсінуде. Бұл жалпы қоғамдық сананың дамуындағы төңкеріске теңеуге болатын игі өзгерістер» деп жазды.

Қырымбек Елеуұлы пандемия кезеңінде мемлекеттің рөлі мен дәстүрлі билік институттарын күшейтудің маңызды екеніне көз жеткізгенімізді атап өтті. «Цифрлы технология халыққа үстемдік еткен кезеңде мемлекетті басқарудың тиімді әдістері алдыңғы шепке шығып отыр. Азаматтардың құқықтары атқарған міндеттері бойынша таразыға салынуда. Қытай мемлекетіне таяуда жүргізілген ауқымды сараптама өзін-өзі ұйымдастыру мен жаппай шектеудің, темірдей тәртіптің маңызын айқындап берді.Төтенше жағдай цифрлы техноло­гиялардың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Адамзат жаппай электронды формада өмір сүрудің артықшылықтарын бағамдады. Сауда, қызмет көрсету, білім беру мен өзге де маңызды салалар дағдарыс жағдайында тиімді дамудың жаңа жолын көрді. Осыған дейін қиынға соққан ауқымды цифрландыру тек мемлекеттік емес, жеке сектордың да негізгі міндетіне айналды».

Иә, дәл осы кезеңдерде цифрлы технологиялардың маңыздылығы еселеп артты. Мәселен, кезінде қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының игілігін барша халық сезінді. Өйткені, елдімекендерге, ауыл-аймақтарға интернет тартылған, көп салалар компьютерлендірілген. Әйтеуір, еліміз әлемдік көштен қалып жатқан жоқ. Кемшіліктер жоқ емес, бірақ жалпы бағытымыз дұрыс қой. Цифрландыруды бүгінгі өмірдің шындығы, ақиқаты деп қабылдай отырып, бір қадам болса да, алға жылжып келеміз. Пандемия әлемнің біртұтас екенін тағы бір мәрте сезіндірді. Ақпараттық технологиялардың арқасында көптеген мемлекеттердің тәжірибелерін естіп, біліп отыруға мүмкіндік алдық. Вируспен күресуде көп елдің әлеуеті бірдей болып шықты. Негізгі әдістің бірі – үйден шықпай, оқшаулану, сақтық шараларына көңіл бөліну қолға алынды. Карантиндік шектеулерді енгізіп, артынша індеттің таралуын тоқтата білген елдер қалыпты өмір сүру жағдайына көшті. Бірақ, мамандардың айтуынша, күз айларында коронавирус індетінің екінші толқыны келуі мүмкін екен. Әйтеуір, алдымызда тағы бір сынақтардың тұрғаны анық. Десек те, «үйреніскен жау атыспаққа жақсы» деп, онымен күреске сақадай сай болып жұмыла аламыз ба, дағдарып қалмаймыз ба? Мәселе сонда. Мұндай болмас үшін, осыған дейін ұйымдастырылған шаралардың артық-кем тұстарын, кетік-кемшіліктерін түгел зерттеп, саралауымыз керек. Бұл ретте іс-шаралар жоспары қандай бағытта өрбитінін уақыт көрсете жатар. Бір анығы – бағалы минуттар мен сағаттарымызды бос жіберіп алмауымыз керек. Тәжірибе көрсеткендей, індет біздің салғырттығымызды, немқұрайлығымызды кешірмейді...

Пандемия жайындағы ой жосығымызды осымен доғара тұрып, ел өміріндегі өзге де маңызды жайттарға назар аударсақ.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толды.  Алайда карантиндік шектеулерге байланысты жылдағы мерекелік шаралар өткізілмеді.Десек те, бұл майданда қаза тапқан белгісіз солдаттарға тағзым етуге, ардагерлер қауымын құттықтауға ешқандай кедергісін келтіре алған жоқ. Әртүрлі формада, әртүрлі жағдайда ардагерлерге сый-сыяпат жасалып, құрмет көрсетіліп жатты. Жалпы, Екінші дүниежүзі соғысына қатысты батыс елдерінде әңгіме көп. Кейбір Еуропа елдері КСРО-ның тарихи жеңісін жоққа шығарғысы келеді. КСРО жауынгерлерін басқыншылар ретінде көрсетуден тайынбайды. ҰОС-ның белгісіндей болған ескерткіштерді қиратып, алып тастаған жайттар да кездесті. Бірақ, тарихты санадан өшіру мүмкін емес қой. Бүгінде жеңістің мұрагері болып қалған Ресей ҰОС тарихының бұрмаланбауына, басы артық әңгімелерден арашалауға күш салып келеді. Әлемнің өзінде бұл мәселеге байланысты ортақ көзқарас жоқ. Соған қарағанда бұл соғыстың айналасындағы дау-дамай, пікірталас жақын жылдары тоқтайтын түрі байқалмайды. Бірақ фашизмнің аты фашизм. Кезінде одан зардап шеккен елдер, әсіресе, кейбір Еуропа мемлекеттері қазір көп нәрсені басқаша пайымдап, өзгеше қабылдағысы келетіндей әсер қалдырады. Мойындамау, ақиқатты жоққа шығару осындайдан басталады ғой. Алдағы кезеңдерде Ұлы Отан соғысы тақырыбы қандай сипат алатынын нақты болжаудың өзі қиын. Бұл турасында «ақпараттық соғыстың» жүріп жатқаны анық. Осы орайда Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген елдер де үнсіз қалмағаны жөн сияқты. Ардагерлердің еңбегі еш кетпес үшін, тарихи шындық бұрмаланбас үшін әр ел өздерінің көзқарасын білдіріп, ортақ жеңістің қадір-қасиетін төмендетпеуге күш салғандары абзал болар еді.

Айтпақшы, өткен айда елімізде «Ардагерлер туралы заң» қабылданды. 18 баптан тұратын заңда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне кімдер жататыны айқындалған. Ресми құжаттың кіріспесінде: «Осы Заң ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындайды» деп жазылған. Сонымен қатар, Заң баптарында басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері кімдер, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер кімдер, еңбек ардагерлеріне кімдер жатқызылатыны, ардагерлердің мәртебесін белгілеу мәселелері жазылып, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары және т.б. маңызды бағыттар жан-жақты қамтылған. Бұл заңның қабылданғаны дұрыс болды. Өйткені, біраз мәселелер айқындалған. Ардагерлердің мүдделерін қорғайтын заң болмағаннан кейін әртүрлі сауалдардың туындай беретіні сөзсіз. Енді заң бар, олай болса, барлығы осы маңызды құжаттың аясында қарастырылып, шешімін табады.

Сонымен еліміздегі тағы бір маңызды мәселе – ол «Бейбіт жиындар туралы» Заңның қабылдануы. «Бейбіт жиындар туралы» заңды жетілдіру мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын» тұжырымдама аясында көтерген болатын. Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру атап өтілген еді. «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады» деді Президент. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында да осы мәселеге айрықша назар аударып, «Бейбіт жиындар туралы» Заң жобасы әзірленгенін айтқан болатын. Онда бейбіт жиындардың барлық формалары, бейбіт жиындар өтетін орындарды белгілеудегі мәслихаттардың құзыреттілігі, ұйымдастырушы мәртебесі, қатысушы мен бақылаушы, құқықтары мен міндеттері тәрізді ұғым-түсініктер айқындалатыны тілге тиек етілген еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Кеңесте сөйлеген сөзінде қоғамда митингілер мәдениетін қалыптастыру жайы маңызды екенін жеткізді. Сонымен «Бейбіт жиындар» туралы Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Еліміздің демократиялық қоғам құрудағы кезекті қадамы жасалды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға қарсы тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін» деп жазылған.

Расымен де, Президент айтқандай, қоғамның митингілерге деген мәдениеті қалыптасуы керек. Бұл демократиялық қоғам құру бағытындағы өте маңызды мәселе. Дамыған, өркениетті елдерде митингілер үйреншікті үдеріс ретінде қабылданады. Президенттің, Үкіметтің шешімдерімен, жүргізіліп жатқан реформалармен келіспейтінін білдіргісі келген азаматтар ешкімге зиянын тигізбей, бір орынға жиналып, өздерінің наразылықтарын мәдениетті түрде жеткізе алады. Жергілікті билік өкілдері де халықтың талап-тілегін тыңдап, ой-пікірлерімен санасады. Яғни, батыс елдерінде митингілер өткізудің белгілі формалары қалыптасқан. Қазақ даласында бұқара халықтың сөзін тыңдау дәстүрі бұрыннан қалыптасқаны белгілі. Егер жиналған қауымның мақсат-мүддесі бір арнаға тоғысып, қоғамға, елге қауіп төндірмейтін болса, талап-тілектерін мәдениетті түрде жеткізе алатын болса, мұндай жиындардан билік өкілдері де аса зор қауіптенбей, жұртшылықтың сөзіне құлақ аса білетін, айтар уәждерін тыңдай білетін дәрежеге келуі керек. Әрине, мұның барлығы заң аясында жүзеге асқаны маңызды. «Халықтың сөзіне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы бүгінде, шын мәнінде, өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Соның бір көрінісі – «Бейбіт жиындар туралы» Заңның әзірленгені. Айта кетейік, бұл заң жобасы бірнеше қоғамдық талқылаудан өтті. Артық-кем тұстары сараланды. Білікті мамандар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар заң жобасын әзірлеу жұмысына тартылған.

Консалтингтік және зерттеу ұйымдары қауымдастығының президенті, Қазақстан Заңгерлер одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Серік Беркамалов заң жобасы талқылану барысында баспасөз бетінде келесідей пікір білдірген екен: «Сенатта «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қаралды. Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген митингілер туралы заңнаманы жетілдіру тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатыр.Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері түзету енгізіл­меген заңды жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуы қажет. Осы мақ­сатта АҚШ, Еуропа елдері сынды бірқатар демократиялық мем­ле­кеттердің тәжірибелері де ес­керіл­ді. Бастысы – бұл заң жобасы прог­рессивті заң болуы тиіс. Сон­дық­тан, елімізде бұрыннан қол­да­нылып келе жатқан заңға күр­делі өзгерістер енгізілуде. Күрделі өзгеріс деп отыр­ға­ным, осыған дейін елімізде бей­­біт жиналыстарды ұйымдас­ты­ру мен өткізу үшін мемле­кеттің рұқсаты керек еді. Енді­гі күн­де азаматтардың алаңға шығып, қандайда бір саяси көзқа­рас­тарын, келіспеу­ші­лік­терін біл­діру үшін мемлекеттен рұқ­сат күт­пей, ескерту, хабарлан­дыру тәрті­бі арқылы жиналуына жол беруді көздейтін нағыз демо­кратия­лық бастама жасалып жатыр. Бұл жиындарды өткізу үшін ар­найы орындар, алаңдар белгі­ленбек. Алайда оппозиция өкіл­дері мұнымен келіспей отыр. Олар мұндай бейбіт жиындар кез келген орындарда өтуі тиіс деген пікірде. Бұл ұстанымды қостамаймын. Менің ойымша, адам бостан­ды­ғының шегі басқа адамның бостандығының шегі басталатын жерде аяқталады. Яғни, атал­ған жиындарға қатысуды көздемейтін азаматтардың күн­де­лікті өмір-салтына кедергі кел­меуі тиіс. Қарастырылып жатқан заң жобасында бейбіт жиындар­ды онсыз да Нұр-Сұлтан, Алма­ты сынды еліміздегі ірі қалалар­дың орталықтарында өткізу мәсе­лесі көтеріліп отыр. Бұл бастама­лар­дың еліміздің өзге қалаларына қатысы бар. Шектеу деп отырғаным – жоға­рыда айтқанымдай, бейбіт жиын­дарға қатыспайтын тұрғын­дардың құқығын қорғау. Мәсе­лен, жиындардың мектеп, ба­лабақша сынды білім ошақта­рының, емхана, аурухана сынды әлеу­мет­тік нысандардың аума­ғында өткі­зілгені – сондағы азамат­тардың құқығын аяқ асты ету болар еді. Сондықтан, бұл шектеулер заң тұрғысынан дұрыс негіздеме болып отыр. Әрине, талқылау әлі де жүр­гі­зіледі. Ол да дұрыс. Себебі «ке­лі­сіп пішілген тонның келте бол­майтыны» белгілі. Заңды жетіл­діре түсетін тың бастамалар, игі негіздемелер болады деп сенемін» депті Серік Беркамалов.

Қоғам қайраткері, саясаттанушы Марат Башимов болса, бұл заң жобасына «Адам құқығына байланысты халықаралық талаптарды ескеретін прогрессивті және либералды заң жобасы» деген баға беріпті. М.Башимовтың пайымдауынша, заң жобасы қабылданғаннан кейін бәрі өз орнына келеді, көптеген проблемалық сауалдар да келмеске кетеді. «Митингілер барлығы үшін үйреншікті және әдепкі жағдайға айналады. Мұны уақыт көрсетеді. Коронавирус қашан жойылатыны түсініксіз. Егер де қазір заң қабылданбаса, ол күзге немесе 2021 жылға қалып қоюы мүмкін. Олай болған жағдайда, құқықты қолданушылар, полиция немесе мемлекеттік органдар, көпшілік наразылығын білдірген 1995 жылдағы ескі заңның нормаларымен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мәжілістегі жұмыс тобы ауқымды жемісті еңбек етті. Құқықтық нормаларды талқылады. Көпшілігі ойлайды, митингілер тек саяси бағытқа қатысты деп. Жоқ, бұл азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың кез келген саласына – экономикалық, әлеуметтік, мәдениет, білім беру, басқа да салаларға қатысты. Заң жобасы азаматтық және саяси құқықтардың Халықаралық стандарттарына, соның ішінде Халықаралық пактінің 21-ші бабына сәйкес келеді. Заң жобасы әрдайым жетілдіріліп отырды, сондықтан, либералды болып шықты. Пикеттерді заңмен тыйым салынбаған кез келген жерлерде өткізуді заңдастыру ұсынылды. Арнайы жерлер қаланың орталық бөліктерінде, ұйымдастыруға ыңғайлы, инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігі бар, санитарлық нормалар мен ережелер сақталатын, қатысушылар мен ұйымдастырушылардың қауіпсіздіктері қамтамасыз етілетін жерлерде болуы керек. Сонымен қатар, демонстрация түріндегі бейбіт жиындарды өткізуге жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу керек. Және бұл дұрыс та. Себебі өзгелердің құқықтарына нұқсан келтіре отырып, көшелерді жабуды келісімсіз жүзеге асыруға болмайды. Конституция бойынша да, халықаралық пакті принципі бойынша: «сенің митингіге байланысты құқығыңды жүзеге асыруың басқа адамдардың құқығының бұзылуына әкеп соқпауы керек».

Осылайша, «Бейбіт жиындар туралы» Заңда мүдделес тараптардың талап-тілегі ескеріліп отырғаны байқалады. Әрине, аталған заңның нақты қолданысы барысында оның кейбір кемшін тұстары да кездесіп қалуы ғажап емес. Өйткені, шынайы өмірде, шынайы қоғамдық қарым-қатынастарда біршама мәселелер көрініс тауып жатады. Ең бастысы қолданыстағы заң жобасы Президент бастамасымен жетілдірілді. Көп нәрсе өзгертіліп, жаңартылды. 1995 жылы қабылданған заң жобасынан айырмашылығы әлбетте көп. Ол уақыттан бері еліміз өсті, қоғамдық сана жетілді, құқықтық сауаттылық артты. Демек, халықтың, жекелеген азаматтардың бейбіт жиындар арқылы өз көзқарасын билікке жеткізудің өркениетті формаларының қажеттілігі туып келеді. Осы мәселені дер кезінде байқаған Мемлекет басшысы «Бейбіт жиындар туралы» Заңның бұрынғы нұсқасын қазіргі заман талабына сай етіп, қайта әзірлеу мәселесін күн тәртібіне қойды. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі болғаннан кейін, мұндай заңдарды әзірлегенде, халықаралық нормаларды, халықаралық стандарттарды ескермеуге болмайды. Бүгінде әлемде адамның құқығы мен бостандығы қарапайым түрде түсіндіріледі. Яғни, әр адамның құқығы өзге адамның құқығы басталған жерден аяқталады. Көрдіңіз бе, қарапайым принцип. Бұл дегеніміз біз өз құқығымызды жүзеге асырғанда, айналамыздағы адамдардың құқықтарын да міндетті түрде ескеруіміз керек. Бәлкім, бейбіт шерулерді қалай болса, солай, заңсыз, бас-көз жоқ өткізе беру арқылы өзгелердің құқықтарына нұқсан келіп жатқан жоқ па деген мәселені ұйымдастырушылар қаперде ұстаса игі. Сонда ғана біз елімізде бейбіт жиындар мәдениетін қалыптастыра аламыз. Жалпы, кез келген шеру, демонстрация, пикет, митингілердің орын алуына түрліше себептер әсер етеді. Мәселен, халықтың белгілі бір топтары биліктің шешімдеріне келіспейтіндігін білдіріп, өз позицияларын ашық айта бастайды. Әрине, Қазақстандағы митингілер процестеріне зер салатын болсақ, бізде көбіне-көп жергілікті билік өкілдерінің ондай жиындарға рұқсат бермеуімен аяқталады. Бейбіт жиынға рұқсат сұрағандардың әрекеті заңға қайшы болмаса да.  Рұқсат берілмеген соң, ол рұқсат сұраған топтардың наразылығын туындататыны түсінікті. Жаңа заң жобасы осындай қарама-қайшылықтарды жояды деген сенім мол. Өкініштісі, кейде біздегі митингілер әлдебір саяси топтардың жеке мүддесіне орайласып кетіп жатады. Елді дүрліктіру, барша халықты шерулетуге шақыру сияқты үндеулердің көздеген мақсаттары бейбіт жиын өткізуге емес, қоғамдағы дүрдараздықты өршітіп, күшейтуге бағыт алатындай әсер қалдырады. Сонымен қатар, митингілерді ұйымдастырушылар тарапынан жиындарды барша халық қолдай кету керек деген позиция да байқалып қалады. Әлбетте, халықты шын мәнінде толғандырған мәселелер болса, мұндай талап-тілектер билік тарапынан ескерусіз қалып жатқан жоқ. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер бар. Сол арқылы да көптеген азаматтардың пікірлеріне билік өкілдері назар аударып, туындаған мәселемен жұмыс жүргізіп жатқанын көреміз. Демек, бейбіт жиындарға шығарылатын тақырыптардың өзектілігі әлдебір саяси мақсаттарды көздеген белгілі топтардың емес, бұқара халықтың талап-тілегімен үндесіп жатса, құба-құп дер едік. Қысқасы, қандай бейбіт жиын болса да, бәріміз үшін мемлекетіміздің мүддесі, Тәуелсіздігіміздің баяндылығы, халқымыздың амандығы, республикамыздың өсіп-өркендеуі маңызды болып қала беруі керек...

Мақаламызды әлеуметтік желілерде біршама талқыға түскен Абай саябағындағы домбыра бейнесіне қатысты ойларымызбен аяқтасақ, қорытындыласақ дейміз. Жидебайда бой көтергелі жатқан саябақтың жеріне ұшар биіктен қараған кезде домбыра бейнесі қондырылғанын байқау қиын емес. Домбыра бейнесінің жерге төселгеніне байланысты азаматтар пікірі екіге жарылды. Бірі – қолдамады, бірі қолдады. Бірі «креатив» десе, енді бірі «бұл ұлттық аспабымызды қорлау» деді. Гуманитарлық ғылымдар магистрі, жыршы Күнқожа Қайрулла «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы мәселеге орай келесідей ойлы жазбасын қалдырды:

«ХХI ғасырдың алғашқы ширегінде және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толу қарсаңында мемлекетіміздің дербестігін толық нығайту үшін тек саяси, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық институттарды ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік идеология мен мәдениетті дамыту, сақтау қажет. Бұл бағыт «Қазақстан-2050» Стратегиясының «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» атты 7-бөліміндегі «Мәдениет, дәстүрлер және даралық» бөлімшесінде анық көрсетілген. Қазір мәдениет және өнер аясындағы ұлттық дәстүрлерді, оның ішінде, қазақтың төл ән-күй-жыр өнері мен ұлттық музыкалық аспаптарын қайта қалпына келтіру, жаңғырту мәселесін, халықтың рухани деңгейін көтеру сынды ерекшеліктерді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында дәлелді етіп жазған. Сонымен қатар, халқымыздың ұлттық ерекшелігін одан әрі терең таныта түсу барысында Н.Назарбаев «Домбыра күні» деп арнайы күнді белгіледі. Бұл ерекше датадан әр қазақ аспаптың киелі, оның маңызының зор екенін біліп, одан әрі қадір тұту керек екенін аңғарды. Бұдан бөлек, қазақтың нанымы мен түсінігінде баласы өнерпаз болсын деп ұйықтағанда домбыраны ырымдап бас жақ тұсына қойған. Бұл домбыраны кие санауы екені сөзсіз. Домбыра тек қана өнер көрсету құралы емес, ол – қазақтың аңызын, тарихын, тегін, әдеті мен салтын баяндайтын аспап. Бір кездері төрде тұрған киелі аспап қазір аяқ аясты болғалы тұр. Ол мәселе келесімен байланысты, биыл Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ өңірінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай арнайы демалыс паркі салынып жатыр. Парктің қалың халық аяқпен басып жүретін орта тұсына Ұлы Абайдың үш ішекті домбырасының сұлбасын жерге бейнелеп, қасиетті домбыраны аяқ астына төсеніш ретінде пайдаланғалы отыр. Жалпы атап өткелі отырған датаның иесі ақын, композитор, философ Абай Құнанбаев кезінде домбыра аспабын қалай құрметтегені жайында көркем әдебиеттер мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында жолықтыруға болады. Тіпті Абай атамыз маңайындағы жас өнерпаздарға, яғни, үйренуші шәкірттеріне домбыраны өзі үйретіп қана қоймай, оның орындаушылықта маңызды рөл атқаратынын, домбыраның ұлттың жанымен біте байланысып кеткенін үнемі айтып отырған (бұл ойды да Абай жайында жазылған еңбектерден кезіктіруге болады). Домбыраның осындай киесінің барын білген ғұламаның айтулы датасында домбыраны аяқ асты етуі, біріншіден, біздің мәдениетімізді, өнерімізді терең түсінбеу, екіншіден, ұлттық өнерге немқұрайлы қарау деп ойлаймын. Домбыраның аяқ астына төсеніш болып жасалғаны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтуде оның мәртебесін арттырады деп ойламаймын. Домбыра киелі аспап, егер, біз оны аяқ асты төсеніш қылатын болсақ, басымыздағы бақтан айрылып қалуымыз бек мүмкін» депті жыршы.

Жалпы, халқымыздың асыл да, бағалы дүниелеріне барынша сақтықпен қарағанымыз жөн. Саябақ авторларының идеясын түсінуге де болады. Олар саябаққа ұлттық сипат бергілері келген шығар, оны киелі аспабымыз – домбырамен байланыстырғылары келген шығар. Бірақ, «артық қыламын деп, тыртық қылып алудың» соңы сынға ұрындыруы мүмкін. Ірі мәдени жобалардың сызба-нұсқасын алдағы уақытта көпшіліктің талқысына салған дұрыс болар еді. Өйткені, домбыра – халқымыздың төл аспабы ғой. Оның өзін ғана емес, сұлбасын, бейнесін әлдебір жобаларда пайдалануды көпшілікпен ақылдасқан абзал. Авторлар, жобаны бекітіп, мақұлдаған азаматтар да мәселенің бұл жағын ескермеген сыңайлы.

Сөзімізді түйіндер болсақ, еліміз әлемдік көштен қалып жатқан жоқ. Дамыған 30 елдің қатарына жетуге барлық мүмкіндік бар. Тек жұмыла еңбек етіп, жаңа биіктерді бағындыруға талпынуымыз керек.

 

756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз