• Еркін ой мінбері
  • 30 Қыркүйек, 2022

ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына 30 жыл 

 

Құтмағамбет  ҚОНЫСБАЙ

Мәдениет қайраткері

Осыдан 30 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1991 жылдың 28 қыркүйегі мен 5 қазан аралығында, ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, қазақ дейтін халықтың биік мәртебесі іспетті, шілденің ми қайнатар ыстығында да басынан қар кетпейтін, өңірі гүлді, өмірі жырлы асқар Алатаудың баурайындағы әсем Алматы қаласында әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, 35 елдегі қандастарымыз қатысқан Ұлттың ұлы жиыны іспетті басқосуда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы (ДҚҚ) құрылған еді. Содан бастап бұл халықаралық ұйым тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың іздеушісіне, жаһандану дейтін замандағы ұлт тұтастығының ұйытқысына айналғаны ақиқат.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАУЫМДАСУЫ

Негізінде қазақ халқының қауымдасуы ел тәуелсіздігі жарияланудан  бұрынырақ, Кеңестер Одағының керегесі  қозғалып, шаңырағы шайқалмай тұрған кезде-ақ басталды. Олай дейтінім, 1991 жылдың 25 наурызында Халық депутаттары Семей облыстық атқару комитеті Қазақ КСР Министрлер кабинетіне мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда жұмыс күшінің аздығы және бұл салаға мамандардың аз келуіне байланысты Абай, Мақаншы, Таскескен, Шұбартау аудандарында шопан, малшы, бақташы, механизаторлардың жетіспеушілігіне байланысты, аталған аудандарға Моңғол Халық Республикасынан көшіп-қоныстануға ниетті ұлты қазақ азаматтарды тұрақты жұмысқа шақыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде хат жазды. Онда сол кездің өзінде 300 отбасын қабылдап, тұрғын үймен қамтасыз етіп, тұрмыс жағдайын жасауға дайын екендіктері айтылды. Арада ай өтпей, сәуірдің 22-сі күні Қазақ КСР-інің Еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі мемлекеттік комитеті Министрлер кабинетіне Семей облыстық атқару комитетінің Моңғолиядан қазақ отбасыларын көшіріп алу жөніндегі өтінішін қанағаттандыру турасында екінші рет хат жолдады. Сөйтіп, қазақтың жаңа замандағы Ұлы көші – Ұлттық тұтастануы басталды. Сол жылдың 10 шілдесіне дейін Моңғолиядан 893 отбасы Атажұртқа көшіп келді. Солардан 572 отбасы – Талдықорған облысына, 221 отбасы – Семей облысының Абралы ауданына, 47 отбасы – Қостанай облысының Ленин ауданына, 53 отбасы – Алматы облысының Нарынқол  және Кеген аудандарына қоныстанды. Бұл туралы Қазақ КСР-інің Еңбек министрі С.Бейсенов мырзаның Премьер-Министр Ұ.Қарамановтың атына 1991 жылы 30 шілде күні жазған үшінші хатында айтылады.

Осындай нақты жұмыстардан кейін 1991 жылы 18 қараша күні Қазақ КСР Министрлер кабинеті №711 «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қабылдады. Осылай, ел тәуелсіздігі ресми жарияланбай тұрғанда-ақ қазақ көшінің алғашқы заңдық негізі қаланды.

Ал, 16 желтоқсан күні Қазақ елі ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманына қол жеткізіп, Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялаудан екі апта өтер-өтпесте, сол жылы 31 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деп аталған құттықтау-тілегін жолдады. Бұл тарихи сөздің мәтіні төмендегідей:

«Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар!

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас  бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбастарыңа мол бақыт, қуаныш тілеймін! Аспанымыз әрқашан ашық болсын! Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік!

1991 жыл қазақ елі үшін тарихта алтын әріппен жазылып қалатын жыл болды. Қазақстандықтар бүкіл ел болып, өздерінің тұңғыш Президентін сайлады. Ғарышқа тұңғыш рет алаш азаматы самғады. Елдігіміз бен ерлігімізді дәріптеген тарихи тұлғаларымыз Абылайға, Қабанбайға, Бөгенбайға, Төле биге, Исатайға, Махамбетке, Сыпатайға ас беріліп, бүкілхалықтық құрмет көрсетілді. Жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып келеді. Жыл сайын Наурыз мейрамы аталып өтеді, жастарымыз имандылық жолына түсіп, ата дәстүріне адалдықтарын байқатуда.

Қазақ елі – ежелден еркіндікті аңсаған ел. Өз алдына дербес мемлекет құру – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді. Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. Қазақстан Республикасы бұдан былай тәуелсіз, демократиялық мемлекеттердің қатарына жатады. Өз территориямызда өкімет билігін толық өз қолымызға алдық. Ішкі, сыртқы саясатымызды дербес жүргіземіз, әрі қарай қалай өмір сүру керек екенін ешкімнің нұсқауын күтпей-ақ өзіміз шешетін боламыз. Қазір көптеген елдер, оның ішінде Америка Құрама Штаттары, Түркия, Қытай секілді іргелі елдер, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін танып отыр.

Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!

Қымбатты бауырлар!

Сіздерді тағы да Жаңа 1992 жылдарыңызбен құттықтап, баршаңызға туған жердің ыстық сәлемін жолдаймын! Бақытты, үбірлі-шүбірлі болыңыздар! Биылғы жыл ақжарылқап жыл болсын!».

Менің бұл ақ тілектің мәтінін толық келтіруімнің мәнісі, Көші-қон саясаты – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында жүргізген ең маңызды және айтарлықтай нәтиже берген саясат болды. Азат елдің басшылығы алыста жүрген ана тілін, ата салтын, асыл дінін, ұлттық болмыс-бітімін, қазақи жақсы қасиеттерін сақтаған еңбекқор, намысты, елшіл ағайынды Атажұртқа шақыру арқылы сонау патшалық Ресей дәуірі мен қызыл империя тұсында қордаланған ұлттық проблемалардың бәрін тұтас және толық шешкісі, жас тәуелсіз мемлекеттің экономикасын дамытып, қорғаныс қабілетін нығайтқысы келді. «Жақсы ниет – жарым ырыс» дегендей, бұл – өте дұрыс және аса ұтымды саясат еді. Әлем қазақтарының 1992 жылы өткен алғашқы Құрылтайында  осы Халықаралық ұйымның төрағасы болып сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті жасаған баяндаманың тақырыбы да «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деп аталды. Сөйтіп ел басшылығы, шетелдерде шашырап жүрген ағайынды жер бетіндегі бүкіл қазақтың жалғыз да ортақ Отанына шақырды. «Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма!» дегендей, онсыз да туған жердің түтінін алпыс жылдан  аса аңсап жүрген ағайын  ақ ниет, шын жүректен айтылған және ұлттық даму тұрғысынан аса маңызды бұл ұсынысты қуана қарсы алып, ат басын атамекенге қарай бұрды.   

Нәтижесінде,  ресми статистика бойынша, 30 жыл ішінде Қазақстанға 1 миллион 90 мыңға жуық қандасымыз көшіп-қоныстанды. Солардың 72,5 проценті немесе 750 мыңдайы туысқан Өзбек елінен десек, соның тең жартысына жуығы бір ғана Қарақалпақстаннан! Олардың бәрі жаңа ғана өз тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекетіміздің іргесін нығайтып, уығын шаншысуға, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктете көтеруге өзіндік үлес қосты. 1993 жылдан бастап, шетелдердегі қандастарымызды Қазақстанға көшіріп алу жөнінде Президент Жарлығымен жыл сайын квота белгілене бастады. 2010 жылдардың ақырына қарай оның мөлшері тіпті 20 мың отбасыға дейін жетті.

Алайда, билік баспалдақтарында отырған өзге тілде оқыған, өзге тілде ойлайтын, өзге тілде сөйлейтін, өз туған ұлтының мүдделерінен алыс шенділердің ашық-астыртын әрекеттерінің салдарынан ақыр соңында көш тоқтап қалуға шақ қалды. Бұл жайында 2008 жылы мен республикалық «Заң газетінің» бірінші бетінде «Бұл саботаж емес пе?!» деген мақала жариялап, Үкіметтің өзі Президентің саясатына қарсылық көрсетіп отырғанын жазғанмын. Одан кейін де талай оқиғалар болды. Азаматтық алу мерзімін 5 жылға созатын Заң жобасы да талқыланды. Сол кезде біз «халық қалаулылары» деп жалаулататын депутаттардың бірде-біреуі  бұған қарсы пікір айта алмады. Ол да көп нәрсені аңғартады. Бұл енді өз алдына үлкен әңгіме.

Негізінде осы көші-қон саясатының арқасында ел халқының саны 20 миллионға қарай аяқ басып, демографиялық жағдайдың жақсарғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қиын жылдары 14 миллионға дейін түсіп қалған ел тұрғындарының саны осы көші-қон саясаты, келген ағайынның табиғи өсімі есебінен бұл көрсеткішке жеткені айдай ақиқат! Бұған Қазақстанның Еңбек министрі Саят Бейсенов, кезінде тікелей Президентке есеп беретін Көші-қон және демография агенттігінің тұңғыш төрағасы болған Ғазиз Есмұханов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін қоса атқарған Қалдарбек Найманбаев ағаларымыз үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Үкіметтен қаржы бөлініп, ДҚҚ жанынан шығып тұрған және Сыртқы істер министрлігі арқылы алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымызға тегін таратылып келген еларалық «Алтын бесік» журналының да айтарлықтай септігі тигенін айтуымыз керек. Марат Арынов дейтін ағамыз осы журналдың Өзбекстандағы меншікті тілшісі болды, кәсіби журналист ретінде мен де оның белсенді авторларының бірі болып, үздіксіз үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Жоғарыда айтылғандай, егер 30 жылда бұл елден келген қандастардың саны 750 мыңдай, ал оның тең жартысы Қарақалпақстаннан десек, бұл дегеніңіз – Ұлы көшке ең көп үлес қосқан ел – Өзбекстан, соның құрамындағы Қарақалпақстан деген сөз! Келешекте де қандастардың көшіп келу әлеуеті ең үлкен мемлекет те осы.

Сондықтан, рухы өр, тәні бекем, қашанда әділдік пен еркіндік, азаттық пен адамгершіліктің туын жоғары ұстаған, ежелден ер деген даңқы шығып, намысын бермеген қайсар қазақтың ұлы ретінде мен де оған өзіндік үлес қосқанымды мақтаныш тұтамын. Өйткені, Қарақалпақстаннан 300 мыңнан аса қандастың атамекенге қоныс аударып, орналасуына менің тікелей де, жанапай да септігім тигенін осы ағайынның бәрі дерлік біледі және әлі күнге дейін алғыстарын айтып, баталарын беріп келеді...

1993 жылы 17 желтоқсанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылуының бір жылдығына орай өткен жиында маған әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастардың алдында сөз сөйлеп, Қазақстан басшылығына жүздескенде жүзі бір, тілдескенде тілі бір, сұрасқанда түбі бір еншісі бөлінбеген туыс халық, тіпті 1930 жылға дейін Қазақстанның құрамында болған Қарақалпақстан Республикасында жасайтын қазақтардың өтініш-тілектерін жеткізу бақыты бұйырды. Бақыт дейтінім, мен сөзге шығатын азаматтардың тізімінде жоқ едім. Өзбекстанның атынан сөйлеген, сол кездегі Өзбекстан Президенті аппаратының ұлтаралық қатынастар секторының меңгерушісі, осы елдегі Республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы Артықбай Үкібаев ағамыз Қарақалпақстан жайлы бір ауыз сөз айтпады.  Бұл мені қатты ойландырды. Қарақалпақстанның республика деген мәртебесі болса және Өзбекстандағы бүкіл қазақтың үштен бірі  осы елде тұрса – неге олардың мәселесі айтылмайды деп ойладым. Сөйттім де жиынның Төралқасына өтініш жазып жібердім. Жеті адам сөйлеп, сегізінші адамға сөз беріліп жатқан кезде: «Келесі сөз Қарақалпақстан Республикасынан Құтмағамбет Қонысбаевқа беріледі, дайындалып отырсын!» – деп хабарлады.  

Енді қайттім?! Өзім сонау Нөкістен бірде ұшақ, бірде автобус, бірде таксиге отырып, Ташкент-Шымкент-Тараз-Бішкек арқылы жиынның басталуына бірер сағат қалғанда әрең жеттім. Ешқандай дайындық, оның үстіне алып келген ешқандай сыйлығым да жоқ! Не де болса тәуекел деп, мінберге шығуға тартынып, ортаға қойылған микрофонға жақындадым да, өзімді таныстырып болған соң, ұялған тек тұрмайды дегендей, сөзімді: «Бір ыңғайсыз нәрсе, жұрттың бәрі сыйлық тапсырып жатса, маған сыйлық сұрауға тура кеп тұр» деп бастадым. Бүкіл зал сілтідей тынды. Ал мен Қарақалпақстандағы қазақтарды толғандыратын басты үш мәселені айттым да, әрқайсысын – бұл менің сұрайтын бірінші, екінші, үшінші сыйлықтарым болсын дедім. Жиналған жұрттың риза болғаны сонша, ұзақ қол соқты. Ал арадан бір ай, бір апта өтпей жатып, менің айтқан Алматы-Нөкіс-Алматы жолаушылар пойызын ашу, Қазақстан телеарнасының хабарларын Қарақалпақстан Республикасына толық және тұтас тарату, жастарды Қазақстанның жоғары және арнайы оқу орындарына жеңілдікпен қабылдау турасындағы ұсыныстарым орындала бастады. Соның арқасында бұл елден келетін көш ай санап көбейе берді. Олардың негізі Алматы қаласы мен облысының аймағына орналасты. Сөйтіп, бұрынғы қаңғыған күшік, мауыққан мысық, мүлгіген мұжықтан басқа ешкім басын сұқпайтын саяжайлардың бәрі бүгінде үлкен-үлкен елдімекенге айналды. Ағайынның шоғырлана бастағаны сонша, қазір тіпті балабақша мен мектеп мәселесі жергілікті әкімдердің басты проблемасына айналды. Келген ағайын тек халықтың санын ғана көбейтіп қойған жоқ, олардың қазақ тілінің, білім мен ғылымның, өнер мен спорттың, сауда-саттық, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының, жалпы экономиканың дамуына, ұлттық бірліктің нығаюына қосып жатқан үлесі өте үлкен. Оған мысал ретінде Алматы облысын біраз жыл жемісті басқарған Амандық Баталов, 5000 түйесі бар Дәулет-Бекет түйе шаруашылығын басқарып отырған Сыдық Дәулетов, ҚР ҰҒА академигі, Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов, бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтерді айтсақ та жетіп жатыр. Олардың сыртында қаншама маман, кәсіпкер, спортшы, өнерпаз азаматтар бар?!

 

БІЗ ҚАЛАЙ КӨШІП КЕЛДІК?

Алғашқы жылдары шеттен көшіп келіп жатқан әрбір қазақ: «Мен Президенттің шақыруымен келдім» деп мақтанышпен айтатын. Мұны мен өз басымнан өткізіп бір қуансам, өзгелерден естіп мың қуандым. Өйткені, мен бір әке-шешеден туған он екі баланың үлкені ретінде бүкіл бауырларымды жиып, көшу үшін ата-анамыздың рұқсат-батасын алған соң, одан бұрын да,  жұмыс бабымен Ташкент не Алматыға баратын болсам, өтініш білдірген ағайындардың көшіп келу квотасына дайындаған құжаттарын елшілікке немесе тікелей Көші-қон агенттігіне тапсырып жүретін едім.

2001 жылы желтоқсан айының басында іссапармен Ташкентке келіп, сондағы Қазақстан елшілігіне он бес ағайынның құжаттарын тапсырайын деп тұрсам, Жошыхан Қыраубаев дейтін жап-жас консул жігіт: «Аға, осылардың арасында өз құжаттарыңыз бар ма?» деп сұрады. «Иә» дегенім сол еді, «Дереу өз құжаттарыңызды алып маған беріңіз» деді. Сөйтті де Елшіліктің атынан Алматы облыстық көші-қон басқармасы бастығына хат жазып, конвертке салып қолыма ұстатты да: «Тездетіп Талдықорғанға жетіңіз, қалған құжатты қайтар жолда тапсырасыз» деді. Басқа еш нәрсе айтқан жоқ. Одан алты жыл бұрын, 1995 жылы өзімнен кейінгі інім Шарапатты үш ағайын жігітпен Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласына көшіріп әкелгенмін. Ауылдан шығарда әкем де: «Ташкентке барсаң, ары қарай өтіп, бауырыңнан хабар алып, хал-жағдайын біліп қайтарсың» деп еді.

Сонымен не керек, шекарадан өтіп, Шымкентке жеткенімде қар жауа бастады. Ауылда туылып, қазыналы қарттардың кітапқа бергісіз не бір дана сөздерін естіп өскен жігіт емеспіз бе, іштей: «Бір жақсылық болатын шығар, мына қар маған жолың ақ болсын деп жауып жатыр ғой, сірә» деп жақсылыққа жорыдым. 6 желтоқсан күні Алматыға жетіп, түнгі 23 сағат 40 минутта Талдықорғанға жүретін ең соңғы автобусқа билет алдым. Сөйтіп, ертеңіне таңда Талдықорғанға жеттім. Сол күні Алматы облыстық көші-қон басқармасының бастығы Зиядин Құрбанұлы Мыңбаев ағамыз Президенттің «2001 жылға белгіленген шет елдегі қандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы» Жарлығына сәйкес, маған Талғар қаласынан үш бөлмелі пәтер берілетінінін айтты. Менің көзімше аудан әкімдігіндегі көші-қон жөніндегі маман Гауһар Сәлімбаеваға қоңырау шалып: «Ана оныншы үйді Қарақалпақстаннан келетін Құтмағамбет Қонысбаев дейтін бауырымызға беретін болдық. Ертең таңертең барады, сенбі күн демей қарсы алып, үйін көрсетіп, барлығын түсіндіріп, әдемі қайтарыңдар» дегенде мен аң-таң қалдым. Басқармадағы бас маман Құрметбек Сансызбай дейтін жігіт барлық құжаттарымның көшірмесін алып, отбасылық жағдайым, білімім, мамандығым мен қызметім жайлы қосымша мәліметтердің бәрін сұрап, жазып алды. Күн қысқа болған соң таксилетіп, ел жата Алматыға жеттім. Ертеңіне Талғар ауданының әкімдігіне келдім. Жас шамасы менен 5-6 жас кіші «ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» сымбатты қарындасымыз жайдары қарсы алды. Өзі бастап барып, маған берілетін пәтерді  көрсетті және мүмкіндігінше тезірек көшіп келу қажеттігін ескертті. Бұл пәтерде Алексей Кузьменко деген украин жігіті тұрады екен, ол да тарихи Отанына оралуға шешім қабылдапты.

Сол күні қалай қуанғаным әлі есімнен кетпейді. Ішімнен: «Осылай өзгелердің орнына сыртта жүрген өз қандастарымыз келіп, қазақтың саны көбейе бергей» деп тіледім. Жалпы мен журналистік қызметімді 1986 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң республикалық партия комитетінің шақыруына орай, арнайы жолдамамен барып, «Совет Қарақалпақстаны» газетінің тілшісі болып бастадым. Соңынан меншікті тілші, редакция меңгерушісі, идеология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Ол – әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан империяда жариялылық желі есіп, демократиялық үдерістер дүмпуі жаңа басталып жатқан кез еді. «Қанына тартпағанның қары талсын» демекші, мен сол қызметтерде жүріп, журналист ретінде Қарақалпақстан халқының үштен біріне жуығын құрайтын қазақ ұлты өкілдерінің мәдени, рухани талаптары жайында мәселе көтеру мүмкіндіктерін қалт жібермедім. Соңынан ұлтжанды да намысты жастардың басын қосып, Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығын құру бастамасын көтердім. Бұған «қазақ, қарақалпақ халықтары бір туғандай егіз, тілінің де, түрінің де, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің де ешқандай айырмашылығы жоқ» деп, республика басшылығы барынша қарсылық көрсетіп бақты. Сөйтіп жүргенде Нөкіске Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов келіп, зиялы қауым өкілдерімен үлкен жиын өткізді. Осы жиында мен Ислам Әбдіғаниұлына Қарақалпақстанда Қазақ ұлттық мәдени орталығын құру мәселесіне қалай қарайтындығы жөнінде сұрақ қойдым. Әруағы риза болсын, Ислам ака сонда: «Бұл уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Оған ешқандай кедергі боллмауы керек, қайта жан-жақты көмектесу қажет. Қазір Өзбекстанда құрылған осындай ұлттық-мәдени орталықтардың саны 37-ге жетті» деп жауап берді. Сол кісінің осы сөзінен кейін Қарақалпақстанның бірінші басшысы Сағындық Ниетуллаевтың өзі басшылық етіп, 1990 жылы  22 желтоқсанда құрылтай өткізіп, Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы дүниеге келді. Оның қоғамдық негіздегі төрағасы болып, сол кездегі Нөкіс қалалық атқару комитетінің төрағасы Сапарбай Нұрқожаев ағамыз, төрағаның бірінші орынбасары болып мен сайландым. Осылай журналистік қызметтен қоғамдық жұмысқа ауыстым. Сөйтіп Мәдени орталықтың атынан ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер мен өнерімізді жаңғыртуға бағытталған шаралар өткізе жүріп, қазақша газет ашуды қолға алдым. 1991 жылы қазан айының 14-і күні «Достық үні» атты газетті Қарақалпақстан Республикасы Баспасөз комитетінде тіркеуден өткізіп, №534 куәлік алдым. Бірақ бұрын-соңды Қарақалпақстанда қазақша басылым болмағандықтан, қазақ қаріптері жоқ болатын. Үлкен үйден (ондағы қазақтар Қазақстанды осылай атайтынбыз) көмек сұрауға тура келді.  Содан 1992 жылдың қаңтар айында ақ қар, көк мұзда жүк көлігімен 2100 шықырым жол жүріп Алматыға келіп, сол кездегі Ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов, «Дәуір» баспа кешенінің директоры Әнуарбек Тілектесов ағалардың көмегімен Н-14 линотип машинасын, бірнеше жинақтама қазақ қаріптерін алып кеттім... Осылай Қарақалпақстан тарихындағы тұңғыш қазақ газеті дүниеге келді. Сөйлеген сөзім, істеген ісім, айтқан ұсыныс-тілектерімінің бәрі сондағы қандастарымның қамы үшін жасалып жатқанын бағалағаны шығар, кейбір ағаларым мені жас болсам да «Осындағы қазақтың атасы» деп төбеге көтерді. Сол ағаларыма үй алғанымды хабарлап, қуанышымды жеткізгенде де: «Елге еткен еңбегіңнің еш кетпегені осы» деп менен артық қуанды.

Біздің көшуіміз де қызық. 2001 жылы сәуір айында ұлды болып едік. Оның атын азан айтқызып: «мына жаңа басталып жатқан үшінші мың жылдық, ХХІ ғасырда адамзат үшін Аспаннан, Алладан түсетін жақсы хабар, нұрлы хат көп болғай» деген ниетпен Нұрхат деп қойдық. Енді қабырғаммен кеңесіп, сол баланың тұсауын кескізіп, ел-халықтың батасын алып көшейік деп шештік. Сөйтіп он жыл бойы мені өзінің бір баласындай қасынан қалдырмай ертіп жүріп, қамқорлық еткен Қарақалпақстан баспа ісінің ардагері, баспахана директоры болған Елмұрат Тұрдымұратов дейтін ақсақалға барып: «Аға, маған Алматының жанынан үй беріп, шақырып жатыр. Мына балаңыздың тұсауын кесіп, Қарақалпақстан дейтін жердің, қарақалпақ дейтін ұлттың атынан батаңызды беріңіз, ат мінгізіп шапан жабамын» деп өтініш еттім. Ол кісі сырқаттанып, мазасы болмай жүрген, қамығып көзіне жас алды. Бәйбішесіне қарап «барайық» деп басын изеді. Содан балалар оқуын бітіріп, жазғы демалысқа шықққан соң бүкіл ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаң, неше жыл қызметтес, сыйлас болған әріптес аға-інілерімнің бәрін шақырып, барымды дастарханға қойып, айрылысар көже деп той жасадым. Көпшіліктің алдында Елмұрат аға баламның тұсауын кескен соң ат мінгізіп, шапан жауып батасын  алдым. Көп қабатты екі үйде 108 отбасы жасымызға, ұлтымызға қарамай туыстан жақын болып кетіп едік. Біз көшерде қарақалпақ, қазақ, өзбек, орыс, татар, корей көршілерімнің бәрі жақсы тілектерін айтып, қимай, кейбіреулері тіпті жылап қоштасты.

Осылай 2002 жылы маусымның 28-і күні жүктерімізді контейнерге салып, пойызбен жібердік те шілде айының 7-сі күні отбасымызбен өзіміздің жеңіл көлікте жолға шықтық. Одан алты жыл бұрын бір жазда біздің және көрші ұжымшардан 200 отбасы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданына көшіп қоныстанған еді. Сол ағайындарды аралап, сойғанның қозы-лағын жеп, бергеннің батасын алып бес күн жүріп 12-сі күні Талғарға жеттік. Содан бастап бүкіл туыстарым біртіндеп көшіп келе бастады. Қазірге дейін жеті атадан бер жағындағы ағайындардың бәрі түгелге жуық көшіп келді. Оған баяғы  Алматы-Нөкіс-Алматы жолаушылар пойызының ашылуы, маған және басқа да қарақалпақстандық қандастарға квотамен тегін үй берілуі, тұрақты тіркеуге тұру, аз уақыт ішінде Қазақстан азаматтығын алу, ДҚҚ мен көші-қонға жауапты мемлекеттік мекемелердің жақсы жұмыс істеуі, елге оралған ағайындар, олардың тыныс-тіршілігі жайында «Алтын бесік» журналы мен радио-телеарналардан беріліп жатқан хабарлар тікелей ықпал еткені анық. Оның үстіне кейбір елдерден келіп жатқан қандастарымыздың арасында «ол жоқ, бұл жоқ, бізге жағдай жаратылмай жатыр» деген өкпе айтушылар болса, Өзбекстаннан келген ағайындар бұрыннан бір елдің құрамында болғандықтан ба өздерін оралман сезінген жоқ. Сол себепті де олардың мұң-мұқтажы жоқ сияқты көрінеді. Олар бірін-бірі жағалап, бірін-бірі сағалып өздігінше де көшіп келіп жатыр. Араларында Қазақстанның ғылымы мен біліміне, өнері мен спортына, жалпы экономикасына қомақты үлес қосып жатқан ғылым докторлары мен кандидаттары, еңбек сіңірген өнер және мәдениет қайраткерлері, құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлері, олимпиада, әлем чемпионатының  жүлдегерлері, ел біріншілігінің жеңімпаздары да аз емес. Ал өз кәсібін ашып, ірі-ірі ауылшаруашылық және құрылыс кәсіпорындарын құрып, елді жұмыспен қамтып отырғандары қаншама! Осының бәрі түсінген жанға қазақтың қауымдасуына, ұлттың тұтастануына, Қазақстанның жан-жақты дамуына қосылып жатқан үлес. Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев та қандастар көшіне үлкен назар аударып отыр. Егер, тұрақты тіркеуге тұру мен азаматтық алу және жеке үй салу үшін үкімет тарапынан жер телімін беру заңдық негізде жедел шешілетін болса, ол  қазір де жыл сайын көбейетініне күмән жоқ!  

   ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Сұлтанәлі Балғабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1992-2017 жылдардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

– Ел тәуелсіздігі жарияланған соң Түркияға барған алғашқы сапарында  Президентіміз Стамбулдағы ағайындармен кездесіп отырып, дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын өткізу туралы мәселе көтерген екен және оны ұйымдастыруды Жазушылар одағына тапсырған.  Одақтың төрағасы Қалдарбек Найманбаев ағамыз менің өмірден өз орнымды тауып, қаламгер ретімде қалыптасуыма үлкен ықпал жасаған азамат еді. Сол кісі мені шақырып алды да: «Сен шетел қазақтарының мәселесін зерттеп, жазып жүрсің ғой, соған орай саған бір жұмыс тапсырсам» деп мән-жайды түсіндірді.

Одан біраз бұрын, 1988 жылы драматург  ретінде театрда қызметте жүргенімде  Қарақалпақстанға іссапармен барып, ондағы қазақтар  туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Еншіміз бөлінбеген ел едік» атты көлемді мақала  жаздым. Мақалада Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың мәдени-рухани, оқу-білім жөніндегі мәселелерін шамам жеткенше біраз айтқан болатынмын. Бұл Кеңес үкіметінің  аман, партияның күшті кезі. Соған орай, мақала Қазақстан Орталық Комитетінің идеология бөлімінде кәдімгідей талқыланды. Талқылауда менің жазғандарымның орынды екендігі айтылып, бұдан кейінгі әңгіме Қазақстан мен Қарақалпақстан арасындағы  мәдени-рухани, оқу-білім жөніндегі  байланысты күшейту керек дегенге келіп тірелді. Нөкістен Қарақалпақстанның сол кездегі басшыларының бірі Шараф Уснаддинов бастаған арнайы делегация Алматыға келіп, мәдени-рухани байланысты жақсарту туралы біраз мәселелер қозғалды. 

Бұдан кейін белгілі жазушы Әкім Тарази шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын «Атамекен» атты қоғамдық ұйым құрып, мен оның жұмысына да ат салысып, бұл жөніндегі ой-пікірлерімді баспасөз беттерінде айтып та, жазып та жүрдім. Міне, осының бәрі мені сол кезде-ақ шетел қазақтарын зерттеумен айналысатын қаламгер ретінде таныта бастаған.  

Сөйтіп бірер күнде мен театрдағы жанға тыныш, жақсы жұмысымды қойып, Қазақстан Жазушылар одағына қызметке ауыстым. Негізгі міндетім – 1992 жылдың күзінде өтуге белгіленген Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын дайындау. Бұл үшін ең алдымен Жазушылар одағы жанынан Құрылтайды өткізу жөнінде Ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның төрағасы болып Қалдарбек Найманбаев,   орынбасарлығына   Одақтың   екінші   хатшысы   Төлен Әбдіков бекітілді. Маған Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы деген міндет жүктелді. Жауапты хатшылықтың қандай жұмыс екені, немен айналасатыны айтпаса да түсінікті – әлем қазақтарының алғашқы Құрылтайын   дайындаудың  бүкіл   құжаттары   мен   қағаздарын   жазу менің  мойныма түсті.  Әрине,  бұл  жолда  көптеген  қиындықтар  да кездесті.    Ол    кезде  қазіргідей    барлық    мемлекеттермен    қарым-қатынасымыз жоқ. Қай шетелде қанша қазақ бар екенін де білмейміз. Шетелдерде қазақ мәдени орталықтары мүлдем құрылмаған. Сондықтан тұңғыш Құрылтайға кімдерді шақырамыз, оларды қалай күтіп аламыз деген сияқты сұрақтар өте көп болды.

Десек те Құрылтайға бүкіл еліміз ерекше ынта-ықыласпен ат салысты. Республикамыздың барлық өңірінен ұсыныстар, көмектесуге құлшыныс білдірген хаттар толасыз түсіп жатты.    Құрылтайдың    хабары    шетелдерге    де    жетіп,    алыста    жүрген ағайындардан бұл жиынға қатыссақ деген өтініш-тілектер қардай жауды.

Президент те үнемі назар аударып отырды. Қазақстан  үкіметі, Алматы   қаласы мен Алматы  облысы, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарының әкімшіліктері де Құрылтайды ел өміріндегі  ең елеулі     уақиғалардың  бірі ретінде     бағалап,     аса жауапкершілікпен  қызу дайындалды. Ал сол кездегі Жазушылар одағының бүкіл ұжымы бір кісідей  күні-түні  қызмет етті,

Шетелдегі отандастармен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының  көп көмегі болды. Құрылтай өтуге жақын қалғанда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарған Үкіметтік комиссия құрылып, Алтынбек Сәрсенбаев жетекшілік ететін штаб іске кірісті. Бұл штабта Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Серік Сейдуманов сияқты қазір бүкіл елімізге белгілі азаматтар болды.  Осылай, 1992 жылдың 28 қыркүйегі мен 5 қазан аралығында Құрылтай қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өтті. Шетелдік ағайындар Ұлытау, Түркістан сияқты тарихи жерлерді аралады. Алматы қаласында үлкен мереке, Дегерес жайлауында той, бәйге өтті. Құрылтайдың ұйымдастыру жиналысы Абай атындағы Опера және балет театрында, салтанатты мәжілісі Республика сарайында болды. Салтанатты мәжілісте Президент халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы тебіреніп тамаша баяндама жасады. Ұйымдастыру жиналысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы мәселе көтеріліп, төралқа төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев болды.

Ұлт тарихындағы ұлы жиыннан кейін Қалдарбек ағамыз мені қайта шақырып: «Құрылтайды жақсы өткіздік, енді сен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құруың керек» – деп, оны Әділет министрлігінде тіркетуді тапсырды.  Бұл өзі қиындығы көп жұмыс екен. Министрлік қолыма Қауымдастықты құрып, тіркеуден өткізу үшін керек құжаттардың тізімін ұстатты. Толып жатқан қағаз. Ең басында Құрылтайдың Қауымдастықты құру жөніндегі хаттамасы мен шешімі керек деген талап тұр. Оған қоса кемінде 15 адамнан тұратын құрылтайшы ынталы топ қажет.  Сұрастырып көрсем, қағазға түскен хаттама да, шешім де жоқ. Жиналыстың өткені анық (өзім де қатысқанмын), Қауымдастық құрылсын деп сөз сөйленіп, қол көтерілгені де анық (өзім де қол көтергенмін). Бірақ оның бәрі ешқандай қағазға түспеген. Себебін ешкім білмейді. Ал ынталы топ дегенді қайдан табатыным тіптен түсініксіз. Енді не істеу керек? Сөйтіп тұйыққа тіреліп жүргенде Қазақ радиосы Құрылтайдың барлық жиналысын үнтаспаға жазып алған дегенді естідім. Қаламгер болғанымның бір пайдасы сол жолы тиді. Радиодағы әріптестерім көп жазбаның ішінен Құрылтайдың жиналысы жазылған үнтаспаны тауып берді. Сол үнтаспадан жиналысты жүргізген Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзін қайта тыңдап отырып қағазға түсіріп, өзімше хаттама жасадым. Соңына хатшы ретінде тәуекел деп өзім қол қойдым. Ынталы топтың  мәселесі де осылай сарсылып жүріп шешілді. Сөйтіп екі айда Қауымдастықты тіркеуден өткізуге қажетті құжаттарды жинап, сол жылы қараша айының аяғында Әділет министрлігінен  Қауымдастықты тіркеу туралы куәлігін алдық. Мөрін жасаттық. Банктен есеп-шотын аштық. Қауымдастық осылай құрылды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ең басты міндеті – шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени-рухани салада жан-жақты байланыс жасап, олардың мұқтаждықтарын Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп,  оң шешілуіне ықпал ету. Осыған орай Қауымдастық басшылығы, соның ішінде менің өзім де  Бейжің, Ұланбатыр қалаларына дейін барып, Қытай мен Моңғолиядағы ағайындарды әлденеше рет аралап қайттым. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан және Еуропа қазақтарының арасында да әлденеше рет болдым.

Сондай-ақ шетел қазақтарының атажұртқа қоныс аударуына да өз үлесімді қостым. Мысалы,  1993 жылы Түркияға барып, ол жақта босқын болып жүрген екі мыңдай ауғанстандық қазақтарды  тізімге алып, тиісті орындарға мәселе қойып, олардың атажұртқа келуіне тікелей ықпал еттім. Бұл қазақтар қазір Түркістан, Шымкент және  Қаскелең, қалаларында тұрып жатыр. Иран, Ауғанстан, Сауд Арабиясындағы қазақтардың Қазақстанға оралуына да ат салыстым. Қытай қазақтарының 1993 жылдан бастап Қазақстанға арнайы шақыртуымен қоныс аудару мәселесін шешуге  де тікелей араластым. Бұлардан бөлек, елімізде және шетелдерде өткен көптеген басқосу, жиын, конференцияларда баяндама жасап, отандық басты басылымдар мен радио-телеарналарға мақалалар жазып, сұхбаттар бердім. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің аты да, күнделікті қызметі де қазіргі кезде жұртшылыққа жақсы таныс. Ол – шетелдегі 5 миллион қазақ диаспорасымен күнделікті байланыс жасап, жүйелі жұмыс жүргізетін еліміздегі берден-бір ұйым. Қауымдастық өзі құрылғаннан бергі кезеңде дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын қандастарымыздың басын  бес рет үлкен Құрылтай өткізді. Әрине, Қауымдастық көші-қон мәселесімен тікелей айналыспайды, ол – тиісті үкіметтік мекемелердің міндетіне жатады. Бірақ, Қауымдастық жүргізетін байланыс және үгіт-насихат жұмыстарының арқасында тәуелсіздік жылдарында алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақтар атажұртқа көптеп қоныс аударып, Қазақстан халқының санын 1 миллион 80 мыңнан астам адамға көбейтті. Мұның бәрі – ең алдымен, Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің, ұлттық тұтастыққа ұмтылуымыздың нәтижесі. Бұл ретте,  ел басшылығы әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақтарды атажұртқа жинау жөнінде бұрын-соңды болмаған аса үлкен жұмыстарды жүзеге асырды. Осы маңызды жұмысқа Қауымдастық та өзінің лайықты  үлесін қосты. 

ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 30 жылдың ішінде алыс-жақын шетелдердегі ағайынның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап олармен жан-жақты байланыс орнату, жастардың атажұртта оқып білім алуы, қандастарымыздың көшіп қоныстануы, бір сөзбен айтсақ – ұлттық тұтастану тұрғысынан үлкен жұмыстар атқарғаны ақиқат. Әсіресе, қазақтың көрнекті жазушысы, ұлтжанды азамат, қоғам қайраткері, марқұм Қалдарбек Найманбаев тікелей басшылық еткен 1992-2004 жылдары, одан кейін Мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мамашев басшылық еткен 2004-2017 жылдары  Қауымдастық өте нәтижелі жұмыс істеді. Ол жылдары апта, ай сайын елімізде және шетелдерде әртүрлі іс-шаралар өтіп тұратын. Оларда жер-жерлердегі ағайынның, жалпы қазақтың ұлттық мәселелері талқыланып, әрқилы ұсыныстар, талап-тілектер айтылып, тиісті үкіметтік ұйымдарға жолданып жататын. Өкінішке қарай, соңғы бес жылда бұл жұмыстардың жұрнағы да көрінбейді, көші-қон да тоқтап қалуға қарады.  

Оның үстіне соңғы Құрылтай өткеніне де бес жылдан асып барады. Қазір заман да, қоғам да өзгеріп жатыр. Еліміз Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алды. Оған жер бетіндегі барлық қазақ атсалысқаны жөн. Бұл жұмысты ұйымдастыратын халықаралық ұйым – ДҚҚ! Ендеше жуық арада алтыншы Құрылтай шақырып, оның төрағасы етіп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты сайлауымыз керек. Ал, Қауымдастық жұмысына тікелей басшылық ететін бірінші орынбасар лауазымына тек ас ішіп, аяқ босатуға ғана қауқарлы зейнеткер емес, елім, халқым, қазағым деп деп күндіз-түні тынымсыз еңбек ететін, Қазақтың жаңаруына, Қазақстанның  жаңаруына, Ұлттың тұтастануына жан-тәнімен лайықты үлес қосуға ұмтылатын сауатты, қайратты, ұлтжанды азаматты тағайындау қажет!

Президентіміз қандастар көшін көбейту қажеттігі жөнінде бірнеше рет айтты. Егер, Қазақстан шынымен қандастарымыздың Атажұртқа шоғырланып, жер бетіндегі қазақтың мейлінше Көк Тудың астына жиналуына мүдделі болса, онда Қазіргі «Отандастар қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының негізінде Президентке тікелей бағынатын Көші-қон агенттігі құрылса өте дұрыс болар еді. Аймақтағы және әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай да бұл пікіріміздің өзектілігіне бір дәлел.

Ал аталмыш агенттік құрылып жатса, ол Сыртқы істер министрлігімен бірге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бір құрылтайшысы болып, Қауымдастықтың жұмысы да жандана түсетіні анық.

2378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз