• Еркін ой мінбері
  • 28 Ақпан, 2023

БІР ХАНЫМ

Осы бір жазбамды еліміздің ырысы мен береке-бірлігінің тілеуқоры – әйелдер қауымының қоғам өміріндегі алатын орнының ерекшелігінен бастамақпын. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп даналарымыз тектен-тек айтпаса керек. Сондықтан да қандай бір ел, қандай бір мемлекет болмасын өзінің ең басты құндылықтарын әйел-анаға деген көзқараспен, оларға деген құрмет-қошемет деңгейімен өлшейді.

Кешегі сұрапыл соғыс пен халық шаруашылығын қалпына келтіруде әйелдер қауымының ер азаматқа бергісіз ерлікке тән істері мен  ересен еңбектері бүгінде де өзінің жарасымды жалғасын тауып келеді. Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздік туын көтергенде еліміздің еңсесін тіктеуге өздерінің қолтаңбаларын қалдырып, қазақ елінің алтын қорынан іргелі орын алатын аяулы да асыл жанды ханымдар баршылық.

Отбасының ажары ғана емес, жүрген ортасының базары болған, еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайының жақсаруына сүбелі үлес қосумен жүрген кешегі аты әлемге әйгілі әнші Роза Бағланова, актриса Сәбира Майқанова, ақиық ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, бүгінгі әнші апамыз Бибігүл Төлегенова, министр Тамара Дүйсенова, екі мәрте Cенат депутаты болып, ел-халықтың сенімін арқалаған Светлана Жалмағанбетова, талай-талай басшылықта болып, бертін келе Қызылорда облысы әкімі қызметінде жүріп, аймақтың айшықтануына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Гүлшара Әбдіхалықова, бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметіндегі Бірғаным Әйтімовалар есімдерін ерекше ілтипатпен атап өту ләзім.

«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, осынау қым-қуыт тірліктің сан алуан сүрлеулерінде алас-күлес атқа мініп, арман-мұратыңды аңсап, ағындап жүргенде талай жандармен жолың түйіседі. Жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, табанының бүрі жоқ пенделерден суысасың. Арқасы қорған ата-апаларды ардақтап, ізеті ерекше іні-қарындастарға ардақталасың. Осындай жайсаң жанды, тумысы бөлек текті азаматшалардың бірі де бірегейі – Әйтімова Бірғаным Сарықызы десем, асыра айтқандығым болмас.

Атам қазақта: «Кісі болар кісіменен ісі бар, кісі болмас кісінің кісіменен несі бар?» деген нақыл сөз бар. Осы бір қағиданы пір тұтқан апамыз көпшілікпен сыйлас та сырлас болуды мұрат еткен. Соның бірі менімен де сонау 2013 жылдан бері апалы-інідей, яғни тонның ішкі бауындай аралас-құраласта күн кешіп келеміз.

Өз елі мен жерін қалтқысыз сүйіп, ар-ұятымен қызмет еткен, болмысындағы табиғат берген сыпайылық, үлкен-кішіге деген ізеттілік, жүзіне ұйыған жылы сезім, дүниеге байыпты көзқараспен Бірғаным Cарықызының өмір ағымы осы айтылған ақылман сөздермен сабақтасады. Көп жылдық басшылық қызметте, ел сенімін иеленген елшілікте, ел-халық аманатын арқалаған депутаттықта болып, күрмеуі көп жұмыстардың оябын тауып, түйінін тарқатқан адал еңбегі арқасында азаматша елімізге танымал тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері атанды. Айтар ойым орнықты, сөзім салмақты болуы үшін оның өнегелі де өркенді өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасалық.

Әйтімова Бірғаным  табанынан су өтсе де жұртының жүрегінен жыр кетпеген, әрбір тұрғынның көкейінде нұр көктеген, мақсаты бір, мүддесі де бір көксеген дегендей, 1953 жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Бакаушин ауылында өмір есігін ашады. Қандай бір пенденің болмасын дүние дәлізіне еніп, қасиеттерінің кіндік қаны тамған жердің табиғатындай болып қалыптасары хақ. Содан болар жатаған елді мекендегі қарапайым отбасында өмірге келген ол ерте есейіп, баянды болашағы үшін ізгілік жолымен жүреді. Яғни, 1974 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институттан дәріс алып, еңбек жолын қатардағы мұғалім болудан бастандырады. Өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында өзгелерден оза шауып, ел-халықтың көзіне іліккен Бірғаным  1976-1979 жылдары Бәйтерек ауданына қарасты «Пермь» кеңшары комсомол комитеті хатшысы болса, ал 1979-1983 жылдары кезінде дүркіреп тұрған Орал қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. Өзінің білімі мен біліктілігін тиянақтап, таным-түйсігімен, уақыт талабын сергек сезіну қабілетімен, ізденімпаздығымен жүрген-тұрған ортасына тез танылып, көпшіліктің ықыласына кенелген ол 1983 жылы Орал облыстық комсомол комитетінің хатшылығына тағайындалып, 1987 жылға дейін аймақтың айшықтануына, жас кадрларды даярлауға сүбелі үлес қосып, өзіндік қотаңбасын қалдырады. Тәлімді тәжірибені ғана емес, білікті білім алуды мұрат тұтқан ол Алматы саясаттану институты мен Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінен де білім алады.

«Адам тағдыры уақытты таңдамайды, қайта уақыт адамды таңдайды» деген екен француз ойшылы Монтень. Айтса айтқандай, бүкіл өмірі туған елімен қатар өріліп, уақытпен бірге зерде талғамы толысып, ғұламаға тән ғұмыр кешумен жүрген Бірғаным Сарықызы ел-халықтың сенімін иеленіп, 1990 жылы кезіндегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына сайланады. Еліміздің алға қойған мақсатын жоғары қойып, білім мен жаңа технологияға ұмтылысты, жарқын болашақтың кемел тізгінін жасампаз жастардың еншісіне беруді мұрат тұтқан Бірғаным Сарықызы өзіне тапсырылған қызметті қалтқысыз атқаруы арқасында билік баспалдағы сатыларына аяқ салады. Саралап айтар болсақ, жастар ісі, туризм және спорт жөніндегі министр, Қазақстанның Израиль мемлекетіндегі төтенше және уәкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, Грекиядағы, Мальтадағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі, бертін келе Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі, Куба республикасы мен Соломон аралдарындағы Елші міндетін қоса атқарушы қызметтерінде болады. Ал, 1996-1997 жылдар мен 2013-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болып бір емес, екі мәрте сайлануы екі азаматшаның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болар. Осы жылдары Бірғаным Сарықызы БҰҰ-ы мен Израйль басшысымен жақсы қарым-қатынаста болып, Қазақстанның толғақты мәселелерін қозғауы тектен-тек болмаса керек.

Бірғаным Әйтімованың осы бір қиын да жауапты қызметтерде шаш етектен атқарған шаруаларын санамалап шығу әсте мүмкін емес. Содан да мен Бірғаным Сарықызымен, жоғарыда айтқандай, 2013 жылдан қызметтес, яғни бірге ҚР Праламент Сенатының депутаты болғандықтан оның бірлі-жарым ғана игілікті істерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

Қазақ елінде әйелдердің бітім-болмысы мен даналығы, даралығы жайлы жүздеген деректер бар. Соның бір айғағы Бірғаным ұлт болашағы үшін жасалып жүрген ұлы істерге өзінің сүбелі үлесін қосумен келеді. Ел-халықтың қамын жоғары қоятын ол Парламент мәжілісі үстінде Үкіметке ұтымды ұсыныстар жасаудан әсте қағыс қалмайтын. Оның сөздік қоры мол. Ұсыныс-пікірін қисынын тауып айтады. Ұсынысы мен ісі бір жерден тоғысады. Нақтылай айтар болсам, Бірғаным Сарықызы  әйел-аналардың зейнетке шығу жасына, зейнетақының төмендігіне, халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге,  мектептердің жетіспейтіндігіне, мұғалімдер еңбекақысын көтеруге қатысты толғақты мәселелерді Сенат қабырғасында жиі көтеріп отырды. Айтқандай, Бірғаным Сарықызы тұрмысы төмен отбасыларына, қамқорсыз қалғандар мен жетім-жесірлерге өз есебінен қамқор қолын созудан да қағыс қалған емес. Тұмарша есімді анасының алтын құрсағынан адамзаттың алыбы болып жаратылған кейіпкеріміздің жүзі жарқын, жүрегі жомарт, алақаны ашық Бір Ханым. Тұмарша анамыздың қолынан күрең шай ішіп, ақ батасын алғанымды мен де мақтан тұтамын.

Бірғаным Сарықызының сан алуан салаларда басшылықта болса да басты бір парызы – ана атанып, адамзат ұрпағын көбейтуге үлес қосу болды. Құдай қосқан қосағы Нұрланмен жарасымды жұп атанып, сенімді серігі, жөн сілтер ақылшысы да бола білді. Қос қайыңның жайған жапырақтары гүл шашып, өмірге әкелген ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Ата-ана үшін бұдан артық бақыт бар ма, сірә?!

Бұл күнде Бірғаным Сарықызы мерейлі жетпіс жасқа толып отырған жайы бар. «Әдемі қартаюдың өзі – өнер» дейді ғой дана халқымыз. Өйткені, ол бүгінде жата-жастана жатумен емес, елі үшін емірене жүріп еңбек етумен келеді. Ол – қазіргі таңда ҚР Парламенті Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары.

Бірғаным Әйтімованың ел алдындағы ересен еңбектері де ескерусіз қалған емес. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған оның кеңпейіл кеудесіндегі ондаған еңбек және мерекелік медальдары «мен мұндалайды». Ал, жоғарғы биліктен алған «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталарын» санамалап шығу әсте мүмкін емес. Бірғаным Сарықызының айтуынша, ол үшін ең басты мадақ – ел-халықтан алған шексіз алғысы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Әйтімова Бірғаным – ел арасында салмақты мінезімен, салиқалы ойларымен есімін елге танытқан текті тұлға – Бір Ханым. Оның ақжарқындығы, аралас-құраласқа құштарлығы, бос нәрсеге алданбай, құр мақтанға салынбай, бір күн өмірдің мәнін түсініп, ел-халық алдындағы жауапкершілікті түйсіне білген табиғи болмысынан деп ойлаймын. Мен үшін жұмақтың кілтін табанының астына жасырған асыл жанды апамыздың ақжарқын келбеті әйел-аналардың символындай. Әлбетте бұл бір ғана менің емес, Бірғаным апамызды білетін қайсыбір қазақтың ұстанымымен астасып жатады деген ойдамын.

Мұрат Бақтиярұлы

саяси ғылымдар докторы,

профессор

 

994 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз