• Еркін ой мінбері
  • 26 Мамыр, 2023

САЯСИ ТҰРҒЫДА ТОЛЫҚ АҚТАУ ҚАЖЕТ

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен  құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері еліміздің және шет елдердің архивтерінде ауқымды зерттеулер жүргізіп келеді. Биылғы жыл басында  әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша жинақталған 31 томдық құжаттар мен материалдар жинағы  Мемлекет басшысына таныстырылды. Қазіргі таңда мемкомиссия құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жабық қорларды, ведомстволық архивтерді құпиясыздандыруға, сөйтіп қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға қатысты жұмыстарды жалғастыруда.

Алдағы міндет – «Алаш-Орданы» мемлекеттік дәрежеде мойындау

Баршаға мәлім, 1930, 1932 және Үлкен террор жылдары саяси репрессия құрбаны болған алашордашылар түгелге жуық ақталған. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланған діни қызметшілерді, 30-шы жылдарғы қарсылық қозғалысына («бандиттер бүлігіне» емес,  іс жүзінде, большевизмнің халық мүддесіне кереғар реформалар тықпалаған солақай билігінен құтылуды көздеген ұлт-азаттық көтерілістерге) қатысушыларды  ақтау жөніндегі жұмыстар жүріп жатыр. 
Мемкомиссия алдында тұрған маңызды міндет – Қазақстанның территориялық тұтастығы, ұлт бостандығы, тәуелсіздігі үшін күресіп, қуғын-сүргінге ұшыраған саяси партияларды, қоғамдық ұйымдарды, солардың қатарында, Жобалық офис төрағасы Сабыр Қасымов атап айтқандай («Ата-бабаларымыздың аманаты», «Таң-Шолпан» журналы, № 5, 2022 ж., 11–22-бб.), «Алаш-Орданы» да саяси тұрғыда ақтау. Яғни оның бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміздің басы екенін жоғары деңгейде тануға қол жеткізу – парыз...

«Алаш-Орда» мемлекеттілігі қалай дүниеге келген еді


Осы орайда өткенімізге шағын шолу жасап алайық. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы   (Алаш қозғалысы) ХХ ғасырдың басында Ресей империясындағы жалпыреволюциялық және мұсылман қозғалыстарымен тығыз байланыста туындап, бірге дамыды. 
Отаршылдардың жер-суды тарылтқаны аздай, рухани қыспағы арта түскеніне байланысты, қазақ еліндегі діни қызметшілер көзі ашық азаматтарды ақылдасу үшін басқосуға шақырмақ болған. Алайда олардың әрекетін жандармерия жансыздарының көмегімен  жылдам әшкереледі. 1903 жылы Көкшетау мешітінің имамы Науан хазірет (Нау­рызбай Таласов) пен медресе мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов сотталып, бірі Якутияға, екіншісі Енисейге жер аударылды. Халықты қатты наразы еткен осы деректен Алаш қозғалысы бастау алған еді. 
1905 жылғы петиция науқанына жер-жердегі қазақ зиялылары белсене қатысты. 1-ші революция толқынымен болашақ құрылымдардың прообраздары – Қарқаралы өңірінде аз мерзім өмір сүрген республикалық режим, Нілді кенішінде шетел капиталына қарсы ұйысқан орыс-қазақ одағы, Орал қаласында ашылған тұңғыш қазақ саяси партиясы – бой көрсетті. 
Жер аударылған діни қызметшілер алғашқы орыс революциясының дүмпуімен азаттық алды. Қосшығұлов жалпыимпериялық мұсылмандар қозғалысына белсене қатысты, алғашқы екі Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Жалпы, ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері төрт мәрте шақырылған Мемдумада да (соңғы екі шақырылымда өз депутаттары болмағанмен) ел мүддесін көздеген парламенттік күрес жүргізді. Газет-журнал ашылды. Оқу-ағарту ісіне ден қойылды. Мұның бәрі Алаш қозғалысында өшпес із қалдырған белестер болып табылады. 
Ұлттық қозғалыстың Ақпан революция­сынан кейін айрықша өрістегені белгілі... 
Ақыры, Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы алғаш пайда болғаннан бері бір мүшелден астам уақыт өткеннен кейін, 1917 жылғы 5–13 (григорийлік күнтізбемен 18–26) желтоқсанда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде жеңісті шыңына жетті: төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен соң, Ресей империясының отарына айналып, мүлдем жойылған қазақтың мемлекеттілігі өркениетке сай жаңғыртылды. 
Демократиялық Ресей Республикасында өткізіледі деп күтілген Құрылтайшы жиналыста заңдастырылуы ықтимал саналған Алаш автономиясы құрылды, автономияның «Алаш-Орда» Халық Кеңесі (Ұлт кеңесі) деп аталған үкіметі сайланды. Міне, осы тарихи оқиғаны саяси тұрғыда ақтап алу сұранып тұр. Оны бүгінгі тәуелсіздігіміздің басы деп тану, сөйтіп 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанды Қазақ демократиялық мемлекетінің туған күні ретінде белгілеу ләзім. Осы жәйттерді заңдастыруға мемкомиссия күш салса  жөн болар еді.

«Алаш-Орда» мемлекетін Совет үкіметінің мойындауы

1918 жылғы наурызда «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі Жанша (Жаһаншаһ, Жаһанша) Досмұхамедов  Алаштың Ордасының (яғни Екінші съезде сайланған қазақ үкіметінің) делегациясын басқарып, Оралдан Мәскеуге аттанды. 
1918 жылғы наурыз-сәуірде Алашорда делегациясы Ресей Совнаркомы басшылығымен тұңғыш та соңғы келіссөз жүргізді. Алаш автономиясын құрып, «Алаш-Орда» Халық Кеңесін – үкіметін сайлаған Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасымен танысқан Ленин мен Сталин  оның Ресей халықтарының құқтары жөніндегі совет өкіметі жария еткен декларацияға сай екенін атап айтты. 
Қазақ автономиясы мойындалып, оны советтік рельске түсіру жобасын жасау үшін делегацияның Кіші Совнаркомда жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. 
Ұлт істері жөніндегі комиссариат ішінен қазақ бөлімі ашылатын болды. Сонда қазақ совет автономиясының мәселелері  түбегейлі қарастырылып, әзірленген соң, автономия жарияланады деген уәде берілді. 
Ресей Халкомкеңесі Орал облыстық земство басқармасының жұмысын жалғастыра беруін қолдады, облыстағы алаштық құрылымды совет бағытына ауыстыруға қажет қаржы бөлді. 
Наркомнац (Ұлт істері жөніндегі халық комиссары) Сталин төте желімен Семейдегі Орталық Алаш-Орда басшылығымен сөйлесті. 

***

Делегация сапарға Орал қазақтары облыстық съезінің шешімі бойынша шыққан. Құрамында Ұлт кеңесінің тағы бір мүшесі, Орал облыстық земство басқармасының төрағасы Халел Досмұхамедов пен бірнеше мүшесі болды. Олар Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Владимир Ильич Лениннің алдында баяндама жасап, жоғарыда айтылғандай, совет үкіметі басшыларына Қазақ автономиясын құрған Екінші Жалпықазақ съезінің құжаттарын тапсырды. Заманауи өзгерістерге орай туындаған өзекті талаптарды Орталық Алаш-Орда атынан алға тартты. 
Кездесулер сәтті өтті. Досмұхамедовтер Предсовнарком Ленинмен және Наркомнац Сталинмен ұтымды келіссөздер жүргізді. Совет үкіметі Алаш-Орданы мойындады. Досмұхамедовтер Халкомкеңестің қарауына ұсынылатын мәселені алдын ала қарастыратын Кіші Совнарком атты кеңседе жұмыс істеп, советтік билік мойындап отырған Алаш автономиясы құрылымын кеңестік рельске үйлестіру жобасын жасады.
Алаш-Орда үкіметі («Алаш-Орда» Халық Кеңесі) ІІ жалпықазақ съезінің шешіміне сай, үкімет жұмысын жүргізу үшін Алаш қаласына (Заречная слободка) орналасуға барған, алайда Семейдегі большевиктер билігімен түсіністік болмағандықтан, іс жүзінде жұмысына кірісе алмай тұрған-ды. Сол шақта, Мәскеуге Жанша Досмұхамедов басқарып келген  делегациямен болған келіссөзден кейін, Ленин мен Сталин Семейге Алаш автономиясы үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхановты төте желіге шақырған  жеделхат жолдады... 
1918 жылғы 2 сәуірде Иосиф Виссарионович Сталин төте желі арқылы Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен сөйлесті... 
Сталиннің Совет үкіметі атынан айтқан түйінді сөзін «Абай» журналы шыққалы жатқан 3-ші нөмірінің мұқабасына «Қуаныш құтты болсын!» деп сүйіншілеткен тақырыппен басып, дүйім жұртқа жария етті. Онда Наркомнац Сталин Предсовнарком Ленин екеуі 1917 жылғы 2 қарашада қол қойған «Ресей халықтары құқтарының декларациясында» жария етілген ұлт саясаты принциптері күшінде екенін айта келе, «Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпықазақ сиезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз» деп, осы орайда Алашорданың Совет билігін тануында ашық мойындалуға тиіс Халкомкеңестің шарттары мен тілектерін білдірген. 
Сталиннен естіген осынау маңызды хабардың соңына журналды шығарушылар: «Ақ түйенің қарны жарылды. Өмірі қазақ – қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді, көрдің. ...Алаштың баласы, көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш!» – деген шаттық лепес білдірді. Оған  қоса: «...Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков, Мәрсеков атына Мәскеуден тағы телеграм алдық. «Халық комиссарларымен сөйлесіп жатырмыз, Алаштың автономиясына қарсылығы жоқ. Бүгін-ертең Алашорда өкілдерімен Сталин ауызба-ауыз сөйлеседі», – деп. Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, жоғарыдағы өкілдер осы сабаздар екен», – деп жазды.
Ал «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 35-ші санында кеңес өкіметінің ұлт мәселесін шешу жоспарлары жайында Сталиннің айтқандары және Халкомкеңестің қазақ съезі шешімдерін қабыл ала отырып, қойған шарттарымен бірге, оған «Алашорда» Ұлт кеңесінің берген жауабы қоса жарияланды. 
Жауапта: «...Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін, Совет хұкіметі Россиядағы барлық автономиялы халықтардың Кіндік Хұкіметі деуге қаулы қылып», он бір бабқа Алашорда шарттары тұжырымдалды. Арнайы бабта: «Қазақ-қырғыз (сол заманда қазақ-орыс және қазақ-қырғыз терминдері казак пен қазақ ұғымдарына синоним іспетті қолданылған, яғни қазақ-орыс – казак, ал қазақ-қырғыз – қазақ пен қырғыз дегенді емес, тек қазақ аталымын білдіреді– Б.Қ.) істері туралы елші Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтерді өкіл еттік. Олар қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр», – деп көрсетілді. «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшелері Ұлт істері бойынша халық комиссары Сталиннің төте желі арқылы айтқан «ІІ Жалпықазақ съезі қаулылары толығымен Совнаркомның автономия туралы декретіне сәйкес» деген мәлімдемесін талқылай келе, Федеративтік Советтік Республиканың орталық билігін танығанын, сөйтіп Алаш ұлттық-территориялық автономиясын тоқтаусыз жариялау қажет екенін хабарлаған жеделхат Халкомкеңеске 1918 жылғы 3 сәуірде салынды.
***
Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Кіші Совнаркомда (сол уақытта Ресей үкіметінің жанындағы тұрақты комис­сияны осылай атаған, ол Халкомкеңестің – Үлкен Совнаркомның – қарауына жататын мәселелерді алдын-ала қарау үшін құрылған  болатын) кеңес үкіметінің шешуіне қойып отырған ұсыныстарын большевиктік билік талаптарымен ұштастыра пысықтаумен шұғылданып, тиісті құжаттар жобасын біліктілікпен дайындаған еді. Совнарком (Халкомкеңес) қорытылған ұсыныстарды мақұлдап,  Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмысын жалғастыра беруіне келісті. 1918 жылдың 1 сәуірінде өткен мәжілісінің № 335 Қаулысы бойынша, Зауральенің (Жайық сыртындағы) земство мекемелері өздерінің әдеттегі міндеттерін бұрынғысынша атқара беретін болды. Сондай-ақ, Халкомкеңес сол өңірдегі  қазақ (алаш) ұйымдарын совет рельсіне аударуға қажетті ақшалай қаржы бөліп, делегацияның қолына беріп жіберуге қаулы алды.

***

Алашорда мен Совет үкіметі арасындағы алғашқы тарихи келіссөзді табысты жүргізіп, үлкен саяси жеңіспен Оралға қайтып келе жатқан делегацияны Саратов қаласындағы Депутаттар кеңесі (Совдеп) Атқару комитетінің мүшелері тоқтатты. Оларға Орал совдепін құлатып, мүшелерін тұтқынға алған Әскери казачество үкіметінің қамауынан құтылып қашып келгендер Досмұхамедов делегациясы Мәскеуге Әскери үкіметтің тапсырмасымен кетті деген жорамалмен шағым айтқан болатын. 
Алаштық делегация мүшелері Саратов совдепшілерінің талқысында өздерін мәртебелеріне сай, өте лайықты дәрежеде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дәлелді түрде қорғады. Орталықпен келісімдерін жүзеге асыруға Саратов совдепшілерінің жәрдем бергені дұрыс болмағын дәйектеді. 
Орал делегациясы туралы мәселені қараған Саратов Аткомының 1918 жылғы 17 сәуірдегі соңғы мәжілісінде  Жанша Досмұхамедов тағы да сөйледі. Мәскеуге сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепінің құлатылғаны делегацияға Халкомкеңес қабырғасында ғана мәлім болғаны жөнінде айтып, Саратов совдепімен қалай бірлесіп жұмыс істегенді жөн көретінін әңгімеледі. Орал өңірінің тұрғындарына үндеу жазғанын, оны ұшақпен елге жеткізіп, жұртқа таратуға Саратов совдепінен көмек сұрайтынын айтты. 
Жанша Досмұхамедовтің ақтар қоластындағы өңірге ұшақпен жеткізіліп, ауылдар мен қалаларға апарып тасталған «Орал облысының Жайық сыртындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды тұлғаларға және барлық азаматтарға» арнаған сондағы үндеуінде: «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесі Ресей Федеративтік Республикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссарлары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты», – делініп, келіссөздердің жақсы нәтижесі ретінде: «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құрылады да, ең қысқа мерзім ішінде қазақ өлкесінің автономиясы жайында декрет жарияланады», – деген хабар және Халкомкеңестің земство жөніндегі қаулысы айтылған-ды.
Соларды хабарлай отырып, Жанша Досмұхамедов үндеуде: «Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақтың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауазымды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қозғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге» шақырған және кеңестік биліктің қазақ үшін тиімділігіне назар аударған. «Естеріңізде болсын, қандас қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңізге тұңғыш рет еңбекшілердің Совет өкіметі ресми түрде құлақ асты, Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі билеу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-мәрттігін бағалай біліңіздер!» – деген жүрекжарды сөздермен үндеуін аяқтап, «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұхамедов» деп қол қойған. 
Алашорда делегациясының Совнаркомға сапары, Ленинмен, Сталинмен жүргізген келіссөзі, совет үкіметінің Алашорданы мойындағаны жайында большевик, Алаш қозғалысының ­бастауында болғанмен, кейін оны қолдамаған байырғы қайраткер Бақытжан Қаратаевтың Орталық Мемлекеттік Архивтегі «Қаратаев қорында» сақтаулы тұрған Алашорда туралы сыни-зерттеу еңбегінде толық айтылған. Ол еңбегінде түрлі дереккөздермен қатар Саратов совдепінің 1918 жылғы мәжілістерінің хаттамалары кітабын («Саратовский совет рабочих депутатов». – Саратов қ., 1931 ж.) пайдаланған. 

Совет үкіметінің «Алаш-Орданы» 
мойындауынан бастартуы
 Алайда Жанша мен Халел Досмұхамедовтер бастаған делегация өз мекеніне – Оралға жетіп үлгерместен совет басшылары уәдесінен тайып кетті. Бұған Орталық Алашорданың жергілікті Семей совдепін мойындамай, кеңес үкіметінен шұғыл Алаш автономиясын жариялауды сұрауы шешуші әсер етуі ықтимал. Және, әрине, совет өкіметіне қызмет етіп жүрген қазақ қызметкерлерінен келген: «Алашшылдарды» бөлмей, қазаққа қазір автономия берсе, «Алашордашылдар» иеленіп кетеді.  «Алашорда» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ...» (Сәкен Сейфуллин. «Тар жол, тайғақ кешу»)  деген ұжымдық жеделхаты да себеп болды. 
Совет үкіметі  жер-жердегі комиссарларына жолдаған жеделхаттарында және «Правда» газетінде қазақ халқын «буржуазиялық қанаушыларынан» құтылуға шақырды. Автономияны советтік негізде дайындап, көп  ұзамай жариялайтындықтарын хабарлады.
Біртұтас ұлттық мемлекеттігін таптық негіздегі жаңа өкіметтің туы астында  сақтап, өркендетуді көздеген Алашорданың келіссөз барысында қол жеткізген келісімдері кері қағылды. Большевизмнің қилы амалдарынан соң, Алашорда 1920 жылғы 5 наурызда Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің қаулысымен біржола таратылды. Ұлттық бітіміне, өмір салтына кереғар советтік билік қазақ халқына енді іс жүзінде күшпен таңыла бастады. Советтік насихат содан бері Алашорданы бұқараға жат құрылым ретінде құлаққа сіңірді. Оның ұзаққа кеткен салдарынан тәуелсіздік кезеңінде де әлі күнге толық арыла алмай келеміз. 

***


Тәуелсіздік жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысы және оның монархия құлатылғаннан кейін қол жеткізген нәтижесі (автономия құрып, үкіметін сайлау) әйгілі академик-тарихшылар Кеңес Нұрпейісовтің, Мәмбет Қойгелдиевтің, басқа да ғалымдардың еңбектерінде әлдеқашан қарастырылып, ғылыми тұрғыда бағасы берілген. Яғни саяси тұрғыда ақтауға негіз жетіп-артылады. Осы орайда, мемкомиссия  жоғарыда айтылғандарды ескере отырып,  қосымша қажетті зерттеу жүргізгеннен соң, Алаш-Орда үкіметін саяси ақтау мәселесін көтерер деп сенеміз. 


 

8578 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз