• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

Қазақ тарихындағы үшінші иірім

Қанат АЛТЫНБЕК,

Ұлттық кітапхананың «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» бөлімінің қызметкері

Құдық түбіндегі бақаға аспан теңгедей көрінгені секілді, кеңестік кезеңде қазақтың арғы, түп-тұқиян тарихы жоқ, бар болса да құрдымға толы, тағдырлы тарих болып көрінді. «Құдық» түбінен ақырын шығып қарасақ, тарихымыз ғасырларға сыймай, мыңжылдықтарға ұласып жатыр екен. Тәуелсіздік алғалы төл тарихымыз қайта түлеп, жаңаша қарқынмен дамып келеді. Архив деректерінің қолжетімділігі күн өткен сайын артып, кезінде мектеп оқулықтары мен монографияларда бірер сөйлеммен ғана берілген зобалаң замандар шежіресі қазіргі таңда том-том кітап болып қайта басылуда. Дегенмен, ұлт тарихы әлі де толық зерделеуді, түгендеуді қажет етеді. Бұл ұзақ жылдарды қажет ететіні заңдылық. 
«Тағдыр иіріміндегі қазақтар» атты публицистикалық-зерттеу еңбегіміздің ІІІ бөлімінде тарихымыз бен мәдениетіміздегі кеңестік кезеңнің көлеңкелі тұстары мен сәулелі жарқын сәттеріне мейлінше тоқталғанды жөн санадық. Соның ішінде осы жылдары тарихымызды, әдебиетімізді зерттеген отандық және орыс, батыс зерттеушілерінің теңдессіз еңбектеріне сілтемелер келтіреміз. Сондай-ақ, бірінші және екінші иірімдерге терең бойлауымызға себеп болған зерттеулерге тоқталып, тағдыр тарту еткен тау тұлғаларымыздың еңбегіне және алғаш жазылған оқулықтарымызға тоқталатын боламыз. 
1956 жылы А.А. Зайнчковскийдің «Трактат о расстреле турок-мамлюков»» атты кітабы Варшава қаласында басылып шықты. Аталған еңбекке көптеген көне сөздер енген [1, 5-б.]. 
Е.Э. Бертельс Мәмлүк билігіне дейін-ақ түркі тілі араб еліне келгенін келтіреді. Түркі тілінің кең етек жайғанының тағы да бір дәлелі, Ибн Хабиб әл-Хәлеби Бадр ад-Дин әл-Хасан бин Омардың «Дурра әл-әслак фи дәуләти-л-атрак» атты еңбегінің тақырыбының өзінен-ақ байқалғандай, күллі Мысырды «Түрік мемлекеті» деп келтіреді. Жоғарыда айтқанымыздай, түркілік кезеңнің шарықтау шегіне жеткенде араб мәдениеті кіріп келді. Осы араб мәдениеті мұсылман мемлекеттеріне ортақ һәм ғылым мен білімнің тілі болғанының тағы бір дәлелі, орыс тілді кесек зерттеуші-ғалым Ю. Рушко әлемдік деңгейде мойындалған математик, астрономдардың Хорасан, Транссаксония, Бактрия, Ферғана сияқты жерлерден шыққанын айта келе, сол ғалымдардың жазып қалдырған көптеген ғылыми еңбектерінің жартысынан астамы осы араб әліпбиімен жетті деген естелік зерттеуін жазады. Және де орта ғасырлық Бағдад қаласы, Таяу Шығыс пен Орталық Азиядан көптеген ғалымдар шықты. Араб халифаты басып алған Бағдадтағы ғалымдардың грек, рим, үнді тілдеріндегі жүздеген кітапты араб тіліне аударып, оларды күнделікті ғылым саласына енгізуі арқылы да халифаттың мәдени тұстары қарыштап, алға шықты [2, 53-б.]. 
Осы аталып отырған орта ғасырлық ескерткіштерді кейіннен зерттеген, зерделеген ғалымдар болды, қуаныштысы ол ғалымдардың алғашқы сапында тұңғыш қазақ ағартушысы Шоқан Уәлихановпен қатар, Мұхамбет-Салық Бабажанов сияқты ғалымдар болды. Бұл ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста болған шетелдік әріптес ғалымдар Н.М.Левшин, В.В.Григорьев, Н.М.Ядринцев, В.В.Бартольд, В.В.Радлов та қазақ тарихы мен руханиятын байытатын еңбектер жазып қалдырды. Н.М.Ядринцев Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін тауып, ғылымға әкелсе, академик В.В.Радлов жазба ескерткіштерді орыс, неміс тілдеріне аударып, құпия тарихтан тың дүниелерді табу арқылы, дүние жүзінің тілдеріне аударылуына септігін тигізді. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде орыстың зерделі ғалымы Н.М.Ядринцев Орталық Азия даласындағы кезекті экспедициясында өзіне беймәлім тілде жазылған ескерткіш тастарды тауып алады, бірақ ондағы жазуларды оқи алу қабілеті кез келген ғалымға бұйырмайды. Тастағы көне жазу орта ғасырларға тиесілі түркілердің жазуы екенін Данияда мекен ететін, Скандинавияда фин жазбасының тарихымен машықтанып жүрген белгілі зерттеуші Вильгельм Томсен мен белгілі түркітанушы ғалым В.В.Радлов дәлелдеп, ғылыми айналымға енгізеді [2, 31-32 бб.]. Көне түркілік кезеңдердің құпия мұрасы ретінде жеткен ескерткіштер ғасырлар бойы түрлі табиғи құбылыстарға төтеп беріп, сақталып қалды. Оларды зерттеуге бар саналы ғұмырын арнаған ғалымдардың ішіндегі марғасқасы – Василий Васильевич Радлов. 
В.В. Радлов 1892 жылғы жарияланған «Атлас древней Монголии» (1892) атты экспедициялық мәліметтер жинағында, бұрын табылған ескерткіштермен қоса жаңадан табылып, тілі зерттеліп жатқан ескерткіштер жайлы мақала жариялайды. Ол ескерткіштер тізімінде: Тоныкөк, Онгин, Асхете-І, ІІ, Элегес, Ұйық-Тарлаг, Ұйық-Тұран, Кули-Хем, Куйлуг-Хем, Кара-Суг, Барык І-IV, Хая-Бажы, Хая-Ужу, Чаа-Холь І, IV, VI – VIII, Уйбат-І-V, Туба-ІІІ, Алтын Кель І, ІІ, Оя, Ачура бар. 
Орта ғасырлар кезеңіне қатысты тың еңбектер жазған В.В.Радловтың ізін жалғастырушы ғалым С.Е. Малов та ерен еңбек жасады. С.Е.Маловтың зерттеу монографияларының қатарында: «Древние тюркские письменные памятники» (Көне түркі жазба ескерткіштері), «Древнетюркские надписи вдоль Енисея» (Енесей бойындағы көне түркі жазбалары) еңбектері бар. Ғалым бұрын жазған еңбектеріндегі олқылықтардың орнын толтырып, жаңаша көзқараспен жазды. Еңбектерін жазып болған соң С.Е.Малов өзінен кейінгі түркітану саласына келетін ізбасарларына өсиет қалдырады: «Мен өз мүмкіндігімнің шамасында ғана еңбек бердім, ал әлі зерттелетін мәселелер жеткілікті» [2, 33-б.]. Шын мәнінде С.Е. Маловтан кейінгі зерттеушілер де өз қабілеттеріне сай жаңаша ізденістер жасады.
С.Е. Малов
Орта ғасырлық Азия даласындағы, оның ішіндегі Қазақстан жеріндегі ескерткіштерге байланысты: «Эпиграфика Востока», «Эпиграфика Киргизии» (Фрунзе, 1963), «Қазақстан эпиграфикасы» (Алматы, 1971) атты еңбектер жарияланып жатты. 1993 жылы орыс тілінде көне ескерткіштер жайлы еңбек жазған түркітанушы ғалым Ғұбайдолла Айдаровқа назар аударсақ. Ол «Күлтегін ескерткіштерінің тілі» атты еңбегінде 4 тарауға бөліп, ескерткіштердің тілдік құрамын зерттейді: 
1.Фонетикаға байланысты сөздер тізбегі;
2.Лексикаға байланысты сөздер тізбегі;
3.Морфологияға байланысты сөздер тізбегі;
4. Қысқаша синтаксистік сөздер тізбегі. 
Ортағасырлық Қазақстан жеріндегі көне ескерткіштерді зерттеген ғалым-тілшілер, мәселен, Ғ.Мұсабаев «Қазақстан эпиграфикасы» атты зерттеуін жазса, М.Томанов «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты қазақ тіл білімінің тарихы жайлы өте тың дүние жариялайды. Ғ.Мұсабаевтың бұл еңбегінде тіл білімінің даму кезеңі зерттеуші Н.А.Баскаковтың классификациясына сәйкес жіктеледі: 
1)Түркі кезеңіне дейінгі кезең, бұл б.з. V ғасырына дейінгі кезең; 
2) Түркі бірлестігі кезеңі, ол екі кезеңді қамтиды, көне Түркі қағанаты кезеңі (V-X ғғ.), Орта түркілік кезең (XI – XV ғғ.); 
3) Қазақ халқы тілінің даму дәуірі (ХVI – XVIII ғғ.)
4) Қазақ ұлттық тілінің қалыптасу дәуірі (ХІХ ғғ.) [3, 15-17 бб.].
Қазақ жерінде табылған жазба ескерткіштеріне тағы да қысқаша тоқталып өтейік. 
1.Ежелгі сақ жазуы. «Алтын адам» табылған қорымдағы күміс тостағанның түбінде жазылған жазу, бұл жазбаның табылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті.
2.Есік жазуы. Бұл жазуды И.М.Дьяконов пен В.А.Лившиц, С.Г.Кляшторный оқып, оны иран тілдес жазу деген. 
3.Ежелгі Қаңлы жазуы. Бұл жазбалар б.д.д. ІІ ғасыр мен б.д. VI ғасыр аралығын қамтиды, археолог А.Н. Подушкин Арал өзені бойын қазып жатқанда Күлтөбе қала орнынан күйдірілген қыштағы жазбаларды тапқан. 
4.Маңғыстау жазуы. Ералиев ауданына қарасты «Ерсарының қайрағы» деп аталатын өңірден түркі күлбізік жазуы бар алып сынтас табылады. 
5.Жетісу жазбасы. А.С.Аманжолов өз еңбегінде сегізін келтіреді, бұл Қазақстандағы Іле өзені бойынан табылған түркі руна жазба ескерткіші, осыған ұқсас Терексай, Надыр, Талғар жазулары табылды. 
6.Атлах І жазуы. Бұл Талас руникалық жазуы еді, тағы осы сынды Меркі, Ақтөбе-Баласағұн, Тастұмсық, Хұм ауызы ернеуіндегі түркі-соғды жазуы және де Сырдария жазуы сынды қазақ еліне, тарихына байланысты көптеген ескерткіштер аршылып, зерттелді [4, 159-191 б.]. 
Күлтегін ескерткіші
Жоғарыда аталған Күлтегін жазба ескерткіштеріндегі сөздік мәтінде 200-ден астам сөз кездеседі екен. Олардың 25 пайызын етістік құрайды, дәлірек айтар болсақ, 50-ге жуық етістік кездеседі [5, 78-б.] Күлтегін жазба ескерткіші – Қазақстандағы тіл тарихы мен ұлт тарихының өзегі. Бұл тасты 731 жылы Күлтегін о дүниелік болғанда, әйгілі Білге қаған Күлтегінге арнап арнайы жер тауып, Тан мемлекетіне елші жіберіп, көрнекті шеберлер мен сәулетшілерді жіберуін сұрайды. Бұл ақпарат жөнінде ескерткіш жазбасында «Менің сөзімді қайтармады. Табғач император Орда билеушілерін жіберді» делінген [6,100-б.]. Яғни бұл оқиғадан мемлекетаралық жетік дипломатия мен сыйластықты көреміз [7, 58-7б.].
Орта ғасырлар кезеңінің арғы-бергі тарихындағы жазба ескерткіштерді баян еттік, ғасырлар ауып, жылдар жылжып, уақыт еңсерілгеннен кейінгі кезеңдерде жазба тарихымызға жаңаша әдебиет келді. Ол әдебиетке Ж.Жәңгіров, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Әріп Тәңірбергенов, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Жүсіпбек Шайхысламұлы, А. Сабалұлы, М. Жұмашев, М. Өндірұлы, Ж. Таубаев, К.Ж. Ешниязов, М. Мансұровтар жеткізген «Хикаят Орқа-Күлше», «Гүлшат-Шеризат», «Зияда-Шаһмұрат», «Рауа-Бану», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық», «Таһир-Зуһра», «Дариға қыз», «Еренғайып шаһ Ғаббас» сынды көптеген қиссалар енеді [8, 132б.].
Ежелгі Күлтегін жазба ескерткіштері мен ортағасырлық ғұламалар еңбектерінен кейінгі кезеңдегі қисса жазушылар арқылы жаңа заманғы жазуға көшудің өзінде көптеген беймәлім мәдени лек өтеді. Осы орайда қазақ арасына танымал түркітанушы, профессор Немат Келімбетовтың пікірін келтіруді жөн санадық: «Тарихи жалғастық қоғам дамуының объективті заңдылығы екені мәлім. Мұндай жалғастықтың өзі қоғамда қалыптасқан белгілі бір дәстүрге негізделеді. Дәстүр дегеніміз бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ұдайы ауысып отыратын, тарихи тұрғыдан қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер. Дәстүр – халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің рухани негізі болып табылады. Мұның өзі көркемдік дәстүр жалғастығына да тікелей қатысты болып келеді. Өйткені, әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық ұрпақ жасаған рухани мұраны игеріп, оны жаңа қоғамдық-тарихи жағдайға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс» [9, 133-б.]. Осы сабақтастық арқылы ғасырдан-ғасырға көне көмбе, жазба, қазба мұраларымыз жетті. Көне Күлтегін жазба ескерткішінің екінші бетіндегі жазуда «...Сенің ата-бабаларың солтүстіктегі түз даланы еркін жайлаған...», – деген сөйлем бар [9, 6-7 б.]. Бұл сөздер, әрине, ата-бабаларымыздың ежелден-ақ иен даланы еркін басқарғанын білдіреді емес пе?!
Кітапхана тарихын қозғауымыз үшін, ең біріншіден, қазіргі әлемді мәдениеті, технологиясы арқылы басқарып отырған халықтардың өзінде жазу тұрмақ тарихы да басталмаған кезде біздің ата-бабаларымыз бар тарихын, әдеби жазба, қисса, өлеңдерін тасқа қашап, кейіннен оны қыштарға күйдіріп, папирус жапырақтарға таңбалап, аңдардың терісіне бедерлеп, кейіннен кәдімгі парақтарға басу арқылы өз тарихын келесі ұрпақтарға, яғни мына біздерге еш мұқалтпастан жеткізді. Әлемде тарихы сонау мыңжылдықтардан асып, миллиондаған жылдарға жететін халық сирек. 
Ұлттық кітапханадағы құнды кітаптардың бірі – қазақтың біртуар азаматы, ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың еңбегі. Ш.Уәлихановтың 1904 жылы Санкт-Петербург шаһарында басылып шыққан, «Алтыншаһардың жай-күйі немесе Қытай провинциясы Нанлудың шығыстағы алты қаласы туралы» сияқты бірнеше еңбектері енген шығармалар жинағы. Бұл шығармалар жинағын баспадан шығарған бас редакторы Н.И. Веселовский болатын [9, 7-б.].
Осы орайда Шоқан Шыңғысұлының өміріне қысқаша тоқталсақ. Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1866) ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі болып табылады. Энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды. 
Ш. Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшыл ретінде қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Белинскийдің, Н.Х.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, Н.А.Добролюбовтың еңбектерін оқып үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады. 
Шоқан Уәлиханов
Уәлиханов шығармашылығын қалыптасу кезеңі (Петерборға барғанға дейінгі уақыт, яғни 1855-1859 жылдар аралығы) және кемелдену кезеңі (1859-1865 жж.) деп екіге бөлуге болады. Петербордан басталатын қызықты да мазмұнды, соңғысы Шоқанның туған жерге қайтып оралғаннан − өмірінің соңына дейінгі жылдарды қамтиды. Омбыда кадет корпусын бітірген Шоқан өзінің 30 жылдық аз өмірінің ішінде этнография, Қазақстан және Орталық Азия тарихы мен мәдениеті саласында еңбектер қалдырған ғалым, ағартушы-демократ. Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда көптеген шығар­­маларынан философиялық пікірлері мен тұжырымдарын байқауға болады. Ол «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады. Ең алдымен Ш. Уәлихановтың сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шәк келтірмейтіндігін айту керек. Қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние − күн, ай, жұлдыздар және жер − алғашқы құдірет болып табылады», − деп көрсетеді [9, 11-б.]. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеуінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, «Тәңір» атты мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдарының себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді.
Сонымен, Шоқан сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін, оның объективтік заңдылықтарға бағынатындығын мойындайтын философиялық көзқараста болғанын көреміз. Қазіргі кезде философияның негізгі мәселесінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Ш. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау XIX ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. 1862 жылғы «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан да түпсіз сырға толы таңғажайыбын түсіндіреді. Ғажайып әлемді, өмір мен өлім мәселесін, адамның табиғатқа қатынасын танып-білу қажеттігінен шамандық туды деп тұжырымдайды. Бұдан Шоқан Уәлихановтың адам мәселесіне, оның фәни дүниедегі орнына, өлім мен өмір мәселесіне ерекше мән бергендігі көрініп тұр. Шамандықтың шығуының бір себебі табиғатқа құштар болу дейді. Екінші ғажайып нәрсе адам, адамның терең ойға және танып білуге ұмтылған рухы деп көрсетеді. Яғни, адамның ішкі дүниесі, оның қоршаған дүниеге қатынасы зерттеуді қажет ететін мәселе есебінде қаралды.
Қазақтың көрнекті ағартушыларының бірі Ыбырай (Ибраһим) Алтынсаринның 1879 жылы жарық көрген «Қырғыз хрестоматиясы» мен «Қырғыздарды орыс тіліне оқытудың хрестоматиясы» атты кітаптары қазіргі таңда аталған ордамызда сақтаулы. Ы. Алтынсариннің Кеңестік кезеңде оқуға рұқсат етілмеген, 1883 жылы Санкт-Петербург қаласынан арнайы рұқсатпен, 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген «Шариғат ул-Ислам» (Мұсылманшылық тұтқасы») атты кітабы егемендік алған жылдардан кейін ғана елге таныстырыла бастады, оған дейін арнайы қорда сақталып келіпті. 
Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі, жаңашыл-педагог және жазушы Ыбырай Алтынсариннің (1841−1889) дүниетанымының қалыптасуына туған елінің халық ауыз әдебиеті, орыс мәдениеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Шоқан Уәлиханов секілді Ыбырай Алтынсарин дамудың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы Халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Өзбек ағартушысы Хамза Хаким-зада Ниязи секілді Ы. Алтынсарин ағарту ісіне белсене аралас­ты. 1879-1889 жылдары Торғай облысы халық училищелерінің инс­пекторы бола жүріп, Ы. Алтынсарин қазақ балаларына арнап көптеген мектептер ашты, алғашқы оқулықтардың бірі «Қазақ хрестоматиясын» жазды, аудармалар жасады.
Ы.Алтынсарин
Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен ағарту және қоғам мәселелерін талқылауға арналған шығар­­маларында дүниеге философиялық көзқарастағы пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз дүниенің бар екендігі сезіледі. Бұл ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екіншіден, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!», «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылықтың тұтқасы», т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды атай келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ, бір Құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық қадір екендігіне дәлел болса керек», − деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы Құдай деп біледі. Кейбір зерттеушілер Ыбырайды стихиялық материалист, дінге қарсы болған деп айтып жүр. Мәселені нақты қарасақ, Ы. Алтынсарин Шоқан сияқты татар және Бұқарадан келген молдалардың уағыздайтын діннің озбыр түріне қарсы болған. Н.И. Ильминскийге 1882 жылы 12 қыркүйекте жазған хатында татар және Бұқара молдаларынан оқыған жастар өз діні жағынан толық мешеу, оның есесіне мұсылман еместің бәріне өшпенділікпен қарайтын болып шығады деп көрсетеді. Мұндай дүмше молдалардың барлық ақыл-парасатты тек Мұхаммедтің дінінен тапқысы келетінін қатты сынайды. 
ҚР Ұлттық кітапханасының алтын қорын байытып тұрған тағы бір құнды жәдігер – жазба әдебиеттің негізін салушы, ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында шыққан «Өлеңдер» кітабы еді. Бұл кітап туралы Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы былай жазба қалдырыпты: «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абайдың кітабы Санкт-Петербургте Бороганский баспасында басылып шықты». Яғни кітаптың жарыққа шығуына ең алдымен інісі Ысқақтың баласы Кәкітай мен алаш қайраткерлері, оның ішінде Әлихан Бөкейхановтың еңбегі орасан зор болды. Бірақ Кеңестік идеологияның салдарының шығыстық, ислами тақырыптарда шыққан еңбектерді оқуға тыйым салынған. Оның шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық проза мен аудармалардан тұрады. Абай шығармашылығы – қазақ философиясының биік өрнектерінің бірі. Дүниетанымдық мәселеде Абай философиясының тамыры өте тереңде. Абай, «Алла тәбарака уа тағаланың шәріксіз, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына,... хақтығына бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел испат қыларға керек», – дейді [10, 8-б.]. Абай философиясындағы ақылға жоғары мән беру өзінен алдыңғы ұлы жерлесі әл-Фарабидің философиясымен үндесіп жатқандығын байқауға болады. Абай танымындағы ақыл мен қайрат, жүректің ізгілікті ісіне ғана қызмет етуге борыштар. Абай жүректің туын көтеріп, оған зор мән бергенде, оның адамгершілік мағынадағы тетігіне сүйеніп отырады. Абай дүниетанымындағы осы ойдың негізін біз Фараби философиясынан да кездестіреміз. Себебі, Фараби ақыл жүректің ізгілікті көздеген әрекетіне ғана қызмет етуі тиіс деп білгендіктен, «жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет», – деп қайта ескертеді. Екі ойшыл философиясындағы мұндай сабақтастық кездейсоқ нәрсе емес, бұл дүниетанымдағы, көзқарастағы өзектес келген бірліктің негізінде жатыр.
Абай
Абай Құнан­байұлы өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, хал­­қына деген қам­қорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы, ойы мен қыры мол, жалпы алғанда өте күрделі тұлға. Абайдың табиғат күштеріне жан бітіре әсерлеп, құшырлана сүйіп, өз дүниетанымында, кейде Алланың құдіретінің белгісіндей, кейде өзіндік заңдылықтарымен бөле-жара жырлап, бүкіл поэзиясының мәйегіндей көргені оның шығармашылығымен таныс барша жұртқа белгілі. Сондықтан оны біржақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Дүние туралы пікіріне келсек, оның бұл мәселеде екіұдай пікірде болғанын байқаймыз. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады», – деп атайды.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысын қамтитын, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Жүсіпбек Шайхысламұғлы, Шәді төре бин Жиһангер, Кашаф-ад-Дин Шаһмардан сияқты аса ірі қайраткерлердің еңбектері де қорда сақтаулы. Осындай еңбектердің қатарына «Қисса шаһ Махмұд», «Қисса хикматнама» енеді. Келесі еңбектер нағыз қазақ тілді оқырмандар үшін жазылып, баспадан жарық көрген кітаптар. Ол кітаптардың тұңғыш шыққан басылым даналары сақтаулы. Олар: 
Сәкен Сейфуллиннің «Домбыра» (1924), 
«Қызыл сұңқарлар» (1926), 
«Экспресс» (1926), 
«Тар жол, тайғақ кешу» (1927), 
Бейімбет Майлиннің «Ел көркі» (1927, Қызылорда), 
«Ел мектебі» (1926, Қызылорда), 
«Ел сыры» (1926, Семей), 
«Жол үстінде» (1927, Қызылорда), 
«Күлпаш» (1926, Қызылорда-Ташкент), 
«Отбасында» (1926, Қызылорда), 
Ілияс Жансүгіровтың «Беташар» (1927, Қазалорда), 
«Жаңа жолда» (1929, Қызылорда, «Жаңқа»), 
Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше-тоқал» (1923, Ташкент), 
«Еңлік Кебек» (1922, Орынбор), 
«Қилы замандар» (1928, Қызылорда), сонымен бірге Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев және тағы да басқа ақын-жазушылардың еңбектері.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасының 30-дан астам тілге аударылған нұсқаларынан бастап, ең алғашқы һәм соңғы шыққан басылымдарына дейін Ұлттық кітапхананың алтын қорында сақтаулы. Және де кейбір игерілмеген, яғни аударылмаған латын, араб жазуларыменен жазылған кітаптар енді аударылып жатыр.
 жылдардан бастап еңбектері шыға бастаған тұлғалар: Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов, Мұхамеджан Тынышпаев, Сейтқали Меңдешов, Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы. 
Зиялылар елінен білім алып, орыс­тан кем түспесі үшін өз салаларынан тыс ғылым салаларын меңгеріп, оқулықтар шығарды. Мысалы, Халел Досмұхамедұлы 303 беттен тұратын «Адамның тән тірлігі» атты кітабын 1927 жылы Қызылорда қаласында шығарса, Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы Ташкент қаласынан «Психология» атты кітабын, Мағжан Жұмабаев «Педагогика» кітабын, Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құрал» атты еңбектері белгілі меценаттардың көмегімен жарық көрді. Мысалы, А. Байтұрсынұлының «Тіл құралы» бірнеше рет басылып шықты. Алғаш 1914 жылы Орынборда, 1918 жылы Қазанда, 1927 жылы Мәскеуде, 1906-1927 жылдары Қызылордада, 1927 жылы Семейде жарық көрді. Ал, қазақтың белді қайраткер тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаевтың қаламынан туған қазақ тарихы жайлы жазылған, 1927 жылы Ташкенттен басылып шыққан «Ақтабан шұбырынды», 1926 жылы Қызылордадан шыққан «Ташкент уезінің жергілікті рулық құрамы және тарихи анықтама» еңбегі, дәл осы жылы Қызылордадан шыққан «XVII – XVIII ғғ. қырғыз-қазақтар», «Қайлақ (Қойлық) қаласы және Көксу ғұламалары», 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар» сынды құнды еңбектер кітапхана қорында сақтаулы. 
Аталған еңбектер жөнінде бізді мәліметтермен таныстырған жан – кітапхана саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген кітапханашы Айхан Құдайбергенқызы болатын. Осындай еңбегі орасан тәжірибелі мамандардың арқасында құнды жауһарларымыз замана сүзгісінен аман өтіп, біздің қолымызға тиіп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызының Бас редакторлығымен ортағасырлық құнды жәдігер «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты көлемді еңбек қазақ қарпіне аударылып, үлкен жинақ болып шыққан болатын. 
Парасат ордасында қазақтың тұңғыш баспасөз басылымдары да сақталған. Б. Майлин мен Ж.Тілепбергеновтың жетекшілігімен жарық көрген, Уфа қаласында оқитын медресе шәкірттерінің «Садақ» қолжазба журналы 1916 жылы бірнеше ай бойы шығып тұрды. Ең құнды ақпарат ретінде Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты еңбегі ең алғаш осы журналда басылып, шығып тұрды. 
Тұңғыш қазақ мерзімді басылымдар қатарына ХХ ғасырдың басында шыққан «Еңбекші қазақ», «Қазақ» газеттері де қорда сақтаулы. Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары аралығында шыққан «Қазақ» газеті сол кездегі ең ауқымды газет болатын. Ең көп таралған таралымы 3 000 мың данаға дейін жетіпті. Ал, бұл газетті А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж. Жанұзақұлы сынды дарынды қазақ зия­лылары шығарып тұрды. «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының ең өзекті баспасөз құралы болды. Ал, газеттің шет елдерде сақталған басылым сандары 1990-1993 жылдары кітапхана қорына енді.
Шығыстық кітаптардың қатарындағы «Тотынаме», «Қисса Таһир ила Зуһра» еңбектері тіпті 9 басылымға дейін басылыпты. Зиялы оқырмандардың бір парасы Рамзи Мухаммад Мурадтың қазақ тарихына қатысты, оның ішінде, Алтын орда, Қазан, Орталық Азия және Қазақ тарихына қатысты еңбектерін оқыса, тағы басқа оқырмандар, Софы Аллаяр, Физули, Сайхали, Жами, Маржани, Ғабдолла Тоқай сынды шығыстық шоқ жұлдыздарды оқиды екен. Қазақ халқының ең әуелгі тарихы аңыздармен түрлі шым-шытырық оқиғалардан бас­тау алатыны тарихтан белігілі. Ал енді осынау тарихты құрастырып жинақтаушылардың арасында орыс саяхатшы-зерттеушілерінің алар орны алабөтен. Этнографиялық, географиялық экспедицияның офицерлері Н. Рычков, П. Паллас, В. Андреев, П. Спасский сынды бірқатар зерттеушілер халық ауыз әдебиетін жинақтауда азаматтық көрсете білді. Қазақ халқының ауыз әдебиетіменен қоса діни, эпостық жырларын жинақтаған Ш. Уәлиханов, В. Радлов, И. Березин, А. Васильев, Е. Алекторов, А. Диваев, Н. Ильминский, П.Мелиоранский, Н. Пантусов, Н.Остроумов, И.Кастанье сынды зерттеуші, этнографтар бар еді. Олар «Оренбургский листок», «Живая старина», «Вестник Европы», «Отечественные записки», «Современник» сияқты мерзімді басылымды беттерінде еңбектерін жариялап тұрды. Осы еңбектер түгел дерлік ҚР Ұлттық кітапханасының алтын қорында сақтаулы. 
Жоғарыда келтірілген деректердің айтарлықтай бөлігі қазақ тарихына қатысты патшалық Ресей және Кеңестік билік тұсында болып өткен оқиғалар. Біз аталған иірімде болған сәулелі кезеңдерді барынша келтіруге тырыстық, сол иірімде дүниеге келіп, қазақ ұлтының атын күллі әлемге жайған қайраткерлеріміз жайлы да бірер дерек келтірдік. Сонымен қатар, қазақ ғылымы мен мәдениетінің қарашаңырағы – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған әлемдік жауһарлар хақында да құлақтандыруды ойладық. Аталған иірім кезінде көптеген әдебиеттер аталған қорға келіп түскен. Бәлкім, біз көрсеткен кейбір әдебиеттерге зерттеушілердің қызығушылығы оянар деген ізгі ойымыз да бар. 
«Тағдыр иіріміндегі қазақтар» атты публицистикалық зерттеу мақаласы аясында үш алып иірім жөнінде дереккөздерді пайдалана отырып сипаттадық. 
Енді алда қазақты қандай иірім күтіп тұр?
Ол қайдан келеді?
Бұл сауалдарға нақты бір жауап айту шынында да қиын. Бірақ болжам жасауға болады. Алдағы уақытта қазақтарды «Тұран» иірімі күтіп тұруы әбден мүмкін. Ол иірімде де қазақтардың аларынан берері басым болуы ықтимал. 

115 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз