• Ел мұраты
  • 05 Сәуір, 2024

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МҮДДЕНІ ОЙЛАҒАНЫМЫЗ ЖӨН

Жаһандық жылыну, экологиялық дағдарыс мәселелері ХХІ ғасырда адамзат үшін негізгі қатерге айналды. Халықаралық ұйымдар шеңберінде дабыл қағылып, ортақ жаһандық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға күш салынуда. Аталған мәселе елімізді де айналып өтпеді. Сәуір айы келгелі еліміздің батыс, солтүстік облыстары күннің күрт жылынуы себепті су салдарынан бірнеше елдімекен су құрсауында қалып, мыңдаған азаматтар эвакуцияланды. Бұл оқиға табиғаттың дүлей күшінің алдында адамзаттың шарасыздығын көрсетсе, екіншіден мемлекет тарапынан жүйелі, қорғаныс, алдын алу жұмыстарын жаңарту қажет екендігінің нақты дәлелі. Мұның зардабын сол өңірлердегі қарапайым халық қана емес, ел экономикасы да тартатыны белгілі. Алда жаз келе жатқандығын ескерсек, бұл жағдаят еліміздің басқа аймақтарына сабақ болуға тиіс. Мақаламызда табиғаттың тосын мінезінен келетін қатердің жайы мен жапсарына талдау жасамақпыз. 
 БҰҰ-ның жаһандық жылынумен күрес бағдарламасы есебінше, елімізде орташа жылдық температура 2030 жылға қарай 2 градусқа, 2050 жылға қарай 3 градусқа көтеріледі. Сәйкесінше, мұздық массаның 50%-дан астамы 77 жыл ішінде жойылады деп күтілуде.
БҰҰ зерттеуі нәтижесіне сәйкес, еліміздің климаты 1961-1990 жылдармен салыстырғанда, 1991-2020 жж аралығында орташа жылдық температура 0,9°С жоғарылады. Температурасы 30-35 °С жоғары болатын күндер санының тұрақты өсуі байқалып, 2020 жылы температура рекордтық деңгейге жетіп, климаттық нормадан 1,92 °C асты.Танымымызда табиғаттан келген апатты тілсіз жауға теңеген. Тілсіз жаумен дипломатиялық келісімге келу мүмкін болмағанымен, жүйелі құрылымдық қорғаныс жүйесі арқылы төтеп беруге толық негіз бар. Елімізде жыл сайын ерте көктемде температураның күрт көтерілуі қардың тез еруіне әкеліп, ағынды су таулардан төмен қарай ағып, жергілікті елді мекендер мен ауылшаруашылық бағытындағы жайылым жерлерді басады. Алайда биылғы төтенше жағдайдың болмысы бөлек, ауқымды болды. Еліміздің Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында қызыл су нәтижесінде аталған облыстарда 1405 жеке тұрғын үй, 372 аула, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалып, 15 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында қар суынан жапа шеккен халықпен кездесуінде атап өткендей, биылғы тасқын көлемі 1994 жылы орын алған ауқымды тасқыннан асып түсті. Мемлекет өзінің әлеуметтік жауапкершілгін толық сезініп, су тасқыны нәтижесінде келген барлық шығындар үкімет тарапынан өтелетін болды. Табиғи апаттан келген экономикалық шығындар есептелу үстінде. Мемлекет басшысы, тасқынға байланыста шұғыл кеңес өткізіп, халыққа келген барлық шығындардың өтелетіндігін атап өтті. 
Үкімет қамсыз отырды деуге болмайды. Тасқыннан зардап шеккен аймақтарда 11 мыңнан астам адам күндіз-түні еңбек етті. Төрт мыңнан астам техника жұмылдырылды. Қауіпті аймақтағы он алты мыңнан астам адам эвакуацияланды. Үкімет басшысының тапсырмасымен, өңірлерде қызыл судан келген шығын көлемін есептеу басталды. Еліміздің басқа аймақтарында тасқын бой бермей кетпес үшін, алдын алу шаралары белсенді жүргізілді. Сонымен қатар, еліміздегі бизнес өкілдері табиғи апат салдарынан жапа шеккен халыққа қол ұшын созып, көмек көрсетті. Жауапты ведомства мамандарының басты міндеті орын алған жағдаяттардың салдарын жою емес, келесі жолы қайталанбайтын етіп транспарентті жүйе құру болу керек.
Соңғы жылдары жер шарында кли­маттың жаппай жылыну үрдісі анық байқалуда. Климаттық баланс бұзылып, әлемнің бір нүктесінде қар түсіп аяз орнаса, келесі бір бөлігінде аномалиялық аптап ыстық болып тұр. Нәтижесінде мыңдаған жылдар бойы мұздықты таулар негізінде сақталып келген аймақтарда күрделі мәселелер туындауда. 
Жаһандық жылыну – ХХ ғасырда экологияық, климаттық мәселе ретінде қарастырылса, бүгінде саяси қауіпсіздік мәселесіне айналды. Себебі экологиялық дағдарыс қоғамның барлық саласына тікелей әсер етіп, адамзаттың ортақ үйі болған экожүйеміздегі тепе-теңдікті бұзуда. Мәселенің шығу тегі тереңде. ХVIII ғасырдан бастау алған индустриялық революция адамзат санасына табиғатқа, қоршаған ортаға тұтынушылық көзқарасты қалыптастырды. Соңғы төрт ғасыр бойы экономикалық мүддені жалпы адамзаттық экологиялық мүддеден жоғары қойып келдік. Бүгінде салдарын тұтас жер шары көріп отыр. 
Алайда, жаһандық жылынумен күресу, экожүйемізге тигізетін зардабын төмендетудің жалғыз жолы – халықаралық ұйымдар аясында мемлекеттердің бірлесе жұмыс атқаруы. Бұл тұрғыда БҰҰ аясында бірнеше маңызды жобалар іске асырылуда. Еліміз, жаһандық климаттың жылынуымен күрес аясында бірнеше маңызды саяси алаңдарда белсенділік танытып келеді. Баламалы энергия көздерін талқыға салған EXPO 2017 көрмесе, 2017-2018 жылдары Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Арал теңізі мәселесін халықаралық мінберлерден көтеруі еліміздің жаһандық дипломатиядағы белсенділігінің айғағы.
Қар суынан келетін зардаптардан жауапты ведомствалар қажетті сабақ алып, сапалы бөгеттермен қамтамасыз ете алмауда. Халықаралық тәжірибеде, әрбір мемлекеттің төтенше жағдайларға дайын­дығы нақты қалыптасқан инфрақұрылымы мен жүйесі арқылы анықталады. Егер  де су тасқындары жыл сайын қайталанса, демек мәселе табиғи апат емес, жауапсыздықтан орын алып отыр деген сөз. 
Елімізде көктем мезгілінде жиі орын алатын су тасқындарының қажетті деңгейде алдын ала алмаудың бірнеше себептері бар. 
•Біріншіден, жауапты мекемелердің қар еру маусымына тыңғылықты дайын болмауында;
•Екіншіден, гидротехникалық нысандардың мерзімді түрде жаңартылмауы. Көктемгі еріген суды қазандықтарда жинақтап, жазғы маусымда пайдаланудың бірегей жүйесі қарастырылмауында;
•Үшіншіден, соңғы отыз жылда су тасқыны жоғары аймақтарда заңсыз салынған тұрғын үйлердің, елдімекендердің көптеп болуында;
• Төртіншіден, аталған саланы ғылыми сараптамалық негізде зерделеп, қажетті ұсыныстар мен зерттеу қорытындыларын ұсынып отыратын аналитикалық зерттеу орталықтарының болмауы.
Еліміздегі гидротехникалық нысан­дардың ескіргені айқын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы жаңадан жасақталған үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткеніндей елімізде су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозған.Аталған саладағы қордаланған мәселені құрылымдық негізде шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінің де құрылғандығы сондықтан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдау­­ында «Көктемгі қарғын суды жинау және оны егіс­тікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек» деп нақты тапсырма берген болатын. 
Соңғы отыз жылда елімізде жүйелі түрде шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірден-бірі гидротехникалық базамыздың нашарлығы еді. Халқымызда «әрбір істің қайыры бар» деген наным бар. Ендігі міндет дағдарыстан сабақ алып, қайталанбауына жол бермейтін жүйе қалыптастыру. Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын нәтижесінде эвакуацияланған азаматтармен кездесуінде атап өткеніндей, бұл жағдаят халқымыздың бірлігін көрсетер, бір ел, бір халық болып әрекет ететін кез. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,
    сарапшы
(Тұран университеті)

 

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз