• Еркін ой мінбері
  • 14 Қараша, 2013

ҚАЗАҚ ҚАЛПЫ

Дихан Қамзабекұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Мылқаулар шырқаған әнұран
Құдай басқа салса қайтесіз, біреулер мына жарық дүниеге мылқау болып келеді. Қазақтың бір тұсы – «мылқау», екінші тұсы «мақау» деп жататын ғаріптерді орыстар «глухонемой» дейді. Бейшаралардың не құлағы естімейді, не сөзі жоқ.
Кеше бір телеарнаның жаңалық­тары­нан осындай ғаріп балалардың әнұран «айтып тұрғанын» көрсетті. Кәдімгі мүбарак елі­міздің – Қазақстан Республикасының гимні! Ішінде қазағы бар, орысы бар, басқа да ұл­ты бар – құрақ көрпенің үйлесіміндей қара, сары домалақтар қол қимылымен мемлекет гимнін шырқап тұрды. Сонда менің көзіме жас келді. Мақтаныш пен аяу­шылықтың жасы!


Айналайындар-ай! Адал туып, қиын­дықты арқалағандар-ай! Арман мен үмітті, сезім мен мұңды жалғағандар-ай!
Біреулер мына жалған дүниені жалпағынан басып, ұлттың, елдің, мемлекеттің не екенін сезінбей, сәт сайын ұлық ұғымдарды аяққа таптап жүр. Олардың тілі де сайрайды, құла­ғы да ашық. Бірақ, рухани «глухонемой»! Солар бар ғой, солар Қазақстанның гимнін айтпақ түгіл, менсінбейді де! Үлкен мемле­кеттік жиындарда әнұран шырқалып жат­қанда, олар сахнада «жоғарыдағылар» тұрса ғана қолын өтірік кеудесіне қояды, бірақ, гимнді айтпайды. Ал, ондайлар тұрмаса қолын жүрек тұсына апармайды, қалтасына салады...
Менің Аман атты бір қадірлі ғалым ағам бар. Сол кісінің егіз қызы дүниеге ғаріп боп келді. Бұл бір ата-ананың трагедиясы ғой. Бірақ, рухы күшті Әбекең тағдырдың қиындығына мойымады. Сол қыздарды Пе­тер­борға дейін апарып, арнаулы оқу орнында оқытты. Балаларын адам ету жолында ғалым ағамыз сол оқу орнының аула сыпырушысы да болды. Қазір егіз қарындасымыз – Қазақстанның ғана емес, әлемнің белгілі суретшілері. Адам жанына әсер етуді мұ­қият меңгерген Ватикан олардың бірер су­ретін қалап алып, таңдаулы көрмежайға қой­ғанын қайтерсіз...
Мылқау балалар әнұранды қолмен қойғандай шырқап тұрғанда Әбекеңнің егіз қызының адамдарды үйлесімділікке шақырған кенептегі, гобелендегі қилы-қилы суреттері көз алдыма келді...
Сонан соң Елебек есімді архивтің ша­ңын жұтқан таныс інішектің қайсыбір әңгі­месі санамда жаңғырды. Ол бүй деген-ді: «Ислам дінінің кереметтігін, бар нәрсені қамты­ғандығын білген сайын таң қаламын. Бұрын ойлаушы едім «Дүниеге мылқау болып келгендер қалай діннен шет қалады?» деп. Ташкент архивінен соның жауабын таптым. Ислам дүниесінде мылқауларға діннің, дүниенің сабағын үйрететін тәсіл, жол бұрыннан-ақ болыпты. Түркістан өңірінде осындай бірнеше медресе жұмыс істепті. Осыны білген соң «Ойбай-ау, бүгінгі Қазақстанның мылқаулары өмірден дінсіз өте ме?» деп қам жейтін болдым...».
Ертеректе біздің жақта мықты діндар ақса­қалдар өтті. Солар құдайы тамақтарда қасиетті Құраннан, пайғамбарымыздың Хадистерінен сөз бастайтын. Жаратқанның аясында мылқау да, соқыр да – ғаріп жандар ғой. Зағиптарға байланысты Мұхаммед (с.ғ.с.) былай депті: «Расында Алла айтады: егер құлымды қос жанарынан айырып сынасам, ал, ол оған шыдамдылық танытса, оның менен қай­­тарымы – жұмақ болады» деп» (Анас бин Мәлік жеткізген).
Ғаріптерге Жаратқанның не бұйыртары белгілі екен, ал, сол шарасыз бейбақтарды ата дініне, ана тіліне, баба салтына жа­қын­­­датпай отырғандарға Құдай нені бұйыр­тады екен?..
Шын ықыласпен Қазақстанның мелекеттік әнұранын қолмен шырқаған балақандар туралы телекөріністен соң осы сұрақ ойымнан кетпей қойды.

«Шаш кескен қыз» оқиғасы
Әне бір жылы республикалық жастар га­зеті: «Санаулы жылдардан кейін бүгінгі кіндігі ашық қыздарымызбен жылап көрі­семіз. Қазір Шығыстың мұхитқа таяу елдерінде қыздар омырауын толық ашып жүретін болды» деп жазғаны бар. Салт-дәс­­түр деген – өте қызық құбылыс. Менің бір жол­дасым айтады: «Бетіне опа-далапты баттастыра жаққан, кесілген шашын қызылға, күлгінге бояған, бұтына – шалбар, үстіне – әлем-жәлем бірдеңе киген әйелдеріміз Абай заманына көктен салбырап түсе қалса, жұрттың бәрі «шайтан», «албасты» дер еді» деп. Біз де солай ойлаймыз. Осыны бажайлай отырып, бір кез «Айтпақшы, 70-жылдардың басында ауыл қыздары шашын қиғанда не болып еді?» деген ой да басыма сап ете қалды.
Әлі есімде, біздің ауылда шашын алғаш кескен қыз – үлкен қалада дәрігердің оқуын оқыған Күлән деген қарындасымыз еді. Оны білетін себебім, ағасы менің құрдасым әрі досым-тын. Күлән – Мырзабай деген сол кезде әжептәуір шау тартып қалған кісінің қызы. Мырзекең – өте қатал адам. «Қырық жерден тыйымды» қыз түгіл, ұлға да салып жіберетіні бар. Қатал кісінің үйінде, әрине, тәртіп болады. Балалары өте жақсы оқыды. Күлән мединститутқа мектеп бітірген жылы-ақ түсті. Сол Күлән 2-курсқа іліккенде, құрбыларына еріп, шашын кеседі ғой, баяғы. Рас, өзіне де бұл қадам оңай болмаса керек. Соны түсіндіріп алғаш сіңлісі арқылы шешесіне хат жазады. Сірә, суретін де жолдаса керек.
«Сұмдық оқиғаны» қыз шешесі отағасына қа­лай айтарын білмей қиналады. Бірақ, әйтеуір ебін тауып жұқалап жеткізеді. Сонда Мырза­бай шал өте қатты ашуланды дейді. Мұны ма­ған баласы (досым) айтты. «Шашты кесу – діннен шыққанмен тең. Мен оны қалай көрем? Ел бетіне қалай қараймын? Жауап хат жазбаңдар. Әй, Сайлау (досымның аты), қалаға өзің бар да, ана қызға айт «Менен ту­ған қыз болса, елге шашымен келсін. Аттың құйрығын жалғай ма, иттің құй­рығын жалғай ма, онда жұмысым жоқ» деп...».
Әрі қарай Сайлау дос айтады: «Үлкен қалаға барсам, Күлән сабақта екен. Кешке дейін тостым. Бір кезде келді. Әкемнің сөзі өтіп кетті білем, қарындасымның түріне қарамай, көзімді басқа жаққа аударып сөйледім. Бәрін айттым да, жөніме кеттім» деп.
Бір қызығы, сол «шашын кесіпті» деген Күлән ауылға ұзақ уақыт келмеді. Кейін бір келгенде, шашы баяғыдай ұзын екенін көрдім. Әкесінен ыққаны, бәлкім оны сыйлағаны ғой... Алайда шағын ауылда «тұңғыш шаш кескен қыз» оқиғасы әңгіме болып қалып қойды.
70-жылдары ауыл қыздары жаппай шаштарын кесіп жатты. Бұл көрініске Мырзабай шал қалай қарағанын білмеймін. Дегенмен, салттан безгенді діннен шығумен салыстырған қария көп нәрседен түңіліп кетті-ау деп ойлаймын. Әйтеуір, «шүкір» дейтін жай, сол шал қазақ қыздарының тылтитып шалбар киетін дәуірін көрмей дүниеден озды.
«Үкіметтің бәрі қойшы болған»
Осылай деп бір апамыз айтыпты. Баласы қалаға кетем деп ыңылдай берген соң, ауыздан шыққан «жұбату» лепесі ғой бұл. Бірақ, ол әйел сұңғыла екен, біліп айтыпты. Кеңестік салттың бір ерекшелігі – «жұмысшы мен колхозшыны» жақсы көретін. «Жұмысшы табынан шыққан» деген бір ауыз анықтама – кез-келген азаматтың үлкен биіктерге бағытталған дүмді жолдамасы-тын.
Кәдімгі Сәбит Мұқанов айтқандай, «сап-сарыала жөргекте де «тап» деп жат­қан­­дардың» шындығы кейін ашылды ғой. Рас-өтірігін бір Алла біледі, бүгін солардың көбі – «текті тұқымнан», «асыл­дың сынығынан», «пайғамбардың үмбе­тінен». Осы туралы оқымыс бір інімнің мынан­дай айтқаны бар: «Мен энциклопедияларды оқу мен салыстырудың керемет маманымын. Үйімде қазаққа қатысты анықтамалықтардың бәрі дерлік бар. Соларды салыстырып отырып, бір шындыққа көз жеткіздім. Кеңес тұсында шыққан бұрынғы-кейінгі ірі саяси шенеуніктердің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың бәрі де – кедей тұқымынан, 80-90 пайызы алғашқы қызметін қойшы, сауыншы, қара жұмысшы болып бастаған. 60-70 пайызы жоғары оқу орнын сырттай оқып бітірген және оны мақтанышпен тайға басқан таңбадай етіп жаздыртқан. Ал, енді тәуелсіздіктен бергі энциклопедияларды қарасаңыз, таң қаласыз. Сол өмірбаян. Бірақ, «кедейлігі», былғаныштау жұмыс істегені, сырттай оқығаны көрінбейді. Керісінше «аталары текті болғаны», бір­неше университет бітіргені, шетелдік ісса­парлары (одан елге не пайда келгені жазыл­майды, әрине), ағылшын тілін білетіні, қайы­рымдылық шаралары (иманды адам қайырымдылығын бұлдамайды ғой), ел эко­­но­микасын дамыту жолындағы жобалары, ғылыми диссертация қорғағаны, кі­тап-жинақтары (көрсеткені рас болса, біз баяғыда ұшпаққа шығуымыз керек еді) тізбектеліп жазылады. Міне, бұл – біздің танымымыздың айнасы әрі бүгінгі болмыс-бітіміміз...».
Оқыған адам біледі ғой, менің бұған қосып-аларым жоқ. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы келген өледі» деп жүре береміз де, баяғы. Жарнамаға «жалған сөйлеме!» деп айта алмайтын кеңшілік заманда жұрт білгенін істейді-дағы.

Молда, атеист және «старовер»
Бұл өзі – осы күніміздің мысалы. Ағар­ғандау күніміздің әңгімесі. Маған оны Сақажан деген інім айтып берді. Мен оны «Сақа» деймін. Сақажан – мәдениет саласының қызметкері. Сондықтан, түрлі жиын, басқосуда жиі болады. Көпті көреді, көпті түйеді.
«Алдыңғы жетіде бір қызық оқиға болды, – деп бастады бір жолы әңгімесін Сақа. – Мұғалімдер даярлайтын колледжде қоғамдағы имандылық пен тәртіп туралы бір мәдени шара өткіздік. Бұл оқу орнында негізінен екі ұлттың өкілі оқитындықтан һәм сабақ екі тілде жүретін болғандықтан, қазіргі дәстүрге сай мешіттің молдасын, шіркеудің священнигін және қазақтілді ғалымдар мен орыстілді ғалымдарды қатар шақырдық. Ойымыз – әдемі диалог болсын деген дәме. Обалы не керек, ешкім «протоколдан шығатындай» сөз сөйлеген жоқ. Шара достық рәуіште өтті. Бірақ... мен есімнен кетпестей бір жағдайды байқап қалдым. Біз, жиынға нәр берушілер, дөңгелей отырмыз. Сыртымызда жай орындықтарда дөңгелене колледж студенттері жайғасты. Шақырылған қонақтар бірінен кейін бірі сөйлеп жатты. Бәрі – алақандай айқын жерде тұр.
Алғашқылардың бірі болып молдекең сөйледі. Иман мен тәртіпке қатысты қай сүре-аятта не айтылғанын таратыңқырады. Осы әңгіме айтылып жатқанда, университеттен келген философ ары-бері жыбырлап, қолын да, көзін де қоярға жер таппай отырды. Сонан соң сөзді священник алды. Ол да «Ветхий завет»-те бүй деген, «Святой Павел» былай айтқан деп, христиандық біраз еңбек тәмсілдерін баяндады. Бұл жолы философымыз біраз саябырсып отырды. Үшінші болып сөз сол «ғалымға» тиді. «Дүниені танудың, кісілік қатынастардың екі жолы бар: бірі – ғылыми, екіншісі – діни» деп бастады ұзақ сөзін бұл қасқаң. Ара-арасында «бүгінгі қоғам қызық, дін жолында фанатизмге бой алдырып, біз дәлелдеп берген өмір сүрудің айқын жолынан қашқақтайды...» деп қояды. Астапыралла, мынау өзін немесе «философиясын» Құдайға балап тұр ғой! Домбырам не дейді, философым не дейді?.. Атеист-философ сілтеп тұрған кезде еріксіз көзім молдаға түсіп кетті. Молдекем «отключаться» етіп, ұйқыны періп отыр. Сірә, кеше қаза оразасын ұстап, түнде сәресіге тұрған немесе таңғы намаздан кейін көз шырымын алмаған...
Төртінші кезекте сөз жоғары мектепте 30 жыл дәріс оқыған орыс әдебиеті маманына берілді. Апайымыздың ұлты – қазақ, тілі – орыс екен. Ал, сөйлеп кеп жібергенде... «дінін» де байқатып алды. «Қазақстан жері – рухани бай жер. Біздің жерден та­лай пайғамбарлар шыққан. Мысалы, Зара­туш­траның кіндігі біздің жерде кесілген. Ахура-Мазданың еңбегін ойласам, жүрегім елжірейді» де-е-п орысша соғып тұр апайымыз.
Мен дін тарихының керемет маманы емеспін, сондықтан орыс әдебиетінің қазақ маманын өзімше «старовер» деп бір түйіп қойдым.
Осы жиынға барарда өзімше даярланып, Шәкәрім кітабын қарағам-ды. Бабамыз бір өлеңінде былай депті:
Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, құдай жоқ, дер тұрақ...
Аллаға шүкір, қазір дініміз де, иманымыз да күшейіп келеді. Алайда діндарларымыздың қоғам мүшелеріне бейтараптау қарауы, қоғам мүшелерінің елдік-имандылық құндылық­тардан бейтарап тұруы байқалады. Мысалы, біз өткізген жиын былай қарағанда жап-жақсы секілді. Ал, ойлана қарасақ, сол жерге жиналған шәкірттердің көзімен байыптасақ, сөйлеушілер әйгілі мысалдағыдай «аққу, шортан һәм шаян» болды да шықты...».
... Бұрын аңғармаған екенмін, Сақа інімнің әңгімесінен кейін бұрынғы-соңғы басқосулардың мәніне қатысты әжептәуір ойланып қалдым.

«Слободка» мен «Жуковка»-дағы тәуелсіздік
«Астананың байырғы тұрғыны үшін осы екі атау әрі таныс, әрі қорқынышты. Ертеде не еркелеп, не қарны ашып еңіреп тұрған қаймана қазақ бүлдіршініне «жөйіт келе жатыр», «долы келе жатыр», «шодыр келе жатыр» десе, жылағанын қоя салады-мыс... Мына «Слободка» мен «Жуковка» да солай: Қара-Өткелдің байырғы тұрғындарына «шоковая терапия» болған ұқсайды. «Екеуі патшалық жүйе мен советтік жүйенің сабақ­тас­тығындай бейнелі атаулар еді» дейді көнекөз ақмолалықтар.
«Слободка» – дәстүрлі орыс қаласындағы жұмысшы-шаруалары тұратын бөліктің ныспысы. Бұл сөздің арғы тегі – «свобода» дегеннің ауызша бұрмаланған түрі. Ілгеріде солтүстік көршімізде «свободные крестьяне», «поселок свободных крестьян» тәрізді ұғымдар болған. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл «қала мәдениетіне кіре қоймаған бейімделу (адаптация) мекендері» деген мағына береді. Ақмолада да солай болған: бүгінгі бір жағын Сары-Арқа даңғылы, екінші жағын Абай көшесі, үшінші жағын бұрала аққан Есіл өзені айқындаған аумақты «Слободка» деген.
Бұрынғы жаттанды ресми тарихта, қазақ­тың үлкен жазушылары жазған қалың-қа­лың кітаптарда орыс жұмысшысы – өте қайы­рымды, қазақ десе «жүрегі елжіреген», барын тосқан жандар. Ал, шындығында солай ма? Әбден арып-ашыған, «матушка Россия»-сына да, жергілікті жерге де өкпелі пролетариаттың елжіреуге ниеті де, шамасы да жоқ. Ақмоланың «Слободка» тұрғындары да сондайлардың сойынан-тын. Бұл – бір. Екінші, осы «Слободка» батпақ пен суға белшесінен батқан да жатқан. Мұндай күй де аталған аумақтың тұрғындарын қайырымды етті деуге келмейді.
Ал, жуан жұдырық «Жуковка» ше? Бұл – бергі «целина» заманының, бір кездері құрыш Сталиннің алдында құрдай жорғалаған Хрущевтің, кейін сол құрыштың ісін де, бейнесін де аяққа таптаған Хрущевтің мұрасы. Асылы, көшені орыс ақыны В.А.Жуковскийдің құрметіне қойса керек. Алайда оны ешкім «улица поэта» деп қабылдамаған. «Жуковка!». Нүкте! Басқа ештеңе де емес. Қазір ол көше батыр Бақтораз Бейсекбайдың атымен аталады.
«Осы «Жуковка» Ақмола қазағына қалай тізе батырған?» дейсіз ғой. Ол – нағыз бұза­қылар мен ішкіштердің, бейпіл ауыздар мен сұғанақ қолдардың мекені-тін. 60-80 жылдары «Жуковка»-да түнделетіп жүру деген сөз – «ажалға бас тігу» дегенмен пара-пар еді...
Елорда Ақмолаға көшкелі бері баяу да болса көктемгі бұлалығы бар Есілдің кемері жақсылап бекітілді және абаттандырылды. «Слободка»-ның жатаған үйлері бұзылып, зәулім-зәулім тұрғын үйлер, мекемелер соғылды. Әлгі тұстан Есілдің сол жағасына Сары-Арқа даңғылы тартылып, кең көпір салынды.
«Жуковка» аймағы да біраз әрленіп қалды. Бұрын сондағы бір көше Ленин атын алғанмен асфальтсыз, селоның көше­сінен де бетер батпағы шығып жатса, қазір Абай ныспысын алған ол жол – Астананың көрікті жолдарының бірі. «Жуковка» маңайына (Ломоносов көшесі) «Егемен Қазақстан» газетінің де орныққаны дұрыс болды. Сол жердегі қараңғы қара ағаштар желегі ілгеріде нашақорлардың «саяжайы»-тын. Бүгін ол жерге тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да күн түсіп тұр.
Алдыңғы жылы бұрынғы «Слободка» аумағында, бүгінгі айы оңынан туған Сары-Арқа даңғылы бойында №56 мектеп-лицей ашылды. Мемлекеттік-елшілдік бағыттағы, кәдімгі қазақтың мектебі. Енді өздері оқу шаңырағына Шәкәрім ныспысын қалап отыр. Осы болашағы зор білім ордасы күрделі тарихы бар «Слободка»-ға Қазақстан тәуелсіздігінің толығымен орнағанын дәлелдеді. Мұндағы Сары-Арқа, Абай т.б. рәмізді атаулар «Слободка»-ның тарих қойнауына мәңгілік кеткенін айқындады.
«Жуковка»-дағы «Егемен Қазақстанды» бәзбіреулер «енді сөзсіз сол жағалауға үдере көшеді» деп сәуегейленген. Жоқ, олай болмады. Тарихи газет бұл жолы да дәстүрлі байыптылығынан танбай, қасынан 7 қабатты мекеме үйін, 9 қабатты «Егемен» атты тұрғын-үй кешенін тұрғызып, «Жуковка»-ға баянды тәуелсіздіктің туын қадады...».
Маған осы шындықты әуезе еткен Асқар есімді жігіт ағасы жеке өзінің де тәуелсіздікке қосқан титтей үлесін мақтанышпен айтты. «Менің Құдай берген екі перзентім бар. Екеуі де үйлі-баранды. Бірақ, жас отаулар. Қызым – Кенесары көшесіндегі №16 аралас мектептің мұғалімі. Сондықтан, құдалармен келісе отырып, оларға үйді тура сол байырғы «Жуковка»-ның аумағынан алып бердік. Ал, былтыр ғана үйленген ұлыма екі бөлмелі пәтерді байырғы «Слободка»-дан сайладық. Мұндағы ойым – сол жерде бір қазақ шаңырағы болсын көбейсін деген ниет. Мен тәуелсіздікке осылай үлес қостым» деді ол.

Нысанбай қарт: «Ат өзгертіп
әуре болмаңдар!»
Мен бұл ақсақалмен ойда-жоқта таныстым. Бір жағдайлармен Қостанайға жиналғам-ды. Студенттердің демалыс уақыты еді, купе-вагонға билет табыла қоймады. Содан, жол билетін плацкартқа алдым. Ішке енсем: құжынаған халық. Бұйырған орныма бардым. Төрт орынның біреуіне – жастау жігіт, екі астыңғы-астыңғы орынға – бір ақсақал бәй­бі­шесімен, ал, қапталдағы екі орынға – екі қыз баласы жайғасыпты. Негізі менің би­ле­тім – астыңғы орынның біріне болатын, қария­ларды көріп, сөзге келмей жоғары орынды мен­шіктедім.
Дәстүрлі амандасудан кейін, ақсақалым жайлап елімді, ата-тегімді, атымды, қызметім­ді, сапарымның мәнісін сұрай бастады. Сөйтіп әжептәуір таныс-біліс болып қалдық. Ашық қарттың аты – Нысанбай екен. Өзі Жезқазғанның Ағадырынан. Бағыты – Арқа­лықтағы күйеу баласы мен қызының бір тойына бару. Шау тартқанша ұжымшардың малын баққан. 3 ұлы, 4 қыз өсірген. Мына той істеп жатқан қыз – тұңғышы. Біраздан соң қарапайым жауаптасулар ел, жер, халық туралы әңгімелерге ұласты. Ақсақалымыз отбасы-ошақ қасында қалмай, тұсында қазақ баспасөзін тұрақты жаздыртып алып, сонымен білімін жетілдірген сұңғыла болып шықты. Ара-арасында «қолымда билік болса, коррупцияны былай тияр едім» деп қызық-қызық ойларын да айтып қояды. Бұл бер жағы екен, күн ұзақ жүргенімізде көрші қартымыз купенің астыңғы орнында-ақ алдына ақ сүлгісін жайып салып, реті келген намаздарын да қаза жібермеді.
Не керек, бәріміз ішімізден қазақта осындай ақсақалдар қалғанына қуанып отырдық. Мен бұрын өмір тәжірибесінен Нышанбай, Нысаналы, Нысанкүл деген аттардың тарихын ептеп білуші едім. Бұл қарттың да ныспы тарихын сұрап алайын деп, орайы келгенде «бұ қалай болған?» деп қалдым. «Иә, мен де нысаналы туған жанмын. Аяғымда бір артық саусақ бар. Білсең, Нысанбай жырау, Нысанәлі би деген кісілер өткен баяғыда. Бәрі де мен секілді нысаналы болған. Біздің қазақ Құдайына қараған халық қой. Сондықтан, артықты да, кемді де Алланың бергені деп санайды. Тіпті, нысаналы адамдарды ардақ тұтып, төрге отырғызған. Батасын алған.
Қазір бір нәрсеге қайран қаламын, меңі (қал) мен анары бар балалар нысаналы атымен аталмайды. Бұл әке-шешесінің кем­шілігі. Мәселен, жігіттің төресі болған Балуан Шолақ «шолақ» деген атына намыс­танған емес. Ақан сері «Жігіттің падишасы – Ақсақ Темір» деп әмірді мұқатып тұрған жоқ қой. Менің бір қызым Тараздың Қаратау қаласына тұрмысқа шыққан. Әлгі Қаратау мекенінің әу бастағы аты Шолақтау екен. Бір тоңмойындар сол тарихи атқа намыстанған да, өзгерте салған. Күлеміз-ау, ілгеріде Көті­бар батырдың атынан «ұялып», «Басыбар» деп атағанда мәз таптық па?.. Дұрыс, ұсақ Ивановканы, Петровканы, Полтавканы, Кировтар мен Свердловтарды, үлкен Петропавлды, Павлодарды өзгерт. Бір кездегі зорлықтан, таз кепештен құтқар. Бірақ, қазақтың әу бастағы атауына тиіспе. Мына балалар айтады, Астанадағы Ащы-Өзек деген су «Ақбұлақ» болып кетіпті. Ол Ақбұлақ болса, адам одан су ішу керек қой. «Әкем сенен су алған, анам сенен су алған» дегендей, бұл су мөлдіреп жатпай ма?..
Айтатын ақылым: жат жұрттың аты болмаса, ат өзгертіп әуре болмаңдар. Елде бұрынғы Ленинді, Марксті атасының ныспысына ауыстырып жатқандар бар. Мен оларға айтам: «Өзгертсеңдер, қазақтың Лениндей, Маркстей адамдарымен өзгер­тіңдер» деп. Бірақ, олар ойындағысын істеп жатыр. Әйтседе, бәрі де түбі тәубесіне келеді. Халық аман болып, иман артса, баршасы орнына түседі. Шалалық та, балалық та, алалық та...». Осыны айтып болғанда, ақсақалдың қалта сағаты «дың-дың» еткен дыбыс шығарды. «Қой, балалар, намаз уақыты келіп қапты» деді Нысанбай қарт.

Шүршіт жазған «Қазақ тілі» оқулығы
Қазақ тілінің бағы осыдан он тоғыз жыл бұрын толық жанатындай көрінген. Қазір ана тіліміздің тағдырына қатысты кез-келген жиынға барсаңыз, осыдан он тоғыз жыл бұрынғы әңгімені естисіз. 20-30 мамандар жиылып алып, бір-бірінің қайғысымен бөліседі, бір-біріне мұңын шағады.
Біреу сұрапты дейді: «Қазақ тілі дегеніміз не?» деп. Сонда біреу жауап беріпті: «Қазақ тілі дегеніміз – ХХ ғасырда басталған, ХХІ ғасырда жалғаса беретін киносериал» деп. Кәдімгі «сабынның көбігіндей опералар» сынды фильм! Енді жұрт қайтсін, бастаған іс жүзеге аспаса, уәделерден жалықса, солай айтады-дағы.
Мен қазақ тілінің маманы емеспін, бірақ, бір кісідей жанашырымын. Балаларымның бәрі қазақша оқыды, 6-7-ге толған немерелерімнің баршасын қазақ мектебіне бердім. Шамам келгенше кітапхана жиып келемін. Үйімде бала­ларым жиі пайдаланатын «Қазақ совет энциклопедиясы» да, «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» да бар. Қазақша бірнеше газет-журналға жазыламын. Әсіресе, «Балдырған» мен «Ұланды» тұрақты аламын. Міне, мен секілді қарапайым адам қазақ тіліне бұдан артық қалай көмектесе алады.
Қоғамдық жұмыс десеңіздер, оным да бар. Астанадағы «Тіл және мәдениет» қоғамының мүшесімін. Әрқашан түрлі жиынға қатысамын. Бірақ, шынымды айтсам, бір әңгіме қайта-қайта айтылатын жиналыстардан әлдеқашан шаршадым. Қазақ тілін депутаттық сайлау кезінде есіне алатындар, тағы басқа саясат ойындарында пайдаланғысы келетіндер бар. Солардан жиеркенемін. Айтқандай, «қазақ тілі» деп өтірік мінберлерден гүрілдеп сөйлейтін, отбасында ұл-қыздары шаш -етектен шүлдірлеген ақын-жазушылар мен ғалымдар да аз емес. Бұларды бұрынғылар «рия» деуші еді, қазіргіше «екіжүзді» дегенге келеді-ау деймін.
Ақын-жазушы мен ғалымдардың бәрін жамандай алмаймын. Олардың ішінде қаны барлар да көп. Кеше Амандық есімді бір ғалым айтады: «Қазақ тілінен неше түрлі қы­­зық пен шыжыққа батып жүрміз. Біздің тіл оқытушыларының ақкөңілділігі мен принципсіздігінде шек жоқ қой. Мысалы, біреу лауазымды шенеунікке қазақ тілінен сабақ берсе, соның «нәтижесі» екеуінің (әлгі қазақ тілін енді үйреніп жүрген шенеунік екеуінің) бірігіп жазған «Қазақ тілі» оқулығы болып шығады. Қазір оқытушылардың көбі – әйел адамдары, әйтеуір «шәкіртіне» тиіп алмағанына шүкіршілік айтасың. Ал, енді тілді қолжаулық қылған біраз ғалымдар әліпті таяқ деп білмейтін әйелдерінің атынан «Қазақ тілі» оқулығын жазатын болды. Жалпы соңғы жылдары жарияланған барлық «Қазақ тілі» оқулығын таза сарапқа салып жіберсеңіз, әжептәуір пайызын қазақ тілін білмейтіндер (тел-авторларды қоса есептегенде) жазған боп шығады. Еуропалықтар мұны «пародокс», «нонсенс» дейді. Жақында жаздағы ашық аспанда ойнаған найзағайдай секілді тағы бір «Қазақ тілі» оқулығы шықты. Мұның кеңесшісі – қазақша әрең сөйлейтін басқа ұлттың адамы. Қазақстандағы дардай ше­неунік. Авторы – сол шенеуніктің кеңес­­шісі, дәлірек айтсақ, әлгі «дардайға» қазақ тілін үйретуші. Ең қызығы бұл да емес. «Ори­­гинальный» оқулықтағы мәтіндерде сол «дардайға» қойылған сұрақтар және сол «дардайдың» күндегі жұмыс тәртібі, жиналыс жүргізуі, ресми қонақ қабылдауы т.б. көрініс тапқан...
Қарапайым ғана сұрақ туады: Бұл дардай шенеунік өзі туралы жазылған мәтіні бар оқулықтың қалай кеңесшісі болады? Мұны қай этикаға сыйдырамыз?
Енді, адамшылық сұрақ шығады: Қазақ тілін білмейтін тегі, сойы жатжұрттық қалай қазақ тілі оқулығына кеңесшілік етеді? Әрине, бәрі де түсінікті: қазақ тілі бойынша бізде принцип жоқ! Шүршіт деген – шартты ұғым. Тілімізді өзіміз осылай аяққа таптасақ, басыңызға кім болса сол отыратынын шамалай беріңіз...».
Осы шындықтан соң мен немерелеріме ана тілін оқулықтан емес, ауылдағы кез-келген қойшы-малшының жәрдемімен үйретсем бе екен деп ойладым. Расы олар көп оқытушы-ғалымыңнан артық.

Қанша қазақ ана тілінен мақұрым?
Мен бұрын санаға салмақ салмайтын санға әуестік тек балаларда ғана бола ма деп ой­лаушы едім. Мысалы, әр дәуір туғызған санамақ-тақпақтар («Бір дегенім – білек...», «Бір дегенім – білім...») балақандардың тап-таза миына бірден құйыла кетеді. Сөйтсем, үлкендер жағы да «санқұмарлықтан» шыға алмай қалатын көрінеді. Рас, егер айтылып жүрген сандар (цифр) ғылыми жүйелі, ел мен ұлтқа қызмет ететін өреде болса, кәне!
Ыңғайсыз саннан бастайық.
«Қазақтың 40 пайызы қазақша біл­мейді...».
«4 миллион қазақ ана тілінен мақұ­рым...» т.б.
Көпірме, қызылды-жасылды санды айтайық.
«Қазақстандағы қазақтың саны – 7.777.777».
«Әл-Фараби 70 ұлттың тілін білген...» (немесе «Халел мен Мұстафа 7 тілде еркін сөйлеген...») т.б. Осыны айтып, жазып жүргендер – атақ-даңқы дардай (қырғыздың «Дордой» базарының атындай), биік-биік мінберлерге оп-оңай шыға алатын адамдар. Өз қазағымыз! Арасында ғылым докторлары да бар.
Кеңес тұсында «Төңкеріске дейін қазақ­тың 2 пайызы ғана сауатты болды» деген дерек кітаптан-кітапқа, мақаладан-мақалаға көшіп жүретін. Жарайды, мұны ұлттық санадан, ақыл-естен айырылған шамада «Октябрь революциясының» жеңісін асқақтату үшін айттық делік. Ал, мына өтірік цифрлар ұлтымызға қызмет ете ме? Ғылымға бай­лан­ған ба?..
Жабайы кездің шындығын бір Алла біледі, ал, ұлт, халық, нәсіл ағарғалы бері тілді білудің қарапайым төрт жүйесі бар: 1) «сол тілде (мысалы, қазақ, орыс, ағылшын т.б.) тек сөйлей алады»; 2) «сол тілде еркін жазып, сөйлей алады»; 3) «сол тілде ептеп жазып, сөйлей алады»; 4) «сол тілде жаза да алмайды, сөйлей де алмайды». Енді, осы жүйемен Қазақстандағы жергілікті халықты (этникалық қазақтарды) сараптап жіберіңіз. Әлгі «40 пайыздың» да, «4 миллионның» да күлі көкке ұшады. Әрине, мен ғалым емеспін. Сауаты бар кәдімгі адаммын. Біз көріп отырған осы қарапайым шындықты ұлт тағдырына жауапты шенеуніктер, мамандар неге көрмейді? Осыған жатып кеп қапа болам да!
Сөз жоқ, ғалымдардың бәрі соқыр емес. Таяуда елі мен ұлтына жанашыр жап-жас, ғылыми дәрежесі дардай да емес бір азаматпен сұхбаттастым. Бұл жігіт халық демографиясын тәуелсіз зерделеп жүргендер қатарынан екен. Шетелдік бір ғылыми грантпен Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық ахуалын зерттейтін ұқсайды. Еліміздің бүкіл өңірін аралаған, барша ресми-бейресми «айлық, тоқсандық, жылдық есептерді» парақтаған. Қазақ пен басқа этностар жиі шоғырланған бірнеше қаланы, кентті, шаруашылықты, ұжымды, топты, сыныпты қатар алып салыстырыпты. Сол айтады: «Қазақстанда қазақ тілінде сөйлей де, жаза да алмайтындар – жалпы ұлттың 4,2 пайызы ғана. Қазақ тілінде тек сөйлей алатын (жаза алмайды) қазақтар – 11,6 пайыз. Біршама сөйлеп, ептеп жаза алатын қазақ – 8,5 пайыз. Қалған 75,7 пайыз қазақ тиісті мөлшерде қазақ тілінде сөйлеп, жазады. Тұтас алғанда, елдегі барша қазақтың 95,8 пайызы ана тілінен құралақан емес. Құрығанда, әлгі сөйлей де, жаза да алмайтын 4,2 пайыздың 76,3 пайызы түрлі билік орындарында отыр» деп.
Енді, жай ғана сұрақ туады: билік орындары қайта-қайта «қазақтың 40 пайызы қазақша білмейді» дей берсе, тәуелсіздіктен бергі 17 жылдағы ұлт мәселесіне қатысты өз жұмыстарына қандай баға қойғанын аңғартпай ма? «40 пайыз қазақ ана тілін білмейді» деп, жалған санмен орыс тілінің жағдайын көтеру («енді өз халқымыздың сұранымы сондай...» дегендей) қисынға келе ме екен?
Бұл сұрақтарға қоғам жақсы ойлану керек-ау! Ал, сол негізі жоқ цифрларды жалаулатып жүрген «қазақ тілінің намысы мен тағдыры» сыңайлы қайраткерлерге не айтарымызды білмейміз. Мәдени түрде «Логика қайда?» дерміз.
Қаптаған «7»-ге келсек, Құдай келістірген табиғи «жетілер» болмаса, қалғанына жеті рет күлсеңіз де, жетпіс жеті рет бас шайқа­саңыз да еркіңіз! Бұлардың бәрі – «Хабар» телеарнасының архивіне кеткен баяғы «77 күннің» таптырмас тақырыбы. Былайша айтқанда – пародия! Кімге және неге екенін өзіңіз түсіне беріңіз...

Ұлттан ажыраған философ
Жоғары оқу орнына түскен әрбір адамның ерікті-еріксіз оқитын бір пәні бар. Ол – философия. Қазір оны қазақыландырып «пәлсапа» деп те жүрміз. Шынтуайтында, атам заманнан бүгінге дейін дамудың жолын көрсеткендер, Жаратқанның құпиясын шешпек болғандар – философтар. Оған дау бар ма? Бірақ, пешенемізге жазғаны сол шығар, кеңес тұсының философтары халықтың миын су қылып тынды.
Мен – Ташкентте оқыған қазақтың бірі­мін. Мұнда да дінсіз, рухсыз философтар қаптап жүрді. Философияны орысша со­раптадық. Алайда, көне шаһардың рухани қуаты ма екен, әлде өзбектің Шығысқа бай­­лан­ған мәдениетінің әсері ме, осы пән­нің оқы­тушылары мүмкіндігінше ислам пәл­сапасына, дүниетанымына аңсары ауып тұратын. Менің кемшілігім, оқуды гума­ни­тарлық жақтан емес, техникалық жақтан ал­ғаным. Сондықтан, мұнда «жоғары немесе бірін­ші сортты» философтардың жүрмесі рас қой.
Кейін білсем, менікі жай далбаса арман екен. Қазақстанның ірі қалаларында оқыған қатарластарым, інілерім: «Жәке-ау, есімізде қалатындай әңгіме, ой айтқан философты көрмедік. Бәрі сылдыр су болатын. Бәрі жаттанды нәрсе-тін. «Маркс, Энгельс, Лениннің ана еңбегі-мына еңбегі...», «Гегель былай деген», «Фейербах солай айтқан», «Кант сүй депті». Тақұл-тұқыл сабақ осымен бітетін. Орысша, кейде қазақша сірескен, дәні жоқ «философиялық» оқулықтарға шұқшию тапсырылатын. Кітабымыз мынандай, оқытушыларымыз анандай, біз түк ой түймеген, адам және қоғам ағыстарын түсіндіре алмайтын быдың-быдың болдық та қалдық» дейді. Мұны олар арақ ішіп отырып айтпайды, сау күнінде айтады.
Бұрын «Абрамның афоризмі» деген мынандай бір әңгіме болатын: «Неғұрлым халық түсінбейтін қылып жазсаң, соғұрлым ғылыми боп шығады». Сабыр есімді азамат бүй дейді: «Қазір «қоғамымыз дінсіз, рухсыз, елірме» деп жатамыз ғой. Мен осының кілтипанын оқыған философиямыздан көремін. Мемлекет қаржысымен мемлекеттегі болашақ «жоғары білімді» адамдарды шатастырудың мұнан артық классикалық жолы жоқ шығар. Тарихымызда болмаған «тәңір діні» дегенді ойлап тапқан – осылар. «Қазақ дінге ықылассыз, оған бар діннің қадірі бірдей, ұлт жалқаулыққа бейім» деген пә­лені шығарған да – осылар. «Ұлт» пен «халық», «ел» мен «мемлекет», «этнос» пен «диаспора» ұғымдарын жербауырлатып бұрмалаған да – осы біздің философтар. Шынымды айтсам, өз басым олардың әңгі­месін тыңдап, жазғанын оқығаннан гөрі, пейілі таза, түсінігі былғанбаған қарапайым адам­ның сөзіне құлақ асқанды дұрыс және пайдалы санаймын...».
Өткенде бір жиында Берікбол ныспылы оқыған азамат бұдан да қатты айтты. «Қа­рапайым халық философтарды «ақыл­ды­лар» деп есептейді. Бәріңіз де газет оқисыз. Саясатшылардың «қазақстандық ұлт» деп асығыстау айтқан бір түйір ойын табақтай мақала етіп «дамытып жазған» да – қазақ философтары. «Ау, «тарих тәжірибесінде мы­нандай ғой» деп басу айтудың орнына, олар қарақан басы үшін кез-келген нәрсенің тонын теріс айналдырып беруге бар. Жүйесіздіктің мың атасын осылардың еңбегінен табуға болады. Реті келсе, бұлар да «сәнге айналған» ұлтшыл бола салады. Бірақ, еңбектерінде ғылыми тиянақ, адамдық адалдық деген нәрселер мүлде жоқ» деді ол.
Біздің маңда «бермесең бермей-ақ қой баспанамды, сонда да тастамаймын астанамды» деп жүрген әрі пәтерші, әрі дәрісші бір көршіміз де «философияға қам жейтіндер» қатарынан екен. Сол былай дейді: «Мен сабақ беретін білім ордасында атынан ат үр­кетін бір философ қызмет істейді. Өзі мін­берге бір шығып алса, кемі жарты сағат сөйлейді. Әлгі 30 минутта не сөйлегенін отыр­ғандардың ешқайсысы түсінбейді. Бұл философ шетелдік көп ғалым жиылған бір мәжілісте «қазақтар трайбалист» деп, дін­дарлар шақырылған дөңгелек үстелде «қазақ – материалист ұлт» деп, өз ойын халыққа танғаны бар. Тағы өзі ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы Еуропадан тәуелсіз Қазақстанға командировкаға келгендей, 4-5 шетелдік жаттанды философтың есімін аузынан тастамайды. Бірде реті келіп, «осы кісі шынында ұлттан ажыраған ба?» деп, бір­неше сұрақ қойдым. Әрине, оңашалау жерде. Шамамен мынандай сұрақтар: «Жас күніңізде тай үйретіп, атқа міндіңіз бе? Ауылдарыңыздың батагөй шалдары қандай еді? Балалық шақта қандай қазақ әндерін айтушы едіңіздер?». Сізге өтірік, маған шын, қойған сұрағыма берілген жауапты естігенде таң қалдым. Сірескен философымыз ұлттан ажырап тумаған боп шықты. Бәрін де біліп, бәрін де сайрап тұр. Содан соң ойға қалдым: «Бұл кісі неге қазақ ойына, танымына жақын емес және жанашыр емес?» деп. Бір кезде жауап тапқандай болдым. Сөз жоқ, бұл кісі – кәдімгі адамның рөлін емес, миына өзі қабылдап алған философтың рөлін ойнап жүр. Дұрысы, рөлді ойнап-ойнап, сол образға әбден кірген. Және одан шыға алмайды әрі «шығу керек» деп те санамайды. Әрине, ғылымда принцип деген – бағаланатын нәрсе. Бірақ, бұл кісіде қатып қалған принцип болған емес. Бір қызығы, осы философ әбден тозған бұрынғы танымы «тәуелсіздікке қызмет ете беретініне» өте сенімді. Сондықтан, мінберден түспейді, алқалы жиында сөз тимесе жатып кеп ашуланады. Мен осындай адамдар туралы «Ой көлеңкесі» атты бірдеңе жазып жүрмін. Бұйырса, оқырсыз...».
Сонымен, біз – кәріміз де, жасымыз да өмірден пәлсапа оқып жүрміз. Кітабымыздың түрі – әне, философымыздың түрі – міне, өмірден оқымағанда қайдан оқимыз?..

Қазанаманы анекдотқа
айналдырған кім?
Баяғыда біздің Тұрдыбай есімді мұғаліміміз «Бұзыламын деген балаға мүмкіндік көп» деген сөзді жиі айтатын. Сол айтқандай, бұзыламын деген қоғамға да мүмкіндік мол. Бір жетесіздер ойлайтын болу керек, «салт-дәстүр деген жай нәрсе, оны кез-келген кезде икемге келтіріп аламыз» деп. Олар мықтап қателеседі, салт-дәстүр ойыншық та емес, жүйесіздік те емес.
Мына солтүстік көршілерімізде қайын енеге байланысты сан мың әзіл-әңгіме бар. Соның біреуін айталық... Васяның енесі қайтыс болыпты-мыс. Байғұс күнде оның мүрдесіне ұзақ аялдап, бір нәрсені айтып жатады екен. Былайғы жұрт: «Е, қатемді кеш деп жатқан болар немесе білген дұғасын оқитын шығар» дейтін көрінеді. Оның бір құрдасы «Ол не дейді екен?» деп бейіт басына жақындаса, Вася үздіксіз: «Пусть земля будет ей пухом!» дегенді қайталайды екен. Мына жағдайға қатты тебіренген досы: «Уа, Вася, сонша егілетіндей енеңнің жақсылығы өтіп пе еді?» десе, күйеу бала еш саспастан: «Марқұмның пухқа аллергиясы бар еді...» депті.
Ал, осы әзілді қазақ күйеу баласына айта аласыз ба? Әрине, жоқ! Әлгідей оспақ­тың солтүстік қошыналарымызда жиі айтылуының себебі де бар. Оларда ша­ңырақ құрған 10 жұптың 7-еуі қыздың әке-шешесінің үйінде тұрады. Қазақта бұл әрі барғанда 100-дің 1-еуі шығар. Сондықтан, біздің ашушаң қайын аталар: «Келін – келсап!» («Кетеген болса, келін – жау!») десе, орыстың енелері күйеу бала­сына бұдан жүз есе зорын (мат-енемат!) ай­тады. Кикілжің осыдан өрби береді...
Қазақ қайын ене мен қайын жұртты тіріде де, өліде де өзеуремей сыйлайды, мақтанбай құрмет тұтады. Себебі, ол – «жігіттің бір жұр­ты». Ал, соңғы уақытта бізде осы мәсе­ле тым жүйесізденіп кетті. Тіпті, кейбір жағдайда ұят айдалада қалып, салтсыздық һәм дәстүрсіздік белең алғандай. Мұны біз торқалы той, топырақты өлімде көріп жүрміз.
ХХ ғасырда дәстүрлі көңіл айтудың жаңа түрі – қазанама (некролог) шықты. Ақпарат заманында халық мұны теріс көрмеді. Бірақ, қазанама берудің байырғы дәстүрге және кеңестік қатаңдыққа байланған жүйесі бар-ды. Мысалы, сол Ресейдің өзінде некролог кісінің өзіне, әке-шешесіне, туған бауырларына ғана беріледі. Бізде де солай-тын. Ал, енді жаңа елдікке ұмтылған мына заманда сол дәстүр тұмауратып тұр.
Қазақ газеттері азаматтың қайын енесіне, балдыз-қайындарына қазанама бере бастады. Нарық кезеңінде адам түгіл, үй жануарлары шығындалса да баспасөз арқылы көңіл айтуға шек қойылмайды, әрине. Жақында бір танысымыздың енесі қайтқанда, бел­гілі газет «анасының қайтыс болуына байланысты...» деп көңіл айтты. Мүйізі қара­ғайлардың енесі қайтса, «көңіл айт­қыштар» бір жағы ағаларын алдаусыратып, екінші жағы жеңгелеріне де жаны ашығансып, беті бүлк етпестен газетке «Пәленше Түгенбайұлы мен Анаугүл Пәлен­байқызына аналарының қайтыс болуына байланысты... көңіл айтамыз» деп некролог жариялауды салтқа айналдырып бара жатыр. Ал, осындай «көңіл айтулар» балдызға (марқұмның иманы саламат болсын!) байланысты ап-анық жазылғанда, не дерімізді білмедік...
Сонда бұл не? Сөз жоқ, бұл – мәдениет пен салттың құлдырауы. Жербауырлатып отырған кім? Әрине, ұлт қамын емес, өз қамын ойлаған пысықтар... Ал, енді елге қамқор, салтқа күзетші болуы тиіс баспасөз осы құлдырауға неге жол береді?.. Бұл сұрақ­қа қатты ойланып қаламыз.
Ташкентте менімен бірге Александр Котов деген орыс азаматы оқыды. Қазір ол РФ Омбы облысының үкіметінде (мұнда әкімдіктің дәрежесі осындай) жауапты қызмет істейді. Біз әлі бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Таяуда мен одан сұрадым: «Ау, Саша, сендерде үкімет мүшелерінің немесе қайраткерлердің тещасы, девері, золовкасы қайтса, газет арқылы көңіл айтасыңдар ма?» деп. Сонда Котов: «Что за анекдот?!» деп төтесінен қойып қалды. Ал, мен ол анекдоттың Қазақстан өмірінде оңды-солы кездесіп жатқанын айтуға ұялдым...

968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз