• Еркін ой мінбері
  • 09 Сәуір, 2014

ТАҒЫ ДА СОЛ ЖЕЛАУЫЗ ЖИРИНОВСКИЙ

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Соңғы кездері Ресей мен Қазақстан Бұ­қаралық Ақ­па­рат құралдарындағы Ресей думасының вице-спикері ЛДПР саяси пар­тиясының төрағасы Владимир Жириновский мен әлдеқандай бір жазушысымақ (шығармасын білген соң осылай айтып отырмыз – Ә.А.) Эдуард Ли­моновтың қазақтар мен Қазақстан туралы айтқан сөздері бұл күндері қазақ қоғамын қатты сілкіндіріп отыр. Жарайды, Лимоновты аузы жеңіл, сөзі мен ісі арасында тұрақтылық жоқ, ұшарын жел біліп, қонарын сай біліп жүрген жазушы сымақ дейік-ақ, ал, енді, Ресей сияқты алып мемлекеттің думасының депутаты Владимир Жириновский жайында не айтуға болады?

Ол кейбір дуалы ауыздардың айтуынша қоғам қайраткері, мемлекет жанашыры сияқты көрінеді. Біз осы бір сөздерге сенер едік-ау, өкініштісі, ол мырзаның Қазақстан, тіпті, Украина туралы айтып, жазған сөздерін оқып біле отырып, оған қоса естігенде жоғарыдағы айтылған сөздердің бірде-біреуіне сеңгің келмейді. Өйткені, ол сендіре алмайды. Сендіре алмайтыны, оның кезінде «Қазақтарда жазу болмаған, олардың дамыған тілі де жоқ» деген ешқандай да ғылымға, тарихи негізге иек артпаған сөзін естіп, білгенде жағамызды ұстаған едік. Енді, оның 20-шы ақпан күнгі «Отан қорғаушылар күніне» арналған шеруде: «...Город «Верный» – мой любимый город, который переименовали в черт знает что – Алмату, должен быть центром Среднеазиатского Федерального округа, в который войдут Казахстан, Узбекистан, Киргизия и т.д., Украину – в девятый федеральный округ с центром Харьков...» – деген сөзін естіп, шынында да, егер де, Ресейдің мемлекеттік думасында осындай адамдар отырып, олар жоғарыдағыдай жауапсыз сөздерді айтатын болса, онда Ресейдің болашағы да солар секілді жауапкершіліксіздіктің көрінісі болып қалмайды ма деп те ойланасың.

Жалпы, Владимир Жириновский өзінің іс-әрекеті мен әрбір сөйлеген сөзіне жауап бер­мейтін желбастық пен желауыздыққа әуес басбұзар саясаткер ретінде танылып, ел­бұзарлық негізде күн кешіп жүргенін көргенде еріксіз таңқаласың. Бұл мақаланы Ре­сей мемлекеттік думасының әр оты­ры­сы­ның шырқын өзінің айқай-шуы, бас бұзар іс-әрекеті, даукеспе іліп-қақпаларымен бұзып отыратын Владимир Жириновский­дің кезекті бір сандырағы деп жазбай-ақ қоюға болар еді. Оның үс­ті­не «Ит үреді, керуен көшедіге» сайдыра салсақ, еш­те­ңе­міз де кет­пей­тін. Бірақ, соның бәріне қарамай біз азамат, әрі журналист ретінде олай ете алмадық. Олай етпейтін де едік. Оның се­бе­бі, оның жоғарыдағы айтып, жазған пікір-тұжырымдарымен бірге, жақында мәскеулік әріптес достарымыздың қо­лы­мыз­ға ти­гіз­ген В.Жириновскийдің «Последний бросок на Юг» кітабы. Бұл «еңбек» немқұрайлы қарауды, сондай-ақ, үн­де­мей қа­лу­ды кө­тер­мей­ді. Аталған жинақ алғаш рет 1993 жылы ақ­пан айында жа­рық көріп, екінші басылымды бастан кешіріп отыр. Яғни, бұл атал­ған кітапқа, кітаптағы  идея мен идео­ло­гия­лық ой-тұ­жы­рым­ға, автор ұсынған бағыт-бағдарға ресейде қы­зы­ғу­шы­лар көп деген сөз. Оның үстіне Владимир вольфович кө­те­ріп отырған саяси-қоғамдық мәселеге жинақтың аң­дат­па­сын­да «книга сразу стала политическим бест­селлером и в то же время политической клас­сикой» деп баға беріледі. Оған ал­­ғы­­сөз жазған бел­гі­лі профессор, тарих ғылымының док­торы В.Алек­­сан­­дров «В ней Жириновский выступает не только как политик-провидец, но и как крупный ученый-геополитик» деп владимир вольфовичке көпшік қоя келе, «..но жириновский остается тем ученым-политиком, который дал мощный толчок исследо­ваниям в сфере геополитики в нашей стране, да и за ее пределами» десе, онда шын ма­ғы­на­сын­да да Жи­­ри­­нов­­ский­­дің атал­ған еңбегіндегі Ресейге ұсы­ны­лып отыр­ған бағ­дар­ла­ма­лық-ба­ғыт­тық ұстанымына еш­қа­шан да, еш­уа­қыт­та да нем­құ­рай­лы қа­рау­ға болмайды екен. сосын, кез келген кітап, әсіресе, ол сая­си мән-мағынасы бар жи­нақ болмаса екі рет қайта басылымға ие бола бермейтіні бесенеден белгілі жай. Бұл тұрғыдан келгенде В.Жи­ри­нов­ский­дің аталған кітабы ре­сей­лік кейбір отарлау саясатынан әлі де арыла қоймаған сая­сат­кер­лер­дің ойынан шы­­ғып отырғандығын ерекше тілге тиек етуге тиіспіз.

Өйткені, Алланың өзі «сақтансаң сақ­таймын» дейді. Оның үс­ті­не өзін патриот са­найтын кез келген азаматтың іргеміздегі Қы­тай­дан бастап, Ресейге дейінгі аралықтағы саяси-аймақтық мә­се­ле­лер­де айрықша сергектік танытуы, оның отаншылдық-жершілдік, мем­лекетшілдік-ұлтшылдық сезімі мен намысын қай­рап отыратыны тағы да анық. Бұны айтып отырған себе­бі­міз, аталған кітапта Жи­ри­новский мырза өзінің отарлаушы ба­ғыт-бағдарды ұстанған мысық тілеу шовинист іс-әрекетін насихаттайтын үндеу-ұранында: «...Рос­сии терять нечего. Это ее последний рубеж. Она должна преодолеть его – или погибнуть. Как когда-то наши солдаты под Сталинградом говорили: велика россия, а отступать некуда – позади Волга. И сегодня я говорю вам, русские: «Велика Россия, но мы должны спуститься вниз, на Юг, к Индийскому океану, иначе мы не спасем наше отечество, нашу Россию», – дейді. Әрине, бұл ниет-құлық, түзу, айналасына көз алартпайтын, отар­лау­шы­лық саясаттан ада сөз болса, оны құптап, қуаттауға болар еді. Өкі­нішке орай, олай емес. Оның астарында оңтүстік ба­ғыт-бағдардағы ел-жұртты, ай­мақ-ауылдарды баса-көктей өтіп, яғни, оларды отарына айналдыра келе орыс солдаты «смоет свои сапоги в Индийском океане» деген идея ниетті алға тарту. жириновский мырза осы бір ең­бе­гі­нің болашақта ұлт­тық құн­ды­лық­қа айналып, өзі алға тартып отырған идея мен идео­ло­гия­ның болашақта орындалатынына көзі жететіндігі сон­ша­лық­ты, ол «Меня поймут и по-настояшему оценят мои предвидения лет через 20-30, в общем то в XXI веке, также, как и прогнозы Бисмарка о необходимости для Германии избежать войны с Россией оценили гораздо поз­же, чем он их высказал» дейді. Өздеріңіз білсеңіздер, құрметті оқыр­ман, мұн­дай асқақтық пен астамдық бір кезде фашизмнің негізін қа­лау­шы гитлерге ғана тән қасиет емес пе еді. Бұдан шы­ға­тын қо­ры­тын­ды, Жириновскийдің бұл кітабы болашақ орыс ұр­па­ғы­на қал­ды­рар бірден-бір жоспарлы еңбегі екендігі. Ал, бізге келсек, осыдан кейін ЛДПР-дің төрағасы, философия ғы­лы­мы­ның док­торы, құқыққорғау және қорғаныс, қауіпсіздік ака­де­мия­сы­ның академигі, профессор, Әлеуметтік ғылымдар ака­де­мия­сы­ның академигі, Ресей Федерациясына еңбегі сіңген заң­гер владимир Воль­фо­вич­тің аталған еңбегіне немқұрайлы қа­рау­ға құ­қы­ғы­мыз да, азаматтық көзқарасымыз да жол бермеуі керек.
Жириновский мырза аталған кітабында өркениеттің қа­шан­да Оңтүстіктен басталғанын тілге тиек ете келе, оның, яғни, оң­түстік­тің Ресейдің саяси-қоғамдық өмірі мен геосаяси тыныс-тіршілігінде ерекше орын алуы керектігін баса көрсетеді. Сөй­­те­­ді де, автор ол туралы «Ведь, когда другие партии ведут речь о том, чтобы отрезать Казахстан, Киргизию, Среднюю Азию, они не понимают, что мы задвигаем Россию в тундру, где могут быть только минеральные ресурсы, где человек не может жить и развиваться» дей келіп, өз партиясының ресейдегі басқа пар­тия­лар­ға қарағандағы шовинистік ниет-құл­қын анық білдіреді. Аталған кітаптың қауіп-қатерлігі де сонда. Әри­не, бұ­ған қа­рап біздің бүкіл ресейліктердің, тіпті саяси қай­рат­кер­лер­дің ой-тұ­жы­рым­да­ры сондай деп қабылдауға ешқандай да негіз-ниетіміз жоқ. Бірақ, ойланып-толғануға құқымыз бар...
Бір қызығы, Владимир Вольфович кей-кейде аталған кітабында өзінің жоспарлы ниет-құлқына, тілге тиек етіп отырған аргументтері мен логикасына қарама-қайшы пікір айтады. Олай болмаса ол «...разве не так же страшны политические стихии, искусственно создаваемые определенными политичес­кими силами, которые хотят само­выразиться таким образом? радикалы, левые и правые, хотят коренным обра­зом что-то изменить забывая, что человеческому природу нельзя резко изменить. поэтому любые радикальные элементы, любые экстремисты наносят огромный вред человечеству» дей келіп, «Гитлер был экстремистом, Бонопарт – экстремистом, даже Петр 1 в чем-то был экстремист» демес еді ғой. сонда Оң­түс­тік­ке ең соңғы жо­рық­ты бастауды жоспарлап, оған ба­ғыт-бағдар беріп отырған өзі кім?! владимир вольфович осы туралы бір сәт ойланып көр­ді ме екен? Әрине, ойланған емес, ойланбайды да. Әйтпеген жағ­дай­да, бұл ел арасын арандатудан ту­ған экстремистік пиғыл-ниет екендігінде еш дау болмаса керек. Аталған кітабының өн бойында өзі сол бағыт-бағдардағы жоспарды ұсына отырып, оның сон­ша­лық­ты өзгеге айып тағып, оларды аты-жөндерін айтып айдарлай көрсететінін қайтерсің.
Жалпы, Владимир Вольфовичтің көңіл көзінің ауқымы кең де, қиялы ұшқыр. Егер, олай болмаса о мырза «Казахстан, киргизия автоматически включаются в состав России, а таджикистан и восточный Узбекистан – можно судьбу этих народов решить позже. На Западный Узбекистан, Кара­калпакия тянутся к россии, и Турк­мения – все это в состав России. Эти границы должны быть прочные, неиз­менные» демеген болар еді. Міне, осы бір пиғыл-ниеттің өзінен-ақ жиринов­ский мырза сияқты азуын айға білеген кейбір орыс саясаткерлерінің көз­де­ген мақсат-мұ­рат­та­рын сезінуге болмай ма. Ол енді бірде өз ота­ны­ның 22 миллион шаршы шақырымды алып жат­қа­нын тіл­­ге тиек ете келе, сол аймақты қамтамасыз ететін тұр­ғы­лық­ты жұрт­шы­лық­тың негізгі көпшілігін Оңтүстікке карай ығыс­ты­ру­ды ұсы­на­ды. Онын ішінде: «...южные регионы россии, бывший казахстан, талды-Курган, Верный, фрунзе, душанбе и дальше в сторону индийского океана» бар. Міне, осы жер­лер­дің бәрін игерген кезде, оның айтуынша «русский язык авто­матически станет господствующим» болады екен. Осы бір жолдарды оқы­ған­да менің «Өз туған жер, өсіп-өнген елін­де бағы ашыл­ма­ған Ті­­лімай­ла­ған» жан дауысым көңілімді қау­зап, кө­кі­ре­гі­ме өксік үйір­ді. Жөн-жосығы жоқ мұндай ұлы арман, кең кө­лем­де­гі мақ­сат-мұ­­рат жириновский секілділердің басына тегін ұя­лап, тіліне бекерге оралмайды ғой. Орыс тілінің қан­ша­лық­ты қа­нат жайып, қа­­зақ тілінің қалтарыста қалып, кілең екінші сортты тіл ретінде ай­на­лым­ға түспей келе жатқаны да сол «господствующий» тіл­дің ық­па­лы­нан емес пе? Жо­ға­ры­да­ғы­дай мы­сық ті­леу­ді оқып отырып таң қалмасқа ешқандай да ама­лың жоқ. Енді бірде, ол өзін мы­сал­ға келтіру арқылы бүкіл орыс хал­қы­на тө­мен­де­гі­дей ой айтады: «Вот я, например, жил по всей стране. А если бы я жил в одном только городе, в Алма-ате, я больше с экономил бы. У меня был бы садик там, была бы уже квартира, знакомые. А я всю страну перебороздил, а сколько мне прихо­дилось начинать с нуля, сколько потра­тить сил, энергии, средств. Поэтому если бы мы оставались на своих местах и действовали локально, в пространстве, которое нас окружает, которое нам близко, у нас были бы лучшие условия жизни. И к этому стремятся все народы. поэтому идея «последнего броска на Юг» – благородна, она несет с собой т­­олько положительное».
Жириновскийдің айтып, жазуынша бүкіл Оңтүстікті ал­ған­нан кейін олар, яғни, орыстар ондағы бүкіл халыққа тең жағ­дай жасап, оларды ұшпаққа шығарады-мыс. Ал, әрбір тұрғын өзі­­нің қай ұлтқа жататынын анықтайтын құқыққа ие болатын кө­­рі­­не­­ді. Соған қарамай ол: «Но в паспортах не будет графы «нацио­нальность», в анкетах не будет этой графы», – дей ке­ліп, өзі­нің екі жүзді пиғылын анық танытып алады. Бай­қай­сыз­дар ма, осынау идея біздің Қазақстандағы кейбір «қа­зақ­стан­дық ұлт» деген идеяны алға тартушылардың көксеген мақ­сат-мұраттарымен астасып жатқан жоқ па? Енді, бірде ол «Итак, гражданское общество. Итак, планетар­ное мышление» дейді. Не деген қыздырма қызыл сөз. Айтпақшы, мұн­дай тұ­жы­рым-түйінді Олжас Сү­лей­ме­нов­тың әртүрлі, әр са­ла­да­ғы пі­кір-ой, жазбаларынан да кездестірген екенбіз ғой. Бұл өмір­лік-қо­ғам­дық, ұлттық-мемлекеттік негізден ада утопист-нигилист ин­тел­ли­ген­ция­ға тән ниет-құ­лық­тың көрінісі емес пе? солай. Әйт­пе­се, ғаламдық сана-сезім, ой-жүйе (планетарное мы­шление) жалпы көпшілік ұлтқа не халыққа тән қа­сиет емес, ол жеке тұлғаларға ғана лайықты қадір-қасиеттегі құн­ды­лық. Мұн­­дай елден ерекше бітім тек қана генилерде ғана болады. сонымен айтарымыз, жоғарыдағы тұ­жы­рым-пікірлерді айт­қан Жи­ри­нов­ский­дің Қазақстанда да әріптестері әрі мұ­рат­тас­та­ры бар екен. Сонымен бірге, ол өзі­нің үлкен ұлт өкі­лі екен­ді­гін жан-жақты дәлелдей келіп, «Юг надо освободить от этой заразы – национализма, шовинизма малой нации по отношению к соседней большой» дейді. Бұл аз ұлт­тар­ды жұ­тып қоя­­тын жайын құлықты орыс шовинизмін алға тартатын дугин на­си­ха­тын­да­ғы Еуразия идеясының ұш­қы­ны емес пе? сосын, ав­тор­дың ойынша аз ұлттарда намыс, өзін-өзі құр­мет­тей­тін қа­дір-қасиет болмай, үлкен де көп ұлт­тар­дың құ­лақ кесті құлы бо­лу­ға тиіс секілді. Ол оны айтып, ойлап қана қой­май­ды, батыл іс-әре­кет­тер арқылы орыс жұртшылығын өзі тіл­ге тиек еткен бағыт-бағдарламаны орындауға шақырады. Мұн­­да отар­лау­шы­­лық озбыр ойдың салқыны жатқан жоқ па? Әри­­не, солай. Міне, көр­ді­ңіз­дер ме, тәуелсіздік алып, егемен ел атан­­­ған­­да­­ғы біз­дің елі­міз­ге еніп жатқан отаршылдық бағыт-бағ­­дар­­да­­ғы идея мен идео­ло­гия­лар­дың бір-бірімен тығыз байланыста екендіктері осыдан-ақ байқалмай ма? Ал, біз болсақ алды-ар­ты­мыз­ға қа­ра­май қиял-ғажайып, нигилистік-космополиттік «қа­зақ­стан­дық ұлт», «жалпы азаматтық құндылық», «ға­­лам­­дық ой-жүйе, сана-сезім» секілді ұлттық қадір-қасиетті ке­ті­ріп, ұлттық мемле­ке­ті­міз­ге нұқ­сан келтіретін идеялар мен идеологияларға толы ой-жү­йе­ле­рі­міз, тұрмыс-салттарымыздай насихаттаймыз. Оны айтасыз, о мырза со кітабында: «...Россия поднимется, обога­титься, создаст мощную армию на юге россии, в районе города верного (ныне Алма-Ата). Южные границы россии будут пролегать здесь. Вот это скопле­ние, присутст­вие русских войск будет давить на среднеазиатский регион», – дейді. Осы бір жолдарды оқып отырып менің есіме еріксіз америка әс­ке­ри ба­за­сы­ның Қырғызстандағы «Манас» аэродромына орналасуы мен алып қашты әңгіме ретінде айтылып, кейін сиыр­құ­йым­шақ­та­нып кеткен, енді АҚШ әскери базасы Қа­зақ­стан­да да болады екен деген қауесет түседі. Бұл да со жириновский сан­ды­ра­ғы­ның салқыны ма деп те қаласың.
Құрметті оқырман, біз Владимир Вольфович Жиринов­ский­дің «Последный бросок на Юг» атты жинағын тілге тиек ете отырып айтарымыз, қандай да бір саяси-қоғамдық өмірдегі етек алған  жайларға мейлінше сақтықпен қарағанымыз жөн және оны кім көрінгеннің айтқаны ғой, «соған да назар аударамыз ба?» деген немқұрайлылықтан барынша арылуға тиіспіз. Егер, Жи­ри­нов­ский­дің «Последный бросок на Юг» кітабы екі қайтара жа­рық көріп, бүкіл Ресейді қосып, ТМД елдеріндегі азаматтардан қызығушылық қолдауын тауып жатса, онда осы бір желбас деу­ге келерлік мемлекеттік дума депутатының жазғандарына барынша жауапкершілікпен қараған жөн екен. Қазақ «ойыннан от шығады» немесе «жындының айтқаны емес, сандырағы келеді» дейді. Осы бір қанатты қағиданың астарында азғантайда болса ақи­қат барлығына еш шүбәланбауымыз керек. Мәселеге осы тұр­­ғы­­дан келгенде «Последный бросок на Юг» кітабы – әлем­де­гі ең қатерлі де қауіпті кітап. Аталған жинақты оқып отырып ме­нің есіме Гитлердің «Майн кампф» кітабы еріксіз түсті. Оны да кезінде ешкім елеп-ескермей, оның Германия жастарына тигізер ыкпалының қаншалықты екенін талғап-таразылаған жан болмаған. Міне, соның салдарынан өмірге фашизм келген еді. Сон­дық­тан да, біз кез келген саяси-қоғамдық рөл ат­қа­ру­ға негізделген идея мен идеологияны насихаттайтын «последный бросок на Юг» сияқты кітаптарға немқұрайлы қа­ра­ма­уы­мыз керек. Оны зерттеп-зерделеп, мүмкіндігінше оның үлкен гео­сая­сат­та­ғы орнын айқындап, зиянды жақтарын әшкерелеп оты­ру­ға тиіспіз.

 

361 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз