• Еркін ой мінбері
  • 11 Қыркүйек, 2014

ШӘКЕН АЙМАНОВ ӘЛЕМІ

Гүлзат КӨБЕК,
кинотанушы, Өнертану PhD 
докторы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері

Тарихтың міндеті – таңдаулыларды жазу. Уақыт – ұлылардың ғана есімін келешектің жадында қалдырады. Ұлы қадамға тек жүрегі үлкен, рухы биік тұлғалар барады. Олардың істерін сол дәуірдің тынысынан бөліп қарау мүмкін емес. Олар мына өмірге қандай да бір үлкен мақсаттың жүгі мен жауапкершілігін көтеріп келеді. Жазмыш әр дәуірдің өз ұлыларының міндетін айқындап береді. Жаратылыс кез - келген тұлғаның «Ұлы» болып тумайтындығын дәлелдеген. Бұл заңдылық бізге қазақ кино өнеріндегі Шәкен Аймановтай ұлы есімнің көтерген жүгінің маңызын көрсетті. Қазақ киносын Ш.Аймановсыз елестету мүмкін емес. Оның рухани әлемі әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ. Ол өз дәуіріндегі кино өнерінің тынысын аша білді. Ұлылықтың табиғатына тән Ш.Айманов кино өнерінің іргелі міндеттерін ғана көріп, жүзеге асыра білген. Шығармашылық жолында әр режиссер осы қырымен ерекшеленеді. 


Ұсақтық ұлылыққа тән мінез емес екендігі сөзсіз. Ш.Аймановтың ұлылық болмысы бүгінгі таңда аңызға айналған. Уақыт оның осы қасиетін айқындады. Дерек көздерінде режиссердің бұл ерекшелігін дәлелдейтін мысалдар көп. О.Сүлейменов «Кең пейілді, жарқын тұлға» атты мақаласында: 
– «Қандай да бір себеппен өз тағдырын киномен байланыстырған біздің көпші­лігіміз, жастар мынаны айтады: ол менің ұстазым бола білді. Ол бізге тек кәсібилік тұрғысынан ғана емес, көңілдің кеңдігіне, жан-тәнімен беріле білуге баулыды. Ол іс барысында ұстанымыңа барынша берік, сонымен қатар шығармашылық пікірталасты жеке қарым-қатынастың қақтығысына ұластырмауға үйретті...Ол кез-келген шығармашылық барысында көрсеткен ашуды кешіре білетін, алайда кекшіл, ұсақшыл адамдарға төзбейтін. Кеңдік, оның талантты болмысына тән жан-жақтылық тек өнерде ғана емес, өмірдегі әрбір әрекеттерінен аңғарылатын. Ол бізді мынаған үйретті: адамға адамшылдық берілген, шығармашылық қабілет бос нәрсеге жұм­сау үшін берілмеген. Ірі және ауқымды түрде өмір сүріп, жұмыс істей білу керек» дейтін. Келесі деректе автор Л.Каирбекова «Шәкен Аймановтың ашық жүрегі» атты мақаласында:  «Табиғатынан сарқылмас қуат иесі Шәкен Айманов көңілі кең, айқара, ашық өмір сүрді. Ол ең басты – адами қарым-қатынасты бағалай білді... Ол адамдарды жақсы көрудің құнсыз талант иесі еді...Себебі, осы Шәкен Аймановтай адамдардың арқасында ең қымбат нәрсе – адамдардың өзара түсінісуі, онан қалды көзқарастар тұтастығы, дүниені сезіну үйлесімі туады» дейді. Бұл пікірлер бізге мынандай тұжырым жасауға негіз болады. Өнердегі Ш.Аймановтай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығының сөзсіз жетістігінің құпиясы – жаратылыстағы рух тазалығына жан-тәнімен құмартуы, адамшылдықтың негізін алға тартуы болып саналады. Ұлыларды ұқсас ететін де осы қасиет.
Шығармашылықта қасаң қағида­лардың шарттылықтарының шеңбе­рінен шыға алмау үлкен дүние тудыра алмайды. Ғұмыры ғасырларға жалғасатын туындыларды дүниетанымы кең, жаны еркіндікке ғана құмар шығармашылық тұлғалар жасайды. Бұл да бір Ш.Аймановқа тән ерекшелік. «Егер, Шәкенді еске алсақ, онда «еркіндік» деген ұғымды қатар айтуға тиіспіз. Ол әрдайым да және бәріне еркін болатын: сахнада да және өмірде де. Бірақ, бұл бос еркіндік емес, ол жоғары азаматтық рухпен қабысқан, сондай ақ оның әрбір әрекетінде толыққанды білінетін» – деп, нақтылайды Е.Тұрсынов «Адамдық борыш» атты мақаласында. Келесі «Үзілген әуен» атты деректе Қ.Бадыров:  «Жалпы Айманов үшін үйреншікті қағидалар, қасаң шеңбер немесе сартап қалып деген болмайтын. Ол әрдайым да өзінің кейіпкерлерінің мінезіне өз тарапынан бір өзгеріс енгізетін. Іс кейде ермек етуге дейін жететін» десе,«Суреткер бақыты» деген мақала авторы К.Айнағұлова: «Онда артистік пен нәзіктік қа­тар қабысып жүретін. Даңқ Шәкен Аймановтың өмірлік серігіндей болып, онымен біте қайнасып кететіндей еді» деп тұжырым жасайды. Бұл аталған қасиеттер бізге Ш.Аймановтың өнердің табиғатына тән ерекшеліктерімен өзара үйлесімде өмір сүргендігінің үлгісін айқындайды. 
Уақыт бізге Ш.Аймановтың ұлттық кино өнеріндегі көшбасшылық қабілетінің қауқарын дәлелдеді. Атқарған еңбектерін қай тұрғыдан алып қарасақ та оның көтерген жүгінің салмағы аңғарылады. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапкершілік. Оның қазақ кино өнеріндегі орны мен адамзаттық бейнесі жөнінде Г.Аксельрод «Шыңға бастар жол» атты мақаласында бейнелі түрде: «Уақыт бейне бір мүсінші тәрізді, ақ мәрмәрға біздің жадымыздан барлық ұсақ, қоқысты ысырып тастап, тек қана адамның бойын­дағы ең басты құндылықты қашап қал­дыратындай. Сонда өмірге құштар ұлының, керемет суреткердің, жаны таза және жарқын да үлкен талант иесінің бейнесі тұра қалады» деп қортындылайды. Бұл уақыт атты шебер мүсіншінің жадымыз бен жүрегімізде қалдырған  – Ұлы Шәкен Айма­новтың бейнесі еді. 
Ш.Аймановтың дүниетанымы назар аударарлықтай. Оның фильмдеріндегі айтар ойлары мен кейіпкерлерінің таным-түсінігін қазақтың болмысынан бөліп қарау мүмкін емес. Шығармашылықтағы ізденіс жолында өз ішкі әлемі арқылы тұтас ұлттың дүниетанымы мен мінезін ашқандай. Ұлттық киноның алғашқы көшін бастаудың жауапкершілігімен қатар, ол Кеңес дәуірінің идеологиялық саяси талабы өнерге де өз өктемін жүргізіп тұрған заманда қазақтың болмысынан рухы ажырамаған фильм­дер түсіре алды. «Шәкен Аймановтың республика өмірінің рухани дамуына қосқан теңдессіз үлесі болашақ театр және кино тарихшыларының әлі де назарын аударатын болады» – деп, В. Любимов өзінің 1984 жылы жариялаған «Ол өз фильмдерінде өмір сүруін жалғастырады» атты мақаласында айтып кеткен болатын. Шындығында да Ш. Аймановтың фильмдері әлі күнге дейін кино зерттеушілердің ғана емес, көрермендердің де назарынан тысқары қалған жоқ.
Саналы ғұмырының мағынасын театр мен кино өнерінен бөліп қарамаған Ш.Аймановтың әрбір шығармашылық туындысы өз ұлттық болмысын тануға бағытталған. Кино режиссері ретінде жанр­лық фильмдердің өз уақытындағы үз­дік үлгілерін жасай алды. «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» комедиялық фильмдерінің бағындырған жетістігіне бүгінгі күні де осы жанрдағы түсіріліп жатқан туындылар теңесе алған жоқ. Ол әдемі юмордың табиғатын аша білді. Д.Өмірбаевтің «Шәкен – қашан да Шәкен» атты тақырыпта даярлаған мақаласында Ю.Померанцев:  «...қазір қазақ фильмдерінің осындай өміршең болған бірде-біреуі жоқтығы өзегіңді өртейді. Бұл фильмді көгілдір экраннан қанша рет көрсең де қызыға қарайсың. Әрине, басқа фильмдер секілді ол да ескірді. Кейбір беру тәсілдері, сах­налық көріністердің қазіргі уақытпен салыстырғанда балаң болып көрінуі ерік­сіз күлкі шақыратын да шығар. Бірақ та, бұл картинаның ең бір басты қасиеті онда қандай бір уақытқа да бағынбас достық атмосферасы, мейірімділік пен қуаныш ұшқыны бар» деп, «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне өз көзқарасын білдірген. Бұл 1986 жылы жарияланған деректе бір ғана фильмге берілген тұжырым болса да, бұл Ш.Аймановтың барлық фильмдеріндегі негізгі ерекшеліктің нақты анықтамасын береді. Ақиқаты сол, оның фильмдерінің ішкі атмосферасынан аңғарылатын басты қасиеті – рух тазалығы.
Ш.Аймановтың фильмдеріндегі авторлық көзқарасы, шығармашылық ұстанымы бір-ақ қағиданың аясына саяды. Адамзатты адамгершілік қасиетке, ұлтты өзара тану мен үйлесім табатын үндеуге негіздеді. Оның бір ғана «Атамекен» фильмінің философиялық астары табиғатын түсінген көрерменге көп жәйттің басын ашады. Ал, «Алдар көсе» фильмі әлеуметтік теңсіздікті өзгеше қырынан  тануға мүмкіндік береді. Соңғы финалдағы өзінің орындауындағы монолог өз ұлтына айтып кеткен аманатындай. Бұл ойымызды «Суреткер бақыты» атты мақаласында К.Айнағұлова: «Айманов өзінің көптен бергі арманын жүзеге асырды: халық даналығы өмірге әкелген Алдар-Көсе образын жасады. Талантты актер бұл образға бүкіл болмысымен енуімен есте қалды. Осы картина бізге Аймановтың өмірге деген көзқарасын, өзіне ғана тән даралығын айқын байқа­тады. Біздер оның творчестволық өмір­баянынан, атқарған қоғамдық қызметінен суреткерлік, азаматтық пози­циясын және туған мәдениетінің тағды­рына зор жауап­кершілік сезімімен қарағанын көреміз» деп, нақтылай түседі.
Ш. Аймановтың өнердегі жолын зерделеген жан оның жан-жақтылығын аңғарады. Театр актері ретінде шығармашылық жолын бастаған ол кино өнеріне бетбұрыс жасауының өзіндік себептерін К.Айна­ғұло­ваның «Халықтың ұлы» атты мақаладағы маз­мұнында: «Менің театрдан киноға келуім, – деп баяндайды, – менің туған өлкемде болып жатқан және болған қайта жаңғыруларды мүмкіндігінше ауқымды да тереңірек көрсетуге деген құштарлығым болды. Бірақ, театр кино сияқты көрермендерді тұтастай қамти алмайды. Пьеса бір-ақ театрда жүреді. Әрі кетсе бірнеше. Ал, фильмді мыңдаған көрермен қарайды». Кино өнерінің артықшылықтарын ерте аңғарып, түсінген Ш.Айманов бұл бағытта өзінің шығармашылық барлық мүмкіндіктерін қолдана білді. Соңғы нүктесін детективті жанрдағы «Атаманның ақыры» атты сәтті туындысымен қорытындылады. Бұл фильм жөнінде Қ.Сиранов «Жарқын, әрі ғажайып талант» атты мақаласында: «Бұл ақырғы жұмысы көрнекті режиссердің әрбір еңбегінде жаңа бір асуды бағындырып отырғандығының айқын дәлелі. Шәкен Аймановтың шығар­машылығы арқылы ұлттық кине­матографияның қауқарын пайым­дауға болады» деген көзқарасын алға тартады. Театрдан бөлек кино өнеріндегі Ш.Аймановтың сомдаған рөлдерінің бірегейі Жамбылдың бейнесі оның актерлік шеберлігінің деңгейін айқындап берді. К.Смаилов «Кең талант иесі» атты мақаласында мынандай сілтеме жасайды. «Правда» басылымында С.Бондарчук: «Жамбыл» картинасында Жамбылдың рөлін ойнаған Шәкен Айманов әртістердің арасында өзінің шеберлігімен және нанымды ойынымен ерекшеленеді. Оның өнері нағыз мәнерлілік деңгейіне жеткен. Келбеті, қолы, сөйлеу мәнері мен әрекетінің нанымдылығы сонша, тұтас картина бойына көрермен актер – орындаушыны ұмытып кетеді, және олардың алдында тірі Жамбылдың бейнесі тұрғандай әсер береді» деп жазды. Ш.Айманов Жамбылдай халықтың данышпан ақынының бейнесін қазақ экранына лайықты деңгейінде алып шықты. «Оның көп жоспарлары болатын және ең бастысы – «Абайды» түсіру еді. Ол, тіпті, маған: «О, жуырда «Абайды» бастаймыз, міне сонда сен тер төгетін боласың» дейтін. Осы мақсатының орындалмағаны, қатал кездейсоқтық оқи­ғаның біздің ортамыздан осындай шеберді алып кеткендігі неткен өкініш» – деп, еске алады Л.Енисееваның «Шебер болу артықшылығы» атты мақалада айт­қан естелігінде Н.Ықтымбаев. Алайда, Ш.Аймановтың казақтың дара данышпаны Абайдың бейнесін экранға шығару арманы бүгінгі күні де өз дәрежесінде жүзеге аспағандығы ақиқат. Бәлкім, келешекте Абайдай ұлы да, данышпан ақынның бейнесі мен өмірін қазақ экранында ашып, қамту үшін Ш. Аймановтай біртуар ұлы режиссердің таланты мен қауқары қажет шығар?!
О.Сүлейменов өз мақаласында шығар­машылық тұлға ұғымы мен Ш. Аймановтың болмысына: «Режиссер кәсібі – өнердегі ең күрделісі. Режиссер сөзді – ақындай,  музыканы – композиторша, бейнені – суретшідей сезінуі, философша ойлай білуі қажет. Осы аталған барлық қасиеттер бір ғана адами тұлғаның бойында үйлесіммен бірігуі керек. Егер де осы бірлікке қол жеткізсе, біз өз ісінің нағыз үлкен шеберін көре аламыз. Шәкен өнердегі барлық әріптестерінің мойындауымен өзінің ғұмырында осындай кемелдікке талпынды. Және оның тек режиссерге ғана тән емес, кез - келген суреткерге лайық басты қасиеті болды. Ол – ірі де, жарқын тұлға бола алды. Ол – адал да, кішіпейіл еді» деп мінездеме береді. О. Сүлейменов айқындап берген бұл қағида әрбір суреткердің шығармашылықтағы негізгі ұстанымына айналуы тиіс. Сонда ғана Ш.Аймановтай өнер деген ұғымды өз өмірінің үйлесіміне түсіре алатын ұлы күшке иелік ете алады.
Уақыт – ең әділ төреші. Өмір сынақ­тары – замананың үлкен жүгін көтере білгендерді сұрыптауынан өткізеді. Ақиқат бәрін өз үйлесіміне түсіреді. Адамзаттың игілігі жолындағы мақсатына адал бол­ған тұлғалардың есімі жүрек төрінен орын алады. Жүректен шыққан сөздер оның бейнесін тарихтың беттеріне қалдырады. Ш. Аймановтың адами қа­сиет­тері, шығармашылығы арқылы жасап кеткен құндылықтары, үлгі болар істері мен айтқан өсиеті жөніндегі деректер жеткілікті. А.Әшімов: «Жылдар өтті, бірақ бүгінгі күні де, қаншама уақыттан кейін де мен мынаны айта аламын: иә, ол сах­наның «патшасы», оның толық билеуші иесі және өкім етушісі, асқан таланттың иесі, құпиялы тәсілдердің қайта жаңғыртушысы бола білді. Өзімнің ұстазымды бүгінгі күні еске ала отырып мынаны нақтылаймын: ол ауқымды түрде өмір сүріп, келешегі зор тарихтың нысанына айналған үлкен дүниелер тудыра алуымен қатар ешқашан қателескен емес. Мен Аймановты оның шығармашылығынан үнемі аңғарылатындай ақын, табиғатынан философ, қарапайым, кішіпейіл және әрдайым да адамдармен қарым-қатынаста қызықты бола білді деп айтар едім. Жарқын, қайталанбайтын тұлға Шәкен Айманов біздің жол көрсеткіш жұлдызымыздай болды. Жастар Шәкен Кенжетайұлына қарай құмартып тұратын және өзі де оларға осындай сеніммен қарай білді. Айманов біз үшін профессор, өз ісінің академигі болумен қатар, ол ешқашан өзінің беделі арқылы үстемдік етіп, жеке пікірін зорлап таңбайтын» дейді. «Адал да, үлкен талант» атты мақалада айтқан өз естелігінде. Ш.Аймановтың болмысының мінездемесін беретін деректер өз уақытында-ақ кеңінен жарияланып, бағаланған. Келесі дерек көзінде Ю.Померанцев өз естелігін: «Өнер саласында талай жыл қатары­нан еңбек етіп келе жатқан менің бір білерім – нағыз суреткер үшін даңғыл жолдың өте қауіпті екендігі. Біз міндетті түрде қиналуымыз, қателесуіміз, құлауы­мыз керек. Мамыражай өмір бізге жарас­пайды. Менің ойымша, Аймановтың салмақты болып көрінуі сырт көзге ғана. Ол өзін-өзі жинақы ұстайтын. Неге десеңіз, өзінің атақты екенін, басқалардың үлгі тұтатынын біле тұра, ол қиналыс-толғаныстарын тереңге жасыра білді. Ол өте ержүрек адам еді. Тіпті, кейде оны да сынайтын, ұрысатын. Бірақ та, ол қашан да Шәкен қалпында қала білді» деп жалғастырады.
Ш. Айманов туралы жарияланған деректер бізге оның болмысының мінездемесін айқындауға мүмкіндік береді. Театр мен кино өнерінің – көшбасшысы, әріптестеріне – үлгі, ізбасарларына – қамқоршы, достыққа – адал, дүниетанымы – кең, тұлға ретінде – ірі, Ұлылығы – жүректе. Үлкен өнердің табиғатына рух тазалығымен жан бітірген Ш.Аймановтың есімі міне, осынысымен тарих беттерінде мәңгілікке қалды.

 

467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз