• Еркін ой мінбері
  • 06 Наурыз, 2012

ҰЛЫ АБАЙДЫ ТАҒЫ БІР ОҚЫП ҚАРА

Қыдыралы ҚОЙТАЙ, «Ақиқат» журналы Бас редакторының орынбасары. Қазақ деген аз халықтың тарихына үңілер болсақ тіршілікте тартпаған тауқыметі, көрмеген азабы жоқ екен. Шыңғысханның   жорығы,   жоңғар шапқыншылығы, 32-нің аштығы, 37-нің зұлматы, қырқыншы жылдардың қырғыны   —   осы   бір   қанқұйлы нәубеттердің   қайсысы   болса   да халықтың басына қасірет әкелгенімен оның рухын жоя алмады. Сөйтіп жүріп 300 жыл бойы Ресейдің құрсауында болған бодандығынан  босап, тәуелсіздігімізді   жарияладық. Қазір біз тәуелсіздігімізді нағыз жігіттік шақта дегеніміз кәрі тарих бойынша   аяғын   тәй-тәй   басқан   сәби секілдіміз. Әйтсе    де жас сабидің өсіп, ер жетуі қандай қиын болса, үш ғасырға жуық  бодандықтың  қамытын  киіп, біреудің теперішін корген елдің аяғын қаз-қаз басып, тұрып  кетуі одан да  қиын секілді. Себебі ол бұған дейін жетім баладай  жалтақ болып  өсті. Өздігінен еш нәрсе істей алған жоқ, үнемі өгей әкеден нұсқау күтті. Жетпіс жылдан    аса «коммунизм елесінің» соңынан еріпг санасын коммунистік «ұлы мұраттар»  улаған халықта қандай   іскерлік болсын.   Мұның  бәрі ұлттық     рухымызды,     халықтық қасиетімізді жоя алмады дегенімізбен тіліміз бен дінімізді, ұлттық намысымызды жоғалтып ала жаздаппыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында кеш те болса есімізді жиып, етегімізді жабатын, халықтық қалпымызды, ата салтымызды табатын, бірлігімізді нығайтатын уақыт туыпты. Ол үшін жетпіс жыл бойы бойымызды жайлаған, қанға сіңген жағымсыз қасиеттерден арылуымыз тиіс. «Ауруын жасырған өледі» дейді халық даналығы. Олай болса бойымызды жайлаған бойкүйездікті, қанға сіңген дертіміздің атын атап, түсін түстеп онымен ашық күресуіміз қажет. Ол дерт, меніңше, мансапқорлық, маскүнемдік, жалқаулық, екіжүзділік, жершілдік... Осылайша тізіліп кете береді екен. Бұл дерттің санамыздан берік орын алғаны соншалық, біреудің қызметінің өсетінін білсек алдын ала арыз жазып өсірмеудің жолын қарастырдық, арақтың ащы уытына тойып алып, «патриот» болып кеуде соқтық, соншама иен байлықтың үстінде отырып өзге біреуге алақан жайдық, қызметке «биографиясына» қарап емес «географиясына» қарап алатын болдық. Бүл ретте Ұлы Абайдың: «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ шариғатқа - харам, шаруаға - залал, ақылға - теріс» деген ұлағатты сөзі көкейге оралады. Ұлы Абайға жүгінсек өзімізді-өзіміз көзге шұқу емес, кеселіміздің одан әрі дендеп кетпеуі үшін, өзімізді-өзіміз емдеу үшін вйиамыз.  Бір ғасырдан астам бұрын айтылған бұл пікірдің әлі күнге маңызы жойылған жоқ. Бұдан біршама жыл бұрын университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезімізде дипломдық жұмысымызға байланысты республикалық басылымдардың қырық жылдық тігіндісін парақтағанымыз бар. Сонда сарғайған беттерден нені оқыдың, нені көрдің дейсіз ғой. Айтуға ауыз бармайды. Сол кездегі қазақ зиялыларының бірін бірі көрсеткен, бірін бірі «халық жауы» санаған мақалаларын кездестірдік. Әдетте сол кездің ылаңына Сталинді, Берияны кінәлап жатамыз. Кінәлі екені рас. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ сол «көсемдер»: «Пәленбай деген ауылда түгенбай деген мұғалім, немесе малшы халық жауы, соны ұстаңдар», — деп нақты нұсқау бермеген шығар. Көрсетуші де, жала жабушы да, тіпті куәлікке жүруші де өзіміз. Соңғы кездердегі деректерге көз жіберсек «халық жауларының» саны жағынан бұрынғы одақтас республикаларға қарағанда көш ілгері алда екенбіз. Оны айтасыз, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Лениндік сыйлыққа қазақ жазушысы І. Есенберлинмеи бірге грузин жазушысы Нодар Думбадзе қатар ұсынылыпты. Сонда бүкіл грузин бір Думбадзені қолпаштап үсті-үстіне жеделхаттар жіберіп жатқанда, қазекем құлаш-құлаш арыздарын боратқан. Оны азсынсаңыз Орталық Комитеттің идеологиялық хатшысының «жаптым жала, жақтым күйе» хаты да ентігін баса алмай ол да жеткен. Нәтижесі — Думбадзенің Лениндік сыйлығын бүкіл грузин тойлап жатқанда, тарихымыздың бір бөлшегі болып табылатын қасиетті «Алмас қылыш», «Қаһар», «Жанталас» сияқты шығармаларды «қоламтаға» орап көміп тастадық. Рас болса, күні кеше ғана қазекем тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ғарышкерлер отрядына қабылданар кезінде де бірнеше домалақ арызды домалатып жіберсе керек. Кешегі халық қадірлеп, бірін «Хан тәңіріне», екіншісін «Вальс короліне» теңеган Мұқағали мен Шәмші көзі тірісінде өздерінің лайықты бағаларын алды ма? Осы ретте Абайдың: «Осы біздің  қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісінің жамандаудан аманы жоқ» деген аталы сөзі ойға оралады. Айта берсек мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Абай айтады: «Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататүғын норсе екен» деп. Дұрыс сөз. Заман ағымына қарай кешегі қымызын ішіп, қызын айттырып жүрген қазекемнің  ұлттық санасын арақтың ащы уыты жаулап алды. Кезінде орыс пен қазақтың арасында көпір болған арақ енді қазақ пен қазақтың арасында дәнекер болды. Менің пайымдауымша қазақ арақты басында ішейін деп ішпеген сияқты. Біреудің денсаулығы үшін, көппен бірге көру үшін алған секілді. Мысал керек пе? Үйіңізге қонақ келе ме, дастарханға наннан бұрын арақ қоясыз. Қоясыз да қонағыңыздың денсаулығы үшін алып қоясыз... Немесе ауылға барыңыз. Ауылда шаруа адамның бірде-бір жұмысы бір жартылықсыз жүрмейтін секілді. Трактор керек пе - бір бөтелке арақ, шөп шабу керек пе - бір бөтелке, қыш құю қажет пе - бір бөтелке. Оны айтасыз қызыңыз тұрмысқа шығып кетті ме, ертесіне өлі тірісімен бірге бір жәшік арақтың есіктің алдында тұрғанын көресіз. Әкелмесе, құдаңыздың әкелген азын-аулақ тиын-тебені де, қойы да бес тиынға да татымайды. Тағы да Абай айтады: «... Үй басына күйсіреп, бас-басына бисіреп, бірте-бірте өлімсіреп, тірлігі тозып, бірлігі азып, ер езден бетер боп, езі түбіне жетер боп, ел бола алмай еңіреп, етегі жасқа толғанда...» деп. Абай халқын сүйеді. Сол үшін отқа да, суға да түседі. Ол мұның бәрін қауіп қылғаннан айтып отыр. Сондықтан әрбір сөзін шегелеп, өз халқын жерден алып, жерге салды. Онысы «дос жылатып айтады» дегендей, қазақты жұрт санатына енсін, ел қатарына қосылсын деп қынжыла қайрайды. Сондықтан да ол: «Мен егер қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - дейді. Міне, көрдіңізбе, бұдан бір ғасырдан астам бұрын Абай туған халқының мінез-құлқының түзелетініне сенген ғой. Өйткені заман ағымына ораи мінез-құлық, ұлттық таным, тағылым да өзгереді. Сондықтан да өміріміздегі өзгерістерді жақсылыққа жорып, ертеңге үлкен үмітпен қарайық. Біз бүгін Абайға жүгініп жамандығымызды жасырмай айтсақ, халқымызды жек көргенімізден емес, дертімізге дауа болсын деген ниетпен айтып отырмыз. Сонымен Абайды тағы да бір оқып қара. Абай алыста ауылда жатқан қазақтың ақыл-ойын әлем төріне шығарды. Олай дейтініміз, еліміз күні кеше тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтті. Елбасымыздың атынына дүние жүзі елдерінің басшыларынан. зиялы қауым өкілдерінен жүздеген, мыңдаған жедел хаттар келіп жатты.   Бұл  біз үшін үлкен құрмет. Осы ретте маған осы қазақ тағдырын Абайға табыстап, өздері ұйықтап жатқан секілді болады да тұрады. Бұл не, сонда? Тағдырдың құбылысы ма, құдайдың сыйы ма? Жасыратыны жоқ біз қоғамның ыңғайына қарап сөйлейміз, қоғаммен бірге өсеміз, өркендейміз дейміз. Ал Абайдың будан 100 жылдан астам бұрын айтқаны қай уақытта, қандай жағдайда, қанша уақыт өткізіп айтсаң да жүйкеңе нұр құйып, зердеңе мұң ұялатыны несі екен? Жоқ, әлде адамзаттың пайғамбарының миында сол кездері алдағы ғасырлардың төңкерісі болып жатты ма екен. Мүмкін сондықтан да болар «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дегенінде бір шындық бар сияқты. Абайды қазаққа өз қара басының несібесін ұмыттырып, бұл өмірдің ағы мен қарасын анықтайтын өлшем, асқар ойдың шырағы етіп құдай жіберген шығар, әйтпесе ұлыларға кенде емес, бірақ Абайдай ұлы болып өмір сүру ешкімнің маңдайына жазылмаған секілді.

539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз