• Еркін ой мінбері
  • 18 Желтоқсан, 2014

ЖАСАНДЫ ТҮРДЕ, ҚОЛДАН ЖАСАЛЫНЫП ОТЫРҒАН МӘЛІМЕТ МЕМЛЕКЕТТІ АЛДАУ, КӨЗБОЯУШЫЛЫҚнемесе Ауыл шаруашылығында мемлекеттік бақылау өз деңгейінде болуға тиіс

Мемлекетіміздің егемендік алғанына жиырма үш жылдың жүзі болып барады. Енді, етек–жеңімізді түріп, есімізді жинап, болып жатқан оң өзгерістерге өң беріп, жақсысын асырып, жаманын жасырып, саннан гөрі сапаға көңіл бөлетін, аз да болса, саз болатын өнім өндіруге, бел шешіп кірісетін уақыт жетті деп ойлаймын.
Мен бұл салаға елу жылдан астам уа­қыт қызмет жасап келемін.

Мем­лекет­тік бақылау саласында да аз қызмет жасамадым, тәжірибем жеткілікті. Сон­дықтан да, осы саланы да қалай жақ­сартуға болады деген мәселенің төңі­регінде, көпшілік қауымға ой тастап, ке­лелі ойларыммен бөлісіп, қайтсек ауыл шаруашылығының өнімін көбі­рек өндіріп, сапасын арттыруға болады деген мақсатта, қолыма қалам алып, ойларымды өрнектеп, дәлелдеп, осы саланы басқарып отырған басшы­лардың назарын аудара алсам, онда аздаған еңбектің зая кетпегені деп ұғар едім. Мәселен, кейінгі кездері, кіші кәсіпкерлікті дамыту, оны аяғынан қою мақсатында, оларды жиі тексеріп мазаларын алмау үшін, бірнеше рет маротория жарияланып, бақылау, қада­­ғалау жұмыстарының санына шектеу болды. Маротория, әрине, өте құптарлық жағдай, шын мәнінде, біздердің бақылаушылар, «шаш ал, десең бас алып» кәсіпкерлердің тұ­рақты, тиянақты жұмыс істеулеріне, көп кедергілер жасады. Бұл ащы да болса, шындық. Біздерде кейінгі кездері, заңды бұрмалаушылық, жемқорлыққа жол бе­ру­шілік аяқ алып, кеңінен қанатын жайып, қалыпты жағдайға айналып кетті, яғни, үлкен қатерге әкелді. Алайда, осы жолмен кете берсек, онда біріншіден өнімнің саны азаяды, екіншіден сапасы күрт төмендейді. Қазірдің өзінде, біздер көп нәрсені жоғалттық, саннан да, сападан да. 
Енді, не істеу керек? Біздерде сала­лық түрлі заңдар қабылданған, өте сапалы, нақ­тылап жазылған баптары да жеткілікті. Жетіс­пейтіні, сол баптардың тала­бының іс жүзінде орындалмай жат­қандығы. Осы саланың төңірегіндегі фактілерге жүгінер болсақ: «Тұқым шаруашылығы туралы», «Асыл тұ­қымды мал шаруа­шылығы туралы» осыдан он жылдар бұрын қабылданған жақсы заңдар бар. Өкінішке орай, осы заңдар өз дәрежесінде іске асырылмай жатыр, орындалуы өте нашар. Егерде, осы бағытпен кете берсек, осы күндерге дейін қол жеткізген көрсеткіштерімізден айырылып қала­ты­нымыз, бәсенеден белгілі. Қазірдің өзінде, егіннің өнімі жыл­дан жылға төмендеу де, сол сияқты мал өнімдері де күрт төмендеген. Ал, статистикалық мәліметтерге талдау жа­сап көрсеңіз, керісінше, жылдан жылға аздаған пайызбен ілгері жылжу көрсетіліп отырады, бұл жасанды түрде, қолдан жасалынып отырған мәлімет екендігін екінің бірі біледі. Бұл мемлекетті алдау, оның ар жағында халықты өтірік ақпармен арбау, ақымақ ету, нағыз көз бояушылық. Бұрынғы Одақтың кезінде, мұндай іс–әрекеттер үшін, партиядан шығарылып, қызметтен босатылушы еді, қазіргі кезде мұндай «батырлар», «белсенділер», керісінше ма­дақталып, жылдан жылға қызметке көтерілуде. Мұндай келеңсіз жағдай, тө­менгі сатыдағы, әкімсымақтардан бастап, жоғарғы сатыдағы мемлекет қызметкерлеріне дейін жетті. Дәл осы қарқынмен кете берсек, бір күні омақаса жарға жығыларымыз хақ.
Егерде, заңда көрсетілген мемлекеттік бақылаулар тұрақты жүргізіліп отырмаса, онда егіншілікте сапалы тұқым дайындалмайды, сапасыз тұқымнан сапасы сын көтермейтін төменгі өнім өндіріледі, тауары жарамсыз, экспортқа шығармақ түгілі, өзімізде пайдалануға жарамсыз болады. Мал шаруашылығында да, осыған ұқсас жағдайларға тап боламыз. Асыл тұқымды мал өсіру, болмаса сапалы тұқым өндіру тек қана тұрақты, жос­парлы түрде мемлекеттік бақылауды жүргізудің есебінен ғана іске асырылады. Бақылау осалдаған жерден тиісті нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ол өмірде бұрыннан дәлелденіп қойылған, аксиома. Мәселен,  асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау тәуекелдер дәрежесін бағалау кри­терийлері (өлшемдері), «Асыл тұ­қымды мал шаруашылығы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заң­дарына сәйкес әзірленген. Осы кри­терийлерде келесі ұғымдар қолда­нылады:
1. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы тәуекел – асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субьек­тілердің қызметі нәтижесінде мал­дардың тектік қорына немесе бағалы тұқымның жоғалуына келетін зиянның ықтималдығы, мұнда оның салдарының ауыртпалдығы есепке алынады;
2. Мемлекеттік бақылау субъектілері – облыстың  (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) уәкілетті органы­мен аттестатталған асыл тұқымды мал шаруашылығындағы жеке және заңды тұлғалар, шаруашылық жүргізуші субъек­тілер.
3. Мемлекеттік бақылау субьектілерін тәуекел дәрежелеріне жатқызу алғашқы бөлу кезінде – обьективті, кейінгі бөлу кезінде – субьективті өлшемдер негізінде жүзеге асырылады.
Алғашқы бөлу кезінде мемлекеттік бақылау субьектілері 3 түрлі тәуекел дәрежесіне  бөлінеді:
– жоғарғы тәуекел дәрежесіне – асыл тұқымды мал зауыттары мен асыл тұқымды шаруашылықтар жатқызылды;
– орташа тәуекел дәрежесіне – асылдандыру орталықтары және дистрибьютерлік орталықтар жатқызылды;
– төменгі тәуекел дәрежесіне – табы­нның өсімін молайту бойынша қыз­меттер көрсе­тетін жеке және заңды тұлғалар жатқы­зылды.
Мемлекеттік бақылау субьектілерін кейіннен бөлу бар кемшіліктерді ескере отырып, келесі балдарды бере отырып жүзеге асырылады:
1. Асыл тұқымды мал зауыттары мен асыл тұқымды шаруашылықтар үшін :
– асыл тұқымды зауыттар мен шаруа­шылықтар мамандарының қатысуы­мен ғылыми ұйымдар ғалымдары әзірлеген мал­­дармен селекциялық–асыл тұқымдық жұ­мыстар жүргізу жоспарының жоқтығы – 5 балл;
– малдардың өнімділігінің сандық көрсеткіштерінің малдардың тиісті тұ­қым­­­дары мен түрлеріне арналған стан­дарттардың талаптарына сәйкес келмеуі – 5 балл;
– малдардың өнімділігінің сапалық көрсеткіштерінің малдардың тиісті тұқым­дары мен түрлеріне арналған стан­дарт­тардың талаптарына сәйкес келмеуі – 5 балл;
– асыл тұқымды малдарды толыққанды және теңгерімді азықтандырмау – 5 балл; 
– асыл тұқымды малды күтіп–бағу­мен, өсірумен, пайдаланумен және азық­тан­­дырумен байланысты тиісті зооги­гиеналық талаптардың сақталмауы – 5 балл;
– асыл тұқымды малдың шығу тегін, өнімділігін және сапасын растайтын бел­гі­ленген нысандар бойынша есептің 5 жыл ішінде тиісінше жүргізілмеуі – 5 балл;
– малдарды өзінің өнімділігі және ұрпа­ғының сапасы бойынша (асыл тұ­қымды зауыттар үшін) мақсатқа сай баға­лаудың жоқтығы – 5 балл;
– асыл тұқымды малдардың сапасын бағалаудың мерзімі мен кезеңділігінің сақ­талмауы – 5 балл;
– жыл сайын сатылатын асыл тұқымды мал төлінің міндетті сертификаттаудан өткізілмеуі – 5 балл; 
– малдарды өзінің өнімділігі және ұрпағының сапасы бойынша (асыл тұқым­ды зауыттар үшін) бағалау жөніндегі бақылау–сынау аулалары мен пунктерінің жоқтығы немесе жұмыс істемеуі – 5 балл;
– асыл тұқымды төлді бағытталған өсірудің жоқтығы (асыл тұқымды зауыттар үшін) – 5 балл;
– бірдейлендіру рәсімінен өтпеген мал­дар­дың болуы – 5 балл;
– малдарда ветеринарлық паспорттың болмауы – 5 балл;
– шаруашылық мұқтаждықтарға арнал­ған аумақтарды, мал шаруашылығы үй–жайларын, сондай–ақ, басқа да құрылыс­тарды зоогигиеналық талаптарға сай кел­мей­­тін жағдайда ұстау – 5 балл;
– тиісті білімі бар (зоотехниялық немесе ветеринарлық) мамандардың жоқтығы – 5 балл;
– ауданның бас ветеринарлық инспекторы берген, жануарлардың жұқпалы аурулардан саулығы туралы ветеринарлық–сани­тарлық қорытындының жоқтығы – 5 балл; 
2) Асыл тұқымды орталықтар үшін:
– өсірі­летін тұқымдар бойынша асыл тұ­қымды зауыттың селекциялық–асыл тұқым­дық жоспарының мақсаттары мен міндет­теріне сәйкес келетін жұмыс жоспа­рының жоқтығы – 5 балл;
– сәйкес келмейтін материалды–техни­калық база (типтік өндірістік үй–жай­лар кешені) – 5 балл;
– тұқымдық малдардың ұрығын төмен температурада мұздатуға және сақтауға ар­нал­ған арнайы зертхананың жоқтығы – 5 балл;
– ветеринарлық объектілердің жоқтығы – 5 балл;
– зертханалық және криогенді жабдық­тың жоқтығы – 5 балл;
– өсірілетін тұқымдардың өнімділігі жоғары асыл тұқымды тұқымдық мал–жақсартушыларының қажетті санының жоқтығы – 5 балл;
– өзінің өнімділігі мен ұрпағының сапасы бойынша тұқымдық малдардың асыл тұқымдық құндылығын айқындау бойынша жұмыстардың жүргізілмеуі – 5 балл;
– жыл сайын сатылатын асыл тұқымды өнімнің (материалдың) міндетті сертификаттаудан өткізілмеуі – 5 балл; 
– асыл тұқымды малдарды зоогигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін жағдайда кү­тіп–бағу, пайдалану және азықтандыру – 5 балл;
– асыл тұқымды малдарға бірдейлендіру жүргіз­беу – 5 балл;
– асыл тұқымды малдарға ветеринарлық пас­порттар рәсімдемеу – 5 балл;
– асыл тұқымды аталық малдарды толыққанды емес деңгейде азықтандыру – 5 балл;
– ұрықтар мен эмбриондарды алудың, жинаудың, сақтаудың есебін тиісті емес дең­гейде жүргізу – 5 балл;
– асыл тұқымды материалды асыл тұқымдық куәлік бермей сату – 5 балл;
– тиісті білімі бар (зоотехниялық немесе вете­ринарлық) мамандардың жоқтығы – 5 балл;
– жануарлардың жұқпалы аурулардан саулығы туралы ветеринарлық–санитарлық қоры­тындының жоқтығы – 5 балл; 
3) Дистрибьютерлік орталықтар үшін:
– асыл тұқымды зауыттар мен шаруашы­лықтардың селекциялық–асыл тұқым­дық жұмыстар жоспарына сәйкес келе­тін жұмыс жоспарының жоқтығы – 3 балл;
– сәйкес келмейтін материалды–техни­калық база (стационарлы био­қоймасы бар өндірістік үй–жай) – 3 балл;
– зертханалық жабдықтың жоқтығы – 3 балл;
– криогенді жабдықтың жоқтығы – 3 балл;
– ұрпағының сапасы бойынша баға­лаудан өтпеген аталық малдардың ұрығын сатып алу және сақтау – 3 балл;
– асыл тұқымдық куәлік бермей ұрықтар мен эм­бриондар сату – 3 балл;
– аталық малдар ұрығы мен эмбрион­дардың түсуі мен сақталуының есебін тиі­сін­ше жүргізбеу – 3 балл;
– аталық малдар ұрығы мен эмбрион­дардың сатылуының есебін тиісінше жүргіз­беу – 3 балл; 
– тиісті саладағы білікті мамандардың жоқтығы – 3 балл;
– жануарлардың жұқпалы аурулардан саулығы туралы ветеринарлық–санитарлық қорытындының жоқтығы – 3 балл; 
4) Малдардың өсімін молайту бойынша қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар үшін:
– тиісті білімі бар мамандардың жоқтығы (заңды тұлғалар үшін) – 3 балл;
– малдардың өсімін молайту бойынша қызмет көрсететін жеке және заңды тұлға мәртебесі берілгені туралы аттестаттың жоқ­тығы – 3 балл;
– зертханалық үй–жайдың жоқтығы – 3 балл;
– бақылау–өлшеу құралдарының жоқты­ғы – 3 балл;
– аспаптардың жоқтығы – 3 балл;
– технологиялық жабдықтың жоқтығы – 3 балл;
– тиісті білімінің жоқтығы (жеке тұлғалар үшін) – 3 балл;
– ұрықтар мен эмбриондарға асыл тұ­қым­дық куәліктің жоқтығы – 3 балл.
4. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде есептелген балдардың сомасына байланысты мемлекеттік бақылау субъектілері төмендегідей болып бөлінеді:
– жоғары тәуекел дәрежесі – 20 және одан да жоғары балл;
– орташа тәуекел дәрежесі – 11 ден 20–ға дейін; 
– төменгі тәуекел дәрежесі – 10–нан көп емес;
5. Бір тәуекел деңгейіндегі субьекті­лерді тексеруді жоспарлаудың басымды­ғын ай­қын­дау үшін:
– жинақталған балдардың ең жоғары сомасы;
– бұрынғы тексеру барысында анық­талған кемшіліктерді жою нәтижесі (нұс­қа­­маны орындауы);
– соңғы тексеру күні негіз болып табылады.
Тұқым шаруашылығы саласындағы мем­ле­кеттiк бақылауды тұқым шаруа­шы­лығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар жүзеге асырады және ол Қазақстан Респуб­ликасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының, тұқым шаруашы­лығы саласындағы ұлттық стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағыттал­ған.
Тұқым шаруашылығы саласын­дағы мемлекеттiк бақылау:
1) сорттық және тұқымдық бақы­лау­ды;
2) аттестатталған тұқым шаруашы­лы­ғы субъектiлерiнiң қызметiн олардың уәкі­леттік орган белгiлеген бiлiктiлiк та­лап­тарына сәйкестiгi нысанында бақы­лау;
3) ауыл шаруашылығы өсiмдiкте­рiнiң сорт­тарын мемлекеттiк сынауды бақылау.
Тұқымдарды өндіру, дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу, тасымалдау және пайдалану жөніндегі іс–шаралардың жүзеге асырылуын мынадай:
– тұқым себу;
– ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң вегетациясы;
– жинау;
– тұқым құю;
– тұқым сақтау;
– өткiзу (тұқымдардың өткiзуге дайын­­­­далған және өткiзiлген пар­тияла­рын, оның iшiнде экспорт және импорт кезiнде, олардың сапасының растаушы құжаттарға сәй­кес­тi­гi­не тексеру) кезеңдерiнде тұқым шаруашылығы ережелерi мен нормаларын сақтау нысанында бақыл.
Белгiленген тәртiппен аттестатталған тұқым өндiрушiлердiң тұқым өндiруiн бақылау, ол мынадай кезеңдердi қам­тиды:
– тұқым себуге дайындалған егiс­тiктердi тексеру – тұқым себудiң алдында жылына бiр рет;
– вегетация кезеңiнде сорттық егiстердi тексеру – жылына үш рет;
– сорттық және гибридтiк егiстердi бай­қау және егiстiк зерттеудi бақылау – байқау кезеңiнде бiр рет;
– тұқымдарды жинау (жинап алу), тасымалдау, өңдеу (тазарту) және сақтауды, тұқым қоймаларының дайындығын ба­қылау – бақылаудың әрбiр түрi бойынша жылына екi рет.
2) Аттестатталған тұқым сапа­сы­­на сараптама жасау жөнiн­де­гi зерт­ханалардың тұқым­дардың сорт­­тық және себу сапасына сарап­тама жүр­гi­зуiн, олардың тұқым шаруа­шылығы саласындағы нор­мативтiк құқықтық актiлер мен стан­дарттарды сақтауын:
– тұқым сапасын сараптау кезеңiнде жылына екi рет, сондай–ақ бақылау тәртi­бiмен тұқым сапасын сараптау жөнiндегi қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде;
– тұқым өндiрушiлерге шағым жа­салған, сондай–ақ аттестатталған тұ­қым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар берген тұқым­дарды сорттық және себу сапасына зерттеулердiң нәти­желерiмен келiспеген жағдайдағы бақы­лауды;
3) байқаудан өткізу кезеңінде байқау­дан өткізушілердің жұмысын, сондай–ақ тұ­қым өндірушілердің осы Заңның 14–ба­бы 2–тармағының нормаларын сақ­тау ны­санасына оларды тексеруді;
4) тұқым шаруашылығы субъектi­лерiнiң тұқым шаруашылығы саласын­дағы нор­ма­тивтiк құқықтық актiлердi, стандарттар мен өзге де норма­тивтiк құ­жат­тарды сақтауын бақылауды қам­тиды. 
4. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады. 
5. Тексеру «Қазақстан Республика­сын­дағы мемлекеттік бақылау және қа­дағалау туралы» Қазақстан Республи­ка­сы­ның Заңына сәйкес жүзеге асырылады. 
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осындай Заңдарға сәйкес жүргі­зіледі.
Міне, осындай салалық заңдар, техни­калық бақылау, астық шаруа­шылығы, карантин және өсімдік қорғау сала­лары бойынша да қабылданған. Қойып отырған талаптарыда дұрыс, жазылуыда жаман емес, ал, орындалуы қалай? Өкінішке орай, осы заңдардың орындалуы өз дәрежесінде емес. Түрлі кедер­гілерге тіреліп, атқарылмай жатыр. Бірде мароторияға, сілтейді, бірде қаражатқа тірейді, кейде басқа себептер табылады. Әйтеуір, осы сияқты сылтаулардың салдарынан бақылау жұ­мыс­тары өте төмендеп кеткен, жоқ деседе болады. Ал, мемлекеттік бақылауды өз дәрежесінде іске асыру үшін, құзыры, міндеттері заңмен шегеленіп, нақ­тыланып қойылған мемлекеттік мекеме болу міндетті. Ондай мекеме, Ауыл шаруашылығы министрлігі қара­мағында құрылған, негізгі міндет­тері айқын­далып қойыл­ған еді, кейінгі кездері, бұл мекеменің қызметі осалдап кет­ті, тіптен, шашыратылып, тарап кеткен деуге болады.
Егерде мемлекет сапалы өнім өндіріп, оның экспорттық әлеуетін арттырамыз десе, халықты сапалы өзіміздің отандық тауарлармен толық қамтамасыз етеміз десе, онда ауыл шаруашылығы саласында да, мемлекеттік бақылауды нығайтып, қа­был­данған Заңдарға сәйкес тұрақты, қа­лыпты жағдайда, өз дәрежесінде жүр­­­гізіп отыруға міндетті. Сонда ғана  өнімнің саныда болады, сапасыда артады.

Нұрмахамбет Айтуғанов,
Қазақ мал шаруашылық және мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

 

 

493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз