• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2015

Ғылым – теңіз, білім – қайық

Камза суретӘл-Фараби атындағы ҚазҰУ іргесі бекігеннен бастап, тұғыры биік білім мен тамыры терең тағылымның алтын ордасы болып келеді. Осы білім бұлағының баптаушысы іспетті болып отырған, ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі прорек­торы, техника ғылым­дарының докторы Ахмет-Заки Дархан Жұмақанұлы қарашаңырақтың  соңғы жылдар көле­мінде жинақталып, қа­лыптасқан білім беру стратегиясымен  бө­лісті.


– Сіздің пікіріңізше, қазіргі отандық білім беру жүйесінің жетістіктері қан­дай?
– Өздеріңізге белгілі шығар,  отандық білім беру жүйесі соңғы жылдары әлемдік қалыптарға (стандарттарға) сай бейімделіп,  тікелей соған байланысты жұмыс жасап келеді. Әр мемлекет өз білім беру жүйесін ілгерлеу мен дамуды алғашқы орынға қой­ғандықтан, негізгі бағыт ретінде  ғылым, білім және өндірістік сабақтастықты алып отыр. Егер, біз бұрынғыдай, сабақ беруге лайықтыларды ғалым деп қарастырып, олар тек  ғылым саласында жұмыс жасайтын болса, ал, бизнес саласында тек ғана бизнесмендер ғана жүретін болса, онда араларында  белгілі бір байланыс болмай немесе олар өздеріне керекті мәселелерді талқыламаса, онда біз қазіргі таңда нарықтық заманға сәйкес келетін маманды ешқай жерден таба алмайтын боламыз. Қазіргі жүйенің кеңестік білім беру жүйесінен басты ерек­шелігі,  ғаламның ортақ қағидаттары бойынша жұмыс жасауға қабілетті маман даярлауға негізделгендігінде. Яғни, ғылым мен бизнесті қатар алып жүруге қабілетті жастар сапын толықтыруға жағдай жасайтын жаңа жүйе. Бұрынғы жүйенің ешқандай кемшіліктері жоқ, қанша дегенмен кеңес жүйесі немістің өкіметінің білім беру жүйесіне негізделген болатын, ол жердегі ең басты өзгешелік біздің оқу жүйеміз мамандандырылған 5 жылдық оқу, аспирантура, одан кейін докторантура ғылыми бағыттағы дайындалатын мамандарға,  үлкен және терең  ізденіс жасауға мүмкіншілік беретін дайындық жолдарының біріндей болатын. Бірақ, әрбір адам ғылым саласына барғысы келе бермейді ғой, сонымен қатар, ол өмір бойы оқу қағидасына сәйкес өз білімін жетілдіріп отырады, соған сай бакалавриат негізгі базалық білімді қалыптастырса, ал, магистратурада кәсіби білімін қалыптастырады. Бұл жүйе тек қана Еуропа елдерінде ғана емес бүкіл әлемнің дамыған елдерінде әр түрде енгізілген. Егер, қазіргі кездегі Қазақстанның болашақта дамыған 30 елдің қатарына кіру атты мақсаты болса, оған алып барар жол оқу-білімді әлемдік нарықтағы бәсекелестікке сәйкестендіру болып есептелінері сөзсіз. Енді, екінші жағынан қарайтын болсақ, біздің оқу жүйеміз университетімізде білім алып жат­қан жастарға мынадай  мүмкіншілік береді, егер біздің бітірушілерге бұрынғы кезде 5 жылдық оқу негізінде, тереңдетілген, өз мамандығы бойынша емес, жалпы, кемінде бір жыл өзінің жан-жақты дамуына көптеген дайындықты қажет ететін сабақтар оқытылады. Осы күні бакалавриат жүйесінде біз, мамандандырылған курс­тар бойынша пәндер, бірінші курста өтіп біткеннен кейін, 2-ші курстан бастап өзінің мамандығына байланысты сабақтарын ғана өтсін деген талаптар қойып отырмыз .
– Қазақстандағы кейбір педагог мамандар «Біз Болон үдерісіне бірден еніп кеттік. Біздің жүйе бұған дайын емес еді» деген пікірді алға тартады?  Болон үдерісі біз үшін қаншалықты пайдалы болып отыр?
– Болон үдерісінің ең басты прин­циптерінің бірі: әрбір болон үдерісін қа­был­­даған мемлекетте білім жүйесі бір қа­лыпта, оның ішіндегі  жалпы тәртіпте. Егер, біздің студент 2-ші курста оқып жү­ріп басқа оқу орнына ауысқысы келсе, неме­се 4-курстан кейін магистратураға түскісі келсе, сол арада туындауы мүмкін келіспеушіліктерді жан-жақты қараған кезде, бірдей келісім деңгейіне келтіру – бұл болон үдерісінің ерекшеліктерінің бірі. Осыған орай, бәсекелестік кеңістігіндегі университеттердің барлығы өзінің терең ғылыми ізденістерін бір жүйеге бағыт­тап, құзыреттілігін ортақ идеологияға сәй­кестендірді. Өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдарынан бастап  Болон үдерісі халықаралық деңгейде қабылданды, біздің еліміз бұл үдеріске 2010 жылдан бастап енді. Біз осы жүйе қалыптасқаннан бері ешқандай кері әсерін көрген жоқпыз. Өйткені біздің студенттеріміздің көп­шілігі оқуды  шетел университетінде жал­ғастыруға барған кезде орта бірдей болсын деген ойда Болон үдерісін қабылдап отырмыз. Болон үдерісінің тағы бір артықшылығы, ол жұмыс берушілермен тығыз байланыста болуға мүмкіндік бере алады, егер, біздің қалыптасқан оқу бағдарламаларымыз нарықтық  та­лапқа сай келмесе, онда бізден шыққан түлектер нарықтың өз сұранысына сай болмаса жұмыс таба алмауы мүмкін. Ал, осы мәселені шешу жолдарының бірі: оқу бағдарламасын ауқымды ету, жұ­мыс берушілер талаптарын ескеру, сту­денттің жеке жұмыс істеуін қабі­леттілігін арттыру, ұстаздар оқу бағ­дарламасындағы оқу-әдістерін жетіл­діру шарты және т.б. Менің ойымша  Болон үде­рісі заманауи талаптарға толығымен сай.
– Студенттер Болон үдерісінің қалай жүзеге асырылып жатқандығынан, жал­пы, бұл жүйенің не екендігінен қаншалықты хабардар?
– Біздің университет студенттерінің арасында, жалпы кредиттік технология  туралы ақпаратты тарату, Болон үдерісі жөнінде студенттері мен мұғалімдердің ара­сындағы қалыптасқан   ортақ     ұғымдар  мен ұстанымдар платформасы негізінде талқылау жүйесі бойынша жақсы жұмыс атқарады, оны Болон үдерісін жүзеге асыратын студенттік бюросы деп атаймыз. Университетімізде сондай үдеріс қалып­тасқан. Бұл ұйым осыдан 5 жыл бұрын ашылған болатын. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша желі ретінде қалыптасты. Ол жерде университеттегі ұйым­дар бір-бірі­­мен ақпарат алмасып, акаде­мия­лық саясат негізінде шаралар өткізе алады, студенттеріміздің қойған барлық сұрақ­тарына осы желі арқылы жауап бере аламыз.
– ҚазҰУ-дағы «академиялық ұт­қыр­лық» «Магистранттардың шетел тағылымдамасы» сияқты бағдар­лама­лардың нәтижелері қандай?
– Болон үдерісіне сәйкес белгілі бір семестр немесе бір жыл уақытында басқа университетте білім алу мүмкіншілігі бар. Осыған байланысты мемлекет тарапынан үлкен бағдарламалар бар, ол бағдарламаға сәйкес біз министрліктен тікелей қаражат аламыз. Қаражаттың бөліну схемасы, ол оқу үлгерімі жоғары, ағылшын тілін жетік білетін, қабілеті зор студенттер 1 семестр көлемінде қалаған университетінде оқи алу мүмкіндігіне ие болады.Қазіргі таңда бізде жылына кемінде 70-80 студент шетелге барып оқып келіп жатыр. Мұнда ерекше есте қалатын мәселе, ол біздің университетте ака­демиялық саясаттың негізінде өздері оқып,  шетелдегі университетке барған кезде, сол жүйеден  біздің қазіргі оқу жүйеміздің ешқандай артықшылығы жоқ екенін түсініп білім алу. Студенттің өз болашағы үшін оқығаны дұрыс, қазіргі таңда студент жастардың көпшілігі емтихан кезінде көшіреді, егер, көшіру арқылы баға алған болса, нәтижесінде диплом сапасы да нашарлайды деген сөз. Біз қазірден бастап студенттеріміздің нақты білімін дұрыс бағалауы үшін сабақ берген мұғалімнің өзі емес, тәуелсіз комиссия  бағалауына сүйеніп шешім шығару үшін осы жүйені қалыптастырған болатынбыз. Меніңше, Академиялық ұтқырлықпен барып келіп жатқан студенттер бірінші кезекте, біздің еліміздегі туындаған мәселелерді өзі алған білімінің нәтижесінде  шешуге көмектесіп, кеткен шығынның зая еместігін дәлелдейді.
– ЖОО-ның ішкі және сыртқы сая­сатындағы имиджін қалыптастыру үде­рісі жайында не айтасыз? ҚазҰУ-дың имиджін қалыптастыруда қайсысы ал­дыңғы орында?
– Қазіргі таңда кез келген мекеменің қандай екенін оның имиджінен байқауға болады. Университеттердің имиджі оның білім беру сапасына келіп тіреледі. Өздеріңіз білесіздер белгілі бір мемлекетті алатын болсақ, оларды еске түсіретін бір-екі университеттер бар. Мәселен, Американы алатын болсақ, ол жерде Massachusetts пен Harvard, Англияның университеттерін еске түсіретін Oxfordпен Cambridge университеттері, Ресей десек Ломоносов атындағы Мәскеу және Новосибирск университеттері еске түседі. Университет имиджі елдің имиджімен тығыз байланысқан. Егер келешекте Қазақстан деп еске түсірген  кезде Қазақстанның ең беделді университеттері еліміздің деңгейімен бір қатарда тұратын болса, сонда біздің еліміз­дің білім беру сапасын көрсететін болады. Біздің университет шеңберінде жасалып жатқан  талай іс-шаралар ол тек білім беру қызметі емес, сонымен қатар, ғылыми ізденіс және экономика саласындағы ық­палы зор жобаларды жүзеге асыру  оның ішіндегі біздің ұстаздарымыздың тең дә­ре­желі өзінің ой-пікірімен бөлісе алып, еліміздің қауымдастығын дамытуға үлесін қаншалықты қоса алатынын көрсетеді. Менің ойымша ЖОО имиджі дегеніміз ол- сапалы білім беру, терең ғылыми ізденіс, нарықтық  сұранысқа сай мамандарды даярлау, сапалы деңгейдегі оқу бағдарламаларын қалыптастыру.
– «Универ» жүйесі мен «Платонус» жүйе­сінің қайсысы тиімді? Неліктен ҚазҰУ «Универ» жүйесін таңдады?
– Біріншіден, «Универ» жүйесі өз уни­вер­ситетіміздің ішінде қалыптасқан ақ­параттық жүйе. Бұл жүйенің негізі осыдан он жыл бұрын Франция елінің бірқатар университеттерінде қаланған, шет елдік әріптестердің жинаған тәжірибесінің нәти­жесінде біздің университетте  «Деканат» деген жүйе енгізілген болатын. Ол «Деканат» жүйесінің негізінде 2008 жылдары «Интернет» деген жүйе пайда болды, келесі 2010 жылдан бастап «Универ»жүйесін орнаттық.Ал, «Платонус» басқа бір компанияның жасаған жүйесі. Енді, өздеріңіз білесіздер ғой, кез-келген ақпараттық жүйені пайдаланып отырған ұйым қаншалықты терең білетіндігіне сәйкес, ары қарай дамытқысы келсе оны дамытуға барлық мүмкіншіліктері бар, ал, егер дайын бір ақпараттық жүйені қабылдап сатып алатын болсаңыздар, онда оның ішіндегі өзгерістерді енгізу өте қиын, ол өзгерістерді жасау үшін оны құрастырған компанияны шақыру керек, ол қомақты ақша тұрады. Қазіргі таңда біздің «Универ» жүйесі бүкіл бакалавр, магистратура,  Phd док­торантура деңгейін қамтиды және мұнда сырттай оқу жүйесін қашықтықтан оқыту тех­нологиялары игеріліп жақсы дамып келеді.Бүгінгі таңда, студенттер әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, оқу үлгерімі бойынша ақпаратты толық ала алады, сондай-ақ келешекте оқу бағдарламаларын кәсіби деңгейде жұмыс берушілермен саралаудың ин­те­рактивті платформасының жаңа мо­дуль­дерін жүзеге асырамыз.
– Шетел тәжірибесіндегі, халық­аралық университеттер тәжірибе­сіндегі «аралық емтихан» ҚазҰУ-да да дәстүрге енді. Білім сапасын анықтауда ұдайы тексеріс жүргізіп отыру қаншалықты тиімді деп ойлайсыз? 
– Университетіміздің қызмет көрсету са­пасының  бірі ол оқу бағдарламалары деңгейі. Оқу бағдарламасын әлемдік сұранысқа сай деңгейде қалыптастыру бұл оқу барысында студент құзіреттілігін және оқу нәтижелерін дұрыс айқындау болып табылады. Ал, оны біз дұрыс бағалау жүйесі негізінде ғана біле аламыз. Яғни, аралық бақылау бұл оқу нәти­желерін анықтау жолдарының бірі. Оқу нәтижелері мәселен, белгілі бір сараптама жасау арқылы анықталады, ал аралық бақылау өзінің сыни жан-жақты ойын айтып, шешім шығаруға жол салады. Егер, қаржыгер болса, тек қана сандарды санап қана қоймай, өзінің алдына қойған мақсатын жұмыс жасап жатқан орнында пайдалана алмаса немесе соны іске асыра алмайтын болса, онда ондай білім қазіргі кезде қажеті жоқ, қазіргі кездегі оқулық тұрғыда оны  энциклопедиялық білім дейміз. Ол дегеніміз – бітірушілердің бірден-бір қабылдаған білімін дұрыс бәсекелестік ортада пайдаланып, тікелей күнделікті пайда болатын практикалық есептерді шешуге қолдану. Мен ойлаймын, осы тұрғыдан қараған кезде, бізде оқу құзіреттілігі жетілген. Өздеріңізге белгілі, алдыңғы жылдары са­бақты оқу нәтижесінен кейін тек қана 7 апта аралық бақылау мен емтиханды соңғы 15 апта өткеннен кейін тапсыратын еді. Ол кезде біздің студенттер 15 аптаға келген кезде өзінің білімін бағалау нәтижесі тек ғана теориялық сұрақтарды жаттап алу жолдарына сүйеніп отырған. Ал, қазіргі таңда басты маңыздысы студент білімі  қан­ша­лықты теориялық тұрғыдан алған білімін тәжірибеге ұштастыра алатындай деңгейде болғандығын білу керек болды. Біз соңғы емтиханды 2-ге бөлдік, алғашқы жеті апта бойынша алған білімін аралық бақылаудан кейін, «Мидтерм» етіп тапсырады. Мидтерм тапсырғаннан кейін, қалған 7 аптада қай жерден білімі жетіспейтіндігін білген студент соңғы шешуші емтиханға толыққанды дайындалып, жақсы баға алуға тырысатын болады.
– Еліміздегі студенттер саны жағынан алдыңғы орындағы университеттің қо­ғам­мен байланыс қызметі қалай жүзеге асырылады?
– Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық универ­ситетіне жалпы ҰБТ нәтижесі бойынша  70 баллдан астам жинаған талапкерлер ғана түсе алады. Бұл бізге 1 курстан бастап талабы зор, білімге құмар балаларды қабылдауға жол салып берген жағдай. Қазіргі таңда әр факультеттегі кафедра меңгерушілері, әрбір аудандағы мектептермен байланыс орнатып біздің университетте қандай оқу бағдарламалары бар екені жайлы ақпарат таратады. Екінші жағынан, біздің университет Министрлікпен бірге, жылда «әл-Фараби олимпиадасын» өткізеді. Қазақстан бойынша 11-сынып оқушылары, 11 пәннен өзара сайысады. Олимпиада жеңімпазы білім грантына ие болады. Осыдан 5 жыл бұрын  «әл-Фараби» кәсіби бағдар істерін жүргізетін орталық ашылған, барлық іс-шараларды соларға табыстаймыз.
  – Білім беру саласында қандай жаңа инновациялық шешімдер шығарылып жатыр? Алдағы уақытта ЖОО-да білім беру сапасын жоғарылату турасында өзгерістер бола ма?
– Әрине, болады, әр университеттің мемлекеттік деңгейде қабылдаған өздерінің бағдарламалары бар. Ол бағдарламаларға сәйкес, Елбасымыздың айтуына байланысты, 2020 жылы әлемдік деңгейдегі Уни­верситеттердің қатарына кіру керек. Ол дегеніміз, бәсекелестік деңгейі өте жоғары болады. Ал, бұл – әлемдік университеттер талабына сай келу деген сөз. Қазіргі заманауи талаптарға сәйкес әрбір университетке ел азаматы болып табылатын студенттер ғана оқуы шарт емес, басқа елдің студенттерінің де келіп білім нәрімен сусындауына мүмкіншілік алуы және сол шетелдік  студенттердің білім алу жағынан қанағаттандырылған ойы керек. Егер, біздің университетке сырт мемлекеттерден кем дегенде, жылына 1000-1500 адам келіп оқитын болса, онда біздің білім беру сапасының да деңгейі артар еді.Шет ел студенттерін көптеп қабылдау үшін, оқу бағдарламаларымызда ағылшын тілінде оқытатын топтар болу керек, ағылшынша білетін жастардың толыққанды білім алуына жағдай жасап беруіміз керек. Қазіргі кезде біздің университетте осы тектес бағдарлама қабылданған, дәл биыл ең алғашқы болып ағылшын топтарының түлектері бітіріп шықты. Қазірден бастап ондай түлектерге сұраныс өте көп. Сондықтан да, алдағы уақытта, тек «білім – теңіз, ғылым – қайық» деп білетін білікті де білімді жастардың жарқын бейнелерін көрсек деген тілегіміз бар!

Ш. Сыздыққызы,
Г. Қамза 

664 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз