• Еркін ой мінбері
  • 01 Ақпан, 2016

Қазақы музыка қайда?

Жаспыз. Бәрімізде ән тыңдаймыз-ау. Тыңдап отырған әннің сөзін түсіне алмай, музыкасының әуеніне тебірене алмай отырған жайымыз көп болады. Сонан соң, осы қалай деп ізденесің. Баспасөз беттерін ақтарасың. Ақтарасың да қазақтың бүгінгі әуенінің қазақтың төл өнерінен аулақтап, батыстың жылаңқы, берекесіз әуеніне кетіп бара жатқанын жазған зиялы жұрттың сөзін табасың. Жазушы К. Жүністегінің  «Ұлттық музыканың тағдыры нешік?» деген ой толғағында (Егемен Қазақстан №2 2014) «Ұлттық музыканың бүгінгі халі, оны қорғау керектігі жөнінде бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Осы жөнінде тер төгіп жүргендер жетерлік. Әлемнің қай елі, қай ұлты болмасын жаһандану деген аждаһадан құтылу үшін жанталасып жатқандай. Бейғам біз. Тіпті, жұта бер деп отырғандаймыз.

Ешкім ештеңе оқымайтын заманда (ауылда болсын, қалада болсын талай-талай үйлерден ырымға газет, не журнал таппайсың), жұрттың бәрі сайқымазақ әндер мен жалаңаш қатындарды көр­сететін тележәшікке телмірген заманда ұрпақтың жүрегіне ұлттық сезімді үрлейтін, жүрегің билеп, санасына  «мен қазақпын» дейтін сезімді, намысты орнататын жалғыз ақ тетік қалды. Ол қазақтың ғасырлардың сынынан өткен ән-күйі ғана. Біржан салдың, Ақанның, Үкілі Ыбырайдың, Мұхиттың, Абайдың әндері бойына сіңіп өспеген ұрпақ қазақ мемлекетінің көсегесін көгертеді деу әбестік, әпенділік» – деп жазған болатын. Шынымен де, қазіргі қазақ  музыкасының хал-жайы қалай деген сұрақ, өзін «қазақ елінің патриотымын» деген әр ұлтжанды пендені ойландыратыны рас. Қазіргі жастар не тыңдаудамыз? Оның тәрбиелік, мәндік жағы қалай? Осы жағдай қазіргі музыкадан көңіліңізді қалдырады. Қа­зақтың дәстүрлі музыка үні  сарыны, әуезділігі қайда жоғалып кеткен дейсіз.
Қазіргі өлеңдердің көпшілігі батыс­қа еліктеушілік, дүңгір-дүңгір музыка, секеңдеген музыкант. Сол «әншісы­мақ­тардың» көбінің дауысы да жоқ. Өйт­кені, компьютермен жоқ дауыстың өзін бар қылуға болатынын біледі. Фонограммамен концерттен құтылады, ал көпшілік арасында шын дауыспен айтпайды да. Рамазан Стамғазиев: «Қытайдағы ағайынға концерт қоюдың талғамы өте жоғары. Фонограмманы қосып қойып соған ілесіп ән айтып беру дегенді олар қабылдамайды» деп жазады (Жас Алаш №77 2015). Бұ­рынғы әншілер, өз дауысын күтіп, ауырт­пауға тырысатын еді, қазір мұның бірі де жоқ, жалған дауыс. «Әншілерге дауыс емес, диск қадірлі» – деп жазады Гүлмира Ақүрпекова (Түркістан 10.09.15) Бұл да шын, өлеңі халыққа жағу үшін, бір сөзді мың рет қайталап, өлеңді мағынасыз етіп, тек атақ – даңқ шығару қамы. Олар рухын да, жанын да ақша үшін сатып жіберуге даяр.
Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу  біз үшін қиын.
Мысалы, Айқын Төлепбергеннің орын­дауындағы:
«Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,
Шат-шат-шат қиялыма ілес.
Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,
Сызылған кірпігімнен күй ұш», – деп орындалатын әннен не айтып тұрғанын әншінің өзі де түсінбейтін шығар.
Бейбіт Қорған:
«Ойлашы, ойлашы,
Мені бір сәт ойлашы,
Ойлашы, жаным-ау,
Оны ойлап қоймашы» деп қызға жалынады.
«Мен сені сүйеді екем,
Атыңды жаттай алмай,
Мен сені сүйеді екем,
Жыласам тоқтай алмай», – деп әндетеді Сырым Исабаев. Қандай мән бар осы мәтінде? Атын жаттай алмай, жыласа тоқтай алмаса, бұл қандай махаббат? Ұлы Мұхтар Әуезовтың өзі ғашық болған Абайдың немересі Кәмиләға жазған «Тең көрдім, орныма орныңда» дегенін үлкендерден сан естіген едік. Қазақ жалаң сөзбен емес, ғажайып сырының өзін астарлап жеткізген ғой. Осыны білмеу, осындай өрескел ән сөзін жазу, оны әншінің орындауы олардың қазақ екеніне күмән келтіреді. 
«Kешью»  тобының жаңартылған құра­мындағы алғашқы «Асықпа» әні тыңдар­мандарын «асықпай-ақ» баурап алды. «Сабырлы жетер мұратқа» дей ме, ол әннің мағынасы да асығып құрылған сыңайлы:
«Асықпа!
Егер іздегенің сезім,
Аңсағаның да махаббат болса,
Жүрегіңмен мені сезіп,
Ғашық көздерің от боп жанса.
Сенің маған махаббатың бара-бара, жана-жана жалған болмай ма?
Сенің маған берген сертің соңында жауапсыз қалмай ма?» деп, ән мәтіні сұрақпен ұйқасқа ғана құрылған.
Осыны қазақтың «Гауһартас» әнінің мәті­німен салыстырайықшы. 
Ажарың ақ түлкідей қашқан құмнан,
Шолпандай таң алдында жалғыз                     туған.
Осы екі жолдың өзінде қаншама сурет жатыр. Қазақ даласының сұлу табиғаты,таңның әсем суреті, ажарлы қазақ аруының мөлдіреген бейнесі еріксіз таңдандырып, сиқырлы сөзге бас идірмей ме? «Асықпа» әнін жазғандарда осының бірі жоқ қой. Жастардың сүйікті әуеніне айналып ғашық қылған  «Орда» тобының  ұйқас қуған «Ғашықсың ба» әнінің мәніне зер салайықшы:
«Жанарымнан көзіңді алмай
Бір үмітпен қарадың-ай.
Айтшы маған,
Мен саған ұнадым ба?
Қарай бермей,
Ұнатсаң, кел жаныма,
Баурап мен алдым ба?!
Ғашық болып қалдың ба?
Сүзіліп қараған,
Жігітің тұр алдыңда,
Айт енді сырыңды,
Жасырған қулығыңды,
Тәтті қылығыңды айт енді құлағыма» деп еліреді. Қазақ қыздар қашаннан жігітке бірінші сөз айтып, ұнататынын білдірткен? «Мен саған ұнадым ба?» деген сұрақ қойған жігіттен қандай ұлттық тәрбие сұраймыз? Осы әннің мәтінінің өзі Батыстың әулекі музыканттарының есін танып тұрып, ойнына айта беретін әншілерінің сөзінен жымысқылап алғандай көрінеді. «Жанарымнан көзіңді алмай, бір үмітпен қарадың-ай, айтшы маған, мен саған ұнадым ба?» осы өлеңде не ұйқас бар? Қандай өнеге, әдеп бар?Күнбатыс өзінің осы әуле­кілігінен таяқ жеп, азып-тозып, отбасы деген жоғалып, есін енді ғана жиып, рухани өмірге енді ұмтылып, талайы мұсылмандыққа бет бұрып жатқанда «біздікі не?» деген ой келеді. 
Иә, қаншалықты сынасақ та, дәл осы әндер уақытында «хит» болды, бола да береді. Себебі,  бұл әндер қазақы әуеннен, ата-бабаның дүние танымынан аулақ қалған бүгінгі тыңдарманның  жанына жағатын өлең.  Әлде, біз сөз бен әннің жүйесін, киесін түсінбейтін жағдайға душар болдық па?
Ал, шынымен де қазаққа жанашыр әншілер былай дейді:
Шәба Әденқұлқызы, әнші:
– Қазақ радиосында әнді іріктейтін комиссия бар. Олар әннің мәтіні мен музыкасына терең үңіліп қарайды. Ал, басқа радиоларда басқа ұлт өкілдері отырады. Әннің ақшасы төленсе бітті, эфирге салынады. Өзім әнші болған соң, әр радиоға барып, бұл жағдайға қанық болдым. Әнді бір ай айналдырып береді, тиісті ақшасын бересің. Телеарналардың жұмысы да ақшаға тірелген. Кім жұлдыз болғысы келсе, кім атақты болғысы келсе, қалтасы қалың адаммен тығыз байланыста болуы керек. Демеуші арқылы бейнебаян түсіреді, оны каналдарға береді. Мысалы, «MusicTV» мен «Муззон» бейнебаянды күніне 4 рет көрсету үшін 3-4 мың доллар сұрайды. Бір арнаның ең арзан пакеті – 470 мың теңге деп есептеп берді, ал, жаңағы музыкалық арналар одан да қымбат. Сонда, ешқандай байланысы жоқ әншілер осындай жағдайда өзін қалай танытады?
   Айбек Оралхан:
 – Қазір  «Хит» болып жүрген батыс әндерінің басым бөлігі былапыт сөздерге толы.  Оларды ести сала адамның есі кете тыңдауы мүмкін емес. Мұның бәрі талғамның жоқтығы, бәлкім, тіл білмеудің салдары шығар. Тіл білмейді дейін десек, Тәуелсіздіктің төлдері ағылшыншаны бір кісідей меңгеріп үлгерді емес пе? Жеріне жете түсінбесе де, жетеғабыл ұғатын шаққа жетті. 
Мысалы,    әйгілі сері  Ақан  Қорамсаұлы­ның «Балқадиша» әнін тыңдаған әрбір жан бас­ты кейіпкер Қадиша қыздың тағдырына аяушылық білдіріп, ауыр күрсінетіні сөзсіз. Өкінішке орай, шерге толы әннің түпнұсқасы бізге толық жеткен жоқ. Қазір қазақтың ұлттық нақышындағы «Жігіттер» квартеті орындап жүрген ән «Балқадиша»  әнінің тарихына үңілсек, «Жігіттер» тобы әндететіндей, «Күйеуің 85-те-ай, Шал Қадиша», – дейді. Бұл дұрыс нұсқасы емес, аңыз бойынша: 
Ақанның сал-серілік құрып, ауыл-ауылдарды аралап жүрген кезі. Күндердің кү­нінде Ақан сері сол кездегі Ыбырай деген аты баршаға мәлім, танымал кі­сі­­нің ауылына бас сұғып, шілдехана тойының үстінен түседі. Ауылға танымал серінің ат басын бұрғандығын естіген ауыл тұрғындары оған ілтипат білдіріп, қошемет көрсетеді. Алайда, төрде отырған Ақанның маңына ешкім отырмайды. Бұл ел аузында Ақан сері туралы алып-қашпа сөздердің кеңінен етек алған тұсы еді. Ақанның қиялға беріліп, жын-перілермен қатысы барын алға тартып, жас қыздар серіден үрейленген. Ақын да, қыздар да өздерін жайсыз сезініп, отырыстың берекесі қашқандай болады. Осы кезде Қадиша қыз «Сері-ағамның жанына мен отырайын» деп Ақанның жанына жайғасады. Мұны естіген Ақанның көңілі жай тауып, іштей жібек мінезді бойжеткенге риза болады. Отырыс барысында әндер орындалып, зерделі әңгіме-аңыздар айтылады. Серінің жанында Қадишаның отырғанын оның ағалары естіген бойда, екі жеңгесін жіберіп, қызды алып шығуын тапсырады. Алайда, Қадиша орнынан қозғалмайды, Ақанның да оны жібергісі келмейді. Осы кезде таң атып, бойларында қимастық орнайды. Қадиша қайтуға жинала бастағанда, Ақан сері қолына домбырасын алып, екі ішекті қағып жіберіп әнді орындай бастайды. Бұл ұзақ толғау, үлкен жыр болды.
Әннің «Күйеуің сексен бесте шал, Қади­ша» деген жолдарын алға тартып, кейбіреулер Қадиша шалға атастырылған дегенді айтады.Алайда, Қадиша қыз үлкен кісіге емес, өз теңіне аттастырылып, кейіннен ұзатылған. Мұны естіген Ақан қоштасу сәтінде туған әнін әрі қарай жетілдірген. Бұл әннің соңғы өлең жолдары мынадай болған:
«Кекілін кер бестінің сылағаным,
Басынан Жыландының құлағаным.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құс жастықты 
            жылағаным.
Тау болсаң, Жыландыдай биік 
            тау бол,
Шапанға ширатпалы жібек бау бол.
Атадан артық туған Балқадиша,
Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол»
Ұзақ мұңлы әннің 90 шумағы болған деседі. Өкінішке орай, бізге толық жеткен жоқ. 1988 жылы Қайролла Жүзбасовтың құрастыруымен «Өнер» баспасынан шық­қан кітабында «Балқадиша» әнінің үш нұсқасы көрсетілген.
Қазір теледидардағы жүргізушілер «жан­ды дауыс» дегенді шығарыпты, дұрысы шынайы дауыс қой. Сол сияқты әндердің ішіндегі ұйқас, кең мағына дегендерден жұрдаймыз. Қазір өлең құрылысына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Қай заманда болмасын қазақтың әнші-сазгерлерінің ұстазы болған. Жас әнші-сазгер сол ұстазының тәрбиесінен сынынан өтіп барып, халық алдына шыққан. Рамазан Стамғазиев: «Бала күнімізде бізді де ағаларымыз жетелеп сахнаға шығарды, жолға салды. Мен де шәкірттеріме үнемі әнді орындағанда мейлінше қалыбын бұзбауға, мәтінін өзгертпеуге күш салуы керегін қадап айтамын» деп жазған. Жөн-жосықсыз, мән-мағынасыз өлеңдер, ұстазсыз, өзі бола қалған, өркөкірек сазгерсымақтардың туындысы. Ұлттық нақыш, әуен болмаған соң, өскелең ұрпақта ұлтын сүю, мәдениетіне деген құрмет те құриды емес пе? 
Мектептегі музыка сабағы. Мұның да жайы мәз емес. Мектеп бітіргеніме 1-2 жылдың ғана жүзі болған соң бі­лемін, қазіргі кезде баяғының Жаяу Мұсасы, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақанның, Абайдың әуезді әндері, тіпті, кейінгі Мұқағалидың да әндері мектеп бағдарламасында жоқ. Бұл нағыз ұлттық тәрбиенің көзі емес пе? Оқушылардан «бұларды танисың ба, әндерін білесің бе?», – деп сұрасаң, бетіңе жалтақ қара­ғаннан басқа, жауабы болмайтынына сенімдімін.  Халық ішінен шыққан дәстүрлі әндеріміз жоғалып бара жатқанына қанша жақтан алып қарасаң да, жалдамалы «арзан» әншілердің өзіндік үлесі бар. Ата – әжелеріміздің айтуынша, қай тойда болмасын халық бұрын бастары қосылғанда, ән шырқап, іштегі назын төгіп, бір жасап қалушы еді. Халық әнді үйренетін, ән айтуды, тыңдауды ерекше көретін. 
ХХ ғасырдағы қай жазушының шығар­ма­сын алып қарасаң, жастар жиналған кезін суреттеген мезетте, әрқашан, әрбірі, қыз болсын, ұл болсын, домбыра шерте отырып (қазіргіше даңғырлатпай)  2-3 шумақ өлеңді орнында шығарып, білмегені жаттандысын айтып, кештің сәнін кіргізіп отыратындығы жазғанына қарап-ақ, ұлттық нақыштың барын көре аламыз. Мұндай суреттелген көріністердің өзі адамды бір селт еткізіп, жаныңа рахат, езуіңе күлкі сыйлайтыны анық. Ал, қазір той-жиындарда жалдамалы әнші белгісіз біреудің, өзі ғана білетін әнін айтады, ол жұрттың көңілінен шықпайды да, көпшілік тыңдамайды да. Қытай тарихшысы Сыма Цянь жазғандай «апырақтаған, ардыл-гүрдің, әлем-жәлем ән, бойыңды еліктіріп әкетсе, онда халықтың аз­ғындыққа салынып, аласапыран күй кешкені» дегендей уақытқа жетпесек болды. Бұл мәселенің түбегейлі шешімін таппаса, ұлттық музыканың тағдыры не болмақ? 

Әзиза Кәмели,
ҚарМУ-дың 2 курс студенті

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз