• Еркін ой мінбері
  • 04 Шілде, 2016

ӘЛЖАНТЕГІ ӘЛЕМІ

Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
сыншы

Төкен Әлжантегі жазиралы Жаңаарқа топырағының төлі. Қазір Қарағандының тұрғыны. Шығармашылық өмірі есті оқырманның көз алдында. Жазушы есімі жетпіс-сексенінші жылдары ауызға ілікті. Бұл кезеңдер біздің әдебиет үшін өте қызықты уақыт еді. Жаңа серпін. Тың көз­қарас. Ерек қарқын. Әлбетте, жастықтың албырт лебі барлығын ешкім жоққа шығара алмас. Қуантарлығы ол – болашақтың нышаны. Жұбатарлығы – аңғалдығы. Ал, қысқасы, ол да қажет. Тек... оны екшеп-елеп отырар уақыттың тапшылығы қолбайлау болып тұр... Бозбала Төкен сөз өнеріне алғашында өлеңмен келді. Ол кезде ол да табиғат атаулыға ынтызар еді. Айналасына қарай жүріп, көрген мен түйгенін сараптай жүріп кейіннен қара сөз құдіретін мойындап тынды. Алдында прозаның қарымды өкілдері аз емес-тұғын. Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхандар бар. Өкінерлігі, олардың оқырмандары естерін енді жиды. Ал, жазуын олар баяғыда-ақ жазған...

«Жылымық жылдардағы» прозада қаламгерлер өз «мәселелерін» жаңа форма, ерек тыныспен айшықтап үлгерді. Қарым. Жинақылық. Позиция! Ептеген аскеттілік. Осы дүниелер қазақ қарасөзіне өзгеше әр сыйлады. Әлжантегіне кезінде жоғарғы оқу орнындағы бір ұстазы:  «Төкен, өлеңді қайтесің?! Сенің табиғатың – проза» деген екен. Жөппелдемеде мынаны естіген жас астамдықтың аужайына жығыла «мынау не айтып тұр?» деп таң қалған да қойған. Қанша айтқанмен сол кезде ол өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып,  кәдімгі ақын жігіт атанған бозбала ғой. Сөйтеді де, бәрін ұмытып, жыр айдынында жүзе береді. Тек, әскер қатарында жүргенде ғана қара сөзге қалам тартып көреді. Бір қызығы, бұл салада да жолы болып, жазғандарын жұрт жылы қабылдай бас­тайды.
Төкеңнің жазуына ә деген бетте Ақселеу Сейдімбеков назар аударды. «Төкен, мен ауылдың жігіттерін білемін ғой. Жазуын жазасыңдар. Енді, оны жарияланбай  сол арада қала бересіңдер. Мұның оңды болмас. Барлығын бір жерге жинап, Алматыдағы мекен-жайыма жолдап жібер» деп аманаттайды. 
1987 жылы «Жалын» баспасынан «Ар­мысың, ару күн!» әңгімелер жинағы жарық көрді. Көп ұзамай «Ашық сабағы» (Алматы, «Жалын» 1991), «Қым-қиғаш тіршілігі» (Астана, «Елорда» 2000) оқырман қолына жетті. Бұл кітаптар үлкен арнаға тартылған тұма бастау еді. Әңгіме мен хикаят өте қайшылықты әрі ауыр жанрлар қатарынан. Оны айшықты тілмен, көркемдігі жоғары оймен астарлап көмкере алмасаңыз айлап-жылдап жазғаныңыз сылдыр судың аққаны болады да шығады. Өзі бір мағұрланып сыр шерткенінде ағамыз: «Мен алпысыншы жылдардағы шалдардың әңгімесін естіп өстім. Ал, ол кездің тілі мәйегі бұзылмаған тіл болатын. Оным маған себін көп тигізді» дейтіні бар. Бертінгі жылдар мұғдарында да қаламгердің «Сегіз сері» (Алматы, «ҚазАқпарат» 2006), «Сарбас ақын» (Алматы, «ҚазАқпарат» 2007) атты сүбелі романдары басылып шықты. Ұлттық санамыз әупірімдеп ширыға бастаған тұста аталған қос сүйекті тарихи туындының жарық көруі айтулы оқиға болды.
Жазушының шығармашылық жолына өз уақытында баға берген Мұзафар Әлімбаев, Адам Мекебаев, Жанғара Дәдебаев, Сейфолла Оспан, Нұрдәулет Ақыш, Құрал Тоқмырзаұлы, Өмір Кәріповтердің пікірлері бұл сөзімізге анық дәлел. Мысалға, жазушы Серік Асылбеков Төкеннің алғашқы әңгімелер жинағына: «...Бұрын мерзімді баспасөз бетінен көріне қоймаған, оқушы қауымға бейтаныс есім – Төкен Әлжановтың әңгімелері жандылығымен, нәзік лирикалық иірімдерімен есте қалады. Т. Әлжанов ең бастысы әңгімені қай жерден бастап, қай жерден аяқтау керек екендігін ішкі бір творчестволық түйсігі арқылы жақсы аңғарып отырады. Сондықтан да, оның «Қос уыс бидай», «Мылқау», «Біздің үйде той» деп аталатын новеллаларының композициясы шымыр, бас-аяғы жинақы. Төкеннің сөз саптасы да тәп-тәуір, тілдің дәмін татып қалған кісінің нарқын байқатады», – десе, ақсақал ақын Мұзафар Әлімбаев: «Жазушы атаулылардың таланттылары пәлсапаға бойламай, орта жолда қалмаса керек. Кемеңгерлікке ұмтылыс уақыт кеңістігінің келешегіне де, бүгінгісіне де терең үңілудің айғағы емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда, Төкеннің өз шығармаларындағы толғаныстары мені қатты ойлантты. Автордың айт­қыштығына шынында да сүйсініп оты­расың. Мысалы, «Құшақ көрмеген қыздай, қылық алмаған арудай кірпияз». Осы психологиялық мінездемеден көз алдыңа қандай жанды сурет елестейді? Бір сөзбен айтқанда – Т. Әлжантегі өте шебер қаламгер», – деп сүйсінісін жасырмайды.
Сонымен, Әлжантегінің шығарма­шылық сыры неде? Ұстыны қандай? Қандай жазушы? Бұл сауалдарға ә деген бетте ептеп ойлануымыз кәдік. Енді, соны тарқатыңқырап көрелік. Алдымен. Жазушы әңгіме-хикаят жанрларына азулы екендігін талассыз аңғартты. Оған дәлел «Қым-қиғаш тіршілік» романымен қатар «Жалғыздан қалған тұяқ», «Шеңбер» сынды хикаяттарының өткен жылдардың әдеби қорытындыларында үздік деген баға алуы. «Жалғыздан қалған тұяқ» повесінің Төлеген Айбергенов атындағы сыйлыққа лайық деп танылуы мен «Жалғанның жанды қуыршақтары» хикаятының Ха­лық­аралық бәйгеде топ жаруы. Бір қызығы, «Жалын» журналына жазушы шығармасын ұсынған Қалихан Ысқақ аға болатын. Сосын, ол кісінің мына бір сөзі. «Қазақ прозасында мен байқаған екі желдіртіп жазар жазушы бар. Біреуі жырлап жазады. Біреуі – сырлап жазатыны. Алғашқысы Оралхан болса, кейінгісі – Арқаның Әлжантегісі». Ал, аңғара беріңіз. Жалғыз ауыз сөзбен айтқанда тілі шұрайлы, ойы қалтқысыз сырлы әңгімелер, хикаяттарды классикалық стильде жазады. Бітті! Жаңашыл ағым-сағымдарға жоламайды. Егер, ескере кетсек, Л. Толтойдың өзі де «Қажымұратын» «модерндік, постмодерндік» стильмен жаз­ған еді. Онысы  үмітін ақтамаған болса керек. Бағзы ауылына қайтып оралды ғой. Бір қарасаңыз, Әлжантегі шығармаларында аса бір грандиозды проблема жүктелмейді. Шым-шытырық сюжеттерге де үйірлігі жоқ. Қарулы оқырмандарға талдата қоятын коллизия да, бірсарындылық та байқала қоймайды. Ал, енді... драматизм бар.
Айта кетерлігі, қаламгер шығарма­шылығының өн бойында теріске шығарып тастар бір де бір кейіпкер жоқ, һәм «маңдайынан сүйе қояр» һас жақсысы да жоқ. Әрбір персонаж – өмірдің өзіндей. Кез келген шығармасы табиғатпен етене жақын. Оның қаламынан қазақ азаматын бірден жырағытасыз. Стильдік ерекшелігі де осы. Әсіресе, табиғаттың тынысын беруі акварелистің суреттеріндей ап-айқын. Жасанды үш-төрт беттік макияж мүлдем көрінбейді. Сонысымен баурайды. ТАБИҒАТ. АДАМ. СУРЕТКЕРЛІК. ТЕРЕҢ ПСИХОЛОГИЗМ. Міне, осы ұғымдар Әл­жантегі шығармашылығының негізгі тіні. Мәселен, әлеуметтік конфликті алайық. Ол бар. Тек әлдекімдерше «төніп-төніп» келіп кетіп қалмайды. Өреңіз жете ме? Бажайлап көріңіз... «Беу-беу дүние-ай! Кiмге опа берген мына жалған!.. Бiр қарағанға жер басып жүрген адамдардың “қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ”. Тоқ көңiлдене ыржиғанда екi езулерi екi құлақтың түбiне iлiнген де қалған. Ал, iшiне үңiлсең ше? Айтпа! Бұрқап жатқан дауыл, қоздап жатқан шала осында. Адамзат соны бiлдiрмес үшiн сақылдап күледi. Жүрiсiнде екпiн болатыны, күлкiсiнде жылау сарыны сақталатыны осыдан. Қуану мен қайғыру үстiнде көздерден жас таматыны да кереғар әлемнiң шарпысуының салдары. Қайсысының қашан үстемдiк алары беймәлiм. Жалпы, өмiр дегенiңнiң өзi беймәлiм дүние. Сақылдап тұрып сарнау, бар боп тұрып жоқ болу, бақытқа бөленiп тұрып есеңгiреу, мiне, бұның бәрi қиғаштық пен белгiсiздiк белдеуiнiң әсерi. Белгiсiздiк бедеу биедей аспанда да, жерде де тебiндейдi. Азбанның оқыранғанына исiнбейдi де. Исiнiс жоқта илiгу жүрмейтiнi әу бастан мәлiм. Ендеше, одан қайыр күту қайтарымсыз әлемге қадам басу. Бiрақ дәл осыны пенде атаулы ұқса да ұқпаған болады. Сөйтiп, өзiн-өзi керiтартпа тағдырға байлап-матап бередi.
«Беу, жалған! Беу-беу опасыз дүние!» деп толғанады автор «Жалғанның жанды қуыршақтарында». Мұны біз тұздық деп алалық. Хикаяттың өнбойында кейіп­керлердің ойына ұласқан бейтарап толғам жатады. Жолшыбай оны да аңғара жатармыз. Әзір хикаяттың өзіне көшелік. Бұл шығармасында қаламгер мәтінге урбанизация мәселесін қылаңытады. Берекесі қашқан ел. Ауылдан қалаға шұбырған жұрт. Бірлі жарым түтіні қалған ескі жұрт. Әлдінің әлсізге деген келемежі айтпаса да түсінікті. Бұл арада суреткер тек бақылаушы ролінде. Жанды қуыршақтар: кәрия Берлібай, құныс Қаманай мен оның сорлы әйелі Асылзат. Барлығы да бір шағын жұрттың шаруалары. Ертеректе әжептеуір ел болған, аймақты ауыл болған. Нарық келді. Халық қалаға жосыды. Шамасыздары осы арада күн көруге бейіл. Мехнатына да, бір күнгі алданыштарына да көндіккен қалыптары. Берлібай жаңа түскен Асылзат келінге ынтығады. Сүю мен сүйсінуін ажырата алмаған ол түртінді тірлігінен біразға бой суытып ойланатын адам. Бір қараса өзі де кеше аттан құлаған ағасының әйеліне әмеңгерлік жолмен қосылған. Әкесі айтты – бітті. Кесті – үзілді. Асылзаттың тағдыры да сол. Бұл параллелизмнен нені аңдауға болады? Бұл қос тағдырдың шендесуінен феодализмді аттап өтіп капиталистік өмірге дереу кіріккен қазақтың санасын көреміз. Біздің нарыққа енгенімізге бір ғасыр болған жоқ. Бірақ, нарық өз дегенін жасап жатыр. Қызын не ұлын ата-анасының өзі құп көрген адамына телу қалалық қағылез елдің есіне де кірмейді. Таным 180 градусқа өзгерді. Міне, автордың жасырғаны осы. Қазақы таным. Қазақы психология. Соның жойылып бара жатқандығы. Ескі жұртта қалғандығы. Осы ойды автор тірлік үстінде қарекеттенген типтік образдардың күнделікті әрекетімен астастыра салған. Табиғаттың төлі мен бетонды баррикаданың баласының ымыраға келмейтін сана шайқасын әдіптеп көрсетті. Енді манағы біз айтқан тұздыққа ерік берелік.
«Пай-пай, жалған-ай! Көненiң көздерi жалғанды жалған деп үкiлегенде адамдық болмыстың мәңгiлiк дүниеде жарқ етiп өте шығар сәттiк құбылыс екенiн тым ерте пайымдап, соны ұрпақ зердесiне сiңiруге тырысқан екен-ау. Бiрақ, оны селтең ұғым бiрден қабылдай алды ма? Секемдiгi аз, секектiгi көп балалық, серiлiгi мен перiлiгi қатар андыздаған жiгiттiк, әрине мойын бұрғызбады. Ала-ғұла ағалық та алаңғасарлықтың ауын тартудан аспады. Тек күш қайтып, көңiл бастыққан шамада құлақ түргендер алыстан талып жеткен жаңғырықты емiс-емiс есiттi. Оны зерделегенше және жоғалтты. Одан әрi өкiнгеннен не пайда, опынғаннан не қайыр?! Жасаулы көш ұзап кеткен. Тақырда қалғандардың басқа бiтiрерi де шамалы. Өмiр осылай өң мен түстiң арасында өте шығады. Соңында барға да, жоққа да қанағатсың. Қанағаттанатының iзiм-қайым дүниенiң есiгiн жабасың. Яғни, мұнан жоғалып тынасың. Ал, арғы жағында... Онда тағы белгiсiздiк». Бұл Берлібайдың күнделікті ойлайтын ойының бірсыдырғысы ғана...
Әрі қарай... әрі қарай Берлібай бәйбі­шесінің дүниеден озарындағы бақұлдасуы. Ұл тауып бере алмағандығы, оның да өзек өртер өкініші екен. Өнген қыздары кетіп тынды. Берлібай жалғыз қалды. Оттың басы. Ошақ отын көзі тірісінде өшірмеу керек. Бұл ненің нышаны? Бұл іште сан жылдар бұйығып жатқан қасиетті адалдық пен тұрақтылықты санаға сіңірген аталардың ұлы ұғымның нәтижесі. Автор соны меңзеп отыр. Сюжет осыған мәнзелдес. Біз сан ғасыр еркіндік аңсадық. Әу бастан өмірге шөлдеп келдік. Сол шөл мен дербестікті Анақарыстан бастап Әлжантегіне дейін әлі сөз етіп келеміз. Жә. Тәуелсіздікке жеткен екенбіз. Оншақты жыл масайраған екенбіз. Ал, сонымен не біте қалды екен? Кенет айналамыздың барлығы қып-қызыл дағдарысқа айналды да кетті. Қазақы басылымдар саны күрт төмендеді. Көркем өнер иелері дағдарды да қалды. Есесіне арзан детектив пен жезөкшелікті насихат қылар сары басылымдардың дәуірі келді. Әдебиетке шын мәнісіндегі адал жандар «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шынымның» күйін әлі кешіп отыр. Бір қазақты ойландыратын есі дұрыс әдебиет өлімші хәлде. Жоғарыда біздер сөз еткен алпысыншы жылдардан бастап біздік проза біртін-біртін оқшауланып, мемлекеттен бөлініп шыққанын кеш бажайладық. Ақыры әркім өзді өзін ұлы қылатын керенау самиздаттың есігін қағып қалыппыз... Алаштың бар ойшылын жалғыз көзімен бағып елеп-екшейтін көркем әдеби сынның да сағы сынды. Сондығынан оқырман дейтін халық алдына келіп, қолына тигенін талғамай жұта салатын қабан кейпіне енді де кетті. Ал, хош делік. Мақсат о баста опыну емес еді. Амал нешік жүзжылдықтар бойғы тарихи тәжірибе алдымызға осындай өкінішті парадоксты тартты. Сөйтіп, жазушының да, оқырманның да қадірі кетіп тынды. Оқу да қызықсыз. Жазу да қызықсыз. Бұл жағдай алдымен қоғамның ең қорғансыз бөлігі интеллигенцияның жүрегіне қанжар болып қадалды. Есесіне бұқараны жұбататын ғаламтор жапырағын жайды. Сауыққой дүниелер көбейді дегендей ғой. Кіресіз де меңгере бересіз. Осындай жағдайда жазушыға не қыл дейсіз?! Сен енді ешкім емессің деймісіз?! Жоқ әлде 2000-3000 данамен шыққан кітәбіңды ал да өзіңнің әжетіңе жарат дейміз бе, қалай?!
Осының барлығына қарамастан қазіргі қазақ прозасы әлі де бостан. Әлі де бейкүнә. Әлі де мөлдір қалпында қағаз бетіне тамып тұр. Бұл біздің өлмеген рухымыздың тобасы болар. Эпилогы қасіретпен аяқталып жатса да бойына қасиет үстеп тұр. Әттең, әттең, манағы ойға салмақ салар үрдістерді хирургиялық көзбен бажайлап қарар уақыт пен адамы болса деп елегізисіз. Төкен ағамыз осы бір мехнатқа толы ауыр һәм қасиетті жолды өткеріп жатыр. Қаламы қаңтарылмағай деп тілейік. Қаңтарылмағанын өткен жылы «Фолиант», биыл «Хантәңірі» баспасынан жарыққа шыққан «Арландар апанында өлмейді», «Егіз арна» кітаптары дәлелдеді. Екі жинақ бас-аяғы он жеті хикаятты біріктіріпті. Тағдырлар тоғысын, уақыт таразысын санаға тартқан он жеті шығарма. Мұнда тарихи жады да, сонымен қатар, былайғы жұрт «бүгінгі прозадан қазіргі заман ажарын танытатын еңбектерді көре алмаудамыз» деп жүрген күңкілді жоққа шығаратын туындылар шоғыры да жетерлік екен. Әсіресе, жұрт әрі-сәрі күйді бастан кешкен өтпелі кезең мен соның салқынынан айықпаған бүгінгі шындық жазушы қаламын шыңдай түседі. Оған «Бақытқа әркімнің де бар таласы», «Алма-кезек дүние», «Бақыр басты еркек», «Шеңбер», «Арландар апанында өлмейді» т. б. повестерін оқығанда көзіңіз жете түседі.
Түсіңізде қасқыр көрсеңіз қайтып жорыр едіңіз? Әсіресе, арланын. Бұл енді, сөздің ығыты ғой. Қалай жорысаңыз да жамандыққа баламайтыныңыз бұлтартпас шындық. Ал, өмірде бәрі өзгеше өрбімек. Осыны ескере отыра және бір шығармаға назар аударалық. «Арландар апанында өлмейді». Тақы­рыбы: Адам саудасы. Жетімхана тәлімгерінің қыршын ғұмыры. Идеясы: «Жаным арымның садағасы». Сюжет пен композиция байланысы: Көкшулан мен Асқардың шендескен тағдыры. Авторлық көзқарас: негізге талпыныс. 
Хикаяттың шығармашылық өмірбаяны жараланған көкшуланның қалтарыстағы жан азабынан басталады. Бөрісырғақтың кезіндегі сыңарынан айырылуы әлгі арланның көзіне қан толтырады. Ақыры аңшы біткенге айлар бойы алдырмай жүрген шоңғал бөрі жастығын ала жантәсілім етуге мәжбүр. Сол екі арада өзін-өзі енді танымаққа ұмтылған Асқардың өз өмірі басталып жатқан-тын. Жетімхана. Алдану. Қыстаққа барып басыбайлы құлдық ғұмыр кешу. Тағдырының таңғаны осы болды. Өлген қасқырдан қайсарлық аңдаған ол да өз өміріне өзі қожа болуға ұмтылады. Қожайыны Бірназардың шеңгелінен құтылмақ арпалысы егжей-тегжейлі баяндалады. Екеуі де сайын даланың еркін жан иелері. Тек сол еркіндікті кім бере қойсын оларға... Сөйтсек, жаратылған жаратылыстың бәрі дербестікке өлердей ұмтылатыны табиғаттың бұлжымас қағидасы екен ғой. Бұл жолы автор адам болмысын сюжеттік шегіністерге, лирикалық қайырымдарға, портреттік детальдарға жасырады. Мәселен қыстақ қожайыны Бірназарды алайық: «Қожайынның есімі – Бірназар. Аласа бойлы, төртпақ, қарасұр адам. Жасы елулерді еңсерсе де егделіктен гөрі ереуілдікті алға тарта өз-өзінен болып-толып жүретін еркек. Мінезі шатақтау. Кіді көңіліне бірдеңе жақпаса немесе айтқаны дер уақытында орындалмай қалса жалдамалы малшылар тұрмақ жанындағы әйелінің де ауызын күншығысқа қаратып жіберуден тайынбайтыны нақ. Осыдан хабарлары барлардың оның жел жағына шығып кетуден сақтанып жүретіндері белгілі». 
Проблема: Үстемдік пен дербестіктің, парасат пен парықсыздықтың, ұждан мен ұятсыздықтың, адамдық пен адалдықтың ымыраға келмейтін мәңгілік арпалысы. Енді, көркемдік шешімге келсек. Автор арланды ажалға,  Асқарды оққа неге қиды екен. Біздің паймымызша суреткер екеуін шендестіру арқылы күрескерлік, бірбеткейлік, тектілік, дегдарлық деген асыл қасиет иелерінің дәм-тұзының бір мысқалдық кемдігін айғақтағандай. Қасиетті нәрсенің қасіреті қатар жүретіндігін аңдатқандай. Әсілі, манағы ойға салмақ салар дүниелердің бәрі Тәңірдің жазушы халыққа артқан аманаты іспетті. Әйтпегенде, оны жазбақ түгілі ойланудың өзі жаныңызды түршіктіріп жіберері һақ. Не дегенменен, адам бар жерде конфликт болатынын, һәм ол табиғатпен астасып, біте қайнасып жататынын күнделікті өмірде сезініп жүргенімізбен оны парықтап жатқанымыз шамалы. Санаңа әлденені парықтатып «соқырға таяқ ұстатқандай» ғып жеткізетін де жазушы. Осы арада Төкен Әлжантегі бақытты деп айтуға негіз бар. Өйткені, ол оқырманын емес, оқырманы оны іздеп жүреді. Сағынады. Қалғаны «тасталған тақияның жерге түспей тұрған» кері де.
Соңғы уақыттар шамасында көбімізді «бүгінгі прозаның аужайы қалай?» деген сауал жиі мазалайтындығын несіне жасырамыз. Әркімнің жауабы әртүрлі. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында темірқазық боп тұрар идеоло­гияның сұйылып кеткендігінен болар, қаламгер қауымы тақырып ізденісімен әжептәуір әуре болғаны бар. Біреулері осы күнімізді қалтқысыз баяндауға тырысса. Екінші біреулері «модерн», «фэнтэзи», «мистика» секілді тосын терминдермен «сырқаттанғанын» бай­қатып алды. Ал, қазақ әу баста оны қабылдамақ түгілі ондайға көз тастап қарағысы да келмейтін. Стилистикалық эксперименттер қатары да ұлғаймаса сиреген жоқ. Нәтижесінде әдеби тілдік норма бұзылды. Қоғамдық пікір екіжар қалыпқа енді. Сондығынан қоғамдық пікір қалыптастыруға қауқарлылары «біз жаңа әдебиет жасап жатырмыз» деп бұлбұлша сайрап әлі күнге дейін жүр. Ал, оның дұрыс-бұрысын парықтап жататын мемлекеттік бір де бір институт жоқ. Қалғаны іштен тынды. Жан әлеміміздің бәрін торапқа ауыстырмақ болғандар игі мақсатқа кешеуілдеп жетіп жатыр. Ғаламтор елді бақытты қыла қоймады. Әр оқырман тілдік қорында 1000-2000 сөздік қоры бар дүбәра қалыпқа енді. Ондай жаңа қазақтардың өсек-аяңнан басқаны оқуға қауқарлары жетпейді. Тіл білетін шынайылар қалтарыста қалып қойды. 
Екімыңыншы жылдардың басында науқаншылық қайта бой көтерді. Ананың бәленбай жылдығы. Барлығымыз соған ода жазамыз да бәйгеге түсеміз. Мынаның бәленбай жылдығы. Кеттік ойбай. Осы акция түрленгені болмаса әлі сол беті. 16 облыстың бір-бір дүрі бар. Солардың айтқаны – қоғамдық пікір. Сол себепті, осы уақыт аралығында прозаның тамырын Күреңбай көзімен қарайтын сарапшылар некен-саяқ. Бір қуанатынымыз жазылған дүние қатталып жатыр. Қазақ жаһанданып жатыр. Кідіріс жоқ. Есесіне әдебиеттегі процестер шетелде әлдеқайда актуальді. Кез келген дүниеге қыруар ақша шашып бренд қылу оңайдың оңайы. Ал, қазақ әдебиетіне келгенде көзге ілінген бір де бір мегажоба жоқтығы көңілге пәс. Жасанды фестивальдер ештеңе өзгертпейтінін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Кейбір сарапшылар қазақ көркемсөзінің нарыққа бейімсіздігін алға тартады. Отаныңды шет елдің бояуы қалың «қарынды» кітап-жорналдары басып жатса қайдан оңа қояр екенбіз. Қалай айтсақ та, қалай тартсақ та шығатын тоқетері біреу. Қазақ кітәбіне инвестиция қажет. Қазақ жазушысына статус керек. Сонда кітәбіміз бестселлерге айналып жазушымыз ардақталмақ. Әлемде өз үніміз қалмақ. Бұл да бір ойтамызық. 
Түйіндесек. Әлжантегінің жазушылық күш қарымы жоғарыда сөз еткен шығар­маларымен ғана шектелмек емес. Бұл көр­кемдікке сүйсінген танымның тамшыдай бір тұтамы ғана. Ағамыздың драматургия, музыка салаларында да өнікті еңбектері жетерлік. Ол жайлы сәл кейінірек... Иә, жазушыға тән көркемдік шешім мен тіл байлығы Төкен Әлжантегінің қай шығар­масына да тән. Оның қаламынан туындаған әрбір шығарманың оқырманын баурап әкететіні сөзсіз. Олай болса, қалам иесіне алдағы уақыттарда да жемісті еңбек тілейміз.

559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз