• Еркін ой мінбері
  • 10 Мамыр, 2017

Бір тауыққа бір тауық, үн қосады қыт-қыттап... философиясы

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ-публицист

Шығыс жыл санауы бойынша биыл тауық жылы. Соның әсері ме білмедік, әйтеуір, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзяев Нүкісте «ауылда тұратын әр отбасы кемінде 100 тауық ұстауға міндетті. 100 тауықтан аз дегенде 50 жұмыртқа алып, оның 40 данасын сатып отырса – кедейлер болмас еді» депті. Иә, жылқының еті тұрғанда қой етіне мұрын шүйіретін қазекең бұған күле қарауы мүмкін... Бірақ, күлмес бұрын осы сөздің астарына терең бойлап алған дұрыс па деймін? Сонымен, «бір тауыққа бір тауық, үн қосады қыт-қыттап» деп, әңгімемізді бастайық...

Арбакештің жақсылығы

1978 жылы студент едік. КазМУ-дың 3-ші курсын бітіріп, Шымкенттің Шаян ауданына «шабашкаға» (көлденең табыс табуға) кеттік. Тамыздың ортасына жұмыс біткесін, киім-кешек алайық деп төрт жігіт Тәшкен бардық. Түннің бір уағында автовокзалда қораланып тұрсақ, тәшкі сүйреген өзбек жігіті келіп: «қонақ үйге көмектесейін бе» дегені. Қуана келістік. Ол телефон-автоматтан біреуге қоңырау шала бастады. Сағат түнгі үш. Шамалыдан соң: «Орталықта комсомолдың «Юность» деген қонақ үйі бар. Бірінші хатшымен сөйлестім. Сіздерге орын дайын. Таксимен бара беріңіздер» деді. «Опырмай, бұл не деген май шелпек» деп, таң қалып біз тұрмыз. Танымайтын тәшкәші өзбек жігіттің қолына бір сом ұстатып, қонақүйге тартып кеттік... Келсек, бейнебір, ресми делегация келгендей қызметшілер аяғынан тік тұрып, күтіп жүр – қалаған орынға орналастырып бәйек болды! Менің Өзбекстанмен таныстығым осылай басталып еді...

Етті еліңе барып же!

Екінші таныстығым елдің бәрі саудаға бет бұрған 90-шы жылдардың қиын кезеңіне тап келді. Бірде қытайлық ұйғыр саудагеріне делдал болып ғылым докторы Қасым ағамен (фамилиясын ұмыттым) Тәшкенге келдік. Ол осы жақтың тумасы. Алдымен, сағыныш болар, Қасым ағаның балалығы өткен көне шаһардың ирек көшелерін ұзақ араладық. Түске Төле бидің (өзбектер Қарлығаш би дейді) басына барып, Құран бағыштап, шыға келе өзен үстіне салынған дәмханаға бас сұқтық. Онда бір жағымсыз жағдай болды: аспаз қазақ екенімізді біліп «етті елдеріңе барып жейсіңдер» деп, палауға ет салмады. Стол басында Қасым аға осыны қынжылып айтты...Сол кезде көрші столда коньяк ішіп, тойлап отырған 3-4 жігіттің бірі әңгімемізді естіген болуы керек, орнынан тұрып кетті... Аздан соң біздің дастарханға буы бұрқырап, еті мол жаңа палау келді. Ал, әлгі өзбек жігіті өз қандасының қателігі үшін кешірім сұрағанда – намыстан жарылардай боп отырған Қасым аға жылап жіберген еді...

Хорезмге құдалық сапар

Алматыда қазаққа сіңген Базарбай деген өзбек жекжатым бар. Ол, баласының үйленуден жолы болмағасын, «өзбектен қыз айттырамын» деп – менен құда ретінде еруді өтінді. Сөйтіп, 2005 жылдың жазында «құдалар» Өзбекстанға келдік. Алдымен Тәшкенде Базарбайдың күйеу баласының үйінде қондық. Байқағаным: балалар орыс тілінен алшақтап, таза өзбектеніп үлгеріпті. Көшеде кездескен өзге ұлт өкілдерінің бәрі де өзбекше сайрап тұр – менің оларға қызыға да қызғана қарағаным рас... Келесі күні Хорезм облысына аттан­дық. Жол ұзақ. Жол-жөнекей таксист қа­зақ­тарды жамандап анекдот айта бастады. Әңгімесінің таусылар түрі жоқ – бірін түсініп, бірін түсінбей мен отырмын. Сосын, Базарбай оның құлағына «ортамызда қазақ отыр» деп сыбырлап еді, әңгіме сап тиылды. Базекең болса «бұлар таза емес, парсы шатыстар» деп жуып-шайған болды... Екеуміздің қолымызда екі пакет толған ақша. Ташкент базарында ірі ақша болмай, өз қалтамдағы 26 мың теңгені үш сумдықтарға айырбастағам: сөйткен 260 мың сумым пакетке әзер симасы бар ма? Базарбайда одан да көп, бір жағынан соған да алаңдаулымыз... Түн жамыла Гүрлен қаласына келіп жеттік. Базарбайдың ағасы Мәттіүсәп ака палауын дайындап, күтіп отыр екен – дастарханға жайғастық. Көрші-қолаңдар, маққаланың сыйлы адамдары жиналыпты. Әңгіме барысында олар біреулері баласының, біреулері туысының Қазақстанда жұмыс жасайтынын мақтанышпен айтып отырды. Олар үшін бұл мәртебе екені білініп тұр. Көк шәй ішкеннен кейін сыртқа шықтық. Біраз адам мені «жағалап» жүр. Әңгіме төркіні «Қазақстанға қалай бару керек?», «Жұмысты қалай табуға болады?» деген сұрақтар төңірегінде. Кейбірі менің көмегімнен «үмітті» екендерін де жасырмады...

«Кәтта қошқар»

Ертесіне құдалыққа барғанда бір қызық жағдай болды. Әдетте, өзбектер қонақ күтер залды кең салады, жерге көрпе төсеп, қос-қос жастықтан береді. Ол жағынан келгенде қазақтан айырмашылығы шамалы. Ізеттілігі жағынан көш ілгері десе де болады. Осылай, жайғасқан соң әңгімелерін айта бастады. Негізі, хорезмдік өзбектердің тілі қазаққа біршама түсінікті. Сірә, олар ішкері жақ­қа еніп, парсытілдес халықтармен ара­ласып кеткен қандастарына қара­ғанда біздің (қазақпен) бір ел болып тұр­ған кездегі тілдерін көбірек сақтаған сыңайлы. Және «Хорезм мақамдары» деген атпен танылған әндерін қатты мақтаныш етеді. Оның үстіне ұзақ дас­тандар айту дәстүрі де бұл жерлерде сол қалпында сақталып қалған. Сондықтан, мен оларды біршама толық түсініп отырдым. Сонымен не керек, кешігіп қо­нақтары келіп жатты. Кіргені иіліп сәлем бере: «Әй, әй! Неткен кәттә қошқар – нағыз қошқар екен жүдә» деп айтудан жазбады. Сосын, мен ойға кеттім: «сыртта адам айтқысыз бір қошқар байлаулы тұрған болар» деп. Аздан соң, сылтау тауып сыртқа шығып, қошқарды іздейін. Сөйтсем, дарбаза алдындағы аздаған көкке үлкендігі ерте туған қозыдай, иілген бас бармақтай мүйізді қара қош­қар арқандаулы тұр. «Оу, құдалар, кәттә қошқар осы ма?» деп сұрасам, бәрі бір ауыздан «Осы! Осы!» дейді қалбалақтап. Шыдай алмадым: «Бізде үлкен табақ тартудың алдында қуырдақ деген болады. Мынадай қошқар соған сойылады» деп едім, өзекеңдер біразға дейін үнсіз қалды...

«Шумахер»

Құдаларды Хиваға апарамыз деді. Ол Гүрленнен 50-60 шақырымдық жер. Оған Мәттіүсіп әканың «Москвич» машинасымен баратын болдық. Рулге бұрын өмір бойы «Жедел жәрдем» машинасында шопыр болып істеген, қазір мәкқала мешітінің имамы болып істейтін Мәттіүсіптің өзі отыратын болды. Қасында жасы 80-ге келген, үлкен қызынан құдасы отырды. Ол да имам. Артқы жақта біз. Таңертеңгі шәйден кейін жолға шықтық. Өзбекстанда біздегідей шетел машиналары жоқ, кілең кеңестік заманнан қалған машиналар мен Өзбекстанда жасалған «Нексиалар», «Маттистер». Келе жатырмыз. Терезеден соққан жел жанға рахат. Бір уақытта үлкен құда Мәттіүсіпке: − «Құда машинәң жүдә жақсы екен» деді. Мәкең рулге қонжия түсті. Алда кіл жастар мінген Нексия кетіп барады. Үлкен құда айтты: − «Анау Нексиядан оза аласың ба?» деп. Мәкең: − «Сол да сөз боп па!» деді де, газды басты. Жастар да қағынған екен, жарыса жөнелді. Бос жолда қатарласа жүйткіп келеміз. Бір уақытта, біздің машинаның доңғалағы шоқалаққа тиіп, бағанадан істемей келе жатқан радио Өзбек радиосындағы жалғыз шет ел эстрадасы арнасына бар даусымен қосыла кетпесі бар ма? Осылай, даңғырлаған музыкамен қышлақ көшесіне ендік. Көше бойы жүргендер сақалдары желп-желп етіп, бір қолы тақияда, екінші қолы рулде және ұстағышта отырған екі имамның музыканы барынша бақыртып, зулап бара жатқанын көріп «астапыралла, астапыралла» деп жатты... Олар бұлардың радионы өшіруге де, арнаны ауыстыруға да мұршасы болмай келе жатқан мүшкіл қалін қайдан білсін!

Тауыққа қайта оралсақ...

Өткен жолы Шымкенттен Марат Борықбай дос мынадай хабар жіберіпті: «Он жыл алдын өзбектер қазақты «өзге планеталық» санаушы еді... Осы күні олар да таразылай бастапты. «Қазаққа қырғыз бауырдан гөрі жақыны біз. Біз кешеге шейін бір ел болғанбыз» – дейтін болыпты» деген. Әрине, қазақ халқы үшін қырғыздың да, өзбектің де орны бөлек. Біз оларға ешқашан «сен – жақын, анау – алыс» деп айтқан емеспіз. Біз үнемі «қырғыз-қазақ бір туған», «өзбек – өз ағам» дегеннен жаңылған емеспіз. Тек, Кеңес заманының жымысқы саясаты бауырлас өзбек пен қазақ халқы арасында бәсекелестікті өршітумен болды. Нәтижесінде, қазақтар орыс халқымен тілдік-мәдени ассимиляцияға көбірек ұшырап, ал, өзбектер оны жат санап – екі халықтың арасына көзге көрінбетін сына қағылғаны рас. Бірақ, тарих Қазақ хандығы құрылғанға дейін «протоқазақтар» және «протоөзбектер» бір мемлекеттік кеңістікті құрағаны туралы айтады. Осыны әл-Фарабидің 1100 жылдығы алдындаТашкент қаласында өткен конференцияда «фарабитану» ілімінің не­гізін қалаушы, ҒА корреспондент-мүшесі Машанов Ағжан Жақсыбекұлы айтқан болатын. Сондықтан, өзбек халқының жағдайына біз де бей-жай қарамауға тиістіміз. Тәуелсіздік алғаннан бері өзбек халқы еселеп өсті. Қазір, онда 32 млн. 121 мың адам тұрады. Ділі мен тілін сақтап, дамытып жатыр. Әрине, өзбектер, негі­зінен, суармалы жерлерде шоғырлана орналасқандықтан, онда жайылым мә­селесі өткір. Тіптен, аз ғана малын арық-арық жағасында жетелеп бағып жүр. Неткен еңбекқорлық десеңші! Әрине, Қазақстанмен шегаралас аудандарда жайы­лымдық жерлер бар. Бірақ, ондағы ха­лық көшпенді мал шаруашылығына айтарлықтай бейімделе алмай жатыр. Сондықтан, президент Шавкат Мир­зияевтың Нүкістегі сөзінде тек «тауық мәселесі» айтылмаған болар деп ойлаймын. Кең мағынасында, ол көтерген мәселенің астарында «ұлт денсаулығы» және «ұлттық тәрбие» тұр: себебі, егер, ұсынысты өзбекке тән еңбекқорлықпен, ыждағаттылықпен ұштастырса, онда бұл табиғи азық-түлік өндірісін дамытуға, халықтың денсаулығын жақсартуға, халықтың іскерлік қабілетін оятуға ықпал етері сөзсіз... Бірақ, бізде өзбек президентінің бұл сөзіне мысқылмен қараушылар болды. Оларға: «Мысқылды қоя тұрып, осы бағыттағы бизнесті қолға алайық деңіздер» дер едім...

 

618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз