• Еркін ой мінбері
  • 08 Қараша, 2012

ТӘКЕНТАНУ ТАҒЛЫМЫ Әдебиеттанушы ғалым, сыншы Қансейіт Әбдезұлының шығармашылығы жайлы штрихтар

Нұрдәулет Ақыш, жазушы

Жиырма бірінші ғасырдың екінші он­жыл­дығынан бастап қазақ әдебиеттану ғы­лымы аналитикалық сапасы жағынан белгілі бір өзгерістерге ұшырай бастағаны байқалады. Алдымен назар аудартатыны – көркем шығармаларға баға беру жолындағы талдаулардың обьективті межені көбірек көздеуі, шығарманың кемшілігінен гөрі ұнасымды тәуір қырларын бажайлап беруге ден қоюшылық, Кеңес дәуіріндегі идеялық көркемдік деген біртұтас ұғымды майдан қылшық суырғандай ажырата сөйлеп, идеясынан гөрі көркемдік деген сыңарына баса мән беру, тілдік қолданыстарды талдауға келгендегі сараңдық сияқты ортақ үрдістер. Бұл сипаттардың әдебиеттану ғылымын жаңа межеге көтере алатын қырларымен бір­ге, тартыншақ тұстары да жаңа ғасырымыз, осы екінші онжылдыққа аяқ басқан тұстарда айқындала бастады. Көркем шығарманың бойындағы негізгі тәуір белгілерін ашып, айқындап жеткізу, оның көркемдік талаптарға лайықты немесе лайықсыз болып келетін басты ерекшеліктерін тап басып көрсету, бұл тұрғыдан әдебиеттану ғылымының ежелден келе жатқан теориялық арсеналдарын өз орнымен қолдана білу деген мәселелер де күн тәртібінде тұрғандығы байқалады. Көркем әдебиеттің сыны өзінің нақты міндетінен гөрі жалпылама ойларды ғана айтуға бейімделіп алғаны да – қалыпты құбылыс болып алды. Ең алдымен, төл әдебиетіміздің емес, шетелдік әдебиеттің тәжірибелерін, шетелдік ғұламалардың айтқан ойларын ортаға салуға бейім сыншыларымыз көркем туындыларды нақты талдап беруден гөрі өзінің интеллектуалдық деңгейін, білімдарлығын көрсетуге құштар. Уақыт қалса, сөз соңында жекелеген шығар­малар жайлы тиіп қашты бірдеңе айтпақ болған эссе сипатындағы шығар­маларды туған әдебиетке жаны ашыған нағыз сын деуге де келе бермейді. Әдебиеттанушы ғалымдардың бір бөлігінің әдебиет сынына да ара кідік ат басын тіреп оты­ратыны да осындай зәруліктің салдары болса керек. Кеше ғана арамыздан өткен Р.Бердібаев, З.Серікқалиев, Р.Нұрғалиев, Ә.Нарымбетов, Сайлаубек Жұмабек, А.Егеубаев, Б.Майтанов қомақты да мағыналы еңбектерімен қазақ әдебиеттану ғылымының мойындалған майталмандары еді. Ал, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов тәрізді аға буын өкілдері бүгінгі әдебиетіміздің даму қарқынын бажайлай отырып, қаламдарының қарқынды қуаттары арқылы әлі де алдыңғы қатардан көрініп келе жатқандарына шүкіршілік етеміз. Олардың ізін басушылар Ж.Дәдебаев, Б.Кәрібаева, С.Негимов, Т.Жұртбаев, Б.Ыбырайымұлы, Т.Тебегенов, Қ.Ергөбек, У.Қа­лижанов, Қ.Әбдезұлы, С.Әбдірахманов, З.Бисанғали, А.Ісмақова, Г.Пірәлиева, Г.Орда, Д.Қамзабекұлы және тағы басқалары бірігіп, әлеуетті де тегеурінді топты құрайтыны сөзсіз. Бұлардың әрқайсысының ғылыми шығар­машылықтары жинақтай сөз етуді қажетсінетін деңгейге де жетіп қалғаны бай­қалады. Әдебиеттану мен әдеби сын саласында отыз жылдан астам уақыт бойы қаламының тұнық сиясын, маңдайының ащы терін төгіп, уақыт алдыға тартқан талаптардың үдесінен көрініп келе жатқан осындай ғалымдардың бірі – Қансейіт Әбдезұлы. Осы уақытқа шейін оның жарық көрген онға таяу еңбегінің осал жазылған тараулары кем де кем. Мен бұл пікірді аталған ғалымды асыра мақтап жібермеу үшін сақтықпен айтып отырмын десем де болады. Осы жоғарыда аталып өткен ғалымдардың қай қайсысы да ғылымдағы зерттеушілік ізденістерімен, жазу мәнеріндегі өзіндік қол­таңбаларымен қазақ әдебиеттану ғылымын дамытып, қалыптастырып келе жатқан еңбек­торылары. Олардың шығармаларымен жиі та­ныс оқырмандар, тіпті, сөз саптастарынан, ой қорытуларымен, шығарманы талдау әдіснамаларынан ажыратып ала алады деуге болады. Мысалы, Ж. Дәдебаев ең алдымен деректілікке, қалыптасқан теориялық ұстанымдарға арқа сүйеуге бейім болса, Б.Кәрібаева, Б.Ыбырайымұлы өз талдау өзегі етіп алған нысанның көркемдік болмысына күрделі сөйлемдер арқылы барлау жасағанды жөн көретін ғалымдар. Ал, осындай әріптестерінің арасында Қансейіт Әбдезұлының өзіндік талдау үдерісін, ғалымдық дара қолтаңбасын қалыптастырып үлгергендігі даусыз. Ол Б.Майтанов немесе А.Ісмақова тәрізді таза теориялық мәселелерді көлденең тартып, айтар ойын сол жағынан қаузап кетуді мақсұт тұтпайды. Немесе шығарманың көркемдік бітімін оның оқиғасын мазмұндау арқылы айқындап беруді әдіс ретінде таңдап алған С.Қасқабасов, Г.Орда сияқты ғалымдардың ұстанымын да үлгі етіп алмайды. Көркем туындының болмыс-бітімін оқырманның санасына жеткізу жолындағы оның өзінің таңдап алған ғылыми мәнері, талдау әдісі бар. Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» атты романына жасаған талдауының со­ңындағы ғалымның тұжырымы мынандай: «Шығарманың оқиғалық арнасы мезгіл жағынан да, кеңістік жағынан да осынша кең болғанмен, жазушы деректің ықпалында кетпейді, өмірдің мол оқиғаларын барынша сығымдап суреттейді. Сөйте тұра автор әр тарихи оқиғаның мәнін, оның бағасын бірде кейіпкер сөзімен беріп отырады. Бұл орайда өмір құбылыстарын суреттеуден талдау мен бағалау, эмоциялық мазмұннан гөрі, рационалдық жүйе, сезім сырынан гөрі, ақыл тезі басым түседі. Ә.Әлімжанов романының Махамбет туралы басқа туындылардан айырмашылығы да осында» (Әдебиет және өнер, 125-бет). Осынау жалғыз азат жолда, өзі тілге тиек етіп отырған романға байланысты қорытылған ой әрі ғылымилығымен әрі дәлдігімен назар аударады. Сонымен бірге, пікір айтудағы, сөз саптаудағы соны сипаттардың лебі де жоқ емес. Ғалымның бұл келтірілген тұжырымы – белгілі бір шығарма туралы жазылған талдаудың қорытындысы. Кезекті аналитикалық ойларын дамыта келіп, әрбір пайымын, әрбір ұсынысын тұжырымдап сөйлеу, нақты бір қорытындыға әкеліп тіреу – Қансейіт Әбдезұлының қаламына тән сыншылық мінездердің бірі. Көркем әдебиет туындысын ғылым талап­тарына сай өз деңгейінде талдап шы­ғу, базбіреулер ойлап жүргеніндей, бөрікпен ұрып ала қоятындай оңай-оспақ жұмыс емес. Көркем шығарманы талдау ба­рысында тілге тиек болуға тиісті ең негізгі бес-алты фактордың бар екендігі бел­гілі. Біздер, талдаушылар, солардың бәрін қамти бермейміз, осылардың ішінен жекелеген мәселелерге ғана тоқталып, сол өлшеулі факторлардың шырмауынан шыға алмай, қалып қоятынымыз да рас. Баз біреулер, туындының тақырыбы төңірегінде көбірек тоқталса, енді біреулер оның мазмұнындағы жекелеген ситуацияларға көңіл бөледі. Енді біріміз, кейіпкерлердің ара қатынастарын, тағдырларын термелеп, ең соңында олардың қандай шешім тапқанына көңіл бөліп кетеміз. Көркем туындыны әр қырынан талдаудың орнына оған бірден жақсы не жаман екенін айтып, баға бере сөйлеуге бейім болып келетін кездеріміздің болатындығы да жасырын емес. Әдеби сын мен әдеби талдауларды оқыған кезде дайындығы бар оқырмандардың көңілдері толыңқырамай, қоңылтақсып жататындары да сондықтан. Басқасын айтпағанда, біздің сыншы, талдаушы ретінде шығармаға баға беруіміз қаншалықты керек? Ең алдымен шығарманың бүкіл болмыс-бітімін шама-шарқымыздың келгенінше жоғарыдағы талаптарға сай талдап шығудың шарт екендігін неге ұмыта береміз? Сонда ғана біз тілге тиек етіп отырған әдеби нысанның көркемдік болмысын ашып көрсете аламыз ғой. Көркем шығарма туралы сөз бола қалса, баз бір адамдар оны не мақтау керек, не жамандау керек деп қана ұғады. Әдеби сынның басты мәселесі қай туындыны болсын алдымен сауатты түрде талдап шығу екенін ескере бермейді. Әдебиет теориясын алдыға тартсаң, шамданып, шамырқанып шыға келетін сыншыларға не демексіз. Ондайлар «Үйді салуға болады. Бірақ бетоннның, кірпіштің керегі жоқ» дейтін дүміблез құрылысшы тектес. Біздің Қансейіт Әбдезұлынан үйренетін тұстарымыз – оның әдебиет теориясы алды­мызға қойған тиісті талаптардың бәрін болмаса да, түгелге жуық орындап шығуға тыры­сатындығы. Бұндай жауапкершілік нышаны, оның сақа сыншы болып қалыптасқан кезінде ғана емес, алғаш рет қаламды қолына алып, көк балауса талапкер ретінде пікірлер айтуға талпыныс жасаған тырнақалды мақалаларынан да бой көрсетіп қалады екен. Әрине, ол сындары талапқа сай өз деңгейінде шықты ма, шықпады ма дегенге келсек, ол өз алдына жеке мәселе. Өзінің сыншылық, әдебиеттанушылық ұзақ жолында Қансейіт Әбдезұлы қазақ әде­биетінің көптеген белді шығармаларын талдап, талай қаламгердің әдеби портреттерін ғылыми деңгейде сомдауға қатысыпты. Олар­дың арасында М.Әуезовтің «Абай жолы», «Өскен өркен», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Д.Әбілевтің «Ақын арманы», Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат», «Ел мен жер», С.Бақбергеновтың «Қоянкөзге құлаған жұлдыз», Қ.Исабаевтың «Өрде», Н.Әбутәлиевтің «Наркескен», «Өттің, дүние», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Ш.Мұртазаның «Қара маржан», С.Жүнісовтің «Ақан сері», Қ.Жұмаділовтың «Сәйгүліктер», М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық», І.Жақановтың «Ықылас», Ә.Кекілбаевтың «Күй», «Бәйгеторы», А.Жақсыбаевтың «Егес», Қ.Мұхамбетқалиевтың «Бас жұтқан бас», «Орлау», А.Смайыловтың «Арғымақ пен Агба», С.Елубайдың «Ақ боз үй», Ғ.Есімнің «Социализм» және қазақ прозасында белгілі бір із қалдырып жатқан өзге де шығармалар бар. Ғалым-сыншы бұл туындылардың қазақ әдебиетінде алатын көркемдік орындарын дә­лелді түрде айқындай отырып, ішінара өз кемшін деп тапқан тұстарына да тоқталып өтеді. Қай жағынан ақсап тұрғанын да жеткізуге тырысады. Әдеби көркем шығарманы өз деңгейінде талдап шығудың қажетті әдіс-тәсілдерін жете меңгерген тәжірибелі ғалым жалпы әдеби үрдістердің бағыт-бағдарын назардан тыс қалдырмайды. Қандай шығарманы да тілге тиек еткен жағдайда өмір шындығы мен көркемдік шындықтың ара қатынасына, көркемдік шындықты суреткер қиялына сай өрнектеу тәсілдеріне, ерекшеліктеріне айрықша үңіліп отыруға бейім екендігі байқалады. Образдарды сомдаудың тарихи мәні және эстетикалық тағылымы – ғалым-сыншы үшін қызықты да мәнді құбылыстардың бірі. Мей­лі М.Әуезовтің «Өскен өркені» болсын не­месе А.Смайыловтың «Арғымақ пен Агбасы» болсын, зерттеуші ең алдымен көркем туындының бойындағы эстетикалық реңінің құрылу үдерісіне жете үңіледі. Бұл арада ол сюжеттің даму динамикасы мен характердің кеңею үдерістерін қатар салғастырып ала отырып, көркемдіктің үшінші бір атрибутына, нақтылап айтар болсақ, шығармадағы авторлық позицияның айқындығына назар аударады. Бұл арада шығарманы талдап, талқылау барысында ғалымның өз қаламына тән болып келетін аналитикалық әдіснаманың шаң беретіні сөзсіз. Өз заманында Мұхамеджан Қаратаевтың талдаулары әрі шолулық, әрі аналитикалық сипатымен көзге түсетін. Кеңестік дәуірдің сыншысы өз ойларын үнемі саясатпен үндестіре, үйлестіре отырып талдайтыны да кейінгі шәгірттеріне де жақсы мәлім. Ал, Рахманқұл Бердібаев болса, әрбір шығарманың көркемдік табиғатын қазбалай ашып, мазмұндық атрибуттарына молырақ тоқталып отырушы еді. Қ.Әбдезұлының ғылыми ой қорытуы, сөз саптауындағы стильдік ерекшеліктері әде­биет сынында елеулі із қалдырған, бұл екі ағасына да ұқсай бермейді. Оның талдау барысындағы діттеген мақсаты – зерттеу нысанының болмыс-бітіміне жа­қы­нырақ үңіле отырып, оқырманға шығарма табиғатын мейлінше дәл таныту. Бұл жағынан алып қарағанда оның талдау әдіснамасына, ғылыми әрі шығармашылық ойлау жүйесіне ең жақы­ны Серік Қирабаев десе де болады. Аға әде­биет­танушы мен Қ.Әбдезұлы арасындағы осындай жалпы ұқсастық, ойлау жүйелеріндегі сабақтастық алдыңғы ғалымның ұстаз, кейінгі қаламгердің оған рухы жақын шәкірті екендігін байқатқандай. Бұл жағынан алып қарағанда, Қансейіт Әбдезұлының академик ғалымның тікелей көшірмесі деуге мүлде болмайтынын да ескеру керек. Екеуін ұқсастырып тұрған факторлар – шығарма табиғатын тап басып тани білушілік, ойларын жеткізудегі айқындық, ықшамдылық, ғылыми пайым­дауындағы ұғынықты да қисынды тұжы­рымдар. Сонымен бірге, Қ.Әбдезұлының әдеби талдауларын оқып, оның табиғатына дендеп ене түскен сайын, тек өз қаламына тән ерекшеліктерін де біртіндеп тани аласыз. Бұл арада біздің айтқымыз келіп отырғаны – ғалым талдауларының таза ғылыми канондарымен қатып қалмай, көбінесе көркем шығарма тақылеттес тартымды оқылуы керектігіне де назар аудара білетіндігі. Бұл арада ұлы сыншы В.Белинскийдің өз шығармаларын жазу үрдісіндегі стильдік нышандары еске түседі. Оның жазғандары бірыңғай таза ғылыми немесе таза әдеби сын емес, әдебиеттану тақырыбындағы эссе сияқты оқылатынын да айта кету керек. Белгілі бір туындыны (айталық, «Евгений Онегинді») талдай отырып, кеңқұлашты шегіністерге, әлеуметтік бағыттағы эсселік толғаныстарға бой ұруы, ұлы сыншыны жарқыратып көрсеткен жағдаяттар еді. Дәл сондай болмағанымен, Әбдезұлының қисынға негіздеген әдепті ойлары жақсы үр­діске жол ашып отырады. Жоғарыда айтылған пікірлерді жинақтай келе, қазіргі қазақ әдебиеттануда Қансейіт Әбдезұлының өз талғамына лайықты ғылыми ой­лау жүйесі қалыптасқанын, тек қана жүйе емес, қазақ әдеби сынындағы талдау­лар жасаудың белгілі бір үрдісін оңтайлы жол­ға қойып алғанын аңғару қиын емес. Ғалымның ғылыми өмірбаянында көптеген қазақ прозашыларының шығармалары талдау нысаны ретінде орын алғаны мәлім. Олардың бірсыпырасы жоғарыда аталып өтті де. Сонымен бірге, отыз жыл бойына үзілмей, сыны бұзылмай қаламының ұшынан қалып қоймай, үнемі ілесіп келе жатқан бір меншікті тақырыбы бар. Ол – қазақтың көрнекті сөз зергері Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы. Қарасөздің қадірін тереңінен танып, тебірене түсінетін, тек қана түсініп қоймай, соның құнарлы қыртыстарын оқырман алдына тиісінше жайып сала білген бұл қаламгер жайында сөз бен ой тасқынын ағытқан талдаушылар қатары олқы соға қоймайды. Солардың алдыңғы легінен Р.Бердібаевтың, Т.Тоқбергеновтің, С.Жұмабековтің, Ә.Бейсебаевтың және т.б. сыншыларымыздың есімдерін атай аламыз. Бұлардың қай-қайсы да жан-жақты талдай оты­рып, Т.Әлімқұлов шығармашылығын әділетті түрде жоғары бағалай білген қалам иелері. Ал, енді, Қ.Әбдезұлының Тәкен Әлімқұлов шығармашылығына деген ықылас-пейілі өзінше бір жосын. Зерттеушінің пайымдауынша, Т.Әлімқұлов – бірнеше суреткерлік қа­сиетке ие, қаламгерлік қолтаңбасы дара жазушы. Оның шығармашылығына тән басты ерекшеліктер – халық, адам өмі­рін қоғамдағы тарихи мәні жоғары құ­­бы­лыстарды суреттеудегі, халықтың дәс­түр­лі мәдениетін игерудегі эпикалық кең құ­лаш­тылық, нәзік әрі терең психологизм, тіл құдіреттілігі. Әдебиетіміздің алыптары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерден кейін, өз талантымен әде­биет есігінен еркін аттаған Тәкен Әлімқұлов – өзіне дейінгі ұнасымды дәстүрлерден үлгі алып, «өзі де үлгі ұсынған» талант иелерінің бірі. Тәкен шығармашылығын сарабдалдықпен сараптуда Қ.Әбдезұлы тек өзінің көркемдік қабылдауына, жеке танымы мен түйсігіне ғана арқа сүйеумен шектеліп қалмайды. Өзге де пікір айтушылардың дәлелді де тиянақты тұжырымдарына табан тіреп отырады. Сөйтіп, үйлес пікірлер мен кереғар ойлардың арасынан өзінің ғылыми-сыншылдық концепциясын ұсынып отыруға ықылас танытады. Ғалымның көбірек талдайтындары – Тәкеннің «Ақ боз ат», «Ел мен жер» сияқты романдары мен «Сейтек сарыны», «Қақпақыл», «Дүбәра», «Қаратау» сияқты повестері және «Телқоңыр», «Жиендік» «Қараой», «Ұры», «Қаралы қобыз», «Күрең өзен» және т.б. әңгі­мелері. Осынау шығармалардың көркемдік бітімін, авторлық ұстанымын терең де сырлы талдаулар барысында айқындай отырып, сыншы жазушы шығармашылығының жалпы бет-пішінін, өз қаламына ғана лайық болып келетін көркемдік ұстанымдарды желкесінен басып дәл тауып алып, нақтылап көрсетеді. Зерттеушіні қызықтыратын – Әлімқұлов қаламының нәзік шеберлігі ғана емес, тақырып таңдаудағы тал­ғампаздығы, өз табиғатына жақын болып келетін оқиғаларды көркем сөзбен сөйлетуге бейімділігі. Осы аталған шығармалардың аралығына, ортақ бір көркемдік фактордың бары анық. Ол жазушының өнер тақырыбын төңіректей отырып, сол арқылы адамның рухани тереңдей білуі. «Ақ боз ат» сияқты атақты роман жайлы дер кезінде айтылған пікірлер қатарының өзі бір төбе. Қ.Әбдезұлы өзінен бұрын әлеумет назарына ұсынылған сондай сыншылық ойлардың аясында қалып қоймай, оларды одан әрмен жетілдіре отырып, тереңдете түсу арқылы өзінің жеке ғылыми-сыншылдық пайымдауларын көлденең тартады. Аңдап қарайтын болсақ, аталған роман тек ат пен адам тағдырлары туралы емес екен. Онда өнер мәселесіне де әжептәуір орын беріліпті. Көркемдік қалауының ырқымен жазушы тың ойлар, айшықты айғақтар ұсына білген екен және Тәкен өнер тақырыбына қалай келген деген мәселе де сыншы үшін маңызды болып табылады. Бұл тақырыпты қаузаған тұстарда да жазушы жай жадағай ойлар ұсынудан, суретсіздіктен қашады. Жазушы шығармашылығындағы образ бен өнердің қалай кірігіп кеткенін білгіңіз келсе, Қ.Әбдезұлының осы төңіректегі пайымдауларын оқып көріңіз. Оның өз кезегінде арнайы тоқталып тұрып, ашып көрсететіні де осындай мәселелер. Ат демекші, «Ақ боз ат» романындағы ат бейнесінің қалай жасалғандығын зерттеуші жалаң қарастырмайды. Өзіне дейінгі пікір­лердің көлеңкесінде қалып қою, сондағы айтылған сөздерге ештеңе қоспай, жалаң қай­талап шығу деген мәселелер, жалпы, Қ.Әб­дез­ұлының ғылыми ұстанымына жат. Қай шығарманың да табиғатына үңілгісі келсе де, әйтеуір бір тың пікір білдіріп қалуға бейілді. Бұл арадағы ат бейнесін талдауға байланысты да ғалым сол үрдісінен жаңыла қоймайды. Алдымен өзінің алдындағы сыншылар көлденең тартқан талдаулардың сүбелі деген тұстарына назар аударып алады да, ат бейнесі жасалған басқа шығармаларға тоқталып кетуді жөн көреді. Сөйтіп, қазақтың басқа жазушыларының шығармаларындағы ат бейнелерімен салыстыра, салғастыра қарауы талдаудың эстетикалық салмағын арттыра түседі. Атап айтқанда, ол Ә.Кекілбаевтың «Бәйгеторы», Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары», Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер», А.Смайыловтың «Арғымақ пен Агба» сияқты көркемдігі кенеулі шығармалардағы ат образдардың қалай сомдалғанына тоқталып отырып, енді осы мәселені Тәукен қалай шеше білді деген төңіректе ой өрбітеді. Ғылыми талдаулардағы пайдалы да сенімді әдістердің бірі салыстыру, сал­ғастыру болса, Қ.Әбдезұлы осынау қолайлы мүм­кіндікті үнемі ұтымды пайдаланып келеді. Мәселен, Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат» романы мен Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» повесіндегі жылқышылар тағдырын салыстыра тартуы тұжырымдық тұрғыдан көңілге қонымды: «Ондағы Ағыбай жылқышы мен «Ақ боз ат» романындағы Бөркімбай жылқышының тағдырларында өзара ұштасып жатқан осындай ортақ негіз бар. Бұл екі кейіпкер де өз істерін жанымен беріліп атқарады, жылқыға мал деп емес, жануар, жаны ауыра білетін, жаны қинала білетін, обал-сауабы бар қасиетті мал деп есептейді және осы танымдарына сай әрекет етеді. Сонымен қатар, бұлар – өзгелер де өздері сияқты, дүниеге өздері секілді көзбен қарайды, өздері секілді ұғыммен тіршілік кешеді деп ойлайды. Бірақ, олардың бұл сенімі ақталмайды, алдамшы болып шығады» (Әдебиет және өнер, 205-б.). Жалпы, қазақ прозасындағы жылқы бейнелерінің жасалуы жөніндегі ғалымның пікірлері тиянақтылығымен, айшықтылығымен және нақтылығымен назар аудартады. Осындай жағдайдан кейін, Әбдезұлы жазған сыни зерттеулердің кейбір беттерін оқырманның көркем шығарма оқығандай құштарлықпен оқуы әбден ықтимал деген ойға да келіп қаласың. Салиқалы талдаудың соңына қарай ойды шиыра түйіндеп жеткізетін ғалымның қорытынды пікірі – осынау шоқтықты шығармаға берілген нақты баға сынды: «Роман тұтаса келе, күл­лі қазақ ауылының тарих көшінің бір тұсындағы, бір белесіндегі жиынтық бей­­несін алдымызға тартады. Адамдар тағ­дыры, тұлпарлар тағдыры арқылы көрінетін бұл жиынтық бейне, түптеп келгенде, тарихи әлеуметтік, қоғамдық шындықтың бетін ашады. Адам мен қоғам, қоғам мен ел, жер арасындағы мәңгілік байланыс, тынымсыз қарым-қатынас қаламгер мақсатына, яғни, көркемдік мақсатқа мінсіз бағындырылған. Жазушы осы мақсат жолында өзіндік суреттеу тәсілдеріне, өзіндік көркем әдістеріне қол артқан, арқа сүйеген» (Семсер, 383-б.). Тек жылқы тақырыбы ғана емес, зерт­теушінің көңілін ерекше ықыласпен бұ­ратын көркемдік нысандардың бір парасы – күй мен күйшілік өнері. Т.Әлімқұлов шығармашылығында бұл тақырыптың мол орын алатыны белгілі. Осы жағдайды жіті аңғарған Қ.Әбдезұлы жазушының өнерпаз кейіпкерлер бейнесін қалай сомдағанын және қандай деңгейде суреттегенін талдаған кезде ерекше құштарлық танытады. Тіпті, ол кісіні осынау бекзат жазушының шығармашылығына өле ғашық десе де болғандай. Бұған дәлелді мысалдар зерттеу еңбектерінің әр жерінде кездесіп отырады. Және сол құштарлықпен ғана шектеліп қоймай, өзінің ғылыми ой-пікірлерін синтездік тәсілмен жинақтай, түйіндей жеткізіп отыратыны тағы бар. Т.Әлімқұлов шығармашылығы туралы талдаулар ғалым-сыншының «Әдебиет және өнер», «Таным көкжиегі», «Семсер» және тағы басқа еңбектерінде молынан ұшырасып отырады. Кейде алғашқы жазғандарына қайыра айналып соғып, сүйікті жазушысының өзі жете аша алмадым деп ұққан тұстарын қайтадан тарата түсіндіріп, көркемдік асуларын алар сәттегі ізденістері мен шеберлік сырларына жаңадан үңіліп жатады. Ғалым-сыншының пайымдап жеткізе білуіне қарағанда, Тәкен шығармашылығы долбармен сөйлеуді қаламайды, нақты түсіне отырып талдауды, құпия қалтарыстарын асықпай ашып көрсетуді қажет етеді. Жалпы, алғанда, Қ.Әбдезұлы Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында екі монография, жеке-жеке бес кітап шығарған ғалым. Сөйтіп, ол Тәкентану тағлымының сыншылық үлгісін алға тартты. Әдебиеттің қасиетті босағасын бірден-ақ батыл ашып кірген Т.Әлімқұлов басқаға ұқсай бермейтін өз стилін, өз өзінің көркемдік ұстанымын ала кірді. Осы арада академик Қ.Жұмалиевтің «Стиль шынайы талантқа тән нәрсе. Құбатөбел қойторыларда стиль болмайды» деген тиянақты тұжырымы еске түседі. Қазақ прозасын мүмкіндігінше өркен­детуге, өсіруге талпыныс жасап кел­ген және сол игі істі қазір де атқарып жатқан прозашыларымыз аз емес. Бірақ, солардың барлығында өздеріне тән стиль бар, өзіндік дара қолтаңбасы бар деп тағы айта алмаймыз. Ондай талант иелерінің қатары шындап келгенде санаулы ғана. Өз шығармасында айтылғандай, қазақ прозасының ақ боз аты болып желіп өткен Тәкеннің шығармашылық даралығы қай жағынан да назар аударуға, қол соғып, сүйсініс білдіруге тұрарлық құбылыс болғандығын ұзақ жылдар бойы қайта айналып соғып келе жатқан еңбектерінде Қансейіт Әбдезұлы талдай дәлелдеп, айпарадай айқындап бере білді. «Нәзік, сыршыл сазымен, әсерлі әуенімен жүрек қылын шертіп, адам жанын тербейтін күй тарихы Т.Әлімқұловтың атақты «Сарыжайлау» әңгімесінде Тәттімбет тағдырына құрылған тартымды оқиғалар арнасында ашылады» (Семсер, 65-б) деген жолдар оқырманды өзіне тартып, әрі қарай оқуға жетелеп тұратыны сөзсіз. Жалпы, осы арада айта кететін бір мәселе – Қ.Әбдезұлының әдеби талдау бағытындағы ғылыми шығармаларының өзі кейде тартымды оқылатыны, дайындығы орташа оқырман үшін де мағынасы түсінікті болып келетіндігі. Әсіресе, Күй мен күйші жайында немесе ат пен жылқышы туралы жазылған шығармаларды талдағанда ғалымның қаламы тіпті көсіліп сала беретінін байқаймыз: «Домбыраның қос ішегінен төгілген күй Тәттімбеттің көз алдына Сарыжайлау атты құтты мекеннің аясында армансыз өткен қызық шақ, бозбалалық, жігіттік кезең күйші жадында қайта жаңғырады» (Сонда, Б.69-70) деп, бір сілтесе, одан ары қарай осынау екпінді ойын былайша сабақтайды: «Қазақ прозасында әдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негіз­делуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұлов­тың шығармашылық ізденістері қалып­тас­тырды. Күй сазынан, үн жүйесі­нен мағына табу, оған нақты мазмұн дары­ту немесе оны белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы» (Сонда, 72-б.) деп, келеді де: «Бұл мәселе кезінде І.Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты бірнеше поэзиялық шығармасында өзіндік шешімін тапқаны белгілі. Ал осы прозада Т.Әлімқұлов бұл дәстүрді жалғастырып, оған жаңа бағыт, жаңа сапа берді, өзіне дейін қалыптасқан көркемдік үрдісті өзінше, жаңаша жалғастыра отырып, қазақ прозасын, әсіресе әңгіме жанрын тақырып, идея, образ жасау және стильдік тұрғыда жаңа көркемдік жетістіктермен байытты» (Сонда, 72-б.) деп, басқа әдебиеттанушылар да еріксіз мақұлдап, бас изейтіндей дәлелді тұжырым жасайды. Көркем шығармаларды сарапшыдай талдап, ой қорыту барысында сарабдал сыншы өз ой пікірлерін сол өзі айтып отырған туындының төңірегінде шектеп қалмайды, жалпы әдеби шығармаға ортақ пікірді, ортақ ойды да сол арада туындатып, теориялық тағылым болатын пайымдаулар да көлденең тартатын тұстары бар. Бұның өзі ғалым сыншының жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға қарай ой өрбітіп, белгілі бір тұжырым жасауға бейім синтездік өресінің жоғары екендігін көрсетеді. Қ.Әбдезұлының еңбегінен мына төменде келтіріліп отырған тұжырымды дәйексөз осы пікіріміздің тағы бір мысалы: «Әрине, мол материалды сығымдап, оның динамикалық серпінін күшейтіп, әңгіме жанры заң­дылықтары аясында суреттеп шығуға да болады. Т.Әлімқұлов әңгімелерінің көпші­лігінен осындай талап пен талғамды, ше­берлік пен зергерлікті аңғарамыз. Ал, белгілі бір шағын көлемді оқиғалық желіні негізсіз, дерексіз мәліметтерге арқау етіп, повестің немесе романның өзегіне айналдыру жазушының танымын да, талантын да биіктен көрсете алмайды, жазушылық шеберлігін де айқындай алмайды. Жанр табиғаты мен өмірлік материал арасындағы сабақтастық заңдылықтарын сақтай білуі немесе білмеуі – жазушының жалпы шығармашылық болмысына, шеберлігіне сын болып табылатыны осы жайлармен байланысты болса керек» (Әдебиет және өнер, Б.206-207). Жеке автордың шығармашылығын сараптай келіп, ортақ ой қорытуда ғалым үнемі назар аударып отыруға тырысатыны – ұлттық сипаттар. «Солардың ішінде, – дейді ол Т.Әлімқұлов әңгімелері жайында сөз өрбіте келіп, – автор­дың ерекше көңіл бөліп, айрықша ден қоятыны шығармасының ұлттық сапасы, ұлттық бояуының мейлінше қанық және шынайы болып шығуын мақсат еткенін аңғарамыз» (Семсер, 182-б). Қ.Әбдезұлы үшін кез келген көркем туынды жалпы адамзатты болуымен бірге, ең алдымен ұлттық нақышты, ұлттық бедерді жеткізе білуімен де құнды. Сонымен бірге, ғалым-сыншының жанын ауыртатын өзекті мәселенің бірі – көркем әдебиеттің тілі. Осынау ділгір мәселе қашанда ғалымның назарында. Көркем прозаның тілі жайындағы тебіреністері де жалпы ортақ ұғымдармен, ортақ көзқарастармен үндесе келіп, өзіндік ойлармен байытылып отырады. Бұлардың арасында назар аударуға тұрарлық тың тұжырымдардың бар екендігі де байқалады. Мысалы, ғалымның: «Әр заман, әрбір тарихи кезең әдебиетке өз тілін ала келеді. Бірақ, біздің ХХ ғасырдағы классикалық әдебиетіміздің тілі – біздің қазіргі тілімізден мүлде ат үзіп кеткен тіл деуге болмайды. Шынайы көркем әдеби тіл, менің ойымша, еш уақытта қоғамға, заманға бейімделмейді» (Семсер, 243-б.) – деген пайымдаулары еріксіз бас шұлғытып, ортақ ойдың үдесінен табылатыны сөзсіз. Қ.Әбдезұлы тек қазақтың көркем прозасын әр қырынан талдап, тұщымды ойлар ұсынумен ғана шектеліп жүрген ғалым-сыншы емес. Оның қаламына әдебиеттанушы ғалымдар мен сыншылар жайында да толымды толғамдар, портреттік бедерлер оралып жатады. Мұның нақты мысалдары – Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали, Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек туралы жазған шығармашылық портреттері. Қашанда тынымсыз ізденіс үстінен табылатын ғалым-сыншы бүгін өзінің шығармашылық бабында. Ұстаздық, қайраткерлік қызметтерін ықыласпен атқара жүріп, өзінің сүйікті тақырыбы, қазақ әдебиеті жайында парасатты пайымдауларға уақыт таба білуі де – сол еңбек­қорлықтың, табандылықтың, көркемдікке деген іңкәрліқтың нышаны екендігі сөзсіз.

911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз