• Еркін ой мінбері
  • 18 Қазан, 2018

КӨРШІ АҚЫСЫ немесе көршіңізбен қалайсыз?

Сабырбек ОЛЖА

Бала кезіміз. Балалыққа қоса ша­ла­лығымыз да аз емес. Көп нәр­сенің байыбына бара бермейміз. Оның үстіне аздаған еркелігіміз бар. Өзімшілдігіміз де өтіп тұр. Міне, осындай «ақымақтау» кезімізде біздің бір көршіміз болды. Өзі барып тұрған сараң. Сараңдығымен қоса қулығы да сезіліп тұрады. Көбінесе біздің әкеймен әңгімелеспек болып үйге келеді. Әкем оны құдасы келгендей құрақ ұша қарсы алады. Қабаттап төселген қалың көрпенің үстінде осы Орынбай көкеміз әңгіменің түйме-түймелерін армансыз ағытады дейсіз бір. Тамақтың дәмдісі сол кісінің алдында. Шешемді көрнеу мақтап қойып, тыққандарының біразын алдыртады. Орекең қырлы стаканмен тартып жібергенді де бек ұнатады. Сол көкеміз бүгін де текті төрімізде. Шешем шай қайнату үшін сары самаурынды сыртқа көтеріп шығарды. Мен сексеуіл сындырдым. Аздан соң шешем қазанға ет салды. Енді үйдегі дөй-дөйдің жуық маңда тарқамайтынын сездім. Көршінің балаларымен ләңгі теуіп, ойнап келейін деп едім, әкем ірікті. «Қайда барасың? Шешеңе көмектеспейсің бе? Көрмеймісің, үйде қонақ бар ғой» деді ол. «Қонағының пошымын» деп мен мұрын шүйірдім. Бірақ, амал қайсы, бөгелуге тура келді. Көрші кеткеннен соң әкеме қи­ғылық салдым. – Әке, осы Орынбай көке келсе болды, неге иіліп төсек, жантайып жастық бола қаласыздар? Ол кімнің шікірасы еді? Ауызы үнемі арақтан құрғамайды. Басқалар оны үйлерінен, тіпті, ит қосып қуып шығады ғой, –дедім тыржиып. Үнемі сыбағалы үлесімнің бір бөлшегін үңірейтіп кететін оған дегенде атарға оғым жоқ болатын. Ашумен әлде шалалықпен сол ыза-кегімді ақтарып алдым-ау, шамасы. Бұған әкем жатып кеп ашуланды. –Тәйт! О несі, асты қызғанып. «Жаман асты қызғанады, жетесіз басты қызғанады» деген. Жетесіз болайын деп пе едің? – деп ызбарлана қарағанда шоқтай жанған көздері өңмеңімнен өтіп кете жаздады. Мен тұқшиып жерге қарадым. Кімнің жетесіз болғысы келеді дейсіз? Әкем қасыма келіп, басымнан сипады. Сосын, қоңыр дауысымен асықпай әңгімесін бастады. – Балам, «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген бар. Ол Құдай қосқан көршіміз. Құранда «Қиямет күні көршіден сұралады» дейді. Мені ол дүниеге барғанда да кінәлі әрі кіріптар еткің келеді ме? Көршімен туысыңдай тату-тәтті болу керек. Оның бізде ақысы бар. Сен соны түсін, – деді. Түсіндім бе, жоқ па, оны дәл қазір ашық айта алмаймын, бірақ, содан кейін көршілерге деген ықылас-пейілім күрт өзгеріп сала берген. Оның үстіне шешемнің де айтқандары құла­ғыма сіңісті болып қалды-ау деймін. «Балам, жақын туыстардан көрші артық. Егер үйіңде қызықшылық немесе басқа да бір той-томалақ бола қалса әуелі үйіңе көршің жетіп келеді. Қуанышыңа да, сүйінішіңе де сол ортақтасады. Текемет бассаң, көршіңді шақырасың. Қазақта «текемет сатсаң, көршіңе сат, үйіне барғанда бір шетіне өзің отырасың» деген тәмсіл бар. Сондықтан, көршімен тату болған жақсы» деп кекілімнен сипап, бетімнен сүйді. Бірде Назар деген көршіміз үй салатын болды. Көрші-қолаңды, ағайын-туысты түгел асарға ша­қырған. Біздің әкей көршінің үйіне бір семіз қойын апарып байлады. Биенің екі күндік сүтін ашытып, қымызды асаршыларға берді. Мен белім майысып жүріп қыш тасыдым. Кейін сол үй көп-көрім болып шыға келді. Назар атамыз базарлы кісі еді. Үйіне зәуімен бара қалсақ, шын ықыласымен, алғаусыз көңілімен қарсы алып, төріне шығарады. Жинаулы көрпе ішіне қолын тығып жіберіп немесе кебежені айқара ашып, тығулы тәтті алып шығып, қоярда-қоймай қолымызға ұстатады. Сөйтсек, бұрынғының кісілері «көрші ақысы» деген жазылмаған заңды өте қатты ұстанады екен ғой. Бүгінде қазақтың осы жарасымды салт-дәстүрі ұмыт болып бара жатыр. Дараланған, дандайсыған, дөгірленген біреулер пайда болды. Олар көршілеріне көмек көрсету былай тұрсын, қоңсыларын жыға танымайды да. Жүздерін шырамытқанымен, жөндеп амандаспайтындары да жетіп артылады. Биік-биік тас қоршаудың ішінде қалған олардың үйлеріне тышқан тұмсығы өтпейді. Бірін-бірі мүлде танымайтын көршілер де кездеседі. Ал, осыдан кейін мейірімділік, имандылық, ізеттік, қайырымдылық, адамгершілік, адалдық сияқты ізгі қасиеттер адыра қалмайды ма? Қазір біреуді-біреу пышақтап жатса да көрмегенсіп өте шығатын безбүйректер көп. Оған енді мың-мыңдап мысал да келтіре аламыз. Осы көрместігін олар көршілеріне де жасайды. Мәселен, жуырда қаладағы бір үйдің отбасын түгелдей бір қанішер бауыздап кетті. Ал, көршілері іргесі тиіп тұрған үйде не болып, не қойып жатқанынан мүлде бейхабар. Егер араласып тұрса, есіктері айқара ашық тұрса, мұндай сұмдық сорақылық орын алмас па еді дейміз-дағы. Бағзы бабаларымыз «Көршіңнің ала жібін аттама», «Қонақ келсе – құт», «Алыстағы ағайыннан ауылы бірге көрші артық», «Отты үрлей берсең өшірерсің, көршіні күндей берсең көшірерсің» дегенді босқа айтпаған. Күндей берсең, көрші көшеді, жүндей берсең, келін де кетеді. Сондықтан, Құдай қосқан көршімен қашан да тату болу керек-ақ. Енді біздің қасиетті дінімізде көрші ақысы туралы не дейді екен, соған тоқталалық. Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Расулла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына» деп жауап беріпті. Иә, жапсарлас көршің сенің ең жақын адамың. Жақын көрші – жақсылық жасауға лайық көрші. Бір жаққа қыдырыстап кетсең де бала-шағаңды, мал-мүлкіңді соған табыстап кетесің. Ол сен оралғанша аманатыңа адал болып, бала-шағаңа, мал-мүлкіңе бас-көз болып отырады. Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес» дейді (Әл-Баззар риуаяты). Осы ретте Алланың Елшісі көрсеткен үлгі-өнегеге ден қойыңыз. Ол өзіне жәбір көрсетіп, жолына нәжіс төсеп қоятын, иман келтірмеген кесір көршісі ауырып қалғанда оның хал-жағдайын сұрап барады. Сауыққан соң көршісі иман келтіріп, түзу жолға түскен екен деседі. Президент Н.Назарбаевтың «рухани тазаруды өзіңнен баста» деуіндегі риуаяттың кілті, міне, осы. Сен көрсеткен үлгі-өнеге басқаларға сабақ болмақ. Көрші. Көрші хақысы. Қазіргілер мұны қалай түсінеді? Біз ата-бабаларымыз өсиеттеп кеткен салт-дәстүрге қалай қарап жүрміз? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына үңілгенде осы маңызды мәселелерге де мүмкіндігінше мәністеп қарағанымыз абзал. Өйткені, рухани жаңғыру дегеніміз түптеп келгенде адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктерінен, ұлттық дәстүрлерді құрметтей білуден, елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала білуінен тұрады. Осы ретте көрші хақысын да ұмытпағанымыз жөн. Сыйластыққа сызат түссе қай тірлігіміздің де түзелмесі белгілі.

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз