• Еркін ой мінбері
  • 28 Қаңтар, 2019

ДӘНЕКЕР

Жанболат Аупбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист

Жалпы кез-келген халықты, кез-келген мемлекетті өркениетке, дамуға бастайтын төте соқпақтың бірі – аударма саласы. Ал, оған өте қажет нәрсе – сөздік. Себебі, бұл халықтарды түсіністік ұғымына бастап, ұлттар арасындағы қарым-қатынасты орнықтыратын дәнекер. Осыны біле тұра, көріп жүрсек те біз бұл мәселеде баяу қимылға жол берудеміз. Соның салдарынан шет мемлекеттермен арадағы келіссөздер барысындағы  синхронды тәржімеде, өзге тілдерде жарық көрген саяси, әдеби, ғылыми еңбектерден аудармалар жасауда, әлем жұртының тілдерін оқып, үйренуде отандастарымыз өзге елдер тілдерінде жарық көрген сөздіктердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып келді. Еліміздегі ғылым-білім саласының аударма жұмысындағы осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында ерлі-зайыпты ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлы мен сол кафедраның доценті Айнұр Әбиденқызы жақында «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты еңбекті құрастырып, баспадан шығарды. Осы игілікті іс туралы журнал оқырмандарын хабардар ету мақсатында біз сөздікті құрастырушы авторлардың бірі Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫНА жолығып, оған бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Дүниені қозғайтын күш – ой немесе идея. Сондықтан, әңгімемізді осындай ауқымды сөздік құрастыру туралы ойдың ең алғаш қашан келгенінен, сосын, бұл идеяның қалай жүзеге асқанынан бастасақ. – Біз Айнұр Әбиденқызы екеуміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Аспанасты елінен оралған жандардың біріміз. Келген күннен бастап еліміз жоғары оқу орындарында қытай тілі мен әдебиетінен дәріс бердік. Синолог мамандар дайындаумен айналыстық. Сонда бізде қытайша-қазақша сөздік құрастырамыз-ау деген ой-жоспар болған жоқ. Бірақ... Иә, бірақ өмір талабы қызық қой. Бір күні ойда жоқта осындай жұмыс тапсырылды да соған жегіліп шыға келдік. 2008 жылы еді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне Бақытжан Әбдірайымов ректор болып келді. Көп уақыт өтпей ол кісі мені өзіне шақырып: «Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы барыс-келіс жиілеп, қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Осыған байланысты біздің еліміздегі еңбек нарығында қытай тіліне деген сұраныс қауырт өсуде. Байқаймын, университетімізде біраз синолог мамандар бар екен. Жоғарыдағы уақыт талабы үдесінен шығу үшін солардың басын қосып, қытайша-қазақша көлемді сөздік құрастыруды қолға алсаңыздар», – деген ұсыныс айтты. Мына сөзден кейін аталмыш міндетті жүзеге асыратын арнайы топ жасақтап алдық та ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеттік. Сондай күндердің бірінде біз, сөздік құрастыру тобының мүшелері ақылдаса келіп, мынадай тұжырымға тоқтадық. Ол ҚХР Гуманитарлық ғылымдар академиясының салалық ғылыми-зерттеу институты құрас-тырған «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» атты еңбектің 2005 жылы шыққан 5-ші басылымын басшылыққа алу еді. Алфавиттік тәртіп бойынша сөздерді теңдей бөліп алып, жұмысқа кірісуге бел будық. Бірақ мен және Айнұр Әбиденқызы екеуміз өзімізге тиісті міндетті қолға алғанымызбен, қалған азаматтар:«Бұл жұмыстағы қаржы мәселесінің толықтай шешім табуын күтеміз», – деп онша қимылдай қоймады. Олардың күмәні негізсіз емес еді. Ректор демеушілік көрсетуді сұрап ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігіне хат жазған. Еуразия Ұлттық университеті жанындағы Конфуций институтының мүмкіндіктерін қарастырған. Сондай-ақ, еліміздегі біраз ұлттық компаниялармен сөйлескен. Өкінішке қарай бұлардан ештеңе шықпады. Мұны көрген құрастырушы топ жұмыстарын тастап, өз жөндерімен кетті. Ал, Айнұр екеуміз жұмысты әрі қарай ептеп жалғастыра бердік. 2011 жылы университетте қытай тілі кафедрасы құрылды. Сөз етіп отырған мәселені енді осы орталық атынан Білім және ғылым министрлігіне ғылыми жоба ретінде де ұсынуды бастадық. Ондағы мақсатымыз: «Жасап жатқан сөздігімізге екі адамның шамасы келмес. Сондықтан, мұны кафедра ұжымы болып атқарайық», – деген ой еді. Тағы да сәтсіздік. Жобамыз жеткілікті балл жинап тұрса да министрліктен өтпей қалды. Сөйтіп жүргенде, 2014 жылы «Қытай туралы қырық сөз» атты еңбегімнің жарық көруіне байланысты мені Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаев қабылдады. Әңгіме үстінде Қазақстандағы қытайтану ғылымының өзекті мәселелері төңірегінде пікір алыстық. Сонда, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіздік алғанымызға, Қытаймен қарым-қатынас орнатқанымызға ширек ғасырға жақындап қалды. Біздің қытай тілін үйренушілер мен аудармашылар, дипломаттар әлі күнге қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерге жүгініп жүр. Осы ақтаңдақтың орнын толтыратын уақыт жеткен секілді.Кафедра ұжымын ұйым-дастырып, қытайша-қазақша көлемді бір сөздік дайындасаңыздар өте игілікті жұмыс болар еді»,– деді. Мен ол кісіге: «Бұл жұмысты 2008 жылдан бері қолға алып, Айнұр Әбиденқызы екеуміз жасап жүрміз.Қазір оның 60 пайызы дайын», – дедім. «Мынауыңыз керемет жаңалық екен. Енді, тездетіп, құрастырып шығыңыздар. Дайын болған кезде маған келіңіз, жарыққа шығуын мен өзім мойныма аламын», – деді. Мына сөзді естігенде жан қала ма?! Іске ынты-шынтымызбен кірістік дейсіз. Сөйтіп, 2017 жылдың басында сөздіктің соңғы нүктесі қойылды. Жыл аяғында Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен біз сөз етіп отырған еңбек Алматыдағы «Эксклюзив-КА» баспасынан жарық көрді. – Әдетте, сөздік деп жалпылама айтыла салғанымен, ол да өзі бірнеше түрге бөлінетінін білеміз. Сіздердікі «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталады екен. Енді, осыған сипаттама бере кетсеңіз. – Иә, біздің сөздігіміздің аты – «Қытайша-қазақша үлкен сөздік». Бұл қос тілді түсіндірмелі, аудармалы еңбек. Яғни, мұнда негізгі тіл қытай тілі де, ал, қазақ тілі аударма тілі, былайша айтқанда түсіндірмелі тіл. Бұған қазіргі қытай тілінің қолданысында бар 70 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енгізілді. Жалпы, көлемі – 120 баспа табақ, 1050 беттен тұрады. Мұндай көлемдегі ауқымды сөздік Қазақстан тарихында тұңғыш рет жарыққа шығып отыр. Қытайша-қазақша ізі, үлгісі жоқ алғашқы дүниенің қай кезде де қиын болатыны белгілі ғой. Біз де жоғарыда айтқанымыздай, басшылардың тапсыруы бойынша іске кірісіп кеткенімізбен, жұмыстың қиын, күрделі жерлеріне келгенімізде, бірнеше рет шегініп кеткен кездеріміз болды. Бір үміт байқала қалса қайтадан қолға алып жүрдік. Сөйтіп, он жылдай уақытымызды сарп етіп, аса көлемді, ауқымды сөздікті жарыққа шығардық. Мемлекеттік тапсырыстың біздің сөздікке берген көлемі 120 баспа табақ болғандықтан, аударып, құрастырған дайын сөздеріміздің бір бөлігі сыймай қалды. Сонымен, оларды барынша қамтуға тырысу мақсатында сөздік мәтіні әр бетке екі баған емес, үш баған болып орналастырылды. Қаріп өлшемінің түрі 11-ден 9-ға ауыстырылды. Сонымен бірге, бұл сөздіктің соңына қосымша ретінде «Қытай тарихындағы хандықтардың кестесі», «Дүниежүзіндегі мемлекеттердің аты, астанасы, ұлттық валютасы», «Химиялық элементтер кестесі», сондай-ақ жер-су мен адам аттарын қазақша транскрипциялауға қолайлы болу үшін «Қытай тіліндегі буындардың транскрипциялық кестесін» де қоса бердік. Осындай-осындай ерекшеліктерімен сөз етіп отырған еңбек қазіргі қытай тілін қолданушылардың сұранысына біршама толық жауап береді ғой деп ойлаймыз. – Жоғарыдағы бір сөзіңізде осы сөздіктің «Қазақстан тарихындағы тұнғыш еңбек екенін» айтып қалдыңыз. Ал Қытайдағы ағайындар ше? Бұл салада олар нендей тірлік жасап жатыр? –Әрине, ондағы қандастарымыз сонау ХІХ ғасырдан бермен қарай сол елде өмір сүріп келе жатқандықтан, қытай тілін үйрену, оқыту әдістемесі, аударма, сөздік жасау секілді салаларда біраз шаруалар атқарғаны белгілі.Және ол солай болуға да тиіс. Ал, жалпы, осы «Қытайша-қазақша сөздік» мәселесіне келетін болсақ, ол жақта С.Найман деген кісінің жетекшілігімен және бас редакторлығымен 20 шақты адамнан тұратын сөздік құрастыру тобы құрылып, 1979 жылы «Қытайша-қазақша сөздік» деген атпен көлемді еңбек жарыққа шыққан. Оны халық жаппай «көк сөздік» атап кетті. Одан басқа бертінде марқұм Н.Әбікенұлы деген қандасымыздың жетекшілігімен және бас редакторлығымен «Қазақша-қытайша сөздік» жарық көрді. Оның негізгі тілі қазақ тілі де, ал, түсіндірме тілі қытай тілі болып келеді. Одан өзге ондағы ағайындар әр түрлі салалар бойынша салалық сөздіктерді, атап айтқанда, экономика терминдерінің сөздігі, медицина терминдерінің сөздігі, әскери істер терминдерінің сөздігі, ауыл шаруашылығы атауларының сөздігі секілді еңбектерді өмірге әкеліп жатыр. – Сөзіңізден аңғарғаным, сол Қытайдағы ағайындар шығарған, халық арасында «көк сөздік» аталып кетті деп айтып отырған «Қытайша-қазақша сөздік» пен сіздердің, мына, еңбектеріңіз сипаттас сияқты. Енді, осылардың айырмашылығы, артықшылық-кемшіліктері туралы айта кетсеңіз. – Өте жақсы сұрақ. Өйткені, арғы бет пен бергі беттегі ағайындардың көкейінде осы мәселенің құлағы қылтиып тұруы мүмкін. Біріншіден, екі сөздіктің арасында жарты ғасырдай уақыт жатыр. Қытайдағы «көк сөздіктің» жарыққа шыққан кезі жоғарыда айттым, 70-жылдардың басы. Енді, ол кездегі тіршілік, сол уақыттағы ғылым мен техниканың жағдайы, өмірдің, ой-сананың деңгейі, әрине, қазіргіден мүлдем басқаша екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Яғни, сол 1970-жылдардан бері қанша уақыт өтті, қанша су ақты дегендей, өмірдің, уақыттың, адамзат ой-санасының қай саласын айтсаңыз да ғаламдық даму жылдамдығына пара-пар жаңалықтарға ие. Мысалы, ақпараттық технологиядағы компьютерлендіруді алыңыз немесе медицинадағы лазерлік саланы көзге елестетіп көріңіз. Сондай-ақ, іргелі ғылымдардағы нанотехнология ғажайыптарына ой жүгіртіп қараңыз. Тіпті гуманитарлық ғылымдардың әрбір саласының өзінің өркениеттік жаңа атауы, жаңа терминдері қаншама?! 1970-жылдардағы адамзат мүлдем ойлап көрмеген нәрселердің бүгінде өмірге еніп кеткеніне жарты ғасырлық тарих куә. Осы тұрғыдан келгенде біз мына өзіміз айтып отырған сөздікте қазіргі ғылым мен техниканың дамуындағы ХХІ ғасыр өміріндегі жаңа аталымдарды барынша қамтуға тырыстық. Екіншіден, бұрынғы «көк сөздікте» шамамен қытай тіліндегі 60 мың сөз және сөз тіркесі қамтылған болса, біздің еңбекте сыймай қалғандарын қоспағанның өзінде 70 мыңға жуық сөз және сөз тіркесі енгізіліп отыр. Үшіншіден, Қытайда шыққан «көк сөздіктің» тілдік ерекшелігі жағынан да өзінің бөлекше сипаты бар деуге болады. Яғни, ондағы жалпы сөздердің аудармасында, атауларда сол елдегі қазақтардың әдеби тіліндегі ерекшелігі сақталған. Ал, біздің қытай тіліндегі сөздердің аудармасын тұтастай қазіргі Қазақстандағы қазақ әдеби тілінің нормасына түскен атауларды беруге тырыстық. Бұның өзі де біздің сөздік Қазақ еліндегі оқырмандардың қолдануына қолайлылық туғызады деген ойдамыз. Ал, енді, Қытайдағы ағайындар шығарған «көк сөздіктің» бір артықшылығына келсек, онда қытай иероглифтерін кілтпен іздеу кестесі берілген. Біз олай жасай алмадық. Өйткен себебіміз, біріншіден, көлемі жағынан шектеліп қалдық, екіншіден, ол кесте беттеу жұмысынан кейін асықпай, ең кемі бір ай уақытта жасалатын дүние еді. Жұмыс аяқталар тұста баспа бізді тым асықтырып жіберді, оны енгізіп отыруға мүлде уақыт қалмады. Ол кемшілікті біз сөздіктің алдағы қайта басылымдары кезінде түзететін боламыз. – Таяу болашақта еліміз қазақ жазуын кириллицадан латын қарпіне көшіруді жоспарлап отыр. Тіпті, іске кірісіп кетті десек те болады. Сол кезде сөздіктеріңіз бұрынғы алфавитпен қалып қоймайтын шығар. – Әрине. Жалпы жазу өзгергеннен кейін, өзге әдебиеттерді білмеймін, көптеген қолданбалы әдебиеттер қайтадан жарыққа шығуға тиіс. Әсіресе сөздіктер, оқулықтар, анықтамалықтар. Біздің «Қытайша-қазақша үлкен сөздігіміз» де сол кезде жедел түрде латын қарпіне ауыстырылып қайта жарық көруге тиіс деп ойлаймыз.

363 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз