• Ұлттану
  • 12 Қазан, 2011

АЛАШТЫҢ АРДА ПЕРЗЕНТІ

Халқым дегенде қоң етін кесіп беруге бар, ұлтым дегенде жұлынының сөлін сығып беруге бар елжанды, жержанды азамат Сабыр Қасымовты көптен білемін. Көрген сайын айқара құшақ жайып, төс қағыстыратын сыйлас, сырлас інілерімнің бірі ол. Кезінде Жоғарғы Кеңес пен Президент аппаратында жауапты қызмет атқарған заңгер. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары ауыл шаруашылығын асығыс ұжымдастыру, бай-кулактарды тәркілеп, мал-мүлкін ортаға түсіру сияқты саяси науқандардың мән-маңызын қайта қарап, нақты бағасын беру жөнінде құрылған, майталман ғалым Манаш Қозыбаев басқарған арнаулы комиссияның хатшысы болып та ол қыруар іс тындырған. Сол қайраткердің биыл қыс көп күш жұмсап, алаштың ардақ та арда перзенті, аз ғана ғұмыр кешсе де, халқына айта қалардай қызмет сіңіріп, артына өшпес із қалдырған ағамыз Смағұл Садуақасовтың Мәскеудегі Дон қабірханасындағы мәйітінің күлін таптырып алып, туған топырағына жеткізіп, Астанадағы Сәдуақас Ғылманидің мешітіне әкеп қойғызғаны ерлікке бара-бар қарекет, қалай қошеметтесең де тұрарлық парасат еді. Ол оқиғаға жүрегінде қазақ қаны бар жамиғаттың терең тебіреніп, дән риза болмағаны жоқ шығар. Сөйтіп, Сары арқа аспанында қазақтың сырбаз ұлы, қайсар қайраткері, сарабдал саясаткері Смағұлдың рухы қайта шалқыды. Өз басым, бұл оқиғаны туған жұртының азаттығы үшін арыстандай алысқан атамыз Хан Кененің де басы табылып, атамекеніне қайта ораларының жақсы бір жоралғысы болса игі еді деп тіледім. Өйткені Смағұл ағамыз өткен ғасырдағы қазақтың бес көсемі Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай және Ахмет деп, Хан Кенені ұлық тұтқан ғой. Тіпті жалғыз ұлы Ескендірді де «Кене, Хан Кенем» деп, еркелетеді екен сабаз. Бақсақ, Сабыр Қасымов жоғарыда аталған комиссияның хатшысы болып жүргенде Смағұл Садуақасовтың тағдырына ерекше зер салып, зерделей зерттеген көрінеді. Ең алдымен оған «садуақасовшылдық» деп тағылған саяси айыптың астарында не жатқанын саралайды. Елінің талайлы тағдыры мен толайым тарихын терең білетін жан-жақты білімдар, алған бетінен қайтпайтын қайсар, ұстанған бағытынан таймайтын табанды, туған халқы үшін қасық қанын, шыбын жанын қиюға рауа жанкешті де жалынды қайраткер сол тұстағы саясат бекзаттарының арасындағы айрықша құбылыс екен. Мұны тәуелсіздік туы көтерілісімен алаш арыстарын жабыла зерттеп, жарыса жазған ғалымдардың бәрі дерлік мойындайды. Олардың жазғандарын жібермей оқыған Сабыр Смағұл туралы мағлұматын оны көзі көріп, кездескендердің естелігімен байыта түседі. Бұны ол биыл «Түркістан» газетінің тілшісі, қаламы қарымды қарындасымыз Гүлзина Бектасоваға берген сұхбатында жап-жақсы ашып айтқан. Елім деп еңіреп туған едіге азамат, алаш жұртының азаттығы жолындағы жанқиярлық күреске кәмелетке толмай-ақ бел буып кірісіп кеткен. Кеңес өкіметінің қыр халқына деген теріс көзқарасына, әсіресе қадаққа жасаған қиянатына төзіп отыра алмады. Жиырма жасында Қазақстан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары әрі елдің бас газеті «Еңбек туының» (қазіргі «Егемен Қазақстан») бас редакторы болып, республика басшылығына кірген ол соншалық биік лауазымына қарамастан ұлт саясатында өрескел қателерге жол беріліп, бұрынғы бөлшекте де, билей бер әрекетінің әлі де белең алып отырғанын тура бетке айтып, орталықты тікелей сынады. Үлкен саясат айдынына шыққан албырт қайраткер бар күш-қайратын жас Қазақ автономиясының керегесін кеңейтіп, қабырғасын қатайтуға жұмсады. «Біздің ойымызша автономия болған соң, жалпы қазақ бірігуі керек, – деп жазады ол. – Автономия керек дегенде айтатын дәлеліміз мынау: әр халықтың тілі бөлек, тұрмысы бөлек. Жалпы адамшылық бақытқа жету үшін әр халық өз тілінде мәдениетке қожа болып өз шаруасына қарай тұрмысын өзгертуі керек (сақалына қарай піспегі)». Ал қазақ жерін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жібермей, әкімшілік-аумақтық жүйесін біртұтас ету үшін Сибревком құзырындағы Ақмола, Семей, Түркістан автономиясының, қарауындағы Жетісу, Сырдария губернияларын Қазақстанға қосу, Астрахан, Орал аймағындағы казак-орыстарға қарап кеткен жерлерді қайтару керек болды. Обалы нешік, осы жолда автономия басшылары, басы Сейітқали Меңдешевтің өзі болып көп тер төкті. Қайраткерлігі мен қаламгерлігі тел өріліп, тең өрістеген Смағұл болса, ұлттың ұйысуы жөнінде маңызды мақалалар жазып отырды. Ұлт теңдігі туралы мәселені ол он сегізінші жылы жас алаштардың басын қосып, «Жас азамат» ұйымын құрып, сол аттас газет шығарғанда-ақ алғашқы кезекке шығарып, күн тәртібіне қойған еді. Нар тәуекел деп таласты, тартысты күрес майданына шыққан газеттің тұңғыш санындағы «Жас тілек» атты бас мақалада басылымның қандай мақсатты нысана еткені айдан анық көрінеді. Жас азаматтың алтын идеалы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі – деп ашық айтылған онда. – «Жас азамат» қажыса от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін ыстық қан, жас жан құрбан деген пікірден қайтқандығы. Алты миллион алаштың жарық ойлы жастары арасында жалғыз «Жас азаматты» әлпештеп асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, қаламға, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегіне тарихтың ұят таңбасы басылады. Жастар!.. Алда жүрген, алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңыздар. Елдіктен, ерліктен айырылып екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, Жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, енді есі кірген елді ойлаңдар». «Жастар! Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін» дегенде, ұлттық бірлікті, ел мен жердің тұтастығын сақтау үшін жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға шақырады. Осы ойын беркіте түсіп, «бүлінгеннен бүлдіргі алма деп, большевиктер орыс зиялылары мен жұмыскер- қарашекпенділердің арасына жік түсірді, бұл аурудан аулақ бол дегенді ескертеді. Іргелі ел болайық десек, дүниелік білімдерді меңгергеніміз жөн, бүгінгі жастар оқуға, ізденуге жалқауланса, алаштың ертеңі бұлдыр» деп тағы бір еңбегінде жас жеткіншектерді ғылым мен техниканы игеруге үндейді. Ол үшін біраз жастарды шетелдерде оқытып алса деп армандайды. Осы ойларын Смағұл кейін 1924-25 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазіргі«Ақиқат») журналына бас редактор болғанда басылым бетінде одан әрі өрістетіп, ғылым қолға алынбайынша, өркениеттіліктің ауылы алыстай беретінін ескертіп, жаңа жұртшылықтың арқау-өзегі ғылым деген байламға келеді. «Қалың жұрт осы ел басқарушылар шексіз де шетсіз даланы түрлендіре ала ма деп алаңдайды. Ал, бұл мәселені алдыңғы қатарлы техника ғылымын меңгергенде ғана шешуге болады» деп жазады С. Садуақасовтың өзі. Ол басқарып тұрған тұста осы журнал Қазақстандағы басылымдардың арасында бірінші болып ұлт оқығандарының, зиялы қауымның қоғамтану ғылымына назар аударуы қажеттігін көрсетіп, төңкеріске дейінгі алаш жұрты басындағы саяси ахуалға қазақтың өз мүддесі тұрғысынан баға беру керектігін көкейтесті мәселе ретінде күн тәртібіне қояды. Оның республикадағы коммунист терісін жамылған жатып атар отаршылдар, олардың жергілікті тұрғындарға тізе батырып, қиянат жасап отырғандары жайындағы «Қостанай-Торғай» атты жолжазбалары да осы журналда жарияланған. Өнімдерді жергілікті жерде өңдейтін кәсіпорындар салу, қазақтың өз университетін, төл театрын ашу жөнінде көтерген мәселелері де алғаш осы басылымда жарық көрген сыңайлы. Көптен толғантып, көкейде жүрген осындай көп ойларын Орталық партия комитетінің Бас хатшысы Иосиф Сталинге ауызба-ауыз айту үшін Мәскеуге келіп, оның қабылдауына жазылды. Бірақ кірпі мұрт қол тимей жатыр деп бірден қабылдай қоймайды. Оның үстінде қабылдау күтіп отырғанда Бас хатшының алдынан екі қазақстандық шығады. Оларды көргенде Смағұлдың жүрегі зу ете қап, партия басшысын республикада орын алып отырған имансыздық пен қисынсыздықты құлақдар етем деген дәмесі су сепкендей басылып, қабылдауды күтпей шыға жөнеледі. Бұл туралы оның өзі былай жазды: «Мұнда келіп ұққан бір нәрсем: қазақ Мәскеуге келіп ішкі кикілжің жөнінде хабар бермеуі қажет. Әсіресе, бірін бірі жамандамасын, сөз тасымасын. Егер билік үшін ары мен жанын сатса, ондайлардың бетін аулақ салсын! Біз олардың ізімен де, ізінен де безінеміз. ... Кеше Орынбордан екі орыс келді. Солар арқылы Меңдешев осындағыларға хат жазып жіберіпті. Жазылған хат біз туралы сияқты. Мейлі қалай қаласа солай істесін. Сөз тасумен ешкім біздің пікір-пайымымызды жоя алмас». Осы ойын ол сол тұстағы жанаяспас досы Әбдірахман Байділдинге арнаған хатында одан әрі ширатып: «Егер олар өкімет билігін уысына алумен ықпалын арттыру үшін күрессе, дегендеріне жетсін. Сол кезде олар қандай күй кешеді? Менің пайымымша, олар біраз уақыт өткен соң біздің пікіріміздің дұрыстығына көздері жетеді. Егер жүректерінде тырнақтай таза ет болса, олар ертең-ақ отаршылдарға қарсы тұрады. Ал, мұны жасамаса, өзінің бес күндік өмірі үшін халқының қанын сатуды жалғастыра беретін болса, онда олардың кім екенін қазақ халқы анық көріп айырып алады. Біз қалай етсек те, орыстың «бөліп ал да, билей бер» мәтелінің өмірде іс жүзіне асуының себепшісі болмауымыз керек». Бұл аярлық пен арамдыққа, ездік пен безбүйректікке қаны қас, мансапқа сатылмайтын, лауазымға табынбайтын, туған халқына, қылған қызметіне адал ұлтжанды азаматтың шын жан сыры еді. Жоғарыдағылардың қасарысқан қарсылығына қарамастан санасы енді оянып, жаңадан түлей бастаған қазақ халқына ауадай қажет игі шараларды ол орталықтың көмегінсіз-ақ жүзеге асыра бастады. 1925 жылы С. Садуақасов Қазақстан кеңестерінің бесінші съезінде Халық ағарту комиссары боп бекітілді, әрі «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторы боп сайланды. Сөйтіп, ол еліміздің бас газетіне екінші рет басшы боп келді. Халық ағарту комиссары қызметінде екі жыл болғанында ол халқына қажет талай игі істер тындырды. Қазақтың тұңғыш педагогика институтының, алғашқы ұлттық театрының ашылуына мұрындық болды. Алаштың дарынды өнерпаздарын театр төңірегіне жинап, жас өнер ордасының насихатшысы, жанашыр сыншысы міндетін де өзі атқарды. Ақын-жазушыларды, ғалымдарды қанатының астына алып, оқулық, танымдық, ғылыми кітаптардың көптеп жазылуына бас-көз болып, олардың басылып шығуына қамқорлық жасады. Осындай игі істерімен Смағұлдың халық алдындағы абырой-атағы тез аспандап, есімі ел ішінде ілтипатпен аталып, басқа басшылар бір ауық оның көлеңкесінде қалып қойғандай көрінді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, аузынан ажал жалыны атқан Сталиннің өзінен де айбынбай, саясатындағы асыра сілтеуді қаймықпай сынаған ол Кремльдің Қазақстанға әдейі жіберген қолшоқпары, қазақтар қужақ атап кеткен әпербақан Голощекиннен де айылын жиған жоқ. Екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ, қазақты шет халықтар құлданбаса, өз ішінен құлданушылар шыққа емес, деп қазақты бай, кедей деп бөлуге қарсы қайраткерді өзінен білігі де, беделі де басым бақталас деп білген зұлым басшы келе-ақ қырына алды. «Мен – комуннист, маған қазағы да орысы да бәрі-бір, деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады» деп коммунист атын жымысқы ойын жүзеге асыруға бет-перде ғып ұстайтындармен ешқашан ымыраға келмейтін қайсар қайраткер Орталықтан астыртын тапсырмамен келген сырты бүтін, іші ірің арамға қайдан ұнасын. Ақыры, ол айнала ор қаза отырып, өлкелік ҮІ партия конференциясында Смағұл Садуақасовты Ағарту коммиссары қызметінен босату жөнінде шешім шығартты. Қайтпас қайсар қайраткер сол жиынның өзінде-ақ қабылданған шешімнің дұрыс емесін, Голощекин жолдастың сөзін қабылдай алмайтынын ашық мәлімдеді. Содан ол кезінде Ташкент қаласында өзі ашқан Қазақ педагогика институтына ректор болып кетті. Соңынан шырақ алып түскен қужақ оны өзге елде, басқа қалада да жайына қалдырмай, сыртынан неше түрлі өсек-аянды бықсытып, жоғарыға үстінен жалған арыздар айдатып жатты. Қайда жүрсе де Қазақстан басшылығы аяқтан шалып, тырнақ астынан кір іздеп, дұрыс жұмыс істетпейтін болған соң Мәскеуге кетіп, жоғары білікті бесаспап құрылыс мамандарын даярлайтын институтқа оқуға түсті. Үш жылда оқуын ойдағыдай бітіріп, Мәскеу-Донбасс темір жолының құрылысына барды. Шамасы, әдейі ұйымдастырылған астыртын әрекеттін әсері болса керек, бір жылдай құрылысшы-инжинер боп алаңсыз жұмыс істеп жатқан аяқ-қолы балғадай сап-сау жігітті аурусың деп Мәскеуге алдырып, Кремльдің ауруханасына салды да тастады. Сонда бірер апта ғана жатып жұмбақ жағдайда кенеттен қайтыс болды. Оның аяқ-астынан нендей сырқатқа ұшырап, қалайша опат болғанын алыстағы ағайындары тұрсын, Мәскеудегі зайыбы Зейнеп-Елизавета мен қайын атасы Әлихан Бөкейханов та білмей қалды. Сүйегін де қолдан жерлеуге бермей, крематорийға жөнелтті. Оны ақтық сапарға шығарып салғанда қазағы бар, орысы бар, солшылы бар, оңшылы бар, зиялылар өте көп жиналыпты. Осы арада Сабырға Смағұл туралы көп мағлұмат берген нағашы апасы Мариям апайдың, кәдімгі Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәкеңнің естелігі ойға оралады. – Крематорий деген осы деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. «Марқұмды неге елге апармады екен?» деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды... Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай болып сұлап жатыр екен сабаз. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап: «Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы» деп түсіндіріп тұр. Өзі жақын барып амандасып, көңіл айтты... Бөкейханов келбетті адам екен. Кескін-келбеті патшадай боп көрінді маған: тәкәппар, суық жүзді. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді, – деп сол бір қаралы күнді еске алар еді Мәриям апамыз. Бәлкім, алаштың көсем туған арда ұлы Смағұл Садуақасов мәйіті креминацияланған тұңғыш қазақ шығар. Алайда еліне пана болар дана ұланның, көзін ашып көрген қызығы сүйікті күйеу баласының, мұңдас, сырлас, пікірлес серігінің сүйегі өртеніп жатқанда жүрегі тілім-тілім болып Әлиханның қалай күйзелгенін айтудың өзі ауыр. Бір естелікте қайғыдан қабырғасы қайысып, қан-сөлсіз жүзі қабарып кеткен оны крематорийден Тұрар Рысқұлов пен Нығмет Нұрмақовтың қолтықтап алып шыққаны баяндалады. Смағұл ауырып Мәскеуде жатыр деген суық хабарды естіп, халін білгелі жолға шыққан әкесі Садуақас пен анасы Мәжікен, немере ағасы Арон астанаға ол жерленген соң бір-ақ жетіпті. Есікті бұларға үй күтуші ашыпты. «Смағұл қайда?» деп сұраған оларға, қазақ ғұрпынан бейхабар орыс әйелі «похоронили» деп лақ еткізеді. Орыс тілін түсінетін Смағұлдың әке-шешесі төбелерінен жай түскендей, жүректерін ұстап талып қалыпты. Іште Бөкейхановтың өзі бар екен, бөлмесінен шыға сала құда-құдағиына ұмтылыпты. Жаны күйген жаратқанды не қылсын, ізет-иба дегенді ысырып тастап, Арон Әлиханға бас салып: «Сені қазақтың ханы деп жүрміз, ел ағасы деп жүрміз. Қазақтың ғұрпы бар емес пе?! Өлімді естірту деген болады ғой...» деп біраз сөз айтыпты. Сөйтіп жалғызынан айрылып, қанатынан қайырылып, өзегін өрт алып, жүрегін дерт шалып, олар жылай-жылай елге қайтыпты. Қыршынынан қиылып, қапияда мерт болған біртуар боздақтың қазасы ата-анасының қабырғасына ғана батып қоймай, исі қазақтың сай-сүйегін сырқыратты. Оны жыр дүлдүлы Мағжанның ел-жұртқа көңіл айтқан жыры да айғақтай түседі. Өзі де бір үздік туған бала екен, Байтақ елге асқар таудай пана екен. Сол панадан, сол баладан айырылып, Қазағымның ет жүрегі жара екен. Есін біле ел деп құлаш сермепті, Ағайынның бірін де жат көрмепті. Ер азамат бір нақақтан қысылса, Қорғап бағып, бірін қолдан бермепті. Тартыпты ылғи тура жолға, мақұлға, Асқар таудай пана бопты жақынға. «Халық айтса қалт айтпайды» деген ғой Ие бопты байтақ, терең ақылға. Ажал – бір жол, аттап өтпек айла жоқ, Өлген адам қайта келмес, қайла жоқ. Солай енді елге тоқтау айтқан жөн, Оймен азып жасығаннан пайда жоқ. Сол сұңқарды кім ұмытар, кім қиып, Кетіпті өлім, ел ойына у құйып, Бірақ ақыл жеңгені жөн сол ойды. Ой деген бір дария ғой тұңғиық. Даңқты жерлесі, дара дарын Смағұл ағасы туралы қыруар дерек жинап, оның өмірі мен еңбегін зерттеген, ғалымдарға көп көмек берген ардагер ағамыз республиканың Еңбек сіңірген экономисі марқұм Нұрым Сансызбаев осы шумақтарды Мағжан ақталмай тұрып, машинкаға бастырып, дос-жарандарына, тамыр-таныстарына таратып жүретіні күн бүгінгідей көз алдымда. Смағұлдың жамағайын інісі қадірмен досым Жақия қажы да осы өлеңді жатқа айтушы еді. Соларды еске алғанда, Саға өзенінің жағасындағы, қайыңды орманның арасындағы Жарқын ауылы көз алдыма келеді. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Жарқын деген ақсақал бастап жайлы қоныс іздеп келе жатқан ақар-шақар бір ауыл осы орманның баурайына келіп тоқтапты. Қоныс салар алаңқай іздеп, орман кезіп, жалғыз кеткен ақсақал бір қылтадан шыға келген аюға тап болады. Ел иесі кешіккен соң жаппай іздеп шыққан жұрт алаңқайдан оның аю жарып тастаған өлі денесін табады. Елді сол араға әкеп иіріп, қарияны ақ арулап ағаштың қойнауына жерлейді де, алаңқайдан ауылдың алғашқы қазығын қағады, бөренеден қиып жағалай үй салады. Ауылды ақылман ақсақалдың құрметіне Жарқын атапты. Сол ауылда бай Садуақас, молда Садуақас деген екі Садуақас болыпты. Соның молдасынан кәдімгі Сұмағұл туады да, байының отбасында қазақтың тағы бір қабырғалы қайраткері Ғаббас Тоғжанов дүниеге келеді. Түйдей жасты екі құрдас үйлерінде қадимше хат танып, Жарқындағы Әбіл Қуанышұлы дегеннің зайырлы мектебінде оқиды. Екі жылда оны ойдағыдай бітіріп, Полтавка кентіндегі орыс-қазақ училищесіне түседі. Үш жылда Смағұл оның толық курсын түгел «бес» деген бағамен тәмамдап, оқуды одан әрі жалғастыруға қаражат табылмаған соң «Халық мұғалімі» дәрежесін алып Сиыршы деген ауылдағы орыс-қазақ мектебінде бала оқытады. Бай баласы Ғаббас оқуын Омбының институттарында жалғастырады. Алайда, екеуінің жолы жас қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, шаңырағын көтеру жолындағы қасиетті күрес майданында қайта тоғысып, екеуі де есімі ел аузына іліккен айтулы қайраткер болады. Смағұл Садуақасовтың өнегелі өмірі мен өрнекті еңбегін, қастерлі қызметін зерделей зерттеп, ол туралы танымдық, тағылымдық мәні зор кітап жазған дарынды ғалым, профессор, Дихан Қамзабекұлы: «Әр адамның алымы мен шалымы әр басқа болатыны секілді, Смағұлдың да ешкімге ұқсамайтын қасиеті бар-тын. Ол оның қалың елі мен қатарының көкейіне қонған көсемдігі еді. Мұндай қасиет шынын айтқанда, ғасыр басында санаулы қайраткерлерде ғана болды» деп жазады. Шынында да, Смағұл Садуақасов сол көсемдік қасиет өнбойында да, өмір жолында да сайрап жатқан тұғыры биік тұлға. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз