• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Әділетті Қазақстанның қалыптасу баяны

Әлеуметтік-экономикалық мәселе­лердің ұзақ жылдар бойы шешілмеуі қоғам мен билікті дағдарысқа соқтырғаны сөзсіз. «Еgemen Qazaqstan» басылымына берген сұхбатында Президент қасіретті Қаңтар оқиғасына баға бере келе, мемлекеттің іргесін шайқалтпай, сақтап қалу міндеті бірін­ші орында тұрғанын айтқан еді. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы – ішкі және сыртқы саясаттағы егемендіктің тұтас символы. Осы биіктен байламдар жасалып, шешімдер қабылдау басты императив болуға тиіс. Қазақстан халқы сын сағатта Президент жанына осы себеппен де топтаса алды.
Бұл орайда ескеретін мәселе бар. Президент тек билікті бөліп алып, жеке дара сынға алып отырған жоқ, керісінше тоқыраудың қоғамдық санаға да орнығып, құқықтық нигилизмнің тамыр жайғандығына да назар аударып отыр. Сол себепті, қазіргі өтпелі кезеңде заңдылық пен құқықтық тәртіптің қатаң сақталуы маңызды екеніне басымдық берді. Билік институттарымен бірге қоғамның да ортақ бір құндылық – әділеттілікке бағынуы, оны қорғауы және орнықтыруы аса маңызды. 
 «Билік транзиті» секілді мемлекетке қауіп төндіретін жағымсыз саяси үрдісті алғаш рет жария сынға алады. Оның мемлекеттік аппаратқа тигізген зиянын сөз етті. Бұл Конституцияда бекітілген Мемлекет басшысы институтын көпе-көрнеу девальвациялауға әкеле бастады. Тіпті Әділет министрлігі сияқты ресми құзырлы орган жетекшісі ашықтан-ашық «Елбасы – Президенттен де жоғары тұрады» дейтін антиконституциялық мәлімдемелер жасады. Транзиттік модель жағдайында атқарушы-өкім жүргізуші биліктің де тиімсіз жұмыс істейтіндігі белгілі болды. Биліктің тармақтарға бөлініп қоюы ғана емес, сонымен қатар оның толық болуы да маңызды мәселе. Қосанжарласудың салдары қандай да болсын мемлекеттік билік органының егемендігін әлсіретіп, оның толық іске асуына кедергі келтіретіндігін көрдік. 
Президенттік өкілеттіктің жеті жылдық мерзімі туралы  идеяны Қасым-Жомарт Кемелұлы осыдан он бес жыл бұрын айтқанын және Конституцияға енгізуді өзі ұсынғандығын алғаш рет жария­лады. 
Жалпы, Президент өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектейтін конституциялық норма көбіне Латын Америкасы демократиясына тән құбылыс. Ол түсінікті де. 
Өйткені дамушы елдердің саяси жүйесінде билікте ұзақ отыруға деген қызығушылық басымдау болады. Сондай-ақ бұған кедергі болатындай, буыны қатқан демократиялық механизмнің қалыптаспауы да басты рөл атқарады. Осы себепті Қазақстан секілді демократиясы жас дамушы елдерге жетекші билік институты – президенттік өкілеттіктің бір мерзіммен шектелуі ақталады. Әрине, бұл норма өзінің алдына қойған мақсатын орындаған соң, келешекте екі мерзімге сайлану мүмкіндігін қайта көтеруге болмайды дегенді білдірмеуге де тиіс. Осы заманғы сайлау теорияларына да жүгінер болсақ, кез келген биліктің ауысуына мүмкіндік берілуі керек деп саналады. Бұл көбіне демократиясы көне, саяси дәстүрі орнықты дамыған елдерге тән. Ол үшін президенттік биліктен бөлек, жоғарғы және жергілікті өкілді органдар да ықпалды болуы қажет. Мұны Президент Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп тұжырымдаған болатын. Бұл бағытта елімізде 3500 депутаттан тұратын мәслихаттар мен 98 депутаттан тұратын Парламент Мәжілісі жаңа конституциялық ережеге сәйкес қайта сайланды. Депутаттық корпус 70%-ға дейін жаңарды. Барлық деңгейдегі өкілді биліктің 30%-ы депутаттық корпусын сайлау квотасы негізінде жастар мен әйел азаматтар, сондай-ақ ерекше жандар құрап отыр. Бұл саяси жүйеге серпін беретін прогрессивті өзгеріс екені дау тудырмайды. 
Президент өз сұхбатында жастарға айрықша үміт артатындығын жеткізді. Алайда, бұл тәжірибесі мол кадрларды елемеу дегенге ұрындырмауға тиіс дейді. Қалай болғанда да салқынқанды мемлекеттік басқару тұжырымдары жасалуы керек. Бұл орайда «Президенттік кадрлық резерві» жұмыс істей бастады. Мемлекеттік басқаруға талантты әрі моральдық тұрғыда адал жастар келуде. Елімізде саяси реформалардың едәуір жедел әрі жүйелі жүріп жатқаны  көз қуантады. Шетелдік баспасөз де мұны атап көрсетуде. Саяси реформалардың 5 түрлі пакеті аясында көп­теген заң­дар қабылданды. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық реформа жүзеге асты. Осы бір ғана конституциялық реформа аясында 27 конституциялық және қатардағы заң қабылданды. Осының барлығы аз уақыт ішінде жылдам жүріп жатқан өзгерістер. Әрине, өзгерістердің сапалық ерекшелігіне де назар аударуымыз қажет. Бұл жағы әлі де дамытуды және жетілдіре түсуді қажет ететіндігін Президент те жақсы түсінеді. Десе де, Президент айтқандай ендігі жерде ескі жүйеге кері қайту мүмкін емес. Өзгерістер жаңа конституциялық реформалардың мәні мен талабына сай алға қарай жүріп, іске аса беретін болады. Бұл жұмысты қоғам мен билік бірлесе атқаруға тиіс. 
Билік пен қоғам арасындағы конфронтация жойылуы керек. Қоғамның ұсынысы мен тілек-талабын тыңдау – мемлекеттік орган үшін міндет деп атап көрсетті. Бұл бюрократияны ауыздықтайтын бірінші және маңызды қадам. Бұл бағытта арыз-талаптармен айналысатын арнайы бөлімдер жұмыс істеп отыр. 250-ден астам Қоғамдық кеңестер орталықта және өңірлерде жұмыс істеуде. Жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары аталатын өзін-өзі басқару құрылымдары да жанданып келеді. Қоғам тарапынан Қ.Тоқаевтың саяси-құқықтық ойы мен көзқарастарына да баға беруге тиіспіз. Ашық объективті талдаулар жүруі қажет. Ел басқаруда ұстанатын қағидалар мен моральдық ұстындарын дұрыс танып, ажырату өте маңызды. Өйткені бұл адамдардың тағдырына да әсер ететін болады. Қ.Тоқаевтың пайымдауынан заңдылық пен құқықтық тәртіпке айрықша назар аударатыны бай­қалады. Жемқорлық пен олигополия­дан мемлекеттіктің іргесі шатқаяқтап тұрған қазіргі таңда бұл ұстаным өзінің оң нәтижесін беретіні сөзсіз. Коррупция сияқты криминогенді құбылыспен күрес­­уде легитимизм тиімділігін халық­аралық тәжірибе көрсетіп отыр. Әсіресе бұл қарқынды дамып келе жатқан ментальдылығы ұқсас шығыс елдерінде кең қолданыста екенін айтуға тиіспіз.
Тоқаев жүргізіп жатқан реформаларды жинақтап қарайтын болсақ, олар­дың іргелі үш бағытта дамып отырғандығын көреміз: бірінші – билікті орталықсыздандыру үрдісі. Екінші – адам құқығын дамытудың мәселелері. Үшінші – жергілікті демократия мен өзін-өзі басқаруға көңіл бөлуі. Алдыңғы екеуі айтарлықтай жұмыс істей бастады. 
Ауылдық және аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы билік сайланатын болды. Бұл – Орталық Азиядағы ең ал­ғашқы саяси тәжірибе. Орталық­сыздандыру үрдісі жалғасуда. 2400-ден астам ауыл әкімдерінің корпусы келесі жылы толық сайланып бітеді. Биыл басталған аудан әкімдерінің сайлауы 2026 жылы аяқталуға тиіс. 
Облыс және оған деңгейлес әкімдерді де Президент бұрынғыдай тікелей тағайындай алмайды. Тек екіден кем емес үміткерді ұсынумен ғана шектеледі. Кімнің облыста әкім болатындығын өңірдегі мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы анықтайды. Президенттік Республика болғандықтан және унитаризм қағидасына сәйкес Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы билікпен байланысы үзілмеуге тиіс. Тіпті тікелей өзі тағайындап, өзі босатса да, бұл қате болмаушы еді. Алайда, соңғы конституциялық реформа президенттік биліктің де халық алдында бақылауда болуын мейлінше кеңейтті. 
Адам құқықтарын қорғау бағытында Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институттары жүйелі жұмыс істеуде. Азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға кепілдік беретін заңдар қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алуға қатысты бастамаларды Президент көтерді және оның барысы жіті бақылауында. Жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты да тапсырма берілді. Президент Жарлығымен оның 2020-2030 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Қоғамдық кеңестердің және мәслихаттың функциясын қай­талайтындықтан, Парламент Мәжілісі ағымдағы сессиядан «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын алып тастады. Алайда бұл келесі сессияға дейін пысықталып, қайта көтеруді қажет ететін маңызды құқықтық құжат. Егер Президент Тоқаев осы аталған үш бағытты өзінің бір мерзімдік өкілеттік аясында толықтай енгізіп, мәніне сай жүзеге асыра алса, бұл Қазақстан дамуындағы демократиялық серпіліс болады. 

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,

заң ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы

4990 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы