- Ел мұраты
- 26 Ақпан, 2024
Ұлттық құндылық ұрандатумен жазылмайды
«Өткеніңді білмей – қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» депті ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Ендеше, Қазақ елі дүниежүзілік адамзат көшіне жеке мемлекет ретінде қосылған бүгінгі жаһандану заманында халқымыздың рухани және мәдени өмірінде тіл мен діл, дін мен тарихпен қоса, қара сөзін тасқа қашаған жазушыларының да атқарар жүгі өте ауыр, қызметі өте салмақты.
Дана халқымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген екен, бұдан шығатын қорытынды тәуелсіз ел болам десең, тілің мен әдебиетіңді, дәстүр-салтың мен мен тарихыңды жадыңнан шығармаумен қатар тереңдете түс дегенді меңзейді. Қазіргі діни ұстанымдар мен ұлттық болмыс арасында жол таппай жүрген жастар қаншама. Ендеше, ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды тек тарихшылар мен этнографтар болмаса мешіт қызметкерлері ғана емес, қолында қаламы бар көркем әдебиет өкілдері – жазушыларымыз да ыждағаттылықпен қайта зерттеп-зерделеудің, жаңаша пайымдаудың, келісті көркем сөзбен кестелеудің күні туды. Жаңалық дегеніміз ұмытылған ескілік демейтін бе еді. Сол айтылғандай, терең тарихын жадына жазған ұлт болмысына үңіле білгенде ғана жазушыларға жаңа тақырыптарға жол ашылады деген сөз.
Биыл елімізде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтпекші болып жатқанында да мән бар. Сол қарсаңда жуырда қазақ жазушылары арасында «Құлагер» республикалық байқауы ұйымдастырылып өткізілетіні жарияға жар болды. Міндеті қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосу; ұлттық спорт түрлеріне арналған шығармаларды насихаттау. Демеушілер әр номинация бойынша әр жеңімпазға екі миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы бермек. Ұлттық құндылықтарымыздың бір парасы осы спорттық ойындарымызда жатқанын ескерсек, ұлттық спортты насихаттауда қоғамдық санаға әсер ететін биік деңгейдегі тамаша шығармалар туатынына дау жоқ.
Жақында Қазақстан Жазушылар одағында өткен «Ұлттық құндылықтар: кеше және бүгін» немесе ұлттық құндылықтар жазушылардың қаламымен» атты республикалық ғылыми-танымдық дөңгелек үстелде бас қосқан ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, этнограф ғалымдар өз пікірлері мен жасаған баяндамаларында ұлттық құндылықтың барысын жан-жақты сөз етті. Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов пен жүргізген Төраға орынбасары Қасымхан Бегманов ұрпаққа тәрбие беру мәселесінде жазушылар қалам қайратын жұмсаудан аянбауы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырғанын құлағдар етті. Ұлттың болашағы келешек ұрпақтың қолында. Ендеше оларға қаншалықты ұлттық тәрбие бере алсақ, өзінің тарихын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сүюге үйрета алсақ, соғұрлым ұлт болашағы бекиді, халқымыз ұйысады. Дөңгелек үстелге қатысушылар «Ұлттық құндылықтарымыз – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, ата-баба тәрбиесі, заң қағидасы, табиғатпен сырласу, дәстүрлі қолөнер, музыка, ойын-сауық, той-думан, ұлттық киімі мен қазақы дастарқан – жазушылардың, ақындардың, драматургтердің көркем туындыларында қандай көрініс тауып отыр? Бұл бағытта зиялы қауымның, әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің атқарар миссиясы қандай?» деген сынды қоғамды толғандырған түйіткілді мәселелерді барынша талқылауға тырысты. Ақын Қасымхан Бегманов «Дәстүр трансформациясы баспасөзде», жазушы-публицист Марат Тоқашбаев «Бүгінгі қазақ жазушыларының шығармаларындағы этнография тақырыбы», этнограф ғалымдар Бибизия Қалшабаева «Жоғары оқу орындарындағы ұлттық тәрбие», Досымбек Қатран «Қазақ фольклорында – дәстүрдің орны», Сәкен Алдашбаев «Ұлттық құндылықтардың шығу тарихы немесе ырым жасау дұрыс па?», Раушан Каршалова «Ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі аналардың рөлі», сыншы Светлана Ананьева «Актуальные проблемы преподавания казахской литературы в русских школах Казахстана», ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы «Ұлттық дәстүрді жаңғырту» деген тақырыптарда баяндама жасады. Ұлттық құндылық – әрбір ұлттың өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтардың орны зор, маңызы ерекше. Ұлттық тәрбиемен тәрбиеленген бала қазіргідей жаһанданудың жұлымыр заманында өзге жат ықпалға ұшырамай, кейбір адасқан жастардай өз ұлтының ерекшелігі мен құндылығын жоққа шығармас еді. Бір ғана қазіргі дін саласын алайықшы. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен Әбу Ханифа мазһабындағы ислам діні бір-біріне ешқашан қайшы келген емес. Керісінше, ханафи мазһабы біздің мәдениетімізге сіңісіп, қазақ халқының дүниетанымы мен өмірлік құрылымының бөлігіне айналды. Бүгінгі күнде «бидғат», «ширк», «харам» сөздерін жиі пайдаланатын, ұлттық құндылықтарға «қара перде» тағатын, келін иіліп сәлем салмау керек, музыка тыңдамау керек, мемлекеттік мерекелерді атамау керек деген адасушылыққа алып келетін жалған ұстанымдар мен «жиһадқа» шақыратын жат ағымдардың кері пиғылды идеологиялары адамдардың бойында күмән тудырып, адастырды. Нәтижесінде, адамдарда діни ұстанымдары мен ұлттық болмысы арасында да қайшылықтар туындап, дін мен ұлт арасында таңдау жасауына итермелейді. Алайда ислам діні мұндай алалауды көздемейді, керісінше басқа дін өкіліне болсын, бір-біріне болсын төзімді қарым-қатынас таныту қажет екендігін алға тартады. Міне, осы орайда сан ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тиімді пайдалану, халық ауыз әдебиеті мен ұлт қайраткерлерінің өмірі мен өнегелі сөзін жаңаша жаңғырту арқылы өз еліміздің ерекшелігін сақтап қалу – ел мен жерді сақтап қалу, ал ел мен жер дегеніміз ертеңіміздің кепілі. Қолына қасиетті қалам ұстаған қалың қауым бұдан – ұрпақ тәрбиесінен қалайша шет қалмақ, сондықтан санаға салмақ түсірер, санасызға саңылау бітірер есті сөзді тұғырына орнықтырар кез туып тұр.
Төреғали ӘЛІПҰЛЫ
4944 рет
көрсетілді0
пікір