- Ел мұраты
- 26 Ақпан, 2024
«Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклінен кейінгі ой
Қазақ театрларының тарихында өнер мен мәдениетте, ел басқару ісінде елеулі ізі қалған ұлы адамдардың өмір-тағдырын баяндайтын ғұмырнамалық шығармаларды сахналану үрдісі өткен ғасырдан-ақ қалыптасқан. Шыңғыс хан, Керей мен Жәнібек, Абылай, Кенесары, Құнанбай, Абай, Ақан, Шоқан, т.б. тұлғалардың көркем бейнелері олар туралы түрлі нұсқада жазылған пьесаларға арқау болып, сахнаға қойылды. Сондай көрнекті тұлғаның бірі ХІІІ ғасырда өмір сүріп, құлдық пен аштықты, сатқындық пен озбырлықты көзімен көрген Сұлтан Бейбарыстың образы қазақ драматургиясында белгілі жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың қаламымен жазылған болатын.
Бұл шығарма М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма, М.Горький атындағы академиялық орыс драма, т.б. театрлардың репертуарына енді. Өткен жылы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ драма театрында тарихи деректер бойынша сахналық жүйе жасалып, көрерменге жол тартқан еді (инсценировка авторы Ә.Исаева, режиссері С.Сариев).
Жақында ғана, яғни 7-8 ақпан күндері премьерасы өткен «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклін осындай шығармашылық үрдістің заңды жалғасы ретінде қабылдадық. Фархад Молдағалидің «Алатау» дәстүрлі өнер театрындағы ғұмыры тартысқа толы Бейбарыстың тағдырынан сыр шертетін қойылымы нақты драматургиялық желіге негізделмеген. Режиссердің өзі тарихи деректердің ізімен инсценировка жасапты. Оның сахналық жүйесі 1989 жылы Болат Мансұровтың режиссурасымен түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі егде жастағы (Нұрмұхан Жантөрин) Бейбарыстың еске алуымен дамып отыратын оқиғалар желісінен алынған. Алайда мұнда экрандық шығармадағы моңғолдардың шабуылы, бала Бейбарысты бөтен адамдардың алып кетуі, құлдыққа сатылуы, құл саудасы кезіндегі көрсеткен ерлігі, Құтыздың оны сатып алып, оның ең сенімді жауынгері болуы, сөйтіп өзінің стратегиялық ойлау қабілетімен, жауға қарсы ерекше тактикасымен, көреген саясаткерлігімен билік басына келуі, ақыры өзінің туған топырағына қайта оралуы сияқты оқиғалардың барлығы тізбектелмейді. Спектакльде куә болғанымыз, Б.Мансұровтың картинасының үзінділері ғана. Ал, қойылымдағы оқиғалар тізбегі мен өтетін орны сахна төрін тұтас алып жатқан үлкен темір қақпаның жоғары жағына жазылған «Tus», «Mekke», «Gaza», «Halyq», «Sultan», «Qastanduq», «Olim», «Songy kun», «Qoshtasy» сияқты сөздерден байқаймыз.
Спектакльдің экспозициясында жоғарыдан төменге қарай жылжыған дөңгелек шарға түскен сәуледе жарық дүниеге келетін бейкүнә жанның сұлбасы байқалады. Бұл Бейбарыс болатын. Одан әрі оның тартысты өмірі бірден басталып кетеді. Мұнда басты қаһарманның өмір жолындағы ақ пен қараның айқасын костюм суретшісі Алма Сырбаева ақ түсті киімдегі халық пен қара түсті шалбар киген мәмлүктердің костюм үлгісі арқылы беріпті. Яғни, сахна кеңістігінде тек ақ-қара түс қана орын алған.
Театрдың өзіндік статусына сай музыкалық аспаптардың түрлі дыбыста орындаған әуендері көпшілікті өзгеше әсерге бөледі. Көрермен залының бірінші қатарынан орын алған музыкалық ансамбльдің орындауындағы әуендер сахнада болып жатқан ситуациялармен қисынды үйлескен. Әрі бұл қойылымның саундрама жанрына тән дыбыстық сарынның айшықталуына барынша қызмет еткен. Кейбір көріністерде орындалатын халық әні «Елік-ай» Бейбарыстың туған жеріне деген сағынышын байқатады. Бұл да «Алатау» фольклорлық ансамблінің орындауында шығармаға әдемі әуез берген.
Алайда басты рольдегі Әсет Есжанның ойынынан Бейбарыстың көшбасшылық болмысы ашылмады. Қаһарманның қайсар мінезі, ішкі ой арпалысы, сұлтан болуға лайық көреген саясаткерлігі ашылмады. Бізге тарихи деректерден және жоғарыда аталған фильмнен таныс қаһарманның өзгеше келбетін, оның стратегиясын, көзқарасындағы тереңдікті, құл ретінде небір зұлымдықты көре жүріп, жамандық пен жақсылықтың, ақ пен қараның салмағын танығандығын, сондай қасиеттерімен өзге елдің билеушісіне айналған ұлы тұлғаның көркемдік бейнесін көре алмадық. Яғни, Бейбарыс мінезінің қалыптасып, оның билікке келу жолында ешқандай даму сатысы жоқ. Оның дүниеге келуден кейінгі өмірі: балалығы, тұтқынға түсуі, құлдыққа сатылуы, сол құлдықта жүріп, жалпы қарама-қайшылыққа толы тағдыры қойылымда келісті көріністер арқылы дамуы керек-тін. Бірақ, бұл қойылымда режиссер саундрама деп ат қойып, айдар таққан жанрға ғана ден қойған. Сұлтан болудың жолы түрлі құрбандықтарды талап етеді десек, спектакльде не жанын, не тәнін, не өмірін, не Отанын құрбан еткен Бейбарыстың биік тұлғасы жоқ.Жалпы актерлік ойындарда көзге анық көрінген шеберлік болмады. Сахнадағы он мәмлүктің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Және сахналық сайыстың бір сарындылығы мен бір ғана қозғалысқа негізделуі құл-жауынгерлердің ерлік болмысын ашып бере алмады. Рөл орындаушылар өз бетінше ізденбеген, тек режиссердің трактовкасымен шектеліп қалған. Негізінен Бейбарыс сияқты саяси һәм рухани істері тарихта таңбалғанған әрбір аңыз кейіпкердің қарама-қайшылыққа толы өмір жолы, құлдық пен сұлтандықтың аралығындағы басынан өткізген шытырман ситуацияларды психологиялық тұрғыдан да, физикалық қызу әрекет тұрғысынан да, моральдық тартыс барысында да айқара ашуға мүмкіндік мол. Осы тұста Бейбарыстың биік тұлғасы туралы жазылған тарихи-ғылыми еңбектерді негізге алу шығармашылық ансамбльдің басты міндеті болуы керек-тін.
Режиссер актерлік шеберлік қарымының кеңдігін талап ететін Бейбарыс сынды ұлы қайраткердің роліне Ә.Есжанды оның тек сыртқы кескініне, біз фильмнен білетін сұлтанның түр-келбетіне сай келетін актер ретінде ғана таңдаған сияқты. Өзгеше жаратылысымен, өр мінезімен өзге елде сұлтан болған қаһарманның болмысын ашатын шытырман психологиялық қақтығыстар, моральдық құндылықтар сахнадағы актердің ойынында көрінбеген жағдайда образ жоқ деп айта аламыз. Ал, образ дегеніміз не? Образ ол – актердің идеалы. Онда кейіпкердің мінезі, ойы, болмысы, табиғаты, түсінігі, ұстанымы, мақсаты бар. Алайда бұл спектакльден образ көре алмағанымыз рас.
Осы жерде актердің кейіпкер сомдаудағы кәсіби шеберлігінен бөлек оның сыртқы сымбатының әрқашан да қалыпта болуы қажеттігін атап өткіміз келеді. Рөл орындаушылардың қимыл-қозғалыстың әсемдігіне, өзін-өзі күтіп-баптау мәселесіне, арнайы жаттығулар мен тренингтерден қол үзбеуге назар аударуы маңызды. Яғни, актер дене бітімін физикалық тұрғыда күтіп баптауға міндетті. Сондай физикалық дайындықтың жоқтығы немесе әлсіздігі аталған спектакльде анық байқалып жатты. Қай театрдың өнерпаздары болмасын мұның сахналық мәдениет пен этикаға байланысты екенін жадынан шығармауы тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі – Ф.Молдағалидің «Құлагер» спектакліндегі мизансцена мұнда да қайталанған. Он мәмлүктің сахна төрі мен авансцена арасында ішкі дүниесіндегі аласапыран күйді, күйінішті білдіретін айғаймен жүгіруі осының айғағы. «Режиссердің өзін-өзі қайталауы қиял байлығын көрсетпейді», – дейді ақын Әбділдә Тәжібаев. Демек, өмір сүрген дәуірі бөлек, қатал уақыттың қатыгез талабы мен ұстанымында шыңдалған қаһарманның биік болмысын көркемдік шындық арқылы жеткізу үшін мүлдем басқа мизанцена, мүлдем басқа режиссерлік шешім керек-ақ.
Спектакльде режиссер мәмлүктердің дәрет алу көрінісіне су толы үлкен үш қазанды пайдаланыпты. Бұл жерде оның сол қазандарды шартты түрде көл немесе өзен ретінде қолданғаны белгілі. Алайда бүтін түркі жұрты үшін қазанның қасиетті зат екеніне ұжым болып назар аудармаған. Сонау сақ дәуірінен бері түрлі жаугершілік пен шапқыншылықты, қанды жорықтар мен аштықты бастан кешкен түркілер, оның ішінде қазақ халқы үшін қара қазанның қасиеті зор. «Басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Өйткені ол күнделікті тіршілік құралы. Қазақ дастарханына түсетін тағамдардың барлығы да (қымыздан басқасы) ең алдымен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде қара сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді» [https://kk.wikipedia.org/wiki/]. Олай болса, «дененің ең көп кірленетін мүшелерін тазалауды көздеген Исламдағы маңызды ғибадатқа» [kk.wikipedia.org›] мұндай қасиетті детальді пайдалану қателік болған.
Жалпы драмалық шығарманы сахнаға қоярда театр ұжымының да, режиссердің де алға қойған мақсатының, көпшілікке айтар ойының болуы міндетті. Ал, мұнда 2023 жылы болып өткен Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына арналған жоспарды орындаған сыңай бар.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы,
өнертану ғылымының кандидаты
5286 рет
көрсетілді0
пікір