• Еркін ой мінбері
  • 12 Желтоқсан, 2012

Құм тағдыры

Серікқазы ҚОРАБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ұлттық әдебиет тарихында құм құпиясын ашып, құмның тылсым тіршілігіне адам өмірін қабыстырып жазған қаламгер сирек десек, белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның бұрын-соңды сыншы қаламына ілікпеген, әлі күнге тілге тиек бола қоймаған толымды тақырыбы – құмдағы тағдырлар. Бұл тақырып жазушы шығармаларының негізгі өзегі. Атап айтсақ: «Жолбарыстың сүрлеуі» (хикаяттар, 1984); «Құмда қалған кемелер» (әңгімелер, хикаяттар, 1986); «Таразы» (роман-толғау, 1992); «Құм кітабы» (хикаяттар, әңгімелер, 1995); «Екі дүние есігі» (эсселер, әңгімелер, 1998). Осы кітаптардың бас-басына үңілcек: керуенші, қазбагер, түйеші, қойшы, саятшы тағдырын қозғаған «Абориген» хикаятындағы Абылүйген, «Жолбарыстың сүрлеуіндегі» Аяпберді, «Таразы» романындағы Асанәлі, «Құмда қалған кемелер, Қызылқұмның желі не деп жылайды» әңгімесіндегі балықшы, қазбагер, түйеші – табиғат пен адам жанының бір пернеде үндесуі. Қаламгер құм өміріне, құм стихиясына өз үйіндей еркін еніп, төрінен табалдырығына дейін жіті көзбен індете зерттейді. Құм адамы мен табиғат мінезі арасындағы сырт көзге сезілмес қым-қуыт тартылысты дөп басып тануы тамыршыдай. 1996 жылы Мемлекеттік сыйлық алған «Құм кітабының» бас кейіпкері – төлқұжаттағы есімі Абылүйген, ауылдастары Абориген атап кеткен қарапайым қойшы. Таң алакеуімнен үй сыртындағы биік белге көтеріліп, малдас құрып отыра-отыра, баяғының бітігші шебері қашаған балбал тасқа ұқсайды. Көлеңкесі кішірейе-кішірейе, бүйіріне кеп бүк түсті. Төбе басындағы балбал тас – Аборигеннің көзіне не кеп елестетеді дейсіз. Өмір – оазисте, гүлмайса көгалда ғана салтанат құрады деген берідегі сөз. Құмның да өзіне лайық өмірі болады, тіршілік керуені үзіліссіз жүріп жатады. Ол, әсіресе, жазушы көзінде – ешкімге ұқсамайтын, ештемеге айырбастауға болмайтын ерекше сипаттағы, айрықша кемпірқосақ бояулы көркем әлем. Иықты жаншып, төзімді тескен қатал сынаққа төтеп берген өлермендер өмірі. Қайсарлық пен қаталдықтың итжығысы. Бұлдырап сағымға сіңіп бара жатқан жоғалған түйе; бағзыдан өшуге айналған Ұлы Жібек жолының көне сорабы; басынан қалпағын алғанда, төбесінен бу шыққан әріптесі – Қалтақ қойшы; аулақта көне қаланың орнын қазып, ерні шыт-шыт жарылып, қабырғасы сөгіліп, бүкшеңдеген қазбагер; әудем жерде көзіне құм толған, ауызын орамалмен буған керуенші; көз ұшындағы сағымға күн сала қараған көріпкел қария; бәрі-бәрі – көре білер көзге құжынаған өмір. Бейсеуат жолаушыға құм іші – күйіп тұрған тандыр пеші... тымпи ойнағандай меңіреу, тыныш, тып-типыл, тұлдырсыз жарты әлем ғана. Толып туған айдың жүзі, тоқтап қалған уақыт. Кейіпкеріміз ауруханада жападан-жалғыз қиялын серік етіп, ой кешеді. Қойшылық кәсіпті қалай қамыт қып киіп алдым деп таңғалады. Марқұм әкесі «бұл дүниеде көрмеген қызықты о дүниеде көрермін» деп мал соңында сүйретіліп жүріп суішкілігін таусыпты. Бұл көкең балалық шақтың бар қызығы – «қой бағу, қозы қайыру, үнемі үні бітіп шаршап жүретін әкенің қолын ұзарту» деп біліпті. Шыжыған күннің ыстығында қалпағының астынан бу шығып, мақталы күпәйкенің жонынан тұз соры теуіп, мың салсаң бір баспайтын аяқ лаудың арқасына жарбиып мініп құм ішінде... ел шетінде жүре беріпті. Өмір өтіп кетіпті. Қызыл орамалы желбіреп, томпиған тоқ еріні үлбіреп, жылдам қоштасып көгілдір поезға отырып, астанаға оқуға кеткен сыныптас қызының сылдыр... сыңғыр күлкісі көпке дейін құлағынан жуылмай жүріпті. Құм – жазушы көзінде құш­тарлық қан тамыры ұрып тұрған өмір лүпілі. Импрес­сионалдық фресканың символ-суретке ауысқаны секілді. Сіз бен бізге мүлде құпия мелодраманың жігі білінбей өрілген желісінде кесек мінезді Абориген ешкімге ұқсамайды, еш ортаға сыймайды. Іш пыстырған... зеріктірген... бірқалыпты... уақыттың өзі өтіп болмайтын ортадан аракідік ашу шақырған – мінез ашуын танисыз. Рас, кісі тағдырын таңдамайды. Тағдыр адамға бұйырады. Былайғы өмірдегі суішкілік, күнкөрістің құлы секілді. Байлық артықшылық болмас, кедейшілік кемшілік емес. Өмірдің күнесі мен көлеңкесін түкпірлеп тұнжыраған, мұңайған мінезді тап басып тауып жазатын қаламгер – «мәңгілік тақырып екеу» дейді. Бірі – махаббат, екіншісі – ақталмаған үміт. Домбыраның қос ішегі іспетті, бірінсіз бірінің шешілуі қиын. Қаламгер құмдағы тағдырды қозғағанда, осы екінші тақырыпты – қиялы қай құстың қанатында кеткені белгісіз, арманы құм шағылының ыстығына күйген, ақталмаған үмітті қазбегерше қаза түседі. Жазушының құм тағдырын тереңдей қазған романы «Таразы». Мінез колориті, түстіктің кемпірқосақ бояулы тірі сөзі, стиль тазалығы, сөздің суреті – жазушыны құм тақырыбының қазбагер-археологі еткен. Қазып жазу әдісіне қол артқан. Ой ағынымен жазылған бір күнгі оқиға қалың романға сыйған. Мұндай тәсіл қазақ прозасында некен-саяқ. Оқиғаны ойнатудан гөрі кейіпкердің жан сарайын аралауы басым. Мінекей: Асанәлі туған жері – Ұлы Жібек жолының көне сүрлеуімен қайта бір жүріп шығуға тәуекел етеді. Кейде жаяу, кейде көлікпен. Бәз бірде құм жотаға шығып, шағылдың қиырына ұзақ үңіледі. Ойлап қараса, Ұлы Жібек жолының керуені әлдеқашан кетіп қалған... үлкен соғыс біткен... абыз ағалары дүниеден өткен... кешегі сенім... үміт... сағыныш... бәрі-бәрі сағымға айналған. Үзілген үміт. Жоғалған ұрпақ. Құлазыған көңіл. Өткеніміз бен бүгіннің арасындағы көпір әлдеқашан қираған. Шегінетін тыл жоқ. Айдалада жападан-жалғыз қалғаны қалған. Импрессионизм – суреттегі ойдың, түйсіктің, қиялдың қозғалысы; ой ағынын таңдаған қаламгер әрі-беріден кейіпкердің жан сарайын аралап кеткенде – нендей ситуация, қандай кеп шертілсе-дағы оқырман құп көріп иланады. Сөз, сөйлемнің ішкі қуатының молдығы, жазу әдісінің қан қыздырар құштарлығынан табан жазбайтындығы. Бейне әлгі кейіпкер жай тіршілік иесі емес; оқыс оқиға, ашыну мен ашу, тағдыр тәлкегі үшін жаратылған есепті. Өмірден тірідей безіп кеткісі келгенін, қателігін, жеткенін, жетпегенін құп көріп, әр ісіне, әр сөзіне - имандай сеніп, ілесе түсесіз. Кешегі кемел социализмнен капитализм айтақырына топ ете түскен кейіпкер өзгермелі өмірдің ойыншығы секілді. Дүниеде тұрақты дәнеме жоқ дейді. Бүгін – ар-ожданы үшін басын бәйгеге тіксе, ертең – сатқын болып шыға келуі оңай; бү­гін – сері, ертең – базардағы делдал; бүгін – ұстаз, ғұлама, ертең – ері мойнына кеткен қой­шы; бүгін – арқасын кеңге салған ақшалы кәсіпкер, ертең – жылап ішіп, шыңғырып т...қан мүскін жан. Романдағы қай кейіпкердің болсын, осын­шалық өзгеру, өкіну метаморфозасы оқырманды магнит өрісінен еш шығармайды. Бұл кейіпкердің қылығына ілескен камералық хикаят емес, қоғам мен тұлға арасындағы кереғарлық, готика стиліндегі психоанализ; кісі жан сарайының ұңғыл-шұңғылын кезген рентген дейсіз. Құм өмірінде құпия, сыр, қиын жұмбақ жоқ. Жылтыраған теңеу, алып-жұлған оқиға қумай-ақ, күнделікті суішкілік нәпақадан нанымды фреска жасаушы, психоанализ тамыршысы. «Таразыға» байланысты жазушы сыр бөлі­сіпті: «Шынымды айтсам: сөз киесі қонған кісі­нің желкесінде тұратын, былайғының көзіне іліне бермейтін жын-перісі болады. Ол жын-пері күні-түні, әрдайым, иесінің қолы қалт етіп босай қалғанда – құлағына үнемі сыбырлап «жаз-жаз» деп титығына жетіп тұрады. Кісінің сыртқа шықпаған, түбінде бір айтылуға тиіс жан сырын, жүрек шерін, әлденеге ренішін, әлдекімге наласын запыран тастағандай «көркем сөзбен көзге елестетіп бересің» дейді. Содан ештемеге қарамай, «осыны кім оқиды?.. осыдан не пайда түседі?..» демей, дамылсыз жаза түсесің. Қалам мен қағаздың құлы секілдісің. Дәп сол шерді, дәл сол сөзді сақаға құйған қорғасындай ғып, келіден шыққан күріштей ғып сенен басқа жан баласы келістіріп сөйлете алмайды» дейді әлгі жын-пері. Жазушы желкесіндегі жын-перісі – құм өмірі, құмда өмір сүру – өлшеусіз азап. Құмдағы кісінің ешқашан шаруасы бітіп болмайды. Бейне күнұзаққа түгесілмейтін... мәңгілікке тапсырыс берген... мәңгі двигатель – порпетум мобиле секілді құм өмірі кісінің титығына жетіп, ыңыршағын айналдырып, қарасирақ ететін – «Таразы» авторының желкесінен түспейтін жын-перісі секілді. «Жолбарыстың сүрлеуі» – меңіреу құм өл­кесінде сырт көзге жым-жылас, іштей алыс-жұлыс шытырманы жетерлік драма деуге келеді. «Жылқы жылының көктемі құм ішіне ел-сел жылы жаңбыр жауып, азынаған айдаһар жел ішін тартып, жота түлеп шыға келген. Көкке тойынған мал күзекке жылдам түсті, ертелеп төл төкті. Әшейінде қусаң құмалақ түспейтін қатпа саулықтар биыл егізден қозы берді. Бар тізбенің соңында сүйретіліп жүретін Аяпберді – «озат Аякең» аталып, балағын шұбалтып мінбеге өрмеледі, шаруа жайын термеледі: семіз сөздің аяғы азынаған жел өтінен жұлып алып – Мәскеу түбіндегі ағашы малынған шипажайға баруға мәжбүрледі. Әуелгіде үйінен ұзап шығып көрмеген Аяпберді: «Әйелімнің жер бауырлап жылжыған құм жыланды күреуге шамасы жетпес» (121-б.) деп; «Қалашылап келгенімде қалқиманың қаңқасын ғана тауып опық жемейін» (122-б.) деп, кежегесі кейін тартқан. Әйтсе-дағы ұжым басшылары бопсалап болмайды. Көмекшіге Таубай, Әбутәліп есімді бозбастар келеді. Аяпберді шипажайдың ақ төсегіне көсілсе – қойны-қонышынан саулаған құм жатса да, тұрса да еш түгесілмей, шаршатады. Ақжелеңді әулеті үш мәрте моншаға түсіріп, құмнан әзер арылтады. Қойшы Құм адамы деген жанама есім жамайды. «Ау, ағайын, Құм адамы кімнен кем, ана газеттер шулап жазып жатқан Қар адамы дегенің әншейін қиялдағы мистика, мінезі бөлек, жүріс-тұрысы ерек, мына көкеңнің жанында ол дегенің жіп есе алмайды деп жорналшыға сыр сұхбат төгілдіреді... Отыз жыл бұрын жазылған шығарманы олқылықты етіп тұрған шиыршық атқан ұрымтал оқиға да болмас, былайғы жұрт біле бермейтін ерекше экзотика да емес; таңдайда еріген уыз дәмді, бәйгеге түсер сәйгүліктей сұлу стилі, бір сөз я артық, я бір сөз кем емес көркемдік бояуы дейміз. Құм секілді тол­қынданып ығысып келетін сөйлем ырғағы, сөз суреті, серпімді диалог, енді не болар екен дегізер ішкі драмалық серіппесі. Сөзіміз дәлелді шығуы үшін төмендегі детальді алайық. Оқиға екіұдай өрісте жүріп жатады. Бірі: Мәскеу түбіндегі шипажайда – Аяпберді төңірегінде; келесісі: қиыр түкпірдегі, жер шетіндегі құм ішінде – Зейнел төңірегінде. Осы екі полюстегі шытырман, бейне – қамшының өріміндей, жігі, жапсары білінбей, бір ауыздан шыққан кептей, қайықтың қос ескегіндей бір деммен оқылады. Жалғыз әңгімешінің әлқиссасындай. Шағыл үстін алақанмен сыйпағандай. Шыңыраудан қауға тартқандай. Кілем төсегіне тосын өрнек салғандай айтып-болмас әсерге шомасыз. Абыз Абайдың «ойын –арзан, күлкі – қымбат» деп мегзегені де кісінің жан сарайынан жанартау іспетті ағытылар ашынған ауыр күлкі болар, сірә. Эпилогта ауыл белсенділері Сүлеймен мен Мұсаның ауыр қаза үстінде, қойшының қасқыр шапқан қорасы төңірегінде... ат үстінде, бір-бірімен әкесінің құны кеткендей ащыласып, кеңірдектесіп бірін-бірі тілмен іреп союы шығарманың жұлынды түйіні, әттегенайындай әсер етеді. Құм өмірінің үлкен симфониясы осылайша шетпұшпақ тіршіліктің қоңыр сазындай жалғызаяқ соқпаққа айналып, там-тұмдап барып тынады. Құмдағы уақыт. Ғылымда уақыт – кванттық, ғарыштық, күн уақыты болып бөлінеді. Біздің қолданып жүрген сағат, құмсағат, секунт, минөт, ай, жыл дегеніміз – күн уақыты. Ақын Пушкиннің «Құранға еліктеу» атты өлеңінде жас адамның енді бір ұйықтап тұрғанда, баяғы мініп жүрген көлігінің сүйегі қурап... өлкені құм басып... өзінің пәлен жасқа егделенгені тілге тиек болады. Бұл ақынның ғарыштық уақытты мегзегені. Д.Досжанның «Абориген» хикаятында бас кейіпкер – қойшы. Қызылқұмның етегінде құм астында қалған Жент қаласының іргесінде жантаптырмай азынап шөлдеген қойға көлікпен су жеткізген зоотехник Мамырайхан бүй дейді. «Әй, Байпатшаев, қойыңды суға қандырып алып, қайқайып кете бермей, мойныңды бұр, құлағыңды сал!.. Тап ертең көлік жіберемін, баяғы Жент қаласының іргесіне қонысыңды аударып көшесің. Өңештемей қоя тұр енді! Бастықты тыңдап үйренбеген әулекі неме. Сол қаланы қазамыз деп астанадан бір топ қазбагер келіпті, жабдығы қыруар деп естідім. Атам заманда қирап қалған сол шаһардың іргесіне қосыңды тік те малыңды шулат... қатын-балаңды шұбатып бар да, жыла... құбыр салып, су көзін ашып беріңдер деп! Кім біледі, айдаладағы көтерем ұжымның малшысына жүрегі жібір... қол ұшын берер... Екінші айтпағым: республика парламентіне депутаттыққа түскелі жатырмын. Платформам айқын: Арал теңізін толтырамын, Сырдария суын телегей етем, сары ауру, сүзек, іштүйнек дертіне тосқауыл қоямын деп үндеу тараттым. Малшылар арасында сөзімді ұзартып, үгітшім бол. «Көреміз» деген бастықтарға жарасатын сөзді айтып өтіп кетермін бәлкім» (Құм кітабы. А, «Жазушы», 1995, 19-б.). Шындығында Құм адамының жасын түр-түсіне қарап, еш айыра алмайсыз. Қазбагер жігіт қала орнын ашамын деп жүріп, осыдан пәлен ғасыр бұрынғы бағзы бабалардың рухымен сөйлесіп... соларша кесіп-пішіп... соларша ойлаймын деп жүріп, бүгінгілермен тіл табыса алмай, қарадай пұшайман. Қарағайдай депутат Мамырайхан біраз уақыт өте сайлаушылармен кездесемін... сыр бөлісемін... мәдениетін көтеремін... деп, қиян түкпірге әртіс келіншек алып келіп, қойшының таспен бастырғандай жабырқау көңілін желпінте алмай әлек. Құм ішінің улы жәндігі шақса ем-домға қолданамын ғой деп жүрген шопанның бірер шөлмек спиртін сұрап ішіп, бастың аяқ, аяқтың бас болған кебін кешеді. Құм мінезін түкпірлеген автор келе-келе, уақыт өте, құм философына айналған. Дүниеде екі нәрсе әлі даулы, нешеме ғұламаның басын қатырумен келеді. Бірі: рухтың, жанның бір кісіден келесі кісіге ауысуы; екіншісі: адамның өз ақырын сезінуі, алдын-ала білуі туралы. Абай ақынның сүйікті ұлы Мағауияны, содан кейін, қырық күн өте, өзін бақи жалғанға жалына мінгізіп алып кеткен ақбоз сәйгүлік туралы «Өз ажалымен өлмеген адам» атты шығарма-деректі хикаят. Хикаят Абайдың үстінен мол-мол арыз түсіп, Семей уезінің мировой судьясына барып жауап беруімен басталып, Мағауияның қырқын үш күн ерте бергізіп, жұрт аяғы басыла – Абайдың тіл ауыздан қалып, о дүниеге аттанған мезетімен тәмамдалады. Шығарма – өмір мен өлімнің шарпысуы туралы трактат. Ақын санасының сезім рентгені. Ғабитхан молда мен Тұрағұлдың айтуынша ақынның ақырғы қиналған күні, таңалакеуімде іргесін дүбірге толтырып кісінеп, ақбоз ат келеді. Абай: «Жанымды алуға әзірейіл жіберген сәйгүлік осы!» – депті. Ақынды бақи дүниеге алып кеткен ақбоз сәйгүліктің заман өте, ұрпақ ауыса, енді қашан кімге айналып келері неғайбіл. О дүниеден, ұлы жарықтан дүниені дүбірге толтырып жететін жүйрік туралы әлі ешкімнен естімеппіз. Ақын рухы қай ұрпаққа ауысып қонары белгісіз. Абайша арқаланып, Абайша тұтанып, Абайша теңселіп отырып, өлең туғызып, жанып өтетін кісіні, мүмкін, табармыз, бәлкім, ұшыратпаспыз; бұл дүниенің құпиясына кім көз жеткізіпті, кім о дүниені көріп келіпті. Бәрі жұмбақ, бәрі шешуі қиын тылсым дүниенің түгесіліп бітпес дүбірі ғана. Құмсағаттың сусуы ғана! Жазушы шағын хикаятты осылайша түйеді. Бірер сөз «Құмда қалған кемелер, Қызыл­құмның желі не деп жылайды» әңгімелері туралы. Екеуі де 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің үздік әңгімесі аталған. «Құмда қалған кемелер» – Арал қасіреті туралы реквием. Тобағабыл балықшы табаны жалаңаштанып қалған теңізден күдер үзіп, балық іздеп аяңдап Сарыарқаның төсіне – Торғай мен Ырғыз өзенін үнсіз жұтып жатқан желкедегі құрдымға келеді. Ұлы даланың төсінде жерді тесіп, қос өзенді обып жұтып жатқан ми батпақ құрдымның жағасында ой кешеді. Кешегі толқыған көкбұйра теңіз қайда?.. Жазира даланың қаймағы секілді шикіл толқындай жосыған ақбөкен, киік неге ызым-ғайып?.. Мына қос өзеннің ғасырлар бойы ығысқан суы қайда жұтылып жатыр?.. Қарап тұрса, маңайында қыбырлаған ашкөз адамдар мен мына жатқан алып құрдымның арасында іштей бір үйлесім, үндестік бар секілді. Табиғат-ананың ашкөз, тойдым... қойдым... деуді білмейтін қанағатсыз пенделерді - бәрібір нәріме, ырзығыма тойғыза алмаймын, тойып бітпейді, одан да өз суымды өзім жұтып бітірейін дегені, бәлкім. Қитығып, қатігезденуі болар деп түйеді. Дүниені шайқап өттік, қызыққа кенелдік, көрдік... білдік... тасыдық... деп астамсыған пенделерді осынау құрдымға ұқсаған ызым-ғайып, тып-типыл, үн-түнсіз зауал күтері кәміл. Мұны дер кезінде ұғынатын да, ұғынбайтын да бар деп түйеді Тобағабыл. Балықшы зердесімен қаламгер өз замандас­тарының ашкөздігі... тойымсыздығы... іштар­лығы... қаталдығы туралы философия өреді. Заманына сай адамын іздейді. Баяғы теңіздің аспанға бу болып ұшып кеткеніне көзі жетеді. Көкірегі қарс айрылғандай болып, көз ұшында құмға сіңіп жоғалып бара жатқан Арал теңізіне жаутаңдайды. Түстік бүйірден құдайдың құтты күні еш тынбай азынап соққан Қызылқұмның желіне налиды. Әңгіме соңында, кейіпкеріміз Ырғыз бен Торғайдың құрдымына сүзіткі салады, тор жаяды, қырбық мұз жапқан құрдым жағасын алтын жонды сазан балық көміп кетеді. Жер де, су да сексеуіл шоғына қойған тайқазанға ұқсайды. «Күн алқызыл көкжиекке балық уылдырығындай шашылып сіңіп бара жатқан. Тобағабыл суды белшесінен кешіп, аудағы сазанды жанталасып жағаға лақтырып жатып байқамапты – тұла денесі дір етіп қолын тартып алды... Алып балықтың жанарымен жанары түйісті... Бұрын естігені болмаса, Алып балықты көріп-білген пенде емес еді. Тіктеп қараған балық көзі, бейне, ортасы ойық жұтпа құрдымға ұқсады... бұл тіршіліктің арпалысы... дәмі... наласы... қызығы... өкініші... кешкі суреті... кешегі елесі... құдай-ау, балықшы әулетінің ау тарта күрсінген әупірімі... тірі жаннан алыстап, қашып бара жатқан көк теңіз... бәрі-бәрі Алып балықтың қарашығына кілегейше ұйып қалыпты ғой». Бірсін-бірсін аяғы сусыма ұйыққа батып, Алып балықтың саусағының арасынан шығып бара жатқанын сезді... сезді де жандәрмен дауыстап: «Мына балық құрдымға тартып барады... құтқарыңдар!.. құмда қалған кеменің бірін сүйреп әкеліңдер!..» деп, жан дауысы шыға айқайлады. Әңгіменің аяқталу желісі Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Э.Поның «Жер кіндігі» атты шығармаларын еріксіз еске түсіреді. Кейіпкер жан әлемін кеулеген шарасыздық, сыздауық мұң, адам мен табиғаттың бір регистрде үн қатысуы әлемдік сөз маржанымен терезе теңестіріп, үзеңгі қағыса, сүрлеу салады. Оқырман жүрегіне айтып болмас қоңыр мұң ұялатады. Обып жеуден артылмаған, атаққұмар ашкөздіктің ақыры – жіңішкерген пендешілік сүрлеу; нәпсіқұмарлықтың соңы – сарқылған үміт; қанағатсыздықтың басы дардай – аяғы құрдымдай екенін қадап отырып сездірген жүрек сыздатар сары уәйім. Маржан сөздің мағналы ұнасымы. Лексикадан зергерлікті сезінесіз. Әуелде шежіреші кәрияның ертегісін тыңдағандай кеп кешесіз; келе-келе әлгі қиял қанатындағы кемпірқосақ әлем – қарапайым жерге түсіп... қарапайым кейіпкердің көңіл-күйін суреттегенде, қым-қиғаш тағдыр теперішінің реалистік басқышына сүрініп жығыласыз. Экзотикалық пейзаж – аптап күннің астында құм күреп, жан алып, жан берген я қойшы, я түйешінің жүрек сыздатқан түйткіліне айналады. Баяғы қиял ғажайып ертегі қатал тіршіліктің текетіресіне, итжығысына ығысып, орын босатады. Ілгерідегі сөз маржаны – пәлсапалық жақұтқа айналып шығады. Оқырманды сөздің, сосын сөйлемнің ішкі қуаты биіктетеді. Әлгі ішкі қуат келесі кезекте мегзеу мен тұспалға орын береді. Сол мегзеу, сол тұспал жанрдың мінезін ашады. Бір отырып оқып шыққанда – әңгіме балықшы өмірі туралы секілденеді; қыр үстіндегі қаңсыған кеме сұлбасына айналып соққанда – теңізі қайтып, жері айтақырға айналған кейіпкер жанының құлазуын сезінесіз; үшінші мәрте оқығанда – экологиялық жұтқа мойынсұнып, еміс-еміс желмен азынаған заманақырдың үні ме дейсіз; қайта айналып көз жүгірткенде – қарапайым кейіпкердің қарабайыр психикасынан өмір туралы тұтас философияны көріп, тұшынасыз. Кейіпкерді жан-жақты ашу – романның («Таразы») құзырына жатса, дәп сол кейіпкердің жалғыз қырынан суреттеп-ақ («Құмда қалған кемелер») адам мінезінің барша болмысын көзге елестету – әңгіменің әлуетінде. Осыдан келіп құм тағдырының тұтас көрініс-полотносы шығады. «Таразыда» – құм өмірі жағалауы көз жеткісіз найқала аққан дария секілді; әңгімеде – құм уілінің жетім сазы ғана. Автор нарық психологиясын бес саусағындай жетік біледі. Немқұрайдылыққа, екіұдайылыққа жол жоқ. Нені айтса-дағы, қалай суреттесе де, сүйсінуі – қан қыздырар құштарлыққа, тіксінуі – жер табандаған жиіркенішке жетелейді. Оқырман көкейіне «жақсылықтың ырзық-несібесін жоғалтып алма», «ілгергі тілеумен өмір сүр» деген пәлсапаны сіңіріп, жігі-жапар өпектейді. Құмдағы кейіпкердің мінез қайшылығын таразылаймын деп әуре болмай-ақ, олардың адамшылық құлығынан парасатты пайым мен ізгілік ұрығын іздейді. Адам жанының диалектикасын жетілдірер кеше мен бүгіннің жақсы құбылыс, байсалды бетбұрысын елден бұрын елп етіп сезеді, сол сезімнің алуан иіріміне тереңдеп бой салады. Бойды буып келген баяғы жын-перінің аласұрып, апшыған кепте сыртқа шығуы дейсіз. Оқиғаның немесе мінез құ­бы­лы­сының жетегінде кетпей, суреткерлік гуманизмнен табан жазбай – оқырманды соны сезімге жетелейді. Осы қалай дегізеді. Ой­лан­туға шебер-ақ. Өзінше шешім қабылдауға мегзеп, ишаралап әуре! Осы тұста И.Буниннің: «Ұсақ кейіпкер болмайды, көбіміз ұсақ таным мен майда пайымға сүрініп-жығылып жатамыз» деген сөзі ойға оралады. Жазушының көркемдік политрасы саналуан, бай, қарымы қуатты. Түймедей аңыз-әңгімені тың тыныспен құлпыртып суреттеуге, бүгінгінің ой елегінен өткізіп, тарихи-пәлсапалық тағылым түю­ге машық. Әлгі аңыз-әңгімеден барша адам баласына ортақ адам­­шылық мұрат пен пенделік уәйім­ді тамыршыдай тап басып мөл­діретіп ұсынады. Ұсақтан – ұлық түю осы болар, сірә. Өмірді дәл суреттеу, жүрек бүл­кілін дөп басу, түйсіктің құдіретін сезіну, сөздің арбаушылық, көріп­келдік аурасын ашу қаламгер машы­ғы. Автордың қиялы сұрапыл, шексіз, әрі қамтығыш, шырпы шақса – тұтанып жүре беретін оқиғаны тап басып аша біледі. Соның арқасында жазушы құмдағы тағдыр талайынан байтақ өмір туралы, сол өмірдің қадіріне қалай жетсек... қалай байыта білсек... қайтіп ұтымды сүрсек... деген философияны көлденең тартуымен қызықтырады. Құм тағдырының тұтас сан алуан кемпірқосақ бояуы көзімізге барынша қанық елестейді. Шеберлігің сарқылмасын, ізденіс сапарың ұзағынан болсын, шабытты шақтарың көп болсын, қас қаламгер!

735 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз