• Еркін ой мінбері
  • 09 Қаңтар, 2013

ОРЫСТЫҢ ТЕРМИН ЖАСАУЫН НЕГЕ ҮЛГІ ТҰТПАЙМЫЗ? немесе ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНА ҰЛТТЫҚ КОНЦЕПЦИЯ КЕРЕК

Қуанбек БОҚАЕВ, журналист

Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. («Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты)

Жалпы, орысшадан қазақша аударма жасайтындар аз емес. Ресми хабар-ошардан бастап ғылыми оқулықтар мен әдеби шығармаларға дейін орысшадан қазақшаға аударылғаны, аударылып жатқаны қаншама! Солай болса да, аударма ісі бір жүйеге түспей келеді десек жаңсақ айтқандық болмас. Мұнда жетістіктер де, кемшіліктер де баршылық. Соңғы кездері қазақшалаудың жөні осы деп асыра сілтеп сөз жасау асқынып бара жатқан сияқты. Мұның басты себебі, термин жасауда нақты концепция белгіленбегендігінен болса керек. Сол себепті, орыс тіліндегі сөздердің бәрін орыс тілінің сөздері деп, соның бәріне жаңаша балама іздеу салдарынан қазақ тілі шұбарланып қойыртпаққа айналып бара жатқаны аңғарылады. Шын мәнінде орыс тілінде айтылып, жазылып жүрген көптеген сөздер орыстікі емес араб, парсы, латын, грек, ағылшын, француз, т.б. ұлттар тіліндегі сөздер ғылым-білімде кеңінен қолданылып, халықаралық атауға ие болғанына қазақтың, қазіргі сөз жасаушылары мен термин жасаушылары мән бермейтіні байқалады. Мәселен, орыс тіліне икемделіп терминге айналған латын сөздері: академия, амбулатория, антенна, аппарат, декан, фамилия, факт, факультет, университет, плакат, планета, контр, кредит, конфискация, т.б. Грек сөздері: акробат, анархис, аномалия, утопия, космос, космополит, анти, фантастика, т.б. Француз сөздері: акушер, акция, аллея, альбом, ансамбль, антракт, девиз, пресса, т.б.Осы секілді орыс тілінде қолданылып жүрген, өзге мыңдаған сөздерінің бәрін қазақ аудармашылары орыс сөздері дегендей ұғыммен қазақша балама сөз жасауға ұрынып келе жатыр. Мәселен, фантастиканы – қиял-ғажайып, девизді, ұран, планетаны – ғаламшар, интернетті – ғаламтор деп жазатын болдық. Алайда ауызекі тілде халықаралық атауын айта береміз. Өйткені, халқымызға – қарапайым қазақта күнде естіп, құлағы үйренген сөздер төл сөзі іспеттес те, жаңа сөздер бөтен секілді. Мұндай сөздерді орыстар өз тіліне кіргізіп, өздерінің дыбыстық үндестігіне орай өзгертіп айтады емес пе. Сондықтан, біз де осындай халықаралық сөздерге балама іздеп, жаңадан сөз жасап әуреленіп жатпай қазақ тілінің қалыбына салып, жаза берсек, айта берсек жөн болар еді. Мұндайға бәз біреулер «Тіл шұбарлау» деп қарсы шығады. Ал, шын мәнінде сөз жасаудың өзі нағыз тіл шұбарлау ғой. Әйтпесе, тіл шұбарламаймыз деп халықаралық «Планета» дегенді «Ғаламшар» дедік, «Интернетті – ғаламтор» дедік, «плас­тилинді» «ермексаз» дедік. «Девиз­ді – ұран» дедік. Сонда, қазаққа бұл сөз­дер­дің қайсысы түсінікті. Біз неге ұш­қары түсінікпен сөз жасауға әуестеніп, халықты мәжбүрлеуге тиіспіз?! Мұндай терминдерді орыстар неге өзінің төл сөзі секілді қабылдағанына ой жібермейміз? Орыстар қабылдаған халықаралық терминдерді орыстардың төл сөзі деп ұғынып, қазақша жаңа сөз жасаудың өзі нағыз тіл шұбарлау, топастық, білім­сіздік, надандық, әсіре, ұлтшылдық дегендей жазғыруларды жиі еститін болдық. Әсіресе, мектеп оқулықтарын балалар тұрмақ, өзімізді де ұқпайтындай қойыртпаққа айналдырғанымызды неге сезінбейміз?! Неге біз термин жасауда орыстардың тәжірибесінен үйренбейміз? Нақты айтсақ, халықаралық, ғылыми мәнге ие болған араб, парсы, латын, грек, неміс, француз, ағылшын, т.б. ұлттардың сөздерін орыстар өзінің дыбыс үндестігіне сәйкестіріп, өздерінің төл сөзі секілді қолданғанда, біз неге сондай тәсілмен өз тілімізге сіңірмейміз?! Ал, мұның зияны жоқ, пайдасы көп екеніне термин жасаушылар ой жібере қоймайтыны қалай? Мұндайлардың айтатын сылтауы: «Қытайлар мен Жапондар шетелдік халық­аралық терминнің бәрін өз тіліне аударып алады» дейді. Дәл болған күннің өзінде, бұл қолдауға тұрмайтын жаңсақ тәжірибе емес пе. Мұның шетел тілдерін меңгеруге, шетелдік ғылым-білімді игеруге аса зор қиындық болып шығатынын түсіну қиын емес. Сондай-ақ, екінші жағынан қазақ тілін үйренуге де мұндай қойыртпақ сөз­дердің зияны көп емес пе. Сөйте тұра, тер­миндер орысша қалай жазылса, қазақша солай бұлжытпай жазуға мәжбүр болуымыз қалай? Мәселен, агрофирма деп жазамыз, қазақ агроферма демей ме. Аккумулятор дегенді қазақ сөз саптауымен әкумөләтөр деп неге жазбаймыз. Мұнан оншақты жыл бұрын мен «Қазақ әдебиеті» газетінде солай етіп жүргенде, филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Мырзабектен Сапархан редакцияға жиі келетін. Оның мақаласын дереу газетке басуға күш салатынмын. Қазақтың термин жасауда жаңсақ бағытты ұстана бастағанын әңгіме ететінбіз. Әңгімелесе келе, «пікіріміз ортақ екен» деп ол ризашылық білдіретін. Бір күні маған «Қазақ тілінің айтылым сөздігі» деген кітабын қолтаңба жазып беріп кетті. Жалпы көлемі 16 баспа табақ, бұл академиялық сөздіктің алғашқы бетіне «Баба тілі – дана тіл» деген 16 шумақ өлеңін де қоса жариялапты. Бұл академиялық сөздікті, оның өзі ұзақ жыл бойы жасаған екен. Таралымы не бары 1 мың дана болып, 2001 жылы Ал­матыдағы «Сөздік-словарь» баспасынан шыққан. Кітапқа былай деп қолтаңба жазыпты: Қуанбек бауырым Тілдің сипап сауырын, Өзің ғана жазасың, Жаба тоқып жауырын. «Қайтсем тілім жөнделер» Деп күтеді қауымың. Қауымыңды қуантып, Жаса істің тәуірін. Өзің жақсы білесің, Тіліміздің жауы мың. Бағы жанып тілімнің Артта қалсын ауыр күн. Соған үлес қосатын, Өзің деп білем, бауырым. 2.10.2001 Бірер жылдан кейін келгенінде, осы кітаптың екінші данасын тағы да қолтаңба жазып беріп кетті. Онда былай деп жазыпты: Әрбір тілдің өзіне тән заңы бар, Заң бұзылса, жүрісінен жаңылар. Мен сенемін 28 әріппен, Күні ертең дәл осылай жазылар. 08.04.2003 Бірер жыл өткеннен кейін Мырзабектен Сапархан редакцияға келіп, өзінің «Қазақ университеті» баспасынан 2004 жылы аз таралыммен шыққан «Қазақ тіліндегі орыс сөздерінің айтылым сөздігі» деген сөздік кітабын әкеп беріп: «Бұл кітап біздің пікірлес болып сырласуымыздан туындаған еңбегім» деп сөздіктің асығыс жасалғанын, кейін толықтыратынын біраз әңгімелеген соң: – Ертең ауруханаға жатамын. «Асқаза­нымда жара бар» дейді дәрігерлер. Соны ота жасап, алып тастамаса, рак деген жаман ауру бой бермейтін көрінеді. Алайда қорқып та тұрмын, жүрегім нашар еді, – деп мұңая сөйледі. Біз оған «тіпті ауруханаға жатпай жүре берсе де болады ғой» дегендей жұбату сөздер айттық. Оның қорқынышы бекер болмады. Ота жасағанда жүрегі шыдамай бақилық болып кетті. Ал, біздің қолымызда, оның соңғы еңбегі аманат секілді болып қала берді. Осы кітапқа жазған «Алғысөзінде» ол кәсіби маман, нағыз ғалым-профессор ретінде өзінің ғылыми ұстанымын қысқаша баян етіпті. Осы алғысөзді толығымен жарияласақ қазіргі тіл төңірегіндегі, термин жасаудағы жаңсақ бағытты, сөз жасауға ұрынудың ғылыми қателігін нақты ұғынуға болады деген ойдамын. Мырзабектен Сапарханның «Қазақ тіліндегі орыс сөздерінің айтылым сөздігі» деген өзінің кітабына жазған алғысөзі Тілден тілге сөз ауысуы – заңды құбылыс. Бұл тілді байытудың құнарлы да қарымды жолы. Мәселе, тек солардың дыбыстық жақтан игерілуінде. Бұл турасында А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхаметұлынан асып ешкім айтқан жоқ. Кірме сөз жат болып тұрмас үшін оны «жаншып, өз тілінің қалпына түсіріп» (А.Байтұрсынұлы), «өзінің заңымен өзгер­тіп» (Х.Досмұхаметұлы) алу ләзім. Осындай өндеуден өткен сөзде өгейлік, жаттық болмайды. Қазақтың қара тілі – жат сөздерді бастықтырып, жуасытып, жұмсартудың хас шебері. Сол қара тілдің «қазанына» түскен кірме сөздің құрамында титтей де селкеулік, мүлт кету деген мүлде болмайды. Бұған мысал ретінде тілімізге ертеректе енген араб-парсы сөздерін айтуға болады. Х.Досмұхаметұлы бұл туралы өте жақсы айтқан: «Қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздер көп: қала, молда, шілде, амал, айып, әділ, әлім, әдет, ылаж, өмір, ар, құрбан, әкім, аспан, дұшпан, заңғар, құн, береке, патша, дастарқан, сабын, бедеу, Асан, Үсен, Сәмеке, Шайбақ, Сидақ, Мәмбет, Мәделі, әзіл, масқара, дәулет, апат, есеп, шынжыр, несібе, серт, әсет, ақырап, жеді, дүйсембі секілді, тағы, талай сөздің бәрі қазақ тіліне жат тілдерден кірген сөздер. Бұл сөздер біздің тілімізге соншама сіңіп кеткен, қазақ халқы бұлардың жат екендігін сезбейді. Байқап қарасақ, жоға­рыдағы сөздердің бәрі де қазақ тілінің қай заңына да көнеді; қазақтың түбір сөздерімен бірдей болып өзгеріп, бірдей құбылады. Қай жағынан қарағанда да бұларды жат сөздер деп айтуға болмайды, бұларды жат сөздер десек ел көнбейді. Бұларды жат деген адамның өзін ел өзіне жат са­найды». (Х.Досмұхаметұлы. Алман. Алматы, 1991, 89б.) Осылайша игеру қорғанышы (имму­нитеті) берік халық тіліне тән. Ондай тіл: «Өзінің заңымен өзгертпей... ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді» (Сонда, 90-б.) Халық үшін сөздің жақсы жаманы, ұлы кішісі жоқ; сүйенетін жалғыз тірегі – өз заңы. Алланың алда (Алдаберген), Мухаммадтың Махамбет болып айтылуы бұған дәлел. Ертеректе тілімізге енген орыс сөздерінің игерілуінде де мін жоқ деуге болады: бөлке, бөтелке, бөрене, бөз, барқыт, бәтеңке, бәтіс, бажы, бөкебай, бөшке, доға, жәрмеңке, жәшік, жемпір, көзекей, кәмпіт, кереует, кәрзеңке, көпене, көшір, кір, кінәз, қалаш, қамыт, пүліш, пұт, резеңке, сажын, сәтен, сиса, сот, сіріңке, үстел, шіркеу, т.б. Тілге жазу килігіп, оқығандар араласа (билік айта) бастаған тұста жат сөз­дердің игерілуінде селкеулік орын алып, тіл заңын бұзушылық ұшырай бастады. Бұған араб-парсы сөздерінің жазылуындағы ала-құлалықтар дәлел. Н.Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін» (Алматы, 1-том, 1984; 2-том – 1989) жай ау­дарып қарағанның өзінде бір сөздің әлденеше түрде жазылғанын аңғаруға болады. Автор былай дейді: «Біз қазақ тілінде кең өріс алған 400-ден астам араб сөздерінің қазақша жазылу түр­лерін анықтап шықтық. Олардың шұбарлығы соншалық, оның себебін ашуға кісінің ақылы жетер емес. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Оқылған әдебиеттерде: тасбих сөзінің – 20, ижтиһаттың – 12, ілтипаттың – 8, ғибраттың – 7, әрекеттің – 6, қауіптің – 5, ұжданның – 4 варианты кездесті. Әрқайсысымыз күніне жүз рет айтатын «рақметтің» (ауызекі айтылуы өз алдына) баспада: рақмет, рақымет, рахмат, рахмет, рахымет сияқты 5 түріне кездестік. (1-том, 4-бет). Бұл – жазудың, оқығандардың ісі. Сол Халел: «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандар себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағыныш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады (Аталған еңбек, 91-б.) – деген еді. Қара тілде: тәспі, ыждағат, ылтипат (ілтійпәт), ғыйбырат (дұрысы ібірәт), әрекет, қауып, ұждан, ырақымет түрде айтылатын сөздердің жазуда құбылуының екі себебі бар: біріншісі оқығандардың тіл заңын білмеуі, білсе де елемеуі; екін­шісі, «жат әсерлерге бағыныштығы», елік­тегіштігі. Тіл заңы, тіл тарихы не дейді? Бұған да жауапты Б.Ақыметтен табамыз: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, қатта жүз жылдап та емес, мың жылдап та саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде әр халықтың тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады» (А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. Алматы, 1992, 174-б.) Тілдегі «басқалық» алдымен сол тіл­дегі дыбыстардың саны мен сапасынан, әсіресе, сол дыбыстардың өзара тіркесінен байқалады. Мұны да алғаш аңғарып айтқан Ақымет: «Жөнге тілдің өзі табиғаты тартуынша әр­қай­сысын өз орнына қойған. Тілдің өзінің қойған орнынан басқа орынға қойса, онда ол қойғанымыз ол тіл­ше болмайды. Ол тілше болмаған соң, оның түбі ол тілді бұзу, өзгерту болады» (Сонда 398-б.). Тілді халық жасайды. Ал, тіл заңы сол халық тілінен туады. Айталық, тілдің дыбыстық заңдары жеке дыбыстың қол­данылуына, оның өзге дыбыстармен қарым-қатынасына, «тілдің өзінің қойған орнына» негізделеді. Қазақ тілінің негізгі дыбыстық заңдары қарапайым да қораш. Ол бойынша: сөздер бірыңғай жуан не жіңішке болады, еріндік дауыстылардан соң еріндіктер айтылады (бұл – еміле ережесімен елеусіз күйге жеткен заң), қатаңдардан соң тек қатаңдар, ұяндардан соң ұяңдар, үнділерден соң тек ұяңдар, қала берді үнділер ғана тұрады. Осы тәртіп сақталса, қазақ тілі сақталады. Бір дыбыс өз орнында тұрмаса, «оның түбі, ол тілді бұзу, өзгерту болады» (Ақымет). Ақымет осылай дегелі 90 жыл. Бұл арада аламан-тасыр ХХ ғасырдың алапат дауылы – Кеңес келіп кетті. Тілімізді орыс тілімен тұздықтап (араластырып), қойыртпақ тілді қолымызға ұстатып беріп кетті. Тіл тазалығын ойлау қалып, «байтал тұрмақ бас қайғы» болып кетті. Жат дыбыстар мен дыбыстық тіркестер «топан суындай қаптап», есімізден тандырды; баба (төл) тілден көңілімізді қалдырды, оны өгей етті. Тәуелсіздіктің арқасында ғана есімізді жиып, өткенге салауат айтып, барымызды түгелдеп, жүгендеп, жөнге саламыз десек, алдымен артық-ауыс дыбыстар мен дыбыстық тіркестерден арылып, өктем саясатпен өктей енген мәні халықаралық сәні (дыбысы) орыстық сөздерді өз ды­быстық заңымызға сәйкес қайта сөй­летуіміз керек. Қолдарыңыздағы сөздік осы мақсат-мүддеден туған. Бұл айтуға оңай болғанмен, орындалуы қиын шаруа; көз ашқалы көрген, естіген сөздерінің өңі айналып, өзгергеніне төзу – әсіресе Кеңестік дәуірдің ұрпақтарына, одан да қиын, төзгісіз жағдай. Алайда, тіл мүддесі осыны талап етеді, осылай істеуге мәжбүрлейді. Қазіргі қазақ тілінде орыс тілі арқылы енген мың-мыңдаған сөз бар. Олардың дені халықаралық (интернационалдық) деп аталатын термин сөздер. Солардың неғұрлым көпшілік қолдысы түрінде танылып, «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» (1988) енгендері бес мыңнан асады. Сөздікте солардың түбір формалары тұтас қамтылды. Кірме сөздерді дыбыстық жақтан игеру әрі оңай, әрі тым қиын. Оңай болатыны, жоғарыда бір-ақ сөйлеммен айқындалған даңғыл дыбыстық заңдар бар. Қиын болатыны; біріншіден мың-мыңдаған сөзді бірден игеруден туса, сол басы ашық даңғыл заңдардың, екінші­ден, қазіргі қауымға жат, жабайы көріне­тіндігі. Сол қауымның түсінік-түйсігі, өресі тұрғысынан ойлағанда, соның бір өкілі біздің де көсіле алмай, кібіртіктей беретін тұсымыз көп. Сөйте тұра, тіл мүддесін қоғам, қауым қалауынан жоғары қойып, әспеттеуге тура келеді. Бұл еңбек «Қазақ тіліндегі орыс сөздерінің айтылым сөздігі» деп аталатындықтан, қазақ тілінің дыбыстық заңдары басшылыққа алынып, соны іске асыру көзделді. Ол үшін: 1. Сөздер 28 әріппен жазылып, 28 дыбыс тұрғысынан сараланды (в, ф, х, һ, ц, ч, э, и, у (дауысты), ю, я, ь, ъ әріптері пайдаланылмады). 2. Сөздер бірыңғай жуан немесе бірың­ғай жіңішке болып жазылды. Ара-тұра жуан-жіңішке, жіңішке-жуан болып екі жарылып тұратындары да бар. Мысалы: аптакірәтійе, аптаматійзім, аптамәбіл, аптамәбілійзім, әксессұуар т.б. Бұлардың бір жартысы қазақтың өз сөзіне ұқсап тұруы ескеріледі. 3. Ерін үндестігін ескеруге тырыстық. 4. Дыбыстар тіркесі (қатаң-қатаң, ұяң-ұяң) қатты ескерілді. 5. к, г дыбыстарының маңайында тек жіңішке дыбыстардың тұратыны ес­керілді. Осыған байланысты, орыстық айтуға үйренгендерге тым оғаш, жат кө­рі­нетін тіркестер пайда болды. Мысалы: әксентәлөгүйө (акценталогия), бійәлөгүйө (биология), бійолүк (биолог), пійләлөгүйө (филология), пійлөлүк (филолог) т.б. 6. Қазақ тілінде о дыбысы тек бас (бі­рінші) буында ғана айтылады (столдың үстел болатыны осыдан). Алайда, оқығандар бұл заңды ескермей, оны екінші, үшінші буынға жазып, айтуын қалыптастырды. Мысалы: қамзол, жалпош, абырой. Осы үлгімен о-ның өрісі ұзарады. Ыстадыйон, аптаномұйа (автономия), аптадыром (автодром). 7. Қазақ тілінде сөз (буын) қос дауыссыз аяқталса, алдыңғысы – үнді, кейінгісі қатаң дыбыс болады. Сөздікте, осы үлгінің шідері шешіліп, жасаңды тіркестерге жол берілді. Мысалы: әкәдемійк (академик), бәзійс (базис), беллетірійс (беллетрист), түурүйс (турист), бірақ әтейс (атеист) емес, әтейіс. 8. Сөздікті жасау үстінде қазіргі ана тілі мен баба тілі үнемі тайталасып, кейде біріне-бірін жығып беруге тура келсе (мә­селен, аралас буынды етіп), кейде жарыстырып беруге тура келді; аратұра халықтық қарапайым айтуды да (жақша ішінде) кірістірдік. Біз осы жағындамыз. 9. Жат сөздерді игеру үстінде дыбыстық заңға сәйкес кейбір жеке дыбыстардың түсіп қалуы, керісінше жамалуы заңды құбылыс. 10. Жат сөздер халықтық сөйлеу тілінде, басқаша айтқанда, «қара қазанында» қай­нап игерілуге тиіс. Оның өзінде «бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып, кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алу» (Ақымет), әрине, жеңіл. Ал, мынадай көлемде, мұнша сөз халықтың «қара қазанында» бір мезгілде қайнауы да, көздің жауын алып жайнауы да оңай шаруа емес. Оның үстіне сол «қара қазаннан» қазіргі қауым мынадай өзгерістерді көргенде төбе шашы тік тұрып, шошыры анық. Бұл шалт қимыл-әрекет тілдің болашағы үшін істеліп жатқанын ұмытпайық. Бұлардың бір парасы, осылай, тілге сіңуге тиіс, ал енді бір парасына балама табылып, өзінен-өзі тілден шеттетілетіні анық. Алайда, сөздіктерде бар шындық болғандықтан, тілді күйрете бермей, мүмкіндігінше жұртты үйрете берген жөн болар. Қазақ тілі өзінің дыбыстық жүйесін мойындап, тілдік қорғанышын қалыптастыруға тиіс. Олай болмаған жағдайда алпауыт тілдердің аузына түсіп, жұтылып кету қаупі бар. Мырзабектен Сапарханның бұл сөздіктерден басқа да еңбектері аз болмаса керек. Әсіресе, оның ұлттық көзқараспен жазған тіл төңірегіндегі мақалалары өзінің тереңдігімен, байыптылығымен, өткірлігімен, ерекшеленетін. Соның бәрін жинап кітап етіп шығару, оның шәкірттерінің, тіл жанашырларының, қала берді келер ұрпақтың парыз-міндеті болса керек. Ал, мұның ғылыми мәні, термин жасауда пайдасы зор болатыны даусыз. Еліміздегі тіл жөнінде ғылыми-зерттеу институты, тіл жөнінде қоғам, тіл жөнінде мемлекеттік мекеме тәуелсіздік алғалы 20 жылдан астам уақытта тілімізді ұлттық мүддемізге орайластырып ретке келтіре алмай келе жатқанын түсіну қиын. Олардың ізденісте, өткен ғасырдың бас кезіндегі Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұханбетов секілді алаш арыстарының ұстаным­дарына, ұлағатына мүлде қарсы, қиғаш бағытта келе жатқаны қалай? Әрине, өткен ғасырдың басында да барлық терминді қазақшалау жөнінде ұсыныстар болды. Мәселен, «поезд» «отарба» деп аударылды. Бұл кезенде орыстар өз сөздерімен «Паравоз» деп айтты. Мұндай сөзжасамның ғұмыры ұзаққа бармады. Неге? Халық қабылдамады. Қазір «пойыз» деп жазудың орнына орысша «поезд» деп жазамыз. Орыстар «машина» деп жазса, біз тіпті «мәшине» деп жазбаймыз, «Көлік» дейміз. «Транспортты» да «көлік» деп жазамыз. Орыстар не себептен «транспорт» деп, бұл шетелдік терминді қабылдағанына ой жүгіртпейміз. «Вокзалды» «бекет» дейміз. «Вокзал» халықаралық термин емес пе. Латынша «publіcuz» деген сөзді орыстар «публицист» деп алған. Біз «көсемсөз» дедік. «Публисист» деп айтқан жөн ғой. Орыстың «чиновник» деген сөзін «шенеунік» деп алдық емес пе. Егер, біз орыстың термин жасау тәжірибе­сін басшылыққа алып халықаралық, ғылыми терминдерді өз тіліміздің заңдылығына сай етіп қолдансақ мұның пайдасы көп, зияны жоқ екенін бағамдау қиын болмаса керек. Біріншіден, орыс тілі секілді тіліміз байи түсетіні сөзсіз. Екіншіден, қазақ тілінде оқулықтарда халықаралық, ғылыми терминдер тек қазақтың тіл заңдылығына орай жазып, қолданатын болсақ, оқушы шетел тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми-техникалық әдебиеттерді қиналмай оңай меңгеретіні сөзсіз. Мәселен, «планетаны-ғаламшар» демей «піланета», «интернетті-ін­тернет», «белокты – белөк» деп жаза беруге болар еді. Халықаралық терминдерге қазақша балама іздеп сөз жасау барысында, тіпті, төл сөздеріміздің мән-мағынасы өзгеріп бұзылып жүргеніне мысалдар жетерлік. Мәселен, «абитурент» деген сөзді «талапкер» деп аудардық. «Талапкер» сөзі тек жоғары оқу орнына түсетіндерді ғана білдірмейді ғой. Сондықтан, «әбитүрент» деп неге жазбаймыз? Қазақ осылай айтып жүр ғой. «Белокты ақуыз» деп аудардық. Белок тек уыз ғана емес қой. Конференцияны «маслихат» дейміз. «Маслихат» деген әңгімелесу, ақылдасу емес пе. «Террористі» «лаңкес», «содыр» дедік. «Содыр» деген тентек деген сөздің баламасы емес пе. Сонда, терроризмді «содыризм», «ланкесизм» дейміз бе?! Космосты ғарыш дейміз. Космонавтиканы ғарышнама дейміз! Орыстар кең көшені «проспект» деп латынша атауды сіңіріп алды. Біз «даңғыл» сөзінің мәнін бұзып көшені «даңғыл» деп атағанымыз келеңсіз қателікке ұрыну ғой. «Адресті» «мекен-жай» дедік. «Фамилияны» «тегі» дедік. Ал, орыстар «адресті местожительство», «фамилияны предки» деп неге жазбайды? Өйткені, француздық «адрес» сөзі «мекен-жай – местожительство» сөздерінен өзгешелеу ұғымды, тұрып жатқан орын деген ұғымды береді. Сондықтан, орыстар «адрес» деп жазады. «Фамилия» сөзі «тегі» деген ұғымды білдірмейді ғой. Орыстар «предки» демей, неге грек сөзі «фамилияны» төл сөзі етіп сіңіріп алды? «Паспортты» – «төлқұжат» деп жаңа сөз жасадық. Сонда, пасторт дегенге тіліміз келмегені ме. Қара қазақ паспорт деп айтады, біз төлқұжат деп жазамыз. Орыстар паспорт деп жазады, айтады. Біз де осылай жазуымыз керек қой. Ал, орыстардың «удостоверение личности» дегенін ғана төлқұжат деп аударған жөн емес пе. «Эфир» сөзін әуе дедік. «Әуе» деген аспан, ал, эфир деген радио толқыны. Орыстар «эфирді» «воздух», «небо» деп аудармаған. Біз болсақ «әуе толқынында» дейміз. «Эфир» әуе толқыны емес, радио толқыны. Ал, әуе толқыны дегеніміз жел, құйын, дауыл емес пе. «Универсал» дегенді «әмбебап» деп архайкалық сөзді жаңғырттық деп жүрміз. Мұны ұғына қоймаған қазаққа жан-жақты деп түсіндіреміз. «Фантастиканы – қиял-ғажайып», «детективті – шытырман» деп жазамыз. Бұл сөздің мәні мүлде басқаша ғой. «Фантастика», «детектив» сөздерінің дәл мағынасын бермесе де біз осылай жазуға мәжбүрміз. Тіпті, қызды-қыздымен сөз жасауға әуес болғанымыз сондай, қазақ сөздерін қолданбай жаңадан сөздерді жасау да бел алды. Мәселен, орыстың «доступно» деген сөзін «қолжетімді» деп жазатын болдық. Қазақтың қол жетерлік, қолжетерліктей деген сөзі бар емес пе. Ал, «қолжетім» деген «жетімек», «қолбала» дегендей ұғымды еске салады. Орыстар «қымызды» «кумыс» деп тіліне бейімдеп айтады. Өйткені, орыста бұрын қымыз деген болмаған ғой. Дәл осындай заңдылықты ұстансақ қазақта болмаған заттарға жаңа сөз жасап әуреленіп халықты мәжбүрлемей, орысша аталған заттардың атауын қазақ тіліне бейімдеп, қолдана беру жөн ғой. Мәселен, қазақта жоқ капуста, помидор, овощи сөздерін қырыққабат, қызанақ, көкөніс демей, сол бойы алып капөсте, памидор, обош деп тілімізге бейімдеп айтуға болар еді. Әрине, орыстардың жаңадан жасалған сөздеріне біздің де жаңа сөздер жасағанымызды өмір өзі құптап келеді. Мәселен, орыстың «мороженое» – дегенін, «балмұздақ», «остановка» дегенін «аялдама» деп жасалған жаңа сөздер тез сіңісіп кетті. Алайда, орыстың көптеген сөздерін халқымыз төл сөзі ретінде қолданып келсе, оған жаңадан сөз жасау да жөн емес. Халық мұндай мәжбүрлеуге көнбей келеді. Мәселен «самолет» деген сөзден қашып түріктің «ұшақ» дегенін алдық. Не ұттық? Біз «ұшақ» деп «тікұшақ» деп жазғанымызбен халық «самөлет», «бертөлет» деп айтудан жаңылар емес. Бір таңданарлық жайт, орыс сөзде­ріне балама сөз жасаймыз да, орысша ай­тылған сөзді бұлжытпай айтып, жазып халқымыздың тіл заңдылығын аяқ­асты етіп келеміз. Бұл тіл білімі институтының, филолог ғалымдардың, терминология комиссиясының қазақтың тіл заңдылығын аяқ асты етуінің нағыз келеңсіз көрінісі. «Балық басынан шіриді» дегендей, бұған мүйізі қарағайдай ғылым докторлары мен академиктеріміз кінәлі десек жаңсақ айтқандық болмас. «Соқыр көргенінен жазбайды» дегендей, олар кеңес заманында орыс терминдерін қазақша бұлжытпай жазып келсе, әлі сол ұстанымнан айнымағаны таңданарлық жайт. Мәселен, жуықта ғана «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» он бес том болып басылып шықты. Қыруар еңбек! Алайда халықаралық ғылыми терминдер кеңес заманынан бері орысша қалай жазылып келсе, бұл сөздікте солай, бұлжымай орысша нұсқасымен беріліпті. «Аккумулятор», «аквариум», «алюминий» «алфавит» деп шұбырып кете барады. Мұндай сөздерді қара қазақ қалай бұлжытпай айта алмақ. Қазақтың тіл заңдылығына осы томдарды шығарған ғалымдарымыз көз жұма қарағаны қалай?! «Кеңес заманында қаламгерлер мұндай сөздерді қалай қолданса, біз де солай айнытпай жазып отырмыз» деп түсіндіріпті осынау 15 томдықты шығарушылар. Кеңес заманында тіпті СССР, КПСС деп орысша қысқарған сөздеріне дейін өзгертпей жазу талап болды ғой. Сондай-ақ, терминдер орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазылып халқымызды мәжбүрлесе, әлі күнге дейін солай болып келе жатқанын түсіну қиын. Сөзіміздің түйінін айтсақ, қазақша термин жасауда бұлжымас жаңа концепция қажет. Бұл концепцияда шетелдік, халықаралық, ғылыми терминдерді орыстар өз тіліне қалай икемдеп сіңірсе, біз де сондай тәсілмен қазақ тілінің дыбыстық заңдылығы бойынша 28 дыбыс үндестігімен жазуға тиіс емеспіз бе. Сөйтіп, мұндай терминдерді қазақшалап сөз жасауға тыйым салынып, барлық оқулықтар, ғылыми әдебиеттер сөз жасамнан толық тазартылуы қажет. Сонда ғана қазақ тілі А.Байтұрсынов, Х.Досмұханбетов секілді ғұламалар нұсқаған жолмен дамып, халқымызды тілдік бодандықтан құтқара аламыз. Сондықтан, профессор Мырзабектен Сапарханның дәл осы ұстаныммен, А.Байтұрсынов, Х.Досмұханбетов секілді ұлылардың тұжырымдарын басшылыққа ала отырып, қазақ тіл заңдылығына орайластырып жасаған сөздігінің термин жасауда маңызы зор болатыны даусыз.

1028 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз