• Келелі кеңес
  • 30 Маусым, 2020

ХӘКІМ АБАЙ – ЖАСТАР КӨЗІМЕН

Абай және жастар! Хәкім өз шығармашылық мұрасында, өлеңдері мен қара сөздерінде жастар мәселесіне де назар аударғаны мәлім. Жастардың білімге ұмтылуы, еңбек етуі, рухани тұрғыдан кемелденуіне байланысты ой-тұжырымдары аз емес. «Жастықтың оты жалындап», «Балы тамған жас қамыс ормасаңшы көктейін», «Жас уақытта көңіл гүл», «Жастықтың оты қайдасың?», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген сынды өлең жолдары өмірдің жастық кезеңдеріне деген ойшылдың көзқарасын, пайымын жеткізеді. Журналымыздың «Келелі кеңес» айдарының кезекті тақырыбын «Хәкім Абай – жастар көзімен» деген тақырыпта алып отырмыз. Мұндағы мақсат жастар Абай атамыздың аманатын қаншалықты ұстанып келеді, қандай тағылымынан үлгі-өнеге алады, жалпы Абай шығармашылығы олардың рухани кемелденуіне қандай үлес қосты, нендей бағыт-бағдар берді деген мәселе. Аталған мәселе төңірегіндегі ой-талқыға алаштанушы ғалым Заңғар КӘРІМХАН, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос ТОҚТАРБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарихшы, алаштанушы Еркін РАХМЕТУЛЛИН және Абай мұрасына деген көзқарасын өрнекті өлеңмен тұжырымдап жеткізген ақын, журналист Айнұр ТӨЛЕУ қатысты. «Келелі кеңесті» «Ақиқат» журналының Бас редакторы Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ жүргізіп отырды.

– Құрметті «Келелі кеңес» ой-талқысына қатысушы азаматтар. Біз бүгін өздеріңізбен «Хәкім Абай – жастар көзімен» тақырыбын сөз етсек деп отырмыз. Алғашқы сауалымыз сіздердің өмірлеріңізге, ой-танымдарыңызға, ғылыми-зерттеу бағыттарыңызға Абай атамыздың шығармашылығы қаншалықты әсер етті? Абайдан нені үйрендіңіздер? Қандай тағылым алдыңыздар? Қандай сөздерінен үлгі алып келесіздер? Немесе өздеріңіз өмірлік ұстанымдарыңыз ретінде таңдап алған сөздері, өлең жолдары бар ма?

Заңғар КӘРІМХАН, алаштанушы:

– Абай – кез келген алаш баласының жақсы өмірінің жан азығы. Рухани нәр алатын таусылмас бұлағы. Өз басымыз ұлы ақынның ғибратты сөздері мен даналық ұйыған ойларынан қажетті тұжырымдарды ғылыми-зерттеу жұмысымызда ғана емес, күнделікті тіршілік қалыбында да жиі қолданамыз. Мұның себебі Абай сөздерінің өзі айтқандай «туғанда дүние есігін ашқаннан» «біреудің кісісі өлсе, қаралы олға» дейінгі ғұмыр философиясының мұқым болмысын тұтас қамтығандығында жатыр. Шындық үлкен ұғым, Абай таныған шындық жазаның өтеуі. Алдына келген айыпты сұрайтыны шындық, жазасы ақиқатын айтқан адамды сол шындығы үшін айыптамау, жазадан босату. Ақынның «Адамның кейбір кездері» өлеңі мен үшін айрықша ыстық, сөз өнерін қастерлеген шығармашыл тұлғаның көркем образы кестеленген. «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, Не жазып кетсе жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл!» деген ақын өлеңін өмірімізде де, өнерімізде де ұстаным етіп келеміз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, әдебиет зерттеушісі: – Абай хакімнің шығармашылығы – біздің ғылыми-зерттеу бағытымыздың тірегі. Абай сөзі – әдебиет өлшемі. Абай мен Алаш қайраткерлерінің мұрасы – қазақ руханиятының баға жетпес сом байлығы. Абай шығармашылығы – тілдік қорымның молаюына, әдеби тілде сөйлеуіме көп әсер етті. Ал хәкімнің өмір жолынан үйренгенім көп: қанша жерден дәулетті, ауқатты болса да дүние-мүлікке қызықпағаны, қаламнан өзгені байлық деп санамағаны һәм қандай жағдай болса да тура сөйлеп, сөздің әділін айтқаны.  Тағылымы да сол осындай турашылдығы деп ойлаймын. «Пайда ойлама, ар ойла!» деген сөзін ұстанымым деп білемін.

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы: – Қай дана, қай ғұламаны мысал қып алсаңыздағы, ол әлемдік тауарихқа, өркениет өрісінің кеңеюіне, әдебиетке, мәдениетке, ғылымға, адамзатқа ғаламат әсер еткен боп шығады. Пенде-ге бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсетіп, адамшылыққа адаспай, сүрінбей-қабынбай, құламай-құлдырамай, шаршамай-шалдықпай, мүдірмей-кідірмей, бөгет-бөгеусіз жетуге бірден-бір сеп болатындар да – әлгі ұлылар. Жаңағыларды жалпақ жаһанға тарыдай шашып жіберген Жаратушымыз да – шексіз шебер иесі ғой, олардың көп болмауы да сондықтан деп ойлаймыз. Аз бола тұра, бәрімізді азғындықтан сақтап, күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей, қай уақытта да соқиған соқа басын емес, жұртшылық қамын жегені... Біреуі ерте туады, енді бірі дер шағында туады, келесісі кеш туады, өмірдің 3 басты циклы секілді, тұп-тура: «дүние есігін ашты» (Абай), өмір сүрді, дүниеден өтті. Қайткенде де еңбегі еленіп, есімі ел есінде қалып жатқанына – абыз кейіптес тарих куә. Солардың бірі де бірегейі – Құнанбайдың Абайы. Қазекем хакім Абай деп ерекше қастер тұтады, құрметтейді, айрықша ардақтайды. Манағы көпшіліктің ішінде біз де бармыз. Оның тек маған ғана емес, көзі ашық, зерделіге тигізген әсері орасан.«Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді / Сөзді ұғар көкірегі болса көзді / Қадірін жақсы сөздің білер жанға / Таппай айтпа, оған да айтар кезді», – демей ме талғампаз хакім. Оның мұрасын бір-екі ауыз сөзге сыйдыра салу қиындау. Себебі, Ой дегеніңіз кеңістікке ұқсап ұлғайып, далиып кете береді, кете береді, кете береді, шекара-шектеуі, басы да, аяғы да жоқ. Абайды тек қана жаттап, судыратып айтып беру аздық етеді, оны терең түсініп, он ойланып, мүмкін болғанша тереңіне сүңгіп барып оқымақ керек.Оқисың-дағы: «Бұ, қалай болды, өзі?» дегендей ойға қаласың. Одан ойшылдықтың қаншалықты қиын жолмен келетінін ұғындым. Ол Алланы тануға, арлы болуға, адам болуға, білім жиюға үндейді, еңбектің қандай ғажап құндылық екенін түсіндіреді. Бұдан артық ақылман жанға не қажет? Санагердің сан алуан қыры бар, әр кісі өзін масаша мазалаған сауалға жауап алады.

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

Ұстыны мығым ұстанымым – осы.

Еркін РАХМЕТУЛЛИН, тарихшы, алаштанушы: – Абай шығармашылығы, Абай дәуірі, Абай ортасы ақын өмірден озған сәттен бастап, ой еңбегімен айналысқан қазақ оқығандарына рухани азық, ғылыми-зерттеуде бағыт болғаны белгілі. Алайда, Абай болмысын қаншалықты терең зерделеген сайын, әлі де бізге беймәлім тұлғалық қырлары мен тағылымдық тұстары көрініс беруде. Әр заманның буыны хәкім Абайға өзінше, жаңа көзқараспен қарары сөзсіз. Себебі, тұлғатану бағытына әр тұлғаға қойылатын методологиялық ұстанымдар мен әдістер, көзқарастар замана лебіне қарай өзгеріске ұшырап отырады. Біріншіден, мені тарихшы ретінде, Алаш қозғалысы мәселесін зерттеуші ретінде Абайдың қайраткерлік қызметі мен Абай ұрпақтарының, Абай ауылының ХХ ғасыр басындағы саяси өзгерістер тұсында ұстанған көзқарастары, Алаш қайраткерлерімен арақатынасы мәселесі қызықтырады. Екіншіден, туған жерім Абай өңірі болғандықтан, бала жастан, Абай мен Шәкәрімге қатысты, Шыңғыстаудан шыққан ауқатты ел азаматтары туралы аңыз бен ақиқат арасындағы тарихи әңгімелерді естіп өстім. Осы мәселелер менің тарихшы болуыма, әсіресе, Алаш тақырыбына қалам тартуыма түрткі болғаны жасырын емес. Қазақ байлары тақырыбын зерттеу барысында ел арасындағы Абай ауылынан шыққан ауқатты азаматтарға қатысты көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыда негіздеуге, дәйектеуге мүмкіндік туды. Абайдың өмірі мен шығармашылығынан алғашқылардың бірі болып, тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Әбусағит Жиреншин еді. Одан басқа бұл тізбекті жалғастырған тарихшы жоқтың қасы. Сондықтан, Абай тұлғасының, Абай ортасының тарихи қырлары тарих ғылымының аясында қарастырылуы тиіс деп есептеймін.

Абайды қазақ жастары қаншалықты біледі? Қаншалықты түсінеді деп ойлайсыздар? Жалпы, Абайды жастарға түсіну қиын емес пе? Абайды жастар тани түсу үшін не істелу керек? Абай сіздер үшін қандай тұлға, қандай адам?

Елдос ТОҚТАРБАЙ: – Шүкір, бүгінгі таңда Абай болмысы, Абай тұғыры қоғамдық ортаға әбден таныс, орныққан бейне. Бірақ та, кейінгі өскен буын, жаңа ғасырдың құрдастары Абай атамызды толық біледі, бойларына сіңірген деп айтуға болмас. Мектеп оқушыларының көбі Абайды жақсы біледі дегенге күмәнім бар. Анығында, Абай – кез келген жастағы оқырманның жүрегіне жол табатын тұлға. Ақын Абай да, хәкім Абай да қалың қазаққа ортақ тұлға. Десе де, Абайды бір рет оқудан ештеңе шықпайды. Мәселен, біз жылына кемі екі-үш рет Абайдың екі томдық шығармалар жинағын оқып шығуды ғадетке айналдырдық. Өзімізді тану үшін, білгенімізді тексеру үшін, Абай ғақлиясынан тәлім алу үшін. Өзім жыл сайын оқып, астын сызып тұрып, ойланғанда «Америка» ашқандай әрі-сәрі күйде боламын. Өйткені, Абайды қайталап оқыған сайын оның түпсіз терең көл-көсір дария іліміне сүңгіп барасың. Бүгінгінің жас өскіндері Абайды толық тану үшін мемлекет ең алдымен Абай сөзін мемлекеттік идеологияға айналдыру керек-ті. Абай атамыз  сынаған «бес дұшпан» деген жаман қасиет әр қазақтың бойына мерез болып сіңіп кетсе керек, содан арыла алмай келеміз. Ақиқатында, Абай – мінез сыншысы. Абай сөзі арқылы мінезіңді түзеп, өзіңді-өзің танысаң, нағыз бақыт сол еді. Абайды жаңа заманның талабына сай икемдеу керек. Абай сөзі де, ғұмырнамасы да иілгіш, икемделгіш. Абай атамыздың шығармашылығында бүгінгі қоғамның, жаһандануға бет алған дүние-дүрмегінің барлық сұранысы бар. Экономика да, мотивация да, кәсіп те, бизнес ашу да бәрі-бәрі осы – Абай сөзінде хатталып тұрған прогрессивті ойлар. Санасын тұрмыс билеген бүгінгінің адамына ең керек болар адам бір болса, ол – сөзсіз Абай атамыз дер едім. Ал, мен үшін  Абай – ең жақын сыншыл да, талапшыл досым.

Заңғар КӘРІМХАН: – Мектеп оқушыларына сабақ бергенде байқайтынымыз Абайдың классикалық өлеңдеріне бірден бас қою ауыр соғады екен. Оқулықтарда ақын жырларының үздіктері, ең ғажап үлгілері әрі күрделілері жинақталған. Әрине, бұл өте маңызды, дей тұрғанмен, Абай өлеңдерінің эволюциялық даму жолдарын, алғашқы үлгілерін де оқытуға тиіспіз. Ақынның ең алғашқы өлеңі он жасында ауызша айтып тарап кеткен «Кім екен деп келіп ем түйе қуғанынан» бастағанда, яғни, оңайынан қиынға, жеңілінен күрделіге өту арқылы оқушылардың ақын мұрасын түбегейлі түсіне бастайтыны анық. Аграрлыққа негізделген қазақ тілінің бай қатпары Абай жырларында тұр, оны оқытып түсіндіру үшін оқытушы да ол тілдік қатпарларды, лексикалық байлықты еркін білуі тиіс.

Әлібек БАЙБОЛ: – Өзім де жаспын ғой, заманы бір замандастарым дейінші, олар Абайды біледі деген ойдамын. Сенемін. «Бірақ!» деген дүние бар, білу басқа, қызығу басқа, ал жан-тәнімен сүю, құмарту мүлде бөлек нәрсе. Жалпы, ұлыларды ұғу үшін сыртқы және ішкі дайындық пен уақыт керек. Ойшылдар от сияқты, абайламасаң өртеніп өлуің мүмкін, әгәрәки сырын ашуға талпынсаң керемет жылу сыйлайды, бөтенсінбейді, керісінше бауырына тарта түседі, өзіңмен теңдей дәрежеде сөйлеседі. Әуелгіде, маңына жолатпас, томаға-тұйық, көп көзінен оқшау ұстайды. «Сыртына қызыл сөзден бал жаққандық» (Т.Ахтанов) емес, бұл. Кісімсіп, цицероншылап (Цицерон Марк Туллий) отырғам жоқ, шыным – осы. Жер басып жүрген адам – көп, алайда, тұлға – аз, некен-саяқ, бірен-саран. Абай – мәдениеттер тоғысында туған тұлға, феномен. Тұлғатану – соларға тән энциклопедиялық білім мен жан-жақтылықты талап ететін салмақты сала. «Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда, Ойсыз құлақ ала алмас ондай сынды» деп тұрған жоқ па?! Тағы да Абай...

Еркін РАХМЕТУЛЛИН: – Бүгінгі таңда Абай бар қазақтың жүрегінен мықтап орын алды. Анығырақ айтқанда балабақшадан бастап, тарихи танымы қалыптасқан әрбір жас Абайдың бір өлеңін болсын жатқа айта алады. Себебі, кешегі Алаш арыстарынан басталған «Абайды рухани темірқазық ретінде көрсету» ұстанымы тәуелсіздік кезеңінде барынша насихатталды. Ұлы ақынға арналған мәдени шаралар жеткілікті деңгейде ақын тұлғасы мен шығармашылығын танытуға ықпал етуде. Алайда, Абайдың философиясына бойлау, Абайдың ғақлия сөздерін қорыту жастар үшін ауыр екені белгілі. Осыған байланысты Мекемтас Мырзахметов, Ғарифолла Есім сынды Абай болмысын, шығармашылығын тұңғиығынан пайымдап, зерттеп жүрген ғалымдардың қатары көбейгені дұрыс деп есептеймін. Сонымен қатар, Абайға қатысты көркем фильмдер түсірілуі керек. Бүгінгі қоғам сұранысы соны талап етеді. Мен үшін Абай қазақ рухани кеңістігінің бастауы іспеттес. Абай қайтқанда Алаш арыстарының жоқтауы, Абайды алдыңғы қатарға шығаруы, қазақ руханиятының бейнесі ретінде көрсетуі заңдылық еді. Мендегі ұстаным да осыған саяды.

Абай атамыз: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп жазғаны белгілі. Сіздер Абай атамыздың осы сөзін қаншалықты ұстанып келесіздер? Хакімнің осындай тұжырымдарынан қандай ой түйдіңіздер? Ғылымға, әдебиетке қай кезден бастап келдіңіздер?

Еркін РАХМЕТУЛЛИН: – Мен ғылымға университет қабырғасында жүрген жылдары бойлай бастадым. Сол кездегі зерттеу тақырыбым да Абай ортасымен үндес болатын. Ғылым жолындағы ұстаздарымның ықпалы мені Алаш тақырыбына тастап жіберді. Мұрағат құжаттарымен жұмыс жасау, деректі пайдалану, қорыта білу қабілеттерім осы кезеңде қалыптасты. Ұстазым, алаштанушы-ғалым Ерлан Сайлаубайдың мені мұрағатқа апарып отырғызып қоюы, ғылыми тақырып таңдатып, мақала жазуға бейімдеуі мен үшін ұмытуым мүмкін емес сәттер. Алаш мүддесіне қызмет жасаған қазақ байларын зерттеу де осы Ерлан ұстазымның кеңесі еді. Дегенмен, уақыт өткен сайын, артқа көз тастасақ, Абай атамыздың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі еріксіз ойға оралады. Уақытымыздың көбі ғылымға емес, мәнсіз тірлікке жұмсалғандай сезіледі. Ғылымды сезіну, түйсіну студенттік жылдарда қалыптасатыны ақиқат. ЖОО қабырғасында ғылымға бойламаған, ұстазының тағылымы мен тәрбиесін алмаған білімгерден ғалым шығуы екіталай. Хәкім Абайдың осы өлең жолдары әрбір жастың жадында жатталуы тиіс.

Елдос ТОҚТАРБАЙ: – Дәл осы сөз – менің өмірлік ұстанымыма айналған сөздің бірі. Ешқашан өкініп, опынып жүрмес үшін не болса да көрмек керек деп жиі нартәуекелге барып тұрамын. Яғни, жас шағымда дүниенің бар сырын, қырын танығым келеді. Әлем тілдерін үйренуге оқталдым да, өзімді қамшылап тексердім. Нәтижесі жаман емес секілді. Бірнеше шет тілін терең меңгеріп, сол тілде емін-еркін қарым-қатынас жасауға дағдыландым. Әсіресе, әдебиет пен тарих саласында жүрген жас зерттеуші үшін өзге тілдерді меңгеру орасан зор пайдалы. Ең алғаш рет 17 жасымда архивке кіріп, сарғайған құжатпен танысыппын. Асылында, хәкімнің шығармашылығында оқуға, ізденіске бағыттайтын сөз өте көп. Қасиетті Құранда оқу-білім сөзі 800 рет кездеседі. Абай хәкімнің де өлеңі я қарасөзі болсын оқуға үндейді. Абай ұнатқан қазақ – оқыған қазақ-ты. Бүгінгінің жастары, біздің замандас-қатарластар оқуға шын пейілімен берілген, бәсекеге қабілетті, ғылымнан бақытын тауып, бірқатар тілдерді меңгеріп, ұлттық рухы биік, интеллектісі жоғары болса, онда ол – Абай атамызбен тең дәрежеде қарым-қатынасқа түсетін аз қазақтың бірегейі деп санаймын. Біз, бала жасымыздан ата-әженің институтын көріп, ауыл ақсақалдарының құшағында өскен соң, әдебиет пен тарихқа ерекше ынтық болып өстік. Содан болар, өмірлік азықты осы әдебиет пен ғылым саласынан табуға машықтанып келеміз. Біздің үйдің шынарлары Абай сөзін жатқа соғатын кәрі құлақ, ескінің сөзін жиып-жинастырған кісілер еді. Солардан көрген тәлім, солардың оқығаны, кез келген жырды жатқа соғатын зердесі сабақ болған сияқты. Осындай тәрбиеден, көнекөз кісілердің ортасынан шыққан адамның жаман болғанын көрмеппін!

Әлібек БАЙБОЛ:

– Абай деп жазсақ та, айтсақ та: «Бұл қай Абай болды екен?..» – деп сұрамайды, ешкім. Өйткені, оның асыл образы ұлт жадында ойып тұрып орын алған-ды. Бұл – халық махаббатының тақ көрінісі. Көп деген жақсы. Бағалайтын да, сүйетін де, күйетін де, кейбір кезде сынайтын да – сол көп. Ұнатса астындағы атын беруге әзір тұрады, ұнатпаса абыройсыз етуі де мүмкін. Бүгінгі тілмен айтқанда, аудитория ғой. Әр сөз сонда бағытталады, оны бойға сіңіру үшін ынта қажет, ынтасыздық пен ынжықтық – туыс, өстіп-өстіп бірінен соң бірі балалай береді, балалай береді. Регресс.

«Көп салқын бірін-бірі ойына алмас,

Кетер жым-жырт, артына із    қалдырмас.

Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай,

Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас».

Әнеки, қайыра ескертуде. Әр адам тарихтың бөлшегіне айналып, ұлы уақиғалардың басы-қасында жүргісі бар. Дәмеміз – дәу. Анау бір қыр басына қарасаң, төмпешік жетерлік. Алайда, артында қалған белгі аз. Сонда мына бес күндік жалғанға, мына дүрмекті дүнияға не үшін келді деп те ойлайсың. Ойланасың. Шоқан құрлы, Ыбырай құрлы, Абай құрлы, Әлихан құрлы жоқ па екен, сонда?! Мұның атауы – мұратсыздық, Пәлсапаның пәленше жыл зерттеген орталық тақырыбы – пәруай. Өмірдің өзегі – мақсаттан мақрұм жаннан не күтуге болады, бұл тіршілікте? Құдай береді, Құдай алады. Келді, кетті, болды, осымен тамам...

Ұлыларға қарап – ұрпақ өседі. Аксиома. Постулат. Соларға бой түзейді, солардан үйренеді, кейінгілер. Сондықтан, бұндай атты алып жүру де – оңай шаруа емес. Сәл ауытқып кетсем, көмекке көненің көзі – Абай атам келеді. «Былай істегін, былай жүргін», – деп ақылын айтып, тәртіпке сап, арқаңнан қағып, асқан жанашырлық танытады.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім».

Оқы, ерте жастан ізден, жаһандық жаңалықтан құр қалма, селтеңбай жүрісті қойғын, қоғамға аралас деп тұр ғой, хакім. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім». Тағы да Құнанбайдың Абайы. Жоғарыдағы айтылғанды қаперге ап, жиырма бір жасымнан жазу-сызумен айналыстым, қазір отыздың екісіне аяқ бастық. Санамаласақ, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиеті» гәзетінде табаны күректей он жыл қызмет етіппіз, аз демейміз, көп демейміз. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ін бітіріп, оң-солымызды енді-енді таныған сарыауыз балапан күйімізде ақын, көсемсөзші Жанарбек Әшімжанның ағалық алғауымен Одаққа келдік. Екі Төраға (Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет), үш Бас редактормен қатарласа (Жұмабай Шаштайұлы, Жанарбек Әшімжан, Дәурен Қуат) еңбек ету бұйырыпты, маңдайға. Аллаға сансыз алғыс... Сөйтіп жүргенде, жастарға жанашыр академик Уәлихан Қалижанның (о кезде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры) қолдауымен оқуға түсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Айгүл Ісімақованың жетекшілігімен магистрлік диссертацияны қорғап шықтық. Зұфар Сейітжанұлы, Нұрдәулет Ақыш, Гүлзия Пірәлі, Әлімжан Хамраев, Раушан Әбдіқұлова, Жолдасбек Мәмбетов, Жұмашай Рақыш, Гүлжаһан Орда, Айсұлу Ойсылбай, Гүлмира Сәуленбек секілді үлкен ғалымдардың дәрісін тыңдап, сабақ алдық. Сол аралықта прозаға, драматургияға (Сұлтанәлі Балғабаев, Роза Мұқанова, Бақыт Беделхандар ұстаздық қылды), әдебиеттануға ден қойып, бұрқыратып жазып жүрдік. Қасиетті Қарашаңырақтың әсері, Ұстаздарымның әсері деп білемін. Сүгіретке түсуді аса ұнатпайтындықтан шығар, сапасы нашарлау, қою қара жейде киген фотодағы бейкүнә жігіт материалдарымның төменгі жағында тұрақты тұратын, елге мөлие қарап. Қазіргі уақытта Абай атындағы ҚазҰПУ-і Филология және көптілді білім беру институтының докторантымын. Жетектеп жүрген ғылыми жетекшім филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, поэтолог, мұқағалитанушы Сәуле Әбішева.

Заңғар КӘРІМХАН: – Өмір шындығына келгенде, Абайдың Ахмет Риза медресесіндегі үш жылдық мұсылманша және сол кезеңде үш айлық орысша оқу ғана үйренгенімен шектелмей, қырға сан алуан кітаптар алдырып, өз бетінше ізденіп, өз бетінше қарманған, өзін-өзі жетілдірген өзгеше бір өнегесі ештеңемен салыстыруға келмес. Мұның өзіне көңілі толмаған ол «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінеді. Білімге бой ұру, түпкілікті бас қою – біз секілді талапты жандар үшін айнымас құбылыс іспетті.

Ақынның «Толық адам» тұжырымдамасын қалай түсінесіздер?

Әлібек БАЙБОЛ: – М.Мырзахметұлы, Ж.Шойынбет, М.Әліпханның «Абай мұрасының өзекті мәселелері» атты зерттеу еңбегінде: «Абайдың толық адам туралы ілімінің өзегі – ақыл, әділет, рахым деген терең ғылыми мағына беретін, тереңіне құрық бойлай бермейтін ой-пікірлерінің мән-мағынасы аса зор, күрделі мәселелер. Бұлардың түп төркіні Абай қара сөздері мен философиялық лирикасындағы Алланы тану мен жантану жолындағы ой ағысының тарту күші зор ой иірімдерінде жатыр. Абайдағы толық адам ілімінің өзегіне (ядросына) айналған мәні мен мағынасы аса зор этикалық танымдағы ақыл, әділет, рахым, қайрат деп аталатын мағынасын ізденіп барып, жүйеге түсіріп алмақ керек. Болмаса ұстатпайтын терминдік мағынасы көп қатпарлы аталымдардан құралып, толық адам ілімінің қаңқасын құрайтын киелі ұғымдардан құралады. Абай өзі негізін салып қалыптастырған толық адам ілімін осы мақсат тұрғысынан өзінің идеялық күрес құралына айналдырғаны оның шығармалар желісінде осы гуманистік идеяны молынан насихаттап, жүйелі түрде қызу таратып жатуында көп мәселенің астарлы сырлары жатыр. Өйткені, Абай туындыларында жиі ұшырасатын «пенде, адам, жарым адам, толық адам, суық ақыл, нұрлы ақыл, хауас, үш сүю, пенделіктің кәмалаттығы, инсанияттың кәмалаттығы, кәмалат ғазамат» деп аталатын терминдік мағынасы терең ұғымдардың бәрі де тікелей кейде жанама түрде толық адам ілімімен сабақтасып ұштасып жатуы жәй нәрсе емес» делінген. Жоғарыда сөз етілген әр ұғымға жеке-жеке тоқталып, талдап, кең-молынан қамтылған комментарий, тәптіштелген тәпсір сұранып тұрғаны хақ, соңыра түйіндегенде ғана «Толық адам» ілімін терең де түбегейлі түсіне алмақпыз, сонда ғана оның картинасы анық әм қанық шықпақ. Бір әділет я ақыл деген түсініктердің ішіне қаншама дүние сыйып кетеді, сол сыйымдылығымен де концепт тектес мазмұнға бай, құнарлы, қуатты келеді. «Өлеңді көркем проза биігіне көтере талдаудың тамаша үлгісі – «Жұмбақ жан» деп Тәкен Әлімқұловтың шынайы бағасын асырған профессор Құлбек Ергөбекке («Жұмбақ жан – 2») ерекше риза болдық. Сол «Жұмбақ жанда»: «Абай Құнанбаев сынды ұлы ақындардың мағынасы терең мұрасы бір кезеңнің, бір дәуірдің еншісінде қалмайды. Оған ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп өз бағасын бере жатады. Мазмұнды өмірбаянның, мәнісі творчествоның қыры мен сыры дәуірлердің барысында ашыла түседі» деп жазылған. Хакім хақында ой қозғайтын жастар туатынын, шығатынын сезген Тәкен де данышпан ғой, шіркін. Өзі зерделеп жүрген философияны каноника, физика және этика сықылды 3 бөлікке бөліп қарастырған Эпикур «қайтсе адам бақытты болмақ? Бақыт деген не?» деген сұрақтарға ғұмырбақи жауап іздеп өткен ғой. Этика дегеннен шығады, конфуциандыққа (Конфуцийдың этикалық-философиялық ілімі) жүгінетін Қытай, Корея, Жапония, одан еш жамандық көріп жүрген жоқ. Ұлттық идеологияны сабылып, әр-әр жерден іздеп қатты қиналамыз, Абайдың әдеби мұрасына зер салсақ, сонда бәрі рет-ретімен тұрғанын байқаймыз да, алысқа шауып арамтер болу – орынсыз қылық.

Заңғар КӘРІМХАН: – Ғұламаның «толық адам» ілімі – ізгілікті қоғамды құрушы, қалыптастырушы құндылық. Ерте дәуірдегі әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» концепциясының  жаңа заманғы жалғасы. Ақынның бүкіл өлеңінен көрініс табатын нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек – «толық адам» тұжырымдамасының ең негізгі үш ұстыны. Өзінің еркін жүрекке билеткен, суық ақылдан емес, нұрлы ақылдан шығатын қажырлы қайрат үшеуі бір басында тоғысқан жан баласының қылар қарекеті, жасар жақсылығы қоғамды сауықтырып қоймай, ізгілендіреді.

Еркін РАХМЕТУЛЛИН:Абайдың «толық адам» тұжырымын әр адам әрқалай қарастырады. Тіпті, әр ғылым өкілдерінің бұл тұжырымға қатысты өзіндік пайымдаулары мен көзқарастары бар. Бұлай болуы заңдылық та.

Менің танымымда Абай аңсаған «толық адам» өркениетке ұмтылған, білім мен ғылымға құлаш ұрған, ел мүддесін биік қоятын, халқын соңынан ерте алатын, жаңашыл зиялылар шоғыры еді. Бұл ақынның шығармашылығынан анық байқалады. Тіпті қара сөздің ішінде де ғылым мен білімге үндеу, адал еңбек ету, зиялылық сынды қалыптасқан тұлға болмысы аңқып тұр. Яғни, Абай аңсаған, көргісі келген «толық адам» - «алаштық буын» екендігі даусыз. ХХ ғасырдың басында сапалық өзгерістерге толы ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа кезеңін тудырған Алаш қайраткерлері хәкім Абайдың асқақ тұлғасына бас иді. Абай армандаған тұлғалар шоғыры Алаш қайраткерлері болса, Алаш қозғалысының темірқазығы – Абай. Бұл мызғымас, ғылыми һәм әдеби кеңістікте берік орнаған қағида.

Елдос ТОҚТАРБАЙ: – «Толық адам» тұжырымдамасы деген сөзді ұғымға айналдырып, тәпсірлеп ғылымға кіріктірген Абай емес, абайтанушы-ғалымдар еді. Профессор Мекемтас Мырзахметов және оның айналасындағы шәкірттері. Біз, «толық адам» ұғымынан гөрі, Абай сөзіндегі «Кәміл мұсылман» дегенге ынта-шынтамызбен берілгенбіз. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген хәкімнің көп сөзінде Аллаға деген құлдың махаббаты, тазалығы, парасаттылығы жатыр. «Имани гүл» үш ұстынын бойына сіңірген адам кәміл мұсылман болар еді. Шындығында, мұсылман баласы өзге адамға тілімен де, қолымен де, көзімен де зиянын тигізбейді делінеді. Міне, хәкімнің меңзеген, оның идеалындағы адам – осы. Біз осы ойды жүрегімізге сіңіріп, «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дегенді жиі-жиі еске алып, өмір жолында тайғанақтап бара жатсақ, тура жолға бағыттап салар бағдаршамдай қатаң тәртіпке айналдырдық.

Заманында Абай сынаған қасиеттер мен мінездер қазіргі қазақ жастарының бойында қаншалықты көрініс тауып келеді? Жастарымыз іскерлікке, ілім-білімге қарай көбірек ұмтылатын сияқты. Соған қарағанда, Абай сынаған мінездерден бірте-бірте арылып келеміз бе, әлде әлі де түзейтін, түзелетін тұстар баршылық па?

Заңғар КӘРІМХАН: – Қандай да бір өлшемге салып айтар болсақ, нөлден басталатын шкаланың минус-плюс жағы бар. Осы шкаланың минус жағында отаршылдық қамыты әбден батқан, езгіге көнген, еті үйренген, содан барып өз елін сүймек түгілі жек көретін, жиіркенетін коммунист аға буынның ізін басып, маргинал ұрпақтың жаңа буыны шықты.Ұлттың болашағы үшін ең қауіпті орта. Ал ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ана тілінде еркін сөйлейтін (кем дегенде шетелдік үш тіл білетін) және иманға ұйыған жас буын алашшыл жолда тұрса, онда бұл ұлттың бағы, мерейі. Бұл айтқан буын өкілі көп болса, сүйінеміз, сүйсінеміз. Үмітім көп.

Елдос ТОҚТАРБАЙ: – Абай сынаған қазақ мінезі туралы ой – бүгіннің ғана емес, ертеңнің де қажетіне жарайтын сөз. Әрине, кемшіліксіз адам болмас. Десе де, әр адамның өмір жолында селкем-шалыс басатын жері болады. Сондай қиын сәттерде Абайды оқып, қалың түнекке сіңіп кеткен ойлардың арасынан жоғалған өзіңді тауып, жөнделуіңе мүмкіндік көп. «Адасқанның айыбы жоқ» дегендей, хәкімнің сөзінен соң, өзіңді тез табасың. Абай сөзі – өмірлік мұратыңа жол ашатын темірқазық, тұнық сәуле.

Еркін РАХМЕТУЛЛИН: – Әр заманның жасына ақсақалы сын айтуы, көңіл толмастық – қалыпты құбылыс. Бұл сын жас Абайларға да, жас Мұхтарларға да айтылған сын еді. Алайда, Абайдың сыны – ұлттың мінезін өзгертуге, түзетуге, қазақтың бойындағы кесір қылықтарды тамырымен жоюға бағытталды. Қара сөздерінде білім мен өнерге, кәсіп қылуға, адалдыққа үндеді. Рас, бұлар Абай заманындағы қазақтың бойында бар кемшіліктер еді. Ал, бүгінгі қазақ жастары сол кемшілігін түзеген, Мағжан айтқан сенімді ақтаған, әлемнің кез-келген жерінде еңбек ете алатын, білім майданына қаймықпай өздерін тастай салатын озық ойлы, мінезді буын. Алайда, Абай айтқан кемшіліктерден толық арылу заман еншісінде. Абай ілімін тереңінен игеріп, пәлсапасынан тағылым алатын, Абай сөзін бойтұмарындай қастерлейтін ұрпақ қана ақын сынының үдесінен толық шыға алады деп ойлаймын.

Әлібек БАЙБОЛ:

– «Басында ми жоқ

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл, кердең наданның.

Көп айтса, көнді,

Жұрт айтса, болды.

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз

Болмаған соң, айтпа сөз»

Тағы бір өлеңінде:

«Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек», – дейді.

Хакімнің сыншылдық ойы кей шақта Канттың «таза ақыл сыншылдығы» ұғымымен (Абайша айтқанда «суық ақыл») толығымен болмаса да үндестік табатынын ұғамыз. Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, әдебиеттанушы Жаңғара Дәдебаевтың «Абайдың антропологизмі» атты еңбегінде бүй делінген: «Абайдың ақындық дүниетанымы жүйесінде ақыл, қайрат, жүрек тән мүшелерін сыпаттамайды, адамның ішкі мәнінің қасиеттерін білдіреді. Тән – адам болмысының көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын сыртқы қауашағы. Адамның ішкі мәнін көзбен көру, қолмен ұстау мүмкін емес. Оны арабша «нәфсі», парсыша «жан», «діл», «рух» деп те атайды. «Діл» сөзін қазақ тіліне тікелей аударғанда, «жүрек» ұғымы шығады. Ол Құран Кәрімнің аударылған мағынасы мен түсінігінде «орныққан нәпсі» (Х. Алтай) [89:27], «обретшая покой душа» (Э.Р. Кулиев) [89:27], «покоившаяся душа» (Г.С. Саблуков) [89:27], «ничем не омраченная душа» (И.В. Порохова) [89:27], «душа успокоившаяся» (Абдель Салам аль-Манси, Сумайя Афифи) [89:27] ретінде аталса, философиялық еңбектерде «есті жан» делінеді. Адамның сыртқы болмысы мен ішкі мәні туралы арнайы әдебиеттерде осы аталған ұғымдар бір сөзбен беріліп, солардың бәрінің мәнісін қамтитын бір ұғым ұсынылады. Ол – жүрек». Ғұламаның «Қара сөздері» мен өлеңдері мазмұнға бай, мәнге толы. Мазмұн да, мән де – дерексіз нәрсе. Абстракция. Оны ми қызметінің операциялары, сезім мүшелері мен түрлі қасиеттер негізінде ғана тани алмақпыз. Екеуін көзбен көріп, қолмен ұстамаған жағдайда да сезе, сезіне аламыз.Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ пен талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Қайсысына басымдық берілсе, сол – доминанта. Жақсылыққа бет бұрсақ жақсы боламыз, жамандықтың жалына жармассақ жаман атанамыз. Бұл – қарапайым формула, бұрнадан бергі өмір заңдылығы, баршаға аян классификация: жаман мен жақсы, жақсы мен жаман...

Абай шығармаларының үзіндісі әркімнің үйінде ілулі тұру керек, бұл көбіне-көп басқару органдарына қатысты. Шешімтал тұста хакім өлеңдерінің мәніне үңілсе, оқыса, күрмеулі мәселе де өз шешуін табады деп ойлаймыз. Бүгіндері тең құрбыларымыз, қанаттас-қатарластарымыз жеңіл ақша тапқанына желпініп жүргенін байқадық. Кәсіп бастап, тез байығысы келетінге ұқсайды. Дұрыс қой, қарсы емеспіз. Өссін, өркендесін, тілекшіміз. Десек те, бұл руханияттан, бай мәдени мұрадан нәр алған кәсіп болуы керек. Сонда ғана ол қайырлы болмақ, сонда ғана қайырымды жан көбеймек, бұны макроэкономикада «қайтарымды капитал» деп атайды. Абай көтерген проблематика қай кезде де өзекті. Себебі, автор универсалды, адам баласына ортақ рухани кеселдерді сынайды. Адам жаны – Құдай мен Ібілістің майдандасатын орны, айқасқа түсетін алаңы. Алла жеңсе, тазарасың, имандылыққа бет бұрасың, екіншісіне ерік берсең, құрдымға кетесің, таңдау еркі – өзіңде. Қараны – ақ, қараңғыны – жарық, жаманды – жақсы етіп көрсетіп, алдарқататын Әзекең – Әзәзіл емес пе?! Кісіге берілген, әрі Ақылға бас иген ерік, еркіндік, тәуелсіздік дәп осы тұста бас көтеруге тиіс.

Жазушы, сыншы Тұрсынжан Шапай «Шын жүрек – бір жүректе»: «Абай шығармашылығында сыртқы қалыбы мен ішкі сырының құпиясын аштырмаған тылсымдар тым-ақ көп. Толық ашылуы мүмкін де емес – эстетикалық ұлы құбылыстарға ортақ заңдылық. Әр ұрпақ, танымның әр деңгейі өз сөзін айтады» депті. Рас, көкейге қонымды. Өйткені, әр қазақтың өз Абайы бар. Сонымен тілдеседі, сонымен сырласады. Қанша дүниетаным болса, сонша Абай бар деп білеміз. Мұндай калибрдағы ұлылар біржақты талдауды жақтырмайды, бір түйгенім. Мұхит жағасында тұрып арғы жағына көз тастап ек, ұшы-қиырының көрінер түрі жоқ...

– Салиқалы да, салмақты ой-тұжырымдарыңызға алғыс айтамыз! Абай атамыздың тағылымын бойларыңызға сіңіріп, еліміздің бетке ұстар азаматы болуларыңызға тілектеспіз. Осы орайда белгілі ақын Айнұр Төлеудің бүгінгі «Келелі кеңес» тақырыбына арнап шығарған «Абай менің құрдасым» өлеңін оқырмандар назарына ұсына отырып, басқосуымызды осы өлеңмен аяқтасақ.

 

Айнұр ТӨЛЕУ,

ақын, әдебиеттанушы

 Абай менің құрдасым

Есімде жоқ!

 Не үшін мұнда  келіп ем?

Ғарыш жақтан асыққанда бері мен,

Сусап туғам,

Су татыған ғаламнан

Бәлкім бір сәт іздедім бе шөліме ем?

О, көкпеңбек ғаламым!

Тамшылардан таба алмадым

                                                 жаныма ем!

Бір күнімнен бір күнімнің мәні кем.

Тар құрсақта тыныш

                                     жатпай тыпырлап,

Кең құшақта сары уызға қанып ем.

Асыққаным сонда менің осы ма?

Кеңістікте  шөліркедім тағы мен.

«Мыңмен  жалғыз алыспадым» әлі мен!

Сонда   өзім қайдамын?

Алысамын кеберсіген жаныммен!

Келе сала іздедім ғой  сені, Абай!

«Қос ғасырлық жол бар» деді  уақыт...

«Дүние есігін ашқанымда» сене алмай,

Жұрттың бәрі жыр оқыды жұбатып.

 Жо.., жоқ!

Уақыт алдамасын!

Алдамасын әр баласын қазақтың!

Өлеңінен тауып алғам өзімді

Абай - менің құрдасым!

Тіл қатады өлшенбейтін құбылыс

Бір  ғасырға сыйғыза алмай бір басын!

12269 рет

көрсетілді

53

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз