• Ұлттану
  • 04 Ақпан, 2021

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН АСТАСҚАН ТУЫНДЫ

Әлем әдебиетінде қасқыр, текті ит тақырыбында көптеген шығармалар дүниеге келгені белгілі. Қазақ әдебиетінде сол көштің бастауында тұрған жазушы М.Әуезов екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әлемнің ең үздік 200 классикалық шығармасының қатарынан «Абай жолымен» бірге орын тебуі, ол «Көксеректің» қай жағынан алып қарасақ та үздік екенін дәлелдеп тұр.

М.Әуезов алғашқы шығармаларынан-ақ өзінің үлкен суреткер екенін көрсетті. 1910-1920 жылдардағы «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» атты туындылары оның қаламгерлік қуатын, зор дарынын танытады. М.Әуезов шығармаларында сахара қазақтарының тұрмысы мен өмірі, қорғансыз жандардың тағдыр-талайы сынды көп жазылған тақырып жаңа қырынан, соны мазмұнда, қаламгердің өзіне ғана тән қолтаңбасымен көркемдік шешімін табады. Оның алғашқы әңгімелерінде романтикалық стиль айшықтары да байқалады. М.Әуезовтің 20-жылдарда жазылған әңгімелерінің романтикалық сипаты бар екенін ғалым Т.Кәкішұлы бірнеше зерттеу мақаласында атап өтеді. Әдебиетші ғалым Б.Майтанов М.Әуезовті реализм мен романтикалық эстетика талаптарын қатар ұстанатын жазушы санатына қосады.
ХХ ғасырдың басы бәрімізге мәлім солақай саясаттың кең етек алған заманы болды. Ең алғаш шығарма жазылып, баспа бетін көрген сәттен бастап пікірлер жазыла бастады. Саяси астар іздеп, әртүрлі ойлар әдебиет майданында шайқасқа түсті. М.Әуезовтің «Көксерек»  повесі туралы С.Мұқанов «Шығарма тілі – өте көркем»деп шығарманың өн бойына енсе, С. Сейфуллин «Идеялық жағынан дәуір рухына сай келмейді, ертегіге ұқсас» деген. Алайда, кейінгі буын сыншылар М.Қаратаев, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, А.Нұрқатовтар шығарманы тереңінен зерттеп, ақ-қарасын айырып берді. Бұл шығарманың жазылуына байланысты түрлі деректер бар. Біреу әйелі әкелген картина десе, енді бірі әлем әдебиетінің әсері, ал біреулері қазақ фольклоры деген пікір айтып жүр. Осы айтылған пікірлердің қай-қайсысын да жоққа шығармаймыз.

Әлемдік әдебиеттің классиктері Э.Сетон-Томпсонның хайуанаттар әлемі, Л.Толстойдың «Холстомері», А.Чеховтың «Аққасқасы», Дж.Лондонның «Ақ азуы» осы тақырыпты барынша ашуға тырысқандығы сөзсіз.

Джек  Лондон «Ақазу» романының соңы өзгеше, яғни, жақсылықпен аяқталады. Оқырмандар қасқырдың қиын да қызықты тағдырына куә болады, есімізде осынау батыл әрі ақылды жануардың бейнесі ұзақ қалады. Лондонның барлық кейіпкерлері негізгі кейіпкер жанына топтасады. Ақ Азу 4 түрлі өмірді басынан өткереді: жануарлар әлемі – үндістер – Красвчик Смиттің қорқынышты әлемі – махаббат пен ақылдың әдемі әлемі. Қасқырдың күшігі табиғи күшінің, мықтылығының, бейімделгіштігінің арқасында тірі қалады. Ақ азудың бір-біріне ұқсамайтын иелері болады. Олардың біріншісі – Серый Бобр. Қасқырды тек өзінің мақсаттарына жету жолындағы құрал деп қарайды, неше күн ашықса да тамақ бермейді. Қит еткен жаман қылығын көрсе, бірден таяқтауға дайын тұрады. Қасқырдың ішіндегі бұрқыраған ашуы таяқтың көмегімен құрықталады, оның дүниені тануы, бейімделуі тек бір жақты болады. Бірақ ол осы иесінен әділеттілік заңын үйренеді.

Ал екінші иесі – қулыққа, құйтырқы мінезге бай адам. Ол иттердің төбелесінен ләззат алады, оларды ақшаның көзіне айналдырады. Қапасқа қамаған итті ызаландырып, сақылдаған күлкісімен долдандырады. Соңғы шайқаста Ақ азу бульдогтан ұтылып қалады. Сол кезде иесінің сұмдық бет-бейнесі айқын көрінеді.

Джек Лондонның «Қасқыр»туындысын да әлем  қызыға, сүйсіне оқиды. Оның шығармалары қазақ оқырмандарының да көңілінен шыға білді. Әрине, жазушының жазу шеберлігіне сөз жоқ. Жазушының бұл әңгімесін М.Әуезов 1936 жылы Ташкент қаласында орысша нұсқасынан «Қасқыр» деген атаумен қазақ тіліне тәржімелеген. Қазақ тіліне М.Әуезовтің аудармасы бойынша жеке кітап болып балаларға арналған «Кітап соңынан кітап» сериясымен басылып шыққанын білеміз.

Джек  Лондонның бұл шығармасында табиғат суреттерін бір-біріне жымдастыра баяндау арқылы бас кейіпкердің психологиялық күйін тамаша ашып береді. Әдеби әдістердің барлығы бас кейіпкердің мінез-құлқын ашуға барынша қызмет етеді. Әңгіменің негізгі сюжеті  белгісіз жақтан жол тартқан иттің арып-ашып келіп тынығып алу үшін таудағы ерлі-зайыптылардың үйін паналағанын баяндаудан басталады.  Балалары жоқ отбасы оны жақсы көріп кеткендіктен, итті жібермеудің бар амалын жасап, асырап, қашқан жерінен қайтарып алып, қолға үйретеді. Ерлі-зайыптылардың іс-қимылы бас кейіпкердің әрекетіне түрткі. Иттің өзін-өзі қалай ұстайтыны, оның жүріс-тұрысы, айналасындағылармен қарым-қатынасын автор баяндаушы тұрғысынан әңгімелеп отырады.

Осы шығармалардағы көтерген мәсе­лелерді М.Әуезов назардан тыс қалдырмағаны белгілі. Қазақ фольк­лорындағы «Сырттандар», «Ақ қасқыр», «Күйеу қасқыр» ауызекі әңгімелерінің де қатысы болмады деуге болмайды. Дж.Лондонның «Ақ азуын» ерекше атап өтуіміз қажет. Себебі, «Көксеректегі» табиғат құбылыстарының адам жанымен астасуы, қасқыр психологиясының берілуі, экзистенциялық сарынның байқалуы осы шығармаға көптеп назар аудартады. Бірақ Көксерек дала перзенті, түз тағысы қашан да тағы болып қалатындығын паш етсе, «Ақ азудың» адамдық қағидаға бой ұсынуы арасында айырмашылықтар бар.

Түркі нанымында «қасқыр», «көкбөрі» ұғымы тәңірі мен адамды байланыстырушы тылсым күш немесе шамандық ие қыласы болып бейнеленеді. Түркі әлемінде «көк бөрі» қасиетті әрі қастерлі ұғым екендігі даусыз. Түркі халықтарының тотемі – тап осы көк бөрі екендігі баршамызға аян. Жалпы, Х ғасырдан бастау алған қасқыр бейнесі әлем әдебиетімен қоса, М.Әуезовтің шығармашылығында да өзіндік шоқтығы биік туындылармен жалғасын тапты.

Гүлбану ДЕМЖАНОВА,

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 2-курс магистранты

К.Әбдіқалық,

                  (профессор, ғылыми жетекші)

 

1553 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз