• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ӘЛЕМ АЗАМАТЫ. ОЛ КІМ?

Гүлдана ЕРМЕКҚЫЗЫ,
журналист

Адамдардың көпшілігі қоғамда өмір сүруді ұнатады, себебі, өзіңізді бүтін бір халықтың бөлігі ретінде сезінесіз. Мұның бәрі тарихқа дейінгі дәуірде басталған құбылыс. Адамдар тайпаларға жиналды, бірте бірте ауылдар, кейінірек қалалар салды. Осылайша оларға жауға қарсы тұру оңайырақ болды. Заңдар қабылданды, үкімет сайланды және т.б. Алайда, қазір бұл мәселеде көпшіліктің ойлары мүлдем басқа. Белгілі бір ұлтқа тиесілі болу әркімнің көңілінен шыға бермейді. Тіпті «әлем азаматы» деген тіркес пайда болды. Олар шекараларды жоюды, бар мемлекеттерден бас тартуды және әлем азаматтығын құруды талап етеді. «Космополитизмнің» дүниетанымын көптеген әйгілі тұлғалар тартымды деп санады және олардың әрқайсысында бұл ұғымның өзіндік идеясы мен түсіндірмесі болды. Философ Диоген өзін космополит деп жариялады, жеке мүдделер жергілікті патриотизмнен жоғары екенін атап өтті. Атақты физик Эйнштейн де адамзат бірігіп, Біріккен үкіметті – БҰҰ Бас Ассамблеясының жанынан құрылған Конгресті мойын­дауы керек деп мәлімдеген. Америка президенті Труман Америка Құрама Штаттарының басшылығымен Дүние­жүзілік республиканы құру идеясын жоғары бағалады. Космополиттердің пікірі бойынша, қазіргі қоғам біртұтас планеталық өркениетті қалыптастыру процесіне кірді, онда жекелеген елдер мен халықтар өзін-өзі қамтамасыз ететін дербес бірлік мәртебесінен айрылуда.

 Космополиттер «Отан» ұғымын саяси режиммен немесе қоғамдық тәртіппен байланыстырмайды, олар жеке тұлғаның құқықтары мен мүдделерін мемлекеттің құқықтары мен мүдделерінен жоғары қояды. Зерттеушілер оның жақсы да, жаман да жақтары бар деген қорытындыға келді. Мәселен, өз Отанына деген сүйіспеншілікті жоққа шығармайды, тек қоғамдық игілікті бағалаудың жоғары санаттарын анықтайды, шовинизмнің көріністерін, бір ұлтты басқалардан жоғары қою әрекеттерін жояды, басқа халықтардың мәдениетіне қызығушылық тудырады деген сынды жағымды тұстарын көтермелей түсті. Жағымсыз жақтарына ата-бабалардың жадын, адам санасындағы рухани және ұлттық құндылықтарды жояды және өз елі үшін мақтаныш сезімін азайтады деген қорытынды шығарды.

«Космополит» немесе «әлем аза­маты» ұғымдары пайда болған сәттен бастап-ақ билік өкілдері мен басшылыққа жақпағаны бесенеден белгілі. Өткен ғасырдың ортасында Кеңес Одағында космополиттерге қарсы күрес Батыс идеяларына түсіністікпен қараған зиялыларға қарсы репрессияларда айқын көрінді. Бұл идеологияны қолдаушыларға қарсы науқан тек пікірталастарда ға­на көрінбеді, олар лагерьлерге жер аударылумен бірге «халық жауы» деген белгіні алды, жұмысынан қуылды және қуғындалды.

Бүгінде бұл ұғым әлем елдерінде, соның ішінде батыста кең әрі тұрақты түрде қолданылып жүр. Осыған қарап, өзге мемлекет азаматтарының басым көпшілігі мұндай жаңа ағымға оң көзқарас танытып отырғанын көреміз. Қазақстанда діни сенім, нәсілдік, этникалық тұрғыдан адам құқықтарын қорғауға жете мән беріледі. Алайда, соған қарамастан ұлт пен уақыт дерті космополитизм елімізге кенедей жабысып келеді. Кеңестік энциклопедияда бұл ұғым ұлттық дәстүр мен мәдениеттен бас тартушы деп түсіндіріледі. Демек, мәңгүрттіктің тап өзі деген сөз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жайлы күнде халқының ар ожданы, ұлтының ұяты, ұрпақтың қамын ойлай алмағандарды басқаша қалай атауға келеді? Қауіпті ағымға қарсы екпін көрсету дұрыс бағыт болатыны айтпаса да анық құбылыс. Дегенмен, өз ұлтынан бөлініп өзгенің тілі мен салтынан пана тапқысы келетін космополиттер жайы осы күнге дейін нақты шешімін таппаған мәселе болып тұр. Осы тақырып төңірегінде туындайтын сауалдар жаһандану алдындағы мазасыздыққа әкеліп тірейді. Отаршыл одақ бауырында бұйыққан жетпіс жылда бұл біздің елге жабысқан бір дерт болды. Бір космополитизм ішіне бүккен, қазірде қоғамға жасырын қоғамның дерті қаншама. Әрқайсысын жекелей сараласақ көп нәрсеге көзіміз ашылып, көкірегіміз қарс айырылардай болуы да ғажап емес. Оның әуелгісі, ананың сүтімен бойына дарыған ана тілінде бір-бірімен әрең сөйлесіп, тіл қатысатындар. Осы жерде тіл мәселесінің бір ұшы көрініп қалады. Орыстанған қазақтардың өз ұлтын менсінбеуі, оның негізгі құндылықтарын жоққа шығару арқылы қазақ тіліне тосқауыл қойғысы келетін бір кесірі белең алды. Мұндай жағдайлар әлбетте, тіл жанашырларын ширықтырып, қарсылық қимылға итермелейді. Ақиқаттық тұрғыдан қарағанда космополиттерді ана тілін, қазақ этносын сақтағысы келмеген немесе өз ұлтының тағдырына бейжай қарайтын қазақтар деп бағаламастан өзге лаж жоқ. Ғылыми негізде айтқанда «шала қазақтардың» санасын оятуға бағытталған жүйелі және тұрақты насихат жұмыстары болмай, қынжылтып тұр. М. Шахановтың: «Қазақстан халқын біріктіруші – мемлекеттік тіл» деп шырылдауының жөні бар. Демек, мемлекеттік тілді дамытуға ерекше назар аударуымыз керек. Мемлекеттік тілдің даму қажеттілігін сезіну саяси-әлеуметтік ахуалды қалыптастырады. Бұл ахуалды халықтық негізгі түп-тамырымызды сақтап қалатын және дамытатын идеологиялық, психологиялық және рухани іргетасы деп қабылдауға болады. Өз ұлтына қатерлі теріс ұстанымдағы космополиттер айналасындағы тіл мәселесі осылай шексіз тізбектеліп жалғаса беретіні өкінішті. Қалай болғанда да бұл мәселе заманымыздың күн тәртібіне қададай қағылды.

Анығында, космополитизм тек тілге ғана қауіпті емес, саясат, экономика, өнер, бизнесте де мұндай ұстанымдар белең алып, ұлттық патриотизмнің әлсіреуіне алып келіп жатыр. Сәйкесінше мәселенің шешімі де әр саланың ағынында  ағып жатыр. Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді дегеннің кебін киіп жүргендерге қарап отырып екінші бір мәселенің ұшын көреміз. Бұл дегеніміз қай жерде жақсы, жайлы қоныс бола алса сол жерді Отаным деп тану. Яғни, еліміздегі талантты адамдар мен жастардың, білімді мамандардың  ақша мәселесі үшін шет елдерге кетуі, қоныс аударуы. Шет мемлекеттерге түрлі білім бағдарламаларымен оқып келіп жатқандардың тиімділігін сараптау да аса қажетті құбылыс. Осы тұста мамандарға жұмсалатын қаржының проблемасы көтеріледі. Мемлекеттің ең басты байлығы мен құндылығы мұнай мен газ емес, адам екені көзге оттай басылып, анық байқалады. Сондықтан, сырттан келген сырқатқа адамзаттың ой мен сөз еркіндігі арқылы, дамыған дала заңы арқылы да төтеп беруге болады.

Сонымен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей космополитизмнің экономикағада тарттыратын жағымсыз бірқатар мәселелері бар. Біріншіден, бұл әлем халқының басым көпшілігінің тиімді демократиялық бақылауының болмауы, өйткені ірі трансұлттық корпорациялар әлсіз экономикалық жағдайдағы мемлекеттерге және олардың тұрғындарына талап қоя алады, сәйкесінше олар бұдан бас тарта алмайды және барлығын толығымен ерікті түрде жасайды. Бұл, мысалы, дамушы елдердегі еңбек жағдайларына немесе шикізатты пайдалануға қатысты болуы мүмкін. Екіншіден, экономикалық космополиттер әлемдік еркін нарықтың бірқатар ықтимал жанама әсерлеріне назар аудармайды. Атап айтқанда, олар байлықтың үлкен теңсіздігі және төтенше кедейлік сияқты мәселелерді ескермей немесе бағаламай отыр.

Егер осы космополиттердің сана­сына ұлттан тыс өмір оқшаулыққа ұрындырары жетсе, бәрінің беті қайтар еді. Шын мәнісінде, адами болмыс пен ұлттық болмыс бір-бірінен ажырамас егіз ұғымдар. Біздің ең бір жанды жеріміз ұлттық рухымыз. Ұлттық рухты алынбайтын берік қамал ретінде қалыптастыра білсек, бүгінгідей дерттерге дауа іздеп бас қатырмас та едік. Ұлттық болмыспен сана ұлттық рухтың тамыры мен діңгегі. Қазақстан халқын ұлтты сүюге тәрбиелеу арқылы біз өз мемлекетіміздің иесі бола аламыз. Ал ең мықты ұлт болуға апарар жол – ұлттық идея мен идеологиямызды түзетуден бастау алады.

Космополитизм идеялары адам­дардың  тек санасында ғана әдемі көрініс тапқан, бірақ оны іс жүзінде қалай жүзеге асыру қажеттігін өздері де түсінбейді. Себебі, бұл тұжырымдама көптеген адамдар үшін тым күрделі және мұның болашақта өзгеруі де екіталай. Сонымен бірге, барлық идеалистерге тән адасушылықта осы космополиттерге тән. Өйткені, олар барлық адамдарды өздеріндей көріп, бағалайды. Алайда, адамның табиғатын өзгерту мүмкін емес. Сол себептен де жақын болашақта көптеген адамдарға тән діни, ұлттық, нәсілдік және басқа да айырмашылықтарды жою толығымен жүзеге асырылып, мүмкін болады деп қиялдау шындықтан алыс құбылыс.

749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз