• Ұлттану
  • 13 Қазан, 2011

ОРАЗАЙ-АХМЕТ ИШАННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, ғалым Оразай ишан Бұғыбайұлы – орта жүзге қарасты найман руынан шыққан үлкен діни ғұлама. Шамамен 1807-1809 жылдарда «Зіңкетер» атты елді мекенде туып «Сарышығанақта» 1898 жылы қайтыс болады. Көршілес ауылдағы Құлболды ишанға шәкірт болып, ұстазынан көп нәрсені үйренген Оразайдың атына ишан атағы қосылып, ел арасында Оразай ишан атанған. Оразай Бұғыбайұлы кезінде Қоқандықтарға қызмет етіп, жұртшылықтан түтін пұл жинау ісімен де айналысыпты. Көп нәрсені Құлболды ишаннан үйренген Оразай «Зіңкетерде» молда болып, мешіт ұстаған. Көптеген шәкірттер даярлап шығарған. Солардың ішінде өз балалары да оқыған. Өзімен қоныстас болған ауылдастарын ертіп «Көксу» бойына орналасады. Шиелілік датқалардың (билер) қолқа салуымен осы өңірде тұрақтап, жұртшылықты дін жолына үйретеді. Оразай ишанның үлкен ұлы Қожахмет, ортаншысы Ахмет, кенжесі Жармұхамедтерді діни оқуға өзі тәрбиелейді. Балаларының қай-қайсыда Оразай ишан атына кір келтірмей, Сыр мен Арқада дін жолын насихаттап, қадірлеп құрметтеген жандар болады. Балаларының аттарына да «Ишан» атағы қосылып аталады. Оразайұлы Қожахмет-ишан. Қожахмет те алғашқы білімді Оразайдан алады. Қожахмет ишан ескіше оқулармен қатар орысша да сауатты кісі болыпты. Көптеген елдерде шығатын газеттерді алдыртып, жаңалықтарды ауылдастарына айтып беріп отыратын көрінеді. 1916 жылғы орыс патшасының майдан қара жұмысына Қазақтан адам алады деген хабарды есітіп Орынбордағы Әлихан Бөкейханмен осы мәселе жөнінде кездесіп, пікірлескені тағы бар. Бюроға екінші кісіні қою туралы, жалпы қазақ съезін шақыру туралы сөз қозғағандар арасында Қожахметтің де есімі жүр. Інісі Мұстафаны Санкт-Петербургке ертіп барып, мемлекеттік Думада қазақ халқының тұрмыс жағдайы туралы сөз сөйлеген. Сондай-ақ Қожахмет Оразаев «Қазақ» газетінің бетінде думаға қазақ халқының атынан өкіл ретінде Әлихан Бөкейхановтың кандидатурасын қолдауды сұрап, «Жұрт жақсыларына ашық хат» атты мақаласын жазды. Қожахметтің Мұстафа Оразаевпен «Қазақ» газетінің тұрақты шығып тұруы үшін екі мың сом ақша бергені де айтылады. 1916-1919 жылдардағы қазақ қоғамындағы болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамаған қайраткер. Оның баласы Мәмбетәлі 1914 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіріп, мешітте кейіннен Шиеліде ұстаз болып «Қазақ КСР-на еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағын алады. ОРАЗАЙҰЛЫ ЖАРМҰХАМЕД ИШАН Жармұхамед ишан Оразаев 1863 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданының «Амангелді» ауылында («Зіңкетер») туып, 1919 жылы Ақмола облысының Есіл ауданында өмірден өткен. Алдымен ауыл молдасынан, кейіннен Бұхарадағы діни медреседе оқиды. Есіл бойының қазақтарының шақыртуымен сол жерге келіп, мешіт салдырып, мектеп ашады. Әкесінен кейін Жармұхамед ишан болды. Ол 1900 жылы Есіл өңіріне көшіп келген. Жармұхамед ишанның балалары: Құлмұхамед пен Абдолла, Сұлтан Уфадағы Ғалия медресесінің шәкірттері және Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Жармұхамед ағасы Ахмет ишанмен бірге «Қазақ» газетінің өмірге келуіне атсалысқан кісілердің бірі. Жармұхамед ишанұлы Мұхамед-Рахым ұзақ жылдар бойы М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызмет етіп, профессор дәрежесінде зейнетке шығады. Көптеген ауыз әдеби мұраларын зерделеген ірі зерттеушілердің бірінен саналған ол 2011 жылы жазда қайтыс болды. АХМЕТ ИШАН ОРАЗАЙҰЛЫ Оразайұлы Ахмет шан 1861 жылы туып, 1927 жылы Телікөл өзенінің бойында қайтыс болады. Аға-інісі сияқты Ахмет те алдымен әкесінен діни сауат алады. Бұхарадағы үлкен медресенің бірінде оқып келіп, Сарысу, Телікөл бойын жайлаған Бағаналы елінде мешіт пен мектеп ұстайды. Оның білімділігі мен инабаттылығы, сол аймаққа емшілігі (Торғай, Ақмола, Жезқазған) кеңінен тарап, Ахмет ишан аты құрметпен аталған. Ахмет Оразайұлы жайлы 1915 жылғы «Қазақ» газетінде:... Барлық Бағаналыға ұстаз болған іштерінде Ахмет ишан. Бұл кісі заманымыздағы парқы бар бір зат болып «Уақыт», «Тәржіман», «Юлдыз», «Қазақ» газеттерін алдырып оқып тұрады. Бұл кісінің Телікөлде салдырған мешіті бар. Қыс мешіт жұма намазын өзі оқытып, жиылған жұртқа айқын қазақ тілінен Ахмет ишанның өзі үгіт айтады. Бұл үгіттер бергенге ұжымақ, бермегенге тамұқ деген ізбен айтылмай, заманаға муафик ретте дүние ақиретке пайдалы сөздерден құрылып, жұрт құлағына салынады», деп жазған Зәкір Ғайсин. Ахмет ишан 1881-1883 жылдары Меккеге қажылыққа барған. Бағаналы ауылындағы оқулардағы кемшіліктерді көрген ол, өзінің үйінен жаңаша білім беретін мектеп ашып, оған арнайы мұғалім ұстаған. Алғашқы газеттердің бірі «Қазақ» газетіне ақшалай қаражаттан көмек беріп және газет беттерінде қазақ балаларына арналған оқулыққа бәйге жариялаған. 1916-1920 жылдардағы қазақ қоғамындағы істерге белсене араласқан. 1916 жылғы 25 маусымдағы патша өкіметінің жарлығына қарсы болып, елді басқарған төбе би болып сайланады. Сабыр Шәріпов кезінде Ахмет ишанды Байқоңыр аудандық рефком төрағалығына да ұсыныпты. А. Оразайұлы Сарысу өзенінің бойына арық қаздырып, елді отырықшылыққа үйретеді. Ахмет қаздырған канал бүгінге дейін «Ишан арығы» деп аталады. Ахмет Оразайұлы атақты, діни ғұлама болуымен қатар емші, дәрігерлік қабілетінің арқасында Сыр бойында етек алған шешек ауыруына қарсы егу жұмысын қолға алып, көптеген балаларды өлімнен арашалаған тұстары бар. 1922-1923 жылдарда Телікөл, Сарысу бойын жайлаған тырысқақ (оба) ауруына қарсы қызы Бибісарамен бірге емдеп, жүздеген кісіні ажал тырнағынан құтқарған. Ахмет ишан Оразайұлы – ұстаздық, емшілік қызметтерінен басқа қазақ тілінде шығатын газеттерге мақала жазып, түрлі мәселелер төңірегінде өз ойын білдіріп отырған. Ишанның «Қызылқұм елі», «Дін мәселесі жайлы» және «Бір қыздың жұмбағы туралы» 1876 жылы «Түркістан уалаятының» газетінде жариялаған жауабы бар. Қыздың жұмбағы: «Екі қасқыр қой жейді қан шығармай. Жақсы билер дау бітірер жан шығармай, Он қолымда он жүзік әл шығармай, Тапқан ерге мен тимек мал шығармай, сексен сырадар, тоқсан тұрадар. Ахмет ишанның жауабы: 1) Екі қасқыр дегені бірі – нафис (адам). Бірі – шайтан жияды пәнде емесін қан шығармай. Жақсылар қызметке қасыл болар, уәсіл қылар ол тәңірге жан шығармай. Алсаң қолға он жүзік қашар шайтан, иман жүзігін оң қолың, сал шығармай хақиқаттан сауал айттың уағдаңа жат мужазиден. Үміт етпе сәл шығармай, хақ тағала нәсіп еткей сақарахмет дариясынан тойғаныңша ал шығармай, жан махаббаты риза болмас Һар бірлән хақиқат дүниеден шал шығармай», деп ары қарай жұмбақтың шешуін жалғастырған. «Бәйге тігемін» мақаласында Ахмет ишан: «Білімділер жөн-жосық көрсетсе, жабдығында болу-жұрт ісі. Бұл іске көзі ашық азаматтар дем беріп, талаптылардың бетін қайтармай, орынды жерде сараңдық қылмай, мұндай жақсы нәрсеге жол ашу керек. Өзім білім жарысынан келген жүйріктің біріне бәйге тігемін», – деп қалған жұртшылықты осынау іске қатысуына шақырған. МҰСТАФА АХМЕТҰЛЫ Әкесі Ахмет ишаннан көп тәрбие алған Мұстафа «Қазақ» газетінің алғашқы шығарушыларының бірі болған кісі. Мұстафа ескіше де, жаңаша да сауатты болыпты. Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген Мұстафа 1891 жылы Ұлытау ауданы жеріндегі Қорғантас елдімекенінде туған 1970 жылы өмірден өткен. Ол 1916 жылғы патшаның «Июнь жарлығына» қарсы шығып, хандық құрады. Хандықты басқару ережесі мен жарғысында жазған Мұстафа деседі. 1917 жылғы ақпан төңкерісі тұсында Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірлесіп жазған «Алаш ұлына» атты мақаласында орыс саясатына қосылмауды, бірігіп тізе қосқанда ғана толық азат бола аламыз деп ой қорытқан Алаш зиялыларының бірі – Мұстафа. Ахмет ишан діни қызметімен қоса елде орын алған ауруларды жоюда жекелеген адамдарды емдеуде халық емін кеңінен қолданған. Әсіресе қан қысымы көтерілген, баспа, тырысқақ ауруымен ауырғандарды шеке, желке тамырын, тілдің астымен мұрын үстін, болмаса тізені тіліп қанның түсі қызамықтанғанша ілегенге ағызып тұрады екен. Пышақ, спирт, мақта, инені, банкі тағы басқа құралдарды пайдаланып емдейтін болған. Ахмет ишанға емделгендердің бірі академик Мұхаметжан Қаратаев, бұдан 100 жыл бұрын өмір сүрген Еркінді, Мейрамды тағы басқа көптеген науқастар Ахмет ишанның емі арқасында сауығып кеткенін жазып қалдырған. Негізінен Ахмет Оразайұлы: 1) Шипалы қасиеті бар тағамдарды, 2) дәрілік шөптерді, 3) алмас, күшала, күкірт, апиын сияқты заттарды есептеп аса сақтықпен пайдаланған деседі. Оразай ишанның қай баласы да өз қатарларының алды болы, ел ісіне араласқан болса, солардың ішінде оқ бойы озық болып, есімі қазақ даласына кеңінен жайылғаны Ахмет ишан. Біріншіден діни оқу орындарын ашып, балаларды имандылыққа тәрбиелесе, екіншіден 1916-1920 жылдардың саяси оқиғаларға белсенді қатысушы, ұйымдастырушы, үшіншіден халық медицинасының озық тәжірибесін бойына жинақтаған емшілігімен дараланады. ОРАЗАЕВ БАҚТИЯР МҰСТАФАҰЛЫ Бақтияр Мұстафаұлы 1923 жылы Сырдария ауданының №32 ауылында туған. Ташкент қаласындағы Орта Азия полтехникалық институтын бітіріп осында 1950-1953 жылдар аралығында аспирантурасында, 1954-1957 жылдарда аға оқытушы, 1958-1960 жылдар аралығында кафедра меңгеруші қызметін атқарады. Б. Оразаев Қазақстан үкіметінің шақыртуымен Қ. И. Сатпаев атындағы геология ғылымдары институтында қызмет істей жүріп, 1970 жылы Геология-Минерология ғылымының докторы, 1973 жылдан профессор атағын алады. 1971 жылдан геофизика, сейсмология кафедрасын басқарған. Орта Азия мен Қазақстанға белгілі – геофизик. Б. Оразаевтың Орта Азия мен Қазақстандағы жер қыртысы және оның жоғары мантиясының физикалық жағдайын, тау жыныстары мен минералдық физикалық қасиеттерін, сейсмологияның түрлі мәселелерін зерттеуге арналған 100-ден аса ғылыми еңбегі бар. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен бірнеше медальдармен марапатталған ғалым. Алматы қаласында өмірден өткен. МҰСТАФИНА ӘСИЯ Әсия Мұстафинаның атасы – Ахмет ишан Оразаев. Ол 1924 жылы Сырдария ауданында туған. 1948 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын (ҚазҰТУ) бітірген. Оқу бітірген жас маман 1948-1950 жылдарда Кемпірсай кен басқармасында 1950-1951 жылдары Өзбекстан Ғылым академиясында, 1951-1952 жылдар аралығында «Қазақмелковзрыв» өндірістік-техника бөлімінде, 1952-1957 жылдары Қазақстан Ғылым академиясында қызмет атқарған. Мұстафина Әсия 1970 жылы техника ғылымының докторы, 1971 жылдардан профессор, 1972 жылы Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі атағын алған. Ә. Мұстафина – Лисаков, Жезқазған, Соколов-Сарыбай кеніштерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бірнеше зерттеу еңбектері жеке кітап болып шыққан. Ә. Мұстафақызы «Құрмет белгісі» орденімен награтталып, бірнеше медальдармен марапатталған. Ол 1991 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Ә. Мұстафақызының қазақтың кен өндірісіне қосқан еңбегі зор. Қазақ әйелдері арасындағы алғашқы кен инженері болған кісі. Бұл кісі де атақты Оразай-Ахмет ишан ұрпағының жалғасы. Жармұхамедұлы Құлмұхамед Жармұхамедұлы Құлмұхамед (Құлым) 1890 жылы туған. Құлмұхамед алғашында әкесінен тәлім-тәрбие алады. Әкесі оны 1903 жылы Ташкенттегі медресеге жібереді. Ол 1907 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды және өзімен бірге Қожахметұлы Мәмбетәлі, Мұстафа Ахметұлы және туған інісі Әбілданы да оқуға тартады. Құлмұхамед Жармұхамедұлы 1914 «Ғалия» медресесін үздік бітіріп, араб, парсы, башқұрт, өзбек, орыс тілдерін жетік меңгеріп шығады. Баспа, газет істеріменде айналысқан. 1915 жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып қатысады. Белгілі Алашорда басшылары мен тығыз байланыста болыпты. Ол 1920 жылы «Тіней» атты бастауыш мектеп ашып, мұғалімі де болды. Арық, өткел жасаған кісі екен. Сондықтан да Есіл бойында Құлым өткелі деген жер атауы сақталынған. 1920-1922 жылдары Атбасар уезіне қарасты Тасөткел болыстық ревком төрағасының орынбасары қызметін де атқарған. Голощекин басшылығы кезінде Қ. Жармұхамедов қудалауға ұшырайды, 1928-1929 жылдары мол салық салынып, одан мал-мүлкін сатып төлепті. Тәркілеуден қашып, Ұлытау, Қызылордаға келеді. Мұнда да тыныштық көрмеген ол 1930 жылы Ташкентке келіп бой тасалайды. Осында үлкен ұлы Шәмел қайтыс болады. Құлмұхамед өзінің білім алған Башқұрстанның еліне қоныс аударып, Тоймазы қаласына орнығады. Осында өмірге келген ұлының атын Тоқтамыс деп қойыпты. Оны саудагерлікпен айналысады деп Сібірге айдап жібереді. Мерзімі бітіп Әулиеатаға келіп тұрады. Кейіннен Шыршықта мектепте мұғалім болып орналасып, айналасына әр-жерге шашырап жүрген туыстарын жинапты. Осында бау-бақша өсіріп, Табақсайда бидің дәрежесінде ақсақал болыпты. Құлмұхамед Жармұхамедұлы қазақ әдебиеті туралы Қазақстан ҒА конференцияға қатысып, сөз сөйлейді. Ол 1957 жылы Ташкент қаласында өткен Азия, Африка жазушыларының конференциясына барған Қазақстан жазушылар делегациясына құрметте көрсетіпті. Оның терең білімді білікті кісі екенін таныған Мұхтар Әуезов, Салық Зимановтар Қазақстанға келіп, жұмыс істеуді ұсынған. Көрнекті қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Құлекең 1969 жылы Өзбекстан жерінде дүниеден озады. Артында Қалима, Нәфиса, Раушан, Мақсұт, Серікбай, Махмұд, Жанатай атты балалары қалды. Мақсұт әке жолымен жүріп ұстаздықтан зейнеткерлікке шыққан. Серікбай, Мақсұтта Алматы қаласында тұрады, өскен-өнген жандар. Серікбай Жармұхамедов (Серік) кинорежиссер болып қызмет атқарды. Жармұхамедұлы Әбілда (Абдолла) 1912 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесінен Омбы мұғалімдер семинариясына ауысып, оқып, аталған оқу орнынан 1916 жылы бітіріп, Ақмола облысының Атбасар уезінде оқу орындарында инспектор болып қызмет атқарады. 1917-1918 жылдары большевиктер партиясына өтеді. 1922 жыл шамасында «Қазақ қызы» атты шығармада жазыпты. Ол 1922 жылы науқастанып, 26 жасында өмірден өткен. ЖАРМҰХАМЕДҰЛЫ СҰЛТАН Сұлтан Жармұхамедұлы 1905 жылы Есіл ауданының №1 ауылында туған. Жасында ауыл молдасынан 1918 жылы «Ғалия» медресесінің шәкіртінің алдын көреді. 1920 жылы орыс мектебінде оқыған. 1923 жылы Ақмолада сауда техникумында жақсы оқыған. Ұстаздарының өтініші бойынша ел ішінде аңыз-әңгімелер, ата-тек шежіресі оның ішінде Тіней аталығының шежіресін жинаған. Каникульдан келген Сұлтанды ұстаздарымен басқалар жылы қабақ танытбай, оқудан шығарды. 1928 жылы Сыр бойына келіп Қызылорда қаласындағы Абай атындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болады. Мұнда да өзіне деген салқындықты сезіп, Өзбекстанға барады. Ташкенттегі педагогтік институтында оқиды. Ленинград майданында соғысып, 1947 жылы әскерден босап келеді. Неміс тұтқынында болғаны тағы алдынан шығып басқа ауылға бой тасалай тұрады. Сонымен Қаратас ауданындағы «Крупская» жеті жылдық мектепте 1951-1966 жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысында ұстаз болып, 1966 жылы зейнеткерлікке шыққан. 1993 жылы өмірден өтті. Артында ұрпақтары мен жазған ай атаулары және шежірелері қалды. Көкірегі ояу, көреген қазақ қарияларының бірі болған Сұлтекең атақты Оразай ишан-немересі. * * * Ахмет ишанның бір баласы Мұртаза да қоғамдық істердің бел ортасында жүргені, қазақ оқығандарының бірі екені айтылады. Ал, одан туған Файзолла Оразаев қазақ әдебиетін зерттеушілердің бірі, филология ғылымдарының докторы. Бірнеше зерттеу кітаптарының авторы. Жеке ашылған институт ректоры. Файзолладан – Шоқан туып, Оразаевтар әулетін жалғастырушылардың бірі. Өскен, өнген Оразаевтардың бұрынғы және бүгінгі ұрпақтары еліміздің өркендеп дамуына, ғылым, білім саласының айтарлықтай үлес қосып келе жатқан азаматтар.

1691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз