• Еркін ой мінбері
  • 01 Наурыз, 2013

Көзбояуы жоқ көріністер

Қуандық Түменбай, жазушы

Өткен ғасырдың 90-жылдары жақын жездем баукеспе біреумен құда болды. Бұл «Әй дер ажа, қой дер қожаның» жоқ кезі, ұрлыққа дем беруші демеушілердің көрігі қызып тұрған шақ. Сол көріктің қызуы әлі де басылған жоқ, көрік басқандар балбұл жайнап, қолбала «темірді» астаудағы мұздай суға тастай салғанда быж етіп буы аспанға атқылауда. Жанайқайға құлақ салар жан жоқ. Жаңа құданың ірілігі де бар еді. Ол тек ірі қараға ғана қол былғайтын, аша тұяққа әуре болмайтын. Жездемді «ұрымен құда бопсың ғой» деп құттықтасам, көңілі кең дария, Алатаудай асқақ, Қаратаудай қайырымды. – Құдайдың бергені де. Жас ет жейтін болдық, – дейді жұтынып. Бірақ, құдасының құрығы қысқа болды. Ұзамай істі боп кетті. Соттан кейін де жездем құдасына деген ризалығын айтып тауысар емес. – Аз да болса ауыз тиіп қалдық, – дейді сәл мұңайып. Ол құдасының қайтып келетініне сенімді. Артында із қалмаған кәсіп – кәсіп пе? Кәнігі қол кәсібінен айнымасы анық. Бірақ, құдасынан қалған еркек кіндіктер атамекенін тастап көшіп кетті. Жас ұрпақ жаңаша сөз естігісі келетіндей. *** Үлкен Алматы өзенінің басталар тұсында көпірмен жалғасқан баспалдақ бар. Тәт-тәй басқан бүлдіршінді биікке қарай бірінші рет қолтықтан демеген атасы мен әжесінің екі езуі екі құлағында. – Бір, екі, үш, – дейді атасы ана тілінде. – Раз, два, три, – деп әжесі ұлтаралық тілде (негізі, ұлтаралық тіл деген жоқ нәрсе) санайды. – Оның қажеті не?! – деп атасы қабағын түйіп еді, әжесі жалт қарап, бастырмалатып кетті. – Уан, фри, фаил, – деп ағылшынша айтып, сәбиді сүйрелеп, баспалдақпен биікке өрмелей түсті. Атасы тәй-тәй басқан немересінің әуелі табанына, сосын қабағына қарады. Бүдір-бүдір табанында топырақтан қылау жоқ, ыржиған езуде биікке тырмыса берсем деген ынта бар. Бүлдіршін әжесінің қолынан тартқылап бірте-бірте биіктеп барады. «Әйел дегеніміз – әйел» дейді Чехов. «Күштінің арты диірмен тартады» деп, су жағалаған қазақ айтқанын істете алмай, әйеліне шүйіле қарап тұр. Баспалдақпен жалғасқан аспалы көпірге бүлдіршін қай тілде сөйлеп жетер екен? Тас көпір түксиіп тұр. Сәби шаршап қалмаса екен. *** Немерем жапон нағашылары беріп жіберген мультфильмді тамашалап отыр. Бір кезде өзіндей бүлдіршіндер топтала әндетіп тұрып тістерін тазалап еді, ол да тіс тазалағышын алып, көргенін істеуге кірісті. Өзі көңілді-ақ, ыңылдап жүріп, отыз екі ақ маржанды ағартып тастады. Бала көргенін істейді. «Тісіңді жушы-ей, аузың мүңгіп тұр» деген сөзді ауылда естіп өстік. Мультфильмнің тәрбиелік мәніне көңіл бөлсек... Бізде Қобыланды мен Ер Тарғын туралы мультфильмдер бар. Шетімізден батыр боп өссек те, «тазалық – денсаулық кепілі» екеніне бала күннен баулыған жөн. *** «Қазақфильм» шағын ауданына кіреберістегі ұзыннан-ұзақ созылған тас қоршаудың маңдайшасына «Автомойка» деп тап-тұйнақтай етіп жазып қойып, жіңішке ішекпен су бүркіп, мәшине біткенді малшындырып жатыр. Әлгі жазудың дәл астында қиқы-жиқы әріптерден түзілген «Өлік жуу» деген қазақша сөз тұр. Сірә, ұқыпсыздықтан сөйлемнің алғашқы әрпі түсіп қалса керек, бізден бөлек оны көрер көз де жоқ. Алматыда көлікті баптап, бипаздап жолға шығарады. Мұсылман баласы өлікті құрметтеп, суға төндіріп аттандырады. Алматыда көлік пен өлік бір жерде жуылғаны ма? Кириллица харпін үйреніп жүрген шеттен келгендердің кейбіреуі жарнама бойынша алысқа аттанар мәйітті мұнда әкелуі де кәдік қой. Екі сөздің айырмасына араша түсер біреу бар ма екен? *** №10 Астана-Алматы жүрдек пойызы жүйткіп келеді. Шу бекетіне кеп тоқтауға сәл қалды. Вагонның шығар есігінің маңдайшасындағы жүгіртпе жолдар зырлай жөнелді: «Құрметті жолаушылар! Вагонда қолданыста? сіздерге қызмет көрсетіледі (сөз қиылысып тұрған жоқ). 10 вагон арасында ресторанда ыстық бар, сұрасаңыз видео бар, т.б. қызмет түрлері бар». Әрине, бұның бәрі орысша. Қазақша сөз: «Құрметті жолаушылар!» деп жалт етті де жоқ болды. Орысша білмейтін жолаушыға құрмет көрсетілмейді. Жолаушы – мүсәпір. «Жол анасы – жүру» деп, қазақ тағы да үнсіз. Үлкен аудиториядағы үнсіздік – қазақтың үйренген дағдысы. Қазақ темір жолының бойындағы мүсәпірлікке не дерсің. Жарнама бойынша видеокассета сатып алғандар мәз-мәйрам. «Уважаемые пассажиры!» деп басталған жарнама сөзді қазақтың кең даласы ұйып тыңдауда. Бұрын Мәскеуге асығушы ек. Ендігі арман – Астана. *** Алматыда қазақша жарнаманың аясы кеңімей-ақ қойды. 56-шы автобустың белдеуінде: «Небәрі 7 күнде қолтығыңыз теп-тегіс «DOVE» деп жазылыпты. Қолтық – дене мүшесінің қытығыңызды келтірер ең нәзік жері. Оған жағатын иіссудың халықтың көзіне бірден түсетін көрнекі жерге жазылғанын қарашы. 30 теңгеге қымбаттаған автобустың жолақысынан жүйкесі жіңішкерген жолаушы бұған не дер екен? Біз жартылай қазақша сөздің автобустың белдеуінде бадырайып тұрғанына мәзбіз. *** Шымкенттен Арысқа қарай шыға берістегі күре жолда көзге көрнекті етіп жазылған жарнама тұр. «Айналайын, қоқыс тастама!». Жарнама жалынып тұрғандай. Адамдар айдаладағы насихатқа күлімсіреп қарап өтіп жатыр. Адам санасы жарнамамен санаспайды. Ол өз білгенін істейді. «Бала көргенін істейді». Халық та бала секілді. Оған жат көріністерді көрсетпеу керек. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» десек, насихаттың күші әлсіз. *** Қапшағайдағы «Джаса» (сірә, көп жаса деген уәж болса керек), демалыс аймағына келдік. Қайда қарасаң да қоқыстан көз сүрінеді, тек теңіздің беті ғана жылтырап жатыр. Жексенбі бітіп, дүйсенбі келді. Екі демалыс күні қаладан келгендер қайтқасын қоқыс дегенің төбе-төбе боп үйіліп қалды. – «Доживем до понедельника». Енді, айналаны неге тазартпайсыңдар, – деймін директор – күрд нәсілдес жігітке. – Су бар ғой, – дейді жылтыраған теңіздің бетіне жымия қараған ол. Су көзі бәрін көріп жатыр. Ол да өкпелегендей шегіне-шегіне жағалаудан алыстап кеткен. Су-Ана адамдарды мәпелегенде кіршіксіз тазалық болса, дейді. Бұл жерде алақан, ақша және қалта үштағаны жұмыс істейді екен. Адамдар таза демалсын деген ниет көрмедім. «Джаса» – көп жасауды мегзеп қойылған атау дейді күрд жігіті. Мынадай келеңсіздік пен күйініштен сенбі, жексенбіде екі күн өмірің қысқармасына кім кепіл. Қазақ берген ақшаны күрд қалтаға салып, екі күн ішістен басы сынып тұрған қонағын арқадан қағып, қоштасып қалып жатыр. Қонаев жоқтан бар жасаған қайран Қапшағай! Қазақ демалсын деп, Мәскеуді әрең көндіріп, жобасын бекіттірген үлкен су. Бұл жерде адам демалсын деген ниет жоқ. Бұл жердің ниеті – ақша. *** КСРО тарағанда «баран» деген сөзге аз да болса тыйым болып еді. 20 жыл тәуелсіз өмір сүріп, сол сөзді қайта ести бастадық. Ай мүйізді ақ серке­дей болған отандастарымыз отарды бастап келе жатып осылай деп ышқына сөйлейтін болыпты. Қапшағайда демалып жатыр едім, «Бүгін барандар келмеді, кеше екі күн де­малыста маңырап басымызды ауыртып еді» деп, екі орыс әйелі жарысып, бір-біріне сөз берер емес. Айналама қарасам ешкім жоқ – суға түсіп жүрген тек қазақтар. 91-жылы тыйым салынып, тілін тістеп қалған жұрттың аузында май боп еритін де – өзіміз. Жайылып жастық болған сайын сен оларға – «барансың». Қазақтың Еділбай қойын ұлттық бренд қып аламыз деп жүргенде, теңіз жағалап жүргендердің саған қарап баран дегеніне қалай тыйым саламыз? Армян мен грузиннің, өзбектің қасында болған Мәскеудегі күндерімді аңсаймын. Жатжұртта жүрсе де олар жер бетінде жалғыз өздері сияқты. Біз кең жерімізде айналамызға жалтақ-жалтақ қарап, боқ домалатқан қара қоңызбыз. Қашан өз жеріне өзі ие қара қазақ болар екенбіз? *** Теледидарда сол «Тамаша» тектес әзіл-оспақ. Сол баяғы сатира теориясына бағынбайтын өзімізді-өзіміз әжуалау. Профессор: ««Менің атым Қожаның» авторы кім?» – дейді. Студент, (студентке ұқсайтын актерді таңдау керек еді) әрине, білмейді. Арадағы ассистент секілді біреу: «Профессорда осындай да сұрақ бола ма екен? «Менің атым Қожаны» жазған Бердібек Соқпақбаев екенін балабақшаның баласы да біледі», – дейді. Студент қомданып, «Иә, «Менің атым Қожаны» Бердібек Соқпақбаев балабақшада жүріп жазған», – дейді. Профессор: «Біз бұны білмеуші едік», – дейді таңқалып. Жұрт қыран-топан. Тек бірді-екілі аза­маттар ғана әдебиетті өнер иелерінің қор қылғанына томсырая қарайды. Бұл – сатира емес. Бұл не өзі?! Осындай көріністерге кім тыйым салар екен? Әдебиет – жеңіл күлкінің құралы емес. Бұлар түбі «Өлгендер қайтып келмейді»-ні де күлкінің құралы етер. *** Социализм кезеңінде бір отырыста нән кесе толы араққа нан турап жеген кісіні көрдім. Ішімдік ішкен адамдай ашырқанған жоқ, төзімді екен. Жұрт таң қалып, ризалықпен қол соққандар да болды. Сол кісі асқазанның айықпас кеселінен кетті. Шығарып салғанда отырыстағы әркімді таңғалдырған сол әрекетін ойлап тұрдым. Арақ – дерт боп кетті. Нан – кие боп қалды. *** «Қазақфильм» шағын ауданына, жалпы, қаланың біраз жеріне ағылшын мен қазақ тілдерінен жеделдетілген курстар жүргіземін деп жарнама ілініпті. Ағылшын тілі алда да, қазақ тілі – қосшы екені көзге көрініп тұр. Ортасындағы орыс тілін неге жазбайды? Үш тұғырдың біреуі қайда? Бұл – ағымдағы арыны қатты тіл ғой, әдейі айтпай отыр. «Балалар үшін 5 жастан басталады» дейді қабырғаға жабысқан жарнама. «Жапон баласына 12 жасқа дейін өзге тілді естіртпейді екен» деген мысалды айта-айта олардан да ұят болды. Біз үшін үйренуі қиын тіл – осы екі тіл болып тұр. Жарнаманың ең соңына қара әріптермен «Каникулды Англия мен Канадада өткіземіз» деп жазылыпты. Сәби санасын саяхатпен арбау да бадырайып көрініп тұр. Бұл – көшпенділерді саяхатпен алдауға болады дегені ме екен? *** КТК телеарнасының жарнамасы бүгін, тіпті, ерекше. – «Алматы – махаббатым менің» бағдарламасына әйгілі Валерий Меладзе келіп, Олимпиада шыңында ән шырқайды. Өнер шыңы біздің Алматыда, – дейді. Осы күндері «Алматы түнін» сызылта шырқап, бар қазақтың жүрегін жаулаған «Дос-Мұқасан» қырыққа толып жатыр. Неге «Алматы – махаббатым менің»-нің қонағы болмасқа? «Дос-Мұқасан»-ның тілі қазақша, «Алматы – махаббатым менің»-нің тілі орысша. «Ұлтаралық» тілдегі әншілер олар үшін қашан да ұтымды. «Дос-Мұқасан» онсыз да махаббат әуенін әуелете береді. Алматы Меладзелерді күте берсін. Қазақ «Дос-Мұқасан»-ды күтеді. *** Алматыда, Жароков көшесінің бойында, «Автомойка» деп бадырайтып жазған жазудың астында «Өлік жуу» деген суық сөз тұр. Орыс тілінің аудармасы қазақтың салт-дәстүрін жарнамалауға жарап қалғаны-ау деп жағамызды ұстадық. Қалада өскен мәңгүрт қартайып өлген әкесін осы жерге әкеп суға төндіріп жүрмесе неғылсын... *** «Әл-Фараби бейнеленген 200 теңгелікті қыркүйекке дейін банкке өткізіңіздер, 1 қыркүйектен кейін қабылданбайды» деп, «Алматы» телеарнасынан білгілі банк қызметкері көрерменге ұрсып сөйлеп отыр. Сосын, алған ақшаны қалайша залалсыздандыратынын көрсетті. Көз алдымызда Әл-Фарабидің сәлделі бейнесі қиқым-сиқым боп үгітіліп, қара жерге көміліп жатты. Өлінің қадірін білмеген қайран заман-ай! Әл-Фараби ақшадан кеткенмен біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жалпы, ақша мен Әл-Фарабидің арасы араз. Теңгеде арбиған бес саусақ тұра бер­сін. Тірлікте Әл-Фарабиді кітаптан көре­міз. *** Астанада Олимпиада толағайларын Елбасы марапаттау салтанатында Марина Вольнова суырылып шығып, мінбеде жалғыз өзі бастан-аяқ қазақша сөйлеп, бәрін таң қалдырды. Ол Лондонда намысын жыртып келген елдің мемлекеттік тілінің Астанада да намысын жыртып, өз арамызда мерейін көтерді. «Ұруын ұрдық қой, жеткен жеріміз осы болды» деген даусын қалай ұмытарсың. Сол сәт зал ду қол шапалақтап, ысқырып, адам түсінбес әулекі дыбыстар естілді. Марина – Сыр перзенті. Біз 70-жылдары Алматыда қазақша сөйлесек, қатарларымыз «деревня» деп кемсітетін. Қызылорданың Қазалы ауданынан шыққан «деревня» қызы қазақтың намысын жұдырығымен де, қызыл тілімен де қорғап жүр. Қала мен деревняның арасындағы айырманы ғылыми коммунизмнен оқып, санамызға сіңіре алмап едік. Ел мәртебесі үшін «деревняда» өскендер дұрыс-ау деймін. P.S. Оның сөзін берген «Алаш айнасы» газеті: «Осы сөзді М.Вольнова еш мүдірмей таза қазақ тілінде айтты» деп қарамен теріп, жақшаға алып қойыпты. *** Осындай тағы бір оқиға. Социализм кезеңінде моншада кездескен дос-жаран­дар тұлабойыңды тінте қарап, Шығыс жігіттері сүндеттелген Сыр жігітін көріп, «Отсталый жерденсіңдер ғой» деп көңілдері толмайтын. Солар мұсылман болмаған күйі зейнетке шықты. Бірақ, немерелерін сүндеттеп, ат шаптырып, той қылуда алдарына жан салар емес. «Отсталый»-лықтың тәуелсіздік зама­нында алға шыққанына қуанамын. Мұсылман мен христианның егесуі онсыз да елдің шырқын кетіруде... *** Жаңарқа төрінде Ақселеу Сейдімбектің 70 жылдығы аталып өтті. Келесі күні (25.08.2012) «Қазақстан» телеарнасының жаңалықтар бағдарламасы той туралы тебірене айтып жатыр. «Ақиық ақын» дейді Ақселеуді. Төменгі титрде «Белгілі ғалымның тойы» деген жазу тұр. Екеуі де Ақселеуге тән сөз емес. Ақсе­леу­дің ақын еместігі әмбеге аян, «белгілі ғалым» деген бір ауыз сөз де болмысын ашып тұрған жоқ. Тележурналистердің саяздығына таң қаласың. «Күләш Ахметоваға 100 жыл» деп те жариялай салады. Ақын Күләш алпыстан енді асты. Теледидардан жылт етіп бір көрініп қалатын сол жердің журналистері бала-шағаның алдында қымсынбай ма екен?! *** 1қыркүйек – Өзбекстан тәуелсіздігінің 21-жылдығы. Мәскеудің «Мир» телеарнасы таңнан кешке дейін Ташкенттен хабар берді. Өзбекше ән-күй, өмір көріністері, Ташкент стадионынан репортаж. Бізде де болды 20 жылдық. Халықтар достығы Ассамблеясы дегеннің мерекелік жиналысынан көрсетілім көрсетілді, екі адам орысша сөйледі: бірі – орыс, бірі – жөйт, олар Қазақстандай жер жоқ екенін айтып, тамсанды. Әрине, өзін өзекке теуіп, өзгеге құшағын ашқан жерді басқалар жұмақ демегенде не десін. Біз қашан өзбектей болар екенбіз?! *** «Қазақфильм» шағын ауданында «Языковый центр «Дарын» деген тақы­рыппен үй қабырғасына жарнама-хабар­ландыру ілініпті. Бұл хабарландыру бойын­ша қазақ, түрік, араб, қытай, орыс және балалар мен оқушылар, студенттер үшін ағылшын тілі оқытылады екен. Қай елдің қабырғасында осындай жарнама жарқырап тұрады? Өз тілімізді өзекке теуіп жатқанда ұлтымыздың мәртебесіне жасалған шабуыл емес пе бұл? «Қызға қырық үйден тыйым» деуші еді. Бір жиналысты бастан-аяқ өз тілімізде өткізе алмай жүргенде осындайға бізде кім тыйым салар екен? Жарнама жақсы істерге қызмет етпей ме? *** 9 қазан пошта күні, яғни, баспасөзге жазылушылар күні. Алматының Бас пош­тасында кіріспесі қазақша басталып, бастан-аяқ орысша жүргізілген жиында «жазылушыларды жазушылар» деп, біздің мерейімізді бір көтеріп тастады. Әйтеуір қазақша сөздің жазу мен жазылуды жобалағанына тік тұрып риза болдық. Басылымның көбісі қазақша. Осындайда мемлекеттік тіл неге мәрте­бесін көрсетпейді? Жазылушылар да тек орысша жазылып жүрмесе неғылсын. *** Көшенің қақ ортасына шығып ап, жүйткіген мәшинеге қол көтерген сидам қазақ қызына бір жүргізуші тоқтай қап боқтық сөзді боратты. – Сен өлсең, мен сотталамын. Неге шетте тұрып қол көтермейсің?! – Не ваше дело... Ақырзаманда Адам темірден қорықпай­ды екен дегенді естуші ек. Автоқақтығыстың қақ ортасында Адам жүр. Адам санасы өскен сайын ештеңеден қорықпайтын, өжет болады-ау деймін. Ел шетіне жау тисе олар 41-жылғыдай өжеттік көрсете алар ма екен? *** Қыркүйектің 14-інде (2012) Көктөбелде өткен «Волошинский сентябрь» атты Халықаралық ғылыми-шығармашылық симпозиумға қатысушылар Украина президенті мен министрлер кабинетіне, халық депутаттарына, саяси және қоғам қайраткерлеріне арнап Үндеу қабылдады. Қол қойғандардың арасында Нью-Йоркте тұратын Бақыт Кенжеев деген қазақ жүр. Үндеуде Украинадағы орыс тіліне төн­ген хауіп мынадай жолдармен айтылады: «Язык Булгакова, Ахматовой, Гоголя и са­мого Волошина, память о кото­ром со­бра­ла нас в Коктобеле, не может счи­таться иностранным на Украине...». Бізде орыс тіліне төнген мұндай хауіп жоқ. Біздегі қара бұлт – қазақ тілінің төбе­сінде. Сонан болар, «Анамның тілі – қуатым менің» деп әндеткенмен жиналыстарда қазақша сөйлей алмай жүргеніміз.

541 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз