• Ұлттану
  • 30 Қазан, 2021

АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ӨНЕГЕЛІ ӨЛШЕМІ

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы

Кезінде Абылай бабамыз «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік. Ал білімге сенер ертеңгі жағдайымыз қалай болар екен» деп алаңдаушылық білдіріпті әрі бұл орынды еді. Себебі, дүниенің кілті – білімде. Сондықтан хакім Абай жастарды білім алуға үндеді. «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз. Дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл бөлсеңіз», «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деп халқына ақыл берді. Абайдың өзі болса – ғылым жолымен ізгілікке жеткен адам. Абайша, толық адам – ғылымды игерген адам.  Өз кезегінде Ыбырай Алтынсарин: «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық» деп, жеткіншектерді ғылым-білім үйренуге шақырады. Ал көрнекті Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі», дейді.

 

Сондай-ақ, бүгінде әлемнің ең дәулетті адамдарының алдыңғы легінде тұрған компьютерлік ғұлама Билл Гейтстің «Білім – басқара білудің басты құралы» дегені бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оның жәннатқа бару жолын жеңілдетеді» деп жазылған. Қасиетті Құран Кәрімнің 779 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Бұл, Ислам діні – жай ғана қарапайым дін емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге негізделген дін екенін толық айғақтайды.

Жалпылай алғанда, таным – тарихтың тілі. Тіл шешілсе, діл шешіледі, діл шешілсе, дүние дидары жүрегін ашады. Осы ретте, біз шала халықтың емес, дана халықтың ұрпағымыз деп толық айта аламыз. Мәселен, ғылыми дамуды зерттеуші, американдық актриса Джой Линн Уайттың айтуынша, үзеңгінің (ат әбзелдерінің бірі) – өз кезінде адамзаттың тағдырына автокөлік немесе ұшақ шығарған техникалық революциямен бірдей ықпал еткен жаңалық болғаны рас еді. Мұның сыртында дархан дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Олардың әрқайсысы әлемдік өркениет дамуына өзіндік үлесін қосты. Ұрпақ сабақтастығы да жалғасып келеді. 2013 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасындағы Еуродақтың елшісі Аурелия БУШЕЗ бұл жөнінде отандық баспасөз құралдарының бірінде былай деп атап өтті: «Меніңше, қазіргі заман тек білімнен басталады. Бұл жерде осы саладағы жетістіктері үшін Қазақстанды мақтауға рұқсат етіңіз. 2009 жылы Қазақстан іс жүзінде жалпыға бірдей бастауыш білімге, ересектердің сауаттылығының жоғары деңгейіне және толық гендерлік теңдікке қол жеткізуді қамтамасыз ету жолында тамаша нәтиже көрсетіп ЮНЕСКО ұйымының «Барлығына арналған білім» дамыту Индексінің бірінші орнын жеңіп алды. Президент Н. Назарбаев дайындаған «Болашақ» секілді керемет бағдарламасы жас қазақстандықтарға шетелдік жоғары оқу орындарына жол табуға мүмкіндік берді».

Дегенмен, бір нәрсе айқын. Уақыт керуеніне бөгет жоқ, уақытты меңгере алмаған адам жетістікке жете алмайды. Олай болса, бүгін ертең, ертең кеш болмас үшін тек алға ұмтылу керек. Ал білім – өркениет көшіне ілесудің сара жолы және білімді мамандары бар мемлекетте өмір сүрудің барлық жағдайы тұрақты әрі сапалы болады. Сондықтан Ата Заңымыз – Конституцияға «Зиялы қоғам құрамыз» деп жаздық. Зиялы қоғамды білімсіз, мәдениетсіз, ғылымсыз құра алмайтынымыз тағы белгілі. Осыған байланысты Президент Қ-Ж. Тоқаев ағымдағы жылғы 1-ші қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне айрықша көңіл аударды және де отандық білім беру жүйесінің үлкен міндеті адами капиталды дамыту арқылы Қазақстанның әлемдегі бәсекелестігін арттыру екендігін атап өтті.

Иә, білімнің дамуы – бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Білімді болсаң ғана сен тең сөйлесе аласың. Сонымен қатар, бұл ХХІ ғасырда кез келген елдің көзіне қарақ, көкірегіне шырақ болатын да, қоржынын қампайтып, қалтасын томпайтатын да тек қана білім. Әрине мұндай көрсеткішке сапалы білім алып, ғылымды өркендету арқылы жетуіміз мүмкін. Ranking.kz-тің дерегі бойынша әлемдік білім беру жүйесінің сапасы бойынша рейтингінде Қазақстан 93 елдің арасынан 62-ші орынға ие болып отыр. Біздің индекс 51 болды, ал бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, білім беру жүйесі де соғұрлым жақсы дамыған деп бағаланады. Айта кетуім керек, сапа индексі мемлекеттік білім беру сапасын, студенттердің ЖОО-да оқуға дайындығын, университетті қаржыландыру, әртүрлі әлемдік рейтингтердегі жоғары оқу орындарының деңгейін саралайды. Мүмкіндіктер индексі ересек адамдардың сауаттылық деңгейін, бітіру курстарын, бастауыш және орта мектептегі оқу үлгерімін, білім алуға мемлекеттік шығындардың үлесін және өзге де көптеген көрсеткіштерді зерттейді. Осы ретте, рейтингте білім беру саласындағы үздік елдер қатарын Ұлыбритания, АҚШ және Австралия бастап тұр. Ботсвана ең нашар көрсеткіштермен рейтингтің соңында қалды.

Сайып келгенде, мектептегі білім – еліміз дамуына себеп болатын іргетас деген түсінік қалыптасу қажет. Бұл білімді ұрпақ, тәлімді шәкірт, зерделі буын қалыптастырудың басты жолы. Сондықтан да бұрынғылар адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады деген. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі – ілім-білім жинап, қоғамға қызмет ету. Осындайда еске оралады. Қостанайда болғанымда Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайын аралап көрген едім. Сонда көзіме сөреге қойылған екі қызыл кірпіш түскенді. Оған «Ыбырай Алтынсарин мектебінің іргетас кірпіші, 1884ж. 2000 жылы Алтынсарин мектебінің түлегі, философия ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып табыс етті» деген анықтама беріліпті. Таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Нұрқанат Құлабайдың «Ыбырай қалаған бір кірпіш» атты мақаласынан 1968 жылы Кеңестік биліктің шешімімен ұлы ағартушы салған мектептің күл-талқан етіп бұзылғанын, кезінде бұл мектептің оншақты сыныбы, кітапханасы мен асханасы, оқу және жатын бөлмесі, тіпті өз ауруханасы, ол аурухананың ішінде тұмау тиген балаларды оқшаулайтын бір-екі төсегі бар арнайы инфекциялық бөлмесі болғанын білдім. Бұдан Тобыл жағалауындағы тұңғыш білім ордасын салу барысында Ыбырай Алтынсарин сынды озық ағартушы тұлғаның заманауи мектепке керектің бәрін жан-жақты қамтығанын толық аңғаруға болады.

Қазақтың талай қара домалақ баласын жылы қарсы алып, білім мен тәлім беріп, қанатын қатайтып, үлкен азамат боласың деген үмітке мінгізіп үлкен өмірге ұшырған осынау ыстық ұядан ғибрат алып, ендігі жерде ел мүддесіне сай келетін игі шараларды жүзеге асырған жөн. Бұл кездейсоқ емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мектептердегі орын тапшылығы мәселесін көтерді. Осыған қатысты шұғыл шара қабылданбаса, 2025 жылға қарай бір миллион оқушы орын таппай қалуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде 225 мың балаға орын жетпейді. Олар үш ауысымды мектептерде білім алып жүр. Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде республика көлемінде бас-аяғы 137 үш ауысымды мектеп бар. Соның әрқайсысында қаншама жүздеген, кейбірінде тіпті мыңдаған бала лайықты, ыңғайлы деңгейде білім ала алмай отыр. Осыған орай, Президент өз Жолдауында: «Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн», – деді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аталмыш тапсырманы орындаудың 4 тетігі барын мәлімдеп отыр. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында: «Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен бір млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін бір мың жаңа мектеп салынады. Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп төрт тетік пайдаланылады. Атап айтар болсақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу тетігі», деп бізге түсіндірді. Министрдің айтуынша, модульдік конструкциялардан мектептер салу, яғни тез салынатын ғимараттар негізінен ауылдық жерлерде салынатын болады. Қажеттілікке қатысты жасалған талдауға сәйкес республика бойын­ша 200 модульдік мектеп салыну керек. Жалпы алғанда, модульдік мектептердің мынадай артықшылықтары бар: біріншіден, құрылыс монтаждық жұмыстар мерзімі аз (үш есе жылдам); екіншіден, модульдік құрылыстың сипаттамалары мектептердің жобалық қуатын ең қысқа мерзімде ұлғайтуға немесе азайтуға мүмкіндік береді; үшіншіден, үлгілік жобалармен салыстырғанда модуль­дік мектептердің неғұрлым төмен (20-40 пайызға) құны; ауылды жабу кезінде мектепті перспективалы өңірлерге көшіру мүмкіндігі бар.

Жалпы, 2025 жылға қарай апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі жоғарыда айтылғандай түпкілікті 1000 жаңа мектеп салу арқылы шешілуі тиіс. Мұның сыртында шағын қалаларда, облыс орталықтары мен ауылдарда 5000 мектепті жаңарту жоспарлануда. Алайда ақпарат көздері хабарлағандай, «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары халықпен кездесу аясында білім беру нысандарының құрылысымен танысып, алаңдаушылықтарын білдіріпті. Нақтырақ айтқанда олар былай дейді: «Біріншіден, жобаланған және салынған мектептер мен тұрғындардың нақты қажеттіліктері арасындағы сәйкессіздікке көз жеткіздік. Әлбетте, халық өте тығыз қоныстанған ауданда демографиялық өсудің болжамды көрсеткіштеріне сәйкес жаңа типтік жобалар бойынша тұрғындары көп мектептерді салу уақыты келді. Екіншіден, Білім және ғылым министрінің ауылдық жерлерде шағын модульдік мектептердің құрылысын жариялағаны белгілі. Мұндай типтегі ғимараттарды, қажет болған жағдайда, бөлшектеуге, жылжытуға және мақсатына сай пайдалануға болады. Алайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету немесе аймақтардың күрт континенттік климаттық жағдайларға бейімделуі туралы ақпарат жоқ». Сондай-ақ, олардың тарапынан жаңа нысандардың құрылысы кезінде жаңа мазмұндағы білім беру процестерінің талаптарына сәйкес келмейтін мүлдем ескі стандартты жобалар мен ережелер қолданылатыны, оқушылардың функ­цио­налдық сауаттылығын дамыту мүм­кіндігінің және қосымша білім беру жұмысын ұйымдастырудың болмауы тұрғы­сында сындар айтылды. Ендігі жерде бұл сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарылып жатса игі.

Жолдауда атап көрсетілгендей, «тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені, білім алуды қажет деп санамайтын болды». Шынтуайтында, талантқа кенде емеспіз. Тек олардың ерекше қабілетін ұштайтын, қолтығынан демейтін, ашылуына көмектесетін абзал жан алдынан шығуы керек. Бір ғана мысал. Бүкіләлемдік тартылыс күші заңдылығын ашқан әйгілі Исаак Ньютонды әкесі тым бала кезінде «ақылсыз, топас» деп үйінен қуып жіберген екен. Далада қаңғып қалған Ньютон ұстазға жолығады. Физик аспаннан түскен алманы қағып алып жегенді ғана білетін адамдарға оның жерге түсу сырын ғұламаға кезіккеннің арқасында түсіндіріп бере алды. Дарынды шәкірт пен сұңғыла ұстаздың жолы тоғыспағанда Ньютон бары да, жоғы да белгісіз, із қалдырмай өтетін адамдар қатарында жер бетінен үн-түнсіз кетуі ғажап емес қой.  

Әрине, ұстаздың да ұстазы бар. «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады», – дейтін шығыс ғұламасының тұжырымын да қаперге алған жөн. Демек, мұғалімдердің білімі мен біліктілігін көтеру – тұрақты түрде өте өзекті мәселе болып қала беретіні анық. Осы бағытта ілкімді ізденістер де жоқ емес. Бұл жөнінде Президенттің Жолдауында: «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар өзінің жемісін беріп те жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз, осы орайда дарынды балалар мен олардың мұғалімдерін қолдау және ынталандыру көзделіп отыр» деп нақты айтылды. Мұнан бөлек білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажеттілігін ескере отырып, мұғалімдерді қазіргі кездегідей бес жылда емес, үш жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу көзделуде. Себебі олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Сондықтан Мағжан Жұмабайұлының: «Мектептің екі қаруы бар. Мұғалім және жақсы оқулық» дегені мүлдем бекер емес. Оқулық демекші, жақында ғана дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер (100 жаңа оқулық) қазақ тіліне аударылды. Соның арқасында қоғамдық сана үшін маңызды бірқатар гуманитарлық білім саласының мазмұны түбегейлі жаңартылды. Сондай-ақ, қазақ тілінде әлі дами қоймаған экономика, микро және макроэкономика, статистика, менеджмент және маркетинг, қаржылық сауаттылық, ағылшын заңы, сандық және сапалық зерттеу әдістері, медиа этика, интернет психологиясы, театр өнері, этика мен эстетика, антропология секілді мүлде жаңа салалар ашылды.

Түптеп келгенде Жолдау белгілеген іс-шаралардың бір ғана мақсаты бар, ол – жастарымыздың елге тірек, қоғамға тұтқа болатын мықты тұлға болып өсуіне, білікті маман болуына жағдай жасау. Қарап отырсақ, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің алған білімдері еңбек нарығына шыққанға дейін жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай 60-қа жуық мамандық әртүрлі салаларда жоғалып кетеді екен, сонымен бірге 180 жаңа мамандық пайда болады. Алдағы 5 жылда жұмысқа қажетті білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретіні айтылған. Осы ретте Президент құзырлы министрлікті оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеуге міндеттеп отыр. Сонымен қатар, балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Әрине, мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік, біліктілік, білім қажет. Бұл зор шеберлікті, үлкен өнерді қажет етері анық. Сондықтан Жолдауда: «Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85% – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім 100% тегін берілуі керек» делінген. Өте маңызды шешім деп білемін. Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиевтің мәлімдеуінше: «Қазір құрылыс секторында шамамен 242 мың адам жетіспейді. Соның салдарынан Қазақстан жыл сайын 500 миллиард теңге жоғалтады. Өйткені, әр күнгі жұмыс күшінің жетіспеушілігі саланы шығынға батыра түседі. Қажетті еңбек ресурстарының болмауынан ел экономикасы жылына 1,5 триллион теңгені ала алмай отыр».

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда елі­міздегі ғылымды дамыту мәселесіне қатысты да нақты пікірін білдірді. Әсіресе Президенттің «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», дегені ғылым саласы қызметкерлерінің көңілдерін көтеріп тастағаны анық. Шынын айтсақ, академия бұрынғы статусынан айырылып қалған кезде онымен бірге отандық ғылым да тоқырауға ұшырады. Бағыныстағы ғылыми-зерттеу институттары да далада қалды. Университеттер болса, ғылыми-зерттеу институттарына дұрыс жөн сілтеп, жүйелі жұмыс жүргізуді білмеді. Соның кесірінен еліміздегі 100-ге жуық институттан бас-аяғы 7-8-і ғана қалды. Қоғамда ғылым мен ғалымға деген көзқарас өзгерді. Бұл жөнінде академик Төрегелді Шарманов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бұрын ғылым адамына деген құрмет ерекше болды. Санаулы академиктер атақты абыройына қарай емес, еңбегіне қарай алушы еді. Олардың беделіне біреулер қызықса, қайсы біреулер қатты қызғанатын. Қолдарына мүмкіндік тисе атақ біткеннің бәрін алып қалғысы келетіндер көп. Сөйтіп, өздерін ұлы ғалымдардың қатарына қосқысы келеді. Бірақ ғылым атақпен өлшенбейді. Керісінше, мұндайлар ғылыми дәреженің құнын түсіріп, сыйын әбден кетіреді», деп жазыпты.

Өз кезегінде, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында: «Ғылымды қажет ететін өнімнің үлесі және ІЖӨ-нің жалпы көлеміне шаққандағы ғылымға арналған шығыстар білімге негізделген экономиканың негізгі көрсеткіштері болып саналады. Экономикасы дамыған елдердің көпшілігінде зерттеулер мен әзірлемелерге нақты жұмсалатын ішкі шығындардың үлесі ІЖӨ-нің жалпы көлемінде шамамен 3,0% құрайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяда – 5%, Швецияда – 3,8%, Финляндияда – 3,5%, Жапонияда – 3,44%, АҚШ-та – 2,84% және Германияда – 2,54%. Бұдан әрі салыстыратын болсақ, Ресейде – 1,2%, Украинада, Әзербайжанда, Жаңа Зеландияда – 1,16%, Оңтүстік Африкада – 0,92%. Бұл ретте АҚШ-тың ғылымға жұмсайтын қаражаты әлемдік шығыстардың шамамен 40%-ын, яғни 511 миллиард долларын құрайды. Екінші орында – Қытай 451 миллиард. Ресей Федерациясы ондықты аяқтайды – 39 миллиард. Біздің елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің 1,0%-на жетуге тиіс, яғни 3-4 есеге өсуге тиіс (2018 жылы ғылымды қаржыландыру ең төменгі деңгейге құлдырап, ІЖӨ-нің 0,12%-на дейін төмендеген)», дейді.   

Президент те өз Жолдауында: «Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн» дей келе, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуге тиісті орындарға тапсырма жүктегенін айтады. Қ-Ж.Тоқаев бұл сөзді бекер айтып отырған жоқ. Орасан ой жатыр мұнда. Бүгінде елімізде іргелі ғылым жоқтың қасы. Оның түбіне жеткен үш жылдық грант. Неге? Себебі үш жылда жаңалық ашып, зерттеуді аяғына жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Мемлекет басшысы ірі жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан ғылыми-зерттеулер институттары үшін берілетін гранттардың мерзімін үш жылдан бес жылға ұзарту мәселесін шешуді тапсырып отыр. Жауапты органдардың ендігі міндеті – Президенттің берген тапсырмаларын жерде қалдырмай, уақтылы әрі жүйелі ұйымдастыру ғана. Отандық ғылымды осылай ғана алға бастыра аламыз.

«Жұқпайды екен айтқан сөз, ғылымы жоқ адамға,

Көкірегінде болса көз, жұғар сондай адамға,

Ондай адам қазақтан көп туса

                                             осы заманда,

Босар еді азаптан, қазақ шығып самалға» – деп кезінде Шәкәрім армандап еді. Ал қазір білім мен ғылымға ден қойып, білім беру мен ғылым саласының алдында тұрған кезек күттірмес міндеттерді шешуге белсене кіріскен тәуелсіз ел болдық. Ендеше ілгері күнге үміт артайық.

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

948 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №11

30 Қараша, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы