• Ұлттану
  • 30 Қараша, 2021

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АСТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ

Ата  Заң қоғамның, мемлекеттің басты байлығы – адамға мінсіз қызмет ету үшін өмірге келген. Оның адам өмірін қамтымайтын саласы жоқ. Демек, Ата Заңы мықты мемлекеттің болашағы жарқын, нұрлы, алмайтын асуы болмайды. Ләки, заңсыз мемлекет пен қоғамның ірге тасы әлсіз, ұлттың ғұмыры санаулы. Тағы бір ескеретін жай, құқықтық мәдениет деңгейі төмен қоғамда Конституциялық құқықтары да қауқарсыз, керексіз саналып, қоғамды ібіліс, әзәзіл, шайтандар жайлап, халқы соқпа дертті бастан өткереді. Ата Заң – біздің ұлттық құндылықтарымыздың, рухани кодымыздың, діліміздің берік қорғаны, негізгі кепілі және мемлекет дамуының тірегі. Әлемдік Конституциялар мен қазақ заңнамасының генеологиялық қатпарларын қаза зерттегенде аңғарарымыз, қоғамның өркениетті, мемлекеттің қуатты болуы – Заңның демократиялық, халықтық сипатына қатысты. Осылай десек те, қоғам мен мемлекеттің кемелденуін тек жазылған заңдар арқылы шыңға шығарамыз деу популистік, біржақты топшылауға да айналып кетуі заңды.

Жазушы Қуандық Түменбай: «Заңгер қауымға саяси сабақ жүйесінде Гогольдің «Ревизоры» мен «Өлі жандарын», Чеховтың «Хамелеонын», Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасын» оқыту керек дер едім» («Ана тілі», 13-19.06.2019 ж.), - дегенінде ұлағатты ой жатыр. Классик суреткерлер қоғамды ала тайдай бүлдіріп, сиырдай ластап жүрген жүгенсіз қылмыскерлер мен дәулеті шалқығандар арам жолмен байлығын еселеп арттырып, құнығып кеткен пейілдің ақыры орға жыққанын нақты өмірлік фактілер, детальдармен жеткізе суреттеп, қылмыстық процестік кодексіңізді философиялық астарымен оқырманды ізгілік пен зұлымдықтың салдарын көзбен оқып, жүрекпен сезінуге мүмкіндік жасаған. Көкірек көзі көреген, рухы биік жандар ғана жұлдызды жырақтағы болып жатқан саналуан әлеуметтік-қоғамдық құбылысты байқап, жүрегінен өткізе алады, қоғамды ірітіп-шірітіп жатқан ақиқатты интерпретациялап,заңға мұрнын шүйіре қарайтындардың аяғын аспаннан келтіретін құдіретіне бас идіреді. Чернышевский Салтыков-Щедриннің сатирасы жайлы: «Олардың (чиновниктердің) қоғамдық қылмыстарын бұдан аса ауыр тілмен жазып, біздің қоғам денесіндегі дерттерді бұдан артық рақымсыздықпен жарыққа салған жазушы болған емес», – деуі ел тұтқасын қолында ұстаған, халық қамын жейді дейтін чиновниктердің қоғамдық қылмысын ащы тілмен өлтіре сынап, қой терісін жамылған көкжалдардың кім екенін әшкерелеп, адам құқығын аяғымен таптағандардан жиіркендіреді. Добролюбов: «Жағымпаз жаршы да, даурыққан сыршыл да, тәтті тілді мақтағыш та қажет емес. Россияға шабытты, ызалы сатирик, ащы шыншыл сөздің тасқынын беретін ақын керек», – демекші, оған биліктің қас-қабағын бағып, жоқты бардай, барды құдай ұрғандай құйқылжытатын жағымпаз жыршы, бөспе сыршыл да, тәтті тілді сатқын мақтағыш та емес, дүниетану көкжиегі кең, данышпандығы зор ақындығы тамаша сыншылдықпен, берік, айқын көзқарасы өзара табысқан шабытты, ащы, «шыншыл сөздің тасқынын беретін» ақын керек. Демек, Белинскийше айтқанда, адам құқығын қастерлеп, қоғам заңына жасалынған қиянатты шыншыл сөздің тасқынын лақылдатқан ақын ғана «қоғамның қанды жараларын» емдеудің рецептін ұсынып, қиянаткердің қылмысына лайық жазасын сатира шоғымен шыжғыра, жетесіне жеткізе сыбағасын сыйламақ.

Адамның философиялық қөзқарасы адамгершілік мәселесіне тіреледі. Ұстаздық, тәрбиелік керегінің әлеуметтік түп мақсаты – жеке адамдарды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп, өзгертудің қамын жейді. Ғалым Тұрсынхан Зәкен ата-бабаларымыздың елдік мұратын толғайтын Күлтегін ескерткішіндегі тасқа қашап жазылған өсиетін негізгі Конституциялық құндылықтарға балайды. Елді көп қылу, кедей елді бай қылу, халқына ісін, күшін беру, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін,«күндіз отырмау, түнде ұйықтамау» басты ұстаны болса, оны қалай халықтың қамын жеген Заңға жатқызбайсыз... Өйткені, ол ұлы қағанның еліне орындауды міндет еткен құқықтық шешімі. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков: «Қытай елі Конфудзының ұстанымдарын мемлекеттік идеологияға айналдырып, ұлттың ұстазы дәрежесіне көтерген. Мемлекеттік қызмет те конфудзышылдыққа құрылған. Елдегі руханият та, патриотизм де, мәдениет те, тәртіп те осы Конфудзының идеялары арқылы өріледі. Қазақта қазір ұлт ұстазы жоқ. Біз біресе, орта ғасырдағы әл-Фарабиге, біресе Шыңғыс ханға жармасамыз. Біле білсек, Ұлттың Ұстазы сөз жүзінде емес, іс жүзінде Абай болғанда ғана қазақ ел болып қалады. Өйткені, қазаққа Абайдан жақын тұлға жоқ» («Ана тілі», 16-22.04.2020 ж.), – деп қазақтың Конфудзысына Абай ғана лайық екендігін еске салады. Өйткені, күллі саналы ғұмырын өзі өмір сүрген қоғамның зұлымдық, надандығымен кектене алысып, әлеуметтік тартыстың құралы етіп поэзияны, қара сөзді – қылпылдаған қандауыр ретінде ұстаған оташы-хирург саналды, қоғамдағы мінді жерін жеткізе ашып, соған өкім айтып, одан арылудың амал-тәсілдерін санамалап, көкірегінде көзі барға көрсетіп берді. Қымбат, толымды, салиқалы ойға поэзиясында рухани плюрализмге өріс ашып, «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бостығын» Құдай сөзі тұтып, фәни жалғанда сыйласып, құрмет тұтысып, мықты қоғам, өркениетті мемлекет құру үшін тәртіп бұзбай, адамның ішіндегі оянған арға сүйенген табан тірері берік тәртіпке шақырды. Берік тәртібіңіз – берік заң.

«Парасат қайда болса, ұлылық сонда. Білім қайда болса, биіктік те сонда» (Жүсіп Баласағұн). Қоғамдағы ақиқат мәжбүрлеп, ауыр толғақтан дүниеге келген сөз патшасы – ащы сын, өткір сықаққа құрылғанымен, ондағы өсиет, ғибрат беру, қылмыскердің немесе қарапайым пенденің өзі жер басып жүрген ортадағы борышы, міндеті, азаматтық парызы, ұстанған жолы, әділдіктің ала жібін аттамаудың дана, сара көкжиегіне бағытталған даналық кеңес. Адамгершілік тәлімі – адалдық пен имандылық тағлымы. Абай поэзиясының апогейі: адам түзелмей, заман түзелмейді. Абай көп қырлы, терең сырлы үлкен әлеуметтік идеяны жыр қылған. Қу мен сұмның неше алуан жексұрын, жиренішті кескіні ақын поэзиясында әлеуметтік кескілескен күрес үстінде көрініп, зор мәнді әрекеті мен шығармаларының саяси, адамгершілік, әділеттілік, азаматтық идеялары ұлы ақынның анық халықшыл демократ қайраткерлердің ұстанған салт-санасын танытады. Ұлы абайтанушы Мұхтар Әуезовше айтқанда: «Біздің ұлы ақынның ой-санасының өсуі орыс әдебиетінің ХІХ ғасыр басында үдеп, өскен реалистік дәстүрінің кейінгі табыстарын да мол қамтиды». Демек, ол поэзиясында қоғамды түзеу, әділеттіліктің салтанат құруын көздеген мақсаты ақындық декларациясын нықтай түсіп, халықты түзейтін үлкен күшке айналып, ақындық платформасын тың ойлармен үстемелей түсті. Осы ғылыми ізденістері арқасында өзі ұстаз тұтқан Пушкин, Лермонтовтардың құдығынан нәр татумен шектелмей, Россиядағы халықшыл-демократтық тартыстың сыншысы болған орыс даналарымен күн санап табысып, олардың саяси, азаматтық, патриоттық, ұлтшылдық, құқықтық санасы оны Ұлы Даланың феноменіне айналдырды. Зерделі оқырман осындай деңгейге ғылым-біліммен көтерілген Абайдың қайғы-шері, мұңында халық қайғысы жатқанын, ал жүрек шерінде Абайдың сол мұң мен қайғыдан халқын қайтып арылтудың позитивтік программасы төбе көрсететінін аңғарады.

Мұхтар Әуезов: «Өзіндік философиялық системасы, жекеше философиялық еңбектері болмаса да, Абайдың барлық мұрасын алғанда (лирикасы, поэмалары, қарасөздері) көп шығармаларында көрініп отыратын анық ойшылдық көзқарастар, терең толғаулар болады. Бұлар міне, қатты ескеріліп, анықтап зерттеліп отыруға керек. Және осындай ойшылдық белгілерін жеке философиясы деп атамасақ та, ақынның даналық, философиялық көзқарастары (философские взгляды) деген түрде, мейілінше түгел қамтып, тексеріп, талдай білуіміз керек», - деп философиялық көзқарастарын зерттеп, оның мазмұны мен мәніне, халық шөлдеп отырған, заманды түзеуге бағыттап қозғалған сүбелі ойларының жілігін шағып, майын жұтқызуға ғалымдардың белсенділік көрсететін уақыты жеткенін ескертеді. Классикалық туындыларында қоғамдағы адам құқығын өрескел бұзып, алапат нәпсіге жол берген, мораль, ұждан былай қалып, ел байлығы мен билігін қолында ұстағандар өзін Құдай сезініп, агрессияшыл империяның табиғатына қатысты өз елін қанаудың шегіне жеткізіп, өзге елдің басына ақырзаман орнатуды көксеген арамза мінез-құлықтарын сынап, «философ» деп аталмаса да, философиялық көзқарастарына лайық Гете, Байрон, Пушкин, Горькийді жұрт «философ» ретінде танып, арашашысы, қорғаушысы, ақылшысы, өмірін өздерінің еркіндігі, теңдігі жолына бағыштаған көсемі санаған. Сондай көсемнің бірі, әлемге даңқы жайылған ұлы орыс жазушысы Лев Толстой: «В жизни только одно не сомнительное счастье – жизнь для других», – деп өте орасан білімі мен өткір аналитикалық ақылын айналаны тұншықтырған диктаторлық авторитарлық, теократиялық билік жүйесіне қоғам мүшелерінің құқығын ойыншыққа айналдырғанына қарсы шығармаларында ымырасыз күрес жүргізген. Қылышынан қан тамған биліктен именбеген. Мұндай халық құқығын аяққа таптауды ғылыми, көркем туындыларында өткір сынға алған ұлы тұлғаларға қарсы өктем билік тарапынан, сақтану мақсатында, ауыр жазалар қолданғаны жөнінде жантүршігерлік фактілер жеткілікті. Соның бірі көне гректердің ұлы философы Сократтың мысқылына, ирониясына, сынына шыдай алмаған надандар оның үстінен қылмыстық іс жүргізіп, «Сократ жердің де, аспанның да заңын бұзып барады, жастарды теріс жолға бастауда, өтірікті шын етіп дәлелдейді», - деп жала жауып, сот 70 жастағы Сократты өлім жазасына кеседі. Соттың осы қатал, әділетсіз, қара күшке негізделген үкімін естігенде Сократ у ішіп өледі (б.з.д. IV ғасыр, құл иеленушілік қоғамда өткен оқиға – Т.С.). Асылы, ұлы философ Сократ ақиқат, адамгершілік үшін күресте мерт болса, ұлы француз ғалымы Бруно да ақиқатты қолдағаны, қостағаны үшін отқа өртенген. Абайды да осындай өлімнен ақын үшін бастарын құрбан еткен ақ ниетті, абзал азаматтар құтқарып қалғаны тарихтан мәшһүр.

Сократ, Аристотель, Бруно, Байрон, Шекспир, Гете, Низами, Науаймен жақын, рухтас; Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Тургенев, Л. Толстой, Салтыков-Щедрин, Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писаревті ыждағатпен оқыған Абай, «Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды» деп, осы біртуар ұлы тұлғалардан алған сыйын «Ұлысыңды құтқарамын десең, рухыңды құтқар» (Шыңғысхан), - деген тренд, ғибратын орындауға белді бекем буады. Рухы мықты мемлекеттің негізі беріктігі - жоғарыдағы ұлылар негізін қалаған рухани университетінің ғарыштай шексіз, мұхиттай шалқар программасының басты тұжырымы. Осы тұжырымның ақиқаттығын ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов те қолдайды: «Абай өлең сөзін, поэзияны, әлеуметтік тартыстың құралы етеді, оны сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене алысады. Ендігі Абай ақын, ақындық мүддесі деген жайларға Белинский, Чернышевский, Добролюбовтар айтқан эстетикалық тұрғыдан қарайды. Ақын еңбегі, әлеуметтік тартыстың құралы, қоғамдағы мінді ашатын, соған өкім айтатын ұлы маңызы бар әрекет деп түсінеді. Сол себепті өз заманындағы, қазақ қауымындағы мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айтады. 1886-1887 жылдардан бастап Абай осындай өлеңдер жазуға кіріседі». Демек, Ф. Тютчев И. Гагаринге: «... чтобы поэзия процветала, она должна иметь корни в земле» дегеніндей, ел мен жерге «кіндігі байлаулы» өміршең өлең жазуды мұратына айналдырған. Абай өлеңдерінің басым көпшілігі халықтың қамын, елдің мұңын жоқтауға, ескілік, рушылдық, алауыздық, күндестік әдеттерден безуге; адал жолға, еңбекке, білімге, өнерге, бойкүйездіктен арылуға шақырып, адамгершіліктің тізгінін берік ұстауға үндейді. Ол тегін емес, өйткені адамгершіліктің түп негізі – білімде, ақиқатта. Абай жайлы «Жұмбақ жан» кітабын жазған көрнекті ақын, жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Оның әр өлеңі жайлы кітапша болмаса да, дербес мақала жазуға тұрады» деуі ақын өлеңдері креативті кеңестігінің рухани ізденістерінің тұңғиығына үңілуге шақырғаны. Қазақ поэзиясының игерілмеген тыңын игеруге бірінші боп соқа салған Абай – адам санасының терең түкпірінде жатқан, күнде тысқа шыға бермейтін ирреалдық нұсқаларын ассоциативтік мақсатта шығарманың ішіне сіңістіруге таланты мен білімі артығымен жеткен, реформаторлық имиджі үстем жаңашыл, ойшыл, оптимист ақын. «Мұқағали» журналының редакторы Батық Мәжитұлы «Абай және Мұқағали» атты мақаласында: «Өйткені аталған екі тұлға ақын болумен қатар, ұлттың ұстазы. Олардың шығармалары – мемлекеттік қызметкерді де, құқық қорғаушыны да, кәсіпкерді де, ғалымдар мен өнер адамдарын да, жастар мен үлкендерді де тура жолға бастайды» («Ана тілі», 18.03.2020 ж.), - деп күллі қоғамның ұстазы болғандықтан, олардың ақ жолды ғана кие тұтып, адалдық, әділдік, тазалық, адамгершілік принциптерінен ауытқымай, Ата Заңның талабын қатал сақтауды жырларының алтын арқауына айналдырғанын алға тартады. Демек, өмірдің әділет заңдылығына иненің жасуындай қиянат келтіруге ары жібермейтін данышпандар –рухани білімді толық меңгеріп, оны өмірінде дұрыс қолдана білетін тұлғалар. Әсіресе, болыс, би, төбе би болып, «Қарамола Ережесін» жазған Абай юрисдикцияның мектебінде шыңдалып, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарауға әбден төселген кәсіби маман деу аз, ол судья заңгер ғана емес, психолог, педагог, конфликтолог, медиатор. Классик ақын Ілияс Жансүгіров Абайдың осы әмбебаптығына сүйсіне: «Оның аз сөзіне көп мағына сыйып кеткен, сөз шеңберінің іші қалың қазына, өлең қауызының іші толған дән болады», - деп мәңгі жасайтын поэзияның табиғатына тән қасиетті көлденең тартады. Өркениеттің биігінен орнын сайлап алған еврей жұртының «Өзіңді мақтама – өзгені мақта, өзіңді кешірме – өзгені кешір, өз ұлтыңның мінін өзгеге сынатпа – өзің сына, ең алдымен өз ұлтыңа қызмет ет», - деген тамаша ғибраты бар екен. Шіркін, ұлттың әр азаматының ақыл-парасаты осындай деңгейге көтерілсе, халқыңның төрт құбыласы тең болар еді ғой. Осы креативтілікті Абай ұстанып, оны жүзеге асырудың кең ауқымды, тұтас панорамасын шығармалары негізінде дүниеге әкелді. Шығармаларында «өзін мақтамайды, өзгені мақтайды; өзін кешірмейді, өзгені кешіреді; ұлтының мінін өзі сынап», өз ұлтына ар-иманымен қызмет етті. Феодалдық-патриархалдық қоғамның керағар көне салты, отаршылық мәжбүрлеген ауыр әлеуметтік қанау халықтың бойында өтірік айту, уәдеде тұрмау, лақтырып кету, екіжүзділік, жағымпаздық, сатқындық, жасандылық, жемқорлық секілді психологиялық дағды қалыптастырды. Оның үстіне, отаршылдардың бұратана халықтың алып жерін, бар байлығын сыпырып алып, өздерін жер бетінен жойып жіберу үшін қазақтардың арасында өздерінің былық саясатын іске асырып, өздерін-өздері қырудың арам, қорқау әдісін қолдап, қосыла азу тістерін басты. Осындай қазақ тағдыры қыл үстінде тұрған сын сағатты басынан өткеріп отырған Абай, «айтайын десем тілім күйеді, айтпайын десем ділім күйеді» демекші, алысқа шабатын тұлпар, биікке ұшатын сұңқар ақын ағайын арасын ашатын емес, жүрек жарасын басатын «іші – алтын, сырты – күміс», іш қатпарлы қалың, санаға саңлау, құлақтың мүкісін ашатын ащы сатира, азаматтық рухы жоғары өлеңдер жазып, қазақты басына төнген тозақтан аман қалудың диалектикалық күрес жолына шақырып, қалың ұйқыдан оятудың әдісін іске қосты. Бұл Блоктың «Он екі» поэмасы, Моцарттың «Реквиемі» сияқты асау, намысты жан-дүниенің айқайы еді.

Абай өлеңдері қазақтың өмір сүру мақсат-мұратының рухани ережесіне айналып, қазақ сөздерінің тілдік қорын байытып қана қойған жоқ, қанатты сөздері ел арасына мақал-мәтел ретінде сіңіп кетті. Қай қазақ, қай мамандық иесі болмасын тоқсан ауыз сөздің түйінін Абай сөзімен түйіп, ерде бекем отырады. Абай ақындығының қыр-сырына қанық І. Жансүгіров: «... Абай ақындықта, тіл өнерін ақындықтың әр жағына да жұмсайды. Бірақ соның бәрінде Абай ақылшы, үгітші: не айтса да, не жазса да әлеумет өміріне тірей, әлеумет өмірінен бастап отырады. Өлеңінің көбі үгіт-насихат, мінез-құлық түзеуге арналады» (5 томдық шығармалар жинағы. А., «Жазушы», 1988. Бесінші том, 344-б.), - деп ұлы ақын шығармаларын қоғам,халық мұраты, мүддесі жолында қалай пайдаланып, Алатаудай қалқаны болғанын байыптаған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымыздың жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн», - деп, бұл жерде «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетті қармай жазатынына» (А. Байтұрсынов) тәнті болғанын ескертіп отырғанын аңғарамыз. Абай өлеңдері рухани азық қана емес, өмірдің қай саласы, қай қатпарын игерушілерді қазынаға бастайтын компасы, тұйықтан алып шығатын құдіретті күш.

Енді осы айтылғандарға дәлелді Абай өлеңдерін сараптау арқылы көз жеткізіп, оқырмандардың санасын жаңғыртуға, Абай өлеңдерінен рухани азық беру жағына ойысайық. Абай тұңғыш өлеңдерінің бірі «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» туындысында:

Адалдықты сатсаң арамға,

Құдай қабыл ете ме?

Қыз сүйеді мені деп,

Оған көңіл көтерме! – деп жастықтың лапылдаған жалынын баса алмай, біреу қалың малын төлеп, басы басқаның тағдырына байланып қойған, уақытша үйінде жүрген қызға көзі түсіп, төңіректеп, айттырып қойған адамына көзқарасын өзгерттіріп, аздыруға итін салып жүрген жылпос жігітті сынға алады. Ертең «Қыз сүйеді мені деп» кеуде көтеріп бөсіп, екі ел арасындағы ұрыс-керістің өртін тұтатпауға, қалыптасқан феодалдық-патриархалдық қоғамның берік орныққан тәртібін арамзалықпен бұзбауға шақырып, азғындық қылықтың шыңырауға шым батыратынынан сақтандырады. Оның орынсыз қылығын, сол қылықтың салдарын қатал ескертіп, қалыпты өмірдің заңына кереғар әрекеттерінен туатын сойқаннан аман қалудың амалын ұсынады:

Қыз іздесең, қалың бер,

Мұным ақыл болмай ма?

Көріп алсаң көріктіні,

Таңдап алсаң тектіні,

Сонда да көңіл толмай ма? – деп жас жігітке жар таңдау оңай шаруа еместігін есіне салып, іздеп тапсаң көріктіні, текті қайын-жұрт бұйырса көңілі толып, бағы жанатынын, ол үшін қалыңды беріп, құдай қолдаған сол бақытын басынан ұшырып алмауға кеңес береді. Бұл өлең Абайдың тұңғыш махаббаты Сүйіндіктің қызы Тоғжанға арнап шығарылған екен. Бірін-бірі өліп-талып сүйген екі жас, салқын сабырға келген сәтте, Тоғжанның айттырылып қойған, басы байлаулы қыз екенін сезген Абай, біреудің несібесін былғағаннан иман, дәулет бітпейтініне ақыл жіберіп, сүйген қызын мұнан әрі әуреге салып, санасын сарқа бермеудің қажеттілігін жөн санап, кездесулерін доғарып, ардың жібін аттамай, тектіліктерін танытыпты. Таза, киелі махаббаттың заңын Абай осылайша өзгеге ұстанар жол тұтқан.

«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінде қазақ аруының қайталанбас сұлу келбетін, мінезін нәзік кестелей отырып, кейбірінің «бетім барда жүзіме кім шыдар!» деген астамкөкірек, өзімшіл, мақтаншақ, бұртаңдаған сорақы қылығын сынайды:

Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?

Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.

Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,

Алмасы өкпе болар қол батпаған.

Бұлардың кейбірінің мінездері –

Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.

Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,

Орынсыз адамдармен жыртақтаған, - деп ойшыл ақын дүниенің көрінбеген сырын танып білуге, оның озығы мен жексұрындығын жариялап, адамның өмірден жақсылығын иемденуі, азып-тозып бишаралық күйге түсуі өз құқығындұрыс пайдалана білуіне қатысты екенін нақты мысалдармен бадырайтып алдыңа тосады. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» демекші, ата-анасының надандығы, бала тәрбиесіне енжар қарауының салдарынан 18-19 жасқа толған жас бойжеткендер «тамағы тоқтық, киімі көктігі, еңбекке жоқтығы» себепші болып, бос уақытын қайда өткізерін білмей «қыз ойнақтарды» жібермей, сонда жігіттермен ойын-сауық құрып жүріп, тіс қаққан, алпыс айлалысының қолына түсіп, «алмасы өкпе болып», ары төгіліп, күйеуге тимей жатып әйелге айналған сорақы халге түсіп, «бұртақтаған», «жыртақтаған» жеңілтек, орынсыз мінез, қылықтарымен болашағын бұрқаққа айналдыруға өздері кінәлілігін беттеріне басады. Қазақтың «Қызды қырық үйден тиюды» салтына бекем енгізгені болашақ ақ отаудың ырысы – қыздарының адалдықтың, тазалықтың, іскерліктің, ізгіліктің символы болып, ары кіршіксіз қалпында қалың малын төлеген заңды қосағына қосылуын армандаудан туған. Демек, «қызды қырық үйден тию» дегені жас қыздарды жаман жолға түсуден сақтандыру, бұзылған жандардың азғындық, жезөкшелік, сорақы әрекеттерінен аулақ ұстауды көздеуден. Ал ол заманның жігіттері қандай деген сауалға осы өлеңінде ақын:

Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,

Бойына майдалықпен сыр сақтаған.

Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,

Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.

Орынды іске жүріп, ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.

Қасиетті болмайды ондай жігіт

Әншейін құр бекерге бұлғақтаған, - деп тәрбиенің тапшылығы салдарынан өнер, білім, ғылымға, еңбекке қыры жоқ жігіттер «бойларына майдалықпен сыр сақтап», өзін сабырлы, салмақты, елге тілектес етіп көрсетіп, жасанды мінезімен көзге түсуге өліп-талса; екінші жігіт өзін ол ортада ерекше жаралған, басқа шаңына ілеспейтін туысы бөлек жан екенін тіл мен жанына ерік беріп, бос мақтан, жылпостығымен өз беделін арттырғысы келетін, «ар мен ұят ойланбай, тән асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар» (Абай) құнсыз жан. Абай олардың ел қатарына қосылуының адастырмас даңғыл заңды жолы «бай боламын, бақытты боламын» деп бос сөзбен лепірмей, өнер, білім іздеп орынды іске жүріп, ой табуға; ол қолыңнан келмесе, ағаш атқа мініп қайыршыланып бір табақ асқа бөтеннің алдында абыройыңды төкпей, бұлғақтамай байға жалданып, мал бағып таза еңбегіңмен ел қатарына қосылуды міндеттеген.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» атты өлеңінде:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек, - деп алдындағы өлеңді тереңдетіп, еңбекпен, адал тірлігімен табыс тапқаннан, басқа біреудің есебінен жан ауыртпай мол табыс көзін қамтып, ұрлық-қарлықты өмір сүрудің тиімді тәсілі еткен қылмыскерді айыптайды. Арамдық түбі құстырып, «мың күн сынбаған шөлмек бір күні сынары» анықтығын жеңіл ойлап, жетесі жетпейтіндерге жеткізе, дербезін әшкерелейді. Зұлымдық атаулының негізгі себебі жалқаулық, надандық, өсекшілдік, парақорлық. Осыларды көзімен көріп, халқының көтерем күйге жеткенін, соны жөнге салып, қоғамның денесіне қан жүгірте алмай, 41 жасында Абай:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?– деп күйзеледі, ауыр мұңға батады. Жігіт ағасы жасында «қартаюына» сенесіз, өйткені күрескер ұлы ақынның ішінде әрқашанда цензор отыратындықтан,күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан безініп, «ашуы ашыған у, ойы – кермек татуына» ел ішіндегі «ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмекке» пысқыра қарап, партия құру, жала жабу, шенқұмарлық, ғылымды, еңбекті мойындамау сияқты сорақылықтарды ақыл-парасатынан өткізіп, тозақты басынан өткеріп отырған туған халқына сол тозақтан қалай құтылудың амалын үйрететін, терең мазмұнды, тағлымды, құқықтық мәні айқын, философиялық өлеңдерімен жылу шашып, нұр тарату, мәңгілік от-алау лаулатып, жалынымен баурату оңай дейсіз бе?.. Ғибратты, нәрлі, нақыл іспеттес шұғылалы шумақтар ақынның «көңілін көріп», пендешіліктің шапанын сыпырып, жеке бас мүддесінен халық мүддесін жоғары қоюға бет бұрғызып, періште пейілін оятары хақ.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде Абай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? – деп өкінеді. Абай шығармашылығы, Абай әлемі мәңгілік. Жас ұрпақ қазақтың данышпан ақынының терең мағыналы философиялық ойлары мен тағлымды жырларын оқыған сайын одан ғибрат алады. Абай жастарға ғылымға жастай бар ынта-шынтасын салып, құлай жығыла беріле ұмтылып, табандылықпен оқып, білім алуға үндейді. Ол жолда оған ешкім көлденең тұрмай, керісінше тілектестік білдіріп, қанша оқыса, сонша құптап, көмек көрсетсе, бала солғұрлым білімді, уызына жарыған ұлағатты азамат боп ержетеді. Білім алу құқығын пайдалана білген жас – ол елдің болашағының тұтқасы. Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» десе де, оның өмірбаянына таныс адам оның керісінше білімге, ғылымға, даналыққа, шешендікке, сөз патшасына құштарлығы ересен болғанынан хабардар.Жасына жетпей ұлғая бастайды. Үлкендердің сөзін көп тыңдайды. Балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел, тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай алды кісілерімен тең түскендей білім жинайды. Сондай-ақ, ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендердің сөйлеген сөзі, көсемдерінің істеген ісі, үлгі сөздер, ұнасымды әзілдерді де жадына көп жинаған. Осындай мазасыз іздену, білуге құштарлығының арқасында Абай жігіттік шағында-ақ ел келесіне ат салысып, шешендік пен алғыр, жүйірік, билікке де ұста деңгейден көрінеді. Абай ғылымға ерекше мән берді. Егер жұрттың бәрі ғылымға, өнер-білімге ден қойса, онда халықтың көзі ғана емес, көңілі де ашылып, надандықтан арылар еді, бақытты өмірге жетер еді деп ойлаған.

Құнанбай жасы болса егдеп, ақыл-қайраты тайқи бастаған шағында (Абай әкесінің 40 жасында дүниеге келген) көптен үміттеніп жүрген, барша баласынан туысы бөлек перзентін18-ге шыққанда Семейдегі оқуынаншығарып алып, өз аулына әкеледі. Абай білімге деген шөлін қандыра алмай, әке билігіне түседі. Ел сөзіне, ел ісіне араласа бастайды. Құнанбай оны өз орнын басса екен, ата тізгіні, әке мұрасына ие болса екен деп тіледі. Абай ел билеу ісіне де мықтап ат салысып, бірнеше жыл би, болыс та болған. Дәл осындай хал немістің ұлы ақыны Гетенің басынан да өтіпті. Ұлттық құндылықтарымыздың маңызды саласы дін – үлкен рухани-идеологиялық роль атқаратындықтан, Абайды Құнанбай медреседе оқытады, ол білім, ғылымға құштар болғандықтан, өз бетімен орыс мектебінде қосымша білім алуын жалғастырады. Міне, білімге шөлі қанбай ынтыққан, ғылымға енді қайық сала бастаған шақта әкесі оны өз жолын жалғастыруға мәжбүрлейді. Бірақ талантты, ұстаған бағдарынан таймайтын, қайсар, табанды жігіт ел басқаруға да, ел арасының дау-дамайын майдан қылшық суыратын кемел би де болып жүріп, ғылымның шыңына шығудың бақыты бұйырады. Ол осындай мыңдардың бірінің ғана қолы жететін жетістіктерге өзінің табанды ізденісі, қажыр-қайраты, дарынымен жете отырып, келешек ұрпаққа білім-ғылым, өнерді игеруге жастайынан кірісіп, қолын мезгілінен кеш сермемей, уақытында керегін қамтып қалуға кеңес береді.

«Жасында ғылым бар деп ескермегеніне» өкінген Абай, соның зардабын балалары тартпауын басты мұраты еткен әке:

Адамның бір қызығы - бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, - деп өз замандастары баласын оқуға тілмаш болсын, шенді иемденіп байлық жинасын, елге үстемдік құрсын дейтін сасық пиғыл, арам ниеті ұлы ақынға азғындық, пасықтық, жат қылық саналған. Білім мен ғылым – рухани игілік, құндылық. Рухани игілік, құндылықты игерген адам – халқы байлыққа, елін ұшпаққа жеткізетін текті тұлға. Оның Әбдірахман мен Мағауиясы сондай деңгейге көтерілгенімен, ажал олардан әкесі күткен іріліктің жолы ерте кескен. Ал ол Олимпке көтерілген ұлы ақынның:

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазақта қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім, - деп «заманды түзеймін», халқымның саяси-қоғамдық және мәдени құқығын қорғаймын,қоғамдық әділеттілікті қамтамасыз етемін деп жүрегі пәк, таза ғұламаның ішпеген уы, шекпеген азабы аз болмағанына тарих куә. Шығыс, Батыс ғұламаларының еңбектерінен білім нәрін бойына жиған, ұшан-теңіз білім мен біліктілік иесі, көл-көсір парасат пен пайым, тереңдік, ғұламалық қонған Абай қараңғы ортадағылардың қай-қайсысынан да білім, білігі, парасаты асып-тасып тұрғандықтан, қарапайым қарым-қатынаста-ақ ақыл мен сезімді үндестіру, қуатты поэзиясын реминисценциялау арқылы «басқа шауып, төске өрлеуі», пікір талас үстінде дес бермеуі ақиқат. Абайдың жаратылыстың сырын толық түсінген данышпандығы мен дәлдікке құрылған алгоритмдік зердесі төңірегін қоршаған қараңғы қазақтарды ғана емес, аймақты басқарып отырған генерал-губернаторлардың аузына да құм құйып, дегеніне бейімдеуі уақыт шындығы. «Еңбегімді білерлік еш адам жоқ, Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім» десе де, ол Абайдың қолынан келмейді. Өйткені, Ықылас Ожайұлы жазбақшы: «Абайсыз қазақты түсінбейтіндігіңді, Абайсыз бұл халықты әмәндә дұрыс жолға сала алмасыңды аңғарасың», - деуінің логикалық негізі берік.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлеңінде «Абай қазаққа тән барша адам баласына байланысты оқиғаларды, жәйт-жағдайларды қозғап, қазымырлықпен қазбалап, тұтас түгел қамтиды десек, артық айтқандық болып табылмайды» (Аян Нысаналин). Бізше «оқиғаларды қазбалаудан» гөрі патриот Абай өзге ұлттардың көшінен қалмауға «қайран жұртын» үндеуі басым.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, - деп өзге елдер білім, ғылымға, өнерге ұмтылып, өркениетті, өнеркәсіпті, қуатты мемлекетке айналып жатқанда, сақал-мұртын алуға ұстара таппай отырған қараңғы, надандығымызды бетке басады. Жаңалық пен жақсылыққа, ізгілікті істерге халықты тартудың орнына, атқамінерлердің қара басының есебімен ұрлықты асқындырып, ел арасында тыныштықты кетіруі, күнәға батуы мен надандықтың басы адал мен арамды айырмауы, жақсы мен жаманды, жау мен досты ажыратпай қалған көрсоқырлығы, жемқорлығы, хайуандық инстинктінің басымдығы. Абай мұнда жалпы халықты қаралап отырған жоқ, арам, зымиян жолдармен ел тізгінін қолына ұстаған «екі ұртының бірі май, бірі қан» әкімсымақтарға найзасын сілтеп отыр.

Қазақ еркін өскен халық, оның бойында өткірлік, қайсарлық, толеранттылық, батырлық, байсалдылық, парасаттылық пен ержүректілік, мейірімділік, табандылық, егер көзін тауып оята білсе, қабілеті де жетіп-артылады. Осындай елді жұмаққа бастаудың орнына, тозаққа сүйреген, өлі мен тірінің алдындағы халіне Абай не істерін білмей, қайғыдан қан жұтады. Үміті де үзіле бастайды, өйткені Ресей патшалығының отарына айналып, бар билік пен байлық, алып жер солардың қолына өтіп, халық тартқан азап тілмен айтып жеткізгісіз. Тәуелді елдің еркіндігі, құқығы жайына қалды. Империялық елдер өзге елдерді жұтқан сайын жұта бергісі келеді. Қой терісін жамылған көкбөрі Ресей шенеуніктері ел басқаруда бірлігі жоқ, жерге, руға бөлініп берекесі қашып, бар арманы ұсақ-түйек билікке бола басқа рулармен кескілесуге жүзі жанбайтын көсемсымақтарды өзара алмастырып, қанды қырғындарды қолдан ұйымдастырып, сорлы елдің әбден зықысын шығарып, бас көтере алмас құлдық бұғауында ұстайды. Енді құлдық қамытын мойнына кигізген, ыңыршағы шыққан халқын көріп отырған ақын:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, - деп бодандық күйді кешіп отырған халқының депрессияға жеткендерін ашық айтады. Жанға бататыны Ресей империясының басыбайлы құлына айналған елін отарлық езгіден құтқаратын, кенеуі кеткен тірлігін түзейтін көшбасшы көсем, дана басшы, күрескер тұлға шығар орта қалмағанын Абай:

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдың

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың? – деп бақа, шаян, құрт, құмырсқа, қоңызға айналған қауқарсыз, берекесіз, білім-парасатсыз, шен-шекпенді параға сатып алғандардың ұсқынын, шама-шарқын көзге көрсетіп, көңілімізді жер етеді, ақиқатты алдыға тосады. Кешегі тәуелсіз «Қалың елі, қазағын, қайран жұртын» аңсайды. Бостандыққа жетер күнді армандап, егіледі. Қазақтың егемендігін қалпына келтірер қуатты заңмен емделер қайран күннің тууын құдіреті күшті Құдайдан сұрайды. Өлең – қазақты кемсітуге емес, кемелдендіруді аңсаған ұлылықтың таза жүректен шыққан жалынды үні. Халқына аянбай қызмет ету, ретті жерінде ойлануды, сергек сананы оятуды көздеп, кемшіліктерін ашық айтып, сынауы, мысқылды дозасынан көбірек пайдаланса, ол ұлы ұстаз ретінде ақыл, кеңес, өсиеттерімен халқына болашақта не істеуге дұрыс бағыт сілтеп, дұрыс жолды көрсету, білмейтіндерін үйрету, жіберген кемшіліктерін түзетуге негізделген. Адамгершілік, тәрбие заңына бағынған адамның тағлымдық трактаттар басты рухани құралы. Осы өлең арқылы Абайдың ерекше қыры ашылатынына философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Кішібеков орынды қорытынды жасапты: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп Абай еміреніп, ашуланып, халықтың намысына тиіп, тырнап айтты. Міне, Абай да нағыз ұлтшыл. Осындай ұлтшылды халық жақсы көреді. Халық пен ұлтшылдың арасы бір» («Ақиқат» №2, 2013 ж., 15-б.).

Абай «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» атты өлеңінде шен-шекпен, мансапқа, маңдай терлетпей жеткен кей жылпостар; тегін байлыққа, біреуді нәпақасынан айырып, бала-шағасын асырап отырған жекеменшігіндегі жерін оңай олжалауға қол жеткізуді кәсібіне айналдырған қулар, зұлымдар, аяр, алаяқтар «Ертістің суын татып» Семейге барып, «сұм-сұрқия, қу, білгіш атануға» барын салып, орыстың үлкен ұлығын төңіректеп жемітіне айналдырғысы келгеннің үстінен «домалақ арыз» жазып, адам құқығын белден басып, Құдай атқан сасық қылыққа бару – ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан өрши түскені белгілі. Абайдың осы өлеңінде: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», - деуі соған меңзейді. Сорпасы майлы, қымызы молдың итаяғын жалап, «жақсыға қосқан иті» осы кірлі жолда «ат арықтап, шығынға белшесінен батса» елде оған ат мінгізіп, қаражатпен қолдап отыратын сол ібілістік амал-айланың ошағын ұстаған Оразбай Аққұлұлы, Әбен, Қаратай тәрізді ізгіліктің жендеттері жыртылып-айырылмаса да, әр тұстан уын шашып, төбе көрсете бастады.

Абай – қазақтың байырғы-құқықтық нормасын гуманизациялаушы әрі соны насихаттаушы, билер соты жүйесінің озық үлгілерін бойында сақтаушы. Кей би бар заңнамаға реформаторлық қабілетін жұмсаған, консервативтік өте нәзіктілігін, өтімділігін бекемдеген. Абай соны «Қарамола Ережесі» мен шығармаларында дамытты. Кез-келген қарым-қатынасты күшпен емес, біліктілікпен реттеудің тетігі ретінде заңдық сауаттылыққа ерекше мән береді. Себебі қарапайым халықпен де, прогресті күшпен де, регрессивті, антихалықтық топпен де кез-келген қарым-қатынасты күшпен емес, құқықтық жолмен дәйектеудің рецепті сауатты заңдарда.

Ұрлық өшірілмес өртке айналғанын, оны қорғайтын заңның қауқарсыздығын Абай «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген өлеңінде:

Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.

Қыс қыстауың - қып-қызыл ол бір пәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр, - деп парақор атқамінерлердің өзі, ағайын-туғаны жайлы жайлау, шұрайлы күзеу, жылы қыстауларды өздеріне тартып алып, елді әбігерге, күйзеліске ұшыратуы – олардың адам құқығын табандарына таптап, заңыңа пысқырып та қарамағаны, қолдары жүріп, әмірі өктем шығып тұрғанда өз айтқандары заң, оны бұлжытпай орындау қоғамның міндеті санаған астам көкірек, кеудемсоқ, надандықтың дүлей түсінігі. Қоғамдағы солақай өктем билік ұрлық-қарлықтың өртін өшіруге, сол өрттің өршуіне тікелей себепкер болыс, қазақ өмірі, феодалдық-патриархалдық қоғамның мың бір жұмбағынан құлағы бітеу орыс әкімдерінің қауқарсыздығы, оны біле алмай олардың да азу тісі мұқалғанын сезеді ақын. Жаппай халық шегіп отырған залал тұзағының салдарынан Абайдың жүйкесі жұқарып, қалың жұртты қанау мен қорлауға қарсы жойқын күреске шығаратын себептерді қуатты да көркем, жүрекке бірден жететін өлең жолдармен реалистік шебер өрнектеп, ақиқатқа ортақтастырады. Соны оқи отырып, ақынның халық өмірінің қатпарларын қалай терең білгеніне тәнті боласың. Ізгілік, әділдік жолында ешкімге бүйрегін бұрмай, ақиқат тұлпарының ерінде бекем отыру – ұлылардың қанына сіңген қасиеті. Л. Толстойды жазушылық реалистік шеберлігі өз ырқынан тыс өзі шыққан табын әшкерелеуге жетелеп әкелгені мәлім. О.Бальзактың да өмір шындығын айнытпай реалистік шебер өрнектей білуі өз табына қатты соққы боп тигені ақиқат. Абайдың ізгілік, әділдік, адалдық жолындағы күресінің мақсатын, бізше, Ғабит Мүсірепов орынды байыптап береді: «Абайдың әдебиеттегі өсиеті – шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу» («Абай тағлымы», «Жазушы», 1986 ж., 116-б.). Қоғамды тұншықтырған солақай өктем билік, ұрлық-қарлық-тәжтажал Абайдан да алыс кетпей, «құда-тамыр, дос-жары, қатын-баласын да қоса» қармағына ілсе не амал бар?!

Абай «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» атты өлеңінде:

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,

Үзілмес үмітпенен бос қуардық.

Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп

Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық, - дейді. Елде жастарды жақсылыққа үндеп, жаман қылықтан сақтандыратын ақсақалдар. Демек, «Ақсақалдар кеңесінің» заңы (медиация) сол үгіт, насихат, келелі кеңес жастарды, бозбалаларды қылмыстан қашықтау жүруге тілектестік білдіретін ғибраты – заңды ғой. Сол ғибрат-заңды күш-қайраты, жалыны бойына сыймай, асып-тасқан, үлкеннің ақыл-парасатына зәру бозбалаларға Абай ырысты ынтымақты, кіршіксіз, адал достықты, араға қыл өтпейтін бауырластықты, періште пейіл махаббатты, төңірегіндегілермен ақ ниетпен қарым-қатынас жасауды, ізгілікті әрдайым жоғары қоюды құлағына құйып, соны ауадай қажеттілігі санап, мүлтіксіз орындауға шақырады:

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,

Ақыл тапсақ, мал тапсақ қуаналық.

Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,

Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Ләки, ақынның бозбалаларға берер ақылы көрсеқызарлық, жеңілжүрістілік, опасыздық, диуаналыққа салынбай, таңдап тапқан қызыңа нәпсіңді сайлаудан бұрын, отауыңды, сол отауыңның қазаны ырысты, түтіні тік шығуы, шырағы маздап жануын ойлап, нантабарлығыңды бірінші сайлауға кеңес береді. Азаматтық тұлғаңның нұры, көркі – өнерсіз, еңбексіз отбасында да, өмірде де мән, көрер қызық, тұрлаулы бақыт та жоқ. «Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар, Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық», ол – қылмыс. Сәбит Мұқановша айтқанда: «Абай қоғамшыл ақын. Әрбір қоғамшыл ақын – ең алдымен үгітші. Өзі сенген идеяны шығармасы арқылы үгіттемейтін қоғамшыл ақын болмайды. Біздің Абай да сондай. Ол қоғам тұрмысындағы әділетсіздікті сынап қана қоймайды, сол әділетсіздікті қайткенде жоюдың жолын іздейді. Өзі тапқан «жолмен жүрейік» деп халқын үгіттейді. Бірақ Абайдың үгіті жалаң тілмен айтқан үгіт емес, көркем тілмен айтқан үгіт. Ол күнделік өмірден туған тіршіліктің неше түрлі мәселелерін тамаша көркем тілмен, көркем бейнемен береді»(«Абай тағылымы». А., «Жазушы», 1986 ж. 75-б.). Демек, Абайдың үгіті жай үгіт емес, көркем тілмен бейнеленіп, адамдарға соны бұлжытпай орындауға санасын оятатын тіршілік заңы.

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» атты өлеңінде Абай жастарға керек іс талаптылық, әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық екенін, мақтаншақтық, жасанды қылықтың орға жығатынын көкейлеріне құя келіп: -

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, - деп бірге өсіп, бірге ержетіп, тыныс-тіршілігі бірегей тамырласып кеткен досыңа адал, сыйласымды, қадірлерін терең түсінетін, керек болса, бірің үшін бірің жан берісетіндей деңгейдегі жарасымды, жақындықты көргісі келеді. Абайдың әр өлең жолын бозбалалар ғана емес, бозбас, егделер де бұлжытпай орындауға міндетті заңдай қабылдайтыны: оның сөзінің әуезділігі, көріктілігі, қиыннан қиыстырылған әсерлілігі, бейнелілігі, өткірлігі, көкейге қонымдылығы, құлаққа жағымдылығы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйін табатын шешендігі. Осы өлеңінде ақын жастарға өмірде опық жемей, бақытты отбасын құрудың приоритетті тұжырымдамасын ұсынады:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Асылы, жар құлағы жастыққа тимей өмірлік қосағын іздеп жүдеп-жадаған бозбалаға Абай байдың қызына дәулетіне, кедейдің қызына қалың малының арзандығына қызығып, алғы өміріңде тіліңді тістеп, опығып қалмау үшін эйфориядан іргені аулақ қондырып, «ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың» бесігінен шыққан қыздың қолынан ұстаса, ғапыл қалмас гаранттығын еске салады. «Абай өз халқын саяси правосыздықтан, экономика, мәдени жағынан артта қалушылықтан құтқарудың жолы халықтың ең алдымен жас буынды ағартуда және адамгершілікке тәрбиелеуде деп біледі» (Төлеген Тәжібаев. «Абай тағлымы». «Жазушы», 1986 ж. 136-б.) Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдары, көнеден ұлтымызды ұйытып келген Ата Заңымыздың ұйытқысы саналған. Осы ұстаным даналық мінез, ізгі қасиеттер қамқорлық институтын қалыптастырғаны шежірелерден мәлім. Ұлы Абай осы ізгілік институтының қадір-қасиеті өз заманына да мінсіз қызмет етуін көздеп осы талданып отырған өлеңінде:

Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,

Қоржаң суық келеді кей сасық ми.

Ері ақылды, қатыны мінезді боп,

Тату болса, райыс үстіндегі үй, - деп қалыңмалын төлеп, сатып алған әйелін тәуелділікке, басы-байлы күңдікте ұстауға әуес «қоржаң, суық, сасық милы» еркексымақтарды қосылған қосағына адами, адамгершілік көзқараспен қарауға мәжбүрлейді. Қосағына адал, сабырлы, ұстамды; үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын; отбасын сақтап қалуды мұрат еткен ақылды, арлы, мінезді жаратылысы бөлек асыл жарды алақанда аяласаң, көрер қызығың, бақытың еселеніп, жұбайылық өмірің «райыс үстіндегі үйге» айналатынын; әр шаңырақтың иесі ақылды ер адамдардың сол баянды бақытқа жетуі өз қолында екенін құлағына құяды. Атамзаманнан ұят, ұждан, иман ұясы болып келген қазақтың дәстүрлі отбасы сол қағидаттың жемісі.

Осы өлеңінде Абай дос іздеуде де «күн жауғанда досың, күн ашықта қасыңа» айналатын сатқын, іші тар, азғын адамсымақтардан сақ болуға ақыл қосады:

Жаман тату қазады өзіңе ор,

Оған сенсең, бір күні боларсың қор.

Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,

Өзі зордың болады ығы да зор. Демек, жаман қашан да жаман, бүгін ақ дастарханыңнан дәм татып, төріңде ақ жастығыңды жастанып, іші-бауырыңа кіріп, «аузын ашса жүрегі көрінер ақниетті адал досыңа айналып», барыңмен бөлісіп, жоғын түгендеп, төрт аяғынан тік тұрған соң, суын ішкен құдығына түкіріп, теріс айналатын; бір күнімен өмір сүретін, түсі адам, іші әзәзілдер аз дейсіз бе? Абай ондайлармен жақындасуда сақтықты, таным таразысынан қателеспеуді ұсынады. Жолың тарылып, аспаныңды бұлт шалып, тірлігің тығырыққа тірелгенде «ары бар, ұяты бар» көпті көрген қариялардың ақылына жығылып, ой бөлісіп, дегенінің өрісін шарласаң, жоғалтқаның табылып, жолың кеңіп, аспаныңдағы бұлт ыдырап, тығырықтан шығарыңа сенімің бекіп, көңілің орнықпақ. Өйткені, адамзат ақылмандары «Мәңгілік дос та жоқ, мәңгілік дұшпан да жоқ, тек ұлт мүддесі ғана мәңгілік» дейтін аксиоманы ұстанған олар – өмірдің небір тозағы мен жұмағын бастан өткеріп, жаманшылық пен жақсылық, ізгілік пен сатқындықтың небірін көріп, ақылы мен еңбегінің арқасында оларды жеңіп, ұлт мүддесін пір тұтумен ел құрметіне бөленіп жүрген үлкендер.

Өмірдің тірегі даналықта, ғылымда, ақылдыларда. Абайдың күйігі – халқын, елін сүюдің, оның келешегіне жол іздестірудің күйігі. Ойшыл, оптимист ақын. Егер ең жақсы адам – иманды һәм білімді, кішіпейіл, қарапайым, қайырымды, шыншыл һәм әділетті кісі саналса, ұлы ақын соның шыңында тұр. «Патша құдай сыйындым» атты өлеңінде оны өзі де ішінара мойындапты:

Арғын, Найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды,

Тобықтының езіне.

Самородный сары алтын,

Саудасыз берсең алмайды

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз сары қамқаны,

Садаға кеткір сұрайды

Самарқанның бөзіне.

Абай баспасөзі, кітап шығару ісі жоқ қазақ даласында болыстығы, би, төбе билігімен даңқы Тобықтыдан асып, Орта жүзді тамсандырып, ғибратты, нәрлі, нақыл іспеттес адамша өмір сүруге үндейтін шұғылалы өлеңдері қаңырығы кепкен шөлге жауған жаңбырдай Арғын, Найманның шөлін қандырғанда; Тобықтының ездері біреулер ары бар, ұяты бар, білімі, беделі зор эгоцентризммен жаны уланбаған данышпан таба алмай, ақиқаттың ақ жолымен медиатордың сөзін сөйлер кемеңгерді іздеп, өліп-өшіп саналары сарсаңға түссе, Тобықты асқар тауды төбе құрлы көрмей, киеліні кеусенге де теңемей, «самородный сары алтынды жезіне алмай», «саудырсыз сары қамқаны бөзіне» айырбастауға жүздері жанбайды. Бұл – нигилизмнің ең сорақы түрі, Шығыс, Батыс білімі мен ғылымының уызын арда емген Шығыс ғұламасын надандық көрсоқырлығымен дискриминациялаудың жиіркенішті формасы. Осы сорақылықтың асқынуының кеселін, бізше, Наурызбай қажы Тағанұлы тап баса білген: «Көреалмау – қылмыс пен бүліктің бастауы. Бұл – жүрек дерті. Осы дерт әр адамның бойынан табылады. Егер іштарлық дерті «асқынып» кетсе, үлкен қылмыстық істерге есік ашады» («Ана тілі», 26 қараша–2 желтоқсан, 2020 ж.). «Самородный сары алтынды» ұсынса да көреалмаушылық пен іштарлық, күншілдіктің улы жыландары эксцесске жеткізгенін сезіне жүріп, «Абай шөлдегенге – бұлақ, адасқанда шырақтығынан, адамзатқа жол көрсетіп тұрған адастырмас жұлдыздығынан» (С.Досанов) танбаған. Мұхиттың суын тобықтан келмейтін бұлақтың суына балаған «Тобықтының ездеріне» қор болған қайран сөзінің бағасын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғұлама Абай қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адам баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп бүгінгі ұрпақтың ұлы бабалары мұрасына жоғары көзқарасын көлденең тартады. Абайдың бұл өлеңдері де бойына заңнамалық нормативтік құқықтық актілерді сіңіріп, шарлатандықты әшкерелеп, қоғамды олардан тазартуға шақырады.

Абайдың ғибраты зор хұсни туындысы – «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі. Адамгершілік, ғылым, әділеттілікке ұмтылу сапарында Абайға Сократ пен Аристотель де, Байрон, Гете де, Низами мен Науаи да, Пушкин мен Толстой да жақын, рухтас. Өйткені, әр елдің халқы үшін жаралған ұлы перзенттері, сол халқының мүддесі мен мұраты жолында Одиссейдің садағы секілді өздерінен басқа ешкім ие алмайтын күрделі, өркениетке жеткізетін тіс батпайтын мәселелерге бас тігіп барды. Мемлекеттің саяси-қоғамдық, әлеуметтік, құқықтық, рухани әлеуетін арттырып, қуатын жетілдіретін құдіретті күш ғылымның потенциалына тән. Халқының қамқоршысы, жоғын түгендеуші, мұңын мұңдаушы, ағартушы – Абай ғылымға деген бұл принципті қалтқысыз жүзеге асыруды көздеп «қалың қазағына» «Ғылым таппай мақтанба» деп, ғылым приоритетін көтеріп, бақытқа, байлыққа, арман биігіне бастайтын бірден-бір құдіретке қол жеткізудің жолын нұсқайды. Болашақтың тізгінін қолына ұстайтын жастарға А.Байтұрсынов: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» демекші, Абай да ертеңнің қамын жеп:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз, - деп ғылымды игеріп, соның шапағатымен жайлы орныңды тапқанша арзан күлкіге алданбай, бос мақтанның қанжығасында кетпей, күллі тірлігіңді жоққа шығаратын бес нәрседен сақтанып, есіктегі басын төрге оздыратын бес нәрсені өмірінің тірегіне айналдыруды ұсынады:

Олар:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Асылы, Абай санап беретін адамзаттың қас-жауы: өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ – даңғойлық қашанда болмасын ақылдың көзін байлап, жүрекке ажым салып, көңілдің күнін өшіретін қара ниетті ібілістік пиғыл-амалдар. Мұнан әсіресе тамыр тартып, жапырағын жайып, енді бой көтеріп келе жатқан жастар қашық жүргені жақсы. Үнді жазушысы Мулианат Госвами: «Бәлкім, сөз өнерінің жалғыз қызметі – адамның ішіндегі арды ояту шығар. Әрқайсысымыз арлы болсақ, қоғам оянады, түзеледі» («Қазақ әдебиеті», 16.10.2020 ж.).

Жастарды, жалпы халықты ібілістік пиғыл-амалдардан аулақ жүруге кеңес берсе, енді оларға бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой (білім, ғылым), қанағат, рахымды тірлігінің қан тамырына айналдырып, ақыл-арына басымдық берсе, әр басқан адымы, істеген ісі креативтілік деңгейімен сүйсіндіріп, ұлтының сүйер перзентіне айналатынын ерекше ескертеді. Госвами айтпақшы, бұл өлеңінде Абай ғылымды меңгертудің заңнамасын «адам ішіндегі арды ояту» арқылы адам қоғамын ойрандайтын бес дұшпаны мен қоғамды креативтілік деңгейге жеткізетін «бес асыл істі» қатар ұсынып, надандықтан төбесіне қос қолын қойып қашып, адамдықтан адастырмайтын ардың, ақылдың кілтін ұсынады. Ғалым Амалбек Өміртайдың: «Кім көңілден өткізіп, тіршілігіне қалай тартса, адамдықтан адастырмайтын ақылдың кілті Абайда», - деуі құқықтық мәні жоғары ғибраттық әмбебаптығын мойындауын білдірсе керек.

Осы өлеңінде ақын:

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз, - деп дүниетанымы, данышпандығы зор ақындығы тамаша сыншылдықпен, берік, айқын көзқараспен халқының көсегесін көгертетін қоғамның тынысымен үндес, өміршең, өзекті проблеманы көтереді. Жастарды ғылымға ұмтылуды, жақсыдан үлгі алып, соған ұқсаудан қорынбауды, қиындықтан тайсалмай, бәйге атындай топтан озып, бар ғұмырын сол ғылымға бағыштағанның жұлдызы жанатынына, түбі дүниені де, малды да, атақ, дәрежені, даңқты да иемденетініне сендіреді. Әл-Фараби: «Ғалым болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу», - деп ғылым қуған жанның жаңалықтар ашатын ақыл-парасаты, болмысы ешкімге ұқсамайтын құбылысқа жатқызса, Мұхаммед (Ғ.С.) пайғамбар: «Оқымысты адамдар – Алла Тағаланың алдындағы сенімді жандар. Білім үйрену ғибадаттан да артық және діннің де тірегі», - деп ғылымның заңын меңгерудің адамшылықтың парқынан, имандылықтың шартынан құнар тартатынын меңзейді.

Сары алтынның буындай өлеңі – «Интернатта оқып жүр». Абай бұл өлеңінде де барлық өлеңдеріндегідей қазақ халқының бұзық мінездері, теріс әрекеттері, пайдасыз істері, жалқаулық, бойкүйездік, намыссыздық, даңғойлық, арызқойлық, мақтаншақтық, шенқұмарлық, сабырсыздық, еріншектік, екіжүзділік, қызмет үшін, шен үшін оқыған азаматтардың олқы қасиеттерін сынай отырып, кейінгі жас буынды өнер-білімге, ғылым үйреніп, кәсіп игеруге шақырады, елінің жоғын іздеп, мұңын мұңдауын көксейді. Бір жағынан қазақ балаларының қолдың саласындай жұптары көбейіп, білім алуға құмарлығы артқанына қуанса, екінші жағынан:

Ойында жоқ олардың

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой,

Көңілінде жоқ санасы, - деп өкпесі қабына мұңға батады. «Үміт еткен достарына» бата берудің орнына, олардың заңнан сауатсыз халқын тілмаш, адвокат боп, барын көмейінен өткізіп, қанын соруды көздеген жемқор, тәкаппар, менмен, паң, өркөкірек мінезге әуестігіне, іскерлік қабілеті мен адами қабілеті шамалы, тілімен орақ оратын, бөспе, жалған сөйлейтін, популист, бос қуыс кеуделілігіне күйінеді. Білімді қалтасының қамына қызмет еткізуді көксегендер – алысқа бармайтын еріншектер. Еріншектіктен талапсыздық, жігерсіздік, кедейлік, басқа түгілі жақынына жаны ашымаушылық, ұятсыздық өрбімек. Олар болмай жатып осындай жиіркенішті мінезге әуес болмай, азаматтық құқығын құрметтеп, алған білімдерін халқына мінсіз қызмет етуге жұмсауын армандаған Абай, оларға ұлылардың ісін, ұстанымын, мұратын үлгі етеді. Шығармаларында мемлекет тұтастығын, халықтың ауызбірлігін, елдің ынтымақ-ырысын сақтауды, әр адамның құқығына құрметпен қарауға, әділдіктен, адамгершіліктен айнымауды талап етіп, айнығандарды жалынды, жанды, өткір сезімді, шанышпа тілді, сатиралы ащы мысқыл, улы күлкімен өлтіре сынап, «В жизни только одно не сомнительное счастье – жить для других» деп Россияны еміндірген ұлы жазушы Л. Толстой мен кемеңгер сатирик Салтыков-Щедринді оқып, жолын ұстануды қалауы тегін емес.

Ағылшын ақыны Перен Биши Шелли: «Поэзия әлемдегі ең үздік һәм ең керемет дүниелерге мәңгілік өмір сыйлайды», - деп поэзияның әмбебап табиғатын қапысыз танып, поэзияның қоғамды жете барлап, қоғамның құпия қатпарларын қопарып, оның заңдылықтарын халыққа философиялық, моральдық-этикалық, эстетикалық, психологиялық, идеялық, жоғары көркемдік деңгейде жеткізе алса ғана «керемет дүниелерге мәңгілік өмір сыйлайтынын» айтқысы келген. Ал біздің ақын қызымыз Толқын Қабылшаева болса:

Ақындық тұғыры ғой ар-намыстың,

Арлы болсаң – аспанға самғап ұштың.

Ақындық шаруасы емес саудагердің,

Майда-шүйде тірліктің жанбағыстың, - деп ақындық киелі өнер, ол «майда-шүйде тірліктің, жанбағыстың», нантабудың құралы емес, «ар мен намыстың», мыңның бірі ғана көтерілер тұғыры екенін ширыға ескертіп; жазғандарының дәні жоқ, суы көп нәрі жоқ, ұйқасы шала-пұла, айтары жауыр болған жай, құр айқайдан тұратын көтерем дүниелеріне кеудесі кеуіп жүрген ақынсымақтардың «саудагерлік» амал-айлаларынан арылатын шақ туғанын, ақындықтың беделін көтеруге үндеген.

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай сонау ғасырда қазақ өлеңінің тотемін өмірге әкеле отырып, қазақ поэзиясының сапасын көтеріп, табиғатынан дарынды халықтың бұл өнерге көзқарасын түбірімен өзгертуге, тың реформа жасауға кірісті. Оның себебін Алаш зиялыларының бірі Міржақып Дулатов шешіп береді: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі. Абай аты болуға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттылығы да сол. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай». Ал Алаш көсемі, қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов болса, қысқа да нұсқа: «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында ақын болған жоқ», - деп кесіп айтыпты.

Абай үздік ақындық өнер заңдылығы талабынан шығатын өлеңді қалай жазу керектігін «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты жырында:

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол - ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

... Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміссөзжақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы? – деп өлеңді сөз патшасы, сөз сарасы деңгейіне тек ойы терең, кемел білімді, тілі көркем, іші алтын, сырты күміссөз жақсысын қиыстыра білетін ер данасы – ақын ғана жеткізетінін ескертіп; ақынның да ақыны, тыңдаушының көкірек көзі өткірі мен сөз түсінбес, жаны жайдақ надандары жетіп-артылатынын; қараңғылық жайлаған ортада жақсы мен жаман, асыл сөз бен жілігі татымайтын арзан сөздің нарқы бірдейлігіне қынжылады. Ең негізгісі, өлеңнің құнын түсіріп, өнер заңдылығын өрескел бұзу – «сөз арасы бөтен сөзбен былғануы». Бөтен сөз дегенде, өлеңінде ақын басқа тілден сөздерді келсін-келмесін көбірек енгізуін айтып отырған жоқ. Оған да ценз болғаны орынды. Бұл жерде Абай айтып отырған «бөтен сөзі» өлеңінде бір тақырып, бір мәселе көтеріліп отырғанда әңгіме тек соның төңірегінде өрістеуі шарт. Контекстен ауытқу – білімсіздік, жоқтан бар жасау. Абай сонау жасөспірім, бозбала шағында-ақ ауыз әдебиетінің мол мұрасына шөлін қандырып, шешендік өнерді меңгеріп, билердің билігін, көсемдердің көсемдігін көзімен көріп өскендіктен, сұхбаттасының әр сөзіне мән беріп, приоритетін мойындауға мәжбүрлеген.

Мәселен, ақын Ықылас Ожайұлы «Абайға қатысты алты сөз» мақаласында («Ақиқат» журналы, №1, 2016 ж.) 14 жасар Абайдың Құнанбай шаңырағында келелі кеңес құрып отырған шақта, замандастарының арасында аты кең танымал ақын Жылтырды сөзден тосылдырған тапқырлығын тамсана жазады. Төрде күміс зерлі шақшасын екі алақанында ойнатып отырған Бозай төреге Жылтыр ақын:

Қызылсу Шарға құймай тасымайды,

Әркімнің бір жары бар  басыбайлы.

Аңырып отырғанша ермек болсын,

Бозеке, бері  таста насыбайды, –  депті.

Құнанбай, Бозай: «Бәрекелді,  өлең-ақ екен.  Айтар болсаң, осылай айт», – деп  Жылтырды ақ арғымаққа мінгізіп жібереді. Керісінше, Абай Жылтыр ағасына тіке қарап:

«Сізді  ақын  екен  десем,  жамаушы,  тіпті  өтірікшінің  өзі  екенсіз ғой», - деп ақ арғымақтан ағаш атқа мінгізеді. Құнанбай баласының танымал ақынды тақыр жерге отырғызғанына ыңғайсызданып: «Әй, Абай, сөзіңді дәлелдеп бер, әйтпесе қайтып ал», - деп зекігенде, 14 жасар Абай бір шумақ өлеңнің өтірік фактіге құрылып, жоқтан – бар, қисынбайтынды қисындырған шала піскен дүниені орнына қойып береді. Ақындығын көрсеткісі келіп, кеудесі ісінген Жылтырдың аяқ астынан абұйырын айрандай төккеніне аратүскенсіген Бозай төре: «Шырағым Абай, осыны өзің айтқанда қайтып айтқан болар едің, кәне?» - деп «сыншыны» тығырыққа тіремек болады. Сонда Абай еш қысылмастан:

Қараша хан қасында басыбайлы,

Қарасыз ханның көңілі тасымайды.

Ақыры отырғанша, ермек болсын,

Бозеке, бермен таста насыбайды, - деп тоқтағанда, үшеуі де келтірген уәжге риза болыпты. Өлеңде құрау, жамау болмай, нақты тақырыптың өзегінен табылған жөн. Әңгіме Құнанбай үйіндегі мәжіліс, соның мазмұны мен мәні төңірегінде өрбуі қажет. Бұл жерде аға сұлтан Құнанбай – ханда, онымен кеңескелі келген Бозай төре, Жылтырақын – қараша. Абай сол төңірегінде отқа май құйып, лапылдатып жағып береді. 14 жастағы жасөспірім шағында өлеңнің майын ішкен Жылтыр ақынды сүріндірсе, 40 жастан асқан ғұлама Абай Алашқа танымал Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жыраудың «Өлеңі бірі – жамау, бірі құрау» дегені объективті теориялық талдаудың озық үлгісі.

Профессор Т. Нұртазинше пікірімізді өрістетсек, қазақ даласында ақылшы да, әмірші де, сынақшы да Абайдың жалғыз өзі еді. Сондықтан көп өлеңінде сынақпен ғана тынбайды, өнегелі жол көрсетіп, өлеңнің қасиетін түсіріп, құқығын аяқ асты еткен дүниеқоңыздықты беттеріне шыжғыра басып, санамалап алдыға жаяды:

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Абай бұрынғы ескі бидің кейбірі Ата Заңға сүйенудің орнына ескі мақалдардың өрісін шарлап, бос сөзбен елді тұралатып, өзі де қылмыстың кілтін таппай лағып, бидің атына жағымсыз сын айтылуына жеткізгеніне күйінеді. Ақындардың көр-жерді өлең қылатын ақылсыз надандығын ұлы ақын:

Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

... Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, - деп, мұндай өлеңнің мазмұны, мәні, халықтың рухын оятатын, ұлттық идеяның шырақшысы болатын құдыретіне бас ауыртпай, өлеңді мал табудың арзан жолына жегіп, өтірік пен өсекті дәріптеуге приоритет беруі – ақын емес өлеңшінің ынсап-ұят, ар-намысты белден басқан дүниеқоңыздығын, алып-сатарлығын әйгілеуі. Билерді төбесіне көтере құрметтейтін Абайдың сынына ілігіп отырғандар, негізінен бар құқығын орыс отаршыларының құзіретіне беріп, екі тізгін бір шылбырдан айырылған, әділдікті зұлымдыққа айырбастаған кейінгі қараниетті билерді сын садағына ілуі деп қабылдаған орынды. Аса дарынды, асқан шешен, жан-жақты білімді, жан теңесе алмайтын терең ойлылығына кейде көңілі толмай, өзгені етінен өткізе, сүйегіне жеткізе өткір сынға алатынындай, өзін де аямай сынап, пенделікке ұтқызып қалса, өзіне-өзі есеп беріп отыруы біртуар феномендік шыңына көтерілуіне жол ашты. Абайды Абай еткен осы дегдарлығының құдіретін Елдос Тоқтарбай да құптайды: «Абай – өз-өзіне сын көзімен қарап, нәпсісін ауыздықтаған, өзін-өзі тәрбиелеген мінез айнасы, болмыс сыншысы» («Ана тілі», 23.02 – 04.03.2020 ж.).

Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңіндегі өнерпаздық құқықтың бұрмаланып, қасиетін жоймау талабын «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңінде жалғастырады.

... Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,

Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.

... Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе

Оған кімнің ұнасар таласуы, - дейді. Ұлы ақынның бұрынғы жақсыларға неге еміренуінің сырын Ахмет Байтұрсыновтан табамыз: «Шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады». Абайдың арманы – ақынның сөзі тәтті, мағынасы түзу, бөтен сөзбен былғанбаған, қиыннан қиыстырылған, іші алтын, сырты күміс саф поэзия. Сондықтан да ол сөз танырлық қабілеті шектеулі кісілердің ортасында құрметке бөленіп жүрген ақындарды:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бәрі – жамау, бәрі құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде көрініп тұр-ау, - деп оларды көтерген тақырыбы, кейбірінің ел мүддесі, мақсатын көздеп өлеңді билеушілердің параномиялық әрекеттерін сынға алуына қарсылық білдіріп отырған жоқ. Басты мәселе – өлеңнің өлең деңгейінде қалып, манипуляцияның құралына айналмауы. Абайдың тарихта өзіндік орны бар Шортанбай, Дулат, Бұқар жыраудың жырларынашүйлігуінің концепциясын ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов былайша тарқатады: «Эпостың идеялық тереңдігі мен халықтық көркемдігінен айырылып, түрін ғана ұстап қалған «Зар заман» ақындарының жылап-сықтауға, үмітсіздікке айналған «поэзиясын» мансұқ етіп, қазақ поэзиясын орыстың реалистік әдебиетінің жолына салуға тырысты» («Абай тағылымы», «Жазушы», 1986 ж. 113-б.). Бір ескеретіні, Абай ескі ақындардың бәрін қазанға қуыра бермеген, Марабай мен Шөжені ғана «нағыз ақын» деп бөле-жара ілтипат білдіруінде олардың туындыларынан киелі жанрдың паритетін танып-білген сыңайлы. Ғ. Мүсірепов көре білгендей, Абай «қазақ поэзиясын орыстың реалистік әдебиетінің жолына салу» үшін әуелі өзі сол жолға толық түсуінің қажеттігін туу баста сезінген.

Ол ақындарға үлгі ретінде өлеңді қарабайыр да қарадүрсінділіктен, жалаң баяндаудан ада етті. Өлең, поэмаларынан Абайға тән жаңа сөздер мен толып жатқан тұрақты, тыянақты сөз тіркестерін ұшырастыруға болады. Шығыс, Еуропа, Россия ақындарының туындыларын байыптап оқып, ізденуі, әр сөзінің философиялық астарына үңіліп, ой елегінен өткізуі, ақыл таразысына тартып барып көкірек көзімен көріп, жүрегіне жеткізуі туындыларына жаңа түр мен жаңа мазмұн беріп, ақынның өзіне ғана тән, өзіндік стилін туғызды. Поэзиясындағы сөздердің шымырлылығы, қуаттылығы, бейнелілігі, көп мағыналылығы, жырларындағы сөз саптауында ұлттық колоритке аса байлығы оны ешкімге бұйырмаған қазақ әдебиетінің шырқау шыңынан орнын сайлап берді. Поэзия шыңынан орнын сайлаған Абайға оралудың мәні мен мағынасы жайлы жазушы Әлібек Асқаров ұлағатты пікірін ұсыныпты: «Абайға оралу дегеніміз – ұлттық өркениетке оралу деген сөз. Бүгінгі қазақ та, келер қазақ та тек өркениет жолымен ғана жүруі тиіс, тек өркениет ғана бізді сақтайды һәм күшейтеді» («Айқын», 11.08.2020 ж.). Демек, Абай туған халқын өркениетті поэзияның уызымен жүрегін жалғай отырып, өркениеттің поэзиямен жазылған, құқығын қанына сіңіреді. Осы мақсатын ол:

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяңдап, - деп бос мақалдап елді әбігерге салып, есінен тандыратын көкмылжың би; өлеңді қайыр тілеудің құралына айналдырған ақынсымақтың әгугәйі емес, терең ой, терең ғылымға арна ашатын сөздің түзелгенін, оның басында ғұлама Абайдың өзі тұрғанын ескертеді. Өзінің өлеңінде жастарды терең ой, терең ғылым алуда құқығын дұрыс пайдалануға динамика, импульс тудыратын сара жолды ұсынады:

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуелбаста-ақ.

Бұл – жеті рет өлшеп, бір кесетіндей дұрыс шешім. Тіл – ұлт боп қалыптасудың тұғыртасы. Тілсіз адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы жойылады. Өмір сүрудің заңы да сол тілдің қуаты, құнарына тәуелді. Наданның көзін ашатын, думан-сауықтан өнерді меңгеруді, білім алуды жоғары қоятын жастарға да тілді меңгеру ауадай қажет. Абайдың этика саласындағы ұстаған негізгі принципі – «Адамды Адам ету» (Б. Ғабдуллин).

Нағыз зиялы адамның бойында әділеттілік, шынайылық, жанашырлық берік орын тепкен. Ол реалистік қағидаттан, ақиқаттан, рухани негізден шықпайды, ұлтының діліне, дініне, тарихы мен дәстүріне қылдай қиянат жасамай, қаз-қалпында әжетіне асырып, соларды халықтың игілігіне пайдалануды басты мұраты санайды. Сол зиялылардың бірі Абай тәтті өтіріктен – ащы шындықтың артықтығына елдің көзін жеткізуге, хақ жолынан ауытқу имансыздыққа, ашкөздікке апарып соғатынын өзінің шыншылдығы, қуаттылығы, бейнелілігі, көп мағыналығымен жұртты тамсандырған өлеңдерімен барлық зарын, шерін, уайымын, қайғысын, ызасын кегін ақтара отырып, осындай халге дұшар еткен кейіпкерінің садизмі мен жексұрындығын, ешкімге опа әкеліп, көсегесін көгертпейтін оспадар мінез, ожар сезімдері, қылмысқа итермелейтін қылықтары асқынып, шектен шыққанына оқырманның жағасын ұстатады. Ол – «Көжекбайға» атты сатиралық өлеңінің кейіпкері Көжекбай болыс. Туындының преамбуласында ұлы ақын сол болыс қызмет істейтін Тобықты руына мінездеме беруден бастайды:

Ел бүлігі Тобықты

Көп пысыққа молықты.

Малдының малын көре алмай,

Борышын түгел бере алмай,

Көрінгенге обықты.

Қазақтың малын сапырып,

Көп бәлеге шатылып,

Кесапатқа жолықты.

Өзінен шыққан жақсылар

Түзей алмай зорықты.

... Сыйымсыз болды алашқа,

Барымтасын тыя алмай, - деп регрессивті күштердің ықпалы жүріп, ретоград, керітартпа күштер Тобықтыны аздырып, азғындық деңгейге жеткізгенін майдан қыл суырғандай талдап жеткізеді. Тобықты саны көп, пысығы мол, өзге шағын руларды аяғынан шалып, омыртқасын опыруға жаппай жабылып, малдысының малын сыпырып алып, таяқ ұстап қалғанға жеткізетін сыйқымсыз әдет, бұралқы мінездер жайлаған, ұры-қарының шіріген ұясына айналғаны алашқа, күллі Орта жүзге аян. Абайдың өзі де Тобықтыдан шыққанына қорланып, намыстанып түзеуге репутациясын салғанымен, «түзей алмай зарықты». Өйткені, екі тізгін, бір шылбырды қолына ұстаған болыстардың өзі ұрлық-қарлыққа тиым салып, ел бірлігін, ынтымағын бекем ұстап, ұйтқысы мәйегі болудың орнына, өздері сол азғын әрекеттерді қолдап, қоғамды ірітіп-шірітудің көзірі болды. Елдің көсегесін көгертпейтін, масылдыққа бейім, жемқорлыққа жақын, арам байлыққа құмар, шала сауатты Көжекбайлар – өзінің де, болыс қойған Тобықтының да соры. Абай болыс болғандар, Көжекбайға шүйілгенде ажарсыз, арсыз суреттерін айнытпай түсіріп, қап-қара жүректерін халықтың алдына алып шығады. Жамандық, зұлымдық деген осы екен-ау деп көпті көктей солдырған осындайларды – төре немесе ру басы, жуан бел би, аталы шонжар, рушыл әкімдер істеген жауыздықтарының сыбағасы бұйырып, көздері жойылуы сауапты іс. Бұдан шығатын қорытынды, Абай өлеңдері – әлеуметтік, зайырлы, құқықтық және демократиялық елге айналуға жетелейтін базалық қағидалардың нәрі. Белгілі сыншы, марқұм Сағат Әшімбаев: «... қазақ қазақ болып, ес жиып, етек жапқаннан бергі уақыттан Абайға дейінгі аралықта одан артық «Қалың елі, қазағы, қайран жұртының» қамын ойлап, қабырғасы қайысқан, жақсылығымен қоса жамандығын жіліктеп айтып берген, туған жұрты мінезінің жарамсыз жағы жанына батпандап батқан ақын да, азамат та өтпеген сияқты», - деуі Абайдың ақындығы, азаматтығы, ұлт патриоты екенідігін көре білген кемел бағалауға жатады.

Абай қоғам болмысы мен өлеңдеріндегі интеграцияның үндестігі, шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік жоқ жерде сынның жолы кесілетіндігін есінен шығармаған. Жалынды, жанды, өткір сезімді, шанышпа тілді, сатиралы ащы мысқыл, кекесінді улы күлкімен ел тізгінін қолына ұстаған қуыршақ басшылардың ақыл-ойына, дүниетанымына, сезімі мен тәжірибесіне ықпал етуді, жалпыға ортақ мұраттарды көтеруді күрескерлік парызы, суреткерлік міндеті санаған. Мәселен, «Күлембайға» атты сатиралық өлеңінде болыссымақ Күлембайдың ел қамын жемек тұрмақ, өз басының ауруын емдеуге дәрменсіз, қабілетсіз, сорлылығына күйініп, қолынан келмейтін іске талабы, өзгемен таласы, бәсекеге түсуіне қынжылады. Абай ұғымында талап пен талас, бәсекеге қабілет пен прагматизм – бір-бірінен ажырағысыз құбылыстар. Ондағы мақсат – кейіпкері жамандықтан арылып, былғанған арын тазартып, ынсабын тыйса, жемқорлықтан жеріп, ұлттық санасы, елдік намысы оянса деген үміт. Сол Күлембай болысқа Абай:

Ел билеген адам жоқ,

Атаменен бабаңда.

Болыстықтан пайдақып,

Шығыныңды алсаң, жаман ба?

… Орныңнан тұра шабасың,

Атшабар келсе қышқырып.

Ояз келсе, қайтер ең,

Айдаһардай ысқырып?

Отырасың үйіңде

Өз-өзіңнен күшкіріп.

Босқа-ақ түсіп қаларсың,

Біреу кетсе үшкіріп!.. – деп бір жағы әзіл-қалжыңға сүйеп, өсіре келе сатираға ұласқан туынды. Парамен болыстықтың шылбырын ұстап, енді осы шеннен айырылып қалмай, жалғастыру барысында орны үңірейген шығынын қайтарып алуға жанығып, алаөкпе болған қараңғы, надан адамның шықпа жаным, шықпа тірлігіне үңілту арқылы заман атқамінерлерінің жағымсыз образын жасаған. Құр көкірек, бос кеудеден басқасы қонбаған сорлының біреу арыз жазса, ебелектей ұшып кетерін көзіне айтады. «Күлембайға» деген екінші өлеңінде «Түйеде қом, атта жал қалмай» жағынып, қолтығынан сүйейтіндерге тығындап, болыс болған соң елін уысында мығым ұстай алмаған бейшараның «күштілері бар, әлсіздері бар», старшын, ояз т.б. алдындағы дәрменсіз, көтерем, бей-жай құбылысы қапысыз бейнеленеді. Сұрап алған аурудың емі жоғын енді сезініп, қордаланған қылмысы түбіне жеткенін өзі мойындауға мәжбүр:

Бұрынғыдай дәурен жоқ,

Ұлық жолы тарайды.

Өтірік берген қағаздың

Алды-артына қарайды.

Өз қағазы өз көзін

Жоғалтуға жарайды.

Тауып алып жалғанын,

Қылмысыңды санайды.

Өзі залым закүншік

Танып алды талайды,

Көрмей тұрып түсеміз

Темір көзді сарайды – деп. Заман өзгерген, бұрынғыдай «ауыз басты, көз қыстымен» шаруасы бітер қазақ билеушілерінің заманы келмеске кетіп, патшалық Ресейдің отарына айналып, бар байлықты иемденіп, билік қолына көшкен, шовинистердің консолидациясының қамытын киген олар басыбайлы құлдықта жүрді. Алаш көсемі Мұстафа Шоқай: «Ресей – дүниежүзіндегі ең қомағай, ешқашан тойымы жоқ мемлекет. Ол жерді қанша көп иемденсе, соншалықты араны ашыла түседі», - деп қарауында қызмет еткендер көңілінен шықпаса, аранына жұтылып кетерінен сақтандырған. Сол аранға жұтылғанның бірі – Күлембай болыс. Ол болыстығынан біржола айырылып, малдының малын көре алмайтын қызғаныш, қорқаулық, даңғойлығы, алдау, арбау, парақорлық, ұрлығына қатысты бар қылмысы оны темір торлы түрмеге қол-аяғын кісендеп, тоғытатын күні жеткенін мойындауға мәжбүр. Абай заманындағы ел ұстаған қазақтың бәрі ұры-қары, парақорлықтың апогейінен табылған. Ақын Иран-Ғайыптың: «... қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес», - деп түңілуі негізсіз де емес. Абайдың «қалың елі, қазағының» екі тізгін, бір шылбырын қолда ұстау үшін бар билік пен асқан байлықтың иесі болудың қажеттігін тілге тиек етуі де көзбен көргені. Ол бәлкім, биліктің айналасындағы сауатсыздардан, мисыздардан, жағымпаздық пен сатқындықтан зәрезап боп, шаршаудың салдарынан туған ой шығар. Ал, тарихқа жүгінсек, қазақ «дос сүйсініп, қас сыйлар, Асу бермес дана» (Төле би) халық қой. Жеріміз кең, халқымыз аз болғандықтан, бізге көз сұғын қадайтындар жыртылып-айырылған. Сонау халық болып тұтаса бастаған түркі заманындағы геосаяси жағдай қандай болса, әлі де сондай. Сол асты-үсті қазынаға кенен Ұлы Даланы ұрпағына «мың өліп, мың тіріле» жүріп аман-есен мұраға қалдырған дарқан, батыр, ержүрек, бауырмал, кеңпейіл, дана халқымыз тарихта басына қара бұлт үйірілген кезеңдерде игі жақсыларын пана тұтқан. Әл-Фараби, Асан қайғы, Абылай хан, Сырым батыр, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Абай, Исатай, Махамбет т.б. ұлтқа ұстын болар ойларымен халқын тығырықтан шығарып, басын қара бұлттан айықтырып, өмірі шұғылалы болуына ғұмырын да бағыштаған текті тұлғалар ретінде белгілі. Олар қарынның құлы Көжекбай, Күлембайлардай тоғышар, көрсоқырлар емес, «өмірлік тәжірибесі мол, тазалық таразысында нық тұратын, материалдық құндылықтардан моральдық құндылықты жоғары қоятын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен биік санайтын, ар биігіндегі адал жандар» (Сот ардагері – Бекет Тұрғараев). Олардың әділеттілікті, адамгершілікті адал жүріп, адал тұруды, халықты жан-тәнімен сүюге үндейтін уағыздары, ғақлиялары Ата Заңның қуатты баптарының құнарын арттырған.

Мемлекет мүддесінен өз мүддесін жоғары қоятын популистер мен демагогтар халықтың саяси, әлеуметтік құндылықтарын жетілдіруде реформа  жасай алмайды. Ал  күллі саналы ғұмырын халқына мінсіз қызмет етуге арнаған ұлтшыл күрескерлер реформа жасауда мемлекетке жаңа сипат бітіруге, ұлттың жаңаша ой-санасын түзеуге, қоғамдық құрылыс, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, жаңғыртуға білек сыбана кіріспек. ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басынан басталған патшалық Ресейдің Орталық отарлық жүйесін жалғастырған Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясаты кезінде Алаш ардагерлері құрған «Алаш» партиясы дүниежүзінің өркениетті елдерінің тәжірибелерін пайдалана отырып, қазақ халқының дербес дамуы мен прогресс жолына бастайтын мемлекеттік-құқықтық идеяларды ұсынады. Егер оларға Тәуелсіздік алғаннан кейін ел тізгіні қолдарына тисе, Қазақ елі әлемдегі дамыған елдердің көшбасында тұрарына еш күдігіміз жоқ. Демек, халық тағдыры – игі жақсылардың қолында.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселіміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», - деп Абайдың қай саланы жырласа да елдің еңсесін көтеріп, мемлекетті мұратқа жеткізетін заңнаманы насихаттайтынын бір сәт естен шығармай, соны бұлжытпай орындауға міндеттеген. Президент пікірінің ақиқаттығына «Қараша желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңіне талдау жасап, көз жеткізуге болады. Қараша да, желтоқсан да – қыс айы. Қар жауып, боран борап тұрғанымен, бай қыстаудың төңірегіндегі жайылымды сақтап, шөп-жемін үнемдеу мақсатымен, күзеуде тапжылмай отыр. Киіз үйі неше қабат киізбен қапталған, отын-суы жеткілікті, ішіп-жемі мол, қызметшілері отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, киімі жылы байға ауыртпалық тудырып отырмағаны белгілі. Салмақ отын-суы тапшы, лашықты ілдәлдалап, жамау-жасқаулы ескі киіммен лыпасын жауып жүрген, ішер асқа зәру; үй иесі алагеуімнен малын жайып, әбден ымырт жабылғанда өрістен діңкелеп оралатын, әйелі болса ертеден қара кешке дейін бай үйінің қара шаруасымен қатып-семіп, алғыстың орнына қарғыстың қара сорпасымен өзегін жалғап жүргендерге түспек. Балалары болса не әке, не шешенің жылы алақанын сезіне алмай, қарны ашып, бай балаларының қолындағы тағамға көзін сатып, жаутаңдаумен күндері өтуде. Осы қабырғаң қайысатын жайды Абай:

Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,

Бала шықса асынан үзіп-жұлып,

Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,

Үйген жүктің күн жағын орын қылып.

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,

О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.

Асын жөндеп іше алмай қысылады,

Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр, - деп өзінің малын бағып, қара шаруасын қапысыз қалпына келтіріп, ісін тындырып, үйі-жайы, бала-шағасына қарау мұң болған жалшыларына хайуандық инстинктпен қарым-қатынас жасайтын бар байлық, рахат өмірді азапты тірлігімен сыйлап жүргендерді көрмейтін көрсоқыр, қайырымсыз бай мен қатыгез әйелін, ең ақыры олардың аш балаларының бір жапырақ нанды сұрауға батпайтын көз жасын елемей, ата-аналарының зарын естімейтін таскереңдігі, сезімсіздігін, демек есігінде жүргендердің еңбегі мен адамдық құқығына пысқырып қарамайтын надандығын, қайырымсыздығын, сараң, қытымыр, үскірік мінезді адамдар екенін мінейді. Ертеңін ойлайтын есті бай болса, есігінде жүрген, маңдай терін, бар қабілетін өзіне сыйлап жүрген құлына, оның балаларына жылы пейіл білдіріп, қайырымдылық көрсетсе; ертеңнен кешке дейін бай үйінің бітпейтін шаруасына байланып, лашығын жылытуға отыны да жоқ құлының әйеліне орта қап емес, бір қап тезекті аямай беріп, аш балаларын тамақтандырып, өз балаларымен тату-тәтті жүруін қадағалаудан безінсе; «Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ, Адастырған екеуін құдайым-ай», - деп абсурд күйге ұлы ақын қалай қынжылмасын? Құл да жоқшылық, кедейліктің мәжбүрлеуімен күнін көру үшін біреуге жалданғанымен, ол да адам, азамат қой. Маңдай терін, адал еңбегін бағаламай, тірідей өзін, отбасын тозақта ұстаған ақылсыз, қайырымсыз, қатігез байға ол қашанғы ес-түссіз табына бермек. Күндердің күнінде есігіндегі есегіне балағаны көкжалға айналып, ар-намысы қозған ол байға – арлан төбетке тұра ұмтылары хақ. Ондай жерде байдың малы өсіп, дәулеті шалқымай, құрдымға кетер сәті жақындай түспек. Дүниеқоңыз байдың ол деңгейге жетпей, сүйенгені жоқ кедейдің ондай түбіне жететін қылмысқа аяқ баспай, өзара тіл-табысуына Абай медиаторлық қызмет атқарып:

Алса да аяншақтау кедей сорлы,

Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.

Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,

Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы, - деп байды ақылға шақырып, адамгершіліктен аттамай, қақаған қыста бала-шаға, кемпір-шалын тентіретпей, «тас болмай», көктемге дейін «жылы орнынан» қозғамауға, есігінде жүрген еңбеккердің құқығын берік жүзеге асырып, еңбек адамына жағдай жасауға кеңес береді. Мұндай эвтаназияға адал, баянды дәулеттің иесі олигарх Джон Рокфеллер айтпақшы: «Адамзаттың асылы – өз еңбегімен байығандар!» деп дәріптейтіндер ғана барары хақ. Еңбек сүйген адамдарды Абай зор бағалап, тағдырлары тығырыққа тірелгенде, қол ұшын берген. Болыс, би, төбе билікте жүргенде ұрлық-қарлық істеуге еріксіз мәжбүр болып, байлар мен атқамінерлердің алғашында оң қабағына ілініп, кейіннен өз бастарына қара бұлт үйірілгенде оққа байлағандарын әділ би Абай мұқият тексеріп, бостандық ауасын жұтқызғандары көп. Біразын ол аулына малшы, жалшы етіп қабылдайды. Олар адал еңбегімен көзге түсіп, өздері де мал малданып, ауқатты отбасына айналуына мүмкіндік жасайды. Абай аулынан Байсүгір, Қорамжан, Дарқан, Жетібайлар жекешаруа иесіне айналып, әлденіп көшкені жұртқа мәлім. Азамат, ақындығы Абайды осылайша сын сағаттарында халқына қамқор болуға жетелеген. Ол заңды құбылыс екенін ұлы сыншы, асқан ойшыл Н.Г. Чернышевский: «... суреткер талант иесі ғана емес, күрескер де болуға тиіс. Оның жек көруі немесе ұнатуы өмірлік фактілерді іріктеп алуынан байқалмай, белгі бермей қалмақ емес. Бірақ мұнымен де іс тынбайды. Суреткер сол фактілердің мән-мағынасын жіті барлауға, терең ұғынуға тиіс. Оның ойынша ақын немесе суретші – ең алдымен адам, суреттеп отырған құбылыстарына үкім айтпай тұра алмайды. Бұл үкім оның шығармасында көрініс табады» (Полн. собр. соч., 1939 г.6 т. ІІ, стр. 86),- деуі әсіресе біздің суреткер, күрескер Абайымызға тән.

Азаматтығы мен ары сынға түскен шақта әділет жолынан таймаған Абайдың дұшпандарының қатары қалыңдай түскен. 1889 жылы ол:

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін - ау:

Бүгінгі дос - ертең жау,

Мен не қылдым, япырмау?!

Өз үйінде өзендей,

Күркірейді, айтса дау, – деп күнәсі үшін сыбағасын алғанына кешегі арасынан қыл өтпейтін текті досын жау санаған есепті досына өкпелейді. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейтін халық даналығының мағынасына санасы жетпеген, уызына жарымағаннан қандай ұлағат күтесің? Ұрлығы мен қулығы, қылмысы кеңірдегінен алғанда қолында күш, қуаты, билігі бардың құшағынан пана іздеп, тұсауы кесілгенде су ішкен құдығына түкіретін иісалмастың, жүзіктің көзінен өтетін жылпостың, сатқынның образын жасайды ақын. Адамгершілік, ізгілікке шақырғаннан жаудың жауыздығын сезінген көкірек көзі соқырдың қылығына қаны қараяды Абайдың. Абайдың бұл тәсілінің креативтілігін Ә. Тәжібаев жақсы ашқан: «Абайдың ақындығы екі жүзді қанжардай. Бір жүзі жібектен жұмсақ күн шуағынан жылы тисе, екінші жүзі алмастан өткір, мұздан суық соғады. Тиген жерін отап кетеді, қырып түседі. Ақын екі жүзін бірдей жұмсайды. Сондықтан да ол кейде шырын шәрбеттей бальзаммен емдесе; кейде сескенбей, тартынбай қимылдап, ұлы хирургтей отайды. Сол себептен біз оны бірде сұлу дүниенің шебер соғушысы Гетеге, бірде жек көрген әлемін жалынға қақтайтын Шиллерге ұқсатамыз. Бірде Пушкинмен, бірде Лермонтовпен үндестігін көреміз» («Абай тағылымы». А., «Жазушы», 1986ж. 206-б.), -деуі жүрек сөзі мен ісі үндес ұлы суреткердің туындылары юристік реквизит, қоғамды емдейтін заңдық иммунитеті екендігін мойындамау қиянат, білімсіздік.

«Мәз болады болысың» атты сатиралық өлеңінде ақын:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға, – деп отарлық жүйеге беріле еңбек еткенінбағалап, өздеріне күні үшін көзсіз табынған өлермен болыс орыс ұлығының манипуляциялық ықыласын Алланың басына бақ дарытқанына балап, артын шашылып-төгіліп, той-томалаққа ұластырып жіберген даңғой,дарақылығын Абай өткір сынға алады. Ұлықтың болысқа шенді шекпен жапқаны оның заңды еңбегін бағалаудың көрсеткіші емес, алаңғасар, итаяғына майлы ас құйғанға беріле қызмет ететін жағымпаздық сырына қанық орыс ұлығының басқа қазақтарды да осындай болуға емексіткен қылығы, арам пиғылы. Оны шенқұмар надан болыс жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейтінін көзімен көріп жүргендіктен өзінің осы айлакерлігі қолының жүруіне өріс ашқанына кеудесі ісініп:

Ол «болдым-ақ» дей берер,

Бұлғақ қағып басқанға.

Елең қағып елбірер,

Елертіп көзді аспанға, – деп еліргеніне, ізгілікті істің ерен серкелерінің біріндей асып-тасығанына күйінеді Абай. Сөйтеді де ащы ақиқаттың ішек-қарнын алдыңызға ақтарып тастай салады:

Жайы мәлім шошқаның,

Түрткенінен жасқанба.

Бір ғылымнан басқаның

Кеселі көп асқанға, - деп шенді шекпен киген болысқа талай сындарлы сәттер, сынақтар, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз, сондықтан орыс ұлығының арқаға қаққанына елірмей, ел тағайындаған басшы екеніңді ескеріп, елдегі ұлттық-патриоттық сегментке арқа сүйеуге, есектің жүгін емес, атан түйенің жүгін көтеруге кеңес береді. Отар елді қанап, езіп, азаматтық құқығын табанға таптап, ұлтты мүлдем жоюға бар қулық-сұмдығын, зұлымдығын аямайтын «жайы мәлім шошқалардың» сасық пиғылынан жиіркенбей, төрін тосып жүрген қазақтың өз ішіндегі ішкен-жегенге, шен-шекпенге елін сатудан тайынбайтын малайларын осылайша арзанға арын төгуге жеткізген отаршылдардың саясатын Абай жиіркене қабылдайды. Егер елдің екі тізгін бір шылбырын қолына ұстайтын келер ұрпақ империялық-шовинистік жүйенің – «шошқаның» қоқан-лоқысы, алдау-арбауы – «түрткенінен жасқанбай», мемлекет басқаруда заң талабынан айнытпайтын білім-ғылымға жаппай бас қоюын, елінің құлдықтан құтылып, тәуелсіздіккке қолын жеткізетін азаматтық кредосы айқын, абройлы, жаны сұлу, ойы кемел, адами болмысы ешкімге ұқсамайтын, бір ғылымды кие тұтқан, ар-намысын сала халқына еңбек ететін жас буын өмірге келуін аңсады. Абай діттеген табиғи модельге құлақ аспасаң, рухсыздық пен құдайсыздық түбімізге жететініне уақыт сан көзімізді жеткізді де. Осы ақиқаттың қыр-сырын ғұлама Герольд Бельгер жеткізе байыптады: «Абай өз дәуірінің перзенті болды. Сол тұстағы феодалдық-патриархалдық жікшілдікке бөлінген барлық қам-қаракеті, уайым-қайғысы оның кеудесін жайлап алды. Абай даланың көкірек көзіне айналды. Абай – даланың лүпілдеп соққан жүрегі еді. Абай – халық даналығының таразысы бола білді» («Абай тағылымы». «Жазушы», 1986 ж. 191-б.).

Ю.И. Лукин: «Өнер саяси идеология, құқықтық сана, мораль, ғылым, философия және дінмен бірге қоғамдық сананың үлгісі болып табылады». Поэзияны қоғамдық сананың озық туындысы деңгейіне көтеріп, өз уақытында білім, ғылымды дамытудың драйверіне айналған Абай «Сегіз аяқ» өлеңінде аналитикалық ойлау жүйесінің мықтылығын танытып, сол саяси идеология, құқықтық сана, мораль, ғылым, философия және діннің қасиетті қағидаларын тоғыстырып, халықтың көкейіндегісін айтып, көмейіндегісін жарыққа шығарған. Қалың қазақ жатқа айтып жүрген «Сегіз аяқ» - бір жағы сын, сықақ болса, екінші жағы – өсиет, ғибрат беру. Ұлы сыншы В. Белинский: «Егер сатираны кексіз күлкі, жеңіл мазақ, ұсақ қалжың деп түсінбей, масқара болған қоғамның құрысқан кегінің ажағайы, рухани айбары деп танысақ, Лермонтовтың «Ойы» дәл осындай сатира» - дегеніндей, Абай да сатираның беделіне нұқсан келтірмей, «масқара болған қоғамның құрысқан кегінің ажағайы, рухани айбарына» айналдырған. Айталық, замандастары көзі ашық, көкірегі ояу, мәдениетті, кең қолтық, халық сүйетін қоғамшыл, зиялы адам болу үшін қандай мінездерге үйір, қандай мінездерден іргені бөлек қондыруды, қандай кәсіптермен жатырқамай табысуды әр азамат – құқық субъектісі болғандықтан, өсиет, ғибратты алдына тосады.

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл.

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң,

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей –

Тояды қарның тіленбей, - деп, «тіленбей қарын тоятын» еңбекті қалай табуға болатынына шейін Абай саралап, санап береді. Лермонтовтың «Ойы» өлеңіндегі халықшыл идеясын дамытып, қазақтың саяси-әлеуметтік, қоғамдық-экономикалық жүйесіне лайықтап, адаптацияға басымдық береді:

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде, - деп адамның төрт құбыласын теңейтін еңбекті сүюге үндей келе, өзбек пен орысты байлыққа кенелтіп отырған қара жердің қадірін біліп, егін егіп, жеміс өсіріп жаңа еңбектің түрін жатырқамай меңгерсең, саудамен шұғылданудың тәсілін игерсең, мал да, байлық та үйіне өзі келетінін ескертеді. Жалданатын бай іздегенде жемқор, кеудемсоқ, мақтаншақ, адам қадірін білмейтін пасығына жоламай, еңбегіңді, адамдық, адалдығыңды бағалайтынын таңдап тауып, ығын паналау адастырмайтынына ақыл қосады. Сосынғы жерде ұлы ақын қазақ өзді-өзін сен бай, сен кедей, сен шекпенді, ол кетпенді демей бауырласып, өбісіп, табысып, бүтін бір ұлттың перзенті екенін әлемге әйгілеуді ғибрат етеді.

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос, – екенін әр қазақтың құлағына құйып, есі бардың санасына сіңіреді. Абайдың мұраты  –  халықтың көзін ашып, тұрмысын оңайлату, байлығын суалтпай, бақытын басынан тайдырмайтын өнер-білімнің ұрығын егу. Алаштың көрнекті жазушысы Есенгелді Сүйінов: «Қазақ бұратана, сауатсыз, сыртта қалған халық деген империялық теріс ұғымды жоққа шығарды, сол жалған түсініктің күлін көкке ұшырды. Өзгелерге қазақ та өнерлі, ақылды, озық ойлы жұрт екенін, журнал шығару да оның қолынан келетінін айтып көрсетті» деп ел-жұртын сүюде алдына жан салмайтын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жүрегінде жалындап жанған оттың қызуына ортақтастырады. Әлиханнан да бұрын елім десе, ет жүрегі елжіреп тұратынын күллі қазағына мойындатқан ұлы ақын дұшпанның халқы жайлы жалған түсінігіне түкіріп, бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті ту етуі ұлы ғалым Жүсіп Баласағұнның даналығында да жатыр: «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда».

«Сегіз аяқ» ішкі болмыс пен қоғамдық дамудың үйлесіміне үндеген, сананың жалпы жаһандық жаңғыруына шақырған, озық ой мен рух жасампаздығын, адамның фундаментальды құқығын шығармаларының шырағданына айналдырған айбоз ақынның көркемдігі мінсіз, ара-тұра сатираның найзағайы ойнап, астарында усойқы уыт, мір оғындай дөп мысқыл ондағы жалпы демократиялық пікір мен көзқарастың еттен өтіп, сүйекке жету арқылы оқырманның ұйқыдағы жүрегін оятар құдіретімен ерекшеленеді. Абай өлеңдері – Ата Заңымыз, рухани кодымыз бен діліміздің берік қорғаны. Осы қорғанды ол халықтың саяси-әлеуметтік, қоғамдық экономиалық, рухани бағдарламасы сеніп тапсырылған билік басындағылардың жүрек құлағын ашып, меңіреу болмысын айықтыруға, қайшылығы, кемшілігін тап басып танып, тәрбиелеуге, ымырасыз күресуге пайдаланды. «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп», Батыс пен Шығыстың ғұламаларынан білім мен ғылымның теңізін бойына сіңіріп, соның нәрін, күрделі симбиоздың ұлағатын, нәтижесін оған тегін ұсынғанда «тілін алмаған көп наданның» сайқал саясаттың «екі кемесінің құйрығын ұстаған» өлермендіктеріне, шамасына қарамай шалқайып, көрпесіне қарай көсілмегеніне күйінеді:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Есітіп үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып. . .

Баяғы жартас – бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас…

Ақын үніне жансыз жартас екеш ол да жаңғырығымен жауап қайырса, астында тағы, басында бағы, қолында билігі бар, әмірі жүріп тұрғандар онсыз да екі жақты қанаудан есеңгіреп, күйік еткен қалпынан құтқарудың орнына бойкүйез ынжықтықпен, қорқақтықпен отарлық режимге қарсы бас көтеріп, бодан халқының сөзін сөйлеуден іргесін аулақ салып, құқықтық қылмыс бұзушылықты онан арман асқындырып, отаршылармен ауыз жаласып, түйені түгімен, арбаны жүгімен жұтатын оқпанауыз, обыр көмейліктерін үдетті.

Ондай халықтың да, мемлекеттің тажалы, бір күні үшін өмір сүретіндерге Бауыржан Момышұлы: «Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық», - деп зығыры қайнайтыны бар. Ал Абай болса, әділдікті сүйетін, жылқы мінезді қазақтың ез ұрпағының қылығына қарадай намыстанып: «Іште дерт қалың, Ауыздан жалын, Бұрқ етіп, көзден жас шықсын», - деп дифференциацияны бастан кешуге мәжбүр болады. Абайдың «іштегі дерті қалыңдап, көзінен жас шыға» күйзелуінің мәнісін Б.Ғабдуллин былайша түсіндіреді: «Сонымен қатар қазақ қауымының сол кездегі болмысына қатты күйінеді; өмір тіршілігінің мүшкіл жайларын аяусыз сынайды. Абайдың күйігі қайғысының, үмітсіздіктің күйігі емес, халқын, елін сүюдің, оның келешегіне жол іздестірудің күйігі».

Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?

Берекелі болса ел —

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?..

Азаматтық қоғам, құқықтық қоғам құрып, қалыптастыратын,«жағасы жайлау, берекелі елдің деңгейіне көтеретін, жапырағы жайқалған ормандай ұлт, дәулеті шалқар көл, аққан селдей болып, ел құқығы басты ырысқа айналуына кемел басшы – «Единица» билеген тұста ғана қол жетпек. Еліне деген сүйіспеншілік пен ерлігі, табандылығы мен адалдығы, парасаттылық пен сыпайылығы, адамгершілік, іскерлік, ұйымдастырушылық, қарапайымдылығы, қайраткерлігі, еңбексүйгіштігі менкеңінен мәшһүрі; жарқын өмірге ұмтылуды мұратына айналдырған жан-жақты азаматтың қалың тобырдың ортасындағы жаратылысы мүлдем бөлек, дара бітімді сол – «Единицаңыз». Қай заманда да ел басы, топ басы деген кісілер болған. Бар билікті халық соларға беріп, өздері соның бастауымен тұйықтан жол тауып, жыртығын бүтіндеп, соқыр соқпақтан арылып, көші даңғыл жолға түскен. Көш бастаған көсемде арлылық, намыстылық, табандылық басым болғандықтан, бір күнгі жетістікпен шектелмей, халқының бағы баянды болуының амалына көшіп, оларды тұрақты еңбек етуге, білім мен ғылымды меңгеруге, адамгершілік потенциалын арттыруға ғақил көсем бар күш-жігерін аямаған. Қай мемлекет болмасын шырағын маздатып жағатын қоғамға сапалы көшбасшы, бастамашыл, сындарлы, терең білімді, ойлы, өз бетінше жұмыс істей алатын, толерантты, әлеуметтік ұйым мен саяси құрылым, әдет пен заң,заң мен әділеттілік, сенім мен таным, таным мен философия, руханият мәселелерімен бетпе-бет келгенде қандай да сұхбаттың бөгесінін бұзып, түйінін шешетін келелі кеңестің абызы атанып, қарым-қатынасқа түсе алатын тұлғаға, басшыға зәру. Ол тұлға әрине – «Единица» – кемел адам. Кемел адамның логикалық мәнін, бізше, Кобдабай Қабдыразақұлы дұрыс тарқатып беріпті: «Кемел адам Абайша айтқанда, толық адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан-дүниесі ағарып, рухани артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен жаратылыс негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адам – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік». «Толық адам» жайлы көптің пікірін қорытындыласақ, екі дүниеде бақытты болу үшін «толық адам» болуға тырысу керек, яғни үш қасиет: әділетті, мейірімді, ғылым-білімді болуға ұмтылу қажет. Абай даналығы – ұлттық рухтың негізі. Ғибраты «кемел адам», «толық адам», «Единица» ешқашан ұсақталмайды, өзінің толық бүтіндігін, Гималайлығын сақтайды, ал «Единицаның» артынан еріп, бүтіндігін сақтап, соның даналығымен жарық дүниенің шуағына бөленген тобырға онсыз өріс жоқ. Сондықтан «Единицаны» құрметтеп, құдайдың оны ерекше жаратып, бақытының бастамасына айналғанына мыңда бір шүкіршілік еткен естінің қылығы, имандылық. Өркениетті елге айналуға өрістің ашылуына тек «Единицаның» қызметіне сүйену жеткіліксіз, халық та жаппай оянып, тыңды игеруге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла іске кірісуі қажет. Ол қажеттіліктің объективтілігін Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек», - деп құптап, өркениетті елдің қатарына қосылуға керектіні санап береді. Сөйтіп, білгіш, кемел, халық қайраткері, халықтық-демократтық қозғалысқа зор еңбек сіңірген ұлы ақынның реалистік қағидаты Алаштың қоғамдық ойдың теоретигі Ахмет Байтұрсынов тарапынан қолдау тауып, дамытылады.

Г. Бельгер: «Гетенің ұғымында, дүниедегі бар жақсылық, бар сұлулық тек махаббат құдіретімен жасалғанын алға тартса, Абай махаббат лирикасын адамгершілік мұраттарымен қатар өрбітеді».Демек, Гете дүниедегі бар жақсылық, бар сұлулық махаббат құдіретімен жасалғанын жария етсе, Абай сол құдіретті қалай баянды ету мен адамгершілік мұраттарына қылау түсірмей, кие тұтып, құрметтеудің бұлжымас заңдарын мойындауға мәжбүрлейді. Мәселен, Абай «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» өлеңінде неге ол – «екі жол» екенін:

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып, - деп ғашықтық пен құмарлық жолы бір-бірімен түйіспейтінін парасатты ақылмен, салмақты қабақпен, мейірімді көзбен, астарлы сөзбен, ырым-тиым, шектеулер арқылы жетеңе жетізеді, қатал заңын алдыға тартады. Құмарлықтың көздегені нәпсісінің талабына жету жолында «сенен артық жан жоқ, мен саған өлердей ғашықпын, мен сендікпін» деп өлердегі сөзін айтып, алдап дегеніне жететін жымысқы, қылмыстық әрекетке барса; ғашықтық сезім «күйдіріп-жандырып», асығына жүрек сөзін айтуға тілін байлап, қашан сәті түсіп тіл табысқанша безгек аурудай әл-қуатын әлсіретіп, арытып, жүдетпек. Бірі уақытша аяқтан шалатын азғын, алаяқ, жезөкшелік сасық сезімнің ісі де; екіншісі – мәңгі құштарлық, азбас адалдық, мөлдір, оттай ыстық сезімнің коды, махаббаттың берік заңы. Әлгі «Алтын топшыдағы»: «Бір сөзді еркекті еркек емес, асыл зат деп біл; бір сөзді әйелді әйел емес, азамат деп біл», - дегеніндегі «асыл зат пен азаматтың» ұзақ сынақтан өтіп барып табысқан ғашықтығының бәсі осындай.

Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» атты өлеңі - бір-бірін жан-тәнімен беріле сүйген қос ғашықтың қосылғаннан кейінгі назы.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да, - деп күйеуі, бәлкім өмір тезінен қол ұстасып, сүрінбей өтіп келе жатқан құдай қосқан қосағы, балаларының сүйікті әкесі жүрегін жарып шыққан, жарына көңілі толған лебізінде еш жасандылық иісі сезілмейтін, бастау бұлақтың суындай мөлдір. Бұл – махаббат гимні, бақыт төріне жайғасқан киелі қазақ шаңырағының ғибраты, адамшылық, ізгілік, адалдық, асыл мұраттардың катехизисі. Тұрлаулылықтың, адалдық, тазалықтың символы. Бұндай сезім иесін «қорлық пен мазаққа табылдыру» тек өліммен ғана шектелуі мүмкін. Науаидың лиро-эпикалық поэмасындағы Фархадтың «Шырынның басқан топырағын көзіммен сүртер едім», - деп теңіздей толқын атуы сол сүйген жардың орнын ештеңемен толтырудың мүмкін еместігінің жарқын дәлелі. Жырдағы лирикалық кейіпкер «Еркекті ез ететін де, ер ететін де әйел», «Ерінің есіктегі басын төрге шығаратын да әйел» екенін басынан кешкендіктен,«Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ» деп мойындап, әйелінің абройын асқақтатады. Ал «Саған жар менен артық табылса да» деуі әйелінен өзінің бағасы төмендігін мойындауы емес, қосағының таңғы шықтай мөлдір, пәк, тұнық, бейкүнә, кіммен де тіл табысатын алғыр, дархандығы, бастысы, әйелдік миссиясын мінсіз атқаратын, ақылды ата-ананың тәрбие мектебінен қапысыз өтуіндегі артықшылықтарын мойындауы деп қабылдаған ләзім.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты ерекше қадірлейтін халықтың бірі де, бірегейі де біздің қазақ... Қазақ қыздары мен аналары өз жүрегінің от-жалынымен, мейірім-шапағатымен қазақ халқының ұлттық сезім-түйсігін, мәдени-рухани біртұтастығын елеусіз ғана шыңдап отырған» («Тарих толқынында». А., «Атамұра», 1999 ж. 43-б.), - деп қазақ қыздары мен әйелдерін құрметтейтін әдетімен салты, оған жауап ретінде нәзік жыныстыларымыз да қарыз боп қалмайтын мінезді бойларына дарытқанын тарихи тұрғыда тілге тиек еткен.

Ұлы ақын «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінде:

Махаббатсыз – дүние бос,

Қайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар, - дейтіні бар. Демек, Бахтинше сөз саптасақ: «Шекспир шығармалары – өз дәуірінде ашылмай қалған символдар мен мағыналар қазынасы». Абайдың кез-келген өлеңінде де «ашылмай қалған символдар мен мағыналар қазынасы» жетіп-артылады. Оның түсінігінде «Махаббат – өмір көркі», онсыз өмір мағынасыз, мәнсіз, өсіп-өнусіз тұл тірлік екенін жеткізе жырлайды. Махаббат - күллі тірліктің тұғырнамасы, жаратушының жасампаздығын күллі әлемге паш ететін құдіретті күш. Абайдың жырлауында қайуан екеш ол да көлденең ұшырасқанмен аймаласып-жаласпай, өзіне ыңғай білдіріп, жылы қабақ танытқанның төңірегіне үйіріліп, мауқын басып, өмірге ұрпақ әкелмек. Онда ақыл, құштарлық сезім болмағанымен, жан мен тәнге, қуатты инстинктке ие. Құстың да сыңарына, балапанына махаббаты ерекше екенін адам баласы көзімен көріп, жырға қосып жүр емес пе?.. Махаббат – өмірді жалғастыратын құдіретті күш, тіршілікті жалғастыратын жаратылыстың бұлжымас заңы. Игілік Әймен деген ініміз Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос, қайуанға оны қосыңдар» деген өлеңінің бірінші жолын: «Махаббатсыз – дүние дос» деп өзгертіп, «Сіздің алып-қосарыңыз қайсы – жалпы қазақ?..» («Ақиқат», №11, 2015 ж. 45-б.), - деп Америка ашқандай шіренеді «реформатор». Данышпан һәкім атаңыз, бізше, кірпішін орнына қалаған. Классикалық туындыларды ғылыми тұрғыда жеріне жете зерттеп барып сабырмен, парасатпен талдап, кекетпей, мұқатпай, кеуде кермей, айбат шекпей байыппен әңгімені өрістеткен жөн. Оның мәнісін С.Т. Колридж: «Мильтер мен Шекспирдің сөзін өзгерткеннен пирамиданың кірпішін жалаң қолмен илеу оңай... Бұл өзгерістер поэзияға орны толмас кемшіліктер әкеледі», - деп ұлылардың мұрасына қол тигізбеуге кеңес береді. «Қол тигізбеудің» себебін өзіміздің Г. Бельгер соқырға таяқ ұстатқандай алдыңа тосады: «Гете мен Абайды да осылай асықпай, ойлана, толғана, әлсін-әлі қайта соғып, күбірлеп, әр сөзінің дәмін алып, оқыған жөн. Онсыз олардың таңғажайып дүниесіне басыңды сұға алмайсың». Осы өлеңдегі: «Қызықтан өзге қалсаң бос, Қатының, балаң, досың бар», деген жолдарда шынайы махаббат басыңа қыдыр боп қонып, сені үнемі аялап, күн өткен сайын күшейіп, жарыңа оянған махаббатың балаларыңмен еселеп артып, құдай қосқан достарыңмен төңірегіңді нұрға бөлемек. Күн көріс қамына қатысты тірліктен, түрлі қоғамдық істер мен көрер қызықтарыңнан қалжырап оралғанда, тұрлаулы махаббат пейіштен орныңды сайламақ. Бұдан көңілге түйеріміз, Ғ. Мүсіреповше айтқанда: «Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жазу» тек Абайдың пешенесіне жазылған.

Абайдың өзіндік экзистенциясы бар өлеңдеріндегі нормативтік-құқықтық актілердің қызметі жоғары деңгейден табылады. Ұлы ақынның көркемдік ізденістері сол кездегі қазақтардың өз ішінен шыққан адамдардың тілегімен, бүкіл халық тілегімен, әйелдің бас бостандығын көксеген адамгершілік көзқараспен ұштасты. Соның үздік үлгісі – «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» туындысы. Абай – ірі гуманист ақын. Сондықтан ол адамды сүйе білу керек деген идеяны берік ұстанды. Әйел теңдігі, әйел бостандығы үшін күресіп, оны малға сатып қорлауға алғашқы боп тиым салған да сол гуманист ақын. Сондықтан ол көтерген махаббат лирикаларындағы идеялардың имандылығы, тереңділігі, гуманистігі, өмірлік шындықтың реалистік панорамасы таңғажайып бояумен кестеленіп, халықтың ділінің, архетиптерінің көрінісі шеберлікпен бейнеленетіндіктен, әр лирикасы көлемді мақалаға жүк боларлық болса, бірнеше лирикаларындағы қанық бояулы көріністер романдардың дүниеге келуіне өріс ашқан. Көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов Абайдың махаббат лирикаларын ой елегінен өткізе келіп, «Махаббат, қызық, мол жылдар» романын жазуға құштарлығы оянғанының кілтипанының кілтін былайша түсіндіреді: «Абай сөздері маған жақсы семья жайындағы программа іспеттес болды. Романда тек қана Абай сипаттап, мәслихат еткен, бір сөзбен айтқанда, Абай армандаған қызды жазсам деп ойладым. Ол шығармада мен жасаған ол бейне Меңтай еді» («Абай тағлымы». «Жазушы», 1986 ж.353-б.).

«Асқа, тойға баратұғын» өлеңінде батыр жігіт өз теңін тауып, үйленетін күнін белгілеп, қалыңдығын құтты орнына қондырар күнді асыға күтіп жүргенде тұтқиылдан еліне жау шауып, «жауға сойқан салғалы» шұғыл аттанып кетеді. Қалыңдығы сүйгеніне қосылар күнді тағатсыздана күтіп, тойға киетін ақ көйлегін шапшаң бітірмекпен әуре. Жігіт соғыста шәйіт болады.

Жамандық тұрмас күттіріп,

Ел есітті, қыз білді,

Ақ көйлекті бітіріп,

Кебінім деп киді, өлді... Қандай ғажап түйін! Ғұмыр адамға бірақ рет беріледі, жігіт Отанын қорғаймын деп азаматтық борышын өтеу үстінде өмірден өтті, иманды болсын. Тірі адам тіршілігін жасау қажет, қыз енді қалған өмірінде кездескен адамымен жұптасып, Алланың маңдайына жазғанын көруге тиістілігін айтып шешім қабылдаса, ешкім айыпқа бұйырмасы хақ. Бірақ Абай интерпретацияға барып, жұрттың көңілін күпті етпей, ғашық, бар өмірін сүйген жігітіне бағыштаған ақылды, қайсар, уәдесіне берік, мінезді бойжеткенді жорғасынан жаңылдырмай, әсіремақтау, қызыл сөздің түлкі-бұлаңына салмай, сегіз қырлы, бір сырлы жігітінің соңынан «қылығымен сұлу қыз» тойға әзірлеп тіктірген ақ көйлегін кебін етіп киіп, бақилық қосағының артынан көп күттірмей аттанып кете барды... Абай бірі онға татитын алғадай ерлерді нәзік жыныстылардың өліп-талып сүйетін тектілігіне тамсана отырып, тамылжыта жырлаған. Қуансақ та, ауыр мұңға батып, қайғының қара бұлтына тұншықсақ та оның мотивациясын Абай өлеңдері арқылы жетеңе жеткізіп, солай болуға тиісті заңдылығына шүбә қалдырмайды.

«Жастықтың оты жалындап» атты өлеңінде:

Досыңа достық – қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол – деп, досыңа достық жасаудан айнымауға, керек болса, дұшпаныңа да әділ, жаманшылығына да кек сақтамай, жығылса қолтығынан демеп, еңкейген кеудесін тіктеп, мейірім шуағын төге білу – туысы сирек, көргені көп, дарқан, кеңпейіл, білімді, жайсаң, кеудесіне қызыр шапағатын дарытқан арлының, ірінің ісі.

Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда сөкпейін.

Балы тамған жас қамыс,

Ормасаңшы көктейін!

Сені жақсы көрмесе,

Сенер ме еді сөзіңе?

«Япырмай?» деп терлесе

Ар емес пе өзіңе? – деп тамырын тереңге жіберген, діңі жуан, дауыл соқса да оңай шайқала қоймайтын ағашқа балта сілтесе жөн, ал «балы тамған жас қамысты» жапырып, таптап, «көктей ору» - барып тұрған қатыгездік, асқандық, құдайдан қорықпайтын сайтанның ісі. Абай болашағымыз «балы тамған жас қамыс» - жастардың құқығын сақтап, олар қатыгез күштің құрбаны болмай, еркін өсіп, бұғанасы бекуін қалайды. Елді солардың қорғанына айналып, ата-аналық парызын мінсіз атқаруға шақырады.

«Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде Абай дүниетанымдық, дидактикалық, эстетикалық принциптерді бірегей ұстап, келелі ойдың тарихи көздерін, тұма бастауларын оқырманның өзі пайымдап, жыр құшағынан күннің нұрындай төгіліп жатқан ғибраттар мен баянды, тәтті ғұмыр кешудің құқықтық нормаларын санасына сіңдіреді.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан! Бұл жолдарды оқығанда иіп, елжірейтініміз таным көкжиегінің аясы кең, рухани жан-дүниесі бай, ойы озат, рухы тәуелсіз, ғылымға ынтық, халқына қалтқысыз еңбек етуге бел буған жаңа заман азаматтарының бақыттарына қарай ұстазы бар. Өзі де қазағының алдында борыш, міндет, парызын өтеп жүрген, жиған білімі мен ғылымы өрнек жайған, ғақлиясы, ұстанған жолы шөлдегенге – бұлақ, адасқанға – шырақ, «қазақ болмысының айнасы», Темірқазығы Абайға ұқсап бағуға тырысса, талай жерге арындап жетері хақ. Ұстаз Абай жастарды әркімге бір еліктеп, бірді бастап, бірді тастайтын «әсемпаздықтан» безіп, бір өнердің, бір мамандықтың қыр-сырын қапысыз меңгерген өнерпаздыққа, бәсекеге қабілетті, үздік маман деңгейіне жетіп, қоғам тұғырын берік ұстап тұрған кірпіші болып қалануға шақырады. Өлең жолдарындағы: әсемпаз, өнерпаз, арқалан, бір кірпіш дүниеге, кетігін табу, қалану тәрізді сөздер мен тіркестердің терең философиялық мәні бар. Абай олардың қарапайым мағынасына терең философиялық ұғым беріп, айшықты образ, құнарлы сөз, тегеуірінді теңеумен ақыл-ой мен ар-ожданның керемет үлгісін ұсынып, оқыған жұртты жаттап алуға бастайтыны анық. Бұл – оның өмірге де, адам жанына да «терең сүңгитін» экзистенциалистік философияны қапысыз меңгеруінің нәтижесі. Мұның аса қиын да, жауапты, тек таланттылардың маңдайына жазылған тірлік екенін философия ғылымдарының кандидаты Сейітқасым Әуелбаев былайша дәлелдепті: «Философияның тасын қалаушы гректер философиялау дәстүрін осылай негіздепті: әр сөздің мән-мағынасын қазбалап, ұғымдық негізін қалыптастырған. Әділдік деген не? Заң деген не? Дүние ше? Ол неге қажет? Әлеуметшілік қалай пайда болды? Ол қай негізге сүйенген? Заңның қоғам үшін қажеті неде? Әділдік неге керек? Осы сұрақтарға жауап іздеген. Анықтамасын тапқан. Осылайша философиялық рефлекцияға интеллектуалдық құрал-сайман жасап шығарған» («Ана тілі». 17-23.09.2020ж.). Бұл «интеллектуалдық құрал-саймандардың» қызметін Абайдың әр туындысынан сезетініміз тайға таңба басқандай. Сондықтан оның кез-келген туындысы – нағыз өміріңнің мәні мен мазмұнына айналған ғибрат. Адамдық тұлғаңды биіктететін қуатты, сауыты Абайдың көркем, философиялық тілінен тігілген берендігімен таңдандырып, таңдайыңның суын жұтқызады.

Осы өлеңінде:

Ақырын жүріп, анық бас

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға, – деп бар мамандықтардың ішіндегі қоғамның, мемлекеттің қуат-күшін арттыратын, болашақты қолымен жасайтын, білімнің күшімен, ақыл-санасының құдіретімен, «ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озып» жүрген, тазалық пен адалдық тұрғысынан, рух биігі тұрғысынан цивилизацияның өзіне үлгі бола білген – ұстаздықты бірінші орынға қояды. Еңбегі, білімі, ғылымның көп ғасырлық дәстүрлерінен қанып ішіп, нәр алған, адамзат бойындағы адами, ұстаздық қасиеттерді бойына дарытқан ұстаз «ақырын жүріп, анық басатындықтан», «еңбегі далаға кетпей», шәкірттеріне бойындағы бар білім құнарын сіңіріп, озық тәрбиенің уызына жарытпақ. Ал Абайдың нағыз ұстазға, жастарға қоятын талабы әрбір үйдің төріне ірі әріптермен жазып, іліп қоятын хадис, теңдесі жоқ мамандыққа шексіз құрмет, ұстазға өлмес өмір сыйлайтын міндет, мұғалімге, келешек ұрпаққа қойылатын азаматтық парыз.

«Көзінен басқа ойы жоқ» атты өлеңінде:

Кітапты молда теріс оқыр,

Даңғарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңілі – бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі? – деп жалпы халықты рухани имандылыққа тәрбиелейтін, Құдай үйінің төрінде отырып, ислам дінінің қағидаттарын насихаттайтын молдалардың шала сауаттылығын, құран оқытып, намазға жығылатындардан үстеме ақы төлеуді талап етіп, қасиетті құранды алыпсатарлықтың құралына айналдырған пенделіктерін Абай өткір сын садағымен түйрейді. Бұл «түйреудің» заңдылығын жазушы Смағұл Елубаев та құптап, Құдайды сатудың арты неге ұласатындығын олардың құлағына құяды: «Құдайдың құлы емес адам қашанда нәпсінің құлы – инстинкт құлы. Инстинкт құлы хайуан екені белгілі. Осындай инстинкт құлдарынан құралған қоғам қауіпті» («Егемен Қазақстан» 03.05.2013 ж.), - деп сақтандырады. Құдайдың құранын сатып, құлқынның құлы болып жүрген молдасымақ күнде шұғылданып жүрген ісі – құран кітабын да «теріс оқитын» сауатсыздығы әзірше арам нанмен құлқынын толтырып жүргенімен, түбі құрдымға жұтылатынын шала молда сезінуі керек. Оны сезіну үшін Абай шала моллаға: «Адамды сүй, алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?»» деп құрдымға жұтылудан оны тек білім ғана құтқаратынын ескертеді. Діннің мықты насихатшысы болу үшін басқасын былай қойғанда, Имам Әбу Юсуфтың «Қитабул харажы», Әбу Убайд Қасым ибн Сәлләмнің «Қитабул Әмуалы» атты мұсылман заңгерлерінің еңбектерінде құқықтық мәселелер кеңінен қамтылғанын білуі қажет. Онда құранды насихттау аспектілеріне терең бойлаудағы құқықтық баптарды түсіндірудің әдістері жете сарапталады. Қымбат нәрсе оңайлықпен қолға түспейді. Рух, дін, таным, сенім, идеологияның арасы ажырағысыз жақындығын жан-жақты білу, зерделеу, зерттеу нәтижесінде ғана әлемдік философия мен діни ғұламалық ақиқатын жаныңа серік етесің. Сонда ғана Алла үйі – мешіт діни ғұламалық ақиқатын серік еткен кемеңгер молдалармен толығып, инстинкт құлдарынан құралған шала сауатты молдасымақтардан арылмақ.

1895 жылы жазған «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» атты өлеңінде:

Адасып алаңдама, жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, - деп өмір сүрген уақыты басқа, заманы империялық отаршылдықтың қамыты тұралатқан, заңы басқа қоғам адамдарының не істерін білмей жалтаңдап, не ғылым, не еңбек жоқ, малын бақса құлдыққа салып, терісін сыпырып алатын тозақ өмірдің бәрінен де безіп, қасіретке батқан амалы таусылғандардың конъюктуралық халін күйіне жырлайды. Абай шығармаларының негізгі мұраты – адам тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі. Кемеліне келген, жалпақ жұртқа ғибратты, терең философиялық, бірінен бірі асып түсетін, айырықша көркем туындыларында тағдыры тығырыққа тірелген халқын конъюиктуралық күйге түңілмей, болашаққа үмітпен қарап, динамика, импульс жасауға жігерлендіреді. Қоғамды жайлаған сорақы, бұзық мінездерден жиіркеніп, оны арлы адамгершілікке алмастырып, елдің күш-қуатын, адамдардың іскерлігін, тынымсыз еңбек, табандылығын қоғамның өркендеуіне бағыттауға; оны жүзеге асыратындардың терең білімі, жан-жақты қабілеті, қарапайым, жан сарайының кемелділігі келіссе, елімізде демократия, тұрақтылық және инклюзивтілік жолында реформа жүргізіп, модернизацияны жүзеге асыратын армандаған күн де тумақ. Сол күнге жеткізетіндердің бірлігі мен ынтымағын қалыптастырып, нығайтуды көздеген «қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға» (Қ. Тоқаев) Абай медиацияны берік ұстанып, ренжіскендерді татуластыру, кетіскендерді бітістіру, дауласушы жақтарды табыстыру, татулық пен берекені сақтау және тұғырлы болуына жанын салған. Ұлы ақын халқын адасып, алаңдамай алдыңғы қатарлы елдердің озық дәстүрін, салтын, саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық жүйесін, заңын ақыл-ойынан өткізіп, солардай болмаса да ұқсап бағуға шақырады. Алайда, халқының нұрлы болашағын аңсаған Абай күштілермен, надандармен, жікшілдермен, империяның құлақ кесті құлдарымен алысып-жұлысып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп бітіспес күрес ашып жүргенде үміт еткен халқы ғылымды, өркениетті елдердің қолы жеткен озық еңбек түрлерін меңгеруге ұмтылуды былай қойғанда, өмір бойы асырап келген ата кәсібіміз – мал бағудың өзінен іргені аулақ сала бастауы жанын мұз боп қарыған.

                                Тұрсын   Сыдықов,

филология ғылымдарының докто ры, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері

2165 рет

көрсетілді

97

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз