• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ МӘҢГІ ЖАСАСЫН!

Махамбет ХАРМЫСОВ,

«Талғар аудандық кітапханасы» МКМ директоры

Биыл Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Бұл еліміз тарихындағы үлкен дәуір бөлгіштік сипат алатын, ұлы жеңіс болып табылады. Өткен жылдарға назар салсақ, еліміз аласадан биікке, қарапайымнан күрделіге,саннан сапаға қарай бой түзеп, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, әлем таныған беделді мемлекеттердің біріне айналдық.

1991 жылы Қазақстан егеменді ел болды. Алғаш құрылған жас мемлекет тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешіріп, бірте-бірте халық тұрмысы жақсарып, әлемдегі елдермен терезесі теңеліп, өзінің шығар жолын тапты. Кеңес Одағы кезінде ана тіл, салт-дәстүр, тарих-шежіре, мәдениет, дініміз өз деңгейінде болмады. Тәуелсіздік алған ел қайта түлеп, тарих сахнасынан бой көтерді. Қазақстанның басына қонған Тәуелсіздіктің бақыт құсы ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жақсы заман орнады.

Ата-бабаларымыздың басқан жолы көп тарихи оқиғаларды көз алдымызға елестетеді. Өткендегі аумалы-төкпелі заманда халық «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына кез болып, атамекен, туған жерінен айырылып, тарыдай шашылып, торғайдай тозып, адам баласы төзбейтін ащы қасірет арқалады. Босқын болған ел аштықтан, аурудан қынадай қырылды. Халық сонда да азаттыққа деген күрескерлік рухын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа Тәуелсіздік күресін жалғастыра берді. Халқымыздың мәңгі есінен кетпейтін аса ауыр, зарлы заманды ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

«Қаратаудың басынан көш келеді»,

Қаражорға шайқалып бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ,

Қара түнді басынан кешкен еді

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шұлғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өткен еді, деп суреттейді.

Ұлтымыздың азаттық үшін жасаған күресі ғасырдан-ғасырға жалғасты. Ата-бабаларымыздың ел мен жерді қорғаған ерен ерлігінің арқасында осынау ұлан-ғайыр кең байтақ жерге ие болдық.

Тарих өз әділдігін жасады. Ата-бабаларымыз ғасырдан-ғасырға армандаған Тәуелсіздік жүзеге асты. Алланың көзі бізге түзу болып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осылайша Қазақстан Тәуелсіздігі тарих бетінде алтын әріппен жазылды.

Елбасы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «…Тәуелсіздікке  қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген» деген кемеңгер сөзін айтқан еді.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – Қазақстан Тәуелсіздігін сақтаудың бірден-бір шығар сара жолы. Тұңғыш Президент ұсынған Мәңгілік Ел идеясының біріктіруші құндылықтары: «азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық ғылым мен білімге құрмет, зайырлы ел» құру. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту екенін ұрпақтар санасына сіңіру керек. Қазақ халқының маңдайына жазылған Тәуелсіздік – мәңгі жасасын!!!

Құқықтың сақталуы – басты назарда

Елімізде соңғы бірнеше жылдың жүзінде құқықтық саланы реформалау жұмыстары жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Мұның барлығы заңнама сапасын жақсарту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, сақтау жолындағы игілікті қамдардар деп айтуға толық негіз бар. Осы орайда біз еліміздегі қылмыстық атқару жүйесінің түйткілді мәселелері, сондай-ақ осы саладағы жаңашылдықтар, оң өзгерістер жайында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет генерал-майоры Жанат Ешмағамбетовпен жүздесіп, бірқатар сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Жанат Болатұлы, қоғамда бас бос-тандығынан айырылған азаматтардың жай-күйі көп талқыланатынын байқаймыз. Бұл ретте өзіңізден сұхбат алып, ел арасында айтылып жүрген алып-қашпа сөздердің ақиқатын білсек деп едік. Алдымен қылмыстық атқару жүйесінде болып жатқан соңғы өзгерістер, заңнамаларға енгізілген түзетулерге тоқталсаңыз.

Қылмыстық-атқару жүйесінің не-гізгі міндеттеріне жазаларды орындау, сот-талғандардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету кіретіні заңнамада белгіленген. Кеңес Ода-ғындағы мәжбүрлі көші-қонға, қуғын-сүргін саясатына, тың жерлерді игерудегі тарихи оқиғаларға байланысты, Қазақстан еңбекпен түзеу колонияларының шоғырланған орнына айналды. Әрбір жетінші сотталған адам жазасын біздің елде өтеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз жан басына шаққандағы тұтқындар саны бойынша Америка Құрама Штаттары мен Ресейден кейін әлемде үшінші орынға ие болдық.

Түзеу мекемелеріндегі адамдар санының шамадан көп болуы, сотталғандарды жасақтарда ұстау, гигиеналық жағдайдың төмендігі, жұқпалы аурулар мен өлім-жітімнің жоғары болуы – бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шешуге тура келген негізгі проблемалар болды. Сондықтан қысқа мерзім ішінде пенитенциарлық жүйеде маңызды құқықтық және құрылымдық реформалар жүргізіліп, ұлттық заңнамалар жетілдірілді.

Осы атқарылған шаралардың негізінде бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың саны он жыл бұрын 63 643 болса, қазір 34000-ға дейін қысқарды. Түрмедегі халық индексі бойынша халықаралық тәжірибе зерделенеді, ғалымдар мен сарапшылардың пікірі, үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары ескеріледі.

Соның нәтижесінде бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың саны азайып, Қазақстан 3-орыннан 100-ші орынға ауысып, өз позицияларын айтарлықтай жақ-сартты.

Қылмыстық атқару жүйесін реформалау үдерісі қандай нәтиже берді?

– Жазаларды орындау саласының рефор-малануы тәуелсіздік жылдарынан бастау алғанымен, соңғы 3 жылда бұл процестің қарқынды даму кезеңін көріп отырмыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, кез келген даму – бұл заман талабы, қызметтің жаңа деңгейге өтуі. Осы жұмыста әлемдік озық тәжірибелерді барынша зерделеп, біздің елімізге сәйкес келуі мүмкін деген әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысып жатырмыз. Осы тұста, БҰҰ-ның құрылымдық бөліністеріне, Орталық Азиядағы PRI өкілдігіне және осы мәселеде жан-жақты қолдау көрсететін басқа да халықаралық ұйымдарға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Пенитенциарлық жүйенің реформалары халықаралық стандарттарға сәйкес әртүрлі бағыттарда жүргізіліп жатыр. Соның ішінде сотталғандарды ұстау жағдайлары, тамақтандыру, медициналық қамтамасыз ету, құқықтық жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылданып, олардың еңбекпен қамтылуын арттыру мақсатында бизнесті белсенді қолға алып, қайта әлеуметтендіру бағдарламалары жетілдірілуде.  Мемлекет басшысы адам құқықтарын қамтамасыз ету және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін жетілдіру мәселелеріне жіті назар аударады. Осыған байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің барлық реформаларының негізгі басымдықтары, бірінші кезекте, адам құқықтарын сақтау, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсарту және пенитенциарлық инфрақұрылымды халықаралық стандарттарға сай жаңғырту болып айқындалды.

Қазіргі уақытта ІІО жаңғыртудың 2019-2022 жылдарға арналған және Қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған екі жол картасын іске асыру бойынша шаралар жүргізілуде.  Бұл бағдарламалық құжаттар пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу, өндірістік қызметті, пробация қызметін дамыту, сотталғандардың құқықтық жағдайын заңнамалық түрде жақсарту және т. б. жөніндегі іс-шараларды көздейді. Сонымен қатар, Президент Қ.Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық-атқару жүйесінің алдына азаптауларға қарсы күрес және пенитенциарлық мекемелерде жаппай бейнебақылау енгізу бойынша міндеттер қойылды. Бұдан басқа, ағымдағы жылғы 19 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес, ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру функциялары мен өкілеттіктері толығымен Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. ІІМ-ді оған тән емес функциялардан босату және пенитенциарлық жүйені жаңғырту жөніндегі реформа шеңберінде сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру зерттеудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне кеңінен қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл медицина қызметкерлеріне ықтимал заңсыз әрекеттерді жасыруды жоятын мекеме әкімшілігінен тәуелсіздік береді.

2019 жылы «Ашық диалог – пенитенциарлық жүйені реформалаудың құралы» форумы өтті. Мұндай форматтағы іс-шара пенитенциарлық жүйенің тарихында алғаш рет өткізілді десем, артық айтқандығым емес. Біз сол реформалау процесіне көптеген сарапшыларды шақырдық. Форумға 150-ден астам қатысушылар жиналды. Мемлекеттік органдардың өкілдері мен депу-таттардан басқа, форум жұмысына ғылыми қоғамдастық өкілдері, адвокаттар, блогерлер және қылмыстық атқару жүйесін реформалауға мүдделі азаматтар, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен ұйымдардың өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Нәтижесінде қыл-мыстық атқару жүйесінің қызметін жетілдіруге бағытталған 25 заңнамалық түзетулер әзірленді.  Жалпы, бүгінгі күні сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсартуға, қылмыстық жазалардың орындалуын ізгілендіруге және ҚАЖ қызметін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерге (УИК – 15, УК– 1, ҚІЖК – 1, №819 – 7, №508 - 1 бұйрықтар)  25 өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мәселен, сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту мақсатында мынадай түзетулер енгізілді:

– Егер мұндай құқық тергеу изоляторында ұстау кезеңінде болған жағдайда, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруға өтініш беру құқығы;

– Мүгедектігі бар сотталғандарды толық қауіпсіз мекемеге ауыстыру алынып тасталды;

– Сотталғанды науқастануы бойынша босату туралы ұсынысты қарау мерзімі бір айдан он тәулікке дейін қысқартылды;

– Сотталғанды ұстау уақытының есебі қайта қаралды (бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезінде күзетпен ұстау мерзімін есепке алу ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 2 күн үшін 1 күн және орташа қауіпсіздік мекемесінде 1,5 күн, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің 2 күні, ҚК 62-бабының 3-бөлігі);

– Пробация қызметіне есепке алынған адамдарды қашықтықтан бақылаудың техникалық құралдары енгізілуде. Жазаны өтеу тәртібін бұзатын сотталғандарға қатысты электрондық білезіктер мен оң сипатталатын адамдарға смартфондарды пайдалану жоспарланып, қажетті қаржы бөлінді.

Сондай-ақ, колонияларда сотталғандардың телефон арқылы сөйлесу уақыты сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін ұзартылды;

– Тамақтану нормасы және сәлемдемелер мен сауқаттардың салмағы 14-тен 20 кг-ға дейін өзгерді;

– Өз-өзіне қарай алмайтын әрбір мүгедекке, ақылы негізде сотталғандар ішінен санитар мамандар бекітілді;

– мекемелерде «электрондық дүкендер» және сотталғандарға электрондық терминалдар арқылы өтініш беру құқығы енгізілді және т.б.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде барлық мекемелерде жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде, бұл барлық құқық бұзушылықтарды тіркеуге және олардың туындау себептерін анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде ашықтық және айқындықты қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар мен олардың жабдықтарын сатып алуға ашық конкурс жүргізіліп жатыр, оған мемлекеттік тапсырыс алу мақсатында барлық ниет білдірген заңды және жеке тұлғалар қатыса алады. Конкурсты ұйымдастырушы Қаржы министрлігі болып табылады.

Ағымдағы жылы қылмыстық-атқару жүйесінің 29 мекемесіне орнату үшін 3 млрд.704 млн. теңге сомасында қаржы бөлінді. Қалған мекемелерде бұл жұмыс алдағы 2 жылда кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Бұл жұмыс бюджет мүмкіндіктері аясында жоспарлы түрде жүргізіледі.

– Сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесі қалай болып жатыр?

– Бұл мәселе Ішкі істер министрінің пенитенциарлық жүйенің алдына қойып отырған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Себебі қазір біздің мақсатымыз сотталғандардың неғұрлым басым бөлігін жұмыспен қамтамасыз ету, сол арқылы еңбекке деген қарым-қатынасын түзеп, бостандыққа шыққанда жұмыссыз қалмай, қандай да бір іспен айналысуы.

Қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі негізгі жұмыс беруші «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып табылады. Сонымен қатар, мекемелердің аумағында 200-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпкерлері өздерінің өндірістік қызметін жүзеге асыруда. Бүгінгі күні жұмыспен қамтылған сотталғандардың саны шамамен 49% -ды құрайды. 

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында орналасқан өндіріс алаңдарында жұмысқа орналасқан сотталғандар құрылыс материалдары мен бұйымдарын, оның ішінде кірпіш, көбік-газ блоктарын, металл есіктер мен қоршауларды өндірумен, жиһаз, нан-тоқаш, басқа да өнімдерді шығарумен айналысады. Мұнымен қоса, тергеу изоляторлары мен колониялардың шаруашылық (кітапханашы, санитарлар, аспаз, және т.б.) қызметіне тартылған сотталғандар да бар. Еңбек түзету құралдарының бірі екенін атап өткен жөн. Жұмыс олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді, сонымен қатар жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды төлеуге, отбасыларына көмектесуге мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрінің бастамасымен бұл сала қарқынды дамып келеді. Осы жылдың жаз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы қауіп-сіздігі барынша төмен мекеменің (қоныс-колониясы) сотталғандарына, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробацияның бақылауындағы адамдарға арналған жаңа эксперименттік тігін цехы ашылды. Фабрика 120 жұмыс орнына есептелген, заманауи жабдықтар сатып алынған.

«Еңбек» РМК мен «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Оның мақсаты кәсіпорынның құрылыс объектілері мен өндірістерінде жұмыс орындарын құру арқылы сотталғандарды жұмысқа орналастыруға жәр-демдесуге бағытталған әріптестік қатынастарды орнату, тараптардың ұзақ мерзімді, тиімді және өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту болып табылады.

Осының барлығы сотталғандардың бос-тандыққа шыққан соң қоғамда өз орнын тауып, адал еңбекпен нанын тауып жеуге сөзсіз ықпал етеді. Бүгінгі күні «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ҚАЖ мекемелерінде өз өндірісін орналастыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселелері қарастырылып жатыр. Өйткені, сотталғандардың көбісінің білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ екені құпия емес.

– Тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер толығымен Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі деген Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойылды. Жалпы осы түзеу мекемелеріндегі білім жүйесі мен медициналық қамтамасыз ету дербес болуы қажет деген пікірлер көп айтылды емес пе?

– ҚАЖ мекемелеріндегі медициналық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Қазір 65 медициналық бөлім, 15 медпункт, сондай-ақ 2 соматикалық, 3 туберкулезге қарсы және 1 психиатриялық аурухана сотталғандарды медициналық қамтамасыз етіп жатыр. Жыл сайын сотталғандар профилактикалық тексеруден өтеді. Биыл бес мыңға жуық науқас консультациялық-диагностикалық көмек алды. Сонымен қатар 156 хирургиялық операция жасалды. Тағы бір айта кететіні, туберкулезді емдеуден пенитенциарлық медицина оң нәтиже көрсетіп, тіпті оның тиімділігі азаматтық денсаулық сақтау саласына қарағанда жоғары екенін дәлелдей білді. Нәтижесінде соңғы үш жылда туберкулезбен ауыратындар саны 51% – ға төмендеді (2021 ж. – 314, 2020 ж. – 328, 2019 ж. – 418, 2018 ж. – 643). Дегенмен, біздің мақсатымыз тек емдеп қана қоймай, сапалы, заман талабына сай медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып табылады. ҚАЖ медицинасын азаматтық денсаулық сақтау саласына беру мәселесі бұған дейін қоғамда да, мүдделі сарапшылардың арасында да бірнеше көтерілген. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл бастама уақыттың сұранысы.

Қазіргі кезде медицинаны Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру бойынша заңнамалық бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. 2023 жылдан бастап бұл функция толығымен Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл игі бастама сотталғандар денсаулығын тексерудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне неғұрлым кең қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. 

– «Түрме қылмыскерлерді түзейді» дейміз, ал статистикаға сүйенсек, елдегі құқық бұзушылықтың көбісі, оның ішінде аса ауыр қылмыстардың денін түрме көргендердің істейтіні белгілі. Темір тордың тәубеге келтіруі неге қиын? Алдағы рақымшылыққа ілігетіндер туралы не айтасыз?

– Қылмыстық-атқару заңнамасында сотталғанның түзелуі дегенге, оның заңға бағы-нушылық мінез-құлқын, жеке басқа, қоғамға, еңбекке, қоғамдағы мінез-құлық нормаларына, қағидаларына және әдебіне жағымды көзқарасын қалыптастыруы деген ұғым беріледі.

Бас бостандығынан айыру орындарына келген күннен бастап, әрбір сотталғанның тұлғалық,  психологиялық және медициналық ерекшеліктерін ескеріп, жеке жоспар құрылады. Барлық құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Сондай-ақ, әрбір колонияда орта және ортакәсіптік білім алу үшін оқу орындары, жұмыс істеу үшін «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның филиалдарымен қоса, өзге де жеке кәсіпкерлік өкілдерінің жұмыс объектілері орналасқан. Мекемелерде жалпы білім беретін 50 мектеп жұмыс істейді, онда жыл сайын 2000-нан астам адам оқиды, кәсіптік колледждер базасында 2 800-ге жуық адам оқудан өтеді. Біз үшін колонияларда жазасын өтеп жатқан әрбірінің әлеуметтік бейімделіп, бостандыққа шыққанда қоғамға тез сіңісіп, қайта қылмыс жасау себептерінің болмауы маңызды. Алайда бұл жұмыс тиімді нәтиже беру үшін құқық қорғау органдарымен қатар, жергілікті атқарушы органдар, қоғам, және ең алдымен әрбір сотталғанның өзі де жауапты болуы тиіс. Сонда ғана осындай кешенді жұмыстан біз азаматтарымыздың қоғамға толыққанды мүше болып оралауына көмек көрсете аламыз. Бостандыққа шығуына 1 жыл қалғанда жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық қорлармен бірлесіп, оның мекемеден шыққан соң баратын жері, айналысатын жұмысы болуы үшін сотталғанның өзін қатыстыру арқылы мүмкіндігінше барлық жұмыстар жасалып жатыр. Әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру, тұрғын үй-тұрмыстық мәселелерді шешу, жұмысқа орналастыру, құқықтық мәселелерде көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіледі, сондай-ақ медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Осы тұста үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорларға ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Сонымен қатар, ҚАЖ мекемелерінде түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар, дін, түрлі өнер және мәдениет, бизнес өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен шаралар ұйым-дастырылып отырады.

Қазір жазасын өтеп жатқан адамдардың шамамен 94%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық бойынша негізінен, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған сотталғандар, кәмелетке толмағандар, әйелдер, мүгедектер және қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін басқа да адамдар босатылады. Әдетте, рақымшылық жасау аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға, зорлық жасағандарға, педофилдерге қолданылмайды.Олар темір тордан шыққан соң қайта қылмыс жасауды азайту мақсатында сотталғандармен жұмыс олардың мекемеге келіп түскен алғашқы күнінен бастап жүргізіледі. Ол үшін қайта әлеуметтендірудің жеке бағдарламалары әзірленеді және кешенді іс-шаралар жүргізіледі. Мысалы, психологиялық көмек, әлеуметтік байланыстарды сақтау, білім алу, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Мұндай жұмыс өз жемісін беруде. Пробация қызметінің есебі бойынша, сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау жылдан жылға азайып келеді. Біздің тарапымыздан қабылданған ұйымдастыру-практикалық шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда бас бостандығынан айыру жазасы анағұрлым төмендеді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жүздесіп отырған соң, ұлық мерекемізге арнап өзіңіздің жүрекжарды лебізіңізді білдіріп өтсеңіз.

– Тәуелсіздік – еліміздің әрбір азаматы үшін ең басты құндылық деп ойлаймын. Соған өзіміздің күнделікті еңбегімізбен үлес қосып, мемлекет игілігін арттыру жолында қызмет істей берсек, алынбайтын қамал болмасы анық. Барша халқымызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Тәуелсіздігіміз – басы-мыздағы бағымыз, аспанда қалықтаған көк туымыз, кең байтақ жеріміз мәңгілік болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Бізге уақыт бөліп, арнайы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Атқарып жатқан еңбектеріңіз нәтижелі болуына тілектеспіз.

Әңгімелескен

Азамат ОМАРОВ,

журналист

1148 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз