• Ұлттану
  • 20 Желтоқсан, 2021

ӘЛЕМДІ ҮЙЛЕСІМДІЛІК ҚҰТҚАРАДЫ

Ораз Баймұратов,

Жаһандық үйлесім Одағы (ЖҮО)

Қазақстан аймақтық ұйымының президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Ілкіде елімізге белгілі академик, ғалым Ораз Баймұратов телефон арқылы хабарласып, кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстан Республикасының аумақтық мәселесі бойынша және қазақ халқы туралы негізсіз теріс пікірлеріне қатысты зиялы қауым өкілі ретінде өз пікірін үндеу арқылы білдіргенін жеткізді. Ораз Баймұратов сынды танымал қайраткердің азаматтық позициясын ортаға салуы өте құптарлық іс. Өйткені, Қазақстан мен Ресей – шекаралас әрі көршілес ел. Стратегиялық әріптестігіміз тәуелсіздік жылдары нығайып, қалыптасқаны белгілі. Достыққа ешуақытта сызат түспеуі керек. Алайда, осы достық рәуіштегі байланыстарымызды әрі қарай нығайтуға үлес қосудың орнына Ресей жағындағы кейбір саясаткерлер тоң-теріс пікірлер айтып, ши жүгірткісі келетін жағдайлар аз емес. Осы орайда Ораз Баймұратовтың үндеуінде ортаға салынған мәселелерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жаһандық үндестік Одағының қазақстандық өңірлік ұйымы атынан біз Қазақстан Респуб-ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі мәлімдемесіне және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің нотасына қолдау білдіреміз және Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар кейбір басқа мемлекеттерге жалғасып жатқан аумақтық наразылықтарға байланысты Ресей Федерациясының Федералды Жиналысына қайта жүгінуге шешім қабылдадық.

Сөз Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаттары В.А.Никонов пен Е.А.Федоровтың Қазақстанның, атап айтқанда Солтүстік Қазақстанның аумақтық шекарасын бұзатын сөздері туралы және депутат В.В.Жириновскийдің қазақ халқына жасаған орынсыз әрекеттері туралы, сондай-ақ Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединскийдің «Ұлы Орыс жерлері туралы» Федерация Кеңесінің депутаттарына үндеуі туралы болып отыр.

Қазақстанның солтүстік өңірі қазақтардың жері болғаны және болып қала беретіні тарихи тұрғыда бағзы заманнан белгілі. Бұл туралы біздің ата-бабаларымыз да айтқан. Тарихи фактілер біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда – Тұранның сақ-скиф тайпалары - мемлекеттік бірлестігі құрылған кезден бастап Солтүстік Қазақстан - Қазақстан аумағының ажырамас бөлігі болғанын және болып табылатынын растайды. Петропавл қаласының орнында (1807 ж.) бұрын салынған Қызылжар елдімекені (1752 ж.) болғаны белгілі.

Солтүстік Қазақстанда Абылай ханның рези-денциясы болғандығын білу де жеткілікті. Жоңғар шапқыншылығына қарсы әскерді басқарған және Қазақстанның жерлерін азат еткен, Қазақстанның солтүстік шекарасына дейін жетуіне жол бермейтін даңқты батыр Баян сол жерде дүниеге келген. Оның ерлігі туралы Мағжан Жұмабаевтың батырдың есімімен аталатын аттас поэмасында тамаша жырланған.

КСРО кезеңіндегі Солтүстік Қазақстан халқының этникалық құрамы оның аумағының Ресейдің меншіктік көрсеткіші болып табылмайды. ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстандағы ең орасан ашаршылық кезеңінде қазақтардың саны орталықтың шаруашылықты күштеп ұжымдастыру саясатын жүргізуіне байланысты қатты қысқарды. 4 миллионға жуық қазақ қаза тапты. 30-50-жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінде КСРО-ның бірқатар халықтарының Қазақстанға күштеп жер аударылуы болды және тұтастай алғанда республикада қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың саны 40 миллион адамға жетті. Осы үдерістердің нәтижесінде қазақ этносының демографиясы қатты шайқалды.

Бұл дәлелді қазақ этносының аздығы мен орыстар санының басым болуына байланысты Қазақстанның солтүстік облыстарының Ресейге қатыстылығы туралы кейбір саясаткерлердің өз пайдасына қарай қолдануы адамгершілік деуге келе ме?

Екіншіден, КСРО кезеңінде XX ғасырдың 50-жылдары Тың жерлерді игеру жөніндегі науқан болды, онымен халықтың Ресейден, Украинадан және Белоруссиядан Қазақстанға өте зор қоныс аударуы байланысты еді. Бұл Солтүстік Қазақстан халқының ұлттық құрамындағы орыс этносының күрт өсуіне себеп болды. Тың игерушілер байырғы тұрғындар болған жоқ және тарихи түрде солтүстік жерлердің иелері бола алмады. Сол кездегі әйгілі ән: «Біз, достар, алыс жерлерге барамыз, біз қоныстанушылар боламыз, сен де, мен де», – деп шырқалды. Бұл туралы біздің аумаққа үміткерлер білуі керек еді, құрметті депутаттар.

Осылайша, Қазақстан өзінің қазіргі заманғы аумағымен Кеңес Одағының құрамына кірді. Сонымен қатар, оның аумағының бір бөлігі әлі күнге дейін Ресей Федерациясының құрамында қалуда. Біз Орынбор, Астархан, Омбы, Түмен және Қорған облыстары туралы айтып отырмыз. Бұл аумақтарды бұрын қазақтар мекендеген. Тіпті олардың атаулары да қазақша. Сондықтан Кеңес Одағы ыдыраған кезде Ресейдің Қазақстанға «сыйлықтары» туралы айту мүлдем заңсыз.

Дәлірек айтсақ, Ресей Кеңес Одағы құрамынан Қазақстанға қарағанда ертерек шықты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола тұра, РФ делегациясы КСРО Жоғарғы Кеңесінен қазақ делегациясына қарағанда ертерек кеткенін білемін. Сонымен, КСРО жерлерін «сыйға тартушы» кім?

Ресейдің Қазақстанға «сыйы» туралы айта отырып, жоғарыда айтылғандай, Ресей (1991 жылғы 12 маусым) Одақтан Қазақстанға қарағанда (1991 жылғы 16 желтоқсан) ертерек кетті, сондықтан Ресей Қазақстанға өзінің аумағын бере алмады. Іс жүзінде Қазақстан өзінің белгілі бір аумағын Ресей Федерациясына беріп отырған жоқ па?

Ойланыңыздар, құрметті РФ Мемлекеттік Думасының депутаттары, Қазақстанға қатысты негізсіз аумақтық наразылықтарын білдіріп, екі жақын көршінің арасында дау-дамай тудырып отыр. Дегенмен, біз ҚР мен РФ арасындағы достық қарым-қатынастардың сақталуы мен дамуына және арамыздағы саяси-экономикалық байланыстардың нығаюына қамқорлық жасауымыз керек.

Интернет-ресурстардан көріп отырғанымыздай, бұл мәселеде Қазақстан тарапын жақтап тек түркі әлемінің елдері ғана емес, басқа мемлекеттер де, сондай-ақ Ресейдің көптеген азаматтары да сөз сөйлейді, сол үшін біз оларға зор ризашылығымызды білдіреміз.

Біз сондай-ақ кейбір ресейлік саясаткерлердің, мысалы, Владимир Жириновскийдің өзі Алматы қаласынан шыққанына қарамастан, қазақтарды келемеждеуге шешім қабылдағанын атап өтуіміз керек. Қазақтар «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Жириновский мырза қазақтар көшпелілер және аз білімді халық болған деп мәлімдейді. Ол «қазақ тілінде бірде-бір оқулық, бірде-бір әдеби еңбек жоқ. Ештеңе жоқ» дейді.

Қазақтар ежелден табиғатпен үндестікте және табиғи-климаттық жағдайларға сәйкес өмір сүрді, жыл бойы көшпелі өмір салтын жүргізе алмағандығын айтуға тиіспін. Қысы суық, жазы ыстық. Сондықтан қазақтар қыста қоныстардағы үйлерде (қыстауларда), ал жазда жайылымға (жайлауға) көшіп, онда эстетикалық жағынан безендірілген киіз үйлерде тұрды, алайда қазіргі заманғы көптеген адамдар да солай істейді, олар қыста қалада, ал жазда саяжайда тұрады.

Қазақтар мектептер, медреселер, мешіттер мен моншалар салды. Таза көшпенді өмір салтымен мүмкін болмайтын ән-поэтикалық, шешендік өнер, қолөнер, ұсталық, тоқу және аспаздық өнер кеңінен дамыды.

Қазақстан аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында бірқатар ірі ежелгі қалалар (Түркістан, Отырар, Сайрам және басқалары) табылды, олардың орнынан сол кездегі қалалардың жоғары дамығандығын айғақтайтын көптеген тарихи олжалар табылды. Ірі жаңалықтардың ішінде «Алтын адам», өзінің үлкен кітапханалары, тиындар, алтын зергерлік бұйымдар, қару-жарақ және әскери құрал-сайман, төрт доңғалақты арбалар болды. Бұл халықаралық сауда жолдарының маңызды бекеттері болды, олардың бірі Қазақстан аумағы арқылы өткен Ұлы Жібек жолы еді. Әлемде өзінің рухани-мәдени және экономикалық даму деңгейі бойынша ежелгі қазақ қалалары сол кездегі ең дамыған қалалардың қатарында болған. Біздің ұлтымыздың озық даму дәстүрі қазіргі жағдайда да жалғасын табуда.

Депутат В. В. Жириновскийдің қазақ халқының мәдениетсіздігі туралы негізсіз шабуылдарына жауап бере отырып, келесі сауалға жауап қату қажет: Қазақтар деген кімдер?

1.Әлемнің кез келген этносы сияқты, қазақтар да – қос социум: олардың арасында жалғыз Жаратушыға сенетіндер мен сенбейтіндер де бар. Кеңестік атеизмнен кейін алғашқыларының саны күрт өсіп, шынайы руханият пен адамгершілік танытады, өйткені, олар шынайы исламды ұстанады. Олар рухты ғана емес, денені де таза ұстайды, өйткені, олар күніне кемінде 5 рет дәрет алады. Қазақстан аумағында Исламның пайда болуымен (X ғасыр) моншалар мен кәріз жүйелерінің құрылысы басталды.

2.Олар ұлт ретінде генетикалық тұрғыдан таза, өйткені, олар 7 атаға дейін туыстарына үйленбейді. Олар өте мейірімді және ақкөңіл. Басқа ұлт өкілдерін құрметтейді, тату көршілік және туыстық байланыстарды қолдайды. Әзіл өнері жақсы дамыған.

3.Олар жетімдерге өте мұқият қарайды, оларды тағдыр тәлкегіне түсірмей, жауапкершілікті өз мойнына алады, тәрбиелейді және оларға білім береді.

4.Олар ата-аналар мен балалар арасында, сондай-ақ барлық аға буынмен тығыз қарым-қатынаста, үлкендердің кішіге қарағанда басымдығын қатаң сақтайды.

5.Олар өте поэтикалық адамдар. Олардың арасында көптеген ойшылдар, ақындар, әншілер, ділмарлар, жыршылар мен философтар бар. Олардың кейбіреулері бүкіл әлемге танымал болды, мысалы, ұлы Абай Құнанбаевтың қара сөздері. Қазақ әліпбиінде 42 әріп бар, бұл тілдің сұлулығы мен икемділігін көрсетеді. Қазақ тілінде 2,5 миллионнан астам сөз бар, бұл оның байлығы мен шешендігін көрсетеді.

6.Олар білім және ғылым саласында өте қабілетті. Философ, математик, музыка теоретигі, шығыс ғалымы әл-Фараби және басқа да ұлы ғалымдар бүкіл әлемге танымал. Кейіннен олардың дәстүрлерінде ғылымға көрнекті жаңашылдықтар сыйлаған ғалымдардың тұтас үркер шоқжұлдызы қалыптасты. Мысалы, соңғы жылдары ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясында ірі ғылыми жаңалықтар ашылды. Бір мысал, Қазақстанда әлемдік ғылымда алғаш рет ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін «Гармония - Дисгармония» (Үндестік -Бейүндестік) әлемінің қосарлануы және оның экономикалық заңдары ашылды, бұл үшін ашылғаны туралы тиісті Диплом бар. Химия ғылымы саласында титанның құбылыс ретіндегі қасиеттеріне қатысты тағы бір жаңалық ашылды. Өнертабысқа көптеген патенттер ғылыми жетістіктерден тау тұрғызды.

7.Демография саласында олар жаңа жас от-басыларды құруға тырысады және бала тууды ынталандырады, бір жынысты некеге жол бермейді. Ата-аналар балаларына жақсы білім беріп, неке құруға көмектесуді өздерінің басты міндеті деп санайды.

8.Олар экономика саласында әлемдік на-рықтарда бәсекеге қабілетті болуға ұмтылады және әлемнің серпінді дамып келе жатқан этностарының қатарына кіреді.

9.Олар қажет болған жағдайда өздерін отанының қайтпас-қайсар қорғаушысы ретінде көрсетеді. Мысалы, XVII-XVIII ғасырларда Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Өтеген батыр, Баян батыр және Ұлы Отан соғысының батырлары Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы және т.б. Кеңес Одағы Батырларының саны бойынша қазақтар барлық басқа халықтар арасында жоғары орын алады.

Егер тарихқа көз жүгіртсек, қазақ әскерлері Ресейге достық қарым-қатынас таныта отырып, басқа халықтардың өкілдерімен бірге Мәскеуді 1812 жылы Наполеонның шапқыншылығынан босатқанын байқаймыз. «Өртке оранған Мәскеу французға берілгенде» І Александр патшаның өтініші бойынша 92 мыңдық қазақ жасағы көмекке келіп, басқа қорғаушылармен бірге 600 мыңдық француз әскерін талқандады.

Сондай-ақ, қазақ батыры Бауыржан Момышұлы батальонды басқара отырып, 1941 жылы Мәскеу түбінде фашистік басқыншылардың шабуылын тоқтатып, сол арқылы қаланы басқыншылардан қорғап қалды.

Бұл – өзінің ұзақ тарихында қазіргі ұрпаққа үлгі алуға тұрарлық көрнекті тұлғалардың тұтас бір ғаламын тәрбиелеген қазақ халқының қысқаша ауызша портреті. Өзін-өзі мақтау үшін емес, қазақ халқына мүлдем негізсіз, теріс сөйлейтін Ресей Федерациясының саясаткерлерінің ақпараты үшін жазылған. Жоқ, ол үшін емес! Әрине, Қазақстан халықтарын сақтау және дамыту мәселелері бар, бірақ бұл бөлек тақырып.

Өркениетті елдерде мұндай мәлімдемелер үшін кешірім сұрайды, жоғарыда аталған депутаттардан күтетініміз осы. Біз халықтарымыз арасындағы араздық пен әскери қақтығыстардың алдын алуды және шекарасы әлемдегі ең ұзын екі көршілес елдің достық қарым-қатынасын сақтауды жақтаймыз.

Кейбір ресейлік саясаткерлердің мәлім-демелеріне желіде көптеген жауаптар болды. Олардың барлығы дерлік аумақтық мәселелерде де, қазақ халқына баға беруде де Қазақстанның ұстанымын қолдайды, сол үшін оларға шексіз алғысымызды білдіреміз!

Ғылыми шындық өз қызметінің мақсаты болып табылатын ғалымдар ретінде біз Ресей халқы мен билігінің назарын көрші елдің алдында тұрған күрделі мәселелерге, мәселен, демографиялық дағдарысқа аударуды парызымыз деп санаймыз. Шынында да, Ресейде туу деңгейінің төмендеуіне байланысты орыс этносының қартаюы және азаюы байқалады. Оның үстіне, мен өзім Мәскеуде оқыдым, диссертация қорғадым, Ресейде достарым көп болды, сол уақытта мен өз елім – Қазақстанның патриотымын, сондықтан орыс этносын еуропалық суицидтен сақтаудың кейбір проблемаларына қатысты өз алаңдаушылығымды білдіруді қажет деп таптым.

Славян мақалы «Бал жағатын дос емес, шындықты айтатын дос» дейді. Кейбір авторлар жазғандай, бұл суицид  алдағы 30 жылда орын алады. Өйткені, Батыста көптеген этностар демографиялық проблемаларға байланысты (туу көрсеткішінің төмендеуі, ұлттың қартаюы және тарылуы) жойыла бастады. Сонымен қатар, әлем пандемиямен ушыға түскен терең қаржылық-экономикалық дағдарысты бастан кешіруде.  Дағдарыс жағдайында кез келген мемлекетке қойылып жүргені сияқты Қазақстанға да аумақтық талап қою өте қауіпті. Олар үшінші дүниежүзілік ядролық соғысқа ұласу қаупін тудыратын әскери қақтығысқа әкелуі мүмкін, бұл соғыста шынайы жеңімпаздар болмайтыны анық.

Қазақстанда әскери қақтығыстарда қолдау көрсетуге дайын көптеген дос мемлекеттер бар екенін есте ұстаған жөн. Бұл мәселелерге мұқият болып, аумақтық дау-дамайларға алаңдамау керек.

Әлемдік тәжірибе исламды хақ дін ретінде қабылдағанда мұндай мәселелердің еңсерілетінін көрсетеді. Әлемнің құрлықтары мен елдеріне тез таралып жатқан бірден-бір дін – ислам деп бекер айтылмаған. Бұл әлемдік тренд. Радикализммен және терроризммен үйлеспейтін, бейбітшілік пен өркендеуге шақыратын шынайы ислам өркениетіміздің игілігі мен сақталуына әкелетін үйлесімді өмір салтын жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоғары мәртебелі Ресей Федерациясының Федералды Жиналысынан жоғарыда аталған депутаттардың мәлімдемелерінің арандатушылық және негізсіздігін бағалай отырып, жекелеген саясаткерлердің Қазақстанға ғана емес, барлық достас мемлекеттерге қарсы келешекте келеңсіз әрекеттеріне жол бермеу үшін шаралар қабылдауды сұраймыз. Егер Үндеуімізде қателіктер болса, алдын ала кешірім сұраймыз.

Қазақстан, Ресей және бүкіл жер халықтары сақталып, дами берсін! Біздің жалпыадамзаттық үмітіміз: үйлесімділік әлемді құтқарады!

         Орыс тілінен тәржімалаған

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ

1688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз