• Ұлттану
  • 21 Желтоқсан, 2021

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН  ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Егемен елдің ұлттық философиясының қалыптасуы мен дамуы қазіргі заман мен жарқын болашағымыз үшін аса маңызды құбылыс. Кез келген ұлттың философиялық жүйесі жалпы адамзаттың ғасырлар бойы қордалаған рухани дүниесінен сусындайды және әрбір қауымдастық өзінің тарих толқынында жинақтаған этникалық философиялық пайымдауларына сүйенеді. Сөйтіп, бұл күрделі мәдени-әлеуметтік, шығармашылық үдерісте зияткерлік дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген даналық үлгілері шешуші рөл атқарады. Қазіргі заманауи кезеңде тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқының тарихи эволюциясында қалыптасқан өзіндік этнофилософиясы біртұтас Қазақстанның ұлттық философиясының өзегін құрай бастады. Еліміздің рухани әлемі өткен кеңестік кезеңде маркстік философияның басымдығының аясында болып келді, енді заманауи кезеңде жаңаша ұлттық философияның жүйесін қалыптастырудың жолына бет бұрғанымыз белгілі. Әрине, кез келген философиялық жүйе қысқа уақытта жылдам жасала салмайды. Ол үшін кәсіби философтарымыз сыни ойлаудың әдіснамасын қолдана отырып қазіргі кезеңдегі жаңа талаптарға сай пәрменді ғылыми ізденістер жолында болуы тиіс.Жалпы даналық үлгілері өзіндік пәрменді дамудың қажетті қозғаушы күшіне айналып қана қоймай, әрбір жеке адамның дербес дүниетанымының, рухани әлемінің қалыптасуына ықпалын тигізіп отырады. Философияда үнемі айтылатын өзара байланыс пен дамудың әрбір сәті қоғамдық прогресс барысында үнемі іштей астасып жатады, одан тыс қалған құбылыстар құлдырайды, ішкі қайшылыққа түседі және нәтижесінде дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан өзінің шынайы рухани келбетін, маңызды құндылықтарын жоғалтқан ел де, мемлекет те, жеке адам да дағдарыстар қақпанына түседі. Бұл тарихтың өзіндік шындығы. Тәуелсіздіктің туы желбіреген 30 жылдық тарихи кезеңнен бері егемен елімізді рухани өркендетуші, жаңғыртушы көшбасшылары ретінде Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен мемлекет басшысы К.Қ.Тоқаев өздерінің көптеген стратегиялық идеялары және әл-Фараби мен Абай даналығынан туындаған философиялық ұстанымдарымен жаңа деңгейде әлем жұртшылығы алдында танылып келді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» атты болашаққа сеніммен қарауға негізделген гуманитарлық бағдарламалық жобасы қазіргі тарихи кезеңде кездейсоқ және кенеттен пайда болған жоқ. Оның алдында елімізде халқымыздың руханиятының жүйелі дамуы мен толыққанды болуы үшін маңызды рөл атқарған 2004-2011 жылдары мемлекеттік «Мәдени мұра» және 2013-2016 жылдары «Халық тарих толқынында» атты кешенді мемлекеттік бағдарламалар ретінде табысты жүзеге асырылды.

Рухани жаңғыру ұлттық идеясын заманауи қоғамға ұсынуға дейін елімізде біршама тарихи деректемелік, идеялық, ғылыми-әдістемелік, философиялық негіздемелер жасалғанын байқаймыз. Жоғарыдағы еліміз үшін стратегиялық мағынадағы рухани өркендеу үдерісіне ұлттық философияны зерделеуші философтар қауымы да өзінің қомақты үлесін қоса білді. Кезінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен тарихи ауқымды қамтыды. Мәселен, 20 томдық қазақ халқының ежелгі дәуірден қазіргі тарихи кезеңге дейінгі қордаланған философиялық мұраны, әлемдік философияның ең озық үлгілерін жинақтаған 20 томдық топтаманы, бұрын жарияланбаған 10 томдық әл-Фараби мұрасын философ-ғалымдарымыз жинақтағанын атап өткен жөн.

Ал, енді қазақ халқы мен тәуелсіз Қазақстан философиясының толыққанды зерттеле бастауы еліміздің саяси және идеологиялық егемендік алып, дербес ел болған кезеңінің еншісінде. Әсіресе, осы бағытта белсенді қызмет атқарған, оқулықтар мен оқу құралдарды дайындап, ұлттың көптеген данагөй тарихи тұлғаларының дүниетанымын айшықтаған және елімізде қандай философиялық бағыттардың кеңінен өрбігені туралы ғылыми еңбектерін оқырмандарға ұсынған – Ж.М.Әбділдин, Д.К.Кішібеков, А.Х.Қасымжанов, Ғарифолла Есім, О.А.Сегізбаев, А.Қ.Қасабек, Ә.Н.Нысанбаев, Т.Х.Рысқалиев, М.С.Орынбеков, Т.Х.Ғабитов, Ж.А.Алтаев, А.Т.Тайжанов, Г.Ж.Нұрышева, Ж.Ж.Молдабеков, М.Ш.Хасанов, Д.С.Раев, Г.Г.Барлыбаева, С.Ю.Колчигин, Қ.Ұ.Әлжан және т.б. философия саласының кәсіби мамандары екенін атап өткен жөн. Әсіресе, қазіргі кезеңде мемлекет тіліндегі философиялық шығармалар топтамасы ұлғайып келеді және оған аймақтардағы жас мамандар да атсалысуда. Тәуелсіздік жылдарының бастапқы жылдарында Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының Философия және саясаттану институтында қазақ философиясын зерттеуге арналған бөлім ашылды және содан бері басқа ғылыми бөлімдермен қатар кәсіби мамандардың күшімен көптеген ғылыми-зерттеу жобалары орындалды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде қазақ философиясы мемлекеттік тілде кеңінен дәрістеліп, бірнеше ұжымдық монографиялар шығарыла бастады, көптеген жас және тәжірибелі ғалымдардың қазақ философиясы мәселелері бойынша мемлекеттік тілде диссертациялар қорғалды. Әрине, басқа жоғары оқу орындарындағы мамандар да осы игілікті іске өзіндік үлестерін қосуда және Қазақстанның түкпір-түкпірлерінде гуманитарлық сала бойынша ұлттық келбетімізді айқындай алатын білікті кадр-мамандар корпусы қалыптасуда. Тарихтың қойнауында жатқан рухани мұраларымызды, тарихи тұлғаларымызды мағыналы көзқарастарын қайта жаңғырта жеткізуге талаптанған ғалымдарымыз Қорқыт Ата, әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи, Ахмед Иүгінеки, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Асан Қайғы, Қадырғали Жалайыри, қазақтың атақты билері мен ақын-жырауларын, ойшылдары мен зиялыларын, оның ішінде Махамбет, Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұхтар Әуезов сияқты есімдерді жастардың рухани әлеміне жақындата түсті. «Біз өзімізге этникалық тегіміз жағынан келсек, мың жылдан аса мәдениетіміз, тарихымыз, философиямыз бар халықпыз» деген Елбасымыз сөзі енді әлеуметтік практика жүзінде өзінің өрісін кеңейте бастады. Халықтың әлем туралы философиялық образдары мен түсініктеріне, оның ұлттық рухы мен діліне, қордалаған рухани құндылықтарына объективті бағалаулар берілуде. Тәуелсіздік келмесе осындай қадамдар тиісті деңгейде жасалмай да қалуы мүмкін еді.

Қазақ философиясы еліміздің рухани тәуелсіздігінің тарихи көрінісі және ол адамзат тарихында ғасырлар бойы қалыптасқан әлемдік философияның ажырамас құрамдас бөлігі. Қазақ философиясының тарихи қалыптасуының төрт тарихи кезеңін жіктемелеуге болар еді. Бірінші кезең – ежелгі мифтер мен әр қилы әпсаналардың этностың рухани дүниесінде басымдық танытқан замандағы алғашқы философиялық түсініктер дәуірі; екінші кезең – түркілік және қазақ ойшылдарының көркем образдар, халықтық поэзия арқылы даналық үлгілерін өрнектеген дәуірі, үшінші кезең – қазақ ағартушыларының, зиялыларының саяси-әлеуметтік, этикалық және танымдық тақырыптарға арнаған еңбектерін әлеуметке ұсына бастаған кезеңі, төртінші кезең – кеңес Үкіметі ауқымында қалыптаса бастап, тәуелсіздік дәуірінде өзінің жалғасын тапқан қазақстандық философия дәуірі. Әрине, кеңестік кезеңде, яғни тәуелсіздік кезеңіне дейін ұлт философиясына байланысты мәселелердің барлығы мұқият бақылауда болып, көптеген зерттеу бағыттары тыйым салынған жабық дүниелер қатарына жатты. Өйткені, социализмнің ұстындары тек бір коммунистік идеяның, марксизмнің түсініктерінің төңірегіне шоғырланғандықтан оған сәйкес келмейтін басқаша мағынадағы түсініктердің барлығын жоққа шығарылды. Тіпті, бұл тақырыппен ай­налысамын деген зерттеушілердің шығармашыл ізденістік әрекеттеріне өткен қоғам «ұлтшылдықтың жалауын көтерді» деген үстірт бағалаулар беріп отырғаны белгілі. Қазақ философиясы халқымыздың өмір сүруінің, дамуының және көркеюінің рационалдық сипаттағы ғылыми жүйеленген үлгісі, ұлттық философияның қайнар көзі. Осы тақырыпқа арналған бес томдық топтама ретіндегі ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты мамандарының күшімен дайындалған жинақ бар екенін де атап өтеміз. Көрші жатқан түркі тілдес ағайындар бұл бағыттағы жұмыстарын енді ғана қолға алып жатыр. Тәжіктер мен әзербайжандар өздерінің ұлттық философиясының тарихына арнап үш томнан ғана еңбектер топтамасын жариялады. Жоғарыда аталған жинақта сан ғасырлық рухани мәдениетіміздің тарихы философиялық сараптаудан өткізіледі. Рухани жетістіктеріміз бен осал жерлеріміз философиялық тұрғыда пайымдалады, тарихи тұлғалардың дүниетанымдық жүйелеріне объективті бағалаулар беріледі. Бірақ бұл жинақтың баспадан шығу даналары да, та­ралу ауқымы да жоғары оқу орындарындағы күннен күнге ұлғайып келе жатқан зияткерлік рухани байлықтан сусындауға деген сұранысын, қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыра алмасы анық. Оның үстіне философиялық ойлау тарихына деген көзқарас тарихтың жаңа кезеңінде жаңаша ұстанымдармен толығады, көптеген жағдаяттар сыни талдаудан өткізіледі. Сондықтан, жаңаша әдіснамаларды, деректерді қолдана отырып, сыни ойлаудың көмегімен жас ұрпаққа ұсынылатын ғылыми әдебиеттерді үнемі жаңғыртып отырған абзал.  Алматы кәсіби философтарының күшімен алғашқы рет мемлекеттік тілде «Философиялық энциклопедиялық сөздік» 2013 жылы дайындалған еді және бұл еңбек жаңғырылған, толықтырылған нұсқада 2021 жылы қайтадан жарық көрді. Бұл жинақтың ерекшелігі мамандар философияның түбегейлі категорияларымен қатар алғашқы рет негізінен қазақ рухани әлемінде ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін дәстүрлі түрде қолданылып келген «абырой», «аманат», «аруақ», «атамекен», «зұлмат», «қанағат», «құт», «көңіл», «сабыр» және т.б. дүниетанымдық ұғымдар мен түсініктерге философиялық пайымдаулар жасалынуында. Әрине, осындай гуманитарлық ғылым саласындағы нақты кейбір қадамдардың, жаңашылдықтың түптамыры тәуелсіздігіміздің тұғырларының нығаюымен астасып жатыр. Болашақта да ұлтымыздың қазіргі жаһандану заманында руханиятынан, ұлттық құндылықтық бағдарларынан айырылып қалмауына демеу болатын, рухани көмек беретін шынайы рухани және әлеуметтік құрылымдар мен жүйелерді сараптауға арналған ізденістердің көбірек болғандығы маңызды. Дегенмен, Ұлы Дала Елінің рухани байлығының, рухани өмірінің әлі де толықтай игерілмеген, ғылыми зерттелмеген тұстары жетерлік. Сондықтан, еліміздегі рухани өмірдің эволюциясын әлемдік мәдениет аясында философиялық байыптау мәселесі зерттеушілерді өзара ғылыми сұхбатқа, шығармашылық белсенділікке шақырады.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жобаны жүзеге асыру қазіргі таңда гуманитарлық саланың мамандары мен студенттер қауымына өте өзекті және маңызды болды. Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілге аударылуға тиісті деп жоспарланған 100 таңдаулы әлемдік деңгейдегі озық сипаттағы оқулықтардың барлығы 2018-2020 жылдар аралығында қазақ тіліне толықтай тәржімеленіп үлгерілді. Бұл шетелдік оқулықтарды аударма жасауға таңдау кезінде бірнеше түбегейлі критерийлер мен өлшемдер қойылған еді. Мәселен, оқулық ғылыми-әдістемелік туынды ретінде бірнеше рет қайта басылып шығу керек болатын және кітаптың басқа бірнеше тілдерге аударылуы да маңызды екені айтылды. Міне осындай сүзгіден өткен еңбектер ғана біздің жоғары оқу орындарындағы оқушы контингентке ұсынылды. Еуропа елдерінде кең тараған Бағдарлама ауқымында философия саласы бойынша бірнеше іргелі кітаптар бар екені белгілі. Соның қатарына Дерек Джонстонның «Қысқа философия тарихы» оқулығы, Реми Хесстің «Философия бойынша 25 түйінді кітаптар» және т.б. еңбектер қазақ тілінде философия тарихы бойынша дайындалды. Сонымен қатар, Б.Расселдің «Батыс Еуропа философиясы», Жапон, Қытай елдерінің философияларына қатысты мәтіндердің алғашқы рет қазақ тілінде дайындалуы да жаңа қадамдар. Қазіргі тарихи кезеңде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор С.Т.Сейдумановтың басшылығымен ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты еліміздегі философияны гуманитарлық саланың ерекше саласы ретінде дамытуға бағытталған қоғамымыздың руханиятының маңызды мәселелерін талдаумен айналысатын 2 ірі ғылыми бағдарламамен, 9 гранттық ғылыми жобамен айналысады. Зерттеу нысанына айналған ғылыми-зерттеу мәселелері өздерінің өзектілігімен, маңыздылығымен айрықшаланады. Институт ұжымы қоғамымыз бен мемлекетімізге теориялық және қолданбалы мағынада өзінің көмегін тигізетін жобаларды орындауда, тарихи тұлғалардың дүниетанымдарын зерделеумен қатар, философиялық, саясаттанулық және дінтанулық күрделі проблемаларды айшықтай түсуде. Заманауи кезеңде рухани өркендеуімізге барынша көмегін тигізетін ғылыми зерттеулер әлеуметтік практикаға қызмет етуге бағытталған. Әсіресе, мәдениет пен құндылықтарды зерттеу негізгі трендке айналғанын атап өте аламыз. Сонымен қатар, институттың бастамасымен құрылған республикалық деңгейдегі Қазақстандық философия конгресі ұйымы өзінің 3-ші ғылыми форумын осы жылдың 23 қарашасы күні өткізбекші. Оған еліміздің түкпір-түкпірлерінен философ мамандар онлайн/офлайн форматта қатысады. Бұл ұйым 2016 жылдан бері халықаралық Философиялық қоғамдар қауымдастығының толық мүшесі. Қазіргі таңда Институт философия саласындағы атқарылатын барлық жасампаз іс-әрекеттерін еліміздің көптеген ЖОО-дағы философия кафедраларындағы оқытушылармен шығармашылық ынтымақтастықта атқарады. Осы дәстүріміз философтар қауымында әрі қарай өзінің лайықты нәтижесін береді және жалғасын табады деген сенімдеміз. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан Республикасы үшін Ұлттық Рухани жаңғыру философиясын қалыптастыру мен оны дамыту жалпы еліміздің зиялы қауымының ортақ маңызды құндылықтық бағдары деген ойдамыз.

Серік Нұрмұратов,

философия ғылымдарының докторы, профессор,  ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының жетекшісі

5301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз