• Ұлттану
  • 30 Наурыз, 2022

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІК

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,
гуманитарлық ғылым магистрі

Қазақтың тамыры, бүтін болмысы ауылда екені сөзсіз. Ауылдан шыққан көптеген талантты ұл-қыздар халқымыздың маңдайы жарқыраған атақты азаматтарына айналғанын жақсы білеміз. Осы орайда ұлтымыздың алтын бесігі – ауылдағы қаламгерлердің шығармашылығына қолдау көрсетіп отыру баршамыздың парызымыз деп білеміз. Жас авторымыз Берік Нұрмұхамедов – болашағынан мол үміт күттіретін публицист, жазушы. Берік Бегімұлының жазу стилінде, ой саптауында Әбіш, Оралхан ағаларымыздың ұшқындары молынан кездеседі. Өзі де осы тұлғалардың туындыларын құмарта оқиды екен. Дәстүр сабақтастығы дегеніміз осы шығар. Ұлы даламызда қалыптасқан қаламгерлік мектеп бүгінгі заман тынысымен үндесіп, жаңғырып жатса, қанеки. Ең бастысы Берік – қазақтың қаймағы бұзылмаған тілін жақсы біледі. Бүгінгідей жаһандану заманында тіліміздің табиғи құнарынан ажырамаған жастарымыздың өсіп келе жатқанына қуанамыз. Олай болса, жас автордың шығармашылығына сәттілік тілей отырып, оқырман назарына «Тәуелсіздіктің қадірін білейік», «Бүгінгі мектептің сипаты қандай?» атты қос бірдей жазбасын ұсынып отырмыз.  

Тәуелсіздік маңдайдағы текті бақ екені өткен тарихыңа бұрылған сайын байқалады. Көңіліңді елжірететін бұл сезімді талай қазақ сезіне алмай, арманда кетті. Табаныңның астындағы тарғыл тасыңа дейін тарихтың тілінде сайрап тұрған Тұран даласының өткені өзекті өртейтін өкініштердің қисапсыз өлшемі де болғаны рас. Алтайдан Атырауға дейінгі атырап алма-ғайып заманның талайын басынан кешірген Ұлы Дала. Оның ұлылығы ұсқынында ғана емес ұжданында да. Ұлы Далада туған әр бала сол ел мен жердің тағ-дыры үшін сәт таңдамай шыбын жанын сарапқа салып күресуге даяр тұратынында. Осындай болмысты баланы тудыратын қазақ сахарасының сорынан бұрын бағы да биік болатыны сөзсіз. Бағы Құдайдан, бабы ұлт тізгінін ұстаған тұлғадан. Егемен ел болдық, етек-жеңімізді азат күннің шапағымен шашауын шығармай жинаймыз деп қамданғанымызға міне, отыз жылдың мөлшері болды. Бәрі игілігі икемді іс.

Боз жусан болмысты дала қаза-ғының еркіндік пен азаттықты аңсап, соның жолында жан алысып, жан берісіп өткен сәт сюжеттерінен тәуелсіздік деген айшықты ұғымның бағасы қаншалықты қымбат екенін есептеп алар уақыт жеткен де секілді. Талай текті қазақтың басы мен жаны кеткен, берекесі ғасырлап тасыған шаңырақтардың ортасынан опат болуы үлкен қасірет жылдары еді. Бұл бүгінгі қазақтың болмысына дейін отарлаған кеңестік қызыл террорлы жүйенің қазаққа жасаған еш ақтауды қажет етпейтін қасіреті. Қолдан жасалған аштық, бас көтерер елге ие болар арда азаматтарды тікелей жою үлкен трагедия екені анық. Бұндай тарихтың ақтаңдақ беттері мәңгілікке бет бұрған Ұлы Дала жұртының есінен өшпеуі тиіс құбылыс. Әр екінші үйде ашаршылықтың құрбаны мен репрессия жылдары із-түссіз кеткен бабасының отбасылық шежірелі тарихы бары рас. Бұл дегеніміз ашаршылық пен қуғынды сүргін бар қазақтың ұлт ретіндегі тағдырына төнген тажалды саяси нәубет. Бүгіндері тарихи мемуарлық деректі романдар мен мұрағат деректерінен ғана біліп, санамызда мұң ұялатар осынау қуғын-сүргін жылдарының қасіретін әрбір қазақ ұмытпауы тиіс. Өткеннің ізі мен жолын ғибрат пен тәлімге шертетін қазақы қалып, өз тарихы мен шежіресінен сындарлы пікір мен ұстаным шығарып отыруы тиіс. Тарыдай шашылған қазақ деген тіркестің түп төркінінде де осы қуғын-сүргін мен аштықтың тұрғандығы есі дұрыс қазақтың бәріне ұғынықты. Ақ жауып аруланбай, әр жерде шашылып қалған, Жапония түгіл көршісіне тыңшы болмаған талай рухтың жанына Құран бағыштап, тарихи талдаулы бағасын беретін кез жетті. Жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, үлкен деңгейдегі амалдар атқару бүгінгі ұрпақтың мың міндетінің ішіндегі бір парызы. Міне, осы дүниелерден тағлым алғанда ғана тәуелсіздіктің құнын бүгінгі ұрпақ ұғына алмақ. Басқалай бірдеңені құр түсіндіру түнекке қара тас лақтырғанмен бірдей. Бүгінгі қазақ тәуелсіздіктің құнын тарихтан ғана тұжырымдай алады. Шынайы тарихты қоғам болып түсініп, әлеумет зердесіне бүгінгі еркіндігінің қандай құрбандықтар арқылы келгендігін насихаттап, ұқтырғанда ғана тұтас ұлт болып ұйысу, ұлттық бірлік деген тенденциялар тірі организм ретінде өз ғұмырын саналарда патриоттық деңгейде бастап кетеді. Осы жайтты мемлекет идеологиясының тізгінін ұстағандар ұқыптап ұққанда ғана қайыры қазаққа жауар шақтың туындау ықтималдығы жоғары. Мынау жаһандық мылтықсыз майданда оқшантайындағы ақпаратпен атқылайтын заман аясында қорғанудың тетігі ұлттық бірлік пен ұлттық сана екенін есі дұрыс адамның бәрі тұжырымдап келеді. Ұлттық бірлік, тәуелсіздік қай заманның қоғамын алып қарасақ та үлкен маңызға ие елдік мұрат болып саналған. Себебі, дамудың алғышарты еркіндік бірлігі екені қашанда анық аңғарылады. Бірліктің түбі береке деп дала заңымен тәуелсіз күн кешкен Ұлы Дала жұртының данышпан тағылымы да осы ойдың асқарын аспандатып-ақ тұр. Бүгінгі тәуелсіз, мәңгілікке бағыт алған еліміздің де зайырлы құрылымы егемендік тақымға тиген сәттен ұлттық бір тұтастық пен ажырамас бірлікке негізделуі шартты ұғым. Және сол бірлік ұранының ұлы нәтижиесі бүгінгі қоғам аясында көріністе тауып тұр. Өнегенің басы – тәлім. Тәлімді дарытатын құндылық – тәрбие. Жалпы адамзаттың бойындағы ізгілікті нұрландыратын, болмысты баптайтын құрал, ол – бірлік екенін қайталау әр күн сайын айтылса да кемшін тарта бермек. Себебі, бірлік бар жерде күш барын, күш бар жерде маңыз барын білетін жұрт, сәт сайын қадағалаумен отыр. Ал, осы жолдағы қисапсыз қадамдар тәуелсіздік іргетасына дарыса екен деген ниет бәрінен де басым тұруын көксеген ел оңады.

Жетпіс жыл бұғауда болған елдің отыз жыл тәуелсіз күн кешуі бүгінгі қоғамның көрнісінде тұр. Қызыл комунистердің дала қазағын өшпенділікпен өршелене шегендеп, өр мінезін өктемдікпен өшіруге ұмтылуы жоспарлы іс. Қазақтың даналығы соншалықты, ғасырлар бұрын қалыптасқан жүйелі зерделік заңғарын тып-типыл етіп, орнын құрбандардың қанынан қызылдардың нышандарының бейнесін салумен-ақ толтырған еді. Тәуелсіздіктің құны да, қастері де тарихтың беттерінде тұр. Тарихыңа қара да, тәуелсіздігіңнің салмағын тұжырымдай беруіміз керек-ақ. Ұлтқа айналу отыз жылдың аясында жүзеге асты ма, аспады ма, оны әр қоғамның мүшесі өзі бағамдап біледі. Тарихтың еш уақытта шартты райда жазылмайтынын түсінетін бір ұлт болса, ол – біз болуымыз керегі ғана анық. Тәуелсіздік қазаққа қаншалықты кешігіп, небір зұлматтардың запыранына күпті қылып жеткенін түсінгенде ғана азаттықтың анықтамасын ғана емес, бар сапасын да ұғып тұратын ұрпақ қалыптасады. Ол үшін ұлт тарихының шынайы беттерін ашып, жаңадан оқулықтарға жазып, тарихи сананы қоғам зердесіне бағдарламалауға ұмтылу керек-ақ. Бірақ, қашан – белгісіз...

Тәуелсіздіктің төлқұжаты – тарих. Тарихыңа үңілмей тәуелсіздігіңді тани алмайсың. Тани алмаған дүниенің қадірі мен қасиетін сезіну де кемшін тартатыны жасырын емес. Сондықтан, ұлттық сана арқылы тәуелсіздіктің толық құнын қоғам пікірінен аңғару да қиындайды. Ұлттық сананың тетігі тарихи санада. Алдымен тарихи сананы тітіркендіру арқылы ұлттық болмысты оятуға болатынын бәрі біледі. Тек тарихқа, шынайы, бұрмаланбаған тарихқа қол жеткізіп, рухани насихаттауды қолға қазірден алғанда ғана енді отыз жылды күтпейтініміз анық. Тәуелсіздік бәрінен қымбат екенін осы амал негізінде жүзеге асырғанда ғана сапалы сана мен парасатты пайымның құнды бағасын алатының һақ. Сарылып, зарықтырып келген тәуелсіздікті толық тұғырға қондыруымыздың уақыты кезек күттірмеуі тиіс. Кезек – тәуелсіздіктің табалдырығынан әрі ұғым. Сондықтан, әр сәт ұлттық сана мен тәуелсіздік тетігін тұрақтандырудың құралына айналғанда ғана азаттық жолында құрбан болған есепсіз қазақтың рухы жай табады. Еркіндігіміз рәсуәлайтын дүние емес. Ордалы отыз жылдың жетістігін де, кем-кетігін де ел біледі. Бастысы – тәуелсіздігіміз тұғырында. Тұғырды қызғыштай қору әр заманның қоғамының әуелгі парызы.

БҮГІНГІ МЕКТЕПТІҢ  СИПАТЫ ҚАНДАЙ?

Қоғам әлемдік өркениеттерді бойына жиып алға дамыған сайын сапаны көп қажет етеді. Санға емес сапаға өрнек болар өлшемнің көші ілгері екендігі анық дүние. Елдің ертеңін жасақтайтын мекеннің бірі мектеп. Оның ахуалы болашақтың көрінісін айқындауға біршама бағдар береді. Білім сапасы мен оны ұйымдастырудың жүйелілігі оқушы дамуының негізгі кілті десек болады. Сондықтан бүгінгі мектептердің мәнері қандай, қоғам сұранысы мен шәкірт іздеген біліммен қанағаттандырып тұр ма, деген сауалдар төркіні әр кезеңде актуалды болуы шарт. Мектептің білім ұясы екендігін әр заман айқындаса да, бұл заман шамалай алмауда. Бүгінгі қазақ мектептерінің мұңы кешегі тәуелсіздікті алғаш алған тоқырау жылдарына қарағанда едәуір көші түзелгені анық. Материалдық базалық жағы біраз кемшілігін түзетті. «100 мектеп, 100 аурухана тұсында» сонау шалғайдағы баласы жүзге жетпейтін ауылдарға да үш қабатты мектептер салып, даңғарадай ғимараттарды тұрғызып тастады. Оны жылыту мен жарықпен қамтамасыз ету мемлекетке артық шығын болмасына кепілдік тағы бола қоймас. Бұл тек сыртқы сипаттық мәселесі ғана. Ал ішкі тұрмыстық жай-күйі қандай ахуалдарды бастан кешіріп жатқаны бүгінгі қоғамға аса жасырын емес. Ең алдымен мектепті құраушы кадрлар мәселесіне келіп тіреледі. Оның біліктілігі мен шынайы сауаттылығы басты бас ауыртар мәселенің алды. Кадрлардың білім жұтаңдығы, теориялық әлсіздігі қанағаттанарлық нәтижеге апармайтыны анық. Ал осы кадрларды мектепке қабылдау жүйесі де бір жақты жолға қойылған механизм емес. Әлі күнге сан сауалдың астында қалып келе жатқан түйіткілдердің бірі. Жұмыс іздеп сенделген мұғалім көп. Мектептердегі кадрларды сұрыптап қабылдайды деген комиссиялар өз жұмысын атқарып жатыр. Бірақ қалай? Қағаз жүзіндегі есептерден сүрінбесе де, құрылымы мен жұмыс жүйесінің аспектілері қаншалықты жоғары деңгейде жұмысын атқаруда? Сол комиссиялар құрамы мектептің ішіндегі методикалық ұжымның мүшелерімен ғана шектеліп жатқан жоқ па? Бұл да бір қазіргі жауабы құбылмалы сауал. Мектептердің табалдырығын тоздырып, түйіндемелері мен партфолиоларын арқалаған талай талапты жастар осы комиссиялардан құладық, сүріндік деп зар илейді. Және шешімдеріне күмәнмен қарап, пессимистік пікірлерге иек артушылар қатары біршама. Бұл комиссиялардың қызметін қаншалықты электронды жүйеге ауыстырды дегенмен, құрамына аса жіті мән берілуі керегі қоғам талабы. Себебі, әбден тоң мойын болған біркелкі сарынның жарқыншағын байқаған үміткерлер комиссия жұмысына да зор сеніммен қарай алмайды. Сондықтан, бұл мектепке кадрды сұрыптап, біліктілігі мен біліміне, талабы мен талантына мән беретін комиссия құрамында мектеп ұжымынан тысқары мүшелер болуы шарт. Міндетті түрде антикордан бір өкіл, облыстық білім бөлімінен жауапты маман, сол мектепке еңбегі орасан сіңіп, тәжірбиесі мен осы саладағы білігі ұшан теңіз зейнеткер ұстаздан тұруы керек. Тәуелсіз комиссия жұмысы осы мәнерде жұмыс жасағанда ғана мектеп кадрларының көсегесі көгеріп, ілім іздеуші жас өскелең ұрпақтың алдына өз саласының нағыз мамандары баруы ықтимал.

Мектептердегі кадрлық мұңға айналған тағы бір кемшін тұсы, шәкірт білімі мен тәрбиесіне қызмет деп қарап, білім ұясында еңбек ететін ер адамдардың аздығы. Гендерлік баланстың тепе-тең еместігі де қандай да бір әсерін беретіні анық. Бермейді деп ешкім кесіп пішіп айта алмайды. Бұл тұрғыда қазақ мектептерінің мұңы басым. Үйдегі әке тәрбиесі мен мектептердегі ер адамдар айбынының орны ұлт ертеңін жасақтаудағы маңызды тіректердің бірі. Сондықтан, білім жүйесіндегі қағаз бастылықтан, мұғалім мәртебесінің іс жүзінде барлық жерде бірдей қабылданған заңнама шеңберінде жүзеге аспай жатқандығы сипатты алуан шым-шытырықтардан басын алып қашып жүретіндері жасырын емес. Мектептерді нәзік жандылар қауымына қалдырып кеткен ер мұғалімдердің білім ордасына оралуына министрлік тарапынан арнайы бағдарламалар қабылдап, бүгін-ертең реттемесе, ұлттық рух пен айбынның, еңселі азаматтық болмыстың оқушының ертеңінен көре алмай қалуымыз да бек мүмкін. Мұғалімдік білік пен әдістемелік білімді игерген қазақ жігіттерінің мектеп маманы болып қызмет атқарғаны ұлт тағдырына әсер етуші үлкен әлеуметтік фактор.

Қазіргі мектептер арасында, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған түрлі білім бәйгелері көп. Білім бөлімдерінің ұйымдастыратыны бар, олардан өзге көптеген ұйым, бірлестіктердің жариялайтын конкурстары бар, әйтеуір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған дүние. Бәйгелердің болғаны дұрыс, егер білімін, сынын шынайы тұрғыда анықтап, шын мықтыға тұсау жоқ екенін әділ анықтап жатса. Бірақ, қазіргі олимпиадалар мен конкурстардың орындары сатылымға шығып кетті деп баптаған шәкіртінің діттегеніне жете алмағанын байқаған біраз ұстаздар қауымы дабыл қағыпта жүр. Онлайн аты белгісіз конкурстардан бөлек, облыстық деңгейдегі білім бәйгелерінің орындарының өзі саудаланып кетті деп қынжылған мұғалімдердің мұңы қоғам ішінде жоқ емес. Топқа қосқан шәкіртінің өз білімін сарапқа салып тұрғанның өзінде, көз алдында құйтырқылықпен алып кетті деп, жүні жығылып шыққан оқушының шыққанын көргенде талабының таудан құлағанындай сезімді мұғалім де, бала да сезінері анық. Сыбайластықтың осындай деңгейге дейін меңдеп кеткені мемлекетті шайқалтып тұр деген сөз. Қарапайым мектеп білімінің додаларынан әділдік таппаса, басқа жерлердің қайырынан қандай ырысты күтуге болатынын әркім топшылай жатар. Мұғалімдердің арасында да түрлі медалдар мен атақтардың сарапқа салынып, түрлі төс белгілерді тарататын ұйымдардың дәурені жүріп тұрған шақ. «Ұлт ұстазы» болған Ахмет Байтұрсынов пен «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсарин алмаған атақ, медальдік өлшемдегі шендерді қазіргі қоғамның мұғалімдері қос-қостан алу науқанына кірісіпте кеткен сыңайлы. Білімнен басқа бәсекелестіктің орға жығарын әзірше ұмытқан ұйымдар, талай атақ, мәртебені әлі де ойлап тауып, саудалай берері һақ. Бұған министрлік тарапынан белгілі бір шектеу қойылуы керек. Марапаттың болғаны жақсы, бірақ науқандық деңгейде емес немесе сәндік сипатта емес. Шынайы, әділ комиссиядан өткен, шын мықтының маңдай тер еңбегінің жемісі болса күн сөнгенше сөнбейтін мәртебе. Оған ешбір, ешқандай талас жоқ. Тек кейінгі кездері астыртын додаланып кеткен медальдар жарысына бір тоқтаудың қойылар кезі келгенін ескерту парыз. Патша заманында неше түрлі шендерді үлестіріп, дала болыстарын «шынжыр балақ, шұбар төс» атандырған саясат, осы медальдар жарысынан пайда болғанын тарих ұмыттырмауы керек.

Мектеп партасындағы оқушы білімінің деңгейі үнемі қадағалауды талап ететін процесс. Қазіргі бағалау жүйесі критериалды бағытта. Бұл толыққанды өзін-өзі ақтаған бағалау жүйесі деп шешім айтуға келмейді. Мектеп мұғалімдерінің шағымы бұл тұрғыда, бірыңғай жинақтық бағалау мен тоқсандық жинақтық бағалау форматы оқушының тоқсандық бағасын толық шешіп кететін процесс дейді.

Себебі оқушы күнделікті сабақтардан алған формативті бағалары тоқсандық баға шығарда аса маңызға ие болмай қалады екен. Бірыңғай жиынтық бағасы мен тоқсандық  жиынтық  бағалаудан  жоғары баға алған оқушылар қорытынды есепте де ұпайы түгел шығады деп шағым айтады.

Бұл дегеніміз оқушының күнделікті сабақты орындап, әр сабақтың тапсырмасын түгендеп баға-лауына ынтасын төмендетеді. Яғни, тарау аяқталғанда алынатын бірыңғай жиынтық бағалау тапсырмаларынан жоғары балл алса, тоқсандық жиынтық тапсырмалардан тағы солай жасаса қорытынды бағасының тағдыры шешіліп тұр деген сөз. Бұл жерде күнделікті сабақта қойылатын тиесілі формативті бағалаудың құны кемшін тартып қалады.  Сондықтан, сабаққа деген оқушы құлшынысын арттыруға есептеу жүйесі аса мүмкіндік ұсынбайды. Оқу жүйесіндегі шетелден енгізген бағалау бағдарламасының қазіргі сипаты осындай.  Білім әділ, таза, парасатты социумда ғана өз жемісін береді. Бұл саланың кенжелеп қалуы үлкен өкініштердің өртіне ұласуы да бек мүмкін. Сондықтан, астыртын амалдарсыз білім беру адамзат алдындағы да, Алаш баласының алдындағы да ең әуелгі, алғашқы міндет саналуы тиіс. «Қазақтың баласы кеңес құрса, төр мұғалімдікі» деген кешегі Алаш данышпандары жүйелі дамудың қыр-сырына бойлай білгендігі. Мұғалім мектептің шынайы айнасы саналар күндер келе жатыр. Оған сенім де, атқарылып жатқан елдік істерде жоқ емес. Енді кешігуге болмайды. Білім беру жүйесін, мектеп оқулықтары мен кадр қабылдау заңнамаларын толықтай реформалау сұранып тұрған мәселе.

Мектепті кеме, білімді теңіз деген ең ежелгі тәмсіл. Ескірмейтін әрі ең әділ тұжырым. Олай болса білімнің теңіз екендігі талас тудырмайды, ал мектепті біздер кеме ете алдық па? Білім айдынында палубаға мінген жолушыларға сапалы қызмет ұсына алдық па?

Басты сұрақ, басты талап! Қазір жаһанда бар дамыған мемлекеттер білім теңізінде мектебін кеме ете білгендіктен қарыштап дамудың державалық үлгісін танытып жүр. Біз де осы үрдістің үйлесімін өз өміріміздің дәстүріне бекітіп, мектеп-кеменің деңгейін қалыптастыруға көшетін кезең келді.

Мектептердегі білім беру елең-алаң шақтарды бастан өткере беруді көтере бермейді. Олқылықтарды өз уақытында реттейтін қоғам ғана дамиды. Ол олқылықтардың білім жүйесінде болуы қорқынышты. Ақыл дегеніміз шамаңды білу дегені секілді, өз мұңымызды өз мезгілінде ұғу да жақсылық. Біліп тұрып ескермеген жағдайда, Атлант мұхитындағы 1912 жылғы оқиға, кез келген салада орын алуы мүмкін.

2675 рет

көрсетілді

248

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз