• Ұлттану
  • 30 Сәуір, 2022

ӘЛЕМДІК МӘДЕНИЕТТІҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ

Жалпы қазақ халқының тұрмысын, жағдайын Абайдай түсінген, ақ пен қарасын айта алған  адам бар ма?! Мектеп  қабырғасында жүрген мен және қатарластарым үшін Абай ұлы ақын, әрі жазушы. Шын мәнінде, шығармашылығында елдің жағдайы мен тұтас заманның бейнетін арқалаған ақынымызды біз қаншалықты жақсы танимыз?

Ұлы ақынның шығармашылығымен күллі әлем таныс. Абай жолын оқыған әр жан үшін  әділдігімен, тапқырлығымен көзге түсе білген Абай кемелденген кезінде  ел ағасына айналғаны анық байқалады. Байқағаным, ақынның өлеңдері  ұйқас, сөз қолданысымен ерекшеленеді. «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемнің жүз он бес тіліне, ал шығармалары отыз тілге аударылған. Тіпті, ЮНЕСКО 1995 жылды «Абай жылы» деп жарияласа, 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтілді. Өзімізден бөлек, өзгелерді де Абай әлемі, Абай мәдениеті қызықтырған. Германияның аудармашысы Леонард Кошуттың Абай әлемін зерттеуіне үш жыл уақыты кеткен деседі. Ал, Ұлыбританияның Кембридж  университетінің Білім реформасы департаментінің басшысы Джейн Манн елімізге он жеті рет келіп, Абай жинағын ағылшын тіліне аударуға ат салысқан.

Ғұламаның қоғамдық мәселеге белсене араласқаны мына өлеңінен анық байқалады:

«...Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың».

Ол бір дәуірдің мұңын өлеңіне арқау еткен қалам иесі. Осы кезде Абай өлеңі өз өміршеңдігін неге жоймайды деген сауал келеді. Ақынның шығармалары уақыт пен заманның таразысына салынбайды. Шығармаларында білім мен ғылымды (Ғылым таппай мақтанба, өнерпаз болсаң арқалан, өлсе өлер табиғат адам өлмес т.б) насихаттап, азғындық пен арамдықтан, менмендік пен мансапқұмарлықтан жиіркенді. Абай айтқан жағдай әлі де болмысын жоғалтпады. Бүгінгі күні өзекті. Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Пушкин, Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Ал Қазақтың бейнесі – Абай. Абай шығармашылығына тереңдей түссем, сазгердің де, жас ақын мен айтыскердің де әу дегенде ауызынан шығатыны – «Абай». «Абай есімі – дүйім қазақ елінің бет-бейнесі, қоғамдық өркениеттің даму жолындағы ұмтылысының символы». Былтыр елімізде Абай Құнанбайұлына арналған «Abai TV» телеарнасы ашылып, «Qazaqstan» ұлттық арнасы түсірген «Абай» телехикаясы көрерменге жол тартты.

Мен биыл мектеп бітіріп, ересек өмірге қадам баспақшымын. Абай айтқан әр өлеңі мен қарасөзін ескеріп, ғылым мен білімге қызығып келемін. Отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», – дегеніндей, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» халықты бірлікке шақырды. Менің ойымша, Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. «Өлсе өлер табиғат адам өлмес», – деп жырлаған Абайдың өлеңі де, өзі де мәңгілік. Менің ақынның осындай еңбегінің арқасында әлемдік мәдениеттің тұлғасы болғанына күмәнім жоқ. Ақынның шығармашылығы шетел жұртшылығына танылып, әлем әдебиетінде ерекше орын алып келеді. Бұл біз үшін – үлкен мәртебе.

Қорытындылай келе, ақын құрметіне әлемнің түкпір-түкпірінде ескерткіш қойылып, көше беріліп жатыр. Бұл ақынның биік парасат иесі және әлемдік мәдениеттің тұлғасы екенінің көрінісі. Айтып өткенімдей, ерекше туындылары арқылы Абай Құнанбайұлы әлем мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Өзі айтқандай, «Дүниеге кетігін тауып, кірпіш боп қаланды».

 

Кіндік қаным тамған, туған жерімнен, көзімді ашып, өсіп-өнген Отанымды тастап, қалайша мен жыраққа біржолата кетпекпін. Жо-жоқ, ешқашан. Қазақстанның болашағына алаңдайтын, оның дамуына үлкен үлес қосқысы келетін тәуелсіз елдің ұланы бола тұра неге атамекенімнен кетер екенмін?!

 

ҚАЗАҚСТАННАН КЕТКІМ КЕЛМЕЙДІ

Бүгінгінің өзекті мәселесіне оңтайлы қойылған тақырып. Қазақ жастарының көбі, тіпті осы материалды оқып отырған жас талапкердің өзі болашағын тек өзге елде көреді. Шетелге оқуға түсіп, сонда білім алып, ақыр соңында сол шет мемлекетте тұрақтап қалады. Қазір бұл көптің арманы, өкінішті-ақ, әрине.

Ал, мен мысалы Қазақстанымнан кеткім келмейді. Өзге елдерге: АҚШ, Ресей, Германия, Польша, Қытай, Оңтүстік Корея және т.б елдеріне барып, білімімді шыңдап, ой-өрісімді кеңейтіп және сонда оқып-тоқыған білімім арқылы еліме өзіндік пайдасын тигізер едім. Яғни, айтарым, шет елдерде оқы, бірақ сонда түйген іліміңді өзіңнің ішіңде сақтамай, өз туған өлкеңмен бөліс. «Болашақ» бағдарламасының да негізгі мақсаты осы. Неге үйренген ілімімізді өз елімізде жандандыру керекпіз? Бұл сұрақтың жауабын таппас бұрын, алдымен мына сұрақтың астарын қазбалайық.

Cіз, неге мен туылдым, не себепті өмір сүремін? – деген сұрақтарды өзіңізге қойып көріп пе едіңіз? Иә, бұл өте қызықты әрі дүниедегі ең маңызды сұрақ деп білем. Марк Твен айтып кеткендей: «Адам екі уақытта өзін ерекше бақытты сезінеді: Бірі – осы өмірге келгеніне, екінші – осы өмірге келуінің себебін ұққанда» Яғни, тіршілігінің себебін ұққанда, адам бақыттың кілтін тапқандай болады екен. Бұл пікірмен келіспеске болмайды. Өйткені, өмір есігін ашқан сәттен бастап, әрбір пенденің басты парызы, міндеті меніңше өз еліне, әлемге өшпестей, ұмытылмастай ізін қалдыру. Егер де, еліңе түк пайдаң тимесе, өмірлік парызыңды жоққа шығарғаның, босқа, зая жер басып жүргенің деп санаймын. Сол үшінде мен Қазақстанды дамытқым келеді емес, дамытамын деп сенімді түрде айта білу керек. Мемлекеттің жанданып өсіп-өнуіне өз еңбегіңді сіңірсең ғана өміріңнің мәнісі болады. Құр өзінің, отбасының амандығы, байлығы үшін ғана өмір сүрген адамға жаным ашуы шүбәсіз. Адам бұл жалғанда мәңгілік емес, келеміз де кетеміз, бұл ақшаға да қатысты. Өлерде өзін қажымай жинаған ақшаңды, байлығыңды өзіңмен бірге алып кете алмайсың, алып кете алсаңда оның о дүниеде орны жоқ яғни түк маңызы болмайды, маңыздылығын жоғалтады. Ал, туған өлкеңе жасаған ерен еңбегің мәңгі есте қалып, ешқашан маңыздылығын жоғалтпайды. Мәселен, бір адам жинаған байлығың мұрагерлік жолмен балаларына, ұрпақтарына қалдырды делік. Бірақ, олардың сол байлықты бір-біріне теңдей бөліп сақтай алатынына, оның жолын қуып, сенімін, үмітін ақтай алатынына кім кепіл. Сондықтан да, бағалы алтын, ақшаларды жинауға кеткен терді  елдің өркендеуіне төккен ләзім.

Жастардың бұлай өз ұлтының тағдырын ойлаудың орнына, батысқа еліктеуінің бірден-бір себебі, ауыр болса да айтайын, отанына деген махаббаттың, сүйіспеншіліктің жоқ болуынан. Бірақ, жастардың патриоттық рухын көтеру әлі де кеш емес. «Ел болашағы – жастар қолында», – деп көптеген мемлекет қайраткерлері бізден үлкен үміт күтіп отыр. Бекерден, 2019 жылды «Жастар жылы» деп атап қойған жоқ. Тек олар емес, елім-жерім деп бар өмірін қазаққа арнаған  сонау алапат соғыс-майдандардағы, Желтоқсан желінде ұлты үшін құрбан болғандар, ұлы ұлт өкілдеріміз бен Алаш зияларынан сабақ алып, өнеге тұтуымыз қажет. Қазақстаннан кетіп, өзге елдің құқығын қорғап, өз ата-тегін ұмытқан адам ешқашан өрге баспайды, осыны естен шығармаған дұрыс! Әлихан Бөкейхан алыбымыздың осы орайда айтып, қалдырып кеткен дана сөзі бар: «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.» Елбасымыздың да бұл жөнінде тоқтауы бар: «Мен өз тағдырымды халқымның тағдырынан бөлек қарап көрген емеспін». Сол үшін де Оян, қазақ жастары!

Менің Қазақстаннан кеткім келмеуінің тағы бір себебі, туған елімнің қалай бірте-бірте гүлденіп жатқанына өз көзіммен куә болғым келеді. Өйткені, елімнің дамуының бір де бір себепкері мына өзімнің болғанын да  қалаймын. Бұйырса, Қазақстанның 2030 жылға дейін дүниежүзілік экономиканың көшбасшысы болатынына. Ана тіліміз – қазақ тілі, дініміз, салт-дәстүр мен мәдениетіміздің мәртебесі екі есе көтерілетініне. Туризм дамып, төрткүл дүниенің жан-жағынан туристердің жыл сайын саны артып келетініне. Қазақстанға деген басқа елдердің ықыласы мен қызығушылығының артатынына. Орта Азияның ғана емес, бүкіл әлемде дамыған мемлекеттердің біріне айналып, көршілес мемлекеттер ғана емес, батысымыз да, ,шығысымыз да бізге таңырқай қарап, үлгі тұтатындай алпауыт мемлекетке айналатынымызға сенімім мол. Бірақ, әрине осы мақсаттарымызға қол жеткізу үшін ең алдымен, әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті, алдында атап өткендей өз отанының шын патриоты болып ұлт мүддесі үшін күресе білуі шарт. Және тағы да айта кетерлік жайт, әрбір әлем алдында ұлт тізгінін ұстаймын деген халыққа ең басты керек қасиет – бірлік. Өйткені, бірлігі бар елдің белін ешкім сындыра алмас. Осы келтірілген нақыл сөз біздің ұранымыз болсын. Мен елімнің ертеңіне сенемін!

ПЕРИЗАТ МИЗАН,

Тараз қаласындағы Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің

11 сынып оқушысы

3664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз